Өлген соң жанмен не болады?
«Адамның жаны өлмес және ол адам өлімінен кейін де тіршілігін жалғастыра береді, ал дене болса шіріп жоқ болады деген ілім, христиан пәлсапасы мен теологиясының негіздерінің бірі болып табылады». Жаңа католик энциклопедиясы
1. Жанның тән өлімінен кейін де тірішілік етеді деген сенімге байланысты «Жаңа католик энциклопедиясы» нені мойындайды?
Алайда жоғарыда келтірілген еңбекте, «өлімнен кейін тіршілік ететін жан туралы түсінікті Киелі кітаптан табу оңай емес» екендігі мойындалады. Олай болса, Киелі кітап шын мәнінде, өлген соң жан қандай жағдайда болатыны туралы неге оқытады екен?
Өлілер ес-түссіз күйде
2, 3. Өлілер қандай күйде болады және оны Киелі кітаптың қандай тармақтарынан көруге болады?
2 Өлілердің жағдайы Екклесиаст 9:5, 10-да анық суреттелген, онда біз мынаны оқимыз: «Өлілер ештеңе білмейді... ...Сен баратын молада іс те, ой жүгірту де, білім де, даналық та жоқ». Демек, өлім, болмыста жоқ болу жағдайын білдіреді. Забур жыршысы, адам өлгенде «өзінің жеріне қайта оралады; сол күні оның барлық ойлары ғайып болады» деп жазған (Забур 145:4).
3 Сонымен, өлілер ес-түссіз, қимыл-әрекетсіз жағдайда. Құдай адамға үкім шығарғанда былай деген: «топырақсың және қайтып топыраққа айналасың» (Жаратылыс 3:19). Құдай оны топырақтан жаратып, тіршілік лебін жібермес бұрын, Адам болған емес еді. Өлгеннен соң Адам бастапқы күйіне қайта оралды. Оның алған жазасы тіршіліктің басқа ортасына өту емес, өлім болатын.
Жан өледі
4, 5. Киелі кітаптан, жанның өлетінін көрсететін үзінділерді мысалға келтіріңізші?
4 Адам өлген соң, оның жанымен не болды? Есіңізге алыңызшы, «жан» сөзі Киелі кітапта, жиі адамға қатысты айтылады. Сондықтан Адам өлді деуімізбен, Адам есімді жанның өлгендігін түсінеміз. Мүмкін бұл жанның өлместігіне сенетіндерге әдеттен тыс болып көрінер. Алайда Киелі кітапта: «Күнә жасаушы жан, сол өледі»,— делінген (Езекиел 18:4). Назир антын бергендерге, «өлі денеге («өлі жанға», ЖД) жақындамауы керек» деп айтылған болатын (Санау 6:6). Ал, Санау 23:10-да: «Жаным дағы әділдердің өлімімен өлсін»,— деген Валаамның сөзі жазылған.
5 Осыған ұқсас жан туралы пікірді 3 Патшалық 19:4-те (АМА) кездестіреміз. Мүшкіл халдегі Ілияс «өз жанына өлім сұрады». Жүніс те «өз жанына өлім сұрап, былай деді: өмір сүргенімнен, өлгенім артық» (Жүніс 4:8, СА). Исаның, «жанын... құтқаруға бола ма?» деп қолданған сөйлемшесі, Киелі кітапта «өлтіруге бола ма?» деп аударылған (Лұқа 6:9). Сонымен, жанның өлімі, жай ғана адамның өлімін білдіреді.
«Шығады» және «қайтады»
6. Киелі кітаптағы Рахила жанын «шығарарда» деген сөздерді қалай түсінуге болады?
6 Ал екінші ұлын босанғанда қайтыс болған Рахиланың қайғылы өлімі туралы не айтуға болады? Жаратылыс 35:18-де біз мынаны оқимыз: «Ол өлейін деп жатып, жанын шығарарда, баланы Бенони деп атады. Бірақ әкесі оған Бунямин деген ат қойды» [СА]. Бұл сөздер Рахиладан өлген соң ішкі бір субстанция шықты дегенді білдіреді ме? Тіпті де олай емес. Есіңізге алыңызшы, «жан» сөзі сондай-ақ адамдарға берілген өмірге де қатысты. Сондықтан мұндағы Рахиланың «жаны» жай ғана оның «өмірін» білдіреді. Осы сөйлемді Киелі кітаптың басқа аудармасынан былай оқуға болады: «Рахила осы ұлын босанып жатып өлді, өлерінде ұлына Бенони деп ат қойды» (ҚзА). Бұл жерде Рахиланың жасырын бөлігі өлімнен кейін тіршілік етіп қалғанына ешбір ишара жоқ.
7. Жесір әйелдің қайта тірілген ұлының жаны қай мағынада «өзіне қайтты»?
7 Тап осындай ой, жесір әйелдің ұлының қайта тірілгені туралы айтылған, 3 Патшалықтың 17-ші тарауына да қатысты. 22-ші тармақтан, бозбаланың денесінің алдында Ілияс дұға айтып болғанан кейін «Тәңір Ілиястың даусын естіді, содан бала жігіттің жаны өзіне қайтты да, ол тірілді» дегенді оқимыз. Тағы да «жан» сөзі бұл жерде «өмір» дегенді білдіріп тұр. Сонықтан «Қазіргі заман аудармасынан» біз: «Баланың өмірі өзіне қайтты да, ол тірілді»,— дегенді оқимыз. Ия, баланың денесіне қайтқан елес секілді жаны емес, өмірі. Бұл, баланың анасына айтқан Ілиястың: «Қара, ұлың [бүтіндей адам] тірі»,— деген сөздеріне сәйкес келеді (3 Патшалық 17:23).
«Аралық күйге» байланысты дилемма
8. Өздерін христиан деп санайтындардың сенімдері бойынша, болашақтағы қайта тірілу уақытында не болады?
8 Өздерін христианбыз деп атайтындардың көпшілігі, болашақтағы қайта тірілу кезінде, тән мен өлмес жанның бірігуіне сенеді. Сол кезде қайта тірілгендер, өздерін күтіп тұрған соңғы нәтижені біледі; ол нәтиже: ізгілікті өмірі үшін сыйлық, не зұлым тірлігі үшін жаза.
9. «Аралық күй» деген не, және кейбіреулердің айтуынша, бұл күйде жанмен не болады?
9 Алғашқыда бұл түсінік тіпті оңай көрінер. Алайда жанның өлместігіне сенетіндер, өлген соң қайта тірілуге дейінгі аралықта, жанмен не болатынын түсіндіруге қиналады. Шын мәнінде, аталмыш «аралық күйі», ғасырлар бойы түрлі болжамдар туғызып келеді. Кейбіреулер, өлгеннен кейін жан аспанға лайық болу үшін, кешіруге болатын күнәларынан тазаруға пәктеліп шығатын орында болады деп ойлайдыa.
10. Өлімнен кейін жан белгілі бір уақытқа пәктеліп шығатын орынға түсуіне деген сенімнің, неге Киелі кітаптық негізі жоқ және Елазармен болған оқиға бұны қалай дәлелдейді?
10 Байқағанымыздай, жан дегеніміз адамның өзі. Адам өлгенде, жан да өледі. Демек, өлімнен кейін ешқандай саналы тіршілік жоқ. Мысалы, Елазар өлгенде, Иса Мәсіх оның жаны тозақтың табалдырығында қиыншылықты немесе қандай да бір «аралық күйді» басынан кешіруде деген жоқ. Оның орнына Иса жай ғана: «Елазар ұйықтап жатыр»,— деді (Жохан 11:11). Өлімнен кейінгі жанның жағдайы туралы ақиқатты білетін Иса, Елазардың ес-түссіз болғанына, болмыста жоқ екеніне сенгені айдан анық.
Рух деген не?
11. Неліктен «рух» деген сөз, өлімнен кейін тіршілік етуін жалғастыра беретін адамның тәнсіз бөлігіне қатысты бола алмайды?
11 Киелі кітапта, адам өлген соң «оның рухы шығады, ол өзінің жеріне қайта оралады» делінген (Забур 145:4). Бұл, тура мағынада рухтың тән қабығынан босанып, өлімнен кейін де адамның тіршілік ете беретіндігін білдіреді ме? Олай болуы мүмкін емес, өйткені әрі қарай жыршы былай дейді: «Сол күні оның барлық ойлары ғайып болады». Онда рух деген не, және ол өлген заматта адамнан қалайша «шығады»?
12. Киелі кітапта «рух» деп аударылған еврей және грек сөзі нені білдіреді?
12 Киелі кітапта кездескен «рух» (еврейше ру́ах; грекше пне́ума) сөзі, негізінде «тынысты» білдіреді. Сондықтан, Р. Э. Нокс өз аудармасында 145-ші Забурдің 4-ші жырындағы «оның рухы шығады» дегеннің орнына, «тыныс оның денесін қалдырды» деп жазды. Алайда «рух» сөзі жай тыныс алудан әлдеқайда маңыздырақ мағынаны береді. Мысалы, Жаратылыс 7:22-де Дүние жүзілік топан суда адамдар мен жануарлардың өмірлерінің жойылуын былай суреттейді: «Сөйтіп құрғақ жердегі тіршілік [еврейше ру́ах] атаулының иелері түгел опат болды». Сонымен, «рух» дегеніміз, тыныс алу арқылы қуатталып тұратын, барлық тіршілік атауылыдағы — адамдар мен жануарлардағы, — тіршілік күшіне қатысты айтыла алады.
13. Адамның рухы мен электр тогына байланысты қандай ұқсастық келтіруге болады?
13 Мынадай мысалды қарастырып көрелік: жабдық электр тогының күшімен жұмыс істейді. Токті сөндіргенде, жабдық жұмыс істеуін тоқтатады. Осыдан кейін, ток жеке бір механизмге айналмайды. Адамның жағдайы да дәл осындай: ол өлген соң, рух оның денесіндегі клеткалардың тіршілігін қуаттауды тоқтатады. Рух, тіршіліктің басқа ортасына бару үшін, тәнді қалдырып кетпейді (Забур 103:29).
14, 15. Өлген соң рух қай мағынада Құдайға қайтады?
14 Онда неге Екклесиаст кітабының 12:7-де, адам өлген соң «Өзі берген рух, Құдайға қайтады» деп оқимыз? Бұл шын мәнінде рухтың кеңістік арқылы Құдайға ұшып баратындығын білдіреді ме? Бұл жерде ондай нәрсе туралы айтылып тұрған жоқ. Есіңізге алыңызшы, рух — бұл тіршілік күші. Егер тіршілік күші адамды қалдырса, оны тек Құдай ғана қайтара алады. Сонымен, өлген адам үшін болашақ өмірге үміт, толығымен Құдайға байланысты деген мағынада «рух, Құдайға қайтады».
15 Адам соның арқасында қайта өмір сүре алатын рухты немесе тіршілік күшін, тек Құдай ғана қайта бере алады (Забур 103:30). Алайда Құдайдың оны істеуге ниеті бар ма?
[Сілтемелер]
a «Жаңа католик энциклопедиясына» сәйкес «[Шіркеу] Әкелері негізінде, пәктеліп шығатын орынның бар екенін айтарлықтай анық растаған». Сонымен қатар осы еңбекте, «пәктеліп шығатын орын туралы католиктік наным, Киелі Жазбаларға емес, жораларға негізделгендігі» ескертілген.
[23-беттегі қоршау]
Алдыңғы өмірдің еске түсуі
ЕГЕР өлімнен кейін тіршілігін жалғастыра беретін адамның ешқандай бөлігі болмаса, онда неліктен кейбіреулер алдыңғы өмір естеріне түсетіндігін айтады?
Индус пәлсапашысы Никхилананда, «өлімнен кейін болатын жағдайды сана-сезіммен түсіну мүмкін емес» дейді. Діндар Ганс Кюнг өзінің «Жанның өлместігі туралы нанымдардың мысалдары» («Models of Belief in Eternity in the Religions») деген лекциясында мынаған назар аударды: «Еске түсетін алдыңғы өмірдің оқиғалары туралы хабарлардың басым бөлігі, балалардан, не болмаса жанның басқа тәнге көшуіне сенетін елдердің тұрғындарынан түскен және олардың ешбірін тексеру мүмкін емес». Оның кейінгі сөзі: «Көпшілік [осы салада толығымен ғылыми іздеулерге берілген зерттеушілер], олардың алған мәліметтері, жердегі өмірдің қайталанатындығын дәлелдеуге сенімді айғақтар бермейтіндігімен келіседі».
Ал егер алдыңғы өмір сіздің есіңізге түсетін сияқты болса ше? Бұндай сезімдер түрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін. Біз қабылдаған мәліметтердің барлығы бірдей қолданылмайтын болғандықтан, көпшілігі санамыздың жасырын түкпірлерінде қалып қояды. Ұмыт болған бейнелер жадының бетіне шыққанда, кейбір адамдар оны алдыңғы бірнеше өмірлерінің болғандығының дәлелі деп қарастырады. Шын мәнінде, қазіргі сүріп жатқан өмірімізден басқа, дұрыстығы дәлелденетіндей тағы бір тіршілік туралы мәліметтер жоқ. Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың басым көпшілігіне, еш уақытта алдыңғы өмір ешқашан естеріне түскен емес; сондай-ақ оларға бұрын соңды өмір сүрдік деген ой келген де емес.