Шын жүректен шыққан дұғаға жауап
“Сенің бір ғана Жаратушы [“Ехоба” ЖД] екеніңді, жерге үстемдік ететін Құдай екеніңді білсін” (ЗАБ. 82:19).
1, 2. Құдай есімін білгенде, көп адам қандай сезімде болған және біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
БІРНЕШЕ жыл бұрын үйінің жанында болған қайғылы оқиғадан кейін бір әйел қатты уайымға батады. Ол Рим католиктерінің отбасында дүниеге келгендіктен, көмек сұрап жергілікті шіркеуге барады. Алайда дін қызметкері онымен тіпті сөйлескісі келмейді. Сонда ол Құдайға дұға етіп: “Сенің кім екеніңді білмеймін... бірақ бар екеніңе сенемін. Өтінемін, өзіңді білуге көмектесші”,— дейді. Көп ұзамай оған Ехоба куәгерлері келіп, оны жұбатады әрі іздеген білімді табуға көмектеседі. Олардан көп нәрсе, соның ішінде Құдайдың есімі Ехоба екенін біледі. Бұдан қатты әсер алған ол: “Бұл бала кезімнен бері іздеп келген Құдай ғой!”— дейді.
2 Көп адам Құдай есімін білгенде осындай сезімде болған. Жиі адамдар Киелі кітаптан Ехоба деген есімді алғаш рет Забур 82:19-дан көріп жатады. Онда былай делінген: “Сенің бір ғана Жаратушы [“Ехоба” ЖД] екеніңді, жерге үстемдік ететін Құдай екеніңді білсін”. 82-ші Забур жырының неге жазылғанын білгің келген бе? Қандай оқиғалар Ехобаның жалғыз шынайы Құдай екенін мойындауға адамдардың бәрін мәжбүр етеді? Бүгінде біз үшін осы жырдың қандай пайдасы бар? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақалада қарастырамызa.
Ехоба халқына қарсы жасалған астыртын жоспар
3, 4. 82-ші Забур жырын кім жазған және онда қандай қауіпті жағдай суреттелген?
3 82-ші Забур жырының кіріспесінде “Асафтың мақамы [жыры]” делінген. Жырды Дәуіт патшаның тұсында әйгілі музыкант болған леуілік Асафтың ұрпағының бірі жазса керек. Жыршы Ехобадан бүкіләлемдік билігін қолдап, өз есімі жариялануы үшін әрекет етуін өтінеді. Бұл жыр Сүлеймен өлгеннен кейін жазылған болу керек. Себебі Дәуіт пен Сүлейменнің билігінің тұсында Тир патшасы Исраилмен достық қарым-қатынаста болған. Ал 82-ші Забур жыры жазылып жатқан кезде, Тир тұрғындары Исраил жауларының жағында болғанға ұқсайды.
4 Забур жыршысы Құдай халқын жоймақ болып, жасырын жоспар құрып жатқан он халықты атап, былай деген: “Едом қыстақтары және Ысмайылдықтар, Моав және Агарлар, Гевал мен Аммон және Амалик, Тир тұрғындарымен қоса Филистимдіктер. Және оларға Ассур қосылды” (Заб. 82:7—9). Аталған халықтар Исраилдің айналасында орналасқан еді. Бұл жыр қандай тарихи оқиғаға нұсқайды? Кейбіреулер Жосафаттың күндеріндегі аммондықтар, моабтықтар мен Сейір тауының тұрғындарының одақтасып, Исраилге жасаған шабуылына нұсқайды деп есептейді (Шеж. 2-ж. 20:1—26). Ал басқалар болса Исраил мен көрші елдердің арасында тарих бойында орын алған жалпы қақтығыстарға нұсқайды деп ойлайды.
5. 82-ші Забур жырының бүгінгі мәсіхшілерге қандай пайдасы бар?
5 Қандай болған күнде де, Ехоба бұл жырды өз халқына қауіп төніп тұрған кезде жаздырғаны анық. Ондағы сөздер қазіргі замандағы Құдайдың қызметшілеріне жігер береді, өйткені жаулары оларды талай рет жоймақ болған. Жақында Магог жерінен шыққан Гог Құдайға рухында және шындықпен ғибадат етіп жатқандардың барлығын жою үшін әскери күшін жинақтап, соңғы шабуылға шығады. Сонда осы жырдағы сөздердің бізді нығайтары сөзсіз (Езекиел 38:2, 8, 9, 16 оқыb).
Жыршыны толғандырған басты нәрсе
6, 7. а) 82-ші Забур жыры қандай дұғамен басталған? ә) Жыршыны ойландырған басты нәрсе не?
6 Забур жыршысының өз сезімдерін дұғада қалай білдіргеніне көңіл бөлші: ‘Құдай! Үнсіз қалма, қалыс қалма, жайбарақат қалма, Құдай, Өйткені, міне, Сенің жауларың даурығуда және Сені жек көретіндер бас көтеруде; Сенің халқыңа қарсы зұлымдық ниеттерін жүзеге асырмақ. Бірауыздан келісіп, Саған қарсы одақ құрды’ (Заб. 82:2—4, 6).
7 Жыршыны толғандырған басты нәрсе не? Ол жеке басының және отбасының қауіпсіздігін ойлаған болу керек. Алайда, ең алдымен, Ехобаның есіміне кір келтіріліп жатқаны мен осы есіммен аталатын халыққа қауіп төнгені жайлы дұға айтқан. Қиындыққа толы осы дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқандықтан, біз де осындай байсалды көзқарас сақтайық (Матай 6:9, 10 оқы).
8. Халықтар қандай мақсатпен Исраилге қарсы астыртын жоспар құрды?
8 Забур жыршысы: “Жүріңдер, Исраил аты енді еске алынбауы үшін оларды халық қатарынан жоқ қыламыз”,— деп, Исраил жауларының айтқан сөздерін келтіреді (Заб. 82:5). Жаулары Құдай халқын қаншалықты жек көреді десеңші! Бірақ олардың астыртын жоспар құруының тағы бір мақсаты бар. Исраилдің жерін тартып алуды көксеп, менмендікпен: “Құдайдың қыстақтарын өзіміздің иелегімізге қаратып аламыз”,— дейді (Заб. 82:13). Қазір де осыған ұқсас жайт орын алуда ма? Иә!
‘Киелі мекенің’
9, 10. а) Ежелгі уақытта Құдайдың киелі мекені қайда болған? ә) Бүгінгі күні майланған тамтық пен “басқа қойлар” қандай баталарға ие болуда?
9 Ежелгі уақытта Уәде етілген жер Құдайдың киелі мекені болып есептелетін. Мысырдан азат етілгенде исраилдіктердің айтқан жеңіс әнін есіңе түсірші: “Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсің, Киелі мекеніңе күшіңмен жеткізесің” (Мыс. ш. 15:13). Уақыт өте келе бұл ‘мекенде’ діни қызметкерлері бар ғибадатхана мен астанасы Иерусалим орналасты. Бұл қалада Дәуіттің ұрпағынан шыққан патшалар Ехобаның тағында отыратын (Шеж. 1-ж. 29:23). Сондықтан да Исаның Иерусалимді “Ұлы Патшаның қаласы” деп атағаны орынды еді (Мат. 5:35).
10 Бүгінгі күнге қатысты не деуге болады? Б. з. 33 жылы жаңа халық, “Құдайдың рухани Исраил халқы”, пайда болды (Ғал. 6:16). Иса Мәсіхтің майланған бауырластарынан тұратын бұл халыққа ежелгі Исраил орындамаған іс, яғни Құдай есімі жайлы куәлік беру, тапсырылды (Ишая 43:10; Пет. 1-х. 2:9). Осы жаңа халыққа Ехоба ежелгі Исраилге берген уәдесін қайталап: “Мен олардың Құдайы, олар Менің халқым болмақ”,— деді (Қор. 2-х. 6:16; Леуі. 26:12). 1919 жылы ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ тамтығы Ехобамен ерекше қарым-қатынасқа ие болды және иелігіне “ел” берілді. Бұл рухани жұмақ орнаған әрекет ету аясын білдіреді (Ишая 66:8). Ал 1930 жылдан бері олардың қатарына ‘басқа қойларға’ жататын миллиондаған адам қосылды (Жох. 10:16). Бүгінгі мәсіхшілердің қуанышы мен рухани өркендеуі — Ехобаның бүкіләлемдік билігінің әділ екенінің бұлтартпас дәлелі (Забур 90:1, 2 оқы). Мұның бәрі Шайтанды қатты ашуландыруда.
11. Құдай жауларының басты мақсаты қандай?
11 Осы дүниенің соңғы күндері басталғалы бері Шайтан жердегі сыбайластарын майланған тамтық пен олардың серіктеріне қарсы қойып келеді. Бұндай қарсылық нацистік режим кезінде Батыс Еуропада, Кеңес үкіметінің коммунистік режимі кезінде Шығыс Еуропада және басқа да түрлі елдерде орын алды. Бұл тағы да қайталанады, әсіресе Магогтан шыққан Гогтың соңғы шабуылы кезінде. Сол кезде қарсыластары, ежелгі уақыттағы жаулары сияқты, Ехоба халқының иелігін ашкөздікпен тартып алуға тырысуы мүмкін. Алайда Шайтанның әрқашан көздеген басты мақсаты — Құдай халқын таратып жіберіп, Ехоба куәгерлері деген аттың ешқашан еске алынбауы. Ехоба өзінің бүкіләлемдік билігіне жасалған осындай ашық қарсылыққа қалай жауап береді? Забур жыршысының сөздеріне қайта оралайық.
Ехоба жеңісінің үлгісі
12—14. Забур жыршысы Мегіддо қаласының маңында қол жеткізілген қандай екі жеңісті атап өткен?
12 Забур жыршысы Ехобаның жауласқан халықтардың жоспарын бұза алатынына нық сенген. Ол жырында төбенің үстінде орналасқан ежелгі Мегіддо қаласының маңында қол жеткізген исраилдіктердің екі шешуші жеңісін атап өткен. Қаланың етегіндегі алқап та Мегіддо деп аталатын. Жаз айларында осы алқаптан кеуіп кеткен Киссон өзенінің ирелең арнасын көруге болады. Ал қысқы нөсерден кейін өзен тасып, алқапты су басып кететін. Бәлкім, өзенді “Мегіддо суы” деп те атайтындығы осыдан болар (Би. 4:13; 5:19).
13 Алқаптың екінші шетінде, Мегіддо қаласынан 15 шақырымдай жерде, Море деген төбе бар. Онда Гедеон бидің уақытында мадияндықтардан, амалектіктерден және шығыстың тұрғындарынан құралған жасақ жиналған болатын (Би. 7:1, 12). Гедеон бастаған небәрі 300 сарбаз Ехобаның көмегімен үлкен жау әскерін ойсырата жеңеді. Қалайша? Құдайдың нұсқауы бойынша, олар ішіне шырағдан жасырылған құмыра ұстап, түнде жау қосын қоршауға алады. Гедеон белгі бергенде, сарбаздар құмыраларын сындырады. Сол кезде жасырып әкелген оттары жарқ етіп көрінеді. Осы сәтте олар кернейлерін тартып: “Жаратушы Ие мен Гедеонның семсері!”— деп айғайлайды. Қатты сасқан жау бірін-бірі өлтіре бастайды, ал аман қалғандары Иордан өзенінің арғы бетіне қашады. Оларды қуған сарбаздарға басқа исраилдіктер де қосылады. Бұл шайқаста жаудың 120 мың әскері қаза болады (Би. 7:19—25; 8:10).
14 Море төбесінен әрі қарай 6 шақырым жерде, Мегіддо алқабының екінші шетінде, Табор тауы жатыр. Ертеректе Барақ сол жерде 10 мың исраилдіктен тұратын жасақ жинап, Хазордың Иабин патшасының қолбасшысы Сісера бастаған қанахан әскерімен соғыспақ болады. Қанахандықтарда дөңгелектің ортасына өткір жүзді темір сап орнатылған 900 жауарба болатын. Фавор тауының маңында жиналған исраилдіктер жеңіл қаруланғандықтан, Сісера өз әскеріне сенімді болып, алқапқа түседі. Сол кезде ‘Жаратушы Ие Сисараны және оның барлық жауарбалары мен күллі жасағын састырады’. Тосын жауған нөсерден Киссон өзені тасып кетсе керек, жауарбалар балшыққа батып, жүре алмай қалады. Осы сәтті пайдаланған исраилдіктер жауды қырып салады (Би. 4:13—16; 5:19—21).
15. а) Жыршы Ехобадан не істеуін өтінеді? ә) Құдайдың соңғы шайқасының атауы нені есімізге салады?
15 Забур жыршысы Исраил халқының атын өшірмекші болған өз кезіндегі жауларына да Ехобаның осылайша тойтарыс беруін өтінеді. Ол былай деп дұға етеді: “Оларға да Мадиамға, Сисарға, Киссон өзенінде Иавинге істегеніңді істе, Олар Аендорда қырылып-жойылған, жер үшін тыңайтқыш болған” (Заб. 82:10, 11). Құдайдың Шайтан дүниесіне қарсы соңғы шайқасының да Һар-Магедон (мағынасы “Мегіддо тауы”) деп аталуы бекер емес. Бұл атау Мегіддо маңындағы шешуші шайқастарды есімізге салады. Ертедегі жеңістер Һар-Магедон шайқасының да Ехобаның салтанатты жеңісімен бітетініне сенімділік береді (Аян 16:13—16).
Ехобаның билігінің ақталуы жайлы дұға ету
16. Қалайша бүгінгі күнгі қасыластардың ‘бетінің абыройы төгілді’?
16 Ехоба “соңғы дәуір” басталғалы бері өз халқын жойғысы келген жаулардың әрекетіне тосқауыл жасауда (Тім. 2-х. 3:1). Мұның нәтижесінде жаулары масқара болды. Бұл жайлы Забур 82:17-де: “Жаратушы, олар Сенің атыңды атап шақыруы үшін, олардың бетінің абыройын төк”,— деп алдын ала айтылған еді. Ехоба куәгерлерінің үнін өшіруге тырысқан түрлі елдегі қарсыластардың әрекеттері бірінен кейін бірі нәтижесіз қалды. Осы елдердегі шынайы Құдайға ғибадат еткендердің табандылығы мен төзімділігі әділ адамдарға куәлік болып, олар Ехобаның ‘есімін атап шақыра’ бастады. Кезінде Ехоба куәгерлері қатты қудалау көрген көп елде қазір он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам Ехобаны қуанышпен мадақтап жүр. Бұл — Ехобаның зор жеңісі, ал жауларының масқара болғандығы (Еремия 1:19 оқыc).
17. Қарсыластардың жағдайы неге қауіпті және жақында қандай сөздерді еске алатын боламыз?
17 Алайда шайқастың әлі бітпегенін білеміз. Біз ізгі хабарды, тіпті қарсыластарымызға да, жариялай береміз (Мат. 24:14, 21). Қазірше олар үшін өкініп, құтқарылуға мүмкіндік бар, алайда бұл көпке созылмайды. Ехобаның есімінің ақталуы адамзаттың құтқарылуынан да маңызды (Езекиел 38:23 оқыd). Алдын ала айтылғандай, халықтар жиналып, Құдайдың қызметшілерін жою үшін дүниежүзі бойынша әрекетке кіріскенде, біз забур жыршысының: “Өмір бойы масқара болсын, зәрелері ұшып жүрсін, ұятты болып, құрып кетсін”,— деген сөзін есімізге алатын боламыз (Заб. 82:18).
18, 19. а) Ехобаның билігіне үзілді-кесілді қарсы болғандарды не күтіп тұр? ә) Ехобаның билігінің соңғы рет ақталатын кезі жақын қалғаны саған қалай әсер етеді?
18 Ехобаның билігіне үзілді-кесілді қарсы болғандарды масқара жеңіліс күтіп тұр. Құдай Сөзінде “Ізгі хабарға құлақ аспай”, сол үшін Һар-Магедонда жазаға лайық болғандар “мәңгі жойылуға” ұшырайтыны жазылған (Сал. 2-х. 1:7, 8, 9 ЖД). Олардың жойылуы және шындықпен ғибадат етушілердің аман қалуы Ехобаның ғана шынайы Құдай екенінің айқын дәлелі болмақ. Бұл ұлы жеңіс мәңгілік есте қалады. Ал қайта тірілетін “сенушілер де, күнәкарлар да” Ехобаның қандай ғаламат іс жасағанын білетін болады (Ел. іс. 24:15). Сондай-ақ олар жаңа дүниеде Ехобаның билігіне мойынсұнып өмір сүрудің даналық екенін көреді. Олардың арасындағы кішіпейіл адамдардың Ехобаның шынайы Құдай екеніне тез-ақ көздері жетеді.
19 Көктегі сүюші Әкеміз өзіне адал ғибадат етіп жүргендер үшін тамаша болашақ дайындап қойған. Забур жыршысы: “[Сенің жауларың] ұятты болып, құрып кетсін, Және Сенің бір ғана Жаратушы [“Ехоба” ЖД] екеніңді, жерге үстемдік ететін Құдай екеніңді білсін”,— деп дұға еткен (Заб. 82:18, 19). Осы дұғаға Ехобаның соңғы жауабын бергенін сұрап дұға етесің бе?
[Сілтемелер]
a Осы мақаланы қарастырмас бұрын, 82-ші Забурды оқып, мазмұнымен танысып алғаның жөн.
b Езекиел 38:16: “Жер бетін жауып кету үшін бұлт секілді Менің халқыма, Исраилға қарсы көтерілесің: бұл дәл ақырғы күні жүзеге асады, және де солардың көз алдында Өзімнің қасиетті бейнемді Мен сенің, [Гог], төбеңе үйірілткен кезде халық біткен Мені танып білуі үшін Мен сені өз жеріме ертіп әкелемін”.
c Еремия 1:19: “Олар саған қарсы көтерілетін болады, алайда сені жеңе алмайды, өйткені сені қауып-қатерден құтқару үшін, дейді Жаратушы Ие, Мен сенің қасыңда боламын”.
d Езекиел 38:23: “Менің ұлылығым мен Өзімнің қасиетті екендігімді танытамын, және де көптеген халықтардың көз алдында Өз бейнемді көрсетемін, сонда Менің — Жаратушы екенімді біледі”.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• 82-ші Забур жыры жазылған уақытта Исраил қандай жағдайға тап болған еді?
• Забур жыршысын толғандырған басты нәрсе не?
• Бүгінде Шайтанның нысанасы кімдер?
• Забур 82:19-дағы дұғаға Ехоба соңғы рет қалай жауап береді?
[15-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Ежелгі Мегіддо маңындағы шайқастардың біздің болашағымызға қандай қатысы бар?
Киссон өзені
Харошеф-Гоим
Кармил тауы
Езрел алқабы
Мегіддо
Танақ
Гелбуе тауы
Харод қайнары
Море
Айн-Дор
Табор тауы
Ғалилея көлі
Иордан өзені
[12-беттегі сурет]
Забур жыршысын шын жүректен дұға айтуға не талпындырды?