Мінсіздік жолымен жүр
“Ал мен мінсіздігімді сақтап жүрмін” (ЗАБУР 25:11).
1, 2. а) Неге адамдардың мінсіздіктері Құдайдың билігіне қатысты даудың маңызды бөлігі болып табылады? ә) Саналы жаратылыстар Ехобаның билігін жақтайтындарын қалай көрсете алады?
ШАЙТАН Едем бағында бүлік шығарғанда, Құдайдың барлық жаратылыстарына билік жүргізу құқына қатысты бүкіләлемдік дау тудырды. Біраз уақыт өте, ол адамзатты Құдайға тек өз пайдалары үшін ғана қызмет етеді деп айыптады (Әйүп 1:9—11; 2:4). Осылайша адамдардың мінсіздіктері Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты даудың маңызды бөлігіне айналды.
2 Құдайдың билігі оның жаратылыстарының мінсіздігіне байланысты болмағанымен, адамдар мен Құдайдың рухани ұлдары осы дауда кімнің жағына шығатындарын көрсете алады. Қалайша? Мінсіздік жолымен жүру-жүрмеулерін таңдау арқылы. Сондықтан әркімге оның мінсіздігіне байланысты үкім шығарылатын болады.
3. а) Әйүп пен Дәуіт нені қалаған? ә) Мінсіздікке қатысты қандай сұрақтар туындайды?
3 Әйүп: “[Ехоба] мені шындық таразысында өлшесін, сонда Құдай менің мінсіздігімді біледі”,— деп сенімділікпен айтқан (Әйүп 31:6). Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт Ехобаға дұға етіп, өзінің мінсіздігін тексеруін сұраған: “Маған төрелік ет, Тәңірім, себебі мен мінсіздік жолымен жүрдім және Тәңірге үміт арта отырып, берік болып қаламын” (Забур 25:1). Біздің де мінсіздік жолымен жүргеніміз өте маңызды! Бірақ мінсіздік деген не және бұл жолмен жүру деген нені білдіреді? Мінсіздік жолында қалуымызға не көмектеседі?
“Мінсіздік жолымен жүрдім”
4. Мінсіздік деген не?
4 Киелі кітапта мінсіздік сөзі шыншыл, кіршіксіз, әділ және таза болу деген мағынада қолданылады. Алайда мінсіздік дұрыс іс-әрекеттен анағұрлым көп нәрсені қамтиды. Бұл — моральдық жағынан қалтқысыз болу немесе жүректің Құдайға толық берілуі. Шайтан Құдайға: “Қолыңды созып, оның сүйегі мен етіне тигізші, сонда ол саған ризашылығын білдіре ме екен?” — деген кезде Әйүптің ниетінің тазалығына шек келтірген (Әйүп 2:5). Мінсіздік дұрыс іс істеумен қатар ниеттің де таза болуын талап етеді.
5. Мінсіздікті сақтау үшін кемелді болудың қажеті жоқ екені неден көрінеді?
5 Алайда мінсіздікті сақтау үшін кемелді болудың қажеті жоқ. Дәуіт патша кемелсіз болған және өмірінде бірнеше ауыр күнә жасаған. Соған қарамастан Киелі кітапта ол: “жүрегінде мінсіздікті сақтап” жүрген адам ретінде суреттеледі (3 Патшалықтар 9:4, ЖД). Неге? Себебі Дәуіт Ехобаны жақсы көрген. Оның жүрегі Құдайға берілген еді. Ол өз қателіктерін мойындауға дайын болған, сөгісті қабыл алған және түзеле білген. Дәуіттің мінсіздігі Құдайы Ехобаға шын жүректен берілгендігінен және оған деген сүйіспеншілігінен көрінген (Заңды қайталау 6:5, 6).
6, 7. Мінсіздік сақтап жүруге не жатады?
6 Мінсіздік адам өмірінің, мысалы, дінге адалдық сақтау сияқты бір саласымен ғана шектеліп қоймайды. Ол өміріміздің барлық саласын қамтиды. Дәуіт мінсіздігін сақтап ‘жүрген’. Бір еңбекте “жүру” деген етістік “өмір жолын” немесе “өмір салтын” білдіретіні жазылған (The New Interpreter’s Bible). ‘Пәк таза да тура жолмен жүргендер’ туралы забур жыршысы: “Иеміздің ережелерін ұстанып, шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты! Олар әділетсіздік істемейді, тек Құдай жолымен ғана жүреді”,— деп жырлаған (Забур 118:1—3). Мінсіздік үнемі Құдайдың еркін орындауға талпынуды және оның жолымен жүруді білдіреді.
7 Мінсіздік сақтап жүру тіпті қиын жағдайда да Құдайға шексіз берілуді талап етеді. Біздің мінсіздігіміз сынақтарға шыдағанымыздан, жағдайдың қиындығына қарамастан берілмегенімізден немесе зұлым дүниенің азғыруларына төтеп бергенімізден көрінеді. Осылай біз Ехобаны ‘қуантамыз’, себебі сонда ол өзін қорлағанға жауап бере алады (Нақыл сөздер 27:11). Сондықтан бізде Әйүп сияқты: “Өле-өлгенше мінсіздігіме берік болып қаламын”,— деп айтуға жақсы себеп бар (Әйүп 27:5). Забур жырының 25-тарауы мінсіздік сақтауға не көмектесетінін көрсетеді.
“Бүйректерім мен жүрегімді тазарт”
8. Дәуіттің бүйректері мен жүрегінің тексеруін өтінгенінен не нәрсеге үйренеміз?
8 Дәуіт: “Тексер мені, о, Ехоба, сына мені; бүйректерім мен жүрегімді тазарт”,— деп дұға еткен (Забур 26:2, ЖД [25:2]). Бүйректер адам ағзасында терең орналасқан. Бейнелі түрде бүйректер адамның ішкі терең ойлары мен сезімдерін білдіреді. Ал жүрек адамның бүкіл ішкі дүниесін — оның ниетін, сезімдерін және ой-өрісін — білдіреді. Ехобадан өзін тексеруді сұрағанда, Дәуіт өзінің ішкі терең ойлары мен сезімдерін зерттеп, мұқият қарастыруын айтып дұға еткен.
9. Қалайша Ехоба біздің бейнелі бүйректеріміз бен жүрегімізді тазартады?
9 Дәуіт Ехобадан бүйректері мен жүрегін тазартуын өтінген. Ехоба біздің ішкі дүниемізді қалайша тазартады? Дәуіт былай деп жырлаған: “Даңқтаймын ақыл сыйлаған Тәңірді, ар-ұжданым да [“бүйректерім де”, ЖД] түнде ескертеді” (Забур 15:7). Бұл нені білдіреді? Бұл Құдайдың кеңесі Дәуіттің жан дүниесіне терең бойлап, сонда орнығып қалған және ішкі терең ойлары мен сезімдерін түзетіп отырған дегенді білдіреді. Құдайдың Сөзі, оның өкілдері және ұйымы арқылы алып жатқан кеңестер туралы ризашылықпен ой жүгіртер болсақ және ішкі дүниемізге терең бойлауына жол берер болсақ, Құдайдың кеңесі біздің де терең ойларымыз бен сезімдерімізді түзетеді. Ехобадан өзімізді осылай түзетуін сұрап, үнемі дұға етуіміз мінсіздік жолымен жүруге көмектеседі.
“Сенің мейірімділігің көз алдымда”
10. Дәуітке Құдайдың шындығында жүруге не көмектескен?
10 Дәуіт әрі қарай: “Сенің мейірімділігің көз алдымда және мен сенің шындығыңда жүрдім”,— деп жалғастырады (Забур 25:3). Дәуіт Құдайдың мейірімділікпен жасаған істерін жақсы білген және осылар жайлы ризашылықпен ой жүгірткен. Ол: “Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын... көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын”,— деп жырлаған. Құдайдың көп жақсылығының бірін есіне ала отырып, Дәуіт былай деп жалғастырады: “Тәңір жәбір көргендердің барлығына әділдік жеткізіп, мүддесін қорғайды. Ақиқат жолдарын танытып Мұсаға, керемет жасады Исраил халқына” (Забур 102:2, 6, 7). Мүмкін, Дәуіт Мұсаның күндеріндегі исраилдіктердің мысырлықтардан жәбір көргені жайында ой жүгірткен болар. Олай болса, Ехобаның исраилдіктерді босатып, Мұсаға өз жолдарын білдіргені Дәуітке терең әсер қалдырып, Құдайдың шындығында жүруге деген шешімін нығайтқан болу керек.
11. Мінсіздік жолымен жүруімізге не көмектеседі?
11 Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеп, ой жүгірткеніміз де мінсіздік жолымен жүруімізге көмектеседі. Мысалы, азғындыққа итермелеген Потифардың әйелінен қашқан Жүсіпті есімізде сақтасақ, бұл бізді жұмыста, мектепте немесе тағы басқа жерлерде осындай әрекеттерден қашуға талпындырары сөзсіз (Жаратылыс 39:7—12). Байлыққа, беделді орынға немесе билікке қол жеткізуге мүмкіндік туып, азғырылсақ ше? Мұндай кезде Мысырдағы даңқтан бас тартқан Мұсаның үлгісі бар (Еврейлерге 11:24—26). Әйүптің төзімділігін есте ұстағанымыз ауру мен қайғылы жағдайға ұшырағанымызға қарамастан, Ехобаға адал болып қалуға деген шешімімізді нығайта түсетінінде сөз жоқ (Жақып 5:11). Қуғын-сүргінге ұшырасақ не істейміз? Онда Даниялдың арыстандар жатқан орға тасталғаны туралы оқиға бізге батылдық береді (Даниял 6:16—22)
“Өтірікші адамдармен отырған жоқпын”
12, 13. Біз қандай адамдардан аулақ болуымыз керек?
12 Мінсіздік сақтауына тағы не көмектескені туралы Дәуіт: “Өтірікші адамдармен отырған жоқпын және залымдармен [“екі жүзділермен”, ЖД] бірге бармаймын. Зұлым ниеттілердің жиналысын жек көрдім және әділетсіздермен отырмаймын”,— деген (Забур 25:4, 5). Дәуіт зұлымдармен бірге тіпті отырмаған да. Ол жаман ортаны жек көрген.
13 Біз туралы не деуге болады? Теледидар бағдарламалары, бейнефильмдер, Интернет сайттары және басқа да жолдар арқылы екі жүзді адамдармен араласудан бас тартамыз ба? Екі жүзділерден бойымызды аулақ ұстаймыз ба? Мектепте немесе жұмыс орнында кейбір адамдар залым мақсатпен бізбен дос болғысы келетіндерін білдірулері мүмкін. Құдайдың шындық жолымен жүрмейтін адамдармен дос болғымыз келер ме еді? Ниеттерінің таза екеніне сендіруге тырысқанымен, жолдан таюшылар да бізді Ехобаның жолынан тайдыру үшін екіжүзділік танытулары мүмкін. Мәсіхшілер қауымында екі жақты өмір сүріп жүрген біреулер болса ше? Олар да өздерінің шынайы келбеттерін жасыратын залымдар. Қызмет көмекшісі болып табылатын Джейсонның жас күнінде осындай достары болған. Олар туралы Джейсон былай есіне алады: “Бір күні олардың біреуі маған былай деді: — Қазір не істесек те бола береді, себебі жаңа дүние келгенде, бәрібір өлеміз. Біз не нәрседен құр қалғанымызды білмейтін де боламыз,— деді. Оның сөздерінен мен бірден есімді жиып алдым. Жаңа дүние келгенде, мен өлгім келмейді”. Джейсон даналық танытып, осындай достарымен қарым-қатынасын үзеді. Елші Пауыл: “Алданып қалмаңдар! “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады”,— деп ескерткен (1 Қорынттықтарға 15:33). Жаман ортадан аулақ болғанымыз өте маңызды!
‘Барлық кереметіңді паш етемін’
14, 15. Қалайша біз Ехобаның ‘құрбандық шалатын орнын’ айнала аламыз?
14 Дәуіт әрі қарай: “О, Тәңір, қолдарымды айыпсыздыққа жуып, Саған құрбандық шалатын орынды айналамын”,— деп жалғастырады. Не үшін? “Дауыстап мадақтап, Сенің барлық кереметіңді паш ету үшін” (Забур 25:6, 7). Дәуіт Ехобаға ғибадат етіп, оған деген берілгендігін жариялау үшін құлықтылық тазалығын сақтағысы келген.
15 Киелі шатырда, ал кейінірек ғибадатханада шынайы ғибадат етуге қатысты нәрсенің бәрі ‘көктегі киелі үйдің көшірмесі’ болған (Еврейлерге 8:5, сілтемені қараңдар; 9:23). Құрбандық шалатын орын адамзат үшін берілген Иса Мәсіхтің құрбандығын қабыл алуға қатысты Ехобаның еркін бейнелеген (Еврейлерге 10:5—10). Біз қолдарымызды айыпсыздыққа жуамыз және осы құрбандыққа сенім білдіруімізбен Ехобаның ‘құрбандық шалатын орнын’ айналамыз (Жохан 3:16—18).
16. Қалайша басқаларға Құдайдың керемет істерін жариялағанымыз бізге пайда әкеледі?
16 Азаттық төлемінің арқасында мүмкін болған барлық жайттар туралы ой жүгірткенде, жүрегіміз Ехоба мен оның жалғыз Ұлына деген ризашылыққа толады емес пе? Сондықтан жүрегіміздегі осы ризашылықпен басқаларға Құдайдың адамды Едем бағында жаратқанынан бастап, Оның жаңа дүниесіндегі барлық нәрсені қайта қалпына келтіретініне дейінгі керемет істерін басқаларға айтайық (Жаратылыс 2:7; Елшілердің істері 3:21). Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісінің өзімізді қалай қорғайтынын айтсаңдаршы! (Матай 24:14; 28:19, 20) Осы істермен үнемі айналысатын болсақ, бұл болашаққа деген үмітіміздің берік болуына, Құдайға деген сеніміміздің мықты болуына және Ехоба мен жақындарымызға деген сүйіспеншілігіміздің күшті болуына көмектеседі.
“Сенің үйіңді жақсы көремін”
17, 18. Мәсіхшілер кездесулеріне қалай қарауымыз керек?
17 Исраилде құрбандық шалатын орын орналасқан киелі шатыр Ехобаға ғибадат ету орталығы болған. Өзінің осы жерге қатысты шаттық сезімін білдіре отырып, Дәуіт: “Тәңірім, сенің үйіңді және сенің салтанатты ұлылығың орнаған жерді жақсы көремін”,— деп дұға еткен (Забур 25:8).
18 Ехоба жайында білім алатын жерлерде жиналуды жақсы көреміз бе? Жүйелі түрде рухани тәлім берілетін Патшалық Сарайы бүгінде шынайы ғибадат орталығы болып табылады. Оның үстіне, жыл сайын облыстық, аудандық және арнайы бір күндік конгрестер болып тұрады. Осындай кездесулерде Ехобаның “ережелері” талқыланады. ‘Оларды сондай қатты ұнататын’ болсақ, кездесулерге баруды барынша қалайтын боламыз, әрі бағдарламаны мұқият тыңдайтын боламыз (Забур 118:167). Біздің жағдайымызды ойлайтын және мінсіздік сақтап қалуымызға көмектесетін бауырластармен бірге болған қандай жақсы! (Еврейлерге 10:24, 25).
‘Жанымды жоя көрме’
19. Дәуіт қандай іске араласып күнәкар болғысы келмеген?
19 Құдайдың шындығынан тайып кетудің нәтижесі қандай болатынын жақсы түсінген Дәуіт: “Жанымды күнәкарлармен бірге, өмірімді қанішерлермен бірге жоя көрме, олардың қолдарында бұзық қылық және оң қолдары парақорлыққа толы”,— деп жалбарынған (Забур 25:9, 10). Дәуіт бұзық қылық жасап немесе парақорлықпен айналысып күнәға батқан Құдайдан безген адамдардың арасында болғысы келмеген.
20, 21. Бізді құдайсыздар жолына не итермелеуі мүмкін?
20 Бүгінгі әлем азғындыққа белшесінен батқан. Теледидар бағдарламалары, журналдар және кинофильмдер жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздыққа шақырады (Ғалаттықтарға 5:19). Кейбіреулер жиі азғындыққа әкелетін порнографияның жетегінде кетіп жатыр. Мұндай әсерге әсіресе жастар оңай беріледі. Кей жерлерде жастардың кездесуі әдетке айналған іс және айналадағылардың әсерінен жасөспірімдер біреумен кездеспей жүруді ар санайды. Осылайша, үйленуге тым ерте болса да, олардың көбісі біреумен кездесуді бастайды. Артынан бір-біріне деген күннен-күнге өсіп келе жатқан құштарлыққа бой алдырып, азғындыққа беріледі.
21 Мұндай жайттар үлкендерге де әсер етеді. Жұмыста арамдық жасау мен қара бастың ғана пайдасын көздеу мінсіздіктің жетіспеушілігін білдіреді. Бұл дүниенің өмір салтын үлгі ету бізді Ехобадан тек қана алыстатады. Сондықтан ‘зұлымдықты жек көріп, жақсылықты сүйейік’ және мінсіздік жолынан таймайық (Амос 5:15).
“Мені құтқара гөр, маған мейіріміңді көрсет”
22—24. а) Забур жырының 25-тарауынан қандай жігерлендірерлік ойды байқадыңдар? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
22 Дәуіт сөздерін былай деп аяқтайды: “Ал мен мінсіздігімді сақтап жүрмін; мені құтқара гөр, маған мейіріміңді көрсет. Менің аяғым түзу жолда тұр; Тәңірді жиналыстарда мадақтаймын” (Забур 25:11, 12). Дәуіт мінсіздік жолында қалуға деген шешімін ғана білдірмейді, өзін құтқаруын да сұрайды. Бұл сондай қатты жігерлендіреді! Мінсіздік жолымен жүруге бел буған болсақ, Ехоба күнәкар екенімізге қарамастан, бізге көмектесетін болады.
23 Іс-әрекетімізден өміріміздің барлық саласында Құдайдың билігін сыйлайтынымыз және бағалайтынымыз көрінетін болсын. Ехобадан ішкі терең ойларымыз бен сезімдерімізді тексеріп, тазартуын сұрап, дұға етейік. Құдай Сөзін зейін қойып зерттей отырып, шындықты үнемі көз алдымызда ұстаймыз. Сонымен бірге қайткенде де жаман ортадан аулақ болайық және Ехобаны жиналыстарда мадақтай берейік. Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысайық және осы дүниенің Құдаймен қымбат қарым-қатынасымызға кедергі жасауына ешқашан жол бермейік. Мінсіздік жолымен жүру үшін бар күшімізді салатын болсақ, Ехобаның бізге мейірімділігін көрсететініне сенімді боламыз.
24 Мінсіздік өміріміздің барлық саласына қатысты. Сондықтан біз аса қауіпті тұзақ маскүнемдіктен сақтануымыз керек. Бұл жайында сөз келесі мақалада қозғалады.
Естеріңде ме?
• Неге саналы жаратылыстарға орынды түрде мінсіздіктеріне байланысты үкім шығарылатын болады?
• Мінсіздік деген не және мінсіздік жолымен жүру деген нені білдіреді?
• Мінсіздік жолымен жүруімізге не көмектеседі?
• Мінсіздік сақтау үшін қандай қауіптерден аулақ болуымыз керек?
[24-беттегі сурет]
Ехобаның мейірімділікпен жасаған әрекеттерін көз алдыңда ұстайсың ба?
[24-беттегі сурет]
Ехобадан ішкі терең ойларыңды тексеруін үнемі сұрайсың ба?
[25-беттегі суреттер]
Сынақтарға кезіккенде мінсіздік сақтағанымыз Ехобаны қуантады