“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
3—9 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 4—6
“Астарлы мағынасы бар” оқиға”
(Ғалаттықтарға 4:24, 25) Мұның бәрінің астарлы мағынасы бар: екі әйел екі келісімді білдіреді. Оның бірі — Синай тауында жасалған келісім, яғни балаларын құлдықта болу үшін туған Ажар. 25 Ажар Арабиядағы Синай тауын және қазіргі Иерусалимді білдіреді, өйткені ол балаларымен бірге құлдықта.
it-1 1018-б., 2-абз.
Ажар
Елші Пауылдың айтуы бойынша, Ажар астарлы мағынада Синай тауында Ехобамен Заң келісіміне тұрған Исраил халқын бейнелеген. Бұл Заң келісімінен “құлдықта болу үшін туылған балалар” пайда болды. Исраил халқы күнәкар болғандықтан, бұл келісімнің шарттарын орындай алмады. Заң келісімінің тұсында олар еркін болмады, өйткені Заң оларды өлімге лайық күнәкар деп айыптады. Осы мағынада олар құлдар еді (Жх 8:34; Рм 8:1—3). Пауылдың күндерінде Иерусалим Ажардың бейнесі болды. Өйткені бүкіл халықты білдіретін Исраилдің астанасы Иерусалим балаларымен бірге құлдықта еді. Ал киелі рухтан туылған мәсіхшілер Құдайдың бейнелі әйелінің, яғни “жоғарыдағы Иерусалимнің” балалары. Сараның ерікті әйел болғанындай, бұл Иерусалим де ешқашан құлдықта болмаған. Ысмағұлдан жапа шеккен Ысқақ сияқты, Құдайдың Ұлы арқылы азат болған “жоғарыдағы Иерусалимнің” балалары да құлдықтағы Иерусалимнің балаларынан қуғын көрген. Ал Ажар мен ұлының үйден қуылғаны Ехобаның Исраил халқынан бас тартқанын бейнелейді (Ғл 4:21—31; Жх 8:31—40 да қараңыз).
(Ғалаттықтарға 4:26, 27) Ал жоғарыдағы Иерусалим ерікті, біздің анамыз — сол. 27 Киелі жазбада: “Қуан, құрсақ көтермеген бедеу әйел! Толғақ азабын тартып көрмеген әйел, шаттана айғайла! Себебі күйеуі бар әйелден гөрі, күйеуі тастап кеткен әйелдің балалары көп болады”,— делінген.
Құдайдың ниеті Патшалық арқылы жүзеге асатынына нық сенімді бол
11 Ыбырайымның ұрпақтары Уәде етілген жерге кіргенде, онымен жасалған келісім тура мағынада жүзеге асты. Бірақ Жазбалардан көрінетіндей, бұл келісім рухани мағынада да жүзеге асу керек (Ғал. 4:22—25). Елші Пауылдың түсіндіруіне сай, Ыбырайымның ұрпағының негізгі мүшесі — Мәсіх, қосалқы мүшесі — 144 000 майланған мәсіхші (Ғал. 3:16, 29; Аян 5:9, 10; 14:1, 4). Ұрпақты дүниеге әкелетін әйел — адал рухани жаратылыстардан тұратын Құдайдың көктегі ұйымы. Ол Киелі кітапта “жоғарыдағы Иерусалим” деп аталады (Ғал. 4:26, 31). Ыбырайыммен жасалған келісімде уәде етілгендей, ұрпақ арқылы адамзатқа Құдайдың батасы қонады.
(Ғалаттықтарға 4:28—31) Ал сендер, бауырластар, Ысқақ сияқты уәде бойынша туылған балаларсыңдар. 29 Сол заманда әдеттегідей туылған бала рух арқылы туылған баланы қудалаған еді, қазір де солай. 30 Бірақ Киелі жазбада не айтылған? “Күңді ұлымен бірге қуып жібер, күңнің ұлы ерікті әйелдің ұлымен бірге мұрагер болмасын!” 31 Сондықтан, бауырластар, біз күңнің емес, ерікті әйелдің балаларымыз.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Ғалаттықтарға 4:6) Енді сендер оның балалары болғандықтан, Құдай өз Ұлының бойында бар киелі рухты біздің жүрегімізге орнықтырды. Осы рух: “Абба, Әке!”— деп шақырады.
w09 1.4. 13-б.
Сіз білгенсіз бе?
Иса дұғасында Ехобаны неге “Абба, Әке” деп атаған?
“Абба” деген еврей не арамей сөзі “әке” не “уа, әке” дегенді білдіруі мүмкін. Осы сөз Жазбаларда үш жерде кездеседі, әрі үшеуінде де дұғада көктегі Ехоба Әкеге қатысты айтылған. Бұл сөздің ерекшелігі неде?
Бір энциклопедияда былай делінген: “Исаның кезінде “абба” деген сөз ауызекі тілде қолданылған. Бұл баланың әкесіне ерекше жақындығын әрі құрметін көрсететін сөз болған”. Әкені жақын тартып айтылатын бұл сөзді сәбилер әдетте тілі шыға салысымен үйреніп алатын. Иса ерекше өтінішін айтып, жалбарынғанда Әкесін осылай атаған. Өлеріне бірнеше сағат қалғанда ол Гетсимани бағында дұға етіп, Ехобаны: “Абба, Әке”,— деп шақырған (Марқа 14:36).
Әлгі еңбекте айтылғандай, “грек-рим кезеңіндегі еврей әдебиетінде “абба” деген сөз Құдайға қатысты мүлдем дерлік қолданылмаған. Сірә, бұның себебі Құдайды осылай емін-еркін атаудың сөлекеттік деп саналғанында болса керек”. Бірақ “Исаның дұғада осы сөзді қолданғаны Құдаймен арақатынасы жақын екенінің қосымша бір дәлелі”. Киелі кітапта “абба” сөзі тағы екі рет елші Пауылдың хаттарында кездеседі. Демек, І ғасырдағы мәсіхшілер де дұға айтқанда бұл сөзді қолданған (Римдіктерге 8:15; Ғалаттықтарға 4:6).
(Ғалаттықтарға 6:17) Бұдан былай маған ешкім қиыншылық тудырмасын, өйткені денемде Мәсіхтің құлы екенімді көрсететін таңбалар бар.
w10 1.11. 15-б.
Сіз білгенсіз бе?
“Денемде Мәсіхтің құлы екенімді көрсететін таңбалар бар” деп Пауыл нені айтқан? (Ғалаттықтарға 6:17)
▪ Пауылдың бұл сөздері І ғасырдағы адамдарда әртүрлі ой туғызған болуы мүмкін. Мәселен, ежелде адамның әскери тұтқын, ғибадатхананы тонаушы, қашқын құл екенінің белгісі ретінде денесіне қызған темірмен таңба салатын болған. Мұндай таңбалар қоғамда масқара саналатын.
Алайда теріс пікір туғызбайтын таңбалар да болған. Көнеде адамдар өздерінің белгілі бір тайпадан шыққанын не белгілі бір дінді ұстанатынын көрсету үшін де денелеріне таңба бастыратын. Мысалы, бір теологиялық сөздікте айтылғандай, “сириялықтар Хадад пен Атаргатис құдайларына бағышталғандарын көрсету үшін білектеріне я мойындарына таңба бастырған... Дионис құдайына табынушылар болса шырмауықтың жапырағын салдыратын”.
Бүгінгі таңдағы түсініктемешілердің пайымдауынша, Пауыл бұл тармақта миссионерлік қызметте жүріп түрлі соққыға ұшырағанда алған жарақаттарын айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 11:23—27). Бірақ Пауыл бұл жерде ешқандай таңба емес, қайта, кешкен өмір салты оны мәсіхші ретінде айрықшалайтынын меңзеген болуы да мүмкін.
Киелі кітапты оқу
(Ғалаттықтарға 4:1—20) Енді сендерге айтарым — мұрагер барлық нәрсенің иесі болса да, бала кезінде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ. 2 Әкесі алдын ала белгілеген уақытқа дейін ол қамқоршылар мен үй басқарушылардың қарауында болады. 3 Сол сияқты, біз де бала кезімізде осы дүние қағидаларының құлдығында болдық. 4 Ал белгіленген уақыт аяқталғанда, Құдай өз Ұлын жіберді. Ол әйелден туылды әрі заңға бағынышты болды. 5 Құдай оны заңға бағынғандарды құн төлеу арқылы азат етіп, бізді өзінің балалары ету үшін жіберді. 6 Енді сендер оның балалары болғандықтан, Құдай өз Ұлының бойында бар киелі рухты біздің жүрегімізге орнықтырды. Осы рух: “Абба, Әке!”— деп шақырады. 7 Ендеше сен енді құл емес, Құдайдың баласысың. Ал баласы болсаң, онда Құдайдың сені мұрагер де еткені. 8 Құдайды білмей тұрғанда, сендер жалған тәңірлердің құлы болып келдіңдер. 9 Ал енді Құдайды білгеннен кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді білгеннен кейін, қалайша бос, еш пайдасыз қағидаларға қайта оралып, тағы да оларға құл болғыларың келеді? 10 Белгілі бір күндер, айлар, мезгілдер мен жылдарды ерекше көріп, мұқият ұстанады екенсіңдер. 11 Сендерге көмектесу үшін тер төккенім зая кетті ме деп қорқамын. 12 Бауырластар, сендерден өтінемін, мен сияқты болыңдар, себебі бір кездері мен де сендердей болғанмын. Сендер маған еш жамандық жасаған жоқсыңдар. 13 Өздеріңе ізгі хабарды алғаш рет жариялауға барғанымда науқас болғанымды білесіңдер. 14 Ауруым сендерге сынақ болса да, маған жеккөрінішпен не жирене қараған жоқсыңдар, қайта, Құдайдың періштесіндей, Мәсіх Исаның өзіндей қабылдадыңдар. 15 Сондағы қуаныштарың қайда? Өзім куәмін, сол кезде, мүмкін болса, көздеріңді ойып алып, маған берер едіңдер. 16 Ал енді шындықты айтқаным үшін, сендерге жау болып шықтым ба? 17 Сендерді өз жағына шығаруға тырысатындардың ниеті жақсы емес. Олар сендерді менен ажыратып, өздерінен айырылмағандарыңды қалайды. 18 Біреудің сендерді өз жағына ізгі ниетпен шығаруға тырысқаны жақсы. Өзім қастарыңда жүргенде ғана емес, әрдайым осылай болса, 19 балаларым, бұл сендер үшін жақсы. Мен сендер үшін тағы да толғақ азабын шегудемін. Бойларыңнан Мәсіхтің болмысы көрінгенше осылай болмақ. 20 Дәл қазір қастарыңда болып, өздеріңмен жұмсағырақ сөйлессем ғой! Себебі сендерді түсіне алмай жүрмін.
10—16 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕФЕСТІКТЕРГЕ 1—3
“Ехобаның “істерді басқару” шарасы”
(Ефестіктерге 1:8, 9) Құдай бізге рақымын молынан жаудырды, зор даналық пен түсінік те берді 9 және өзінің еркіне қатысты қасиетті құпияны ашты. Бұл құпияны Құдай өз қалауына сай жүзеге асыруды ниет етті.
it-2 837-б., 4-абз.
Қасиетті құпия
Мәсіхтің Патшалығы. Пауыл өз хаттарында Мәсіх туралы қасиетті құпияның ашылуын толықтай түсіндірді. Ол Ефестіктерге 1:9—11 тармақтарда Құдай өз еркіне қатысты “қасиетті құпияны” ашқанын айтып, былай деген: “Бұл құпияны Құдай өз қалауына сай жүзеге асыруды ниет етті. Оның ниеті — белгілеген уақыты аяқталғанда, істерді басқару, яғни көк пен жердегілердің бәрін Мәсіхтің қол астына жинау. Иә, ол бәрін соның қол астына жинайды. Барлығын өз еркіне сай жүзеге асыратын Құдай өз ниеті бойынша бізді алдын ала таңдап алғандықтан, Мәсіхпен бірліктегі біздер де мұрагер болып тағайындалдық”. Бұл “қасиетті құпия” — Құдайдың үкіметімен, яғни Мәсіхтің Патшалығымен байланысты құпия. “Көктегілер” деп Пауыл Мәсіхпен бірге көк Патшалығын мұра ететіндерді айтты. Ал “жердегілер” сол Патшалықтың жердегі азаматтары. Иса шәкірттеріне: “Құдай Патшалығының қасиетті құпиясын түсіну сендерге берілген”,— дегенде, қасиетті құпияның Патшалыққа қатысты екенін көрсеткен (Мр 4:11).
(Ефестіктерге 1:10) Оның ниеті — белгілеген уақыты аяқталғанда, істерді басқару, яғни көк пен жердегілердің бәрін Мәсіхтің қол астына жинау. Иә, ол бәрін соның қол астына жинайды.
Ехоба отбасының басын қосып жатыр
3 Ехоба әрдайым ниетіне сай әрекет етеді. Құдай көк пен жердегі жаратылыстарын бір отбасы етіп біріктіруге қатысты ниетін жүзеге асыра бастады. Бұл үшін ол бір шара қолданды (Ефестіктерге 1:8—10 оқы). Бұл шара екі сатыдан тұрады. Біріншісі — майланғандарды көкте Иса Мәсіхтің қол астында өмір сүруге дайындау. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамынан бастап Ехоба Мәсіхпен бірге көкте билік ететін адамдарды жинай бастады (Ел. іс. 2:1—4). Мәсіхтің төлем құрбандығының негізінде майланғандар әділ деп жарияланғандықтан, олар енді “Құдайдың балалары” екендерін біледі (Рим. 3:23, 24; 5:1; 8:15—17).
4 Құдай шарасының екінші сатысы — Мәсіх Патшалығының қол астында жұмақ орнаған жерде өмір сүретін адамзат қоғамын дайындау. Бұл қоғамды әуелі “ұлы жамағат” құрайды (Аян 7:9, 13—17; 21:1—5). Ал Мәсіхтің мыңжылдық патшалығының тұсында оларға қайта тірілген миллиардтаған адам қосылады (Аян 20:12, 13). Сол кезде біздің бірлігіміз қандай айқын болмақ десеңші! Ал мыңжылдықтың соңында “жердегілер” ақырғы сынақтан өткізіледі. Сол кезде адал болып қалғандар “Құдай балаларының” қатарына қосылады (Рим. 8:21; Аян 20:7, 8).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Ефестіктерге 3:13) Сондықтан өздерің үшін көріп жатқан азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін, өйткені бұл сендерді мадаққа бөлейді.
Құрметке бөленуіңе еш нәрсе кедергі жасамасын
15 Ехобаның еркін табандылықпен орындағанымыз басқаларға да Құдайдан келетін құрметке бөленуге көмектеседі. Ефестегі қауымға Пауыл былай деп жазды: “Өздерің үшін көріп жатқан азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін, өйткені бұл сендерге мадақ әкеледі” (Ефес. 3:13). Пауылдың азап шеккені ефестіктерге қалайша “мадақ әкелді”? Оның қиындықтарға қарамастан солар үшін қызмет етуге дайын болғаны ефестіктерге мәсіхшілердің қызметі маңызды әрі өте құнды екенін түсінуге көмектесті. Ал Пауыл сол кезде қиыншылыққа төзе алмағанда, бауырластар Ехобамен қарым-қатынастарының, қызметтерінің және үміттерінің құндылығына күмәнданбас па еді?! Табандылық танытуымен Пауыл Мәсіхтің шәкірті болу кез келген құрбандыққа баруға тұратынын көрсетті.
(Ефестіктерге 3:19) және бойларыңа Құдайдың қасиеттері толықтай дару үшін, білімнен әлдеқайда жоғары Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып-білесіңдер.
‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білу’
21 “Танып білу” деп аударылған грек сөзі “іс жүзінде, өз өміріңде” деген ойға нұсқайды. Егер біз Иса сияқты өзгенің мүддесін өзіміздікінен жоғары қойып, мейірбандықпен олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып және шын жүректен кешіру арқылы сүйіспеншілік танытар болсақ, оның не сезінгенін шынымен түсіне аламыз. Осылайша өз өмірімізде қолдану арқылы ‘білім атаулыдан асып түсетін Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білеміз’. Сондай-ақ Мәсіхке ұқсай түскен сайын, ол кемелді түрде еліктеген сүюші Құдай Ехобаға жақындай түсетінімізді ешқашан ұмытпалық.
Киелі кітапты оқу
(Ефестіктерге 1:1—14) Құдайдың еркі бойынша Мәсіх Исаның елшісі болған Пауыл Мәсіх Исаның Ефестегі қасиетті де адал шәкірттеріне жазып отыр. 2 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! 3 Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол Мәсіхпен бірліктегі біздерге киелі рухы арқылы көкте әр алуан баталар берді. 4 Сондай-ақ бізді өзінің алдында қасиетті де таза болуымыз және сүйіспеншілік көрсетуіміз үшін, Мәсіхпен бірлікте болсын деп дүниенің негізі қаланғаннан бұрын таңдап алды. 5 Ол өз қалауы мен еркіне сай, Иса Мәсіх арқылы бізді өзінің балалары етуге алдын ала белгіледі. 6 Бұны сүйікті Ұлы арқылы бізге көрсеткен рақымы мадақталу үшін істеді. 7 Құдайдың зор рақымының арқасында Ұлының қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды. 8 Құдай бізге рақымын молынан жаудырды, зор даналық пен түсінік те берді 9 және өзінің еркіне қатысты қасиетті құпияны ашты. Бұл құпияны Құдай өз қалауына сай жүзеге асыруды ниет етті. 10 Оның ниеті — белгілеген уақыты аяқталғанда, істерді басқару, яғни көк пен жердегілердің бәрін Мәсіхтің қол астына жинау. Иә, ол бәрін соның қол астына жинайды. 11 Барлығын өз еркіне сай жүзеге асыратын Құдай өз ниеті бойынша бізді алдын ала таңдап алғандықтан, Мәсіхпен бірліктегі біздер де мұрагер болып тағайындалдық. 12 Мәсіхке бірінші болып үміт артқан біздер арқылы Құдай мадақталып, даңқталу үшін осылай болды. 13 Шындық сөзін, яғни құтқарылатындарың туралы ізгі хабарды, естігеннен кейін, сендер де оған үміт арттыңдар. Оған сенген соң, уәде етілген киелі рухпен Мәсіх арқылы сендерге мөр басылды. 14 Киелі рух — мұраны алатынымыздың кепілі. Ал мөр басылуының мақсаты — Құдай мадақталу үшін меншікті халқының төлем арқылы азат етілуі.
17—23 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4—6
“Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықталыңдар”
(Ефестіктерге 6:11—13) Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бере алуларың үшін, Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықталыңдар. 12 Өйткені біз адам баласына қарсы емес, үкіметтерге, билеушілерге және түнектегі осы дүниені билеп-төстеп отырған әкімдерге қарсы, яғни көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз. 13 Сондықтан Құдай берген сауыт-сайманмен түгелдей жабдықталыңдар, сонда зұлым күн келгенде қарсы тұра аласыңдар, әрі бәрін толық орындаған соң, берік тұрасыңдар.
Жастар, Ібіліске тойтарыс беріңдер!
ЕЛШІ ПАУЫЛ мәсіхшілерді сарбаздарға теңеген. Біз соғыста жүрміз, әрі дұшпандарымыз шынында да бар! Біз адамдармен емес, Шайтанмен және жындармен соғысамыз. Мыңдаған жыл бойы шайқаста жүрген олар өте мықты қарсыластар. Сондықтан осы соғыста бізге, әсіресе жас болсақ, жеңіске жету мүмкін еместей көрінетін шығар. Жастар осындай күшті жаулармен соғыста жеңіп шыға ала ма? Иә, жеңе алады! Олар жеңіп те жүр! Ненің арқасында? Ехобадан алған күштің арқасында. Бұған қоса, олар жақсы шыныққан сарбаздар іспетті, “Құдай берген сауыт-сайманмен түгел жабдықталған”. Осылайша шайқасқа сақадай сай бола алады (Ефестіктерге 6:10—12 оқы).
(Ефестіктерге 6:14, 15) Ендеше нық тұрып, белдеріңе шындықты белдік етіп тағыңдар, әділдікті сауыт қылып киіңдер. 15 Аяқкиімдеріңді де киіп, татулық туралы ізгі хабарды уағыздауға дайын болыңдар.
w18.05 22, 23-б., 4, 7, 10-абз.
Жастар, Ібіліске тойтарыс беріңдер!
4 Белдік сияқты, Құдай Сөзінен білген шындықтар бізді жалған ілімдерден қорғайды (Жохан 8:31, 32; Жоханның 1-хаты 4:1). Киелі кітаптағы шындықтарды жақсы көре түссек, бізге Құдайдың әділ принциптері бойынша өмір сүру, яғни “сауытымызды” киіп жүру оңай болады (Зәбүр 111:7, 8; Жоханның 1-хаты 5:3). Бұған қоса, осы шындықтарды жақсырақ түсінген сайын, оларды жауларымыздан одан бетер жақсырақ қорғай аламыз (Петірдің 1-хаты 3:15).
7 Ехобаның әділ принциптері, яғни орнатқан нормалары осындай сауытқа ұқсайды. Олар біздің “жүрегімізді” яки ішкі болмысымызды қорғайды (Нақыл сөздер 4:23). Сарбаз өзінің темір сауытын әлсіздеу металдан жасалған сауытқа ешқашан айырбастамас еді. Дәл солай, біз ешқашан да Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын өзіміздің жеке ой-пікірімізге айырбастамаймыз. Өз жүрегімізді қорғауға біздің ақыл-парасатымыз жетпейді (Нақыл сөздер 3:5, 6). Сол себепті “сауытымыз” жүрегімізді қорғап тұрғанын жиі тексеріп отыруымыз қажет.
10 Римдік сарбаздың аяқкиімі жақсы шайқасуға көмектескен болса, біздің бейнелі аяқкиіміміз “татулық туралы ізгі хабарды уағыздауға” көмектеседі (Ишая 52:7; Римдіктерге 10:15). Десе де кейде уағыздау үшін зор батылдық қажет. Жасы 20-ға келген Бо былай дейді: “Бұрын сыныптастарыма, ұялғандықтан болар, уағыздауға қорқатынмын. Бірақ сол кезде не үшін ұялғанымды түсінбеймін. Қазір мен өзім сияқты жастарға қуана-қуана уағыздаймын”.
(Ефестіктерге 6:16, 17) Бұларға қоса, сенімнің үлкен қалқанын алыңдар, онымен Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аласыңдар. 17 Сондай-ақ бастарыңа құтқарылудың дулығасын киіңдер және қолдарыңа рухтың семсерін, яғни Құдай сөзін алыңдар.
w18.05 25, 26-б., 13, 16, 20-абз.
Жастар, Ібіліске тойтарыс беріңдер!
13 Шайтан саған қандай “отты жебелерін” атуы мүмкін? Бәлкім, ол саған Ехоба туралы өтірікті жаудыратын шығар. Ол сенің “Ехоба мені жақсы көрмейді” немесе “менімен ешкімнің шаруасы жоқ” деп ойлағаныңды қалайды. 19 жастағы Ида былай дейді: “Ехоба менен алыс, ол менімен дос болғысы келмейді” деген ойлар санама жиі келеді”. Сондай кезде ол не істейді? Ол былай деп сөзін жалғайды: “Қауым кездесулері сенімімді қатты нығайтады. Бұрын қауымда отырып, ешқандай түсініктеме бермейтінмін. Өйткені менің не айтатыным ешкімді қызықтырмайды деп ойлаушы едім. Бірақ қазір кездесулерге дайындалып барамын және екі-үш рет жауап беруге тырысамын. Бұл мен үшін оңай емес, бірақ түсініктеме берген соң өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Бауырластар да мені қатты жігерлендіреді. Әрбір кездесуден кейін Ехобаның мені жақсы көретініне көз жеткізіп қайтамын”.
16 Сарбаздың миын қорғайтын дулыға іспетті, “құтқарылуға деген үмітіміз” ой-санамызды қорғайды (Салоникалықтарға 1-хат 5:8; Нақыл сөздер 3:21). Үміт бізге назарымызды Құдайдың уәделерінен тайдырмауға әрі қиындықтарымызға бола еңсемізді түсірмеуге көмектеседі (Зәбүр 27:1, 14; Елшілердің істері 24:15). Алайда үмітіміз бізді қорғасын десек, ол біз үшін шынайы болу керек. “Дулығамызды” қолда ұстап жүрмей, басымызға киіп алуымыз қажет!
20 Елші Пауыл Құдай Сөзін семсерге теңеген. Оны бізге Ехоба берген. Бірақ нанымдарымызды қорғай білу үшін және өз ой қалпымызды түзету үшін оны шебер қолдануды үйренуіміз керек (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5; Тімөтеге 2-хат 2:15). Сен шеберлігіңді қалай арттыра аласың? 21 жастағы Себастьян былай дейді: “Киелі кітаптан оқыған әр тараудан бір тармақ жазып отырамын. Осылай сүйікті тармақтарымның тізімін жасап жүрмін”. Бұлай істегені оған Ехобаның ой қалпын жақсырақ түсінуге көмектесуде. Дэниел болса былай деп қосты: “Киелі кітапты оқығанда, мен қызметте адамдарға пайдалы болатын тармақтарды іздеймін. Байқағаным, адамдар Киелі кітап жайлы шабыттана сөйлегеніңді және оларға көмектесу үшін барыңды салып тұрғаныңды көрсе, сені жақсы тыңдайды”.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Ефестіктерге 4:30) Құдайдың киелі рухын ренжітпеңдер. Құтқарылатын күн келгенде, төлем арқылы азат етілулерің үшін, сендерге сол киелі рухпен мөр басылған ғой.
it-1 1128-б., 3-абз.
Киелілік
Киелі рух. Ехобаның құдіретті күші немесе рухы. Бұл рух оның құзырына бағынышты әрі әрқашан да оның ниетін іске асырады. Таза, қасиетті және Құдайдың қолдануы үшін бөлектенген. Сол үшін де ол “киелі рух” деп аталған (Зб 51:11; Лқ 11:13; Рм 1:4; Еф 1:13). Адамға әсер еткенде, бұл рух оған киелі яки таза болуға қозғау салады. Адам кез келген арам не теріс қылықты әдетке айналдырса, ол киелі рухқа қарсы шығады яки оны “ренжітеді” (Еф 4:30). Әрине, киелі рух өзінше бір тұлға емес. Бірақ Ехоба оны өзінің киелі болмысы мен еркіне сай қолданады. Егер адам осы рухтың басшылығына қайшы әрекет ететін болса, ол сол рухтың қайнар көзі Ехобаны ренжітуі мүмкін. Кез келген жаман қылыққа бой алдыру әдетте “рухтың жалынын өшіреді” (Сл1х 5:19). Адам жаман әдетінен арылмайтын болса, Құдайдың киелі рухы бұған “ренжиді” де, ақырында Құдай сол тілазар адамның жауына айналады (Иш 63:10). Киелі рухты ренжітетін адам тіпті оған қарсы қорлық сөздер айтудан да тайынбауы мүмкін. Ал Иса айтқандай, мұндай күнәға осы заманда да, келер заманда да кешірім жоқ (Мт 12:31, 32; Мр 3:28—30; “РУХ” тақырыбын да қараңыз (ор.)).
(Ефестіктерге 5:5) Сендер мынаны білесіңдер әрі жақсы түсінесіңдер: азғын, арам істер жасайтын, ашкөз, яғни пұтқа табынатын адам, Мәсіх пен Құдайдың Патшалығын мұра етпейді.
it-1 1006-б., 2-абз.
Ашкөздік
Іс-әрекеттен көрінеді. Ашкөз адамның бұрыс әрі тойымсыз құмарлыққа берілгені оның әрекеттерінен айқын болып қалады. Киелі кітап жазушысы Жақып жаман құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудыратынын айтқан (Жқ 1:14, 15). Осылайша адамның істегенінен оның ашкөздігі аян болады. Елші Пауыл ашкөз адамды пұтқа табынушы деген (Еф 5:5). Тойымсыздықпен құмартқан нәрсесі оның құдайына айналып, Жаратушыға деген ғибадаты мен қызметінен де артық болып кетеді (Рм 1:24, 25).
Киелі кітапты оқу
(Ефестіктерге 4:17—32) Сондықтан Иеміздің атынан сөйлеп, сендерді мынаған шақырамын: түкке тұрғысыз ойларының жетегінде жүретін осы дүниеліктер іспетті өмір сүруді қойыңдар. 18 Олар надан әрі жүректері сезімсіз болғандықтан саналарын қараңғылық басып, Құдайдан келетін өмірден шет қалған. 19 Ұяттан әбден безген олар өрескел қылықтар жасап, әрқилы арам істерді тойымсыздықпен істейді. 20 Бірақ сендер танып-білген Мәсіх мұндай емес! 21 Сендер оның айтқандарын естіп, одан тәлім алған едіңдер ғой, өйткені шындық Исада. 22 Сол алған тәлімдеріңе сай, бұрынғы өмір салттарыңа тән әрі алдамшы құмарлықтардың әсерінен бүлініп жатқан ескі болмыстарыңнан арылыңдар. 23 Ой-саналарыңды әрекетке талпындыратын күшті жаңарта беріңдер. 24 Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай келетін жаңа болмысқа ие болыңдар. 25 Өтірікті тастағандықтан, енді әрқайсысың өзгеге шындықты айтыңдар, өйткені біз бір дененің мүшесіміз. 26 Ашуланғанда, күнә жасамаңдар. Күн батпай тұрып ашуларыңды басыңдар. 27 Ібілістің өздеріңе ықпал етуіне жол бермеңдер! 28 Ұры болған енді ұрламасын, қайта, мұқтаждармен бөлісетін нәрсесі болу үшін өз қолымен адал еңбек етсін. 29 Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдаушыларыңды қажет кезінде нығайтып, пайдаларына ассын. 30 Құдайдың киелі рухын ренжітпеңдер. Құтқарылатын күн келгенде, төлем арқылы азат етілулерің үшін, сендерге сол киелі рухпен мөр басылған ғой. 31 Әрқилы өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар! 32 Қайта, бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар. Құдай өздеріңді Мәсіх арқылы кеңпейілмен кешіргендей, сендер де бір-біріңді солай кешіріңдер.
24—30 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 1—4
“Еш нәрсені уайымдамаңдар”
(Філіпіліктерге 4:6) Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер.
“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”
10 “Еш нәрсені уайымдамай”, “Құдайдың тыныштығына” ие болуға бізге не көмектеседі? Пауылдың філіпіліктерге жазған хатынан көретініміздей, қандай да бір қиындық жайлы ойлап мазалансақ, ең дұрысы — дұға ету. Сондықтан бойымызды сарыуайым меңдесе, дұға айтып уайымымызды тарқатайық (Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқыңыз). Ехобаға дұға айтқанда, ол сіздің қамыңызды ойлайтынына жүз пайыз сенімді болыңыз. Әрбір жақсылығы үшін әрдайым шүкіршілік білдіріңіз. Сондай-ақ Ехобаның “біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алатынын” ешқашан ұмытпаңыз (Ефестіктерге 3:20).
(Філіпіліктерге 4:7) Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды.
“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”
7 Філіпідегі бауырластар Пауылдың хатын оқығанда, ойларына не келді? Бәлкім, олардың көбісі Пауыл мен Сыйластың оқиғасын және Ехобаның оларға ешкім күтпегендей көмектескенін еске түсірген шығар. Хатында Пауыл оларды не нәрсеге үйреткісі келді? Ол: “Еш уайымдамаңдар. Дұға айтыңдар, сонда “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” ие боласыңдар”,— дегісі келді. Бұл тіркес нені білдіреді? Киелі кітаптың кейбір аудармаларында бұл тіркес “армандағанымыздан да асып түсетін тыныштық” не “адамдардың бар жоспарынан да үстем түсетін тыныштық” делінген. Осылайша Пауыл “Құдайдың тыныштығы” біз ойлағаннан әлдеқайда күшті дегісі келген. Кейде басымызға түскен қиыншылықтардың шешімін білмесек те, Ехоба біледі. Сөйтіп, біз күтпеген нәрсені істей алады (Петірдің 2-хаты 2:9 оқыңыз).
“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”
16 “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” кенелгенде не болады? Киелі кітапта айтылғандай, ол біздің жүрегіміз бен ой-санамызды “сақтайды” (Філіпіліктерге 4:7). Бұл жерде “сақтайды” деп аударылған сөз түпнұсқа тілде әскерде қолданылатын сөз болған. Бұл сөз қаланы қорғауға міндеттелген жауынгерлер тобына нұсқайтын. Філіпі қаласының тұрғындары осындай топтың қорғанышында болған. Қаланың қорғаулы екенін білгендіктен, олардың ұйқылары тыныш еді. Сол іспетті, бізде де “Құдайдың тыныштығы” болса, мазасыз күй кешпейміз әрі жүрегіміз бен ой-санамыз да тыным табады. Өйткені Ехобаның бізді қамқорлайтынын және бақытты өмір сүргенімізді қалайтынын білеміз (Петірдің 1-хаты 5:10). Ал бұл уайымның не жаман сезімдердің еңсемізді басып тастауынан сақтайды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Філіпіліктерге 2:17) Сенімдерің арқылы атқарып жатқан қасиетті қызметтерің құрбандық іспетті. Ал мен сол құрбандықтың үстіне құйылатын сұйық тарту сияқты төгіліп жатсам да, бәріңмен бірге қуанып шаттанамын.
it-2 528-б., 5-абз.
Тартулар
Сұйық тартулар. Сұйық тартулар құрбандықтардың басым көпшілігімен бірге ұсынылатын. Бұл тарту әсіресе исраилдіктер Уәде етілген жерге қоныстанғаннан кейін ұсынылатын болды (М4ж 15:2, 5, 8—10). Сұйық тарту ретінде құрбандық ошағына шарап (“ішімдік”) құйылатын (М4ж 28:7, 14; М2ж 30:9 салыстырыңыз; М4ж 15:10). Елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге: “Сенімдерің арқылы атқарып жатқан қасиетті қызметтерің құрбандық іспетті. Ал мен сол құрбандықтың үстіне құйылатын сұйық тарту сияқты төгіліп жатсам да,.. шаттанамын”,— деп жазды. Елші Пауыл бауырластары үшін аянбай қызмет етуге дайын екенін көрсету үшін өзін сұйық тартуға теңеген (Фп 2:17). Өліміне аз уақыт қалғанда Пауыл Тімөтеге былай жазды: “Мен қазірдің өзінде сұйық тарту сияқты құйылып жатырмын, Мәсіхпен бірге болу үшін өлетін уақытым жақын қалды” (Т2х 4:6).
(Філіпіліктерге 3:11) сондай-ақ өлімнен бірінші болып қайта тірілетіндердің арасында болу мүмкін болса, соған ұмтылу.
‘Алғашқы қайта тірілу’ қазір болып жатыр!
5 Екіншіден, ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ майланған мүшелері көкте ұлылыққа бөленген Иеміз Иса Мәсіхке қосылулары керек. Сөйтіп, онда ‘мәңгі-бақи Иемізбен бірге болады’ (Ғалаттықтарға 6:16; Салониқалықтарға 1-хат 4:17). Бұл ‘алғашқы қайта тірілу’ деп аталады (Аян 20:6). Осы қайта тірілу аяқталғаннан кейін, жердегі Жұмақта мәңгі бақи өмір сүруге үміті бар миллиондаған адамдар қайта тірілетін уақыт болады. Олай болса, көкте не жерде өмір сүруге үміттенсек те, бізді ‘алғашқы қайта тірілу’ қатты қызықтырады. Бұл қандай қайта тірілу? Ол қашан болады?
Киелі кітапты оқу
(Філіпіліктерге 4:10—23) Тағы да менің қамымды ойлай бастағандарыңа Иеміздің қызметшісі ретінде қатты қуанамын. Сендер бұрын да менің қамымды ойлағансыңдар, бірақ мұны көрсетуге мүмкіндіктерің болмады. 11 Бұны мұқтаждық көргендіктен айтып тұрған жоқпын, мен қандай жағдайда болмайын қолда барға қанағат етуді үйрендім. 12 Мен жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүрудің не екенін білемін. Барлық жағынан әрі барлық жағдайда тоқ жүрудің не аш жүрудің, молшылықта не мұқтаждық көріп өмір сүрудің құпиясын біліп алдым. 13 Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын. 14 Сөйтсе де қиын шақта маған көмектесіп, жақсы істедіңдер. 15 Філіпіліктер, мынаны да білесіңдер: сендер ізгі хабарды алғаш естігеннен кейін, мен Македония өлкесінен кеткенімде, өздеріңнен басқа ешбір қауым маған көмектеспеді, көмегімді де қабылдамады. 16 Салоникада болған кезімде де сендер маған екі рет қажетімді жібердіңдер. 17 Жоқ, сендерден сый-тарту дәметіп отырған жоқпын, қайта, игі істерің көбейіп, молынан пайда көргендеріңді қалаймын. 18 Менде керегімнің бәрі бар, тіпті жетіп артылады. Енді ештеңеге мұқтаж емеспін, өйткені Епафродит арқылы жібергендеріңді алдым. Олар хош иісті, Құдайға ұнамды әрі жағымды құрбандық іспетті. 19 Ал зор байлықтың иесі — менің Құдайым болса Мәсіх Иса арқылы сендердің қажеттеріңнің бәрін толықтай қамтамасыз етеді. 20 Құдай Әкеміз мәңгі бақи даңқтала берсін! Аумин. 21 Мәсіх Исамен байланыстағы қасиеттілердің бәріне менен сәлем айтыңдар. Қасымдағы бауырластар да сендерге сәлем жолдауда. 22 Барлық қасиеттілер, әсіресе патша сарайындағылар, сәлем айтып жатыр. 23 Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы жақсы рух танытып жүрген сендермен бола берсін!