Ехобаның Сөзі тірі
Мысырдан көшіп шығу кітабының көңіл бұрарлық тұстары
БҰЛ — ‘аяусыз құлдыққа салынған’ халықтың құтқарылуы туралы оқиға (Мысырдан шығу 1:13). Сондай-ақ бұл — Құдай халқының туылуы туралы жан тебірентерлік әңгіме. Таңғажайып кереметтер, теңдесі жоқ заңдар мен киелі шатырдың құрылуы — осы кітаптағы кейбір қызықты жайттар. Киелі кітаптағы Мысырдан шығу кітабының ішінде негізінен осы нәрселер.
Еврей пайғамбары Мұса жазған Мысырдан шығу кітабы б. з. б. 1657 жылы Жүсіптің өлімінен бастап, б. з. б. 1512 жылы киелі шатырдың құрылуы аяқталғанға дейінгі исраилдіктердің 145 жылғы тарихын баяндайды. Алайда бұл тарихи жағынан ғана қызықты кітап емес. Ол Құдайдың адамзатқа берген сөзінің, немесе хабарының, бір бөлігі болып табылады. Ал Құдайдың сөзі “тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12). Сондықтан да Мысырдан шығу кітабының біз үшін мәні зор.
ҚҰДАЙ ОЛАРДЫҢ ‘ЗАРЛАҒАН ДАУЫСТАРЫН ЕСТІДІ’
Мысырда өмір сүріп жатқан Жақыптың ұрпақтарының тез көбейгені сонша, патшаның бұйрығымен олар құл ретінде ауыр еңбекке салынып, азап шегеді. Перғауын тіпті жаңа туылған исраилдік ұл балалардың бәрін өлтіруге жарлық шығарады. Ал үш айлық Мұса бұдан аман қалып, перғауынның қызы оны бауырына басады. Патша сарайында тәрбиеленгеніне қарамастан, Мұса 40 жасында өз халқының жағына шығып, бір мысырлық жігітті өлтіреді (Елшілердің істері 7:23, 24). Қашуға тура келгендіктен, ол Мадиян еліне кетеді. Сол жерде үйленіп, бақташы болады. Керемет түрде от боп жалындап тұрған бұтаның қасында Ехоба Мұсаға Мысырға қайта барып, исраилдіктерді құлдықтан алып шығуды тапсырады. Ағасы Һарон болса оның өкілі болып тағайындалады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
3:1 — Етор қандай діни қызметкер болған? Рубасылар заманында отағасы өз отбасында діни қызметкердің рөлін атқарған. Етор, сірә, мадияндықтардың рубасы болған болса керек. Мадияндықтар Ыбырайымның Кетурадан тараған ұрпағы болғандықтан, Ехобаға ғибадат ету туралы білген болулары мүмкін (Жаратылыс 25:1, 2).
4:11 — Ехоба қай мағынада адамды ‘мылқау не саңырау, не зағип’ етеді? Ехоба адамды соқыр не мылқау еткен оқиғалар болғанымен, мұндай кемістіктердің әрбіріне жауапты емес (Жаратылыс 19:11; Лұқа 1:20—22, 62—64). Бұл — мұра еткен күнәнің салдары (Әйүп 14:4; Римдіктерге 5:12). Алайда Құдай осындай жағдайдың болуына жол беріп отырғандықтан, ол өзі туралы мылқау, саңырау не зағип ‘етеді’ деп айта алған.
4:16 — Қалайша Мұса Һарон үшін “Құдай іспетті” болған? Мұса Құдайдың өкілі болған, ал Һарон Мұсаның атынан сөйлеген. Сондықтан Мұса Һаронға “Құдай іспетті” болған.
Біз үшін сабақ:
1:7, 14. Ехоба Мысырда қысым көрген халқын қолдап отырған. Сол сияқты ол бүгінгі Куәгерлерін де, тіпті қатты қарсылықтарға кезіккенде де нығайтып отырады.
1:17—21. Ехоба бізді ‘игі істеріміз’ үшін ешқашан есінен шығармайды (Нехемия 13:31).
3:7—10. Ехоба — өз халқының зарына құлақ салатын Құдай.
3:14. Ехоба өз ниеттерін бұлжытпай іске асырады. Сондықтан да оның Киелі кітапқа негізделген үміттерімізді жүзеге асыратынына сенімді бола аламыз.
4:10, 13. Мұса өзінің сөзге шешен екеніне тым сенімсіздік білдіргені сонша, тіпті Құдайдың өзін қолдайтынына сендіргеніне қарамастан, перғауынның алдына өзге біреуді жіберуін сұрап жалынды. Сөйтсе де, Ехоба Мұсаны қолданып, тапсырмасын орындай алу үшін қажетті даналық пен күш берді. Өзіміздің қабілетсіздігімізге қатты мән бергенше, Ехобаға сенім артып, уағыздау мен тәлім беру тапсырмасын адал орындайық (Матай 24:14; 28:19, 20).
ТАҢҒАЖАЙЫП КЕРЕМЕТТЕР ҚҰТҚАРЫЛУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Мұса мен Һарон исраилдіктердің айдалаға барып, Ехобаға арнап мейрам өткізуге рұқсат беруін сұрап, перғауынның алдына барады. Мысыр билеушісі дөрекілікпен жауап беріп, сөздеріне құлақ аспай қояды. Ехоба Мұсаны бірінен соң бірі болған ауыр соққыны жіберуге қолданады. Тек оныншы апаттан соң ғана перғауын исраилдіктердің кетуіне рұқсат береді. Алайда көп кешікпей перғауын мен оның қарулы күштері олардың соңынан қатты ашумен қуады. Бірақ Ехоба Қызыл теңізді қақ айырып, өтетін жол жасап, өз халқын құтқарады. Қуғыншы мысырлықтарды теңіз суы көміп, олар батып кетеді.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
6:3 — Қай мағынада Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпқа Құдай өз есімін білдірмеген? Бұл рубасылары Құдайдың есімін қолданған және Ехобадан уәделер алған. Әйтсе де, олар Ехобаны осы уәделерін орындаушы ретінде білмеген (Жаратылыс 12:1, 2; 15:7, 13—16; 26:24; 28:10—15).
7:22 — Мысырлық бақсы-балгерлер қанға айналмаған суды қайдан алды? Олар осы апатқа дейін Ніл өзенінен алынған суды қолданған болса керек. Ішуге жарамды суды сонымен қатар Ніл өзенінің жағалауындағы ылғал жерлерден құдық қазып алуға болар еді (Мысырдан шығу 7:24).
8:26, 27 — Неге Мұса исраилдіктердің құрбандықтары “мысырлықтар үшін жиіркенішті” болады деді? Мысырда жануарлардың көптеген түріне табынатын. Сондықтан Мұсаның құрбандықтар жөнінде айтқаны Ехобаға құрбандық шалуға жіберу туралы талабын салмақты әрі сенімді еткен.
12:29 — Кімдер тұңғыш болып есептелген? Тұңғышқа тек ер адамдар жататын (Руларды санау 3:40—51). Перғауынның өзі де тұңғыш болған, бірақ ол өлтірілген жоқ. Оның өз отбасы бар еді. Оныншы апатта отағасы емес, отбасының тұңғыш ұлы өлген болатын.
12:40 — Исраилдіктер Мысыр елінде қанша уақыт тұрған? Бұл жерде аталып отырған 430 жылға Исраил ұлдарының “Мысыр жері мен Қанахан жерінде” өткізген уақыттары кіреді (“Түсініктемелері бар Киелі кітап”, сілтемені қара, ағ.). Жетпіс бес жастағы Ыбырайым б. з. б. 1943 жылы Қанаханға барар сапарында Евфрат өзенін кесіп өткен (Жаратылыс 12:4). Сол уақыттан 130 жастағы Жақып Мысырға келгенге дейін 215 жыл өтті (Жаратылыс 21:5; 25:26; 47:9). Бұл осыдан кейін исраилдіктер Мысырда дәл сонша уақыт, яғни 215 жыл, өмір сүргенін білдіреді.
15:8 — Қызыл теңіздің ортасындағы терең су “қатып қалды” деген оның шын мәнінде мұз болып қалғанын білдіре ме? “Қатып қалу” деп аударылған еврей етістігі “сығылу” не “нығыздалу” дегенді білдіреді. Бұл тіркес Әйүп 10:10-да қоюланған сүтке қатысты қолданылған. Олай болса, терең судың қатып қалуы міндетті түрде оның мұзға айналғанын білдірмейді. Егер Мысырдан шығу 14:21-де айтылған ‘шығыстың қатты желі’ суды мұзға айналдыратындай суық болған болса, мұндай тым қатты суық жайлы кейбір сілтемелерде сөзсіз айтылар еді. Суды көзге көрінетін ештеңе ұстап тұрмағандықтан, ол қатып қалғандай, қоюланған не нығыздалғандай болып көрінген.
Біз үшін сабақ:
7:14—12:30. Он апат жай кездейсоқ болған жайт емес. Олар алдын ала айтылып және дәл айтылғандай орындалған. Бұл он апат Жаратушының судың, жарықтың, жәндіктер мен жануарлардың және адамдардың үстінен билігін қалайша айқын көрсетеді десеңші! Бұл апаттар сондай-ақ Құдай өз қызметшілерін қорғағанда, жауларына ғана апат жібере алатынын көрсетеді.
11:2; 12:36. Ехоба халқына батасын береді. Ол, сірә, исраилдіктердің Мысырдағы еңбектері үшін ақыларын алудың қамын жасаған. Олар Мысырға құлға айналған әскери тұтқын ретінде емес, ерікті халық ретінде кірген.
14:30. Біз де Ехобаның өз қызметшілерін алдағы ‘ауыр азаптан’ құтқарып қалатынына сенімді бола аламыз (Матай 24:20—22; Аян 7:9, 14 сілтемені қара).
ЕХОБАНЫҢ ТЕОКРАТИЯЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚҰРУЫ
Мысырдан құтқарылғаннан кейінгі үшінші айда исраилдіктер Синай тауының етегіне шатырларын тігеді. Сол жерде олар Он өсиет пен өзге де заңдарды алып, Ехобамен келісім жасасып, теократиялық халық болады. Мұса 40 күн тауда болып, шынайы ғибадат пен Ехобаға арналған киелі шатырды, яғни жылжымалы ғибадатхананы, жасауға қатысты нұсқаулар алады. Сол аралықта исраилдіктер алтыннан жас бұқа мүсінін жасап алып, соған табынады. Тау басынан түсіп келе жатқан Мұса мұны көріп, қатты ашуланғаны соншалық, қолындағы Құдай берген екі тас тақташаның быт-шытын шығарады. Күнәға батқандар орынды түрде жазаланған соң, қайта тауға көтеріліп, жаңа тақташалар алады. Мұса таудан қайта түскен соң, киелі шатырды жасау басталады. Исраилдің бостандықтағы бірінші жылының соңына таман осы керемет шатыр мен оның барлық керек-жарақтары жасалып, толық аяқталады. Кейін Ехоба шатырдың ішін нұрлы салтанатымен толтырады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
20:5 — Қалайша Ехоба әкелерінің кінәлары үшін ‘немерелері мен шөберелеріне дейін жазалайды’? Кәмелет жасқа толған соң, әрбір адам өзінің жасаған қылықтары мен танытқан ой-қалыптарының негізінде сотталады. Алайда Исраил халқы жалған тәңірлерге бет бұрғанда, бірнеше ұрпақ мұның ауыр салдарын тартты. Бұл тіпті адал исраилдіктерге де әсер етті, олар үшін халықтың діни қылмысының кесірінен Құдайға адалдықтарын сақтау қиын болды.
23:19; 34:26 — Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер деген бұйрық нені білдірген? Лақты (не өзге жануарды) енесінің сүтіне пісіру жалған тәңірлерге құлшылық етушілердің жаңбыр жаудыру үшін жасалатын рәсімі болған деген жорамал бар. Оның үстіне, енесінің сүті баласын тамақтандыруға арналғандықтан, сүтке оның өзін пісіру қатыгездік болар еді. Бұл заң Құдай халқына жанашыр болу керектігін көрсетуге көмектесті.
23:20—23 — Осы жерде айтылған періште кім болған және ол Ехобаның ‘атынан әрекет етеді’ дегенді қалай түсінуге болады? Сірә, бұл періште жерге адам болып келгенге дейінгі Иса болар. Құдай оны исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып бару үшін қолданған (1 Қорынттықтарға 10:1—4). Иса Ехобаның ‘атынан әрекет етеді’ деген оның Әкесінің есімін қорғап, қастерлейтін басты тұлға екенін білдіреді.
32:1—8, 25—35 — Неліктен Һарон алтыннан жас бұқа мүсінін жасағаны үшін жазаға тартылмады? Һарон жалған тәңірге құлшылық етумен жүрегінің түбінде келіспеген. Кейінірек ол Мұсаға қарсы шыққандарға шара қолданып, Құдайдың жағына шыққан леуіліктердің қатарына қосылса керек. Күнәға батқандар өлтірілген соң, Мұса халыққа ауыр күнә жасағандарын естеріне салып, Һароннан басқа, өзгелердің де Құдайдың мейіріміне ие болғанын көрсетті.
33:11, 20 — Мұса қалай Құдаймен ‘бетпе-бет сөйлескендей’ сөйлесті? Бұл тіркес екі тұлғаның жақын әңгімелесуін білдіреді. Мұса Құдайдың өкілімен сөйлесіп, сол арқылы Ехобадан ауызша нұсқаулар алған. Бірақ Мұса Ехобаны көрмеген, өйткені “оны көрген пенде тірі қалмайды”. Шын мәнінде, Ехоба Мұсамен жеке сөйлеспеген. Ғалаттықтарға 3:19-да айтылғандай, заңды “періштелер... халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткізген”.
Біз үшін сабақ:
15:25; 16:12. Ехоба өз халқының қамын ойлайды.
18:21. Мәсіхшілер қауымында жауапкершілік алған ер кісілер де қабілетті, Құдайдан қорқатын, сенуге тұрарлық және қара басын ойламайтын болуға тиіс.
20:1—23:33. Ехоба — Ең Жоғарғы Заң Шығарушы. Заңға құлақ асқанда, исраилдіктер Құдайға ұйымдасқан түрде және қуанышпен ғибадат ете алған. Ехобаның бүгінгі күні де теократиялық ұйымы бар. Онымен қызметтес болғанымыз бізді бақытқа бөлеп, өмірімізді қауіпсіз етеді.
Біз үшін мәні зор
Мысырдан көшіп шығу кітабы Ехоба туралы не айтады? Ол Ехобаны сүйікті Қамқоршы, теңдесі жоқ Құтқарушы және өз ниеттерін Орындаушы ретінде сипаттайды. Ол — теократиялық ұйымның Құдайы.
Теократиялық қызмет мектебіндегі апта сайынғы Киелі кітапты оқу бағдарламасына дайындалғанда, Мысырдан шығу кітабынан білгендерің саған терең әсер қалдыратын болады. “Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары”деген бөлімдегі ойларды қарастырғаныңда, Жазбалардағы белгілі бір оқиғаларды терең түсінетін боласың. “Біз үшін сабақ” деп аталатын бөлімдегі ойлар апта сайынғы Киелі кітапты оқудан қандай пайда алуға болатынын көрсетеді.
[28-беттегі сурет]
Ехоба момын адам Мұсаға исраилдіктерді құлдықтан алып шығуды тапсырды
[29-беттегі сурет]
Он апат Жаратушының судың, жарықтың, жәндіктер мен жануарлардың және адамдардың үстінен билігі барын көрсетті
[30-беттегі сурет]
Мұса арқылы Ехоба исраилдіктерді теократиялық халық етіп ұйымдастырды