Ехобаның сөзі тірі
Заңды қайталау кітабының көңіл бұрарлық тұстары
Б.З. Б. 1473 жыл. Ехоба исраилдіктерді Мысырдың құлдығынан босатқалы қырық жыл өтті. Сол уақыттан бері шөл даланы кезіп жүрген исраилдіктер әлі меншікті жерге ие болған жоқ. Енді, міне, уәде етілген жердің табалдырығында тұр. Оларды алда не күтіп тұр? Қандай қиындықтармен кезікпек және оларды қалай жеңіп шыға алады?
Қанахан жеріне кіру үшін Иордан өзенінен өтпес бұрын Мұса исраилдіктерді алда күтіп тұрған үлкен тапсырмаға дайындауда. Қалай? Ол халыққа арнап жігерлендіретін, сонымен бірге үндеу, өсиет және ескертуден құралған бірнеше баяндама айтады. Ол шын берілуге Ехоба Құдай ғана лайықты екенін және көрші халықтарға еліктемеу керек екенін исраилдіктердің естеріне салды. Заңды қайталау кітабының басым бөлігі осы баяндамалардан құралған. Бүгінде біз тап осындай кеңестерді қажет етеміз, себебі біз де Ехобаға шын берілгендік сақтау қиын болып табылатын дүниеде өмір сүрудеміз (Еврейлерге 4:12).
Соңғы бөлігін санамағанда, Мұса жазған Заңды қайталау кітабы бар болғаны екі айдан сәл ғана асатын азғантай уақытты қамтидыa (Заңды қайталау 1:3; Ешуа 4:19). Қалай онда айтылған нәрселер Ехобаны бар жүрегімізден сүйіп, оған адал қызмет етуге көмектесе алатынын қарастырайық.
‘КӨЗІҢМЕН КӨРГЕН ІСТЕРДІ ҰМЫТЫП КЕТПЕ’
Алғашқы баяндамасында Мұса шөл далада болған оқиғаларды, әсіресе Уәде етілген жерді иемденгелі тұрған исраилдіктерге көмегі тиетін оқиғаларды, егжей-тегжейлі айтып береді. Билердің тағайындалғандары туралы сөздері Ехоба халқын сүйіспеншілікпен ұйымдастыратынын олардың естеріне салса керек. Мұса сонымен қатар он барлаушының бұрмаланған жағымсыз хабарының кесірінен алдыңғы ұрпақтың уәде етілген жерге кіре алмай қалғанын айтады. Енді сол жер көз алдарында тұрғанда, Мұсаның ескертулерінің халыққа қалай әсер еткені туралы ойлап көрші.
Иорданның арғы бетін жаулап алуға дайын болғандықтан, өзеннен өтпес бұрын Мұсаның Ехоба берген жеңістерді естеріне салғаны исраилдіктерге батылдық беру керек еді. Олар жаулап алу үшін келіп тұрған жер пұтқа табынушылыққа әбден батқан еді. Мұсаның пұтқа табынуға қатысты нықтап айтқан ескертуі қандай орынды!
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:4—6, 9, 19, 24, 31—35; 3:1—6 — Неге исраилдіктер Иорданның шығыс жағындағы кейбір халықтарды жойған, ал басқаларына тимеген? Ехоба исраилдіктерге Есаудың ұрпақтарымен соғыспаңдар деп бұйырған. Неге? Себебі Есау Жақыптың ағасы болған. Исраилдіктер моабтықтар мен аммондықтарға қырғи-қабақ болып немесе соғыс ашпаулары керек еді, себебі олар Ыбырайымның немере інісі Луттың ұрпақтары болатын. Бірақ аморлықтардың Сигон және Ог патшаларының исраилдіктермен туыстық қатынасы болмағандықтан, өздері иелік етіп отырған жерде қалуға құқылары жоқ еді. Сондықтан Сигон исраилдіктерді өз жерінен өткізбей қойғанда, ал Ог оларға қарсы соғыс ашқанда, Ехоба исраилдіктерге олардың қалаларын талқандап, онда тірі жан қалдырмауын бұйырды.
4:15—20, 23, 24 — Мүсін жасауға тыйым салынғаны сән үшін біреудің немесе бір нәрсенің бейнесін жасау да дұрыс емес болып есептеле ме? Жоқ. Бұл жерде бейнелерді ғибадат ету, яғни оларға табынып, қызмет ету мақсатымен жасауға тыйым салынған. Жазбаларда сән үшін мүсіндер жасауға немесе сурет салуға тыйым салынбайды (3 Патшалықтар 7:18, 25).
Біз үшін сабақ:
1:2, 19. Исраил халқы Сейір тауы арқылы өтетін он бір күнде ғана жүріп өтуге болатын жолды Хориб [исраилдіктерге Он өсиет берілген Синай тауының төңірегіндегі таулы аймақ] пен Қадештің аралығында шөл даланы отыз сегіз жыл бойы кезіп жүрді. Ехоба Құдайға бағынбаудың нәтижесі қандай ауыр! (Руларды санау 14:26—34).
1:16, 17. Құдайдың әділеттікке қатысты талаптары бүгінде өзгерген жоқ. Құқық комитетінде қызмет атқару міндеті жүктелген кісілер бет-жүзге қарау мен адам алдындағы қорқыныштың шешім қабылдауларына әсер етуіне жол бермеулері керек.
4:9. Исраилдіктер жетістікке жетулері үшін ‘көздерімен көрген істерді ұмытып кетпеулері’ маңызды еді. Уәде етілген жаңа дүние жақындап қалғандықтан, біздің де Ехобаның Сөзін мұқият зерттеу арқылы бар ойымызды оның керемет істеріне жұмылдырғанымыз маңызды.
ЕХОБАНЫ СҮЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨСИЕТТЕРІНЕ ҚҰЛАҚ АС
Мұса екінші баяндамасында Синай тауының жанында Заңды қалай алғандары жайында айтады да, Он өсиетті қайталап шығады. Жеті халық түп-тамырымен жойылуға тиіс. Ол шөл далада көздері жеткен маңызды сабақты Исраил халқының есіне салады: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”. Енді жаңа жағдайда өмір сүргенде де, олар ‘өсиеттердің барлығын ұстанулары’ керек (Заңды қайталау 8:3; 11:8).
Уәде етілген жерге келгенде, исраилдіктерге ғибадат етуге ғана емес, сонымен қатар сот ісін жүргізуге, халық басқаруға, соғыс жүргізуге, қоғамдық және жеке өмірді де қамтитын заң қажет болады. Мұса осы заңдардың бәрін айта келе, Ехобаны сүйіп, оның өсиеттеріне бағыну керек екеніне ерекше назар аударады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
8:3, 4 — Қалайша шөл даланы кезіп жүргенде, исраилдіктердің киімдері тозбаған және аяқтары ісінбеген? Бұл да маннаның күнде жерге түсіп тұрғаны сияқты Ехобаның жасаған кереметі болатын. Исраилдіктер шөл даланы кезуді бастамай тұрғанда үстерінде болған киімдері мен аяқ киімдерімен жүрген. Балалар өсіп, үлкендер өліп жататындықтан, олар киімдерін өзара ауысып киіп отырған болса керек. Шөл даланы кезулері басталған кездері мен аяқталған кезіндегі жасалған санаққа қарағанда, исраилдіктердің саны осы уақыт аралығында өзгермеген, сондықтан олардың бастапқыдағы киімдері жеткілікті болған (Руларды санау 2:32; 26:51).
14:21 — Неге исраилдіктер өздеріне жеуге болмайтын арам өлген малдың етін жат жерлік адамдарға берген немесе сатқан? Киелі кітапта “жат жерлік кірме” деген сөз исраилдік емес, бірақ яһуди дініне кірген немесе жергілікті негізгі заңдарға бағынғанымен, Ехобаның қызметшісі болмаған келімсектерге қатысты айтылған. Яһуди дініне кірмеген жат жерлік адам Таурат заңының билігінде болмаған, сондықтан арам өлген малдың етін әрқалай қолдана берген. Исраилдіктердің оларға мұндай малды беруіне немесе сатуына рұқсат етілген. Бірақ яһуди дініне кірген адам Таурат заңына бағынышты болған. Леуіліктер 17:10-ға сәйкес, мұндай адамдарға арам өлген малдың етін жеуге тыйым салынған.
24:6 — Неге кепілдікке қол ‘диірменнің үстіңгі және астыңғы тасын алу’ “жанды” алғанмен тең болған? Қол диірменнің тасы адамның ‘жанын’, немесе оның күн көріп отырған нәрсесін, білдірген. Олардың біреуін алу бүкіл отбасын күнделікті талшық етіп отырған нанынан айырғанмен тең болар еді.
25:9 — Бауырының артында қалған жесіріне үйленуден бас тартқан адамның етігін шешіп алып, бетіне түкіру нені білдірген? ‘Ежелгі заманда Исраилде мынадай дәстүр болатын: егер біреу борышын басқа біреуге аударса, аяқ киімін шешіп алып, сол адамға беруге тиісті еді’ (Рут 4:7). Сондықтан бауырының артында қалған жесіріне үйленуден бас тартқан адамның етігін шешіп алу оның өз жолынан және қайтыс болған бауырының ұрпағын жалғастыру құқынан бас тартқанының дәлелі болып есептелген. Бұл масқара іс болып саналған (Заңды қайталау 25:10). Оның бетіне түкіру қорлаудың белгісі болған (Руларды санау 12:14).
Біз үшін сабақ:
6:6—9. Исраилдіктер сияқты біз де Құдайдың заңдарын жақсы біліп, оны әрқашан жадымыздан шығармауымыз керек және оны балаларымыздың саналарына құйып отыруымыз керек. ‘Оларды белгі ретінде қолымызға байлап алуымыз’ керек. Қолымыз Ехобаға бағынатынымызды көрсететін істерімізді бейнелейді. Оның үстіне, ‘көз алдарында’ тұрғандай, Ехобаға бағынатынымызды елдің бәрі көру керек.
6:16. Адалдығын сақтамаған исраилдіктердің судың тапшылығына шағымданып, Масада күңкіл шығарғандары сияқты біз Ехобаны ешқашан сынамайық (Мысырдан шығу 17:1—7).
8:11—18. Дүниеқорлық Ехобаны ұмыттырып жіберуі мүмкін.
9:4—6. Өзімізді әділетті санап, паңданудан аулақ болуға тиіспіз.
13:6. Біз ешкімнің де өзімізді Ехобаның жолынан тайдыруына жол бермеуіміз керек.
14:1. Мүшені зақымдау адам тәнін сыйламайтынымызды көрсетеді, мұндай іс жалған дінмен байланысты болуы мүмкін, сондықтан ондайдан аулақ болуымыз керек (3 Патшалықтар 18:25—28). Қайта тірілуге деген үмітіміз бар болғандықтан, біреудің өліміне қайғырудың белгісі ретінде мұндай әрекетке барғанымыз жөнсіз болып табылады.
20:5—7; 24:5. Істеліну керек іс қаншалықты маңызды болса да, қажет кезде басқа адамның жағдайын ескерген дұрыс.
22:23—27. Зорлау қаупі төнген кезде, әйелдің ең тиімді қорғану тәсілінің бірі, оның жан даусымен айқайлағаны болып табылады.
“ӨМІРДІ ТАҢДА”
Үшінші баяндамасында Мұса Иорданнан өткен соң, исраилдіктер Таурат заңын үлкен тасқа жазулары және Ехобаға бағынғандарға бата, бағынбағандарға қарғыс жариялану керек екенін айтты. Төртінші баяндамасын Мұса Ехобаның Исраилмен жасаған келісімін жаңартудан бастады. Ол бағынбаушылықтың болмауын тағы да ескертіп, халықты ‘өмірді таңдауға’ шақырды (Заңды қайталау 30:19).
Баяндамаларын аяқтай келе, Мұса басшылықтағы өзгерістерді айтады және исраилдіктерге Ехобаны мадақтайтын және адалдық сақтамаудың салдары қандай қайғылы болатыны туралы ескерту жырланатын керемет ән үйретеді. Руларға батасын берген соң, жүз жиырма жасқа келген Мұса қайтыс болып, жерленеді. Оны жоқтау күндері отыз күнге созылады. Бұл Заңды қайталау кітабы қамтитын уақыттың шамамен жартысын алады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
32:13, 14 — Исраилдіктерге малдың ешқандай майын жеуге болмағандықтан, олар ‘қойлардың майын’ жеген деп қай мағынада айтылған? Мұнда бейнелі тіл қолданылған және ол отардағы ең күйлі қойларды білдіреді. Бұл жерде бейнелі тілдің қолданғанын осы тармақтағы ‘майлы бидай’ және ‘жүзімнің қаны’ деген сөздерден де көруге болады.
33:1—29 — Мұса Исраил ұлдарына батасын бергенде, Шимонның аты неге аталмай кеткен? Себебі Шимон Леуі екеуі “мейірімсіз” әрекет еткен және олардың ашу-ызасы “жауыз” болған (Жаратылыс 34:13—31; 49:5—7). Олардың меншікке алатын жерлері басқа рулардікіндей болмаған. Леуінің үлесіне 48 қала тиген, ал Шимонның жері Яһуданың жерінің ішінде болды (Ешуа 19:9; 21:41, 42). Сондықтан Мұса бата бергенде, Шимонды арнайы атаған жоқ. Алайда Мұса Исраилге жалпы бата бергенде, оның арасында Шимон да болған.
Біз үшін сабақ:
31:12. Қауымда балалар үлкендермен бірге отырып, бағдарламаға құлақ түріп, үйренуге тырысулары керек.
32:4. Ехоба әділдік, даналық, сүйіспеншілік және күшін керемет үйлесімді етіп көрсететіндіктен, оның істерінің бәрі кемелді.
Заңды қайталау кітабының біз үшін маңызы зор
Заңды қайталау кітабы Ехобаны “жалғыз Ехоба” ретінде таныстырады (Заңды қайталау 6:4, ЖД). Бұл кітапта Құдаймен ерекше қарым-қатынаста болған халық жайлы айтылады. Заңды қайталау кітабында сонымен бірге пұтқа табынбау жайлы ескерту жазылған және тек шынайы Құдайға шын берілгендік сақтау керек екеніне ерекше назар аударылады.
Заңды қайталау кітабының біз үшін маңызы зор екенінде шек жоқ! Таурат заңына бағынышты болмағанымызбен, біз одан ‘Тәңірді, Құдайымызды, шын жүрегімізбен, жан-тәнімізбен және бар күшімізбен сүюге’ көмектесетін көп нәрсеге үйрене аламыз (Заңды қайталау 6:5).
[Сілтеме]
a Мұсаның өлімі жайында жазылған соңғы тарауды Ешуа немесе бас діни қызметкер Елезар жазған болуы мүмкін.
[30-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Заңды қайталау кітабының басым бөлігі Мұсаның баяндамаларынан құралған
СЕЙІР
Қадеш
Синай (Хориб) тауы.
Қызыл теңіз
[Түпдерек]
Based on maps copyrighted by Pictorial Archive (Near Eastern History) Est. and Survey of Israel
[32-беттегі сурет]
Ехобаның маннамен қамтамасыз етіп тұрғанынан не нәрсеге үйренеміз?
[32-беттегі сурет]
Қол диірменнің тасын кепілдікке алу “жанды” алғанмен бірдей болған