Ехоба біздің зарымызды тыңдайды
“Жаратушының жанары құдайшылдарға қарайды және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайды” (ЗАБ. 33:16).
1, 2. а) Бүгінде көп адам қандай күй кешіп жүр? ә) Неге бұл бізді таңғалдырмайды?
СЕН қасірет шегіп, қиналып жүрсің бе? Бүгінде көп адам осындай күй кешіп жүр. Миллиондаған адам осы зұлым дүниенің күнделікті қысымына төтеп беру үшін барын салуда. Ал кейбіреулер үшін оған төзу мүмкін еместей көрінеді. Олар өздерін тура забур жыршысы Дәуіт сияқты сезінеді. Ол былай деп жазған: “Мен шамадан тыс әлсіредім және күйреп біттім; өз жүрегімнің қысылғанынан айғайлайтын болдым. Менің жүрегім өрекпіп дірілдейді; бойымдағы күш-қуатым сарқылды, тіпті жанарымның нұр сәулесі де — ол да менде жоқ” (Заб. 37:9, 11).
2 Біз, мәсіхшілер, бұ дүниеде қасіреттің көп екеніне таңғалмаймыз. Өйткені ‘толғақтың азабы’ іспетті мұндай қасірет Исаның осында болуын білдіретін белгінің бір бөлігі екенін білеміз (Мар. 13:8; Мат. 24:3). Мұндағы ‘толғақтың азабы’ деп аударылған грек сөзі басқа түскен зор қасірет пен бақытсыздық атаулының бәріне қатысты қолданылуы мүмкін. Осы ‘қиын-қыстау күндерде’ адамдардың шегіп жатқан азабының қаншалықты ауыр екені қалай дәл сипатталған десеңші! (Тім. 2-х. 3:1).
Ехоба қасіретімізді түсінеді
3. Құдай халқы нені жақсы біледі?
3 Ехобаның халқы осы дүниедегі қасіреттің өздерін айналып өтпейтінін жақсы біледі. Оның үстіне, қазіргі ауыр жағдайлардың одан бетер ушыға түсуі әбден ықтимал. Сондай-ақ Құдайдың қызметшілері болғандықтан, біз сенімімізден айыруды көздеп жүрген ‘қас жауымыз, шайтанның’ қаскөйлігінен де жапа шегеміз (Пет. 1-х. 5:8). Сондықтан Дәуіттікіндей сезімге беріліп кетуіміз оп-оңай: “Қорлау менің жүрегімді қайғы-қасіретке батырды, мен шаршадым, мен аяушылықты күттім, бірақ... мені жұбатушылар жоқ, таба алмаймын” (Заб. 68:21).
4. Қасірет шеккенде, бізге не нәрсе жұбаныш береді?
4 Бұл сөздер Дәуіттің ешбір үміті болмаған дегенді білдіре ме? Жоқ. Оның әрі қарай не дегеніне назар аударшы: “Өйткені Жаратушы кедейлердің үніне құлақ асады және Өзінің тұтқындарын [яки тұтқынға түсіп қалған адамдарын] жек көрмейді” (Заб. 68:34). Біз кейде өзімізді қасіреттің не қиыншылықтардың құрсауына түскен тұтқындай сезінетін шығармыз. Біздің күйімізді өзгелер толық түсінбейтіндей көрінер, шындығында да, солай болуы мүмкін. Бірақ Дәуіттің жағдайындағыдай, Ехобаның қасіретімізді жақсы түсінетінін білгеніміз бізге де жұбаныш береді (Заб. 33:16).
5. Сүлеймен патша не нәрсеге сенімді болған?
5 Дәуіттің ұлы Сүлеймен Иерусалимдегі ғибадатхананы Құдайға бағыштағанда осыған баса назар аударған (Шежірелер 2-жазба 6:29—31 оқы). Ол Ехобадан “азап шегіп, қайғырып жатқан” ақ жүректі жандар дұға еткенде, оларды тыңдауды өтінген. Осылай жапа шегіп жүргендердің дұғасына Құдай қалай жауап берер еді? Сүлеймен Құдай олардың дұғасын естіп қана қоймай, солардың игілігі үшін әрекет ететініне де сенімді болған. Оның бұған сенімді болуының себебі — Ехоба “адам жүрегінде не бар екенін” жақсы біледі.
6. Уайымды қалай жеңе аламыз және неліктен?
6 Біз де Ехобаға ‘азап шегіп, қайғырып жатқанымызды’ айтып дұға ете аламыз. Оның қасіретімізді түсінетінін және қамымызды ойлайтынын білгеніміз бізге жұбаныш беру керек. Елші Пауыл: “Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!”— деген (Пет. 1-х. 5:7). Иә, біздің жағдайымыз Ехобаны қатты қызықтырады. Иса Құдайдың бізге деген қамқорлығына қатысты былай деген: “Екі торғайды сегіз-ақ тиынға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Мат. 10:29—31).
Ехобаның көмегіне жүгін
7. Ехоба бізге қалай көмектеседі?
7 Жапа шегіп қиналғанда, Ехобаның бізге көмектесуге дайын әрі көмектесе алатынына кәміл сенсек болады. “Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз” (Заб. 33:16—19; 45:2). Ол бізге қалай көмектеседі? Қорынттықтарға 1-хат 10:13-те не делінгеніне көңіл қойшы: “Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді”. Ехоба басымызға түскен қиындықтан арылту үшін жағдайды өзгертуі немесе оған төтеп беруге күш беруі мүмкін. Қайткенде де, ол бізге көмектеседі.
8. Құдайдың көмегін алу үшін не істеуге болады?
8 Құдайдың көмегін алу үшін не істеуге болады? Байқасаң, Киелі кітапта бізге: “Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар”,— деп кеңес берілген. Бұл — қамымызды жеу жауапкершілігін түгелдей Ехобаға артамыз деген сөз. Біз уайымдамауға тырысып, қажеттіліктерімізді қамтамасыз етуіне мүмкіндік беру үшін Құдайға шыдамдылықпен сенім артамыз (Мат. 6:25—32). Бұлай ету үшін өз күшіміз бен ақылымызға жүгінбей, кішіпейіл болуымыз керек. Кішіпейілділікпен ‘Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсынуымызбен’ өзіміздің дәрменсіздігімізді мойындаймыз (Петірдің 1-хаты 5:6 оқы). Ал бұл Құдай не нәрсеге жол бермесін, бәріне төзуге көмектеседі. Бәлкім, қиындықтан бірден құтылғымыз келетін шығар, бірақ біз мынаған сенімдіміз: Ехоба бізге қашан және қалай көмектесу керектігін жақсы біледі (Заб. 53:9; Ишая 41:10).
9. Дәуіт қандай ауыртпалығын Ехобаға тапсыру керек болды?
9 Забур 54:23-тегі Дәуіттің сөздерін есіңе түсірші: “Өзіңнің шаруаңды [ауыртпалығыңды] Жаратушыға тапсыр және де Ол сені қолдайды. Тақуа адамның шайқатылуына Ол ешқашан жол бермейді”. Осы сөздерді жазғанда, Дәуіт қатты қиналып жүрген болатын (Заб. 54:5). Бұл жырдың жазылуына келесі жайттар себеп болған болу керек: оның ұлы Абессалом әкесінен патшалық билікті тартып алмақ болып, жасырын жоспар құрады; бұл қастандыққа оның ең сенімді кеңесшісі Ахитопел де қосылады; Дәуіт бас сауғалап Иерусалимнен қашуға мәжбүр болады (Пат. 2-ж. 15:12—14). Тіпті сол бір қиын жағдайларда Дәуіт Құдайға арқа сүйеген, әрі оның сенімі ақталды да.
10. Басымызға қасірет түскенде, не істеуіміз керек?
10 Қандай қасірет шекпейік, Дәуіт сияқты, жағдайымызды Ехобаға айтып, дұға ету маңызды. Бұл орайда елші Пауылдың бізді неге шақырғанын көрейік (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқы). Осылай ынты-шынтымызбен дұға еткеніміздің нәтижесі қандай болады? ‘Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы [біздің] жүрегіміз бен ой-санамызды Мәсіх Исада сақтайды’.
11. Қалай ‘Құдайдың тыныштығы’ жүрегіміз бен ой-санамызды қорғайды?
11 Дұға еткен соң, жағдайымыз өзгеруі мүмкін бе? Иә, мүмкін. Алайда Ехоба дұғамызға барлық уақытта өзіміз қалағандай жауап бермеуі мүмкін екенін түсінуіміз керек. Дегенмен дұға жағдайға дұрыс баға беру қабілетінен айырылып қалмауымызға көмектеседі. ‘Құдайдың тыныштығы’ бізді бірдеңе мазалағанда, көңілімізді орнықтырады. Ол қаланы жаудың шабуылынан қорғауға қойылған әскери жасақ сияқты біздің жүрегіміз бен ой-санамызды қорғайды. Сонымен қатар бойымыздағы күмән мен қорқыныштан және жағымсыз ойлардан арылуға көмектеседі, сондай-ақ ол асығыс не ақылсыз әрекет етуден сақтайды (Заб. 144:18).
12. Адам қалай жан тыныштығын сезіне алатынын мысалмен түсіндіріңдер.
12 Қиындыққа кезіккенде, қалай жан тыныштығын сезіне аламыз? Мұны мынадай мысал арқылы түсінуге болады. Бір кісінің жұмыстағы басқарушысы дөрекі делік. Алайда сол компанияның қожайыны мейірімді де парасатты кісі болатын. Бірде әлгі жұмысшы оған өз сезімін айтады. Ол оған жағдайын түсінетініне сендіріп, жақында әлгі басқарушыны жұмыстан босатқалы жатқанын айтады. Сонда жұмысшы қандай сезімде болады? Қожайынының сендірген сөздері және жақында болатын өзгеріс оған қанат бітіріп, тіпті сол екі аралықта біраз қиындықтарға кезігуге тура келсе де, жұмысын жалғастыра беруге күш береді. Тап солай, біз де Ехобаның жағдайымызды түсінетінін білеміз, сондай-ақ ол бізді жуырда ‘осы дүниенің әміршісі қуылатынына’ сендіреді (Жох. 12:31). Неткен жұбаныш!
13. Дұға етумен қатар, біз тағы не істеуіміз керек?
13 Алайда қиыншылықтарымызды Ехобаға айтып қоя салу жеткілікті ме? Жоқ. Бізге тағы бірдеңе істеу, яғни дұғаларымызға сай әрекет ету, керек. Дәуітті өлтіру үшін Саул патша жігіттерін оның үйіне жібергенде, Дәуіт: “Құдайым менің! Мені өз дұшпандарымнан құтқар, маған қарсы бас көтергендерден мені қорға; Заңсыздық жасаушылардан мені азат ет; қанішерлерден құтқар”,— деп дұға еткен (Заб. 58:2, 3). Дұға етумен қатар, ол әйелінің айтқанын тыңдап, қашудың амалын жасаған (Пат. 1-ж. 19:11, 12). Біз де қиындықтарға төзу немесе жағдайымызды жеңілдете алу үшін даналық сұрап дұға етсек болады (Жақ. 1:5).
Қиындықтарға төтеп беруге не көмектеседі?
14. Бізге қиыншылықтарға төтеп беруге не көмектеседі?
14 Біз қиыншылықтардан бірден құтылмауымыз мүмкін. Олар тіпті ұзақ уақытқа жалғасуы ықтимал. Мұндай жағдайда төтеп беруге не көмектеседі? Біріншіден, қиыншылықтарға қарамастан Ехобаға адал қызмет ете берсек, оған деген сүйіспеншілігімізді дәлелдейтінімізді есте ұстауымыз керек (Ел. іс. 14:22). Шайтанның Әйүпке былай деп жала жапқанын ұмытпа: “[Әйүп] тегіннен-тегін Құдайдан қорқатын ба еді? Оны және оның үйін, ондағының бәрін айнала қорғап-қоршап қойған Сен емес пе едің? Оның қолымен істелгенге Сен бата бердің, сөйтіп, оның отар-табындары жер-жерге тарап барады; Бірақ Сен қолыңды соз да, онда бардың бәріне жанас — ол Саған батасын берер ме екен?” (Әйүп 1:9—11). Құдайға мінсіз болып қалуымен Әйүп бұл сөздердің барып тұрған өтірік екенін дәлелдеді. Басымызға түскен қиындықтарға төзе білсек, біз де Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейміз. Сондай-ақ төзе білгеніміздің арқасында үмітіміз бен Ехобаға деген сенімділігіміз нығая түседі (Жақ. 1:4).
15. Кімдердің мысалдарынан біз күш ала аламыз?
15 Екіншіден, дүниенің төрт бұрышындағы бауырластардың да дәл осындай азап шегіп жүргенін ұмытпа (Пет. 1-х. 5:9). Иә, сені “еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана” (Қор. 1-х. 10:13). Сондықтан өз қиыншылықтарыңа тым көп мән бермей, қайта, өзгелердің үлгілері жайлы ой жүгірт, сонда күш пен батылдыққа ие боласың (Сал. 1-х. 1:5—7; Евр. 12:1). Ауыр қасіретке душар болғандарына қарамай, адалдықпен төтеп беріп жүрген өзің білетін адамдар жайлы ойлан. Біздің әдебиеттерімізден сенікіне ұқсас жағдайды бастан өткізгендердің өмірбаяндарын іздестіріп көр. Бұл саған зор күш беруі мүмкін.
16. Әртүрлі сынақтарға кезіккенде, Құдай бізді қалай нығайтады?
16 Үшіншіден, мынаны да ұмытпа: Ехоба — “қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі. Бізді барлық азаптарымызда жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз” (Қор. 2-х. 1:3, 4). Құдай қазір көріп жүрген қиындықтарымызда ғана емес, “барлық азаптарымызда” жігер беріп, нығайту үшін, былайша айтқанда, әрдайым жанымыздан табылады. Ал бұл бізге “әр түрлі қайғы-қасірет” шегіп жүргендерді жұбатуға көмектеседі. Пауыл осы сөздердің растығына өз өмірінде көз жеткізген (Қор. 2-х. 4:8, 9; 11:23—27).
17. Өмірдегі қиындықтарға төтеп беруге Киелі кітап қалай көмектеседі?
17 Төртіншіден, бізде Құдай Сөзі Киелі кітап бар. Ол “тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тім. 2-х. 3:16, 17). Құдай Сөзінің арқасында біз “барша игі іске дайындалып, толықтай даяр” болып қана қоймаймыз, өмірдің қиыншылықтарымен күресе де аламыз. “Толықтай даяр болу” деп аударылған сөздің түпнұсқадағы тура мағынасы “жабдықталған” дегенді білдіреді. Ертеде бұл сөзді саяхатқа шығу үшін барлық керек-жарағымен жабдықталған кемеге немесе өз қызметін толықтай атқара алатын құрылғыға қатысты қолдануға болатын. Сол сияқты, Ехоба өз Сөзі арқылы кезігуіміз мүмкін қиындықтарды жеңуге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуде. Сондықтан: “Құдай қандай да бір қиындыққа жол беріп отырса, оның көмегімен оған төтеп бере аламын”,— дей аламыз.
Барлық қасіреттен құтқарылу
18. Тағы нені назарда ұстағанымыз адалдықпен төтеп беруге көмектеседі?
18 Бесіншіден, мына бір керемет жайтты есіңнен шығарма: Ехоба жақында адамзатты қасірет атаулыдан құтқарады (Заб. 33:20; 36:9—11; Пет. 2-х. 2:9). Ол мұны толық жүзеге асырғанда, бізді қазіргі қасіретімізден құтқарып қана қоймайды, сонымен қатар, көкте немесе жер бетіндегі жұмақта, мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді.
19. Қиындыққа адалдықпен төтеп беру үшін не істеу керек?
19 Ол уақыт келгенше, осы зұлым дүниедегі қиыншылықтармен күресуге тура келеді. Олардан құтылатын кезді қалайша аңсаймыз десеңші! (Заб. 54:7—9). Сонымен, қиындыққа адалдықпен төтеп бере отырып, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдейтінімізді ұмытпағаймыз. Сондай-ақ дұғадан және бауырластарымыздың да біз сияқты азап шегіп жүргенін есте ұстай отырып, олардың үлгісінен күш алайық. Құдай Сөзін тиімді қолдану арқылы өзімізді толықтай даярлай берейік. “Жұбаныш атаулының қайнар көзі” — Құдайдың қамымызды ойлайтынына деген сеніміміз ешқашан шайқалмасын. ‘Жаратушының жанары құдайшылдарға қарайтынын және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайтынын’ есте ұсталық (Заб. 33:16).
Жауап бере аласыңдар ма?
• Басына түскен қиындықтарға Дәуіт қалай қараған?
• Сүлеймен не нәрсеге сенімді болған?
• Ехоба жол беріп отырған қиындықтарға төтеп беруге не көмектеседі?
[13-беттегі сурет]
Ехоба қасірет шеккен халқының игілігі үшін әрекет ететініне Сүлеймен сенімді болған
[15-беттегі сурет]
Дәуіт өз ауыртпалығын Ехобаға артып дұға еткен, сосын, соған сай әрекет еткен