Ехобаның сөзі тірі.
Патшалықтар туралы 3-жазба кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
“ӘДІЛДЕР саны молайса халық қуанар, Зұлымдар билік құрса халық ыңқылдар” (Нақыл сөздер 29:2). Осы сөздердің растығын Киелі кітаптың Патшалықтар туралы 3-жазбасы айқын көрсетеді. Онда Сүлейменнің өмірі баяндалады. Оның билігінің тұсында ежелгі Исраил барынша гүлдеп-өркендеп, әрі қауіпсіздікте өмір сүреді. Бұл кітапта сондай-ақ Сүлейменнің өлімінен кейін халықтың қалай екіге бөлінгені және кейбірі Исраилде, кейбірі Яһудада билік еткен 14 патша жайлы айтылады. Осы патшалардың екеуі ғана Ехобаға барлық уақытта адал болған. Сонымен қатар онда Ілиястан басқа алты пайғамбардың істері жайлы айтылады.
Кітапты Еремия пайғамбар Иерусалим мен Яһудада жазған, әрі ондағы мәлімет б. з. б. 1040 жылдан б. з. б. 911 жыл аралығындағы шамамен 129 жылды қамтиды. Кітапты жинақтап жатқанда, Еремия ‘Сүлейменнің істері жазылған кітап’ сияқты ежелгі жазбаларға жүгінгенге ұқсайды. Қазір бұл жазбалар сақталмаған (Патшалықтар 3-жазба 11:41; 14:19; 15:7).
ДАНЫШПАН ПАТША ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
(Патшалықтар 3-жазба 1:1—11:43)
Патшалықтар 3-жазба кітабы Адония әкесі Дәуіттің тағын иемденуге әрекеттенгені жайлы оқиғадан басталады. Натан пайғамбардың шұғыл әрекеті оның жоспарын бұзып, Дәуіттің ұлы Сүлеймен патша болады. Жаңа патшаның өтінішін Ехоба ұнатып, оған ‘дана да парасатты жүрекпен’ қоса “дәулет пен даңқ” береді (Патшалықтар 3-жазба 3:12, 13). Патшаның асып-тасыған байлығы мен теңдесі жоқ даналығы болады. Исраил тыныштық пен гүлдеп-өркендеген кезеңді бастан кешеді.
Сүлеймен салып біткен ғимараттардың ішінде Ехобаның ғибадатханасы мен түрлі патша ғимараттары бар. Ехоба Сүлейменге мойынсұнудан таймаса: “Сенің тағыңды Исраилдің үстінен мәңгілікке қоямын”,— деп уәде етеді (Патшалықтар 3-жазба 9:4, 5). Сонымен қатар шынайы Құдай мойынсұнбаушылықтың салдары жайлы ескертеді. Әйтсе де, ақырында Сүлеймен көп жат жерлік әйелге үйленеді. Солардың ықпалымен ол қартайған шағында жалған тәңірлерге ғибадат етіп кетеді. Ехоба оның патшалығы бөлініп кететінін алдын ала айтады. Б. з. б. 997 жылы Сүлеймен қайтыс болып, осылай 40 жылдық билігі аяқталады. Таққа оның ұлы Рохабоғам отырады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:5 — Неге Дәуіттің көзі әлі тірі болса да, Адония тақты иемденбекші болды? Киелі кітапта бұл туралы ештеңе айтылмаған. Алайда Адонияның үлкен ағалары Амнон мен Абессалом, сірә, Дәуіттің Далуиа атты ұлы да, қайтыс болып кеткендіктен, Адония Дәуіттің қалған ұлдарының ішіндегі ең үлкені ретінде таққа отыруға құқым бар деп ойлаған деп тұжырымдау қисынды (Патшалықтар 2-жазба 3:2—4; 13:28, 29; 18:14—17). Мықты әскербасы Жоғаб пен ықпалды бас діни қызметкер Абиятардың қолдауына ие болған Адония өз әрекетінің сәтті болатынына сенімді болған болса керек. Оның Дәуіт Сүлейменді тақтың мұрагері ететіні туралы ойын білген-білмегендігі туралы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Алайда Адония құрбандық шалғанда Сүлейменді де, Дәуіттің өзге адал адамдарын да шақырмаған (Патшалықтар 3-жазба 1:9, 10). Бұл оның Сүлейменге бақталасы ретінде қараған дегенге меңзейді.
1:49—53; 2:13—25 — Сүлеймен Адонияны кешіріп алып, неге артынан өлтіртті? Патшадан Абишаганы әйелдікке сұратқан Адонияның өтінішінің астарында не жатқанын Барсабия аңдамаса да, Сүлеймен оның нағыз пиғылын аңғарған. Дәуіт жақындаспаған болса да, сұлу Абишага оның кәнизәгі деп есептелетін. Сол уақыттағы дәстүрге сай, ол Дәуіттің заңды мұрагеріне тиесілі болар еді. Адония Абишаганы әйелдікке алып, осылайша тағы да тақты иемденуге әрекет жасап көрем деп ойлаған болса керек. Адонияның өтінішін билікке ұмтылудың жолы екенін түсінген Сүлеймен жасаған кешірімінің күшін жойды.
6:37—8:2 — Ғибадатхананың салтанатты ашылуы қашан болды? Ғибадатхана б. з. б. 1027 жылдың сегізінші айында, Сүлейменнің билігінің 11 жылында, салынып біткен. Жиһаздарды әкелу мен басқа да дайындықтарға 11 ай кеткенге ұқсайды. Салтанатты ашылу 1026 жылдың жетінші айында болса керек. Оқиғалар ғибадатхана біткеннен кейінгі және салтанатты ашылуы болмай тұрғандағы өзге де құрылыс істері туралы айтып, осылай құрылыс бағдарламасы жайлы толығырақ мәлімет береді (Шежірелер 2-жазба 5:1—3).
9:10—13 — Сүлейменнің Тир патшасы Хирамға Ғалилея жеріндегі 20 қаланы сыйға беруі Мұсаның заңына қайшы келген жоқ па? Леуіліктер 25:23, 24-тегі сияқты Заң тек исраилдіктер тұрып жатқан жерге ғана қатысты болса керек. Уәде етілген жердің шекарасының ішінде жатса да, Сүлейменнің Хирамға берген қалаларында басқа ұлттар мекендеген болуы мүмкін (Мысырдан шығу 23:31). Сүлейменнің ісі сондай-ақ Заңды толығымен орындамай жүргенін көрсетуі де мүмкін. Өйткені ол ‘өзіне жылқыларын көбейтіп’, көп әйел алған еді (Заңды қайталау 17:16, 17). Қалай болған күнде де, Хирамның сыйға көңілі толмайды. Бәлкім, қалаларды жалған тәңірге құлшылық етуші тұрғындары жақсы күтпеген шығар, я болмаса олар жақсы жерде орналаспаған болар.
11:4 — Сүлейменнің Құдайға адал болмауының себебі кәрілік болды ма? Себебі бұл емес сияқты. Сүлеймен билігін бастағанда тым жас болатын. Ол 40 жыл билік құрса да, айтарлықтай кәрі емес еді. Оның үстіне, ол Ехобаға біржолата ғибадат етпей қойған жоқ-тын. Ол бірнеше дінді біріктіріп ғибадат етуге тырысқанға ұқсайды.
Біз үшін сабақ:
2:26, 27, 35. Ехобаның алдын ала айтқаны барлық уақытта орындалады. Елидің ұрпағы Абиятардың өз орнынан алынып тасталуымен “Елидің отбасы туралы айтқан Құдайдың сөзі” орындалды. Ал Абиятардың орнына Пінехестің үрім-бұтағынан шыққан Садоқтың келуімен Руларды санау 25:10—13; Мысырдан шығу 6:25; Патшалықтар 1-жазба 2:31; 3:12; Шежірелер 1-жазба 24:3-тегі сөздер орындалды.
2:37, 41—46. Қойылған шектеулерді жазасыз аттап өтуге болады деп ойлау қаншалықты қауіпті! ‘Шынайы өмірге апаратын жолдан’ әдейі шығып кететіндер сол ақылсыз шешімдерінің қайғылы салдарын көреді (Матай 7:14).
3:9, 12-14. Ехоба өз қызметшілерінің шын жүректен даналық, түсінік пен қызметтерін атқару үшін басшылық сұраған дұғаларына жауап береді (Жақып 1:5).
8:22—53. Сүлеймен Ехобаға — сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің Құдайына, уәделерін Орындаушы әрі дұғаны Естуші Құдайға — деген жүректен шыққан ризашылығын қалай білдірген десеңші! Сүлейменнің салтанатты жиында айтқан дұғасының үстінен ой жүгірткеніміз Құдай болмысының осы және басқа да қырларына деген ризашылығымызды арттырады.
11:9—14, 23, 26. Сүлеймен өмірінің соңғы жылдарында мойынсұнбай кеткендіктен, Ехоба оған жауларын қарсы қойды. Елші Петір: “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кіші пейілділерге рақымын шашады”,— деген (Петірдің 1-хаты 5:5).
11:30—40. Сүлеймен Еробоғамды өлтірмекші болып іздеді, өйткені Ахия туралы пайғамбарлық айтқан болатын. Патшаның көзқарасы шамамен 40 жыл бұрынғысынан, яғни Адония мен өзге сыбайластарынан кек алудан бас тартқан кездегісінен қалайша өзгеріп кетті десеңші! (Патшалықтар 3-жазба 1:50—53). Бұл Ехобадан алыстап кетуінің нәтижесінде болды.
БІР ПАТШАЛЫҚ ЕКІГЕ БӨЛІНЕДІ
(Патшалықтар 3-жазба 12:1—22:53)
Еробоғам мен халық Рохабоғам патшаға келіп, әкесі Сүлейменнің артқан ауыр жүгін жеңілдетуін сұрайды. Олардың өтінішін орындаудың орнына, Рохабоғам одан да ауыр жүк артам деп қорқытады. Он ру қарсы көтеріліп, Еробоғамды өздерінің үстінен патша етіп қояды. Патшалық екіге бөлінеді. Рохабоғам Яһуда мен Буниямин руларынан тұратын оңтүстік патшалыққа, ал Еробоғам он рулы солтүстік Исраил патшалығына билік етеді.
Адамдарды Иерусалимге барып ғибадат ету райынан қайтару үшін Еробоғам екі алтын бұзау жасап, бірін Данға, екіншісін Бетелге қояды. Еробоғамнан кейін Исраилде билік еткен патшалар — Надаб, Бааша, Ила, Зимри, Тибни, Омри, Ахаб және Охозия. Ал Яһудада Рохабоғамнан кейін Абиях, Аса, Жосафат пен Жорам билік етеді. Сол патшалардың тұсындағы пайғамбарлар — Ахия, Шемая және есімі белгісіз Құдайдың адамы, сондай-ақ Иқу, Ілияс және Миха.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
18:21 — Ілияс не Ехобаның, не Бағалдың соңынан еріңдер дегенде, халық неге үнсіз қалды? Ехоба олардан тек өзіне берілуді талап еткен, өздерінің мұны орындамай жүргендерін түсініп, кінәлі сезінген болулары мүмкін. Немесе ар-ұждандары сезімсіз болып кетіп, Ехоба мен Бағалға қатар ғибадат еткенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған болулары мүмкін. Ехоба өз күшін көрсеткеннен кейін ғана олар: “Ехоба — шын Құдай, Ехоба — шын Құдай!”— деген (Патшалықтар 3-жазба 18:39, ЖД).
20:34 — Ехоба сириялықтарды жеңуге көмектескеннен кейін, патшалары Бенададқа неге Ахаб аяушылық көрсетті? Бенададты өлтірудің орнына, Ахаб онымен Сирия астанасы Дамаскідегі алаңдарды — сірә, сауда орындары, яки базарлар салу үшін — өзіне алу туралы шарт жасасады. Ертеректе Бенададтың әкесі Самариядағы алаңдарды сауда-саттық жасау мақсатымен өзіне алған болатын. Олай болса, Ахаб Бенададты Дамаскіде сауда-саттықпен айналыса алуы үшін босатқан.
Біз үшін сабақ:
12:13, 14. Өмірімізде өте маңызды шешімдер қабылдағанда, Жазбаларды жақсы білетін әрі Құдайдың принциптерін жоғары бағалайтын, рухани толысқан және ақылды адамдардан кеңес сұрауымыз керек.
13:11—24. Күдікті болып көрінетін кеңес не ұсынысты, тіпті оны ізгі ниетті бауырлас айтқан болса да, Құдай Сөзіндегі сенімді басшылықпен салыстырып көру керек (Жоханның 1-хаты 4:1).
14:13. Ехоба бойымыздан жақсы бір нәрсе табу үшін сынайды. Ол нәрсе қаншалықты елеусіз болса да, Құдайға қызметімізде қолымыздан келгеннің бәрін істер болсақ, ол соны өсіре алады.
15:10—13. Біз жолдан таюшылықтан батылдықпен бас тартып, шынайы ғибадатты қолдауға тиіспіз.
17:10—16. Сарепталық жесір әйел Ілиясты пайғамбар деп есептеген және солай қабыл алған да. Ал Ехоба оған сенімін көрсететін істері үшін батасын берген. Бүгінде Ехоба біздің де сенімімізді көрсететін істерімізді байқайды және Патшалықтың ісін әр түрлі жолмен қолдайтындарға сыйларын береді (Матай 6:33; 10:41, 42; Еврейлерге 6:10).
19:1—8. Қатты қарсылықтарға кезіккенде, Ехобаның жар болатынына сенімді болуымызға болады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9).
19:10, 14, 18. Шынайы ғибадат етушілер ешқашан жалғыз емес. Олардың жанында Ехоба мен дүниежүзілік бауырластық бар.
19:11—13. Ехоба — жай ғана табиғат күштерінің бейнесі емес.
20:11. Бенадад Самарияның қирауы туралы айтып мақтанғанда, Исраил патшасы: “Белін буып жатқан [әскерін ұрысқа дайындап жатқан], белін шешіп жатқандай [әскері ұрыстан жеңіспен қайтқандай] мақтанбасын”,— деп жауап қатады. Жаңа тапсырмалар алғанда, өзімізге тым сенімді болып, мақтанудан аулақ болуымыз керек (Нақыл сөздер 27:1; Жақып 4:13—16).
Бұл кітаптың біз үшін маңызы зор
Мұса Синай тауында Заңды беріп тұрып, Исраил ұлдарына: “Міне, бүгін сендерге бата мен қарғыс ұсынудамын: егерде Тәңірдің, Құдайларыңның, бүгінгі айтқан өсиеттерін тыңдасаңдар, бата аласыңдар, ал егер Тәңірдің, Құдайларыңның, айтқан өсиеттерін тыңдамасаңдар және бүгін көрсетіп отырған жолдан тайсаңдар... қарғысқа қаласыңдар”,— деген (Заңды қайталау 11:26—28).
Осы маңызды шындық Патшалықтар 3-жазба кітабында қалайша айқын көрсетілген десеңші! Жоғарыда көргеніміздей, бұл кітаптан басқа да құнды сабақтар аламыз. Ондағы хабар шын мәнінде тірі, әсері де күшті (Еврейлерге 4:12).