Ехобаның сөзі тірі
Забур жырларының бірінші жазбасындағы көңіл бұрарлық ойлар
БАСЫМ бөлігі Жаратушымыз Ехоба Құдайға арнап айтылған мадақтау жырларынан тұратын кітап қандай атауға лайық болуы мүмкін? Әрине, бұған Забур, немесе мадақтау жырлары, деген атаудан лайығы жоқ. Киелі кітаптың осы ең ұзақ кітабында Құдайдың ғажап қасиеттері мен құдіретті істері және көптеген пайғамбарлықтар айтылған әсем жырлар жазылған. Сондай-ақ көп жырда жазушылардың бақытсыздыққа ұшырағанда қандай сезімде болғандары жырланады. Ондағы айтылғандар шамамен мың жылдай уақытты — Мұсаның күндерінен бастап Бабыл тұтқындығынан кейінгі уақытты — қамтиды. Оны жазғандар: Мұса, Дәуіт патша және тағы басқалар. Бұл кітаптың соңғы нұсқасын құрастырған Езра боп есептеледі.
Ежелден-ақ Забур жыры бес жазбаға, немесе бөлікке, жинақталған: 1) Забур 1—40 тараулар; 2) Забур 41—71 тараулар; 3) Забур 72—88 тараулар, 4) Забур 89—105 тараулар; 5) Забур 106—150 тараулар. Осы мақалада бірінші жазбаны қарастырамыз. Бұл жазбадағы үш жырды, 1-ші, 9-шы және 32-ші жырды, кім жазғаны белгісіз. Басқасын ежелгі Исраил патшасы Дәуіт жазған.
“МЕНІҢ ҚҰДАЙЫМ — ЖАРТАСЫМ МЕНІҢ”
Бірінші жырда Құдайдың заңынан рақат табатын адам бақытты екені айтылған соң, екіншісі тікелей Патшалық туралы тақырыпқа көшедіa. Забур жырларының осы жазбасында Құдайға жалынып-жалбарынушылық басым. Мысалы, Забур 3—5, 7, 11, 12 және 16-тарауларда жаулардан құтқаруды сұрап жалбарынған сөздер жазылған. Ал 8-тарауда дәрменсіз адамдарға қарағанда Ехобаның қаншалықты ұлы екеніне көңіл аударылады.
Ехобаны өз халқының Қорғаушысы ретінде сипаттай отырып, Дәуіт: “Менің Құдайым — жартасым менің; мен Оған үміт артам”,— деп жырлаған (Забур 17:3). Ехоба 18-тарауда Жаратушы әрі Заң беруші, 19-тарауда Құтқарушы, 20-тарауда өзінің майланған Патшасын Құтқарушы ретінде мадақталады. Ал 22-тарауда Ұлы Бағушы ретінде суреттелсе, 23-те ұлылыққа бөленген Патша ретінде бейнеленеді.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:1, 2. Ұлттар қандай “іске аспайтын жоспар” құрып жатыр? “Іске аспайтын жоспар” адамзат үкіметтерінің өз биліктерін сақтап қалу үшін тынбай әрекеттеніп жатқанын білдіреді. Бұл тіркес олардың ниеттерінің іске аспайтын, сөзсіз сәтсіздікке ұшырайтын бос әурешілік екенін көрсетеді. ‘Тәңір мен Оның қойған патшасына’ қарсы шығып, халықтар табысты бола алуы мүмкін бе?
2:7. ‘Жаратқанның жарлығы’ деген не? Бұл — Ехобаның сүйікті Ұлы Иса Мәсіхпен жасасқан Патшалық туралы келісімі (Лұқа 22:28, 29).
2:12. Халық басшылары қай мағынада “ұлының аяғын сүймек” [“ұлын сүймек”, ЖД]? Киелі кітап жазылған заманда сүю деген достық пейіл мен адал ниетті білдірген. Қонақтарды осылай сүйіп қарсы алған. Жердегі патшаларға Ұлды сүю, дәлірек айтқанда, оны Мәсіхтің Патшалығының Патшасы ретінде қарсы алу, бұйырылады.
3:1. Неге кейбір жырларға кіріспе жасалған? Кіріспеде кейде жазушының кім екені және/яки сол жыр қандай жағдайда жазылғаны туралы мәлімет жазылған (мысалы, 3-тарауды қара). Сонымен қатар онда қандай да бір жырдың мақсаты немесе қолданылуы (Забур 4, 5-тараулар), қандай аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатыны түсіндіріледі (Забур 6-тарау).
10:3. Бұл жерде қандай “тұғырдың” қирауы туралы айтылады? Бұл адамзат қоғамына тірек, сүйеніш болып отырған заңды, тәртіп пен әділдікті білдіреді. Бұлар бұзылса, қоғамда тәртіпсіздік орнап, ешбір әділдік қалмайды. Мұндай жағдайда ‘әділ жан’ Ехобаға толық арқа сүйеуі керек (Забур 10:4—7).
20:4. ‘Таза алтынның тәжі’ деген нені білдіреді? Бұл тура мағынадағы тәж ба, жоқ әлде Дәуіттің көп жеңісінің арқасында ұлылығының арта түскенін бейнелей ме, бұл жайында ештеңе айтылмаған. Алайда бұл тармақ Ехобаның Исаға 1914 жылы патшалық тәжін бергеніне нұсқайтын пайғамбарлық болып табылады. Тәждің алтыннан болғаны оның билігінің өте сапалы екенін көрсетеді.
21:2, 3. Дәуіттің өзін Ехоба тастап кеткендей сезінуіне не себеп болуы мүмкін? Дәуіт жауларынан қатты қысым көргенде: “Кеудемде жүрегім балауыздай әбден балқып, елжіреп кетті босап”,— деген (Забур 21:15). Оған Ехоба өзін тастап кеткендей көрінсе керек. Иса да шегеленгенде, өзін осылай сезінген (Матай 27:46). Дәуіттің сөздері қатты қамыққандағы адамға тән сезімін көрсетеді. Алайда Забур 21:17—22 тармақтардағы дұғасынан Дәуіттің Құдайға деген сенімін жоғалтпағаны анық көрінеді.
Біз үшін сабақ:
1:1. Ехобаны сүймейтіндермен араласудан аулақ болуымыз керек (Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
1:2. Рухани нәрселерге ден қоймайтын күніміз болмау керек (Матай 4:4).
4:5. Ашуланып тұрғанда, артынан өкініп жүретін бірдеңе айтып қоймас үшін, тілімізге ие болғанымыз ақылдылыққа жатады (Ефестіктерге 4:26).
4:6. Әкелген рухани құрбандықтарымыз тек дұрыс ниетпен және Ехобаның талаптарына сай жүріп-тұрсақ қана ‘Тәңірге лайық сый-тарту’ болады.
6:6. Тірі жүруді қалаудың бұдан артық қандай себебі болуы мүмкін? (Забур 113:25)
9:13. Ехоба қан төгушіні жазасын беру үшін іздейді, ал “жәбірленушілердің зарын” ұмытпайды.
14:2, 3; 23:3—5. Құдайдың шынайы қызметшілері тек ақиқатты айтып, жалған ант-су ішу мен жала жабудан аулақ болулары керек.
14:4. Егер біреуге сөз беріп қойған болсақ, оны орындау қаншалықты қиын болса да, сөзімізде тұрғанымыз жөн. Берген уәдеміздің Киелі кітап талаптарына қайшы келетінін түсінген кездері ғана осы міндеттен босаймыз.
14:5. Ехобаның қызметшілері ретінде ақшаны жамандыққа пайдаланудан сақ болуымыз керек.
16:14, 15. ‘Әлемнің адамдары’ бар өмірлерін бақуатты тұрмыс кешуге, отбасын аяққа тұрғызу мен артынан ұрпақ қалдыруға арнайды. Ал Дәуітті қызықтырған басты нәрсе ‘Тәңірдің жүзіне қарай алу’ үшін, немесе Ехобаның шапағатын көру үшін, Құдайдың алдында жақсы атқа ие болу еді. Ехобаның уәделері мен сендірген сөздерінен ‘оянған’ Дәуіт ‘Оның бейнесіне қарап тойынады’, немесе Ехоба өзінің жанында екеніне қуанатын болады. Дәуіт сияқты біз де бар көңілімізді рухани қазынаға аударуымыз керек емес пе?!
18:2—7. Сөйлей де, ойлана да алмайтын жаратылыстар Ехобаны мадақтап жатқанда, сөйлеу, ойлау қабілетіміз бар біздер Құдайды одан бетер мадақтауымыз керек емес пе?! (Аян 4:11)
18:8—12. Ехобаның талаптары бізге қаншалықты пайдалы десеңші!
18:13, 14. Теріс қылықтар мен өзімсініп әрекет ету — аулақ болуымыз керек күнәлар.
18:15. Біз қалай әрекет ететінімізге ғана емес, не айтып, не ойлайтынымызға да мән беруіміз керек.
“МЕНІ МІНСІЗДІГІМ ҮШІН ҚОЛДАП-ҚУАТТАЙСЫҢ”
Дәуіт Забур жырының осы бөлігінің алғашқы екі жырында адалдығын сақтауға деген шын ықыласы мен берік шешімін қалай білдірген десеңші! Ол: “Мен өзімнің адалдығыммен өмір сүрудемін”,— деп жырлады (Забур 25:11). Күнәларын кешіруді сұрап дұға еткенде, ол: “Мен үндемеген кезде өзімнің күнделікті күйзелістерімнен менің сүйектерім күйрей бастаған еді”,— деп мойындайды (Забур 31:3). Ехобаның адал қызметшілерін Дәуіт былай деп сендіреді: “Жаратушының жанары құдайшылдарға [әділдерге] қарайды, және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайды” (Забур 33:16).
Забур жырының 36-тарауында келтірілген кеңестер исраилдіктер үшін қаншалықты құнды болған десеңші! “Соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқан біз үшін де оның құны өте зор (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Иса Мәсіх жайлы пайғамбарлық болып табылатын Забур 39:8, 9-да: “Міне, келе жатырмын; кітап қаттамасында мен туралы жазылыпты: Мен Сенің құзырыңды орындамақпын, Құдайым менің, Сенің заңдарың да жүрек түкпірімде сақтаулы тұр”,— делінген. Осы жазбаның соңғы жырында Барсабиямен күнә жасағаннан кейінгі ауыр жылдары Дәуіттің Ехобадан көмек сұрағаны жазылған. Ол: “Ал мені мінсіздігім үшін қолдап-қуаттайсың”,— деп жырлайды (Забур 41:12, ЖД; [40:13]).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
25:7 Қалай Дәуіт сияқты, бейнелеп айтқанда, біз де Ехобаның “құрбандық шалатын жерін күтіп ұстай [“айналып жүре”, ЖД]” аламыз? Құрбандық шалатын орын адамзат үшін берілген Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын қабыл алуға қатысты Ехобаның еркін бейнелейді (Еврейлерге 8:5; 10:5—10). Осы құрбандыққа сенім білдіруімізбен Ехобаның құрбандық шалатын орнын айналамыз.
28:3—9. Ехобаның жаңғырған даусы нені білдіреді? Бұл бойымызда қастерлеу сезімін оятатын Ехобаның күшін білдіреді.
32:6. Ехобаның ‘дуалы сөздерінің рухы [“аузынан шыққан рухы”, ЖД]’ деген не? Бұл — Құдайдың көктегіні жаратқанда қолданған әрекет етуші күші, немесе киелі рухы (Жаратылыс 1:1, 2). Мұның оның аузынан шыққан рух деп аталу себебі — күшті леп сияқты ол да қандай да бір қашықтықтағы нәрселерді жүзеге асыру үшін қолданылады.
34:19. Дәуіттің өзін жек көрушілердің көз қысып жымыңдасуларына жол берме деген өтініші нені білдіреді? Көз қысу Дәуіттің жауларының оған қарсы жасаған залым жоспарлары сәтті болып, соған мәз болғанын білдірер еді. Дәуіт бұған жол бермеуді өтінген.
Біз үшін сабақ:
25:3. Интернет арқылы өзінің шын мәнінде кім екенін жасыратындармен, мектепте не жұмыста залым ниетпен бізбен дос болғысы келетіндермен, ниеті таза болып көрінетін жолдан таюшылармен және екі жақты өмір сүретіндермен араласудан сақ болғанымыз жөн.
25:7, 12; 34:18; 39:10. Біз мәсіхшілер кездесулерінде Ехобаны жұрт алдында мадақтауымыз керек.
25:8; 26:4. Мәсіхшілер кездесулеріне келгенді ұнатамыз ба?
25:11. Дәуіт мінсіздігін сақтау жайлы шешімін ғана білдірмей, өзін құтқаруды да сұрайды. Расында да, кемелсіздігімізге қарамастан, Құдайға мінсіз болып қала аламыз.
28:10. Ехобаның ‘топан суды қаптата алады’ дегені өз күшін толық қадағалайтынын көрсетеді.
29:6. Ехобаның ашуынан гөрі сүйіспеншілігі басым
31:9. Ехоба ауыздықтың не қамшының күшімен бағынатын қашыр немесе есек сияқты болғанымызды қаламайды. Керісінше, өзіне еркін түсінгендіктен бағынуды шешкенімізді қалайды.
32:17—19. Адамдар құрған жүйе, қаншалықты күшті болмасын, адамды құтқара алмайды. Біз Ехобаға және оның Патшалық құрылымына арқа сүйеуіміз керек.
33:11. Патшалықтың мүддесін өмірінде бірінші орынға қоятындар үшін неткен жігер беретін сөздер!
38:2, 3. Зұлымдар бір сенімдегілерге залал келтірмекші болып мәлімет сұрағанда, ‘аузымызды бағып’ тіс жармағанымыз дұрыс.
39:2, 3. Ехобаға үміт артқанымыз жан күйзелісін жеңіп, “үрей ұшырар жырадан, балдырлы батпақтан” шығуымызға көмектеседі.
39:6, 13. Алған баталарымыздың ‘сан жетпейтінін’ есте ұстасақ, басымызға түскен қиындықтар мен өз қателіктеріміз қаншалықты көп болғанымен, еңсемізді басып тастай алмайды.
“Тәңір Ие шапағатқа бөленеді”
Осы алғашқы қырық жырдағы сөздер адамға қаншалықты жұбаныш беріп, жігерлендіреді десеңші! Ауыр сынақтарды бастан кешсек те, не ар-ұжданымыз мазаласа да, құдіретті Құдай Сөзінің осы бөлігінен күш пен жігер ала аламыз (Еврейлерге 4:12). Осы жырларда өмірімізге сенімді басшылық бар. Сондай-ақ қандай ауыр жағдайға кезіксек те, Ехоба бізді тастамайтынына қайта-қайта көзімізді жеткізеді.
Забур жырының бірінші жазбасы мынадай сөздермен аяқталады: “Исраилдің Жаратушы Құдайы ғасырдан ғасырға шапағатқа бөленеді! Әумин, әумин!” Забур жырының осы бөлігін қарастыра келе, Ехобаны мадақтауға талпынбаймыз ба?!
[Сілтеме]
a Забур жырының 2-ші тарауы алғаш рет Дәуіттің күндерінде орындалды.
[9-беттегі сөздер]
Егер жансыз жаратылыстары Құдайды мадақтап жатса, біз оны одан бетер мадақтауымыз керек емес пе!?
[7-беттегі сурет]
Забур жырының алғашқы 40 тарауының басым көпшілігін Дәуіт жазған
[8-беттегі сурет]
Қай Забур жыры Ехобаны Ұлы Бағушы ретінде бейнелейтінін білесіңдер ме?
[10-беттегі сурет]
Рухани нәрселерге ден қоймайтын күніміз болмасын
[7-беттегі түпдерек]
Stars: Courtesy United States Naval Observatory
[10-беттегі түпдерек]
Stars, pages 18 and 19: Courtesy United States Naval Observatory
[11-беттегі түпдерек]
Stars: Courtesy United States Naval Observatory