Бірінші болып құрмет көрсетесіңдер ме?
“Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” (РИМ. 12:10 ЖД).
1. Көп жерде не нәрсе қалыпты жағдайға айналуда?
КЕЙБІР елдерде жас балалар үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың қасында биік болып тұрмас үшін, тізерлеп отырады. Сондай-ақ жас балалардың үлкендерге арқасын беріп тұрғаны да сыйламағандық болып табылады. Құрмет көрсету әр жерде әртүрлі. Дегенмен бұл Мұса заңындағы келесі өсиетті есімізге салады: “Ақ шашты адамның алдында отырмай, [құрмет көрсетіп] орныңнан тұр және қарттың жүзін сыйла” (Леуі. 19:32). Өкінішке қарай, қазір көп жерде басқаларға құрмет көрсету сиреп барады, тіпті бұл қалыпты жағдайға айналуда.
2. Құдай Сөзінде кімдерге құрмет көрсету керектігі айтылған?
2 Құдай Сөзінде құрмет көрсетуге үлкен мән беріледі. Онда Ехоба мен Исаны қадірлеу керектігі айтылған (Жох. 5:23). Сонымен қатар отбасы мүшелерін, бір сенімдегі бауырластар мен қауымнан тыс адамдарды құрметтеу өсиет етілген (Рим. 12:10; Ефес. 6:1, 2; Пет. 1-х. 2:17). Ехобаны қадірлейтінімізді қалай көрсетеміз? Мәсіхші бауырластарымызды құрметтейтініміз неден көрінеді? Осы және осыған қатысты басқа да сұрақтарды қарастырайық.
Ехобаны және оның есімін құрметте
3. Ехобаны құрметтеудің маңызды бір жолы қандай?
3 Ехобаны құрметтеудің маңызды бір жолы — оның есіміне лайықты құрмет көрсету. Өйткені біз Ехобаның ‘атымен аталған халықпыз’ (Ел. іс. 15:14). Құдіреті шексіз Құдай Ехобаның есімімен аталу — біз үшін зор мәртебе. Миха пайғамбар: “Барлық халықтар өз құдайларының атымен жүреді; ал біз мәңгі-бақи өзіміздің Жаратушы Құдай Иеміздің [“Ехобаның” ЖД] атымен жүретін боламыз”,— деген (Миха 4:5). Біз ‘Ехобаның атымен жүру’ үшін, күн сайын осы есімді даңқтайтындай өмір сүруге тырысуымыз керек. Пауыл Римдегі мәсіхшілерге ескерткендей, уағыздап жүрген хабарымызға сай өмір сүрмесек, Құдайдың есімін ‘қорлап’, оған кір келтіреміз (Рим. 2:21—24).
4. Ехоба жайлы куәлік беру мәртебесіне қалай қарайсыңдар?
4 Сондай-ақ біз Ехобаны уағыздау ісімізбен құрметтейміз. Бұрынғы кезде Ехоба Исраил халқын өзінің куәгері болуға шақырды (Ишая 43:1—12). Алайда олар бұл міндетті орындамай, жиі Ехобадан беттерін бұрып, “Қасиетті Исраилдің жанын ауырта” берді (Заб. 78:40, 41 ЖД). Ақыр соңында, бұл халық Ехобаның шапағатынан мүлде айырылды. Ал бүгінде біз Ехоба жайлы куәлік беріп, оның есімін паш ету мәртебесін бағалаймыз. Себебі біз оны сүйеміз және есімінің ақталуын шын көңілден қалаймыз. Көктегі Әкеміз жайлы шындықты және оның ниетін біле тұра қалай уағыздамаймыз?! Біз де өзімізді Пауыл сияқты сезінеміз. Ол: “[Уағыздау] борышты міндетім, Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім”,— деген (Қор. 1-х. 9:16).
5. Ехобаға сену мен құрмет көрсету қалай өзара байланысты?
5 Забур жыршысы Дәуіт: “Сенің есіміңді білетіндер Саған сенім артатын болады, өйткені Сен өзіңді іздеушілерді кеудеден итермейсің, Жаратушы Ие”,— деген (Заб. 9:11). Егер біз Ехобаны шынымен білетін әрі құрметтейтін болсақ, ертедегі адал қызметшілері сияқты оған сенім артатын боламыз. Ехобаға осылай сенім арту мен сену — оған құрмет көрсетудің тағы бір жолы. Құдай Сөзінде Ехобаға сенім арту мен оған құрмет көрсетудің өзара байланысты екеніне көңіл аударылған. Ехоба өзіне сенім артпаған ежелдегі исраилдіктерге қатысты Мұсаға былай деп сұрақ қойған: “Осылардың арасында Мен жасаған барлық өрелі өзгерістерге қарамастан бұл жұрт қашанғы Мені шамдандыра береді [“маған құрмет көрсетпейді” ЖД] және қашанға дейін Маған сенбейтін болады?” (Ру. сан. 14:11). Бірақ бұл керісінше де болуы мүмкін: егер біз тіпті сынақтар кезінде Ехобаның қорғап, қолдайтынына сенім артсақ, оны құрметтейтінімізді көрсетеміз.
6. Ехобаға шын құрмет көрсетуге бізді не талпындырады?
6 Иса Ехобаға деген құрмет адамның жүрегінен шығу керектігін айтқан. Ол шын жүректен ғибадат етпей жүргендерге Ехобаның сөзін келтіріп: “Бұл халық Мені тек аузымен сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ”,— деген (Мат. 15:8). Ехобаны шын жүректен құрметтеуге оған деген шынайы сүйіспеншілік талпындырады (Жох. 1-х. 5:3). Сонымен қатар біз оның: “Мені құрметтегенді Мен де құрметтеймін”,— деген сөздерін есімізде ұстаймыз (Пат. 1-ж. 2:30).
Жауапты бауырластар өзгелерге құрмет көрсетеді
7. а) Жауапкершілігі барлар қарамағындағыларға неліктен құрмет көрсетулері керек? ә) Пауыл бір сенімдегі бауырластарына қалай құрмет көрсеткен?
7 Елші Пауыл бір сенімдегі бауырластарын: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”,— деп шақырды (Рим. 12:10). Қауымдарда жауапты міндет атқарып жатқандар өздерінің қарамағындағыларға құрмет көрсетуде үлгі болулары, яғни бірінші болып құрмет көрсетулері керек. Жауапты бауырластардың Пауылға еліктегендері дұрыс (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқы). Пауыл барған қауымдардағы бауырластар оның өзі істемейтін нәрселерді басқалардан ешқашан талап етпейтінін білетін. Бір сенімдегі бауырластарды құрметтегендіктен, ол да олардың құрметіне бөленген. Пауыл: “Менен үлгі алыңдар!”— деп өтінген. Көпшілік оның жақсы үлгісін көріп, оған қуана еліктегенінде күмән жоқ (Қор. 1-х. 4:16).
8. а) Иса шәкірттеріне қалай құрмет көрсеткен? ә) Бүгінде бақылаушылар Исаға қалай еліктей алады?
8 Жауапты бауырластардың қарамағындағыларға құрмет көрсетуінің тағы бір жолы — бір нәрсе істеуді өтінгенде не басшылық бергенде себебін түсіндіру. Осылай олар Исаға еліктейді. Мысалы, Иса шәкіттеріне егіндікке көбірек жұмысшы жіберу жайлы дұға ету керектігін айтқанда, себебін түсіндірген. Ол: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деді (Мат. 9:37, 38). Сол сияқты, шәкірттеріне сергек болу жөнінде ескерткенде: “Себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер”— деген (Мар. 13:33). Иса жиі оларға не істеу керектігін ғана емес, неге істеу керектігін де айтып отырған. Осылай ол шәкірттеріне құрмет көрсетті. Мәсіхші бақылаушылар үшін қандай керемет үлгі!
Қауым мен оның басшылығын құрметте
9. Дүниежүзілік мәсіхшілер қауымы мен оның өкілдерін құрметтеу арқылы нені көрсетеміз? Түсіндір.
9 Ехобаны құрметтеу үшін, біз дүниежүзілік мәсіхшілер қауымы мен оның өкілдерін де құрметтеуіміз керек. Біз құл табының Жазбаларға негізделген кеңестеріне құлақ асу арқылы Ехобаның құрылымын құрметтейтінімізді көрсетеміз. Елші Жохан бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында тағайындалған кісілерді сыйламайтындарға сөгіс беру керектігін байқаған (Жоханның 3-хаты 9—11 оқы). Оның сөзінен олар бақылаушылардың өздерін ғана емес, тәлімі мен басшылығын да құрметтемегені көрінеді. Алайда мәсіхшілердің басым көпшілігі олай етпеген. Елшілердің көзі тірісінде, жалпы алғанда, бауырластар қолға басшылық алғандарға құрмет көрсеткен (Філіп. 2:12).
10, 11. Мәсіхшілер қауымында кейбіреулерге белгілі бір шамада билік берілуі орынды екенін Жазбаларға негіздей отырып түсіндіріңдер.
10 Иса шәкірттеріне: “Бәрің де өзара бауырлассыңдар”,— деп айтқандықтан, кейбіреулер мәсіхшілер қауымында біреудің үстінен біреу басшылық жүргізбеуі керек деп ойлайды (Мат. 23:8). Алайда Еврей және Грек жазбаларында Құдай берген билікті жүзеге асырған ер адамдардың көптеген мысалы бар. Ежелгі еврей халқының ру басылары, билері мен патшаларының тарихында Ехобаның адамдардан өкіл тағайындап, басшылық беретініне дәлелдер көп. Тағайындалған кісілерге лайықты құрмет көрсетпеген адамдарды Ехоба жазалаған (Пат. 4-ж. 1:2—17; 2:19, 23, 24).
11 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер елшілердің билігін мойындаған (Ел. іс. 2:42). Мысалы, Пауыл бауырластарына нұсқаулар берген (Қор. 1-х. 16:1; Сал. 1-х. 4:2). Сөйткенмен оның өзі де жауапты бауырластарға бағынған (Ел. іс. 15:22; Ғал. 2:9, 10). Демек, Пауылдың мәсіхшілер қауымындағы билікке қатысты көзқарасы дұрыс болған.
12. Киелі кітап мысалдарынан билікке қатысты қандай екі нәрсе білеміз?
12 Киелі кітаптағы мысалдардан біз екі нәрсені білеміз. Біріншіден, “адал да ақылды құлдың” Басқарушы кеңес арқылы бауырластарды жауапты міндетке тағайындауы, сондай-ақ олардың үстінен билік жүргізуге басқа ер адамдарды тағайындауы Жазбаларға негізделген (Мат. 24:45—47 ЖД; Пет. 1-х. 5:1—3). Екіншіден, бәріміз де, тағайындалған ер бауырластар да, біздің үстімізден билік жүргізу міндеті тапсырылғандарға құрмет көрсетуіміз керек. Олай болса, дүниежүзілік мәсіхшілер қауымында басшылық ету міндеті жүктелгендерге іс жүзінде қалай құрмет көрсете аламыз?
Аралаушы бақылаушыларға құрмет көрсету
13. Қазіргі мәсіхшілер қауымының өкілдеріне біз қалай құрмет көрсете аламыз?
13 Пауыл былай деген: “Бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: өздерің үшін еңбек етіп, дұрыс жол сілтеп, жетектегендерді мойындап, еңбектері үшін жақсы көріңдер, әрі өзара бейбіт, тату-тәтті болыңдар!” (Сал. 1-х. 5:12, 13). Аралаушы бақылаушылардың ауыр “еңбек етіп” жүргендердің қатарында екені сөзсіз. Сондықтан оларды ‘айрықша құрметтейік’. Мұның бір жолы — берген кеңестері мен басшылықтарын шын көңілден қабыл алу. Бақылаушылар бізге құл табының басшылығын жеткізгенде, “көктен келген даналық” бізді “бойсұнуға дайын” (ЖД) болуға талпындырады (Жақ. 3:17).
14. Қауым аралаушы бақылаушыларға деген шынайы құрметін қалай көрсетеді және мұның нәтижесі қандай болады?
14 Егер бізге бір нәрсені істеуге қатысты әдеттегіден өзгеше нұсқау берілсе ше? Кейде құрмет көрсету үшін, “Бізде бұлай істемейді!” немесе “Бұл басқа жерде тиімді шығар, бірақ біздің қауымда тиімсіз” деген оймен күресу қажет болар. Мұндайда біз мойынсұнуға тырысамыз. Ал бұлай етуге қауымның Ехобанікі екенін және оның Басы Иса екенін есте ұстағанымыз көмектеседі. Егер қауым аралаушы бақылаушының басшылығын қуана қабылдап, іс жүзінде қолданса, бұл оған деген шынайы құрметтің белгісі болады. Бақылаушылық сапармен барған Титтің басшылығын құрметпен қабылдағаны үшін, елші Пауыл Қорынттағы бауырластарды мақтаған (Қор. 2-х. 7:13—16). Бүгінде аралаушы бақылаушылардың басшылығын дайындықпен қабыл алсақ, бұл уағыздау ісіндегі қуанышымызға зор септігін тигізетініне сенімді бола аламыз (Қорынттықтарға 2-хат 13:11 оқы).
“Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер”
15. Бір сенімдегілерге құрмет көрсетудің қандай жолдары бар?
15 Пауыл былай деп жазды: “Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай ілтипатпен ескерт. Жас жігіттерге — туған бауырыңа, егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр. Шынымен мұқтаж жесірлерді құрметте” (Тім. 1-х. 5:1—3). Иә, Құдай Сөзі бізді қауымның әрбір мүшесіне құрмет көрсетуге шақырады. Егер қауымдағы бауырласпен араңда келіспеушілік болса ше? Бұл сені мәсіхші бауырласыңа құрмет көрсету міндетінен босата ма? Әлде осы Құдай қызметшісінің бойындағы рухани қасиеттерін бағалап, оған деген көзқарасыңды өзгерте аласың ба? Әсіресе жауапты бауырластар қауымдағыларға үнемі құрметпен қарап, ешқашан отарға ‘өктемдік жүргізбеуі’ керек (Пет. 1-х. 5:3). Шынында, нағыз сүйіспеншілігімен танылатын мәсіхшілер қауымында бір-бірімізге құрмет көрсетудің көптеген мүмкіндігі бар (Жохан 13:34, 35 оқы).
16, 17. а) Неліктен уағыздап жатқан адамдарға ғана емес, қарсыластарға да құрмет көрсету маңызды? ә) Қалай біз ‘әркімге лайықты құрмет көрсетеміз’?
16 Әрине, біз тек мәсіхшілер қауымындағыларға құрмет көрсетумен шектелмейміз. Пауыл өз уақытындағы мәсіхшілерге: ‘Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға жақсылық істей берейік’,— деп жазған (Ғал. 6:10). Алайда әріптесіміз не сыныптасымыз бізге қиянат жасаса, бұл принципті ұстану қиын болуы мүмкін. Осындай кезде біз: “Зұлымдық жасаушыға қарап ашуланба”,— деген кеңесті есте сақтауымыз керек (Заб. 37:1 ЖД). Осы кеңеске құлақ асқанымыз тіпті қарсыластарға да құрмет көрсетуге көмектеседі. Сонымен қатар өзіміз жайлы тым жоғары ойламағанымыз уағыздау қызметінде барлығына “ілтипат, құрмет танытып” сөйлеуге көмектеседі (Пет. 1-х. 3:15). Тіпті сырт көрінісіміз әрі киген киіміміз арқылы да уағыздап жатқан адамға құрмет көрсете аламыз.
17 Сонымен, кіммен аралассақ та — бір сенімдегілермен болсын, не қауымнан тыс адамдармен болсын — келесі сөздерге сай әрекет еткіміз келеді: “Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: рухани бауырластарыңды сүйіңдер, Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар, патшаны қадірлеңдер!” (Пет. 1-х. 2:17).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаға қалай лайықты құрмет көрсете аламыз?
• Қауым ақсақалдары мен аралаушы бақылаушыларды қалай құрметтей аламыз?
• Қауымның әрбір мүшесіне қалай құрмет көрсете аламыз?
• Қызметте адамдарды құрметтейтініміз неден көрінеді?
[23-беттегі сурет]
Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер басқарушы кеңестің басшылығын құрметтеген
[24-беттегі сурет]
Барлық елдегі ақсақалдар Басқарушы кеңес тағайындаған аралаушы бақылаушыларды құрметтейді