Ехобаның сөзі тірі.
Патшалықтар туралы 1-жазбадағы көңіл бұрарлық ойлар
Б.З. Б. 1117 жыл. Ешуа Уәде етілген жерді жаулап алғаннан бері, 300 жылға жуық уақыт өтті. Исраил ақсақалдары Ехобаның пайғамбарына бір ерекше өтінішпен келіп тұр. Пайғамбар бұған қатысты дұға етеді де, Ехоба олардың өтініштерін қанағаттандырады. Осы оқиғамен билердің кезеңі аяқталып, Исраил елінде адам баласы патшалық ететін дәуір басталады. Патшалықтар туралы 1-жазбада Исраил халқының тарихындағы сол елеулі өзгерістің кезінде болған әсерлі оқиғалар орын алған.
Самуил, Натан және Ғад жазған бұл жазба б. з. б. 1180 жыл мен б. з. б. 1078 жылдар аралығындағы 102 жылды қамтиды (Шежірелер 1-жазба 29:29). Онда исраилді басқарған төрт адам жөнінде баяндалады. Олардың екеуі би болса, екеуі патша; екеуі Ехобаға бағынады, ал екеуі бағынбайды. Сондай-ақ үлгі боларлық екі әйелмен және өжет, бірақ жұмсақ мінезді жауынгермен танысамыз. Осындай үлгілерден қандай көзқарас пен әрекеттерге еліктеп, қандайынан аулақ болуға қатысты сабақ аламыз. Осылайша Патшалықтар туралы 1-жазбадағы мәлімет ой-қалпымыз бен іс-әрекеттерімізге әсер ете алады (Еврейлерге 4:12).
ЕЛИДІҢ ОРНЫНА САМУИЛДІҢ КЕЛУІ
(Патшалықтар 1-жазба 1:1—7:17)
Сабантой мейрамы өтіп жатты, ал Рамақта тұратын Ханнаның қуанышында шек жоқa. Дұғалары Ехобаның құлағына шалынып, ол ұлды болды. Антын орындау үшін Ханна ұлы Самуилді ‘Жаратқан Иенің киелі үйінде’ қызмет етуге береді. Сол жерде бала ‘діни қызметкер Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететін болып қалды’ (Патшалықтар 1-жазба 1:24; 2:11). Ехоба жас Самуилмен сөйлесіп, Елидің үй ішіне шығарған үкімін жариялайды. Самуил есейгенде бүкіл Исраил оны Ехобаның пайғамбары ретінде мойындайтын болды.
Көп ұзамай філістірлер Исраилмен соғысуға келеді. Олар келісім сандығын қолға түсіріп, Елидің екі ұлын өлтіреді. Бұл хабарды естігенде, “қырық жыл бойы Исраилдің биі болып келген” қартайған Ели де қайтыс болады (Патшалықтар 1-жазба 4:18). Келісім сандығы філістірлер жеріне апат әкеледі де, олар оны исраилдіктерге қайтарып береді. Самуил Исраилдің биі болды да, елге тыныштық орнады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:10 — Неге Ханна Исраилде патша болмаса да, Ехоба “халқының патшасына күш сыйлайд” деп дұға еткен? Исраилдіктерде патша болатыны Мұсаның заңында айтылған болатын (Заңды қайталау 17:14—18). Жақып қайтыс боларда айтқан пайғамбарлығында: “Қолынан оның [Яһуданың] патша таяғын ешкім тартып алмайды”,— деген (Жаратылыс 49:10). Оның үстіне, исраилдіктердің түп анасы Сара туралы Ехоба: “Сарадан халықтардың патшалары да тарайтын болады”,— деп айтқан (Жаратылыс 17:16). Демек, Ханна болашақ патша туралы дұға айтқан.
3:3 — Самуил шын мәнінде ең қасиетті бөлмеде ұйықтаған ба? Жоқ. Самуил діни қызметкер емес, Қахат ұрпағынан тараған леуілік болған (Шежірелер 1-жазба 6:33—38). Сондықтан оған ‘киелі заттарды көруге жақындауға’ тыйым салынған (Руларды санау 4:17—20). Самуил киелі үйдің ауласына ғана кіре алған. Ол сонда тыныққан болса керек. Ели де ауланың бір жерінде ұйықтағанға ұқсайды. “Құдайдың келісім сандығы орналасқан” деп, жалпы киелі шатырға қатысты айтылған болу керек.
7:7—9, 17 — Неге Самуил Миспада түгел өртелетін құрбандық әкеліп, Рамақта құрбандық үстелін орнатты? Құрбандықтар тек Ехоба таңдаған орында шалынып отыру керек еді ғой? (Заңды қайталау 12:4—7, 13, 14; Ешуа 22:19). Келісім сандығын Шилодағы киелі шатырдан алып кеткен соң, бұдан былай Ехобаның сол жерде екенін көрсететін ешбір белгі болмаған. Сондықтан Құдайдың өкілі ретінде Самуил Миспада түгелдей өртелетін құрбандық ұсынды да, Рамақта құрбандық үстелін орнатты. Оның әрекеттерін Ехоба мақұлдағанға ұқсайды.
Біз үшін сабақ:
1:11, 12, 21—23; 2:9. Ханнаның дұға айтуға деген дайындығы, момындығы, Ехобаның қайырымдылығына деген ризашылығы және аналық аяулы сезімі Құдайды қастерлейтін барлық әйелдер үшін үлгі болып табылады.
1:8. Елқананың басқаларды сөзбен нығайтуға қатысты көрсеткен үлгісі қандай тамаша! (Әйүп 16:5). Ол ұнжырғасы түскен Ханнаны айыптамастан, алдымен: “Жүрегің неден жабырқаулы?”— деп сұраған. Осылай ол оны өз сезімдерін ашып айтуға талпындырады. Одан соң Ханнаны: “Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?”— деп, өзінің оны жақсы көретінін айтты.
2:26; 3:5—8, 15, 19. Құдай тапсырған істі бар ынтамызбен орындау, рухани тәлімнің пайдасын көру және ілтипатты болып, өзгені сыйлай білу арқылы біздің Құдайға да, адамдарға да ‘ұнамдылығымыз арта түседі’.
4:3, 4, 10. Тіпті келісім сандығы сияқты қасиетті нәрсенің өзін бізді қорғайтын күші бар зат ретінде қолдануға болмайды. ‘Жалған тәңірлерден сақ болуымыз’ керек! (Жоханның 1-хаты 5:21).
ИСРАИЛДІҢ БІРІНШІ ПАТШАСЫ ХАЛЫҚТЫҢ БАҒЫ МА, СОРЫ МА?
(Патшалықтар 1-жазба 8:1—15:35)
Самуил Құдайға адалдығын сақтап келеді, бірақ оның ұлдары Құдай жолымен жүрмейді. Исраил ақсақалдары өздеріне патша тағайындап беруін талап еткенде, Ехоба келісімін береді. Самуил Ехобаның басшылығы бойынша Буниямин руынан шыққан Саул есімді келбетті жігітті патша етіп тағайындайды. Аммондықтарды талқандап, Саул патшалық билігін нығайтады.
Саулдың Жонатан есімді батыр ұлы філістірлер әскерінің шебін талқандайды. Філістірлер соғысу үшін үлкен әскермен Исраилге келеді. Саул үрейге бой алдырып, нұсқауға бағынбай, түгелдей өртелетін құрбандықты өзі шалады. Қару тасушы нөкерін ғана ертіп, ержүрек Жонатан філістір әскерінің жасақшылар тобына шабуыл жасайды. Алайда Саулдың ойланбай берген антының кесірінен исраилдіктер толық жеңіске жете алмайды. Саул ‘айналасындағы барлық жауларымен соғысады’ (Патшалықтар 1-жазба 14:47). Алайда амалектіктерді жеңіп шыққан соң, Саул Ехобаға бағынбай, ‘түп-тамырымен құрту’ керек нәрселерді сақтап қалады (Леуіліктер 27:28, 29). Ақырында, Ехоба Саулдан патша ретінде бас тартады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
9:9 — “Қазір пайғамбар делінгендер сол заманда Тәңір аян беретін көріпкел деп аталатын” деген сөздерді қалай түсінуге болады? Бұл сөздер Самуилдің кезінде пайғамбарлардың көбірек танымал бола бастағанына және патшалардың кезінде Исраилде “көріпкел” деген сөздің орнына “пайғамбар” сөзін қолдана бастағанына нұсқауы мүмкін. Самуил Исраилдегі бірінші пайғамбар болып есептеледі (Елшілердің істері 3:24).
14:24—32, 44, 45 — Саулдың антын бұзып, балдан жегені үшін Жонатан Құдайдың рақымынан айырылып қалды ма? Жонатан бұл әрекетімен Құдайдың рақымынан айырылғанға ұқсамайды. Ең бастысы, Жонатан әкесінің ант бергенін білген жоқ. Оның үстіне, жалған құлшыныспен немесе патшалық билікті дұрыс түсінбегендіктен берілген бұл ант халықтың жағдайын қиындатып жіберген. Мұндай ант Құдайға ұнамды болушы ма еді? Жонатан антты бұзғаны үшін жазасын тартудан қашқан жоқ, бірақ сарбаздар араша түсіп, оның өмірін алып қалды.
15:6 — Неге Кен тайпасы Саулдың ерекше рақымына ие болды? Кендіктер Мұсаның қайын атасының ұрпағы болған. Олар Синай тауынан әрі қарай қозғалған исраилдіктерге көмектескен (Руларды санау 10:29—32). Олар Қанахан жерінде де біраз уақыт Яһуда руымен бірге тұрған (Билер 1:16). Тіпті кейінірек Амалектің және басқа да халықтардың арасында тұрғанның өзінде кендіктер исраилдіктермен достық қарым-қатынасын сақтап қалған. Сондықтан Саулдың кендіктердің өмірін сақтап қалуға келелі себебі болған.
Біз үшін сабақ:
9:21; 10:22, 27. Саул алғаш таққа отырған кезінде қарапайым әрі момын болған. Сондықтан ол ‘кейбір қара ниеттілердің’ өзін патша ретінде мойындағысы келмегені үшін ойланбай әрекет етуден аулақ болған. Қате әрекет етуден сақтайтын қандай тамаша қасиеттер!
12:20, 21. Адамға, мемлекеттің әскери күшіне үміт арту немесе жалған тәңірлерге табыну сияқты ‘ешқандай пайдасы жоқ’ нәрселердің Ехобаға қызмет етулеріңе кедергі жасауына ешқашан жол бермеңдер.
12:24. Әрдайым Ехобаны қастерлеп, оған шын жүректен қызмет етуге оның ежелгі уақытта және бүгінде өз халқына ‘жасаған зор кереметтерін есте тұту’ көп көмектеседі.
13:10—14; 15:22—25, 30. Бойсұнбаушылықтан немесе менмендіктен көрініп тұратын шектен тыс сенімділіктен аулақ болайық (Нақыл сөздер 11:2).
ПАТША БОЛУҒА ҚОЙШЫ БАЛА ТАҢДАЛДЫ
(Патшалықтар 1-жазба 16:1—31:13)
Самуил болашақ патша ретінде Яһуда руынан шыққан Дәуіттің басына май жағу рәсімін жасады. Одан соң көп ұзамай, сақпанмен ғана қаруланған Дәуіт Ғолият есімді філістірлік алыпты өлтіреді. Дәуіт пен Жонатанның арасында айнымас достық пайда болады. Саул Дәуітті әскербасы етіп тағайындайды. Ол көп жеңіске қол жеткізгендіктен, исраилдік әйелдер: “Саул мыңдаған жауын жеңіп шықты, Ал Дәуіттің жеңгені он мың болды!”— деп ән салады (Патшалықтар 1-жазба 18:7). Бойын қызғаныш билеген Саул Дәуітті өлтірудің жолын іздейді. Саул өзін үш рет өлтіріп қоя жаздаған соң, Дәуіт қашып кетеді.
Дәуіт қашқын болып жүргенінде, Саулдың өмірін екі рет алып қалады. Сонымен қатар ол Әбигел есімді сұлу әйелді кездестіріп, кейін оған үйленеді. Філістірлер Исраилмен соғысуға тағы келгенде, Саул Ехобадан басшылық сұрайды. Бірақ Ехоба оны тастап кеткен еді. Ал Самуил қайтыс болған. Не істерін білмей, Саул сәуегей әйелден ақыл сұрайды да, ол оның філістірлермен шайқаста қаза табатынын айтып береді. Сол шайқаста Саул ауыр жарақат алады, ал ұлдары қаза табады. Оқиға Ехобаның ықыласынан айырылған Саулдың да қаза болуымен аяқталады. Дәуіт болса әлі қашқын.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
16:14 — Қандай қинайтын рух Саулдың үрейін ұшырып, қорқытқан? Саулды жан тыныштығынан айырған қинайтын рух оның ойы мен жүрегіндегі қара ниеті немесе жамандыққа деген бейімділігі болған. Ехоба киелі рухын алып қойғанда, Саул оның қорғанышынан айырылып, өзінің жаман рухының ықпалында қалады. Құдай өзінің киелі рухының орнына сол рухтың келуіне жол бергендіктен, бұл жаман рух “Тәңір Ие жіберген бір қинайтын рух” деп айтылған.
17:55—58 — Патшалықтар 1-жазба 16:17—23 дейінгі тармақтарды ескеретін болсақ, неге Саул Дәуітті кімнің баласы деп сұраған? Саул жай ғана Дәуіттің әкесінің есімін білгісі келмеген. Ол қазір ғана алыпты жеңіп, үлкен ерлік жасаған баланың қандай әкеден туғанын білгісі келген болуы әбден мүмкін.
Біз үшін сабақ:
16:6, 7. Басқалардың сырт пішінінің өзімізге әсер етуіне жол бермей немесе олар туралы асығыс тұжырым жасамай, оларға Ехобаның көзімен қарауға тырысуымыз керек.
17:47—50. Ғолият тәрізді жаулардың қарсылықтарын немесе олар жасаған қуғын-сүргінді батылдықпен қарсы алуымызға болады, себебі ‘соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізеді’.
18:1, 3; 20:41, 42. Шынайы достарды Ехобаны сүйетін адамдардың арасынан табуға болады.
21:12, 13. Қиын жағдай туғанда, Ехоба бізден ойлау қабілеттеріміз бен дарындарымызды пайдаланады деп күтеді. Оның киелі рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі бізге байқампаздық қабілетін, білім және ой жүгірту қабілетін береді (Нақыл сөздер 1:4). Сондай-ақ тағайындалған мәсіхші ақсақалдар бізге көмектесе алады.
24:6; 26:11. Дәуіттің Ехобаның майланғанын сыйлауға қатысты көрсеткен үлгісі неткен тамаша!
25:23—33. Әбигелдің ақылдылығы үлгі тұтуға тұрарлық.
28:8—19. Зұлым рухтар адамдарды алдау немесе зиян келтіру үшін өлген адамдардың кейпінде көріне алады. Спиритизмнің барлық түрінен аулақ болуымыз керек (Заңды қайталау 18:10—12).
30:23, 24. Руларды санау 31:27-ге негізделген бұл шешім Ехоба қауымның игілігі үшін азғантай үлес қосатындарды да бағалайтынын көрсетеді. Сондықтан не істесек те ‘адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәнімізбен атқарайық!’ (Қолостықтарға 3:23).
“Сый-тарту атаулыдан” да артық нәрсе
Ели, Самуил, Саул және Дәуіттің бастарынан өткен оқиғалар қандай негізгі шындыққа көңіл аударады? Мұны келесі сөздерден көруге болады: “Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан, Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған! Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сиқыршылық секілді, Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті!” (Патшалықтар 1-жазба 15:22, 23).
Дүние жүзі бойынша Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысу қандай мәртебе! “Ауыз құрбандығымызды” бере отырып, Сөзі мен ұйымының жердегі бөлігі арқылы беріп отырған Ехобаның басшылығына бағыну үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек (Ошия 14:3; Еврейлерге 13:15).
[Сілтеме]
a Патшалықтар туралы 1-жазба кітабында аталған әр түрлі жерлерді Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жақсы жерге қараңдар” (ор.) кітапшасының 18, 19 беттерінен қараңдар.
[31-беттегі сурет]
Исраилдің алғашқыда момын, қарапайым басшы болған бірінші патшасы кейін тәкаппар әрі өзіне тым сенімді билеушіге айналды
[32-беттегі сурет]
Ғолият тәрізді жаулардың қарсылығына кезіккенде, не нәрсеге сенімді болуымызға болады?