Ехобаның батасы үшін жан сала күрес
“Өзін іздегендерді... Құдай жарылқайды” (ЕВР. 11:6).
1, 2. а) Бүгінде көп адам қалай Құдайдан бата тілейді? ә) Неге біз Ехобаның батасына мұқтажбыз?
ЖИІ адамдар өздеріне жақсылық жасағандарға: “Құдай тілеуіңді берсін”, “Құдайдан қайтсын”,— деп, алғыс білдіреді. Кейбіреулер Құдайдың жарылқауына ие болу үшін арнайы діни орындарға сапар шегеді. Ал дінбасылары адамдарға, тіпті жануарлар мен жансыз заттарға баталарын беріп жатады. Билік басындағылар да халқына игі тілектер айтып, Құдайдан бата сұрайды. Бұл өтініштер орынды ма? Олар Құдайдың құлағына шалына ма? Құдайдың батасына, шын мәнінде, кім ие болады және неге бұлай дейміз?
2 Ехоба соңғы күндері барлық ұлттан шыққан таза да бейбіт халық жинайтынын пайғамбарлық етті. Олар жұрттың жеккөрініші мен қарсылығына қарамастан, Патшалық туралы ізгі хабарды күллі әлемге уағыздау керек еді (Ишая 2:2—4; Мат. 24:14; Аян 7:9, 14). Біз мойнымызға осындай жауапкершілік алғандықтан, Құдайдың қолдауына ие болғымыз келеді әрі соған мұқтажбыз да. Өйткені Құдай батасын бермесе, ісіміздің өрге басуы екіталай (Заб. 126:1). Ендеше Құдайдың батасын алу үшін не істеу қажет?
Мойынсұнатындар молынан жарылқанады
3. Құдайға мойынсұнған жағдайда, исраилдіктерді қандай өмір күтіп тұрды?
3 Нақыл сөздер 10:6, 7 оқы. Исраил халқы Уәде етілген жерге кірмес бұрын, Ехоба оларға ескерту айтқан болатын. Бейбіт өмір сүріп, өркендеу үшін, олар әрдайым мойынсұну керек еді (Заң. қ. 28:1, 2). Ал Ехоба оларға батасын көл-көсір етіп беруді уәде етті. Мойынсұнушылық танытқандар оның жарылқауына ие болғаны шүбәсіз.
4. Шын мойынсұнуға не жатады?
4 Исраилдіктер қалай мойынсұну керек еді? Заңда айтылғандай, “жүректері шаттық пен қуанышқа” толы болмаса, Ехоба олардың атқарған қызметіне көңілі толмас еді (Заң. қ. 28:45—47). Ехобаға амал жоқтан мойынсұну оған лайықты құрмет көрсетуге жатпайды. Расында да, мұндай жағдайда жануарлар мен жындардан еш айырмашылығымыз болмас еді (Мар. 1:27; Жақ. 3:3). Шын жүректен мойынсұнуға сүйіспеншілік талпындыру керек. Біз Құдайдың өсиеттері ауыртпалық әкелмейтініне және өзін іздегендерді жарылқайтынына сеніп, қуаныш сезінгендіктен мойынсұнамыз (Евр. 11:6; Жох. 1-х. 5:3).
5. Ехобаның уәдесіне сенген исраилдіктер Заңды қайталау 15:7, 8-дегі өсиетті қалай орындаған?
5 Ежелде исраилдіктер Заңды қайталау 15:7, 8-дегі (оқыa) өсиетке сеніммен мойынсұну керек болған. Олардың бұл өсиетті амал жоқтан орындағаны мұқтаж адамға қандай да бір көмегін тигізгенімен, бір-бірімен біте қайнасып, тату-тәтті өмір сүруіне ықпал етер ме еді? Бұдан да маңыздысы, Ехобаның қамқорлық көрсететініне сенетіндерін және оның жомарттығын үлгі еткісі келетіндерін көрсетер ме еді? Әлбетте, жоқ! Ехоба кеңпейілділік танытқандардың игі ниетін назарынан тыс қалдырмаған және олардың барлық ісін жарылқауды уәде еткен (Заң. қ. 15:10). Осы уәдеге сенім артқан адам өсиетке даярлықпен мойынсұнып, нәтижесінде мол батаға кенелген (Нақ. с. 28:20).
6. Еврейлерге 11:6-дағы сөздер бізге қандай сенімділік береді?
6 Батаға кенелу үшін, Ехобаның бізді жарылқайтынына сенімді болумен қатар, тағы бір нәрсе қажет. Еврейлерге 11:6-да Ехобаның “өзін іздегендерге” батасын беретіні айтылған. Түпнұсқа тілінде бұл сөз бір істі жан-тәнімен атқаруды білдіреді. Осылай күш салған адамды Ехобаның молынан жарылқайтыны шүбәсіз! Өйткені ол — “жалған сөйлемейтін Құдай” (Тит. 1:2). Уәдесіне берік екенін Ехоба тарих бойы дәлелдеп келді. Оның Сөзі ешқашан нәтижесіз оралмайды (Ишая 55:11). Иә, Ехобаның уәдесіне шын сенетін болсақ, жарылқауына ие болатынымыз сөзсіз.
7. Ыбырайымның “ұрпағы” арқылы жарылқану үшін не істеу қажет?
7 Ехоба барлық ұлттарды Ыбырайымның “ұрпағы” арқылы жарылқауды уәде еткен. Иса Мәсіх осы “ұрпақтың” басты бөлігі болып табылады. Ал майланған мәсіхшілер оның екінші бөлігін құрайды. Оларға “өздерін қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңірдің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялау” тапсырылған (Ғал. 3:7—9, 14, 16, 26—29; Пет. 1-х. 2:9). Сондықтан Исаның меншігіне қараушы етіп тағайындалған адамдарды мойындамасақ, Ехобамен жақсы қарым-қатынаста бола алмаймыз. “Адал да ақылды құл” көмек көрсетпегенде, Құдай Сөзінен оқығанымызды дұрыс түсініп, қалай қолдану керектігін білуіміз екіталай еді (Мат. 24:45—47 ЖД). Жазбалардан білгенімізді іс жүзінде қолдансақ, Құдайдың жарылқауына ие боламыз.
Құдайдың еркін назарда ұста
8, 9. Қалай рубасы Жақып Ехобаның уәдесіне сай әрекет етті?
8 Ехобаның батасы үшін күрескен рубасы Жақыптың үлгісін қарастырайық. Ол Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесінің дәл қалай орындалатынын білмесе де, оның үрім-бұтағының көбейіп, ұлы халық құрайтынына сенді. Сондықтан б. з. б. 1781 жылы өзіне жар іздеп, Харанға аттанды. Оның бар ойы тартымды да келбетті қыз табу емес еді. Жақып балаларына жақсы ана болатын әрі Ехобаға жан-тәнімен қызмет ететін жар іздеді.
9 Өзіміз білетіндей, Жақып туысқаны Рахиланы кездестірді. Оны ұнатып қалғандықтан әкесі Лабанға жеті жыл қызмет етті. Бұл — жай ғана ғашықтар жайлы әңгіме емес. Жақып құдіреті шексіз Құдайдың атасы Ыбырайымға, кейіннен әкесі Ысқаққа берген уәдесін ойда тұтқан (Жар. 18:18; 22:17, 18; 26:3—5, 24, 25). Бұл уәдені әкесі де қайталап: “Құдіреті күшті Құдай сені жарылқап, ұрпақты етіп, сенен бір топ ұлттарды таратсын! Құдайдың Ыбырайымға берген батасы саған да, ұрпағыңа да қонсын; бір кезде Құдай Ыбырайымға уәде етіп сыйлаған, қазір сен жат жерлік ретінде тұрып жатқан осы жер ұрпағыңның иелігіне айналсын!”— деген еді (Жар. 28:3, 4). Жақыптың лайықты жар тауып, ұрпақ қалдыруды ойлағаны Ехобаның уәдесіне сенім артқанын көрсетеді.
10. Неге Ехоба Жақыпқа разы болып, батасын берді?
10 Иә, Жақып мал-мүлік жинап, баюға ұмтылмады. Ол бар назарын Ехобаның уәдесіне аударып, оның еркін орындауды ойлады. Құдайдың батасына ие болу үшін ол қолынан келгеннің бәрін істеп, қиындықтарға төтеп берді. Жақып өле-өлгенше осы рухын жоғалтпады, ал Ехоба оны молынан жарылқады (Жаратылыс 32:24—29 оқы).
11. Ехобаның ашылып жатқан еркіне сай қалай әрекет етуіміз керек?
11 Жақып сияқты біз де Ехобаның ниетіне қатысты жайттарды бүге-шігесіне дейін білмеуіміз мүмкін. Десе де Киелі кітапты зерттеу арқылы Ехобаның күні жайлы жалпы түсінікке ие бола аламыз (Пет. 2-х. 3:10, 17). Сол күннің нақты қашан келетіні белгісіз болса да, Жазбалардан оның жақындап қалғанын, сондай-ақ осы қысқа уақытта түбегейлі куәлік беру арқылы өзімізді де, тыңдаушыларымызды да құтқара алатынымызды білеміз (Тім. 1-х. 4:16).
12. Не нәрсеге сенімді бола аламыз?
12 Осы дүниенің ақыры аяқ астынан келеді. Ехоба ізгі хабардың әрбір адамға айтылғанын күтіп жатпайды (Мат. 10:23). Десе де уағыз ісін тиімді атқаруымыз үшін басшылығын беріп отырады. Ал біз, өз кезегімізде, Ехобаға сенім артып, уағыз ісіне қолымыздан келгенше атсалысуымыз керек. Уағыздайтын аумағымыз әрдайым жемісті болады деп күткен дұрыс па? Әрине, мұны алдын ала біле алмаймыз, білуге тырысудың да қажеті жоқ (Екклесиаст 11:5, 6 оқыb). Біз үшін ең маңыздысы — Ехобаның жарылқайтынына сене отырып, уағыз ісін доғармау (Қор. 1-х. 3:6, 7). Ал Ехоба біздің ерен еңбегімізді елеп, киелі рухы арқылы қажетті көмегін береді. Бұған еш күмән жоқ (Заб. 31:8).
Киелі рух сұра
13, 14. Киелі рухтың Құдай қызметшілеріне қажетті қабілет дарыта алатынын қайдан білеміз?
13 Уағыз ісін немесе қандай да бір жауапкершілікті атқара алмаймыз деп ойласақ ше? Мұндайда қабілеттерімізді жетілдіру үшін Ехобадан киелі рух сұрағанымыз жөн (Лұқа 11:13 оқы). Бұрын адамның немен айналысқанына не жағдайының қандай болғанына қарамай, киелі рух қажетті қабілет дарыта алады. Мысалы, құл болып, мал баққан Исраил ұлдары шайқасуды білмесе де, Ехобаның рухы оларға Мысырдан шыққаннан кейін жауларын жеңуге көмектесті (Мыс. ш. 17:8—13). Кейіннен бұл рух Беселиел мен Аһолияпқа да киелі шатырдың әсем бұйымдарын жасауға қабілет дарытты (Мыс. ш. 31:2—6; 35:30—35).
14 Біздің күнімізде де киелі рухтың әсері айқын көрінеді. Құдай ұйымы өз баспаханасын ашуды шешкенде, не болғанын қарастырайық. Баспахананың бақылаушысы Роберт Мартин 1927 жылы болған жайтты хатында былай әңгімелейді: “Иеміз дер кезінде есікті айқара ашты: біздің қолымызға үлкен баспа станогы түсті. Алайда біз оны қалай қолдану керектігін де, қалай құрастырылғанын да білмедік. Алайда Иеміз өзіне жан-тәнімен берілгендерге біліктілік дарыта алады... Баспа станогын бірер аптадан кейін-ақ іске қостық. Ол қазір де жұмыс істеп тұр. Станокты құрастырған мамандардың өздері оның нендей жұмыстарды атқаратынын көріп таңғалар”. Ехоба қызметшілерінің ерен еңбегін біздің күнімізде де жарылқайтыны анық.
15. Римдіктерге 8:11-дегі сөздер азғыруға кезіккен мәсіхшіні қалай жігерлендіреді?
15 Ехобаның рухы әртүрлі жолдармен әсер етеді. Құдай қызметшілерінің бәрі де оның көмегіне ие болып, таудай кедергілерді жеңе алады. Мысалы, бір нәрсеге азғырылған жағдайда, не істеуге болады? Пауылдың Римдіктерге 7:21, 25 және 8:11-дегі сөздеріне назар аударайық. Бізге “Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілткен Құдайдың Киелі Рухы” күш беріп, тән құмарлықтарын жеңуге көмектесе алады. Бұл сөздер негізінен майланған мәсіхшілерге арналғанмен, Құдай қызметшілерінің барлығына да қатысы бар. Мәсіхке сену, күнәкар құмарлықтарға қарсы тұру және рухтың басшылығына мойынсұну арқылы барлығымыз да мәңгі өмірге жете аламыз.
16. Құдай рухына ие болу үшін не істеуіміз керек?
16 Өз тарапымыздан ешқандай күш салмасақ, Құдай бізге рухын бере ме? Жоқ. Оны дұғада сұраумен қатар, рухтың жетелеуімен жазылған Сөзіне мұқият ден қоюымыз керек (Нақ. с. 2:1—6). Ехоба киелі рухын мәсіхшілер қауымы арқылы да береді. Сондықтан кездесулерге үнемі барып, “Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдауға” дайын екенімізді көрсетейік (Аян 3:6). Сондай-ақ білгенімізді өмірде қолданғанымыз маңызды. Нақыл сөздер 1:23-те: “Менің тәрбиеме құлақ түріңдер! Сонда сендерге рухымды молынан төгемін”,— делінген. Расында да, Ехоба “Киелі Рухын Өзіне бойсұнғандарға” береді (Ел. іс. 5:32).
17. Ехобаның еңбегіміз үшін берген батасын немен салыстыруға болады?
17 Әрине, Құдайдың батасын алу үшін көп күш салу қажет. Алайда оның көл-көсір батасына біз өз еңбегіміздің арқасында ғана кенелмейміз. Мұны нәрлі тамақ жеумен салыстыруға болады. Ехоба бізді тамақ ішкенде рақат алып, пайдалы дәрумендерді бойға сіңіретіндей етіп жаратты. Ол азықты да өзі беріп отырады. Көпшілігіміз тамақтың бойымызға қалай сіңіп, қуат дарытатынын білмейміз. Бұл процесс өздігінен жүріп жатады, ал біз оған тамақ жеу арқылы ғана үлес қосамыз. Ал ішкен асымыз нәрлі болса, оның ағзаға әкелер пайдасы да көп болады. Осы мысалдағыдай мәңгі өмірге жету үшін Ехоба бізге талаптар қойып, сол талаптарды орындауға өзі жәрдемдеседі. Оның қосатын үлесі әлдеқайда көп, сондықтан ол мадаққа әбден лайық. Алайда Құдайдың батасына ие болу үшін еркіне сай әрекет етіп, өз үлесімізді қосқанымыз дұрыс (Нағ. 2:18, 19).
18. Не нәрсеге бел будың және неге?
18 Олай болса, қандай тапсырма алсаң да, оны жан-тәніңмен атқаруға тырыс. Ехобаға әрдайым арқа сүйе (Мар. 11:23, 24). Осылай етсең, “іздей берген табады” дегенге көзің жетеді (Мат. 7:8). Майланған мәсіхшілерге Құдай көктегі “шынайы өмірдің тәжін” беріп жарылқайтын болады (Жақ. 1:12). Ал Ыбырайымның ұрпағы арқылы жарылқану үшін күш салып жүрген “басқа қойлар” болса Исаның мына сөздерін естіп, қуанады: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!” (Жох. 10:16; Мат. 25:34). Иә, Иеміз жарылқағандар “жерді мұралайды... Өмір бақи оны мекен етеді” (Заб. 36:22, 29).
[Сілтемелер]
a Заңды қайталау 15:7, 8: “Жаратушы Ие, өз Құдайың саған беретін өз иелігіңдегі жерде, өзіңнің мекен-жайларыңның бірінде, өз бауырларыңның арасынан әлдебір тақыр кедей саған келіп паналаса, онда өз жүрегіңе қаталдық сезімін енгізбе және өзіңнің кедей бауырыңның алдында сараңдық жасама. Алайда оған өз алақаныңды аш және ол неге зәру екенін біліп ал да, соның зәрулігіне орай, оған қарыз бер”.
b Екклесиаст 11:5, 6: “Желдің қалай қарай соғатындығын және екіқабат әйелдің құрсағындағы нәресте сүйектерінің қалай қатаятынын білмейтінің секілді, барлығын да бір өзі жасайтын Құдайдың не істейтіндігін болжап біле алмайсың. Өз тұқымыңды ертеңгісін себетін бол, әрі кешкісін де қолға тыным таптырма, өйткені сен бастапқысы ма, не келесісі ме, алғашқысы ма, қайсысының дұрыс болатындығын немесе бастапқысы ма және келесісі ме бірдей жақсы болатындығын білмейсің”.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Шын мойынсұнуға не жатады?
• Құдайдың батасына ие болу үшін не қажет?
• Құдайдың киелі рухына кенелу үшін не істеуіміз керек және ол бізге қалай көмектесе алады?
[9-беттегі суреттер]
Жақып Ехобаның батасын алу үшін періштемен күрескен.
Сен де жан сала күресіп жүрсің бе?
[10-беттегі сурет]
Құдайдың киелі рухы Беселиел мен Аһолияпқа ерекше қабілет дарытты