Құдай орнатқан басшылыққа адалдықпен мойынсұныңдар
“Тәңір — төрешіміз, Тәңір — заң шығарушымыз, Тәңір — патшамыз” (ИШАЯ 33:22).
1. Не нәрселер ертедегі Исраил халқын өзге халықтардан ерекшелендірген?
БІЗДІҢ з. б. 1513 жылы Исраил ұлты пайда болды. Ол кезде олардың астанасы да, жері де, көзге көрінетін патшасы да болмаған. Олар бұрын құлдықта болған. Бұл халықтың тағы да бір ерекшелігі — Ехоба Құдай олардың көзге көрінбейтін Төрешісі, Заң шығарушысы әрі Патшасы еді (Мысырдан шығу 19:5, 6; Ишая 33:22). Ешбір халық өзі жайлы бұлай дей алмайтын!
2. Исраил халқының ұйымдастырылуына қатысты қандай сұрақ туады және бұл сұрақтың жауабы неге біз үшін маңызды?
2 Ехоба Құдай тәртіптілік пен тыныштықтың Құдайы болғандықтан, ол басқарған кез келген халық жақсы ұйымдасқан болады деп күткен орынды (1 Қорынттықтарға 14:33). Расында да солай екендігі Исраил халқынан көрінеді. Алайда жер бетіндегі көзге көрінетін ұйымды қалай көзге көрінбейтін Құдай басқара алады? Сол ежелгі халықты Ехобаның қалай басқарғанын қарастырғанымыз және Ехобаның Исраил халқына қалай қарағанынан, оның орнатқан басшылығына мойынсұнудың қаншалықты маңызды екендігі көрінетініне ерекше көңіл қойғанымыз пайдалы болар еді.
Ежелгі Исраилдегі басшылық жүйесі
3. Өзінің халқына басшылық ету үшін Ехоба қандай тиімді құрылымды қолданды?
3 Ехоба Исраилдің көзге көрінбейтін Патшасы болғанмен, ол өзінің жердегі адал қызметшілерін өкілі етіп тағайындайтын. Исраил елінде тәлімгер және төреші ретінде қызмет ететін басшылар, рубасылары мен ақсақалдар болған (Мысырдан шығу 18:25, 26; Заңды қайталау 1:15). Алайда Құдайдың басшылығынсыз жауапкершілік жүктелген сол адамдар барлық жағдайларда тура және керемет түсінушілікпен төрелік ете алмас еді. Олар кемелсіз болған, сондай-ақ бауырластарының жүрегінде не барын біле алмайтын. Соған қарамастан, Құдайдан қорқатын төрешілер бауырластарына пайдалы кеңестер берген, өйткені олардың кеңестері Құдай Заңына негізделетін (Заңды қайталау 19:15; Забур 118:97—100).
4. Исраилдің адал төрешілері қандай қасиеттерден құтылуға тырысқан?
4 Бірақ төрешілерден Заңды білу ғана талап етілген жоқ. Кемелсіз болғандықтан ол кісілер әділ төрелік етулеріне кедергі болатын қара бастың қамын ойлау, екіжүзділік, ашкөздік сияқты әлсіздіктерімен күресу керек болатын. Мұса оларға: “Төрелік еткенде адамның бет-жүзіне қарамаңдар, үлкеннің де, кішінің де сөзіне құлақ салыңдар: ешбір адамнан қорықпаңдар, өйткені төрелік ету — Құдайдың ісі”,— деген. Иә, Исраилдің төрешілері Ехобаның атынан төрелік еткен. Мұндай тапсырма қастерлі сезімге бөлейді емес пе?! (Заңды қайталау 1:16, 17).
5. Ехоба өз халқы үшін төрешілер тағайындаудан басқа тағы не нәрселер ұйымдастырды?
5 Халқының рухани қажеттіліктері үшін, Ехоба басқа да нәрселер ұйымдастырды. Уәде етілген жерге кірмей тұрғанның өзінде Ехоба халқына киелі шатыр, немесе шынайы ғибадат ететін орын, салуды бұйырды. Сонымен қатар ол Таурат заңынан тәлім беру, құрбандық шалу және таңертең бір, кешке бір хош иісті заттар түтету үшін діни қызметкерлер тағайындады. Құдай Мұсаның ағасы Һаронды алғашқы діни қызметкер етіп тағайындап, ал оның балаларына әкелерінің міндетін орындауға көмектесуді тапсырады (Мысырдан шығу 28:1; Руларды санау 3:10; 2 Шежірелер 13:10, 11).
6, 7. а) Діни қызметкерлер мен діни қызметкерлерге жатпайтын леуіліктерге қандай міндеттер жүктелген? ә) Леуіліктердің әр түрлі жұмысты атқарғанынан қандай сабақ алуымызға болады? (Қолостықтарға 3:23).
6 Бірнеше миллионнан тұратын халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру керемет үлкен тапсырма болатын, оның үстіне, діни қызметкерлердің саны анағұрлым аз-тын. Оларға көмектесуге өзге де руластары, яғни леуіліктер, тағайындалды. Ехоба Мұсаға былай деді: “Леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының қарамағына бер: олар Исраил ұлдарының арасынан соған қызметке берілсін” (Руларды санау 3:9, 39).
7 Леуіліктер жақсы ұйымдасқан еді. Олар үш ұрпаққа бөлінетін: Герсон, Қахат және Мерари ұрпағы, әрі әрқайсысына белгілі жұмыс тапсырылған (Руларды санау 3:14—17, 23—37). Тапсырмалардың бірі екіншісіне қарағанда маңыздырақ болып көрінгенмен, негізінде олардың барлығының да маңызы зор болатын. Қахат ұрпағынан шыққан леуіліктердің атқаратын жұмысы киелі шатыр және ондағы мүлікпен тікелей қатысты еді. Сөйтсе де әрбір леуіліктің — Қахат ұрпағынан, я басқасынан болсын — атқаратын ісі өте мәртебелі болған (Руларды санау 1:51, 53). Өкінішке орай, олардың кейбіреулері тағайындалған орнын бағаламады. Олар Құдай орнатқан басшылыққа бағынудың орнына, наразылық білдіріп, өркөкіректік, менмендік пен іштарлықтың жетегінде кетті. Осындай адамдардың бірі леуілік Қорах еді.
“Енді, діни қызметкер болғыларың келіп тұр ма?!”
8. а) Қорах кім болған? ә) Не себепті Қорах діни қызметкерлерге адами көзқараспен қарай бастаған болуы мүмкін?
8 Қорах не Леуі әулетінің, не Қахат ұрпағының басшысы емес-тін (Руларды санау 3:30, 32). Сөйтсе де Исраил халқының арасындағы сыйлы рубасы болған. Атқаратын қызметіне сай ол Һарон және оның ұлдарымен тығыз қызметтес болған болса керек (Руларды санау 4:18, 19). Солардың кемелсіздігін өз көзімен көрген ол: “Діни қызметкерлердің кемелсіз екендері тайға таңба басқандай көрініп тұр ғой, ал мен соларға мойынсұну керекпін! Күні кеше Һарон алтын бұзау жасап, халықты мүсінге табындырды. Ал енді келіп, сол Һарон, Мұсаның ағасы, бас діни қызметкер болып отыр. Қандай екіжүзділік десеңші! Һаронның балалары Надаб пен Әбиһу ше? Қызметтерін бағаламағандары соншалық, Ехобаның оларды жойып жіберуіне тура келді!”— деп қайран қалған болса керекa (Мысырдан шығу 32:1—5; Леуіліктер 10:1, 2). Қорах қалай ойламасын, діни қызметкерлердің қызметіне оның адами көзқараспен қарай бастағаны анық. Осының салдарынан ақырында ол Мұса мен Һаронға, сайып келгенде Ехобаға қарсы шықты (1 Патшалықтар 15:23; Жақып 1:14, 15).
9, 10. Қорах пен оның сыбайластары Мұсаға қандай кінә тақты және неге олардың олай етуге болмайтынын білмеуі мүмкін емес еді?
9 Қорах сияқты елеулі адамға ниеттестер табу қиынға соқпайтын. Қорах, Датан және Абитам өздеріне 250 сыбайлас табады. Олардың бәрі рубасылары еді. Олар Мұса мен Һаронға келіп, былай дейді: “Бүкіл жамағат қасиетті, әрі Тәңір солардың арасында! Онда, неге сендер өздеріңді Тәңірдің халқынан жоғары қоясыңдар?” (Руларды санау 16:1—3).
10 Бүлікшілердің Мұсаның басшылығына қарсы шығуға болмайтынын білмеуі мүмкін емес. Өйткені осыдан біраз уақыт бұрын Мәриям мен Һарон солай еткен еді. Тіпті олар да Қорах сияқты ойда болған. Руларды санау 12:1, 2-тармақтарға сәйкес, олар: “Тәңір жалғыз Мұсамен сөйлесіп пе, бізбен де сөйлесті емес пе?” — деп сұраған. Мұны Ехоба естіген. Ол Мұсаға және Һарон мен Мәриямға кездесу шатырына келуге бұйырып, сол жерде кімді көсем етіп тағайындағанын көрсеткісі келді. Ехоба мынаны анық айтты: “Егер араларыңда пайғамбар бар болса, Мен оған аян арқылы ашылып, түс арқылы сөйлесемін; бірақ қызметшім Мұсаға олай етпеймін, өйткені менің үйімде ол бәріне адал [“оған менің бүкіл үйім сеніп тапсырылған”, ЖД]”. Осыдан кейін Ехоба Мәриямға белгілі уақыт аралығына алапес ауруын жіберді (Руларды санау 12:4—7, 10).
11. Қорахқа қатысты оқиғада Мұса өзін қалай ұстады?
11 Қорах пен соның жағына шыққандар бұл оқиғадан хабардар болмауы мүмкін емес-тін. Олардың шығарған бүлігін ақтауға болмайтын. Сөйтсе де Мұса оларды шыдамдылықпен ақылға шақыруға тырысты. Мұса өздеріне тапсырылған қызметтерін бағалауға шақырды: “Исраилдің Құдайы сендерді жамағаттан бөліп алып, Өзіне жақындатқанын азсынып тұрсыңдар ма?” Жоқ, бұл тіпті де аз нәрсе емес еді! Леуіліктерге үлкен іс тапсырылған болатын. Оларға не жетпеді екен? Мұсаның кейінгі сөздері олардың жүрек пиғылдарын аян етті: “Енді, діни қызметкер болғыларың келіп тұр ма?!”b (Руларды санау 12:3; 16:9, 10). Өзі тағайындаған басшыға қарсы бүлікке Ехоба қалай қарады екен?
Исраил Төрешісінің іске араласуы
12. Исраилдіктердің Құдаймен жақсы қарым-қатынаста қалатын-қалмайтыны неге байланысты болды?
12 Ехоба исраилдіктерге Таурат заңын бергенде, тіл алғыштық танытса, ‘қасиетті халық’ болатынын айтқан. Сондай-ақ Ехобаның орнатқан тәртібіне мойынсұна берер болса, әрі қарай да ‘қасиетті халық’ бола беретінін айтты (Мысырдан шығу 19:5, 6). Енді ашық бүлік шыққан уақытта, Исраилдің Төрешісі әрі Заң шығарушысының іске араласатын уақыты жетті! Мұса Қорахқа былай деді: “Ертең сен соңыңнан ерген күллі қауыммен бірге Тәңірдің алдына кел; сен, олар және Һарон. Әрқайсысың өздеріңнің хош иісті заттар түтететін табаларыңды алып, оған түтететін зат салып, әрқайсысың табаларыңды Тәңірдің алдына әкеліңдер, барлығы екі жүз елу таба. Һарон екеуің де өз табаларыңды әкеліңдер” (Руларды санау 16:16, 17).
13. а) Неге бүлікшілердің хош иісті зат түтеткендігі өрескелдік болды? ә) Ехоба бүлікшілерге не істеді?
13 Құдай Заңына сәйкес хош иісті затты діни қызметкерлер ғана түтету керек болатын. Бүлікшілер Ехобаның алдында хош иісті заттарды діни қызметкер емес леуіліктер түтетеді деген ойдың өзінен шошынуы керек еді (Мысырдан шығу 30:7; Руларды санау 4:16). Алайда Қорах пен оның соңына ергендерді мұндай ой тоқтатпады. Келесі күні Қорах “күллі қауымды оларға [Мұса мен Һаронға] қарсы арандатып, кездесу шатырының кіре берісіне жинады”. Киелі кітапта былай делінген: “Сонда Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деді: — бұл қауымнан бөлініңдер, Мен оларды қас қағым сәтте жойып жіберемін”. Сол кезде Мұса мен Һарон халықты жоймауын сұрап Ехобаға жалбарынды. Ехоба олардың дұғасына құлақ асты. Қорах пен оның сыбайластарын болса, “Жаратқан Иеден от түсіп, хош иісті зат түтетіп әкелген сол екі жүз елу кісіні жалмап қойды” (Руларды санау 16:19—22, 35)c.
14. Неге Ехоба Исраил қауымын ауыр жазалады?
14 Ехобаның бүлікшілерге не істегенін көргендердің бұдан ешқандай сабақ алмағаны қайран қалдырады. “Келесі күні күллі Исраил қауымы Мұса мен Һаронға былай деп күңкілдеді: — Сендер Жаратқан Иенің халқын өлімге душар еттіңдер”. Сөйтіп исраилдіктер қаскөйлердің жағына шықты. Ехобаның шыдамы таусылды. Енді ешкім — тіпті Мұса мен Һарон да — оны райынан қайтара алмады. Ехоба тілазарларды жойып жіберді, сөйтіп “Қорахтың ісі бойынша өлгендерден басқа он төрт мың жеті жүз адам жер құшты” (Руларды санау 16:41—49).
15. а) Қандай себептермен исраилдіктер Мұса мен Һаронның басшылығына мойынсұнулары керек еді? ә) Осы оқиғадан Ехоба туралы не білдіңдер?
15 Сәл ғана кідіріп, ойланыңқыраса ғой, сол адамдар өмірлерімен қош айтыспаған болар еді. Олар өздерінен былай деп сұраса болар еді: өз өмірін қатерге тігіп перғауынның алдына барған кім? Исраилдіктерді босатуды талап еткен кім? Құдайдың періштесімен бетпе-бет сөйлесу үшін Хорив тауына шақырылған жалғыз адам кім? Мұса мен Һаронның істері олардың Ехобаға шексіз берілгендігінің және халықты сүйетіндігінің сөзсіз дәлелі болатын (Мысырдан шығу 10:28; 19:24; 24:12—15). Ехоба бүлікшілерді жойғаннан рақат сезімге бөленген жоқ. Халықтың қайтпай бүлік шығара беретіні анықталған соң, ол әрекетке көшті (Езекиел 33:11). Осы оқиғаның біз үшін маңызы зор. Неге?
Бүгіндегі арна
16. а) Не нәрсе Исаның Ехобаның өкілі екеніне бірінші ғасырдағы яһудилердің көздерін жеткізуі керек еді? ә) Ехоба леуіліктерден шыққан діни қызметкерлерді не себепті және кімге ауыстырды?
16 Қазір жер бетінде Ехобаны көзге көрінбейтін Төрешісі, Заң шығарушысы әрі Патшасы ретінде мойындайтын жаңа “халық” бар (Матай 21:43). Аталмыш “халық” б. з. І ғасырында пайда болған. Ол кезде Мұсаның заманындағы киелі шатырдың орнын тап бұрынғыдай леуіліктер қызмет атқаратын Иерусалимдегі сәулетті ғибадатхана басқан еді (Лұқа 1:5, 8, 9). Бірақ б. з. 29 жылы жаңа рухани ғибадатхана пайда болды, онда бас діни қызметкер ретінде Иса Мәсіх қызмет етті (Еврейлерге 9:9, 11). Сонда Құдай орнатқан басшылық туралы тағы да сұрақ көтерілді. Ехоба сол жаңа “халыққа” кім арқылы басшылық етер екен? Иса Құдайға шын берілгендігін көрсеткен. Ол адамдарды сүйген. Сондай-ақ көптеген кереметтер көрсеткен. Осыған қарамастан, леуіліктердің басым көпшілігі ата-бабалары сияқты тоңмойындық танытып, Исаны мойындаудан бас тартқан (Матай 26:63—68; Елшілердің істері 4:5, 6, 18; 5:17). Ақыр аяғында Ехоба леуіліктерден шыққан діни қызметкерлерді өзгелерге, Патшаның діни қызметкерлеріне, ауыстырды. Патшаның діни қызметкерлері әлі де қызметтерін атқаруда.
17. а) Бүгінде Патшаның діни қызметкерлері кімдерден тұрады? ә) Ехоба Патшаның діни қызметкерлерін қандай мақсатта қолданады?
17 Бүгінде патшаның діни қызметкерлері кімдерден тұрады? Бұл сұраққа елші Петір Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған бірінші хатында жауап берді. Мәсіхтің денесінің майланған мүшелеріне ол былай деп жазды: “Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңірдің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!” (1 Петір 2:9). Бұл сөздерден ‘Патшаның діни қызметкерлерінің’, Петір оларды “қасиетті ұлт” деп те атаған, Исаның ізін қуған майланғандардан тұратыны анық көрінеді. Аталмыш адамдар Ехобаның өз халқына тәлім және басшылық беру үшін қолданып отырған арна болып табылады (Матай 24:45—47).
18. Тағайындалған ақсақалдар мен Патшаның діни қызметкерлерінің арасында қандай байланыс бар?
18 Ехобаның халқының қауымдарындағы жауапкершілік жүктелген, тағайындалған ақсақалдар Патшаның діни қызметкерлерінің өкілдері ретінде қызмет етеді. Майланған-майланбағанына қарамастан, мұндай бауырластарымыз біздің құрмет тұтып, қолдау көрсетуімізге лайық. Неге? Өйткені ақсақалдарды киелі рухы арқылы Ехобаның өзі тағайындап, міндеттер жүктейді (Еврейлерге 13:7, 17). Бұл қалай жүзеге асырылады?
19. Неге ақсақалдарды киелі рух тағайындайды деуге болады?
19 Ақсақалдар Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі талаптарға сай келеді (1 Тімотеге 3:1—7; Титке 1:5—9). Демек, оларды киелі рух тағайындады деуге болады (Елшілердің істері 20:28). Ақсақалдар Құдай Сөзін жақсы білулері керек. Сонымен қатар өздерін тағайындаған Жоғарғы Төреші іспетті олар да екіжүзділікті, тіпті соған меңзейтіндей болып көрінетін нәрсені де барынша жек көрулері керек (Заңды қайталау 10:17, 18).
20. Еңбекқор ақсақалдарды не үшін бағалайсыңдар?
20 Біз олардың басшылығына қарсыласудың орнына, еңбекқор ақсақалдарды барынша бағалаймыз! Жиі олар ондаған жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан бауырластарымыз болып табылады. Бұл біздің оларға деген сенімімізді күшейтеді. Ақсақалдар қауым кездесулеріне жақсылап дайындалып, оларды өткізеді, ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды’ уағыздау ісінде бізбен иін тіресе қызмет етеді және қажет болған уақытта Жазбаларға негізделген кеңестер береді (Матай 24:14; Еврейлерге 10:23, 25; 1 Петір 5:2). Олар ауырсақ көңілімізді сұрап, қайғырсақ жұбатады. Ақсақалдар Патшалықтың мүддесін адал әрі риясыз қолдайды. Оларға Ехобаның киелі рухы қонған; Ехобаға олар ұнамды (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
21. Ақсақалдар нені есте ұстаулары керек және неге?
21 Әрине, ақсақалдар кемелсіз. Мүмкіншіліктерінің шегі бар екендігін естерінде ұстай отырып олар отарға, ‘Құдайдың меншікті қауымына’, өктемдік етуге тырыспайды. Қайта, бауырластарының ‘қуаныштары үшін олармен’ бірге еңбектенеді (1 Петір 5:3; 2 Қорынттықтарға 1:24). Кішіпейіл әрі еңбекқор ақсақалдар Ехобаны сүйеді, сондай-ақ оған қаншалықты тура еліктер болса, қауым үшін соншалықты пайда әкелетіндерін біледі. Осыны естерінде ұстап, әрдайым сүйіспеншілік, жанашырлық пен шыдамдылық сияқты Құдайға ұнамды қасиеттерді дамытуға тырысады.
22. Қалай Қорах туралы әңгіме Ехобаның көзге көрінетін ұйымына деген сенімдеріңді нығайтты?
22 Ехобаның біздің көзге көрінбейтін Басшымыз, Иса Мәсіх — Бас діни қызметкеріміз, Патшалықтың майланған діни қызметкерлері — тәлімгерлеріміз, ал адал ақсақалдар — жетекшілеріміз екендігіне қалайша қуаныштымыз десеңдерші! Адамдар басқарып отырған бірде-бір ұйым кемелді бола алмайтын болғанмен, Құдай орнатқан басшылыққа қуана-қуана мойынсұнып жүрген адал бауырластарымызбен бірге қызмет етіп жүргенімізге де қуаныштымыз!
[Сілтемелер]
a Һаронның өзге екі ұлы, Елазар мен Ітамар, Ехобаға қызмет етуде үлгілі болған (Леуіліктер 10:6).
b Қорахтың сыбайластары Датан мен Абитам Рубен руынан болатын. Сондықтан олар діни қызметкерлікке талпынбаса керек. Бірақ олар Мұсаның басшылығына, сондай-ақ зарығып күткендеріне қарамастан, Уәде етілген жерге әлі кірмегендеріне наразылық білдірсе керек (Руларды санау 16:12—14).
c Рубасылары болған заманда отағалары әйелі мен балаларының Құдай алдындағы өкілі болып, тіпті олар үшін құрбандық та шалатын (Жаратылыс 8:20; 46:1; Әйүп 1:5). Ал Таурат заңы күшіне енген соң, Ехоба халық үшін құрбандық шалуды діни қызметкерлерге, яғни Һаронның ұрпағынан шыққан ер кісілерге, тапсырды. Бүлік шығарған 250 кісі сол өзгеріске сай әрекет еткісі келмегені анық.
Не білдіңдер?
• Қалай Ехоба исраилдіктерге сүйіспеншілікпен қамқорлық еткен?
• Неге Қорахтың Мұса мен Һаронға қарсы бүлігін ақтауға болмайтын еді?
• Ехобаның бүлікшілерді жазалағанынан қандай сабақ аламыз?
• Бүгінде Ехобаның орнатқан тәртібін бағалайтынымызды қалай көрсетуімізге болады?
[23-беттегі сурет]
Ехобаға арналған қызметтің бәрі де бағалы деп есептейсіңдер ме?
[24-беттегі сурет]
“Неге сендер өздеріңді Тәңірдің халқынан жоғары қоясыңдар?”
[26-беттегі сурет]
Тағайындалған ақсақалдар Патшаның діни қызметкерлерінің өкілдері ретінде қызмет етеді