Көмекке мұқтаждарға мейірімділік танытыңдар
“Бір-біріңе сүйіспеншілікке толы мейірімділік... таныта беріңдер” (ЗӘКӘРИЯ 7:9, ЖД).
1, 2. а) Не себепті біз мейірімділік танытуымыз керек? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ӨЗІНІҢ СӨЗІНДЕ Ехоба Құдай бізді ‘мейірімділікті жақсы көруге’ шақырады (Миха 6:8). Сонымен қатар неге олай ету керек екендігінің себебін де көрсетеді. Осындай себептердің бірі — “мейірімді адам өз жанына жақсылық істейді” (Нақыл сөздер 11:17). Бұл рас! Мейірімділік, немесе айнымас сүйіспеншілік, таныту арқылы өзгелермен жылы да тығыз қарым-қатынаста болуға болады. Сонда біздің айнымас достарымыз болады — міне, нағыз жақсылық деген осы! (Нақыл сөздер 18:24).
2 Сонымен қатар Киелі кітапта былай делінген: “Әділдік және сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатын адам өмірге... ие болады” (Нақыл сөздер 21:21, ЖД). Иә, ‘мейірімділік танытар’ болсақ, Құдайдың алдында анағұрлым бағалы болып, болашақта, мәңгілік өмір сүру де кіретін, көл-көсір баталарға ие боламыз. Алайда қалай мейірімділік танытуымызға болады? Оны кімдерге таныту керек? Мейірімділіктің кәдімгі адамгершілік пен жай жақсылық жасаудан айырмашылығы бар ма?
Мейірімділік және адамгершілік
3. Мейірімділіктің адамгершіліктен қандай айырмашылығы бар?
3 Кәдімгі адамгершіліктің мейірімділіктен көп жағынан айырмашылығы бар. Мысалы, жиі біз жақыннан танып, жақсы көрмей-ақ кісіге адамгершілік таныта береміз. Ал мейірімділікті іші-бауырымыз тартып тұрған адамға танытамыз. Киелі кітапқа сәйкес, мейірімділікті бір-бірімен жылы қарым-қатынастағы адамдар танытады (Жаратылыс 20:13; 2 Патшалықтар 3:8; 16:17). Немесе адамдар мейірімділікті өздеріне бұрын қандай да бір жақсылық істегендерге танытады (Ешуа 2:1, 12—14; 1 Патшалықтар 15:6; 2 Патшалықтар 10:1, 2). Адамгершілік пен мейірімділіктің арасындағы осындай айырмашылықты айқын көру үшін Киелі кітаптағы екі мысалды салыстырып көрейік.
4, 5. Киелі кітаптағы екі мысалдан адамгершілік пен мейірімділіктің арасындағы айырмашылық қалай көрінеді?
4 Мысалы, кеме апатына ұшыраған, арасында елші Пауыл да бар, бір топ адамға адамгершілік көрсетілген. Олар Мальта аралына тап болады (Елшілердің істері 27:37—28:1). Мальталықтар апатқа ұшыраған теңізшілерге көмектесуге міндетті болмаса да, тіпті оларды танымаса да, жылы қабылдап, “әдеттен тыс адамгершілік” көрсетеді (Елшілердің істері 28:2, 7). Олардың меймандостығы уақытша әрі бейтаныс адамдарға көрсетілген еді. Сондықтан олардікі адамгершілік болатын.
5 Осыны Дәуіт патшаның досы, Жонатанның баласы Мепібосетке көрсеткен мейірімділігімен салыстырыңдаршы. Дәуіт Мепібосетке: “Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың”,— деді. Өзінің осы әрекетін түсіндіріп, ол былай деді: “Әкең Жонатан үшін мен саған ұдайы мейірім көрсететін боламын” (2 Патшалықтар 9:6, 7, 13). Дәуіттің Мепібосетке көрсеткен игілігін жай ғана адамгершілік дей алмайсың, өйткені Дәуіттің әрекеті оның Жонатанмен жасасқан келісіміне адал екендігінің белгісі болатын. Дәуіттің танытқаны — мейірімділік (1 Патшалықтар 18:3; 20:15, 42). Бүгінде Құдайдың қызметшілері барлық адамдарға адамгершілік танытады. Ал бір сенімдегі бауырластарына мейірімділік, немесе айнымас сүйіспеншілік, көрсетеді (Матай 5:45; Ғалаттықтарға 6:10).
6. Құдай Сөзінде мейірімділіктің қандай ерекшеліктеріне көңіл аударылады?
6 Мейірімділіктің тағы бірнеше ерекшелігін көру үшін Киелі кітаптан үш үзіндіні қысқаша қарастырып көрейік. Бұл үзінділерден біз мейірімділік 1) нақты істерден көрінетінін, 2) ерікті әрі ықыласпен және 3) әсіресе көмекке мұқтаждарға көрсетілетінін білеміз. Сонымен қатар бүгінгі таңда қалай мейірімділік танытуға болатынын білеміз.
Әкенің мейірімділік көрсетуі
7. Ыбырайымның қызметшісі Бетуел мен Лабанға не жөнінде айтып берді және ол қандай мәселені көтерді?
7 Жаратылыс 24:28—67 тармақтарынан біз алдыңғы мақалада әңгімеленген Ыбырайымның қызметшісімен болған оқиғаның немен біткені жөнінде оқимыз. Рабиғамен кездескеннен кейін, қызметшіні қыздың әкесі Бетуелдің үйіне шақырады (28—32 тармақтар). Сол жерде қызметші Ыбырайымның баласына қалай қалыңдық іздегенін тәптіштеп айтып береді (33—47 тармақтар). Ол: ‘Маған [тура] жол көрсетіп, ұлына қожайынымның інісінің қызын таңдаған... Құдай Ие’,— деп, сол уақытқа дейін жолы болып келгенін Ехобаның берген белгісі ретінде қарастыратынын ерекше атап өтеді (48-тармақ). Сірә, Ыбырайымның қызметшісі болған жайды ашық әңгімелеп беруімен бұл істің Ехобаның басшылығымен болып отырғанына Бетуел мен оның ұлы Лабанның көзін жеткізгісі келген болар. Ақырында қызметші: “Енді сіздер қожайыныма мейірімділік пен адалдық көрсеткілеріңіз келсе, оны маған білдіріңіздер, ал олай болмаса, оны да айтыңыздар. Мен анығын білуім керек”,— дейді (49-тармақ).
8. Рабиғаға қатысты жағдайда Бетуел қалай әрекет етті?
8 Ехоба Ыбырайымға мейірімін, немесе рақымын, түсіріп қойған еді (Жаратылыс 24:12, 14, 27). Бетуел де солай ете ме, Рабиғаны Ыбырайымның қызметшісімен бірге жібере ме? Құдайдың мейірімділігі адамның мейірімділігімен толықтырыла ма, жоқ әлде қызметшінің осындай ұзақ сапары бекер боп шыға ма? Лабан мен Бетуелдің берген жауабы қызметшінің көңіліне жұбаныш болса керек: “Бұл — Жаратқан Иенің ісі” (50-тармақ). Олар бұл істе Ехобаның басшылық еткенін көріп, іркілместен оның шешімін қабыл алды. Содан соң Бетуел: “Міне, Рабиға алдыңда, алып жүре бер. Тәңір Ие шешіп қойғандай, ол қожайыныңның баласының әйелі болсын”,— деуімен мейірімділік танытты (51-тармақ). Рабиға да Ыбырайымның қызметшісімен еріп кетуге келіседі де, көп ұзамай Ысқақтың сүйікті әйелі болады (49, 52—58, 67-тармақтар).
Ұлдың көрсеткен мейірімділігі
9, 10. а) Жақып ұлы Жүсіптен нені өтінді? ә) Жүсіп әкесіне қалай мейірімділік танытты?
9 Ыбырайымның немересі Жақыпқа да мейірімділік көрсетілген. Жаратылыс кітабының 47-тарауынан біз Жақып Мысыр жерінде тұрып жатқанында ‘ажалы жақындағанын’ білеміз (27—29 тармақтар). Бірақ ол Құдай уәде еткен жерде емес, жат жерде өлетінін ойлап уайымдайды (Жаратылыс 15:18; 35:10, 12; 49:29—32). Жақып сүйегінің Мысыр жеріне емес, Қанахан жеріне қойылғанын қалайды да, соны өтінеді. Әке аманатының орындалуының қамын жеу жоғары қызметтегі оның ұлы Жүсіптен басқа кімнің қолынан келер дейсің?
10 Киелі кітаптан біз мынаны оқимыз: “Ол [Жақып] баласы Жүсіпті шақыртып алып, оған былай деді: “Сен маған жақсылық жасағың келсе... мынадай уәде бер: менің мәйітімді Мысырда қалдырмайсың! Маған деген сүйіспеншілігің [“мейірімділігің”, ЖД] мен адалдығыңның белгісі болсын. Аталарымның қасына жатқым келеді; сүйегімді Мысырдан әкетіп, олар жатқан қабірге апарып қой” (Жаратылыс 47:29, 30). Жүсіп әкесінің өтінішін орындауға уәде береді. Сосын көп ұзамай Жақып көз жұмады. Ал Жүсіп пен Жақыптың өзге ұлдары әкелерінің сүйегін ‘Ыбырайымның... Махпела жеріндегі өз үйінің мүшелерін жерлеу үшін сатып алған үңгіріне апарып қояды’ (Жаратылыс 50:5—8, 12—14). Осылайша Жүсіп әкесіне мейірімділік танытады.
Келіннің жасаған жақсылығы
11, 12. а) Рут Нағимаға қалай мейірімділік танытқан? ә) Неге Руттың ‘мына ісі’ “бүгінге дейін” жасаған жақсылығынан артық болды?
11 Рут кітабында жесір қалған Нағимаға өзі де жесір Рут атты моабтық келінінің көрсеткен мейірімділігі жөнінде әңгімеленеді. Нағима Яһуда жеріндегі Бетлехем қаласына қайта оралуға бел буғанда, Рут мейірімділік танытып, Нағимамен бірге баруды қалайтынын айтады: “Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!” (Рут 1:16). Кейінірек Рут Нағиманың жасы келіп қалған туысы Боғозға тұрмысқа шығуға дайын екенін білдіруімен де мейірімділік танытадыa (Заңды қайталау 25:5, 6; Рут 3:6—9). Боғоз Рутқа былай дейді: “Мына ісің бүгінге дейін енеңе жасап келген жақсылығыңнан да керемет болып отыр! Сенің бай болсын, кедей болсын жас жігіттердің артынан жүгірмегенің дұрыс болды” (Рут 3:10).
12 “Бүгінге дейін” істеген жақсылығы — Руттың өз елін тастап, мейірімділікпен Нағимаға еріп келгендігі еді (Рут 1:14; 2:11). Ал ‘мына ісі’, яғни мейірімділік танытып, Боғозға тұрмысқа шығуға келіскені, “бүгінге дейін” немесе осыған дейін істеген жақсылығынан да артық болды. Енді Рут тым қартайып қалған Нағимаға мұрагер туып бере алатын. Неке қиылып, Рут балалы болған соң бетлехемдік әйелдер: “Бұл Нағима үшін туылған ұл”,— деп дауыстады (Рут 4:14, 17). “Еңбекқор әйел” деп орынды аталған Рутқа Ехоба керемет батасын беріп, ол Иса Мәсіхтің түп анасы болды (Рут 2:12; 3:11; 4:18—22; Матай 1:1, 5, 6).
Істерден көрінеді
13. Бетуел, Жүсіп, Руттар мейірімділікті қалай танытқан?
13 Бетуел, Жүсіп, Руттардың мейірімділікті қалай танытқанына көңіл аудардыңдар ма? Олар оны жылы сөзбен ғана емес, нақты әрекеттерімен көрсеткен. Бетуел: “Міне, Рабиға алдыңда”,— деп қана қойған жоқ, “Рабиғаны... жіберуге келісті” (Жаратылыс 24:51, 59). Жүсіп әкесіне: “Айтқаныңызды орындаймын”,— деп қана қойған жоқ, бауырларының бәрі бірігіп, ‘әкелерінің айтқанын орындады’ (Жаратылыс 47:30; 50:12, 13). Рут: “Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын”,— деп қана қойған жоқ, өз елін қалдырып, Нағимамен бірге “Бетлехемді бетке алып, жүріп кетті” (Рут 1:16, 19). Рут Яһуда жерінде де “енесінің тапсырғандарын орындады” (Рут 3:6). Сонымен, Рут та, өзге екеуі де мейірімділіктерін іс жүзінде көрсеткендерін байқап отырмыз.
14. а) Құдайдың қазіргі уақыттағы қызметшілері қалай іс жүзінде мейірімділік танытып жүр? ә) Сендер тұратын жерде мәсіхшілер бір-біріне қандай игі істер істеп жүр?
14 Бүгінгі таңда да Құдайдың қызметшілерінің іс жүзінде мейірімділік танытып жүргендерін көргеніміз жүрекке жылы тиеді. Мысалы, ұнжырғасы түсіп қамығып жүрген әлсіздерге шыдамдылықпен эмоциялық көмек көрсетіп жүргендер жөнінде ойлап көріңдерші (Нақыл сөздер 12:25). Сондай-ақ егде тартқан бауырластарды апта сайын Патшалық Сарайындағы кездесулерге апарып әкелетін Ехоба Куәгерлері жөнінде де ойлап көріңдерші. Артритпен ауыратын 82 жастағы Анна: “[Бауырластардың] кездесулерге апарып, қайта әкелгені — Ехобаның зор батасы. Осындай бауырластарды бергені үшін мен Оған шын жүректен ризашылығымды білдіремін”,— деген сөздерімен осындай бауырластарымыздың көбісінің сезімін білдірді. Сендер де Қауымдағы бауырластарға осылайша көмектесіп жүрсіңдер ме? (1 Жохан 3:17, 18). Солай етіп жүрген болсаңдар айнымас сүйіспеншіліктеріңнің өте бағалы екендігіне күмәнданбаңдар.
Ерікті әрі ықыласпен көрсетіледі
15. Өзіміз қарастырған Киелі кітаптағы үш мысалдан мейірімділіктің тағы қандай қыры көрінеді?
15 Өзіміз қарастырған Киелі кітаптағы мысалдардан мейірімділік ықтиярсыз емес, ерікті әрі ықыласпен танытылатыны көрінеді. Бетуел де, Рабиға да Ыбырайымның қызметшісін қолдауға өз еріктерімен ықылас білдірген (Жаратылыс 24:51, 58). Жүсіп те сырттан жасалған қысымның ықпалынсыз мейірімділік танытқан (Жаратылыс 50:4, 5). Рут ‘[Нағимамен] бірге жүруге белін бекем буған’ (Рут 1:18). Нағима Рутқа Боғозға баруды ұсынғанда, оның мейірімділігі: “Айтқаныңыздың бәрін істеймін”,— деуге талпындырған (Рут 3:1—5).
16, 17. Бетуел, Жүсіп, Руттардың көрсеткен мейірімділіктері неге ерекше көрнекі болған және осындай қасиет танытуға оларды не талпындырған?
16 Ыбырайым да, Жақып пен Нағима да Бетуелді, Жүсіп және Рутты ықтиярсыз әрекет етуге мәжбүрлей алмас еді. Сол себепті олардың көрсеткен мейірімділіктері ерекше көрнекі. Былайша алып қарасақ, Бетуел қызымен айырылысуға міндетті емес еді. Ол қызын Ыбырайымның қызметшісімен бірге жіберуден бас тартып, мұнысын: “Өзіме қолғабыс болып жүрген қызыммен айырылысуға міндетті емеспін!”,— деп түсіндіруіне болар еді (Жаратылыс 24:18—20). Жүсіптің де әкесінің еркін орындау-орындамауы өз еркінде болған. Өйткені Жақып ол кезде өліп қалған еді ғой, сондықтан Жүсіпті уәдесін орындауға мәжбүрлей алмайтын. Ал Нағима болса, Руттың Моаб жерінде қалуға қақысы бар екенін өзі айтқан (Рут 1:8). Сондай-ақ Рут жасы келіп қалған Боғозға емес, “жас жігіттердің” кез келгеніне тұрмысқа шығуына болар еді.
17 Бетуел, Жүсіп, Руттар өз еріктерімен мейірімділік танытқан. Олардың жүрек қалауы солай болған. Олар өздерін осы қасиетті танытуға міндетті сезінген. Тап сол сияқты Дәуіт патшаның да кейінірек Мепібосетке мейірімділік танытуға деген іштей ықыласы болған.
18. а) Ақсақалдар “отарды” қандай ниетпен бағады? ә) Бауырластарға көмек көрсету жөнінде бір ақсақал не деді?
18 Мейірімділік таныту бүгін де Құдай халқын, әсіресе, Құдайдың отарын бағып жүрген ер кісілерді ерекшелендіретін қасиет болып табылады (Забур 109:3; 1 Салониқалықтарға 5:12). Ақсақалдар тағайындалған уақытта өздеріне артылған сенімді ақтауды міндетім деп есептейді (Елшілердің істері 20:28). Бірақ олар өздерінің бақташы ретіндегі қызметі мен басқа да игі істерін “лажсыздан емес, шын көңілден” атқарады (1 Петір 5:2). Ақсақалдар отарды бағуға міндетті әрі солай етуді қалайды да. Мұнысымен олар Мәсіхтің қойларына мейірімділік танытады (Жохан 21:15—17). “Мен олар туралы ойлайтынымды білдіру үшін бауырластарымның үйіне барғанды немесе жай әншейін телефон соққанды ұнатамын,— дейді бір ақсақал.— Бауырластарыма көмектескенім мені үлкен қуаныш пен қанағат сезіміне бөлейді!” Дүние жүзіндегі ақсақалдар осы сөздермен келіседі.
Көмекке мұқтаждарға мейірімділік танытыңдар
19. Осы мақалада қарастырылған Киелі кітап мысалдары мейірімділікке қатысты не нәрсеге нұсқайды?
19 Өзіміз қарастырған Киелі кітаптағы мысалдардағы тағы да бір көңіл қоятын жай — мейірімділік көмекке мұқтаждарға көрсетілген. Ұрпағы жалғасу үшін Ыбырайым Бетуелдің көмегін қажет еткен. Жақып болса сүйегі Қанахан жерінде жерленуі үшін Жүсіптің көмегіне мұқтаж болған. Ал Нағима Руттың көмегі болмағанда мұрагерсіз қалар еді. Ыбырайым да, Жақып та, Нағима да өзгелердің көмек көрсеткеніне аса зәру болған. Тап сол сияқты бүгін де, әсіресе көмекке мұқтаждарға мейірімділік танытылғаны дұрыс (Нақыл сөздер 19:17). Біз “қиналып зар илегендерге, демеушісі жоқ жетімдерге” және “құрып бара жатқандарға” көңіл бөлген рубасы Әйүпке еліктеуіміз керек. Сонымен қатар ол ‘жесірдің жүрегіне қуаныш сыйлаған’ және ‘соқырға көз, ақсаққа аяқ’ болған (Әйүп 29:12—15).
20, 21. Біздің көмегімізге кімдер мұқтаж және біз не нәрсеге бел бууымыз керек?
20 Әрбір қауымда ‘қиналып зар илеп’ жүргендер бар екендігі сөзсіз. Бәлкім, олар жалғыздықтан, қамығудан, өздерін түкке тұрғысыз сезінгендіктен, адамдардан көңілі қалғандықтан, аурудан немесе жақын адамынан айырылғандықтан жапа шегіп жүрген болар. Себебі қандай болмасын, өзімізге қымбат сол адамдар біздің бар ықыласымызбен мейірімділік танытып, қолымыздан келетін әрі көрсетуге тиіс көмегімізге мұқтаж (1 Салониқалықтарға 5:14).
21 Бұдан былай да “сүйіспеншілігі... ағыл-тегіл мол” Құдай Ехобаға еліктей берейік (Мысырдан шығу 34:6, сілтемені қара; Ефестіктерге 5:1). Мейірімділікті бар ықыласымызбен және нақты істерімізбен көрсетіп, әсіресе көмекке мұқтаждарға көңіл аудара берейік. ‘Бір-бірімізге сүйіспеншілікке толы мейірімділік таныта беруімізбен’, біз Ехобаны мадақтаймыз, өзіміз де зор қуанышқа кенелеміз (Зәкәрия 7:9, ЖД).
[Сілтеме]
a Осында әңгімеленіп отырған әмеңгерлік неке туралы толық мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі Жазбаларды түсіну” энциклопедиясының (ағ.) І том, 370-бетінен табуға болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Мейірімділіктің адамгершіліктен қандай айырмашылығы бар?
• Бетуел, Жүсіп, Руттар қалай мейірімділік танытқан?
• Біз қандай ниетпен мейірімділік танытуымыз керек?
• Біздің көмегімізге кімдер мұқтаж?
[15-беттегі сурет]
Бетуел қалай мейірімділік танытқан?
[17-беттегі сурет]
Руттың айнымас сүйіспеншілігі Нағима үшін бата болған
[18-беттегі суреттер]
Мейірімділік ерікті әрі ықыласпен танытылады және нақты істерден көрінеді; көмекке мұқтаж адамдардың игілігіне асады