Мәсіхші екеніңді естен шығарма!
“Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба” (ИШАЯ 43:10, ЖД).
1. Ехоба өзіне қандай адамдарды жақындатып тартады?
ПАТШАЛЫҚ САРАЙЫНА келгенде айналаңа жақсылап көз салшы. Бұл жерде кімді көресің? Бар зейіндерімен Жазбалардан даналық үйреніп жатқан ынталы жастарды көретін шығарсың (Забур 148:12, 13). Сондай-ақ отбасына немқұрайды қарайтын дүниеде өмір сүріп жатқандарына қарамастан, Құдайға ұнауға тырысып жүрген отағаларын көрерсің. Ауру мен кәрілікке бой алдырмастан, Ехобаға бағышталғандықтарына сай өмір сүріп жатқан қымбатты қарт бауырластарға көзің түсуі мүмкін (Нақыл сөздер 16:31). Бұлардың бәрі Ехобаны қатты жақсы көреді, әрі Ехоба оларды өзіне жақындауға лайықты деп тапқан. Құдай Ұлы: “Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады”,— деген (Жохан 6:37, 44, 65).
2, 3. Неге мәсіхші жолында қалу қиын болуы мүмкін?
2 Ехобаның ықыласына ие болып, батасын алып жатқан халықтың арасында жүргенімізге қуанышты емеспіз бе? Дегенмен бұл ‘қиын-қыстау күндері’ мәсіхші жолында қалу оңайға соқпайды (Тімотеге 2-хат 3:1). Әсіресе мәсіхші отбасында өскен жастарға оңай емес. Бір жас жігіт былай деп мойындайды: “Қауым кездесулеріне барып жүргеніммен, менің нақты рухани мақсаттарым болған емес және шынын айтқанда, Ехобаға да аса қызмет еткім келмейтін”.
3 Ал кейбіреулер Ехобаға шын жүректен қызмет еткілері келгенімен, құрдастарының қатты қысымы мен осы дүниенің және күнәкар бейімділіктің ықпалына түсіп қалуы мүмкін. Қысым көрсетілгенде өзіміздің мәсіхші екенімізді ұмытып кетуіміз ықтимал. Мысалы, көп адамдар Киелі кітаптың өнегелілік нормаларын ескірген немесе қазіргі заман талабына сай емес деп есептейді (Петірдің 1-хаты 4:4). Кейбіреулер Құдайдың талабы бойынша ғибадат ету маңызды емес деп ойлайды (Жохан 4:24). Ефестіктерге жазған хатында Пауыл бұл дүниені билеп тұрған ‘рух’, немесе басым көпшілікке тән көзқарас, туралы айтқан (Ефестіктерге 2:2). Бұл рух адамдарға қысым жасап, ой-қалыптарын Ехобаны білмейтін көпшіліктің ой-қалпына бейімдеуіне итермелейді.
4. Иса мәсіхшіге тән ерекшеліктерімізді ұмытпау керек екеніне қалай баса назар аударған?
4 Алайда Ехобаның бағышталған қызметшілері ретінде, қандай жаста болсақ та, мәсіхшіге тән ерекшеліктерімізді ұмытып кетудің қайғылы болатынын түсінеміз. Ехобаның нормалары мен талаптарына бағынғанда ғана өзімізді мәсіхші санай аламыз. Бұлай болуы орынды да, өйткені біз оған ұқсас болып жаратылғанбыз (Жаратылыс 1:26; Миха 6:8). Киелі кітапта біздің мәсіхшіге тән ерекшеліктеріміз бәріне көрініп тұратын сырт киіммен салыстырылады. Біздің уақытымызға қатысты Иса былай деп ескерткен: “Тыңда, ұрының қапыда түсетініндей Мен де күтпеген кезде келемін. Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!”a (Аян 16:15). Біз мәсіхшілерге тән қасиеттерімізді жоғалтып, жүріс-тұрысымызға қатысты талаптарға бағынбай, Шайтанның дүниесінің бізді қалыптастыруына жол бергіміз келмейді. Себебі ондай жағдайда, ‘киімдерімізден’ айырылып қалған болар едік. Мұндай жағдай өкініш пен ұятқа қалдырар еді.
5, 6. Неге рухани тұрақты болу маңызды?
5 Мәсіхшінің кім екенін есте ұстағаны өмір сүру қалпына қатты әсер етеді. Қалайша? Ехобаның қызметшісі кім екенін ұмытып кетсе, жинақылығын жоғалта бастайды, еш бағдарсыз, мақсатсыз ағыспен жүзе береді. Киелі кітап мұндай тұрақсыздықтың болмауын қайта-қайта ескертеді. Елші Жақып: “Күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас. Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін: Ол екі ойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам”,— деп жазған (Жақып 1:6—8; Ефестіктерге 4:14; Еврейлерге 13:9).
6 Мәсіхші екенімізді қалай есте сақтай аламыз? Ең Жоғарғы Құдайдың қызметшілері болудың ұлы мәртебе екенін жете түсінуге не көмектеседі? Осы жағын қарастырып шығайық.
Мәсіхші жолында берік тұр
7. Неге Ехобадан өзімізді тексеруін өтінуіміз керек?
7 Ехобамен қарым-қатынасыңды нығайтып отыр. Мәсіхші үшін ең құнды нәрсе — Құдаймен жеке қарым-қатынас (Забур 24:14; Нақыл сөздер 3:32). Егер ойымызда мәсіхші жолына қатысты күмән туса, Ехобамен қарым-қатынасымыздың сапасы мен тығыздығын тексергеніміз жөн. Забур жыршысы ризашылықпен: “Уа, Құдай жүрегімді тексере гөр, мазалаған ойларымды біле гөр”,— деп жалбарынған (Забур 138:23). Неге мұндай тексеру маңызды? Себебі біз өзіміздің ішкі ниеттеріміз бен ойларымызды және сезімдерімізді дұрыс бағалай алмаймыз. Ішкі дүниемізді Ехоба ғана жете түсіне алады (Нақыл сөздер 24:12).
8. а) Қалайша Ехобаның бізді сынағаны пайдалы болады? ә) Мәсіхші ретінде жетіле түсуіңе не көмектеседі?
8 Бізді тексеруін өтінгенде, Ехобаға өзімізді сынауды ұсынамыз. Ол біздің шын ниетіміз бен жүрек күйімізді айқындайтын жағдайларға жол беруі мүмкін (Еврейлерге 4:12, 13; Жақып 1:22—25). Біз мұндай сынақтарға қуануымыз керек, себебі осындай кезде Ехобаға қаншалықты берілгенімізді көрсететін мүмкіндік туады. Осы арқылы ‘рухани жағынан толықтай жетіліп, ешбір кемшіліктеріміздің қалмағаны’ көрінеді (Жақып 1:2—4). Иә, сынақтардың арқасында рухани өсе аламыз (Ефестіктерге 4:22—24).
9. Киелі кітаптың шындығына көз жеткізу маңызды емес деуге бола ма? Түсіндіріп беріңдер.
9 Киелі кітаптың шындығына көз жеткіз. Өзімізді Ехобаның қызметшісі санауға толық негіз болу үшін Жазбаларға негізделген ‘тура біліміміз’ болу керек (Філіпіліктерге 1:9, ЖД; 10). Жас болсын, кәрі болсын, әрбір мәсіхші өз сенімінің шын мәнінде Киелі кітапқа негізделгеніне көз жеткізу керек. Пауыл бауырластарды: “Бәрін сынап, жақсысын ғана қабыл алыңдар!”— деп шақырған (Салониқалықтарға 1-хат 5:21). Мәсіхші отбасында өскен жастар тек ата-аналарының сенімімен ғана өмір сүре алмайды, шындыққа өздері көз жеткізулері керек екендіктерін түсінулері қажет. Дәуіт өз ұлы Сүлейменді ‘әкесінің Құдайын біліп, Оған шын жүректен қызмет етуге’ талпындырған (Шежірелер 1-жазба 28:9). Жас Сүлеймен үшін тек қана әкесінің Ехобаға деген сенімін нығайтқанын бақылау жеткіліксіз еді. Оның өзі Ехобаны білу керек еді, ол солай етті де. Ол Құдайға: “Маған осы халықтың лайықты басқарушысы болуға даналық пен білік сыйлай гөр”,— деп жалбарынған (Шежірелер 2-жазба 1:10).
10. Неге дұрыс ниетпен сұрақ қойғанда тұрған ештеңе жоқ деуге болады?
10 Сенімнің мықты болуы білімге байланысты. Пауыл: “Сенім хабарды естуден келеді”,— деген (Римдіктерге 10:17). Мұнымен ол не дегісі келген? Ол Құдай Сөзінен нәр ала отырып, Ехобаға деген сеніміміз, сондай-ақ оған және оның уәделері мен ұйымына деген сенімділігіміздің нығая түсетінін айтқан. Киелі кітап туралы шын жүректен сұрақтар қоя отырып, қанағаттандырарлық жауаптар табуға болады. Оның үстіне, Римдіктерге 12:2-де елші Пауыл Құдайдың ‘еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білуге’ кеңес берген. Бірақ мұны қалай істеуге болады? ‘Шындықтың тура білімін’ алу арқылы (Титке 1:1, ЖД). Ехобаның рухы арқылы тіпті күрделі тақырыптарды да түсіне аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 2:11, 12). Егер бір нәрсені түсіне алмай жатсақ, Құдайдан көмек сұрағанымыз жөн (Забур 118:10, 11, 27). Ехоба өзінің Сөзін түсінгенімізді, оған сеніп және мойынсұнғанымызды қалайды. Ол дұрыс ниетпен сұрақтар қойғанымызды ұнатады.
Құдайға ұнауға беліңді бекем бу
11. а) Қандай табиғи мұқтаждық біз үшін тұзақ болуы мүмкін? ә) Құрдастардың қысымына берілмеу үшін батылдықты қайдан алуға болады?
11 Адамға емес, Құдайға ұнауға ұмтыл. Елге сыйлы болуды қалау кәдімгі нәрсе. Бәріміз де достарды қажет етеміз және басқалардың өзімізге оң көзбен қарағаны жағымды сезімге бөлейді. Жастық шақта, ересек болғанда да, құрдастарының қысымы қатты әсер етіп, адам басқаларға барынша еліктегісі немесе жаққысы келуі мүмкін. Бірақ достар мен құрдастар әрқашан шын жүректен біздің жағдайымызды ойлай бермейді. Кейде олар бар болғаны жамандық жасау үшін қастарына серік іздеулері мүмкін (Нақыл сөздер 1:11—19). Құрдастарына жаққысы келген мәсіхші әдетте өзінің кім екенін жасырады (Забур 25:4). Елші Пауыл: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер”,— деп ескерткен (Римдіктерге 12:2). Ехоба сырттан келген кез келген қысымға қарсы тұру үшін бізге қажымас қайрат береді (Еврейлерге 13:6).
12. Құдайға артқан сеніміміздің мықтылығы сыналғанда, төтеп беруімізге қандай принцип және мысал көмектеседі?
12 Сырттан келген қысым мәсіхші екенімізді ұмыттырып жіберетіндей қауіп төндірсе, Құдайға адал болып қалу көпшіліктің ойынан шығудан немесе ырқына көнуден анағұрлым маңызды екенін есте сақтағанымыз жөн. Мысырдан шығу 23:2-де пайдалы принцип жазылған: “Көпшілікке еріп те зұлымдық жасама!” Исраилдіктердің басым көпшілігі Ехобаның өз уәдесін орындай алатынына күмәнданғанда, Халеп көпшіліктің ықпалына еруден үзілді-кесілді бас тартқан. Ол Құдайдың уәделеріне сенім артуға болатынына күмәнданбаған және сол үшін мол батаға ие болған (Руларды санау 13:30; Ешуа 14:6—11). Сен де осылай Құдаймен қарым-қатынасыңды сақтап қалу үшін көпшіліктің қысымына төтеп беруге дайынсың ба?
13. Неге мәсіхші екенімізді білдіргеніміз даналыққа жатады?
13 Мәсіхші екеніңді бәрі білсін. Ең жақсы қорғаныш шабуыл жасау деп бекер айтылмаған. Езраның күндеріндегі адал исраилдіктерге Ехобаның еркін орындауға кедергі жасағанда, олар: “Біз көк пен жерді жаратқан Құдайдың құлдарымыз”,— деген (Езра 5:11). Қырғи-қабақ адамдардың әрекеті мен сыншыл көзқарасына бой алдыратын болсақ, бізді қорқыныш билеп алады. Бәріне жағуға тырысатын адам табысты бола алмайды. Сондықтан қорқынышқа бой алдырма. Басқалардан Ехоба Куәгері екеніңді жасырмай, әрқашан ашық білдіргенің жақсы. Құндылықтарың, сенімің және мәсіхші ретінде көзқарасың жайында басқаларға құрметпен, бірақ нақты түрде түсіндіріп беруіңе болады. Олар құлықтылыққа қатысты Ехобаның жоғары талаптарын ұстануға беліңді бекем буғаныңды білсін. Өз мінсіздігіңе берік болып қалатыныңа басқалардың күмәні болмасын. Құлықтылық нормаларыңды мақтан тұтатыныңды көрсет (Забур 31:11). Өз сеніміңе берік мәсіхші ретінде танымал болғаның өзіңе қолдау әрі қорғаныш болады және тіпті кейбіреулерді Ехоба мен оның халқына қатысты сұрақ қоюға талпындырады.
14. Елдің күлкіге айналдырып, қарсылық көрсеткеніне бола ұнжырғамыз түсуі керек пе? Түсіндіріп беріңдер.
14 Рас, кейбіреулер сені күлкіге айналдырып немесе қарсылық көрсетуі мүмкін (Яһуда 18). Басқаларға құндылықтарыңды түсіндіремін деп жақпай қалсаң, ұнжырғаң түспесін (Езекиел 3:7, 8). Қанша батыл болсаң, сенгісі келмеген адамның бәрібір көзін жеткізе алмайсың. Перғауынды есіңе түсірші. Апатты, ғажайыпты, тіпті тұңғышының өлімін көре тұра, ол Мұсаның Құдай өкілі екеніне сенгісі келмеді. Олай болса, адам алдындағы қорқыныштың өзіңді билеп алуына жол берме. Құдайға сеніп, оған арқа сүйеу қорқынышты жеңуге көмектеседі (Нақыл сөздер 3:5, 6; 29:25).
Өткеннен сабақ ал, болашағыңды ойла
15, 16. а) Біздің рухани мұрамызға не жатады? ә) Құдай Сөзін қолдана отырып, рухани мұрамыз туралы ой жүгірту қалайша пайдалы болуы мүмкін?
15 Рухани мұраңды бағала. Мәсіхшілерге Құдай Сөзін қолдана отырып, рухани мол мұра туралы ой жүгірту пайдалы болады. Бұл мұраға Ехобаның Сөзіндегі шындық, мәңгілік өмірге деген үміт және ізгі хабардың жариялаушылары ретінде Құдайдың өкілдері болу мәртебесі жатады. Құдайдың Куәгерлерінің, Патшалықты уағыздау арқылы адамдарды құтқару ісі сеніп тапсырылған халықтың, арасында өз орныңды таптың ба? Есіңде болсын: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер”,— деп Ехобаның өзі салтанатты түрде жариялаған (Ишая 43:10, ЖД).
16 Өзіңнен былай деп сұрауыңа болады: “Осы рухани мұра маған қаншалықты қымбат? Оны бағалайтыным соншалық, Құдайдың еркін орындауды өмірімде басты орынға қоямын ба? Оған деген ризашылығым осы мұраны жоғалтып алуыма әсер етуі мүмкін кез келген азғыруға төтеп беруіме көмектесе алатындай мол ма? Сонымен қатар рухани мұрамыздың арқасында тек Ехобаның ұйымында ғана болатын рухани қауіпсіздікті сезінеміз (Забур 90:1, 2). Ехобаның ұйымының бүгінгі тарихында болған елеулі оқиғаларды көз алдымыздан өткізе отырып, ешкімнің де, еш нәрсенің де Құдай халқын жер бетінен жойып жібере алмайтынына сенімімізді арттыра түседі (Ишая 54:17; Еремия 1:19).
17. Рухани мұраға ғана үміт артқаннан басқа не істеуіміз керек?
17 Әрине, біз рухани мұрамен ғана өмір сүре алмаймыз. Әрқайсымыз Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытуымыз керек. Пауыл Філіпідегі мәсіхшілердің сенімін нығайту үшін көп тер төккеннен кейін, оларға былай деп жазған: “Сонымен, сүйікті бауырластарым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын атаулыдан қатты жиіркеніңдер!” (Філіпіліктерге 2:12). Біз біреудің арқасында құтқарыла алмаймыз.
18. Қалайша Патшалық ісіне атсалысқанымыз өзімізді мәсіхші сезінуімізге көмектеседі?
18 Патшалық ісіне барыңды сал. “Жұмыстың адамға өзінің кім екенін жете түсінуге көмектесетіні” байқалған. Бүгінгі мәсіхшілерге маңызды жұмыс, Құдайдың орнаған Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау ісі, тапсырылған. Пауыл: “Мен Мәсіхтің басқа халықтарға жіберген елшісі ретіндегі қызметімді құрметтеймін”,— деген болатын (Римдіктерге 11:13). Уағыздау ісіне қатысу арқылы біз осы дүниеден ерекшеленеміз және өзіміздің нағыз мәсіхші екенімізді дәлелдейміз. Қауым кездесуі, Патшалық Сарайларын салуға атсалысу, мұқтаждарға қол ұшын беру сияқты істерге барынша қатыса отырып та өзімізді мәсіхші сезіне түсеміз (Ғалаттықтарға 6:9, 10; Еврейлерге 10:23, 24).
Нағыз бата
19, 20. а) Мәсіхші болу саған қандай пайда әкелді? ә) Өзіміздің шын мәнінде кім екенімізді неден анықтай аламыз?
19 Бір сәт тоқтап, шынайы мәсіхшілер ретінде ие болып жатқан артықшылықтарымыз туралы ойланып көрші. Ехоба бізге жеке көңіл қояды. Малахи пайғамбар былай деген: “Құдайдан қорқатындар бір-біріне былай дейді: — Тәңір зейін салады, әрі естиді, Оның алдында Өзінен қорқатын және Оның есімін құрметтейтіндер жайында естелік кітабы жазылуда” (Малахи 3:16). Құдай бізді өзінің достары санайды (Жақып 2:23). Өміріміз мағыналы екенін анық сезінеміз, алдымызға қойған нақты мақсатымыз бар. Оның үстіне, мәңгілік болашаққа деген үмітіміз бар (Матай5:5).
20 Есіңде болсын, шын мәнінде кім екеніңді және қаншалықты бағалы екеніңді адамдар емес, Құдай шешеді. Адамдар біз туралы өздерінің кемелсіз нормаларына сәйкес тұжырым жасауы мүмкін. Бірақ Құдайдың меншігі болғандықтан, ол бізді сүйеді, әрі бағалайды (Матай 10:29—31). Біз де Құдайды сүйгендіктен, өзіміздің кім екенімізді және өмірлік бағытымызды жете түсінеміз. Ал “Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі” (Қорынттықтарға 1-хат 8:3).
[Сілтеме]
a Бұл жерде Иерусалимдегі ғибадатхана күзетшілерінің басшысының міндеті туралы айтылып тұрған болуы мүмкін. Ол күзеттегі леуіліктердің ояу тұрған-тұрмағанын тексеру үшін түнде ғибадатхананы аралап шығатын. Егер қандай да бір леуілік ұйықтап қалса, оны таяқпен ұрып, масқара жаза ретінде киімін өртеп жіберуі мүмкін еді.
Естеріңде ме?
• Неге мәсіхшілер өздерінің кім екенін естерінен шығармаулары керек?
• Қалай мәсіхші жолында берік тұра аламыз?
• Кімге ұнау керек екеніне қатысты дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?
• Қалайша болашағымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға байланысты?
[13-беттегі суреттер]
Патшалық ісіне барымызды сала отырып, өзімізді мәсіхші сезіне түсеміз