“Бүкіл әлемнің Төрешісі” әрқашан әділ әрекет етеді
“Ол — Жартасымыз, істері оның кемелді, Жолдарының бәрі әділетті” (МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 32:4).
1. Ыбырайым Ехобаның әділ әрекет ететініне сенімді екенін қалай көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
“БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?!” (Мұсаның 1-жазбасы 18:25). Ыбырайым бұл сұрақты көңілінде бір күмән болғандықтан қойған жоқ-тын. Қайта, оның сұрағы Ехоба Содом мен Ғомораны кемелді әділдігіне сай соттайтынына сенімді екенін паш етті. Ол Ехобаның “әділ адамды жауызбен бірге өлтірмейтініне” еш шек келтірген жоқ. Бұлай болуы Ыбырайым үшін мүмкін де емес еді. Шамамен 400 жылдан соң, Ехоба өзі туралы Мұсаға былай деп жаздырды: “Ол — Жартасымыз, істері оның кемелді, Жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал, еш әділетсіздік жасамайды, Ол әділ әрі шыншыл” (Мұсаның 5-жазбасы 31:19; 32:4).
2. Неге Ехоба ешқашан әділетсіздік жасамайды деуге болады?
2 Неге Ыбырайым Ехобаның әрдайым әділ әрекет ететініне сенімділік білдірді? Өйткені Ехоба әділдік пен әділеттіліктің ең керемет үлгісін көрсетеді. Негізі, түпнұсқадан “әділдік” және “әділеттілік” деп аударылған сөздер Еврей жазбаларында жиі бірге кездеседі, әрі мағыналық жағынан өте ұқсас. Ендеше, Ехобаның нормалары қашанда әділ, дұрыс болғандықтан, оның шешімдері әрдайым әділетті деу қисынды. Оның Сөзінде: “Ол әділдік пен әділеттілікті сүйеді”,— делінген (Зәбүр 33:5).
3. Дүниеде болып жатқан әділетсіз жағдайларға мысал келтіріңіз.
3 Ехобаның әрдайым әділ әрекет ететінін білу көңілімізді жайландырады. Себебі мына дүниеде әділетсіздік кең етек алған. Содан адамдар кейде ауыр қылмыстың құрбаны болып жатады. Мысалы, кейбір жазықсыз жандар әділетсіз сотталып, түрмеге қамалған. Тек ДНҚ талдауының нәтижесінде ғана кейбіреулердің айыпсыз екені анықталып, олар түрмеден ондаған жылдан кейін бостандыққа шыққан. Мұндай әділетсіздік адамды күйіндіріп, ашу-ызасын келтіретіні анық. Алайда мәсіхшілерге бұдан да ауыр тиюі мүмкін әділетсіздіктің бір түрі бар. Қандай?
ҚАУЫМДА
4. Мәсіхшінің сенімі қалай сыналуы мүмкін?
4 Мәсіхшілер әдетте қауымнан тыс адамдардың тарапынан қандай да бір әділетсіздік көреміз деп күтеді. Бірақ қауымның ішінде бізге не өзге біреуге әділетсіздік жасалғандай көрінсе, сеніміміз сынға алынуы мүмкін. Мұндай кезде не істейміз? Бұл жайт біз үшін сүріндіретін тас бола ма?
5. Мәсіхші қауымда әділетсіздікке куә болса не өзі жапа шексе, неге таңғалмауы керек?
5 Бәріміз де кемелсіз әрі қателесуге бейім болғандықтан, қауымда біреу болмаса біреу бізге әділетсіздік жасауы не өзіміз басқаға солай етуіміз әбден ықтимал (Жоханның 1-хаты 1:8). Мұндай жағдайлар сирек болғанымен, адал мәсіхшілер әділетсіздікке кезіккенде таңғалмайды, я сол үшін сенімінен тайып кетпейді. Бақытымызға орай, Ехоба өз Сөзінде, тіпті бауырластардың тарапынан қиянат көрген кезімізде де, адалдық сақтауға көмектесетін пайдалы кеңестер берген (Зәбүр 55:12—14).
6, 7. Бір бауырлас қауымда қандай әділетсіздікке тап болды және оған дұрыс әрекет етуге қандай қасиеттер көмектесті?
6 Қазір Вилли Диль бауырластың басынан өткен жағдайға тоқталайық. 1931 жылдан бастап ол Швейцарияның Берн қаласындағы Бетелде адалдықпен қызмет етті. Ал 1946 жылы Нью-Йорктегі (АҚШ) Ғалақат мектебінің 8-сыныбында оқыды. Мектепті бітіргеннен кейін, ол Швейцарияға аудандық бақылаушы болып тағайындалды. Өз өмірбаянында Вилли бауырлас былай деп баяндады: “1949 жылдың мамыр айында Берн филиалындағы бауырластарға мен үйленуді жоспарлап жүргенімді айттым”. Сонда жауапты бауырластар оны барлық жауапкершіліктерінен айырады. Ол тек ізашар ретінде қызмет ете алатын. “Маған баяндама айтуға рұқсат берілмеді,— деді Вилли бауырлас:— Көбісі бізге тура бір қауымнан шығарылып кеткендей қарап, амандаспайтын болды”.
7 Сонда Вилли бауырлас не істеді? “Біз неке құрудың Жазбаларға қайшы келмейтінін білетінбіз, сол себептен дұғаға жүгініп, Ехобаға сенім арттық”,— деді ол. Сол кезде кей бауырластар некеге қатысты Ехобаның көзқарасын дұрыс түсінбегенімен, уақыт өте келе түсініктері түзелді. Сөйтіп, Вилли Диль бауырлас жауапкершіліктерінің бәріне қайтадан ие болды. Адалдығы үшін Ехоба оны молынан жарылқадыa. Біз де мына сұрақтарды ой елегінен өткізіп көрейік: осы сияқты әділетсіздікке кезіксем, мен де осындай рухани көзқарас танытам ба? Ехобаның жағдайды түзеткенін шыдаммен күтем бе, әлде бәрін өзім шешуге тырысам ба? (Нақыл сөздер 11:2; Миха 7:7 оқыңыз).
Пенде болғандықтан жағдайды дұрыс түсінбей қалуымыз мүмкін
8. Неге біз өзіміз не өзгелер әділетсіздіктің құрбаны болды деп қателесуіміз мүмкін?
8 Қауымда әділетсіздік орын алды деп ойласақ, жаңылысуымыз да мүмкін екенін естен шығармайық. Өйткені пенде болғандықтан, жағдайды дұрыс түсінбеуіміз немесе оның мән-жайын толық білмеуіміз мүмкін. Мәселені дұрыс түсінейік-түсінбейік, Ехобаға сол жайлы дұға етіп, оған арқа сүйеп, адал болып қалғанымыз маңызды. Бұл бізді “Ехобаға ашуланып” жүруден сақтайды (Нақыл сөздер 19:3 оқыңыз).
9. Осы және келесі мақалада қандай мысалдарға тоқталамыз?
9 Киелі кітап жазылған заманда Ехобаның халқының ішінде әділетсіздік орын алған жағдайлар болған. Солардың үшеуіне тоқталып өтейік. Осы мақалада Ыбырайымның шөбересі Жүсіп пен ағайындарының арасында болған жағдай жайлы сөз қозғаймыз. Ал келесі мақаладан Ехобаның Ахаб патшаның жағдайында не істегенін және Сириядағы Антиохияда Петірмен қандай жайт болғанын білеміз. Осы мысалдарды қарастыру барысында, әсіресе әділетсіздікпен кездескенде, назарыңызды Ехобаға аударуға және онымен қарым-қатынасыңызды сақтап қалуға көмектесетін ойларға көңіл бөліңіз.
ЖҮСІП ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ
10, 11. а) Жүсіпке қандай әділетсіздіктер жасалды? ә) Түрмеде болғанда Жүсіпке қандай мүмкіндік туды?
10 Ехобаның адал қызметшісі Жүсіп бөтен кісілердің қолынан әділетсіз жапа шеккен. Бірақ оған бұдан да ауыр тигені туған бауырларының жасаған әділетсіздігі еді. Жүсіп 17 жаста болғанда бауырлары оны ұрлап, құлдыққа сатып жіберді. Осылай ол еріксіз Мысыр еліне кете барды (Мұсаның 1-жазбасы 37:23—28; 42:21). Уақыт өте, бөтен елде жүрген Жүсіпке әйелді зорламақ болды деген жалған айып тағылып, ол еш тергеусіз түрмеге тасталды (Мұсаның 1-жазбасы 39:17—20). Жүсіптің құл болған және жазықсыз түрмеде жатқан кезі шамамен 13 жылға созылды. Біз де бауырластарымыздың тарапынан әділетсіздік көрсек, Жүсіптің оқиғасынан неге үйрене аламыз?
11 Ол түрмеде отырғанда, перғауынның бас шарапшысы да сонда тасталады. Шарапшы бір түні түс көріп, Жүсіп оны Ехобаның көмегімен жорып береді. Жүсіп оған түрмеден босатылып, қайтадан перғауынға қызмет ететінін айтады. Осы кезде оған шарапшыға өзінің жағдайы туралы айтып беруге мүмкіндік туады. Біз Жүсіптің не айтқанынан ғана емес, не айтпағанынан да құнды тәлім аламыз (Мұсаның 1-жазбасы 40:5—13).
12, 13. а) Жүсіптің әділетсіздікке көне салмағанын қайдан білеміз? ә) Жүсіп шарапшыға не жайында айтпады?
12 Мұсаның 1-жазбасы 40:14, 15 оқыңыз. Байқасақ, Жүсіп шарапшыға өзінің “ұрлап әкелінгенін” айтты. Демек, оның әділетсіздіктің құрбаны болғаны айдан анық. Жүсіп түрмеге түсетіндей еш қылмыс жасамағанын да ашық айтты. Сондықтан да ол шарапшыдан перғауынға өзі жайлы бірауыз сөз айтуды өтінді. Өзінің мақсатын түсіндіріп, Жүсіп: “Осы жерден шығарып алыңыз”,— деді.
13 Жүсіп жағдайына ырықсыз көне салып, қол қусырып отырды ма? Жоқ! Ол бір емес, бірталай әділетсіздіктің құрбаны болғанын білетін. Сол себептен де шарапшыға өзіне қол ұшын берер деген үмітпен мән-жайды айтып берді. Бірақ назар аударсақ, Жазбалардың еш жерінен оның әлдекімге, тіпті перғауынға да, бауырларының өзін ұрлап әкеткені туралы айтқанын кездестірмейміз. Қайта, бауырлары Мысырға келіп, Жүсіппен татуласқанда, перғауын оларды жылы қарсы алып, “елдің ең жақсы” жерінде тұруды ұсынды (Мұсаның 1-жазбасы 45:16—20).
14. Қауымда әділетсіздікке кезіксек, біреуді жамандаудан бізді не сақтайды?
14 Егер қауымда бізге қандай да бір әділетсіздік жасалды деп ойласақ, бұл туралы өзгелерге өсектеуден сақ болуымыз керек. Әрине, біреу ауыр күнә жасаса, бұл жайлы ақсақалдарға айтып, көмегіне жүгінеміз (Мұсаның 3-жазбасы 5:1). Алайда ауыр күнә орын алмаған жағдайларда ешкімге, тіпті ақсақалдарға да, тіс жармастан, бауырласымызбен өзіміз татуласа алатын шығармыз (Матай 5:23, 24; 18:15 оқыңыз). Ондай кездерде адалдық сақтап, Киелі кітап принциптерін қолданайық. Кейде ешқандай да әділетсіздіктің құрбаны болмағанымызды түсінетін шығармыз. Сонда бауырласымызға жала жауып, жағдайды ушықтырып жібермегенімізге қуанатын боламыз! Есімізде ұстайық: біздікі дұрыс не бұрыс болсын, біреуді жамандағанымыз ешқашан жағдайды жақсартпайды. Ехобаға және бауырластарға деген адалдығымыз бізді мұндай ағаттықтан сақтайды. “Тура жолмен жүретін” адам туралы айта келе, зәбүр жыршысы былай деген: “Ол тілімен ешкімге жала жаппайды, Өзгенің ала жібін аттамайды, Достарын да даттамайды” (Зәбүр 15:2, 3; Жақып 3:5).
ЕҢ БАҒАЛЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЫЗДЫ ЕСТЕ ҰСТАЙЫҚ
15. Қалай Жүсіп Ехобамен қарым-қатынасының арқасында жарылқанды?
15 Жүсіптен үйренуге болатын тағы бір маңызды жайт бар. 13 жыл бойы әділетсіздіктен жапа шегіп жүргенінде, ол жағдайға Ехобаның көзқарасымен қарайтынын көрсетті (Мұсаның 1-жазбасы 45:5—8). Жүсіп басына түскен тауқыметі үшін Ехобаны ешқашан кінәламаған. Қандай қиянат көргенін ұмытпаса да, ол бұған ашынып кеткен жоқ. Ең бастысы, Жүсіп өзгелердің кемелсіздігі мен бұрыс әрекеттерінің өзін Ехобадан ажыратуына жол бермеді. Адалдығының арқасында ол Ехобаның әділетсіздікті қалай түзеткенін және өзіне де, әулетіне де қалай батасын бергенін өз көзімен көрді.
Жүсіп өзгелердің кемелсіздігі мен бұрыс әрекеттерінің өзін Ехобадан ажыратуына жол бермеді
16. Қауымда әділетсіздікке кезіккенде, неге Ехобаға одан сайын жақындай түсуіміз керек?
16 Тап солай, біз де Ехобамен қарым-қатынасымызды бағалап, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз қажет. Бауырластардың кем-кетігінің өзіміз ғибадат ететін әрі қатты жақсы көретін Құдайымыздан айыруына жол бермеуіміз керек (Римдіктерге 8:38, 39). Қайта, қауымда әділетсіздікке кезігіп жатсақ, Жүсіпке еліктеп, Ехобаға одан сайын жақындай түсейік. Мәселеге Ехобаның көзімен қарауға тырысайық. Киелі кітап принциптеріне сүйене отырып, қиындықтың түйінін шешу үшін бәрін жасаған соң, қалғанын Ехобаның қолына тапсырайық. Сөйтіп, ол жағдайды өз уақытында әрі өз жолымен түзететініне сенімді болайық.
“БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ ТӨРЕШІСІНЕ” СЕНІМ АРТАЙЫҚ
17. “Бүкіл әлемнің Төрешісіне” сенім артатынымызды қалай көрсете аламыз?
17 Біз әзірге осы зұлым дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, әділетсіздіктен қашып құтылмайтынымызды білеміз. Оқта-текте қауым ішінде де бізге не әлдебіреуге әділетсіздік жасалғандай көрінуі мүмкін. Бұл бізді сүріндіріп жүрмесін (Зәбүр 119:165). Мұндайда Құдайға адалдық сақтайық, оның көмегіне жүгініп, арқа сүйейік. Сондай-ақ кемелсіз болғандықтан жағдайды дұрыс түсінбеуіміз мүмкін екенін және барлық жайтты біле бермейтінімізді естен шығармайық. Жүсіптен үлгі алып, жағдайды одан бетер ушықтырып жібермес үшін, біреуді жамандаудан аулақ болайық. Бұған қоса, мәселені өзіміз шешуге тырыспай, адал болып, Ехобаның жағдайды түзеткенін шыдаммен күтейік. Сонда Жүсіп сияқты біз де Ехобаның ықыласына бөленіп, батасын көреміз. Иә, “бүкіл әлемнің Төрешісі” Ехоба әрқашан әділ әрекет ететініне кәміл сенсек болады, өйткені оның “жолдарының бәрі әділетті” (Мұсаның 1-жазбасы 18:25; Мұсаның 5-жазбасы 32:4).
18. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Келесі мақалада ежелгі уақытта Құдай халқының ішінде әділетсіздік орын алған жағдайдың тағы екеуін қарастырамыз. Олардан кішіпейілділік пен кешірімшіл болу Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстануға қалай көмектесетінін көреміз.
a Вилли Диль бауырластың өмірбаянын “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі санынан оқи аласыз: 1991 жыл, 1 қараша, 25—29 беттер.