Жамандықты жақсылықпен жеңіп шық!
“Жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!” (РИМДІКТЕРГЕ 12:21)
1. Неге жамандықты жеңе алатынымызға сенімді болуымызға болады?
ШЫНАЙЫ ғибадатқа қатты қарсылық көрсететіндерге төтеп беру мүмкін бе? Бізді осы құдайсыз дүниеге қайтаруға тырысатындарға тойтарыс бере аламыз ба? Осы екі сұраққа да “иә” деп жауап беруге болады. Неге? Бұлай деуге елші Пауылдың Римдіктерге арналған хатындағы сөздер негіз береді. Ол: “Жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!”— деп жазған болатын (Римдіктерге 12:21). Егер Ехобаға сенім артып, осы дүниеден жеңілмеуге бел бусақ, оның ‘жамандығы’ бізге үстемдік ете алмайды. Оның үстіне, түпнұсқадан ‘[жамандықты] жеңіп шық’ деп аударылған сөздерден жамандыққа қарсы рухани соғысты жалғастыра берсек, оны жеңе алатынымыз көрінеді. Сергек болуды және рухани күресуді доғарған адамдар ғана осы зұлым дүние мен оның зұлым билеушісі Шайтан Ібілістен жеңіледі (Жоханның 1-хаты 5:19).
2. Нехемиямен болған кейбір оқиғаларды не үшін қарастырамыз?
2 Иерусалимде өмір сүрген Құдайдың бір қызметшісі 500 жылдай кейін өмір сүрген Пауылдың жамандыққа қарсы күресу жайлы сөздерінің растығын көрсетеді. Құдайдың осы қызметшісі Нехемия құдайсыз адамдардың қарсылығына тек төзіп қана қойған жоқ, сондай-ақ жамандықты жақсылықпен жеңе білді. Ол қандай қиындықтарға кезіккен еді? Оларды жеңіп шығуға не көмектесті? Оған қалай еліктей аламыз? Осы сұрақтарға жауап алу үшін, Нехемиямен болған кейбір оқиғаларды қарастырайықa.
3. Нехемия қандай ортада өмір сүрді және ол қандай керемет іс атқарды?
3 Нехемия Парсы патшасы Артаксеркстің сарайында қызмет еткен. Ол шынайы Құдайға сенбейтіндердің арасында тұрса да, сол замандағы ‘күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеген’ (Римдіктерге 12:2). Яһудада қажеттілік туғанда, ол өзінің жайлы өмірінен бас тартып, Иерусалимге қиын сапар шегеді. Сөйтіп, қаланың қабырғасын қайта салуға қатысты мойнына үлкен жауапкершілік алады (Римдіктерге 12:1). Иерусалимде басшы болса да, Нехемия исраилдіктермен бірге күн сайын “таң шапағы көрінгеннен жұлдыз туғанға дейін” аянбай еңбектенеді. Нәтижесінде, екі-ақ айдың ішінде қабырға қалпына келтіріледі! (Нехемия 4:21; 6:15) Бұл таңғаларлық жайт еді, өйткені құрылыс кезінде исраилдіктер небір қарсылықтарға кезіккен болатын. Нехемияның қарсыластары кімдер еді және олар қандай мақсатты көздеді?
4. Нехемияның қарсыластары қандай мақсатты көздеді?
4 Нехемияның басты қарсыластары Яһуданың төңірегінде тұрған Санаваллат, Товия, Гешем деген ықпалды кісілер еді. Құдай халқының жауы болғандықтан, оларға ‘Исраил ұлдарына қамқор болатын [Нехемияның] келгені’ мүлдем ұнамады (Нехемия 2:10, 19). Нехемияның жаулары құрылыс ісін тоқтатуға бел буып, бұл үшін тіпті зымиян жоспар құрады. Нехемия ‘жамандықтан жеңілуге’ жол берер ме екен?
“Ашуланды да қатты қапаланды”
5, 6. а) Нехемияның жаулары құрылыс ісіне қалай қарады? ә) Неге Нехемия қарсыластарынан қорқып, ұнжырғасы түспеді?
5 Нехемия халқын батылдықпен былай деп шақырды: “Жүріңдер, Иерусалимнің қабырғасын соғайық”. Сонда олар: ‘Саламыз’,— деп жауап қатты. Нехемияның айтуынша, “[олар] қолдарын оң іс үшін нығайтты”, бірақ қарсыластары оларға “күлді де жиренішпен былай деді: — Сендер не істеп жүрсіңдер? патшаға қарсы көтерілейін деп жүрген жоқпысыңдар?” Нехемия олардың жалған айыбы мен келеке-мазағынан қорқып, ұнжырғасы түскен жоқ. Ол қарсыластарына былай деді: ‘Құдай бізге шапағатын төгуге асығуда, сондықтан да біз, Оның құлдары, құрылыс сала бастаймыз’ (Нехемия 2:17—20). Нехемия ‘оң істі’ жалғастыруға белін бекем буған еді.
6 Қарсыластардың бірі Санаваллат бұған “ашуланды да қатты қапаланды”, сөйтіп, оларға қорлық сөздер жаудыра бастады. Ол мазақтап: “Мына бейшара Иудалықтар не істеп жүр? Шынымен үйілген топырақтан олар тас жасай ала ма?”— деді. Оның келеке-мазағына қосылып Товия да былай деді: “Сала берсін, түлкі ін қазып барады да, олардың тас қабырғасын бұзады” (Нехемия 4:1—3). Нехемияға бұл қалай әсер етті?
7. Нехемия қарсыластарының мазағы мен айыбына қалай қарады?
7 Нехемия қарсыластарының мазағын елемеді. Ол Құдайдың өсиетін орындап, кек қайтаруға тырыспады (Леуіліктер 19:18). Жағдайды Құдайдың қолына тапсырып, былай деп дұға етті: “Біздің қандай жиреніште екенімізді біздің Құдайымыз, естіші, сөйтіп олардың басына ұрсу сөзіңді бағытташы” (Нехемия 4:4). Нехемия Ехобаның: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарам”,— деген сөздеріне сенім білдірген (Заңды қайталау 32:35, ЖД). Осылайша Нехемия мен халық ‘қабырға салуды’ жалғастыра берді. Олар алған беттерінен таймады. ‘Күллі қабырға жартысына дейін қаланып’, ‘халықтың жұмыс істеуге ынтасы’ жоғалмады (Нехемия 4:6). Шынайы ғибадаттың жаулары құрылыс ісін тоқтата алған жоқ! Біз Нехемияға қалай еліктей аламыз?
8. а) Қарсыластар бізді мазақ етіп, жалған айып таққанда, Нехемияға қалай еліктей аламыз? ә) Кек қайтармаудың даналыққа жататынын көрсететін өз бастарыңнан өткен не естіген оқиғаны айтып беріңдер.
8 Бүгінде мектепте, жұмыста, тіпті үйде қарсылық көрсетушілер бізді жазықсыз келеке-мазақ етіп, айыптауы мүмкін. Алайда мұндай кезде ең дұрысы — Киелі кітаптағы ‘үндемей құтылу уақыты бар’ деген принципті қолдану (Екклесиаст 3:1, 7). Осылайша Нехемияға еліктеп, ауыр сөздер айту арқылы кек қайтарудан аулақ боламыз (Римдіктерге 12:17). Сондай-ақ Құдайға дұға етіп, оның “есесін Мен қайтарамын” деген сөздеріне сенім білдіреміз (Римдіктерге 12:19; Петірдің 1-хаты 2:19, 20). Осылай қарсыластарымызға алған бетімізден тайдыруға жол бермей, бүгінгі күні атқарылуы керек рухани істі — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісін — жалғастыра береміз (Матай 24:14; 28:19, 20). Қарсылық көрсетушілерден қорықпай, уағыз ісіне атсалысуымызбен Нехемиянікіндей адалдық танытамыз.
‘Оларды соққыға жығамыз’
9. Нехемияның жаулары қандай қарсылық көрсетті, ал Нехемия не істеді?
9 Нехемияның заманындағы шынайы ғибадаттың қарсыластары ‘Иерусалим қабырғаларының қалпына келтіріліп’ жатқанын естігенде, қолдарына қылыштарын алып, ‘Иерусалимге соғыс ашпақ’ болды. Яһудилердің жағдайы мүшкіл еді. Олардың солтүстігінде самариялықтар, шығысында аммондықтар, оңтүстігінде арабтар, ал батысында азоттықтар мекендейтін. Осылайша Иерусалим ортада қалып, құрылысшылар қақпанға түскендей болды! Олар енді не істейді? “Біз Құдайымызға сыйындық”,— дейді Нехемия. Ал дұшпандары: ‘Оларды соққыға жығамыз, сөйтіп істі тоқтатып тастаймыз’,— деп қорқытты. Нехемия құрылысшыларға қаланы қолдарына ‘семсер, найза мен садақ’ алып қорғауды тапсырды. Адами көзбен қарағанда, яһудилердің шағын тобының өздерінен әлдеқайда күшті қарсыластарына төтеп беруге еш мүмкіндігі жоқ еді. Алайда Нехемия халықты: “Олардан қорықпаңдар; ұлы да қаһарлы Жаратқан Иені есте ұстаңдар”,— деп шақырды (Нехемия 4:7—9, 11, 13, 14).
10. а) Неліктен Нехемияның жауларының жоспары аяқ астынан өзгерді? ә) Нехемия қандай шаралар қолданды?
10 Алайда жағдай аяқ астынан өзгерді. Дұшпандар ат басын кері қайтарды. Неліктен? “Құдай олардың ойға алғанын күйретіп тастады”,— дейді Нехемия. Алайда ол жауларының әлі де болса қауіп төндіріп тұрғанын түсінді. Сондықтан даналықпен құрылысшылардың жұмыс істеу әдісін өзгертті. Енді олар ‘бір қолдарымен жұмыс істеп, екінші қолдарына найза ұстайтын’ болды. Нехемия сондай-ақ жауды көріп, құрылысшыларға хабар беретін кернейшіні тағайындады. Ал, ең бастысы, ол халықты: “Құдайымыз біз үшін шайқасатын болады”,— деп сендірді (Нехемия 4:15—20). Бұдан жігер алған әрі қарсылыққа төтеп беруге дайын болған құрылысшылар жұмыстарын жалғастыра берді. Бұл оқиғадан не нәрсеге үйрене аламыз?
11. Патшалық ісіне тыйым салынған елдерде шынайы мәсіхшілерге жамандыққа қарсы тұруға не көмектесуде және қалайша олар жамандықты жақсылықпен жеңуде?
11 Бүгінде шынайы мәсіхшілер үлкен қарсылықтарға кезігіп жатады. Расында да, кей елдерде шынайы ғибадаттың зұлым қарсыластары қалың қолды құрауы мүмкін. Адами тұрғыдан қарағанда, сол елдердегі бауырластарымыз тығырыққа тірелгендей көрінер. Алайда сол жерлерде тұратын Куәгерлер ‘Құдайдың өздері үшін шайқасатынына’ сенімді. Шындығында да, сенімі үшін қудаланғандар Ехобаның дұғаларына жауап беріп, өздерінен күшті жауларының ‘ойға алғандарын күйретіп тастайтынына’ талай көздері жеткен. Тіпті Патшалық ісіне тыйым салынған елдерде де мәсіхшілер ізгі хабарды уағыздауды жалғастыруда. Иерусалимдегі құрылысшылар жұмыс істеу әдісін өзгерткені сияқты, қарсылыққа кезіккен Ехоба куәгерлері де уағыздау әдістерін даналықпен өзгертуде. Бірақ олар, әрине, қолдарына қару алмайды (Қорынттықтарға 2-хат 10:4). Сондай-ақ тіпті күш көрсету қаупі де олардың уағыздау ісін тоқтата алмайды (Петірдің 1-хаты 4:16). Мұндай батыл бауырластар, қайта, ‘[жамандықты] жақсылықпен жеңуде’.
‘Кел, кездесейік’
12, 13. а) Нехемияның қарсыластары қандай амал қолданды? ә) Неліктен Нехемия қарсыластарының шақыруын қабыл алмады?
12 Нехемияның жаулары ашық қарсылық көрсеткендері сәтсіз болғанын түсінген соң, қулыққа көшті. Олар, негізінде, үш түрлі айла ойлап тапты. Қандай?
13 Біріншіден, олар Нехемияны алдауға тырысты. Олар Нехемияға: “Кел, сөйтіп Оно жазығындағы елді мекендердің бірінде кездесейік”,— деді. Оно Иерусалим мен Самарияның ортасында орналасқан. Сондықтан дұшпандары Нехемияға келіспеушілікті шешу үшін өздерімен орта жолда кездесуді ұсынды. Нехемияның: “Бұл айтқандары ақылға қонымды екен. Олармен шайқасқаннан гөрі, сөйлесіп, мәмілеге келген артық қой”,— деп ойлауына болар еді. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартты. Неге? “Олар маған жамандық жасауды ойлады”,— дейді жауларының айласын түсінген Нехемия. Осылайша ол алданып қалмады. Ол қарсыластарына төрт рет былай деп жауап береді: “Мен... кете алмаймын; егер [шаруаны] тастап, сендерге барсам, іс тоқтап қалар еді”. Дұшпандары Нехемияны айтқандарына көндіре алмады. Оның бар назары құрылыс ісінде болды (Нехемия 6:1—4).
14. Нехемия жауларының жалған айыбына қалай жауап берді?
14 Екіншіден, жаулары Нехемия Артаксеркс патшаға қарсы бүлік шығарып, одан ‘бөлініп қалмақшы’ деген лақап сөз таратты. Олар: “Бірге ақылдасайық, кел”,— деп тағы да айтты. Нехемия бұл жолы да ұсыныстан бас тартты, өйткені жауларының пиғылы оған аян еді. “Олардың бәрі былай ойлады: “Олар бұл істен қолдарын салбыратып жалығады, сөйтіп ол аяқсыз қалады”,— деп түсіндірді Нехемия. Алайда бұл жолы Нехемия жауларының айыбын жоққа шығарып, былай деді: “Сен айтып тұрған секілді ештеңе болған емес; сен мұны өз ақылыңмен ойлап таптың”. Сонымен қатар ол Ехобадан көмек сұрап: “Қолымды нығайта гөр”,— деп дұға етті. Ол Ехобаның көмегінің арқасында қарсыластарының зұлым жоспарын бұзып, құрылысты жалғастыра алатынына сенімді болған (Нехемия 6:5—8, 9, ЖД).
15. Жалған пайғамбар Нехемияға қандай кеңес айтты және ол неге бұдан бас тартты?
15 Үшіншіден, Нехемияны Құдай Заңына қайшы әрекетке итермелеу үшін дұшпандары исраилдік сатқын Шемаяны қолданды. Ол Нехемияға былай деді: “Құдай үйіне, [ғибадатхана] ішіне барайық, сөйтіп [ғибадатхана] есігін жауып алайық, себебі сені өлтіруге келеді”. Ол Нехемияның өміріне қауіп төніп тұрғанын, алайда ғибадатханаға жасырынып, аман қала алатынын айтады. Бірақ Нехемия діни қызметкер емес еді. Сондықтан Құдай үйіне жасырынатын болса, күнә жасар еді. Өмірін сақтау үшін ол Құдай Заңын бұзуға бара ма? Ол былай деп жауап берді: “Мен тәрізді адам тірі қалу үшін [ғибадатханаға] кіре ала ма? Бармаймын”. Нехемия неге алданып қалмады? Өйткені ол Шемая исраилдік болғанмен, ‘оны жіберген Құдай емес екенін білген’. Расында да, шынайы пайғамбар оған Құдай Заңын бұзуға ешқашан кеңес бермес еді. Нехемия бұл жолы да зұлым қарсыластарынан жеңілген жоқ. Көп ұзамай ол: “Қабырға Елул айының жиырма бесінші күні, елу екі күн ішінде жасалып бітті”,— дей алды (Нехемия 6:10—15; Руларды санау 1:51; 18:7).
16. а) Доссымақтарға, жалған айыптаушылар мен жалған бауырластарға қалай қарауымыз керек? ә) Үйіңде, мектепте не жұмыста сеніміңе қайшы әрекет етуден бас тартатыныңды қалай көрсетесің?
16 Нехемия сияқты біз де доссымақтардан, жалған айыптаушылар мен жалған бауырластардан қарсылық көруіміз мүмкін. Кейбіреулер өздерімен, былайша айтқанда, орта жолда кездесуді ұсынуы мүмкін. Олар Ехобаға қызметте қарқынымызды сәл бәсеңдететін болсақ, осы дүниелік мақсаттарға да қол жеткізе алар едік дегенге сендіруге тырысар. Алайда Құдай Патшалығы өмірімізде басты орында тұрғандықтан, бұндай ұсыныстан бас тартамыз (Матай 6:33; Лұқа 9:57—62). Сондай-ақ қарсыластар бізге жалған айып тағуы мүмкін. Нехемияны патшаға қарсы бүлік шығарды деп айыптағаны сияқты, кей елдерде бізді де мемлекет үшін қауіпті деп айыптап жатады. Осындай айыптардың кейбірі соттарда қаралып, жоққа шығарылды. Алайда әрбір жағдайдың нәтижесі қандай болмасын, Ехобадан мәселені өз еркіне сай шешуін сұрап, сенімділікпен дұға етеміз (Філіпіліктерге 1:7). Ехобаға қызмет етіп жүрмін деушілерден де қарсылық көруіміз мүмкін. Нехемияны өмірін сақтап қалу үшін Құдай Заңын бұзуға көндіруге тырысқан яһуди іспетті, бұрын Куәгер болған жолдан тайюшылар да сенімімізге қайшы әрекет етуге итермелеуі мүмкін. Алайда біз олардың сөзіне ермейміз, өйткені өмірімізді Құдай заңдарын бұзып емес, оны орындау арқылы ғана сақтай алатынымызды білеміз (Жоханның 1-хаты 4:1). Иә, Ехобаның көмегінің арқасында кез келген жамандықты жеңе аламыз.
Жамандыққа кезіксек те, ізгі хабарды жариялаймыз
17, 18. а) Шайтан мен оның қызметшілерінің мақсаты не? ә) Не нәрсеге бел будың және неліктен?
17 Құдай Сөзінде Мәсіхтің майланған бауырластары жайлы: “Олар [Шайтанды]... өз куәлігі сөзімен жеңді”,— делінген (Аян 12:11, Тт). Демек, жамандық атаулының көзі Шайтанды жеңу мен Патшалық туралы хабарды уағыздау бір-бірімен тікелей байланысты. Олай болса, Шайтанның түрлі қарсылықты қолданып, майланғандардың тамтығымен және ‘өте үлкен тобырмен’ тынымсыз шайқасатыны таңғалдырмайды (Аян 7:9; 12:17).
18 Жоғарыда айтылғандай, қарсылық сөзбен, күшпен не жасырын түрде көрсетілуі мүмкін. Қай жағдайда да, Шайтанның мақсаты біреу-ақ — уағыз ісін тоқтату. Алайда ол сәтсіздікке ұшырайды, өйткені Құдай халқы ертедегі Нехемияға ұқсап ‘[жамандықты] жақсылықпен жеңіп шығуға’ бел буған. Олар Ехоба аяқталды демейінше, уағыз ісін жалғастыра береді! (Марқа 13:10; Римдіктерге 8:31; Філіпіліктерге 1:27, 28)
[Сілтеме]
a Бұл оқиғалар жайлы Нехемия 1:1—4; 2:1—6, 9—20; 4:1—23; 6:1—15 тармақтардан оқыңдар.
Естеріңде ме?
• Ертедегі Құдайдың қызметшілері қандай қарсылықтарға кезіккен және бүгінгі қызметшілер туралы не деуге болады?
• Нехемияның жауларының басты мақсаты қандай болған, ал бүгінде Құдайдың жауларының мақсаты не?
• Бүгінде қалай жамандықты жақсылықпен жеңудеміз?
[29-беттегі қоршау/сурет]
Нехемия кітабынан білетініміз:
Құдайдың қызметшілерін
• келеке-мазақ етеді
• қорқытады
• алдайды
Оларды алдайтындар:
• доссымақтар
• жалған айыптаушылар
• жалған бауырластар
Құдайдың қызметшілері жамандықты
• Құдай берген тапсырманы орындауларымен жеңеді
[27-беттегі сурет]
Қарсылықтарға қарамастан, Нехемия мен құрылысшылар Иерусалим қабырғасын қайта тұрғызды
[31-беттегі сурет]
Шынайы мәсіхшілер ізгі хабарды батылдықпен уағыздайды