Керемет істер Жасаушыны таныңдар!
“Тоқта, Құдайдың керемет істеріне ықылас қой” (ӘЙҮП 37:14, ЖД).
1, 2. 1922 жылы қандай таңғаларлық жаңалық ашылды және оның қандай әсері болды?
АРХЕОЛОГ пен ағылшын лорды қазыналарды іздеуде жылдар бойы бірге қызмет етеді. Ақыр аяғында 1922 жылдың қараша айының 26 жұлдызында археолог Хоуард Картер мен лорд Карнарвон өздерінің еңбегінің жемісін көреді: Мысыр перғауындары жерленген әйгілі Патшалар аңғарында олар перғауын Тутанхамонның қабірін табады. Олар бекітіліп, мөр басылған есікті теседі де, Картер қолындағы шамның жарығын түсіріп, оның ішіне үңіледі.
2 Кейінірек Картер былай деп есіне алады: “Менің үнсіздігімнен қауіптенген Лорд Карнарвон мазасызданып: “Бір нәрсе көріне ме?” — деп сұрады. — “Иә... керемет нәрселер!” — менің аузыма түскені осы ғана болды”. Қабірдің ішінде, мыңдаған бағалы заттармен қатар, таза алтыннан жасалған табыт бар еді. Сол “керемет нәрселердің” кейбіреулерін фотосуреттерден немесе мұражайлардан мүмкін көрген де боларсыңдар. Алайда мұражайдағы бұйымдар қаншама керемет болғанымен, біздің өмірімізге ешқандай да қатысы болмаса керек. Сол себепті біздің өмірімізге тікелей қатысты және өте бағалы керемет істерге көңіл аударайықшы.
3. Біз үшін пайдалы болатын керемет нәрселер туралы қайдан білуімізге болады?
3 Мысалы үшін, қазіргі кино жұлдыздарының, спорт қаһармандарының немесе король отбасының мүшелерінің қай-қайсысынан болса да, көп көңіл бұруға тұрарлық көптеген ғасырлар бұрын өмір сүрген адамды еске түсірейікші. Ол бүкіл Шығыстағы ең ұлы адам аталған болатын. Оның есімі сендерге таныс: Әйүп. Ол туралы Киелі кітаптың құрамына кіретін толық бір кітап жазылған. Бірақ, Әйүптің замандастарының бірі — Елиуй есімді жас жігіт — оны дұрыстауы керек екенін сезінеді. Тоқетерін айтқанда, ол Әйүптің өзіне және айналасындағы адамдарға шамадан тыс көңіл аударатынын айтады. Әйүп кітабының 37-тарауында біз сонымен қатар өзге де әрқайсымыз үшін пайдалы нақты және дана кеңестерді табамыз (Әйүп 1:1—3; 32:1—33:12).
4. Елиуйдің Әйүп 37:14-те жазылған сөздерді айтуына не себеп болды?
4 Доссымақтары өз ойлары бойынша Әйүптің бұрыс ойлаған немесе әрекет еткен тұстары жайында ұзақ сөйледі (Әйүп 15:1—6, 16; 22:5—10). Елиуй олардың әңгімелері біткенге дейін шыдамдылықпен күтті. Сонан соң ол көрегендікпен және даналықпен сөйлей бастады. Ол көптеген пайдалы нәрселер айтты, бірақ ол баса көңіл аударған нәрсе мынау еді: “Мынаған құлағыңды сал, Әйүп; тоқта, Құдайдың керемет істеріне ықылас қой” (Әйүп 37:14, ЖД).
Керемет істерді Жасаушы
5. Елиуй көңіл аударған “Құдайдың керемет істері” не жөнінде куәлік етеді?
5 Көңіл аударыңдаршы, Елиуйдің айтуынша Әйүп көңілін өзіне, Елиуйге немесе өзге адамдарға бұрмауы керек еді. Елиуй даналықпен Әйүпті, бізді де, Ехоба Құдайдың керемет істеріне ықылас қоюға шақырды. “Құдайдың керемет істеріне” нені жатқызуға болады? Сондай-ақ денсаулық, күнкөріс, болашақ, отбасың, бірге жұмыс істейтін жолдастарың және жақындарың туралы ойлай отырып, не себепті Құдайдың істеріне ықылас қоюымыз керек? Ехоба Құдайдың керемет істері оның даналығын және айналамыздағы физикалық жаратылыстардың Оған бағынышты екенін паш етеді (Нехемия 9:6; Забур 23:1; 103:24; 135:5, 6). Мұны айқын сезіну үшін Ешуа кітабының бір үзіндісіне көңіл бұрайықшы.
6, 7. а) Мұсаның және Ешуаның кездерінде Ехоба қандай керемет істер жасады? ә) Мұса мен Ешуаның кезіндегі керемет істердің біріне куә болғанымызда бізді қандай сезім билер еді?
6 Ехоба ежелгі Мысырға апаттар жіберді және содан соң Қызыл теңізді қақ жарып, Мұсаның исраилдіктерді бостандыққа алып шығуына мүмкіндік жасады (Мысырдан шығу 7:1—14:31; Забур 105:7, 21, 22). Ешуа кітабының 3-тарауында да осыған ұқсас оқиға суреттелген. Мұсаның орнын басушы Ешуа Құдай халқын басқа судан алып өтіп, Уәде етілген жерге бастап барар алдында былай деді: “Тазару рәсімінен өтіңдер, өйткені ертең Тәңір сендердің араларыңда кереметтер [“керемет істер”, ЖД] жасайды” (Ешуа 3:5). Ол қандай керемет істерді айтты екен?
7 Киелі кітапта Ехобаның кедергі болып тұрған Иордан өзенінің суын тоқтатып, сан мыңдаған ерлердің, әйелдер мен балалардың құрғақ жермен өтуіне мүмкіндік жасағаны жазылған (Ешуа 3:7—17). Егер біз өзеннің суының тоқтап, барлық адамдардың аман-есен өткенін өз көзімізбен көргенде, мұндай керемет іс бізді қалай таңғалдырған болар еді десеңші! Бұл өз жаратылыстарын бағындыратын Құдайдың күшін паш етті. Қазіргі уақытта да, яғни біз өмір сүріп отырған уақытта, кереметтер болуда. Бұл кереметтердің кейбіреулерін және неліктен біздің оларға ықылас қоюымыз керек екенін көру үшін, Әйүп 37:5—7 тармақтарды қарастырайық.
8, 9. Әйүп 37:5—7 тармақтарында қандай керемет істер жайында айтылған және біз неліктен осы істер жайында ойлануымыз керек?
8 Елиуй: “Құдай күркіретіп даусын шығарады, біз түсіне алмайтын ұлы істер жасайды”,— деп жариялады. Құдай “ұлы” істер жасайды дегенде Елиуйдің нені айтқысы келді екен? Ол қар мен нөсер жөнінде айтты. Қар немесе нөсер жауған кезде алқаптағы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болады. Мұндай жағдай оның Құдайдың істері жайлы ойлануына себеп болар еді, әрі оған уақыты да болар еді. Біз диқаншы емес шығармыз, сөйтсе де жауын мен қар біздің әрқайсымызға да әсер етеді. Қай жерде өмір сүргенімізге байланысты қар мен жауын біздің де істерімізге кедергі жасауы мүмкін. Сондай кездерде осындай кереметтердің артында кімнің тұрғаны және бұлар нені білдіретіні жөнінде ой жүгіртесіңдер ме? Солай еткен кездерің болған ба?
9 Әйүп кітабының 38-тарауынан оқитынымыздай, Ехоба Құдайдың өзі де осылай еткенімізді қалайды, өйткені ол Әйүпке маңызды сұрақтар қойған болатын. Жаратушымыз бұл сұрақтарды Әйүпке қойғанмен де, олар біздің де көзқарасымызға, өміріміз бен болашағымызға қатысты. Сол себепті, Құдайдың нені сұрағанын қарастырып, бұнымен не айтқысы келгені жөнінде ойланайық. Иә, Әйүп 37:14-тегі дана сөздерге құлақ асайық.
10. Әйүп кітабының 38-тарауы бізге қалай әсер ету керек және онда қандай сұрақтар көтерілген?
10 38-тарау келесі сөздермен басталады: “Тәңір Әйүпке дауылдың ішінен жауап беріп, былай деді: мәнсіз сөздермен Құдайдың құдіретін көмескілеп тұрған кім бұл? Ер адамша беліңді бекем бу да, Менің сұрағандарымды түсіндіріп бер” (Әйүп 38:1—3). Осы сөздермен Ехоба Әйүпті бұдан кейін айтпақ нәрселеріне дайындады. Бұл Әйүптің өзін бүкіл әлемнің Жаратушысының алдында тұрып, оған есеп беріп тұрғанын сезінуіне көмектесті. Бұл біздер мен замандастарымыз үшін де сабақ боларлық сөздер. Сонан соң Құдай Елиуй атап өткен нәрселерге оралып, былай деп сұрады: “Мен жердің негізін қалағанда сен қайда болдың? Білсең, айтшы. Егер білсең, оның мөлшерін кім бекітті, немесе кім оның үстінен жіп тартты? Оның негіздері не нәрсеге бекітілген, немесе оның іргетасын қалаған кім?” (Әйүп 38:4—6).
11. Әйүп 38:4—6 тармақтар не нәрсені түсінуімізге көмектесуі керек?
11 Жер пайда болған кезде Әйүп қайда болды? Ал біз ше? Жердің жобасын жасаған сәулетші немесе оның мөлшерін өлшеген адам баласы ма еді? Әрине, жоқ! Ол кезде адамдар тіпті болмаған. Жерді ғимаратқа балап, Құдай: “Оның іргетасын қалаған кім?” — деп сұрады. Біздің өмір сүріп, өсіп-өніп көбеюіміз мүмкін болуы үшін, жердің күннен белгілі бір қашықтықта орналасқанын білеміз. Оның көлемі де дұрыс белгіленген. Егер жер үлкенірек болғанда, біздің атмосферамызда сутегі жиналып қалар еді де, планетамызда өмір сүру мүмкін болмас еді. Әлдекімнің “оның іргетасын” орнын тауып ‘орналастырғаны’ анық. Ал оны орналастырған Әйүп пе екен? Мүмкін біз шығармыз? Ехоба Құдай шығар? (Нақыл сөздер 3:19; Еремия 10:12).
Адамдардан кім жауап бере алады?
12. Әйүп 38:6-дағы сұрақ біздің ойымызға нені салады?
12 Сондай-ақ Құдай: “Оның негіздері не нәрсеге бекітілген?” — деп сұрады. Адамға ой салатын сұрақ емес пе? Кезінде Әйүп білмеген “тартылыс” деген терминді бәріміз де білсек керек. Басым көпшілігіміз салмақты алып күннің тартылыс күшінің арқасында жердің белгілі бір орында тұрғанын, яғни ‘жердің негіздері бекітілгенін’ білеміз. Алайда тартылыс күшін, немесе гравитацияны, толық түсінетін адам бар ма екен?
13, 14. а) Тартылыс күші жайында не нәрсені мойындауымыз керек? ә) Әйүп 38:6-да суреттелген жағдай бізге қалай әсер етуі керек?
13 Жақында жарық көрген бір кітап ‘тартылыс күшінің ең танымал екендігін, сөйте тұра біз ең аз түсінетін табиғи құбылыс’ екендігін мойындайды (The Universe Explained). Әрі қарай ол кітапта: “Тартылыс күші бос кеңістікте қандай да бір түсініксіз жолмен әп-сәтте-ақ өріс алатындай көрінеді. Бірақ өткен жылы физиктер тартылыс күші гравитондар деп аталатын кішкентай бөлшектерден пайда болған толқындар ретінде өріс алады деген болжам айта бастады... бірақ ондай бөлшектің бар екендігіне олардың ешқайсысы толық сенімді емес”,— делінген. Автордың сөзі жайлы ойланыңдаршы.
14 Ехоба осы сұрақтарды Әйүпке қойғаннан бері ғылым 3 000 жыл бойы дамып келеді. Сөйткенмен де біз де, физика мамандары да — ешқайсымыз да жерді біздің өмір сүруімізге қолайлы болатындай дұрыс орбитада ұстап тұрған тартылыс күшін толық түсіндіріп бере алмаймыз (Әйүп 26:7; Ишая 45:18). Әрине, біз сендерді тартылыс күшінің құпиясын терең зерттеуге шақырып отырған жоқпыз. Керісінше, Құдайдың керемет істерінің тіпті осы бір ғана жағына көңіл бөлгеніміз біздің Оған деген көзқарасымызға әсер етеді. Оның даналығы мен білімінің алдында қастерлі сезімдерің оянды ма және оның еркі туралы көбірек білуіміз керек екенін сезіндіңдер ме?
15—17. а) Әйүп 38:8—11 тармақтарда не нәрсеге көңіл аударылған және осыған орай қандай сұрақтар туындайды? ә) Мұхиттар мен олардың жер шарының бетіне жайылуы туралы білімге байланысты не нәрсені мойындауымыз керек?
15 Жаратушы әрі қарай: “Анасының құрсағынан шыққандай ақтарылған кезінде, Мен бұлтты оған киім етіп, тұманды жамылғы еткен кезімде, оған өзімнің ұйғарымымды бекітіп, ілмек пен дарбазасын орнатып, “осы жерге дейін келесің де, бұдан әрі өтпейсің, сенің тәкаппар толқындарыңның шегі осы жер” деп айтқан кезімде теңізге бөгет орнатқан кім?” — деп сұрады (Әйүп 38:8—11).
16 “Бөгет” орнатқан деген сөздер құрлықтар мен, мұхиттарға және теңіздердің тасуы мен қайтуына қатысты. Адамдар мұның бәрін қанша уақыттан бері бақылап, зерттеп келеді екен? Мыңдаған жылдар бойы, ал соңғы ғасырда өте көп күш және уақыт жұмсауда. Осы уақытқа дейін ол туралы бәрі дерлік белгілі болуы керек сияқты еді. Бірақ, биылғы 2001 жылы осы тақырыпты мұқият зерттеп, ең үлкен кітапханалардағы ең соңғы деректерді қарастырсаңдар және интернеттің кеңінен зерттеу мүмкіндігін қолданатын болсаңдар не нәрсеге қол жеткізер едіңдер?
17 Кеңінен тараған анықтама жұмыстан сендер келесі сөздерді табуларыңа болады: “Жер шарының континенттік платформалары мен мұхит бассейндерінің орналасуы және құрлықтың негізгі пішіні көп уақыт бойы ғылыми зерттеулер жүргізіп, теориялар жасау үшін ең қызық проблемалардың бірі болып келеді”. Осыларды айта келе ол энциклопедия тек қана төрт түсініктің мүмкін екенін айтады, бірақ бұлардың “көптеген жорамалдардың кейбіреуі” ғана екенін ескертеді. Өздерің білетіндей, жорамал дегеніміз — “шама, тұспал, болжам” ғана.
18. Әйүп 38:8—11 тармақтарды қарастырған соң қандай ой тұжырымдауға болады?
18 Бұл Әйүп 38:8—11 тармақтарда қазіргі уақытта да адамдарды ойландыратын сұрақтар көтерілгендігі көңіл аударарлық емес пе? Планетамыздағы құрлықтар мен мұхиттарды орналастырған біз емес. Тартылыс күші теңіз суы тасып-басылған кезде адамдар тұрып жатқан алаңды басып қалмауына септігін тигізетіндей етіп айды дұрыс қашықтықта орналастырған біз емес. Бірақ бұл керемет істерді Жасаушының кім екенін біз білеміз (Забур 32:7; 88:10; Нақыл сөздер 8:29; Елшілердің істері 4:24; Аян 14:7).
Ехобаға лайықты құрмет көрсетіңдер
19. Әйүп 38:12—14 тармақтардағы поэтикалық сөздер біздің көңілімізді қандай физикалық құбылысқа аударады?
19 Жердің айналу процесін іске қосқан да адамдар емес. Көбінесе ғажап болып ататын таң осы процестің себебінен болады. Бұл жөнінде Әйүп 38:12—14 тармақтарда айтылған. Күн көтерілген сайын, шебердің қолындағы саз балшықтың пішінінің айқындала түсетініндей, жер бетінің қыртыстары айқындала түседі. Жердің айналуы туралы аз ғана ой жүгірткеннің өзінде жердің тым жылдам айналмайтыны таңғалдырады. Өйткені ол бұдан жылдам айналатын болса, өмір сүру мүмкін емес екенін жақсы білеміз. Сондай-ақ ол аса баяу да айналмайды. Олай болатын болса күн мен түн тым ұзақ болар еді де, ыстық пен суық аса қатты болып, адамның өмір сүруі мүмкін болмас еді. Анығын айтқанда, айналу жылдамдығын адамдар емес, Құдайдың өзінің белгілегеніне қуануымыз керек (Забур 148:1—5).
20. Әйүп 38:16, 18-дегі сұрақтарға қалай жауап берген болар едің?
20 Ал енді Құдай келесі сұрақтарды сендерге қойып тұрғанын көздеріңе елестетіңдерші: “Теңіз тереңіне түсіп, түпсіз тұңғиықты зерттегенсің бе?” Тіпті мұхиттарды зерттейтін ғалымдардың өзі толық жауап бере алмас еді! “Сен жерді шегіне дейін барлаған ба едің? Осының бәрін білетін болсаң, түсіндіріп берші, қане” (Әйүп 38:16, 18). Бүкіл жер шарын немесе еш болмағанда басым бөлігін шарлап, зерттеген бе едіңдер? Біздің жер шарының сұлу жерлерін және кереметтерін тамашалау үшін адам қанша уақыт өмір сүруі керек болар еді? Және де қандай керемет уақыт болған болар еді десеңші!
21. а) Әйүп 38:19-да суреттелген табиғи құбылыстарды ғылым қалай түсіндіреді? ә) Жарық жайлы білгеніміз бізге қалай әсер етуі керек?
21 Сондай-ақ Әйүп 38:19-дағы күрделі сұрақтарға көңіл аударшы: “Жарық тұратын жерге баратын жол қайда, ал түнектің орны қайда екен?” Мүмкін сендер ұзақ уақыт бойы жарық су толқыны сияқты тарайды деген көзқарастың кеңінен таралып келгенін білетін боларсыңдар. Кейіннен, 1905 жылы Альберт Эйнштейн жарық дегеніміз энергияның бөлшегі немесе кішкене ғана бөлігі деген жорамал жасады. Сонымен сұрақ шешілді ме екен? Жақында жарық көрген энциклопедияда: “Жарық дегеніміз толқын ба, әлде бөлшек пе?” — деген сұрақ қойылған. Онда былай деп жауап беріледі: “Сірә, [жарық] олардың екеуі бірдей бола алмайды, өйткені бұл екеуінің (толқын мен бөлшек) арасында үлкен айырмашылық бар. Ең дұрыс жауап: турасын айтқанда, жарық олардың екеуі де емес”. Сонымен бұл мәселеге байланысты Құдайдың істерін ешкім толық түсіндіріп бере алмайды. Сөйтсе де, біз күн жарығынан (тікелей немесе жанама түрде) осы уақытқа дейін жылу алып келеміз. Оның өсімдіктерге әсер етуінің арқасында бізге қорек болар тағам бар және оттегімен тыныс аламыз. Біз жарықтың арқасында оқи аламыз, өзіміз сүйетін адамдардың жүзін көре аламыз, батып бара жатқан күнді мұқият бақылаймыз және өзге де көптеген әрекеттер жасай аламыз. Осыларға байланысты, біз Құдайдың керемет істерін сезінуіміз керек емес пе? (Забур 103:1, 2; 144:5; Ишая 45:7; Еремия 31:35).
22. Құдайдың керемет істері ертеде Дәуітке қалай әсер еткен?
22 Құдайдың керемет істері жайлы ойланғанымыз тек қана масаттандырып, зор құрмет сезіміне бөлеуі немесе әдемілігімен бізді таңғалдыруы керек пе? Әрине, олай емес. Ертеде өмір сүрген Забур жыршысы Құдайдың істерінің бәрін ақыл-ойымызбен қамтып, түсіне алу мүмкін емес екендігін мойындаған болатын. Ол: “Сен өте көп нәрсе жасадың, Тәңірім, Құдайым менің: Сенің кереметтерің жайлы... уағыздап, айтқым-ақ келеді, бірақ оларға сан жетпейді”,— деп жазды (Забур 39:6). Сөйткенмен де, оның осы ұлы істер жайлы ештеме айтпаймын дегісі келмегені анық. Мұны Дәуіт Забур 9:1-де жазылған сөздері арқылы дәлелдеді: “Шын жүректен Сені мадақтаймын Тәңірім, Сенің барлық кереметтеріңді жариялаймын”.
23. Құдайдың керемет істері сендерге қалай әсер етеді және сендер өзгелерге қалай көмектесе аласыңдар?
23 Бізге де сондай әсері болуы керек емес пе? Құдайдың ұлы істеріне байланысты бойымызды билеген керемет сезім ол туралы, оның не істеп жатқаны туралы және болашақта әлі де не істейтіндігі жайлы айтуға талпындыруы керек емес пе? Жауабы анық, біз оның ‘даңқын халықтарға, жасаған кереметтерін [“керемет істерін” ЖД] барлық ұлттарға жариялауымыз’ керек (Забур 95:3—5). Иә, біз Құдайдың керемет істері үшін шексіз ризашылығымызды ол туралы білгендерімізді өзгелермен бөлісу арқылы көрсете аламыз. Тіпті олар Жаратушыны мойындамайтын ортада өссе де, біздің нанымды да көңілге қонарлық сөздеріміз олардың Құдайды мойындауларына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ оларды “бүкіл әлемді жаратқан” кереметтер Жасаушы Ехоба туралы біліп, оған қызмет етуге талпындыруы мүмкін (Аян 4:11).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Әйүп 37:14-те жазылған сөздерді оқығанда сендер Құдайдың қандай жаратылыстары туралы ойлайсыңдар?
• Әйүп 37, 38-тарауларда ғалымдар толық түсіндіре алмайтын қандай құбылыстар суреттелген?
• Құдайдың керемет істері сендерді қандай сезімдерге бөлейді және қандай іске талпындырады?
[7-беттегі сурет]
Теңіздер асып кетпес үшін оларға бөгет орнатқан кім?
[7-беттегі сурет]
Құдай жаратқан жер бетіндегі сұлу жерлердің бәрінде болып тамашалаған адам бар ма?