Құдайдың керемет істеріне ықылас қойыңдар
“О, Ехоба, Құдайым, сен көптеген нәрселер жасадың, сенің керемет істерің мен біз туралы ойларыңның бәрі де керемет; саған ешкім тең келмейді” (ЗАБУР 39:6, ЖД).
1, 2. Құдайдың керемет істерінің қандай дәлелдері бар және бұл бізді не істеуге талпындыруы керек?
КИЕЛІ КІТАПТЫ оқыған кезде Ехобаның өзінің ежелгі Исраил халқы үшін істеген керемет нәрселері бірден көзге түседі (Ешуа 3:5; Забур 105:7, 21, 22). Ехоба қазіргі уақытта адамзаттың ісіне ол кездегідей араласып жатпағанымен, біз айналамыздан оның керемет істерінің көптеген дәлелдерін көреміз. Сол себепті біздің Забур жыршысымен бірге: “Сенің істерің қаншалықты көп десеңші, Тәңірім! Сен барлығын да керемет жасағансың; жер беті Сенің шығармаларыңа толы”,— деп айтуымызға негіз бар (Забур 103:24; 148:1—5).
2 Бүгінгі күні көптеген адамдар Жаратушымыздың істерінің осындай айқын дәлелдеріне көңіл аудармайды немесе оларды мойындамайды (Римдіктерге 1:20). Ал біз үшін олар туралы ойланғанымыз жақсы болар еді. Бұл біздің Жаратушымыздың алдындағы алатын орнымыз бен оның алдындағы борышымызды түсінуімізге көмектеседі. Бұл үшін Әйүп кітабының 38—41 тараулары таптырмайтын көмек болып табылады, өйткені онда Ехоба Әйүпті Өзінің керемет істерінің кейбір жақтарына көңіл бұруға шақырған. Құдай қойған кейбір маңызды сұрақтарды қарастырайықшы.
Құдіретті күшті паш ететін керемет істер
3. Әйүп 38:22, 23, 25—29 тармақтарда жазылғандай, Құдай не нәрселер жайында сұрады?
3 Құдай Әйүптен: “Қар сақталатын қамбаға кіріп, бұршақтың қоймасын көріп пе едің?” — деп сұрады. “Мен оларды аласапыран кезеңге, шайқас пен соғыс күніне сақтап отырмын”. Жер шарының көптеген бөліктерінде қар мен бұршақтың жаууы үйреншікті құбылыс. Әрі қарай Құдай былай деп сұрады: “Су ағатын жылғалар жүргізетін және күн күркіреп, найзағай жарқылдауы үшін жол ашатын кім? Мұның бәрі елсіз жерге, адам тұрмайтын шөл далаға жауын жауып, шөл дала мен даланы суға қандырып, көктеп шығып келе жатқан шөпті өсіру үшін қарастырылған. Жауынның әкесі бар ма? Немесе шық тамшылары кімнің арқасында пайда болды? Мұз кімнің құрсағынан шығады, сондай-ақ көктен түскен қырау кімнің арқасында пайда болды?” (Әйүп 38:22, 23, 25—29).
4—6. Неліктен адамдардың қар туралы білімі толық емес?
4 Қарқынды өмір салты қалыптасқан қоғамда өмір сүретін кейбір адамдар қарды жүріп-тұруға кедергі ретінде ғана санайды. Ал көптеген өзге адамдар қарды қысқы әсем көріністі беретін және қызықты нәрселермен шұғылданып ләззат алуға мүмкіндік беретін нәрсе деп санайды. Алайда Құдайдың сұрағын еске алып, ойланып көрейікші: біз қар туралы жақсы білеміз бе? Ең болмаса оның не нәрсеге ұқсайтынын білеміз бе? Әрине, біз қардың үлкен жиынтығының не нәрсеге ұқсас екенін білеміз. Мүмкін күртік қардың суретін көрген болармыз немесе көп қардың жауғанын өз көзімізбен көрген шығармыз. Бірақ қар түйіршігі туралы не білеміз? Олардың не нәрсеге ұқсайтыны жайында не айтуға болады? Мүмкін олардың қалай пайда болатынын қарастырған боларсыңдар?
5 Кейбір адамдар қар түйіршігін ондаған жылдар бойы зерттеп, суретке түсіріп келеді. Қар түйіршіктері пішіні бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүздеген өрнекті мұз кристалдарынан құралған. Бір кітапта былай делінген: “Қар түйіршіктерінің шексіз алуандығы жалпыға мәлім және ғалымдар олардың бір-бірін қайталауына кедергі болатын ешқандай табиғи заңның жоқ екенін айтқанымен, бір-біріне ұқсас екі қар түйіршігін осы уақытқа дейін ешкім кездестірген емес. Осы салада орасан күрделі зерттеу жүргізген... Уилсон Бентли болатын. Ол қырық жыл бойы микроскоппен қар түйіршіктерін зерттеп, суретке түсіргенімен, бір-біріне ұқсас екі түрін еш таба алмады” (Atmosphere). Тіпті егер кенеттен бір-біріне ұқсас екі түйіршік табылып қалған күнде де, олардың осыншама шексіз алуан екендігі таңғаларлық емес пе?
6 Құдайдың сұрағын есімізге түсірейікші: ‘Қар сақталатын қамбаға кірген бе едің?’ Бұлттарды қардың қамбасы деп атауға болады. Осы қамбаға кіріп қар түйіршіктерінің шексіз түрлерін есепке алу немесе олардың қалай пайда болатынын зерттеу мүмкін бе? Бір ғылыми энциклопедияда былай делінген: “-40°C температурада бұлт тамшыларының қатуына себеп болатын мұз кристалдарының табиғаты мен пайда болуы әлі толық түсіндірілген жоқ” (Забур 147:5, 6; Ишая 55:9, 10).
7. Адамдардың жауын туралы білімі қаншалықты?
7 Ал жауын туралы не айтуға болады? Құдай Әйүптен: “Жауынның әкесі бар ма? Немесе шық тамшылары кімнің арқасында пайда болды?” — деп сұрады. Сол ғылыми энциклопедияда былай делінген: “Ауа массаларының атмосферадағы қозғалысының күрделілігін және ауаның ылғалдылығы мен құрамының әр алуандығының себебінен бұлттың пайда болуы мен жауынның жаууын жан-жақты толық түсіндіретін теория жасау мүмкін емес көрінеді”. Жай сөзбен айтқанда, ғалымдар әрқилы теория ұсынғанымен, олар іс жүзінде жауынның жаууын толық түсіндіріп бере алмайды. Бірақ жерді суарып, өсімдіктердің өсуін қамтамасыз етіп, өмір сүруімізді мүмкін етіп қана қоймай одан ләззат алуымызға себеп болатын жауынның жауып жатқанын бәріміз де білеміз.
8. Елшілердің істері 14:17-дегі Пауылдың сөздері неліктен орынды айтылған?
8 Елші Пауылдың жасаған қорытындысымен келіспес пе едіңдер? Ол өзгелерді осы керемет істерден олардың артында тұрған Тұлға жөніндегі куәлікті көре білуге шақырған болатын. Ол Ехоба Құдай туралы былай деген еді: “Өзінің бар екендігіне игі істерімен анық куәлік келтіруін тоқтатпады; аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтырады” (Елшілердің істері 14:17; Забур 146:8).
9. Керемет істері Құдайдың ұлы күшіне қалай куәлік етеді?
9 Осындай керемет те пайдалы істерді Жасаушының шексіз даналығы мен күші бар екеніне еш күмән болуы мүмкін емес. Оның күшіне байланысты келесі нәрсе жайында ойланыңдаршы: күн сайын 45 000, ал жылына 16 миллионнан астам мәрте күн күркірейді екен. Ол дегеніміз тап осы мезетте 2 000-ға жуық мәрте күн күркіреуде. Күннің бір-ақ мәрте күркіреуіне себеп болатын бұлттар жиынтығында екінші дүниежүзілік соғыста тасталған он немесе одан да көп бомбаның энергиясына тең энергия бар. Сол энергияның біраз бөлігін сендер найзағай түрінде көріп жүрсіңдер. Сондай-ақ, қастерлі сезім тудыратын найзағай азоттың түрлерінің пайда болуына септігін тигізеді де, азот топыраққа сіңіп, өсімдіктер үшін табиғи тыңайтқыш болады. Сонымен найзағай энергияны көруге мүмкіндік беріп қана қоймай, көп пайдасын да тигізеді (Забур 104:14, 15).
Қандай қорытынды жасайсыңдар?
10. Әйүп 38:33—38 тармақтардағы сұрақтарға қалай жауап берер едіңдер?
10 Өздеріңді Құдіретті Құдай сұрақ қойып тұрған Әйүптің орнында елестетіп көріңдерші. Адамдардың көпшілігінің Құдайдың керемет істеріне болмашы ғана ықылас қоятынымен, сірә, келісетін боларсыңдар. Ехобаның бізге қойып отырған сұрақтарын Әйүп 38:33—38 тармақтардан оқимыз: “Аспан заңдарын білесің бе, жер бетінде оның үстемдігін орната аласың ба? Сенің үстіңе су молынан құйылуы үшін, бұлттарға даусыңды көтере аласың ба? Найзағайды жұмсай аласың ба, олар саған: “Міне, біз мұндамыз”,— деп жауап бере ме? Жүрекке даналықты дарытқан немесе миға ақыл-парасат берген кім? Кім өзінің даналығымен бұлттарды есептеп шыға алады? Және шаң балшыққа айналып, балшық жабысып кесекке айналғанда аспанның құтыларын кім ұстап қала алады?”
11, 12. Құдайдың керемет істердің Жаратушысы екенінің кейбір дәлелдері қандай?
11 Біз Елиуйдің Әйүппен бірге қарастырған мәселелерінің біразын ғана қарастырдық және Ехобаның Әйүпті ‘ер адам сияқты’ жауап беруге шақырған сұрақтарының кейбіреуін атап өттік (Әйүп 38:3). “Кейбіреуін” деп отырғанымыз, Әйүп кітабының 38, 39-тарауларында Құдай жаратылыстың өзге де ықылас қоярлық тұстарына көңіл аударады. Мысалы, көктегі шоқжұлдыздарды алайық. Олардың барлық заңдарын немесе жарғыларын кім біледі? (Әйүп 38:31—33). Ехоба Әйүптің көңілін арыстан мен құзғын, тау ешкісі мен зебра, буйвол мен түйеқұс, қуатты жылқы мен бүркіт сияқты кейбір жануарларға аударды. Іс жүзінде Құдай Әйүптен осы жануарлардың өмір сүріп, дамуына мүмкіндік беріп, оларға дара ерекшеліктер берген сен бе деп сұрады. Әсіресе жылқы немесе өзге жануарларды жақсы көретін болсаң, осы тарауларды зерттеп, қуанышқа бөлене аласың (Забур 49:10, 11).
12 Ехобаның Әйүпке өзінің екі ерекше жаратылысы жөнінде сұраққа жауап беруін сұрағаны жөнінде жазылған Әйүп кітабының 40, 41-тарауларын қарастыруларыңа да болады. Бұл жерде өте үлкен және күшті гиппопотам (бегемот) мен сұсты ніл қолтырауыны (левиафан) туралы айтылып отырғанын түсінеміз. Олардың әрқайсысы да көңіл бөлуге тұрарлық өзінше ерекшелігі бар керемет жаратылыстар. Ал қазір қандай қорытындыға келуіміз керек екенін көрейік.
13. Құдайдың сұрақтары Әйүпке қалай әсер етті және бізге қалай әсер етуі керек?
13 Әйүп кітабының 42-тарауы Құдайдың сұрақтарының Әйүпке қалай әсер еткенін көрсетеді. Ертеректе Әйүп өзіне және өзгелерге тым көп көңіл бөлетін еді. Бірақ Құдайдың сұрақтар қою арқылы түзетуін қабыл алған Әйүп өзінің ой қалпын жөндеді. Ол былай деп мойындады: “Сенің қолыңнан бәрі келетінін және Сенің еркіңнің орындалмауы мүмкін емес екенін білемін. Кім мынау, ештеңені ұғынбастан Құдайдың құдіретін көмескілеп отырған? — Сонымен, мен өзім ұғынбаған, өзім білмеген мен үшін ғажап істер жөнінде сөйлеген екенмін” (Әйүп 42:2, 3). Иә, Құдайдың істеріне көңіл қойған соң барып Әйүп бұл істердің өзі үшін тым ғажап екенін айтты. Сол сияқты, осы кереметтерді қарастырған соң, Құдайдың даналығы мен күші бізге де әсер етуі керек. Бұлар бізді не нәрсеге талпындыруы керек? Бұл нәрселерге қарап тек Ехобаның ұлылығы мен қабілетінің алдында қастерлі сезімге бөленіп қана қоюымыз керек пе? Әлде өзге де әсері болуы керек пе?
14. Құдайдың керемет істері Дәуітке қалай әсер етті?
14 Забур жырларындағы 85-жырда Дәуіт осыған ұқсас ойлар айтқан болатын. Ол ертеректе: “Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін ауа кеңістігі де көрсетеді. Осыларды күн сайын жариялап, түнде де бұл білімді мәлімдейді”,— деп жырлаған еді (Забур 18:2, 3). Бірақ Дәуіт мұнымен тоқтаған жоқ. Забур 85:10, 11-де біз Дәуіттің: “Сен ұлысың және кереметтер жасайсың; Құдай — Сен, жалғыз Сен ғана. Тәңірім, мені Өз жолыңа үйрете гөр, сөйтіп Сенің шындық жолыңда жүретін боламын; менің жүрегіме Сенің есіміңнен қорқыныш ұялата гөр”,— деген сөздерін оқимыз. Барлық керемет істері үшін Жаратушыны қастерлеген Дәуіт Оның алдында сыйлағаннан туындаған қорқыныш сезінді. Себебі де түсінікті. Дәуіт осындай керемет істерді жасайтын Тұлғаға ұнауды қалаған. Біз де соны қалауымыз керек.
15. Дәуіттің Құдайды қастерлегеннен туындаған қорқынышы неліктен орынды?
15 Құдай құдіретті күштің иесі болғандықтан, әрі өз еркінде қолдана алатындықтан ол өз күшін жазаға лайық болған әркімге қарсы қолдана алатынын Дәуіт айқын түсінген. Олар үшін бұл қатерлі нәрсе. Құдай Әйүптен: “Қар сақталатын қамбаға кіріп, бұршақтың қоймасын көріп пе едің?” — деп сұрады. “Мен оларды аласапыран кезеңге, шайқас пен соғыс күніне сақтап отырмын”. Қар, бұршақ, дауылды нөсер, жел, найзағай — бұлардың барлығы да оның қаруы. Және олар қандай керемет табиғи ұлы күштер десеңші! (Әйүп 38:22, 23).
16, 17. Құдайдың қастерлеу сезімін оятатын күшін қандай мысал арқылы көрсетуге болады және ертеде ол мұндай күшін қалай қолданды?
16 Дауыл, тайфун, циклон, қалың бұршақ немесе су тасқыны сияқты құбылыстардың бірінің себебінен болған апатты естеріңе түсіріңдерші. Мысалы, 2000 жылдың басында қатты дауыл оңтүстік-батыс Еуропа елдеріне көп зиян келтірді. Бұл ауа райын бақылаушылардың өзін таңғалдырды. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен соққан дауыл мыңдаған үйлердің төбесін ұшырып кетті, электр желісінің бағаналарын құлатты және автомобильдерді аударды. Көздеріңе елестетіп көріңдерші: сол дауылдың кезінде 270 миллионға жуық тал түбімен қопарылды немесе бел ортасынан морт сынды, оның ішінде тек қана Париж қаласының жанында орналасқан Версаль бағының өзінде 10 000 тал құлады. Миллиондаған отбасы жарықсыз қалды. Жүз шақты адам қайтыс болды. Осының бәрі аз ғана уақыттың ішінде болды. Қандай күш десеңші!
17 Кейбіреулер мұндай дауылды ауа райының құбылмалылығы, бақылаусыз құбылыс деп атайды. Бірақ егер құдіретті күштің Иесі осындай күшке бағыт беріп, оны өз еркімен қолданып ғажап іс істесе не болған болар еді? Ол осыған ұқсас нәрсені ежелде Ыбырайымның кезінде жасаған болатын. Ыбырайым бүкіл жер бетінің Қазысының Содом мен Ғомора қалаларының тұрғындарының зұлымдықтарын қалай таразыға салғанын білген еді. Олардың азғындыққа салынғандары сонша — адамдардың олардың зұлымдықтары туралы зары Құдайға жетеді де, ол әділ адамдардың бұл жазаланатын қаладан қашуына көмектеседі. Жазбаларда былай делінген: ‘Жаратқан Ие Содом мен Ғомора үстіне аспаннан от аралас күкірт жаудырды’. Бұл — әділ адамдар аман қалып, зұлымдығынан қайтпағандар жойылған таңғаларлық іс болған еді (Жаратылыс 19:24).
18. Ишая кітабының 25-тарауында қандай керемет істерге көңіл аударылған?
18 Кейінірек Құдай ежелгі Бабыл қаласына қарсы үкім шығарды. Бұл Ишая кітабының 25-тарауында суреттелген қала болуы мүмкін. Құдай алдын ала қаланың үйінді болып қалатынын айтқан еді: “Сен қаланы тастардың үйіндісіне, берік қамалды қираған орынға айналдырдың; қалада басқа тайпаның адамдарының салтанатты үйлері қалмады; ол ешқашан қайта қалпына келмейді” (Ишая 25:2). Қазіргі күндері Бабылдың орнына саяхат жасаған адамдар бұл сөздердің орындалғанын растай алады. Бабылдың жойылуы жай ғана жағдайдың кездейсоқ дәл келуі ме екен? Әрине, жоқ. Керісінше, біз Ишаяның сөздеріне қосыла аламыз: “Тәңірім менің! Сен менің Құдайымсың. Сені дәріптеймін, Сенің есіміңді мадақтаймын, өйткені сен ғажап нәрсе істедің; ежелден болжағандарың шындық” (Ишая 25:1).
Болашақтағы керемет істер
19, 20. Ишая 25:6—8 тармақтар қалай орындалады?
19 Құдай өткен уақытта жоғарыда айтылған пайғамбарлықты орындады және болашақта да керемет түрде әрекет ететін болады. Осы Ишаяның Құдайдың “керемет істері” жайлы айтқан жерінен біз Бабылдың үстінен шығарылған үкімнің орындалғаны сияқты міндетті түрде орындалатын пайғамбарлықты көреміз. “Қандай керемет істер” уәде етілген екен? Ишая 25:6-да былай делінген: “Тәңір Сабаот осы тауда барлық халықтар үшін дәмді тағамға толы, таза шарапқа, майлы сүйекке, ең таза шарапқа толы дастархан жаяды”.
20 Ол пайғамбарлық Құдай уәде еткен, біз табалдырығында тұрған жаңа дүниеде міндетті түрде орындалады. Ол кезде адамзат қазіргі көп адамдарға ауыртпалық алып келіп жатқан қиыншылықтардан құтылатын болады. Ишая 25:7, 8-дегі пайғамбарлық Құдайдың өзінің күшін барлық уақыт ішіндегі ең керемет істерінің бірін жасауға қолданатынына кепілдік береді: “[Құдай] өлімді мәңгілікке жоқ қылып, Жаратқан Ие барлық адамдардың жүздеріндегі жасты сүртеді және бүкіл жер бетінде өз халқын ғайбат сөздерден құтқарады; өйткені Тәңір осылай дейді”. Кейінірек елші Пауыл осы жерден үзінді келтіріп, оны Құдайдың өлгендерді қайта тірілтетініне қатысты қолданды. Бұл қандай керемет іс болады десеңші! (1 Қорынттықтарға 15:51—54).
21. Өлгендер үшін Құдай қандай керемет істер жасайды?
21 Қайғыдан жылаудың болмауының тағы бір себебі — адамзат тән ауруларынан айығады. Иса жерде болған кезінде көп адамдарды айықтырды: зағиптың көзін, саңыраудың құлағын ашты және жарымжан адамды жазды. Жохан 5:5—9 тармақтарда оның 38 жыл бойы сал болған адамды жазғаны айтылған. Өз көзімен көрген адамдар оны таңғаларлық немесе керемет іс деп атады. Шындығында да ол солай еді! Бірақ Иса оларға бұдан да таңғаларлығы өзінің өлгендерді қайта тірілтетіні болатынын айтты: “Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары өмір сүру үшін... тіріледі” (Жохан 5:28, 29).
22. Кедейлер мен қамыққандардың не себепті болашаққа үмітпен қарауларына болады?
22 Бұл міндетті түрде орындалады, өйткені мұны уәде еткен — Ехобаның өзі. Ол өзінің өмір беруші ұлы күшін байыбымен қолданған кезде, оның нәтижесінің керемет болатынына сенімді бола аламыз. 71-ші Забур жыры оның Патша Ұлы арқылы атқаратын істеріне көңіл аударады. Ол кезде әділ адамдар өсіп-өнетін болады. Олардың арасында бейбітшілік болады. Құдай кедейлер мен қамыққандарды құтқарады. Ол былай деп уәде етеді: “Жерде, тау үстінде нан мол болады; оның өнімдері Ливандағы тоғайдай жайқалатын болады және жер бетіндегі көк шөп сияқты қалада адамдар көбейеді” (Забур 71:16).
23. Құдайдың керемет істері бізді не істеуге талпындыруы керек?
23 Ехобаның керемет істерінің бәріне — өткен уақытта істегендеріне, қазір істеп жатқандарына және болашақта істейтіндеріне — ықылас қоюымызға себеп бар екені анық. “Жалғыз өзі ғана кереметтер жасаушы Исраилдің Құдайы — Тәңір Құдай мадақталсын, Оның даңқты есімі мәңгі дәріптелсін, сөйтіп бүкіл жер беті Оның даңқына толсын. Аумин, аумин” (Забур 71:18, 19). Өзіміздің туыстарымызбен және өзгелермен осы жайында үнемі құлшына әңгімелесуіміз керек. Иә, оның ‘даңқын халықтарға, жасаған керметтерін барлық ұлттарға жариялайық’ (Забур 78:3, 4; 96:3, 4).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Әйүпке қойылған сұрақтар адамзаттың білімінің шектеулі екенін қалай көрсетеді?
• Әйүп кітабының 37—41 тарауларындағы қандай керемет істер сендерге әсер етті?
• Құдайдың керемет істерінің кейбіреулерін қарастырғанымыз бізге қалай әсер етуі керек?
[10-беттегі суреттер]
Қар түйіршіктерінің таңғаларлық әр алуандығы мен найзағайдың қастерлеу сезімін тудыратын күшіне байланысты қандай тұжырым жасадыңдар?
[Түпдерек]
snowcrystals.net
[13-беттегі суреттер]
Құдайдың керемет істері туралы үнемі өзгелерге айтайық