Өміріңде өзгерістер болғанда, Құдайдың рухына арқа сүйе
‘Құдайға ұнамды болуға жан сала ұмтыл’ (2 ТІМОТЕГЕ 2:15).
1. Қандай өзгерістер біздің рухани саулығымыз үшін сынақ болуы мүмкін?
БІЗДІ қоршаған дүниеде үнемі қандай да бір өзгерістер болып жатады. Ғылым мен техниканың таңғалдыра дамып жатқанымен қоса, құлықтылықтың қатты төмендеп бара жатқанын көріп жүрміз. Алдыңғы мақалада талқылағанымыздай, мәсіхшілер құдайсыз осы дүниелік рухқа қарсы тұруға тиіс. Алайда өзгерістер тек осы дүниеде ғана емес, жеке өмірімізде де болып тұрады. Біз балалық шақтан өтіп, ересек адам бола бастаймыз. Денсаулығымыз жақсарып не нашарлауы мүмкін және байлыққа қол жеткізуіміз не жоғалтуымыз, сүйікті адам табуымыз не одан айырылуымыз мүмкін. Бұндай өзгерістердің көбісіне біз ықпал ете алмаймыз және олар біздің рухани саулығымыз үшін жаңа да ауыр бір сынақ болуы мүмкін.
2. Дәуіттің өмірінде қандай өзгерістер болды?
2 Өмірінде Есейдің ұлы Дәуіттікіндей күрт өзгерістер болған адам кемде кем. Елге танымал емес қойшы бала Дәуіт лезде халық қаһарманы боп шыға келді. Кейінірек қызғаншақ патша аң қуғандай ізіне түскен соң, ол қашқын болып жүрді. Бұдан соң Дәуіт жеңімпаз патша болды. Ауыр күнә жасап, оның ауыр зардабын көрді. Отбасында жанына батқан қайғылы жайт та, алауыздық да болды. Ол бай болды, қартайды және кәріліктің әлсіздігін сезінді. Осыншама өзгерістерге қарамай, Дәуіт өмір бойы Ехобаға және оның рухына арқа сүйеді. Ол ‘Құдайға ұнамды’ болуға жан сала ұмтылды, сол үшін Құдай оған батасын берді (2 Тімотеге 2:15). Біздің жағдайымыз Дәуіттікінен өзгеше болса да, одан өмірде кездесетін қиыншылықтарға қалай төтеп беруге болатынын үйренуге болады. Оның мысалы өмірімізде өзгеріс болғанда, Құдай рухының көмегіне қалай арқа сүйеуге болатынын түсінуге жәрдемдеседі.
Дәуіттің кішіпейілділігі — керемет үлгі
3, 4. Елге танымал емес қарапайым қойшы бала Дәуіт қалай халыққа әйгілі болды?
3 Бала Дәуіттің тіпті отбасындағы дәрежесі де жоғары емес еді. Самуил пайғамбар Бетлехемнен келгенде, Дәуіттің әкесі оның алдынан сегіз ұлының жетеуін өткізді. Кенже ұлы Дәуітті жайлаудағы қойға қарауыл етіп, қалдырып кеткен болатын. Бірақ Ехоба Исраилдің патшасы болуға Дәуітті таңдады. Есей кісі жіберіп, Дәуітті алдыртты. Әрі қарай не болғаны жайлы Киелі кітапта былай дейді: “Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды” (1 Патшалықтар 16:12, 13). Дәуіт осы рухқа өмір бойы арқа сүйеп өтті.
4 Көп ұзамай қойшы бала халыққа әйгілі болмақ еді. Ол патшаға қызмет етуге және күй ойнап беріп тұруға шақырылды. Ол Исраилдің мықты жауынгерлерінің өзі жүрексінген Ғолият есімді алып та қатыгез жауынгерге қарсы шығып, оны өлтірді. Кейін Дәуіт қолбасшы етіп тағайындалып, філістірлермен соғысады да, жеңістерге жетеді. Сөйтіп, ол халықтың көңілінен шығады. Оны дәріптеп ән айтылды. Бұған дейін де жас Дәуітті Саул патшаның нөкерлерінің бірі “жақсы күй тартатын” ғана емес, “батыл жауынгер әрі ойлап сөйлейтін, сырт көрінісі келісті жігіт” деп суреттеген болатын (1 Патшалықтар 16:18; 17:23, 24, 45—51; 18:5—7).
5. Не нәрсе Дәуітті менмен етуі мүмкін еді және олай болмағанын қайдан білеміз?
5 Атақ, сымбат, жастық, шешендік, күйшілік дарын, соғысу шеберлігі және Құдайдың шапағаты Дәуітте не керектің бәрі болды дейтіндей еді. Бұлардың біреуінің өзі оны менмен етуі мүмкін еді, бірақ олай болған жоқ. Қызын бермек болған Саул патшаға берген жауабына назар аударайықшы. Ол шынайы кішіпейілділікпен: “Патшаның күйеу баласы болатындай мен кіммін, отбасым мен шыққан әулетім де кім, сонша?!” — деді (1 Патшалықтар 18:18). Бір ғалым осы тармаққа түсініктеме беріп, былай деді: “Дәуіт өзінің бойындағы қасиеттері де, қоғамдық дәрежесі де, шыққан тегі де патшаның күйеу баласы болуға үміттенетіндей емес екенін айтқысы келді”.
6. Неге бойымызда кішіпейілділік дамытуымыз керек?
6 Дәуіт кішіпейіл болған, себебі Ехобаның кемелсіз адамнан барлық жағынан да әлдеқайда биік екенін түсінген. Ехобаның адам баласына көңіл қоятынының өзі Дәуітті қайран қалдырған (Забур 143:3). Сондай-ақ Дәуіт өзінің қандай ұлылыққа ие болса да, бұл Ехобаның иіліп қолдау, қорғау мен қамқорлық жасау арқылы кішіпейілділік көрсеткенінің арқасында ғана мүмкін екенін білген (Забур 17:36). Біз үшін қандай пайдалы сабақ! Бойымыздағы дарын, қол жеткізген жетістіктер мен теократиялық міндеттеріміз бізді ешқашан менмен етпесін. Елші Пауыл: “Құдайдан қабылдамаған нелерің бар? — деп жазды.— Бәрін қабылдаған соң, несіне өз жетістігіміз деп мақтанасыңдар?” (1 Қорынттықтарға 4:7). Құдайдың киелі рухына ие болып, Құдайға ұнамды болу үшін бойымызда кішіпейілділік дамытуымыз әрі оны сақтап қалуымыз керек (Жақып 4:6).
“Кек алмаңдар”
7. Дәуіт үшін Саул патшаны өлтіруге қандай мүмкіндік туды?
7 Атақ-даңқына Дәуіт көкірегін көтермеді, ал Құдай рухынан айырылған Саул патша атақ-даңқты одан қызғанып, жүрегінде қара ниет пайда болды. Дәуіт еш жамандық істемесе де, қашып, айдалада бас сауғалауға мәжбүр болды. Бір жолы Саул патша Дәуіттің ізін тынымсыз қуып жүріп, үңгірге кіреді. Үңгірдің түкпірінде Дәуіт пен оның адамдары жасырынып отырғанын ол білген жоқ. Сонда Дәуітті жігіттері Құдай бергендей көрінген мүмкіндікті жіберіп алмай, Саулды өлтіруге итермелейді. Олар қараңғыда Дәуітке сыбырлап: “Жаратқан Иенің сізге: “Мен қас жауыңды қолыңа тапсырамын, оған қалағаныңды істе” дегені, міне, бүгін іске асып тұр!” — деп жатқанын көз алдымызға елестетіп көруге болады (1 Патшалықтар 24:2—6).
8. Неге Дәуіт кек алмады?
8 Дәуіт Саулға қол көтеруден бас тартты. Сенім мен шыдамдылық танытып, ол бар істі Ехобаның қолына тапсырды. Патша үңгірден шыққаннан кейін, Дәуіт соңынан айқайлап: “Екеуіміздің арамызда Жаратқан Ие төрелік етсін, сізге кеткен есемді Тәңірдің Өзі қайтарсын. Бірақ өзім сізге қолымның ұшын да тигізбеймін”,— деді (1 Патшалықтар 24:13). Саулдың істеп жүргені дұрыс емес екенін білсе де, Дәуіт кек алмады, ол тұрмақ, Саулға көзінше де, сыртынан да тіл тигізген жоқ. Дәуіт бұдан басқа да жағдайларда кек алмай, ұстамдылық танытты. Ол Ехобаның әділдік орнататынына сенімді болды (1 Патшалықтар 25:32—34; 26:10, 11).
9. Қарсылық не қысым көрсек, неліктен кек алмауымыз керек?
9 Дәуіт сияқты сен де қатты қинап жатқан жағдайға тап болған шығарсың. Мүмкін, сыныптастарың, қызметтестерің, я болмаса бір сенімде емес отбасы мүшелерінің немесе басқалардың тарапынын қарсылық не қысым көріп жатқан шығарсың. Олардан кек алуға тырыспа. Киелі рухымен көмек беруін сұрай отырып, Ехобаны күт. Бәлкім, сенің үлгілі мінез-құлқың сенбейтіндерге әсер етіп, олар да Құдайға сенетін болар (1 Петір 3:1). Қандай болған күнде де, Ехобаның жағдайыңды көріп тұрғанына және өзі белгілеген уақытта қандай да бір шара қолданатынына сенімді бол. Елші Пауыл: — Кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын” дегені жазылған ғой,— деп жазды (Римдіктерге 12:19).
‘Түзетуге құлақ ас’
10. Дәуіт қалай күнә жасады және оны қалай жасыруға тырысты?
10 Жылдар өтті. Дәуіт беделі күшті халқы ұнатқан патша болды. Ол өз өмірінде ерекше адалдық көрсетті, оған қоса, Ехобаны дәріптеген керемет Забур жырларын жазды. Бұндай адам ешқашан ауыр күнә жасамайтындай көрінді. Дегенмен ол күнә жасады. Бір күні ол сарайының төбесінен шомылып жатқан бір сұлу әйелді көреді. Ол кісі жіберіп, әйел туралы сұрастырады. Дәуіт оның соғыста жүрген Ұрияның әйелі Барсабия екенін біліп, оны өзіне алдыртады да, онымен жақындасады. Кейінірек ол әйелдің аяғы ауырлап қалғанын біледі. Бұны жұрт білсе, жанжал шығып, масқара болады. Өйткені Мұса заңы бойынша неке адалдығын бұзғандардың жазасы өлім еді. Патша күнәсін жасырып қалам деп ойласа керек, әскер басына бұйрық жолдап, Ұрияны Иерусалимге шақыртады. Дәуіт Ұрия Барсабиямен бір түн болады деп үміттеніп еді, бірақ олай болмай шықты. Қатты қобалжыған Дәуіт әскерінің қолбасшысы Жоғабқа хат жазып, Ұрияны хатпен бірге соғыс болып жатқан жаққа қайтарып жібереді. Хатта Ұрияны шайқастың аман құтылмайтын ең қауіпті жеріне қоюға бұйрық берілді. Жоғаб бұйрықты орындап, Ұрия қаза табады. Барсабия салт бойынша күйеуін жоқтап аза тұтады, мерзімі біткенде Дәуіт оған үйленеді (2 Патшалықтар 11:1—27).
11. Дәуітке Натан қандай оқиға айтып берді және ол оны қалай қабылдады?
11 Бәрі ойдағыдай жүзеге асқандай болған, алайда Дәуіт Ехобаның алдында барлығы ашық та айқын екенін білу керек еді (Еврейлерге 4:13). Бірнеше ай өтті, нәресте өмірге келді. Содан кейін Құдай Натан пайғамбарды Дәуітке жібереді. Пайғамбар патшаға көп малы болған бір бай адамның кедейдің жалғыз тоқтысын алып қойып, қонағына сойып бергені жайлы оқиға айтып береді. Бұл жайт Дәуіттің әділдік сезімін оятады, бірақ ол әңгіменің астарында жатқан мәнін түсінбеген еді. Дәуіт әлгі бай адамға лезде үкім шығарады да, қатты ашуланып, Натан пайғамбарға: “Мұны істеген адам өлімге лайық!” — деді (2 Патшалықтар 12:1—6).
12. Ехоба Дәуітке қандай үкім шығарды?
12 “Сол адам өзіңсің!” — деді пайғамбар. Дәуіт өз-өзіне үкім шығарған болатын. Сол замат Дәуіттің ашуы басылып, ұят пен өкініштің азабына түседі. Қатты соққы болса да, Натан айтып жатқан Ехобаның міндетті түрде орындалатын жазасын тыңдайды. Жұбататын бір де бір сөз айтылмады. Дәуіт өзінің зұлымдық істеуімен Ехобаның сөзін жерге тастады. Жаудың семсерімен ол Ұрияны өлтірмеп пе еді? Енді семсердің жүзі Дәуіттің әулетіне төніп тұратын болады. Ұрияның әйелін жасырын алмап па еді? Енді бұндай зұлымдық өз басына түсіп, жасырын емес, жұрт алдында жүзеге аспақ (2 Патшалықтар 12:7—12).
13. Дәуіт Ехобаның түзету шарасын қалай қабылдады?
13 Дәуіт, абырой болғанда, өз күнәсін мойындады. Ол Натан пайғамбарға бас салған жоқ. Кінәні біреуге жаба салуға немесе өзін ақтауға тырысқан жоқ. Бар күнәсін жоққа шығармай, жауапкершілікті өз мойнына алып: “Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым”,— деді (2 Патшалықтар 12:13). Елуінші Забур жырынан Дәуіт өз күнәсі үшін азап шеккені мен қатты өкінгенін көреміз. Ол Ехобаға: “Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме”,— деп жалынды. Ол Ехобаның рақым етіп, күнәсі үшін “шын өкініп, бағынған жүрекке” оның теріс қарамайтынына сенді (Забур 50:13, 19). Құдайдың рухына арқа сүйеуін Дәуіт доғармады. Сондықтан Ехоба Дәуітті жасаған күнәсінің ауыр зардабынан құтқармаса да, оны кешірді.
14. Ехобаның түзету шараларын қалай қабылдауымыз керек?
14 Бәріміз де кемелсізбіз, сондықтан да күнә жасаймыз (Римдіктерге 3:23). Кейде Дәуіт сияқты ауыр күнә жасап қоюымыз да мүмкін. Сүюші әке баласын түзету үшін шара қолданғанындай, Ехоба өзіне қызмет еткісі келетіндерді түзу жолға салып отырады. Бұндай шара пайдалы болса да, оны қабыл алу оңай емес. Шындығы керек, кейде ол “реніш туғызады” (Еврейлерге 12:6, 11). Алайда ‘түзетуге құлақ ассақ’, Ехобамен татуласа аламыз (Нақыл сөздер 8:33, ЖД). Әрқашан Ехобаның рухының игілігін көру үшін, оның түзету шараларын қабыл алып, оған ұнамды болуға ұмтылуға тиіспіз.
Өткінші байлыққа сенім артпа
15. а) Кейбір адамдар байлығын қалай қолданады? ә) Дәуіт байлығын қалай қолданғысы келді?
15 Дәуіт дәулетті тектен, немесе отбасынан, шықты деген еш мәлімет жоқ. Бірақ Дәуіт патшалық құрған кезінде зор байлық жинады. Әдетте көп адам байлықты жинап, оны көбейту үшін жанталасатынын немесе оны өзі пайдасына жұмсайтынын білеміз. Басқалар болса ақшасын атақ-даңқын шығаруға жұмсайды (Матай 6:2). Ал Дәуіт байлығын басқалай қолданды. Ол Ехобаның даңқын арттыруды қалады. Натанға өзінің Ехобаға арнап Иерусалимде ғибадатхана салып, оған шатырда тұрған келісім сандығын кіргізгісі келетінін айтады. Ехоба Дәуіттің бұндай ниетіне риза болды, бірақ Натан арқылы оған ғибадатхананы оның ұлы Сүлейменге салғызатынын айтты (2 Патшалықтар 7:1, 2, 12, 13).
16. Дәуіт ғибадатхана салуға қандай заттар жинады?
16 Дәуіт үлкен ғибадатхана салуға қажет құрылыс заттарын жинады. Сүлейменге ол былай деді: “Жаратқан Иенің үйі үшін мен мыңдаған талант алтын және мыңдаған талант күміс жинадым, ал мыс пен темірдің көптігі сонша, салмағында өлшем жоқ; тағы ағаш пен тастарды да дайындап қойдым, ал сен бұларға тағы қос”. Ол өз қазынасынан 3 000 талант алтын мен 7 000 күміс садақа жасадыa (1 Шежірелер 22:14; 29:3, 4). Дәуіттің бұндай жомарттығы сырт көзге жағымпаздану емес, Ехоба Құдайға деген сенімі мен шын берілгендігінің белгісі еді. Байлығының кімнен келіп отырғанын мойындап, Дәуіт Ехобаға былай деді: “Бәрі де Сенен, Сенің қолыңнан алғандарымыздан саған бердік” (1 Шежірелер 29:14). Дәуіттің жомарт пейілі таза ғибадатты өркендету үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге талпындырды.
17. 1 Тімотеге 6:17—19 тармақтардағы кеңес қалайша байларға да, кедейлерге де пайдалы?
17 Дәуіт сияқты біз де дүние-мүлкімізді игі іске қолданайық. Байлық құмарлыққа берілгеннен гөрі, Құдайға ұнамды болуға, яғни шынайы даналық пен бақыт беретін жолмен жүруге тырысқан әлдеқайда артық. Пауыл: “Осы дүниелік мал-мүлікке байларға ескерт: олар менмен болмасын; сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол рақатын көру үшін игіліктердің бәрін сыйлайды. Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге бай, әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін. Осылай өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ”,— деп жазды (1 Тімотеге 6:17—19). Әл-ауқатымыз қандай деңгейде болмасын, Құдай рухының көмегіне арқа сүйеп, ‘Құдаймен қатынасымызда байытатын’ өмір жолымен жүрейік (Лұқа 12:21). Көктегі сүюші Әкемізге ұнамды болу бәрінен де маңызды.
Құдайға ұнамды бол
18. Мәсіхшілер үшін Дәуіт қандай керемет үлгі қалдырды?
18 Дәуіт өмір бойы Ехобаға ұнамды болуға тырысқан. Ол: “Мейіріміңді түсіре гөр, уа, Құдайым, мейіріміңді түсіре гөр, өйткені жаным Өзіңе арқа сүйейді”,— деп жырлады (Забур 56:2). Оның Ехобаға арқа сүйегені бекер болған жоқ. Дәуіт қартайып, “өміріне қанағаттанды” (1 Шежірелер 23:1). Шалыс қадамдар жасаса да, Дәуіт сенім танытқан Құдайдың куәгерлерінің бірі ретінде есте қалды (Еврейлерге 11:32).
19. Қалай Құдайға ұнамды бола аламыз?
19 Өмірде қандай қиын жағдайға кезіксең де, есіңде болсын, Ехоба Дәуітті қолдап, жігерлендіріп және түзеткен болса, саған да солай істей алады. Елші Пауыл да Дәуіт сияқты көптеген қиындықтарға кезіккен. Алайда ол да Құдайдың рухына арқа сүйеу арқылы адалдық сақтады. Ол былай деп жазды: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәріне де төзе аламын” (Філіпіліктерге 4:12, 13 ЖД). Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, ол бізге адалдық сақтауға көмектеседі. Өйткені оны өзі де қалайды. Егер оған құлақ ассақ, жақындай түссек, өзінің еркін орындауға күш береді. Әрқашан Құдай рухына арқа сүйсек, қазір және мәңгі-бақи ‘Құдайға ұнамды бола’ аламыз (2 Тімотеге 2:15).
[Сілтеме]
a Дәуіттің жасаған садақасы қазіргі ақшамен шамамен 1,2 миллиардтан астам АҚШ доллары болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Менмен болудан өзімізді қалай сақтауға болады?
• Неге кек алмауымыз керек?
• Түзету шараларына қалай қарауымыз керек?
• Неліктен байлыққа емес, Құдайға арқа сүйеуіміз керек?
[24-беттегі сурет]
Дәуіт Құдай рухына арқа сүйеді және оған ұнамды болуға ұмтылды. Сен де солай етіп жүрсің бе?