Құрметке лайықты әрекетіңмен Ехобаны даңқта
“[Жаратқан Иенің] ісі — даңқ пен әсемдік” (ЗАБ. 110:3).
1, 2. а) “Даңқ” сөзі нені білдіреді? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?
КИЕЛІ КІТАПТА Құдайдың құрметке лайық екені көрсетіліп: “[Құдайым] Сен даңқ пен ұлылыққа бөленгенсің”,— делінген (Заб. 103:1). Адамның да құрметке лайықты түрде әрекет ете алатыны Елші Пауылдың сөзінен көруге болады. Ол мәсіхші әйелдердің сырт көрінісіне қатысты былай деген: “Әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын” (Тім. 1-х. 2:9). Алайда Ехобаның “даңқ пен әсемдігін” дәріптеу үшін, сырт көрінісіміздің ғана құрметке лайықты болуы жеткіліксіз (Заб. 110:3).
2 Киелі кітапта “даңқ” деп аударылған еврей сөзін “әсемдік”, “салтанатты ұлылық”, “мадақ”, “құрмет” деп те аударуға болады. Сондай-ақ бұл сөздер құрметке лайықты, қадірлі әрі абыройлы болу дегенді білдіреді. Ал құрмет пен даңққа Ехобадан артық ешкім де лайық емес. Біз Құдайдың бағышталған қызметшілері болғандықтан, сөзіміз бен ісіміз оған құрмет әкелетіндей болу керек. Адам неліктен құрметке лайықты түрде әрекет ете алады? Ехобаның “даңқ пен әсемдігі” қалайша паш етілуде? Құдайдың даңқы бізге қалай әсер ету керек? Құрметке лайықты түрде әрекет етуге қатысты Иса Мәсіхтен не үйренеміз? Біз Құдайға ұнамды әрі құрметке лайықты түрде қалай әрекет ете аламыз?
Неге құрметке лайықты түрде әрекет ете аламыз?
3, 4. а) Мәртебеге ие болғандықтан, біз не істеуіміз керек? ә) Забур 8:6—10 пайғамбарлық сөздер кімге нұсқайды? (Сілтемені де қараңдар.) б) Бұрынғы кезде Ехоба кімдерді құрметке бөледі?
3 Адам баласы Құдайға рухани жағынан ұқсас етіп жаратылғандықтан, құрметке лайықты түрде әрекет ете алады. Ехоба алғашқы адамды жерге қамқоршы етіп тағайындауымен оны құрметке бөледі (Жар. 1:26, 27). Тіпті ол күнә жасап, кемелділігінен айырылса да, Ехоба оны осы жауапкершілігінен айырған жоқ. Құдай әлі де адамдарды ‘тәжі сыйлағандай’ даңқ пен құрметке бөлеуде (Забур 8:6—10 оқы)a. Осындай мәртебеге ие болғандықтан, біз өз тарапымыздан Ехобаның ұлы есімін қастерлей отырып, лайықты әрекетімізбен дәріптеуіміз керек.
4 Ехоба әсіресе өзіне қасиетті қызмет атқаратын адамдарды құрметке бөлейді. Ол Қабылдың ұсынған тартуынан бас тартып, Әбілдің құрбандығын қабыл алды да, оны құрметке бөледі (Жар. 4:4, 5). Құдай Мұсаға орнын басқалы жатқан Ешуамен “даңқын бөлісуді” бұйырды (Ру. сан. 27:20, ЖД). Ал Дәуіттің ұлы Сүлеймен жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Жаратушы Сүлейменді бүкіл Исраилдің көз алдында ұлықтап, бұрын Исраилдің бірде бір патшасы жете алмаған даңқты оған берді” (Шеж. 1-ж. 29:25). Сондай-ақ Құдай өзінің ‘патшалығының даңқын’ адалдықпен жариялаған майланған мәсіхшілерді қайта тірілгенде ерекше құрметке бөлейді (Заб. 144:11—13). Күннен күнге саны өсіп жатқан Исаның “басқа қойлары” да Ехобаны дәріптеп, бата болып табылатын әрі мәртебелі қызметті атқаруда (Жох. 10:16).
Ехобаның даңқы мен әсемдігі паш етілуде
5. Ехобаның даңқы қаншалықты зор?
5 Адамның қасында Ехобаның даңқы қаншалықты зор екенін көрсетіп, Дәуіт былай деп жырлады: “Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, бүкіл дүниеде есімің Сенің бәрінен де даңқты, неткен айбынды! Көктен биік мерейіңді өсірдің” (Заб. 8:2). Ехоба — ғаламдағы ең мәртебелі әрі даңқты Тұлға. Ол “аспан мен жерді” жаратпай тұрып мәңгілік бұрын сондай болған және жерді жұмаққа айналдырып, адам баласын кемелділікке жеткізгеннен кейін де мәңгілік бойы сондай бола береді (Жар. 1:1; Қор. 1-х. 15:24—28; Аян 21:1—5).
6. Неге забур жыршысы Ехобаны “даңқ пен ұлылыққа бөленген” деп суреттеді?
6 Забур жыршысы асыл тастардай жарқыраған жұлдыздарға толы түнгі аспанды тамашалағанда, Құдайдың құдіреті оған қатты әсер еткен болса керек. Ол Құдайдың ‘аспанды шатырша жайғанына’ таңғалып, зор жасампаздығы үшін Ехобаны “даңқ пен ұлылыққа бөленген” деп суреттеді (Забур 103:1, 2). Көзге көрінбейтін әрі құдіреті шексіз Жаратушының даңқы мен әсемдігін жаратылыстары паш етуде.
7, 8. Ехобаның даңқы мен әсемдігін аспан қалай паш етеді?
7 Мысалға жұлдыздар, планеталар және күн жүйелерінен тұратын Құс жолы галактикасын алайық. Мұхиттай жайылған осы галактикада Жер планетасы жағалаудағы құмның бір түйіршігіндей ғана. Бұл галактикада 100 миллиардтан астам жұлдыз бар. Егер тәулігіне 24 сағат бойы секундына бір жұлдыздан тоқтамай санайтын болсақ, 100 миллиард жұлдызды 3 000 жылдан кейін ғана санап бітер едік.
8 Егер Құс жолы галактикасының өзінде 100 миллиард жұлдыз болса, ғаламның қалған бөлігі жөнінде не деуге болады? Астрономдар Құс жолы галактикасы ғаламдағы 50-ден 125 миллиардқа жететін галактикалардың бірі ғана болуы мүмкін екенін айтады. Сонда бүкіл ғаламда қанша жұлдыз бар? Олардың қаншалықты көп екенін түсінуге ақылымыз жетпейді. Ал Ехоба болса “жұлдыздар санын есептейді; олардың барлығын өз аттарымен атайды” (Заб. 146:4). Ехобаның осындай даңқ пен әсемдікке бөленгені бізді оның ұлы есімін мадақтауға талпындырады емес пе?!
9, 10. Адамға нан бергені Жаратушымыздың даналығын қалайша паш етеді?
9 Ал енді назарымызды жердегі қарапайым ғана нанға аударайық. Ехоба “аспан мен жердің Жаратушысы” ғана емес, “ашыққандарға нан Беруші” (ЖД) де болып табылады (Заб. 146:6, 7). Құдайдың даңқы мен әсемдігін паш ететін керемет істерінің бірі — нан жасауға болатын өсімдіктерді жаратуы (Забур 110:4, 5 оқыb). Иса ізбасарларын: “Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр”,— деп дұға етуге үйреткен (Мат. 6:11). Нан ежелде көп халықтардың, соның ішінде исраилдіктердің де, негізгі тағамы болған. Қарапайым болып есептелсе де, бұл дәмді тағам бірнеше ғана заттың арасындағы күрделі химиялық процестің нәтижесінде пайда болады.
10 Киелі кітап жазылып жатқан заманда исраилдіктер бидай не арпа ұнын суға илеп, нан пісіретін болған. Кейде нанды ашытқы салып та пісірген. Осы қарапайым заттар араласқанда, химиялық байланысқа түседі. Бұл заттардың арасында нақты қандай реакциялар жүретіні түсініксіз. Оның үстіне, нанның асқазанда қорытылуы тағы бір ғажайып құбылыс. Сондықтан забур жыршысының: “Сенің істерің не деген көп, Жаратқан Ие? Сен бәрін даналықпен жасадың”,— деуінің себебі бізге түсінікті (Заб. 103:24). Сенің де Ехобаны дәріптегің келе ме?
Құдайдың даңқы мен әсемдігі саған қалай әсер етеді?
11, 12. Құдайдың жаратқандары жайлы ойлану бізге қалай әсер ету керек?
11 Түнгі аспанды тамашалау үшін астроном, не нанның пайдасын көру үшін химик болу міндет емес. Алайда Жаратушымыздың әсемдігін бағалау үшін, оның жаратқандары жайлы ой жүгіртуге уақыт бөлу керек. Ехобаның осы және басқа да істері жайлы ойланғанымыздың көп пайдасы бар.
12 Ехобаның өз халқы үшін жасаған ұлы істеріне қатысты Дәуіт: “Мен Сенің кемелділігіңнің зор даңқы жайында және Сенің ғажайып істерің туралы ойлайтын боламын”,— деп жырлаған (Заб. 144:5). Біз Құдайдың осы істері жайлы Киелі кітапты оқу мен зерттеу кезінде ойланамыз. Нәтижесінде Құдайдың даңқы мен әсемдігін бағалай түсеміз. Сонда біз Дәуіттің: “Сенің ұлылығыңды жариялайтын боламын”,— деген сөзіне қосылып, Ехобаны дәріптейтін боламыз (Заб. 145:5, ЖД). Құдайдың ғажайып істері жайлы ой жүгірткеніміз онымен қарым-қатынасымызды нығайтып, ол туралы адамдарға шабыттанып әрі сеніммен айтуға талпындыруы керек. Сен ізгі хабарды құлшына жариялап, адамдарға Ехоба Құдайдың даңқын, әсемдігін және ұлылығын бағалауға көмектесіп жүрсің бе?
Иса Құдайдың даңқын кемелді түрде көрсетеді
13. а) Даниял 7:13, 14-ке сай, Ехоба Ұлын қалай даңққа бөледі? ә) Иса Патша ретінде қол астындағыларға қалай қарайды?
13 Құдай Ұлы Иса Мәсіх ізгі хабарды құлшына жариялаған әрі даңқ пен салтанатты ұлылыққа бөленген көктегі Әкесін дәріптеді. Ехоба болса жалғыз Ұлына ‘билік пен патшалық’ беріп, оны ерекше даңққа бөледі (Даниял 7:13, 14 оқыc). Алайда Иса менмен не өзімшіл емес. Қайта, ол — қол астындағылардың жағдайы мен мүмкіндіктерін ескеретін және оларға құрметпен қарайтын жанашыр Басшы. Исаның болашақ патша ретінде адамдарға, әсіресе өзгелер үшін жеккөрінішті әрі жағымсыз болып көрінгендерге, қалай қарағанын қарастырайық.
14. Ежелгі Исраилде алапес адамға қалай қараған?
14 Ежелде алапеске ұшыраған адам жиі баяу әрі азапты өліммен өлетін. Бірте-бірте денесін жара басатын. Адамдарға бұл дерттен айығу өлімнен қайта тірілу сияқты мүмкін еместей болып көрінген (Ру. сан. 12:12; Пат. 4-ж. 5:7, 14). Алапес адамды таза емес деп жариялап, одан жиіркенген. Сондай-ақ олар адамдардан бөлек жерде тұруы керек болған. Ал адам бар жерге жақындағанда, ол: “Таза емеспін! Таза емеспін!”— деп айқайлауы керек еді (Леуі. 13:43—46). Алапеске ұшырау өлгенмен бірдей болған. Раввин жазбаларының айтуынша, мұндай адамның басқаларға 1,7 метрден артық жақындауына тыйым салынатын. Бір дін басы алапес адамды көргенде, тіпті ол алыста болса да, тас лақтырып қуатын болған.
15. Иса алапес адамды қалай айықтырды?
15 Алайда Исаның келесі бір әрекеті көңіл қоюға тұрарлық. Оған бір алапес адам келіп, өзін сауықтыруын өтінеді (Марқа 1:40—42 оқы). Сонда ол ауру адамды қуып жібермей, қайта, оған жаны ашып, құрметпен қарайды. Иса оның бейшара күйін көргенде, жүрегі езіліп, қасіретінен құтқаруға асығады. Ол қолын созып, денесіне тигізеді де, оны айықтырып жібереді.
16. Исаның адамдарға танытқан көзқарасынан қандай үлгі аламыз?
16 Әкесінің даңқын көрсеткен Исаға оның шәкірттері ретінде біз қалай еліктей аламыз? Мұның бір жолы — барлық адамның дәрежесіне, денсаулығына, жасына қарамай, құрметке лайық екенін мойындау (Пет. 1-х. 2:17). Әсіресе басшылық ету міндеті жүктелген күйеулер, ата-аналар және мәсіхші ақсақалдар қамқорлығындағы адамдарға құрметпен қарап, оларға өз-өзін қадірлеу сезімдерін сақтауға көмектесулері керек. Бұл талаптың барлық мәсіхшілерге қойылғанына баса назар аударып, Киелі кітап былай дейді: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар” (Рим. 12:10).
Құрметке лайықты түрде ғибадат ету
17. Ехобаға ғибадат еткенде лайықты түрде әрекет етуге қатысты Жазбалардан не білеміз?
17 Ехобаға ғибадат еткенде адам өзін лайықты түрде ұстауы керектігіне ерекше көңіл аударуға тиіс. Екклесиаст 5:1-де: “Құдайға құлшылық етуге келер алдында аяғыңа абай бол”,— делінген. Мұсаға, ал кейін Ешуаға киелі жерге келгенде аяқ киімдерін шешу бұйырылған болатын (Мыс. ш. 3:5; Ешуа 5:15). Бұл құрмет көрсетудің белгісі еді. Ал Исраилдегі дін қызметшілер болса ‘тәндерін жабатын’ іш киім киюі керек болған (Мыс. ш. 28:42, 43). Бұл талап олар құрбандық орында қызмет етіп жүргенде ұятты болып қалмау үшін қажет еді. Діни қызметкердің бүкіл үй-іші жүріс-тұрысқа қатысты Құдайдың талаптарын ұстануға тиіс болған.
18. Ехобаға лайықты түрде ғибадат етуге не жатады?
18 Лайықты түрде ғибадат ету құрмет көрсетумен байланысты. Құрметке лайықты болу үшін, соған сай әрекет ету талап етіледі. Әрі бұл адамдардың алдында өзімізді қалай ұстағанымыздан ғана емес, тек Құдай ғана көретін жан дүниемізден де байқалу тиіс (Пат. 1-ж. 16:7; Нақ. с. 21:2). Жүріс-тұрысымыз, көзқарасымыз, адамдармен қарым-қатынасымыз және өзіміз жайлы ойымыз бен ішкі сезіміміз құрметке лайықты болуы керек. Демек, сөзіміз, әрекетіміз және сырт көрінісіміз барлық уақытта құрметке лайықты болу қажет. Осыған қатысты Пауылдың келесі сөзіне ден қоялық: ‘Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз. Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтыламыз’ (Қор. 2-х. 6:3, 4). ‘Осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтеміз’ (Тит. 2:10).
Құдайға ұнамды әрі құрметке лайықты түрде әрекет ете бер
19, 20. а) Өзгелерге құрмет көрсетудің жақсы жолы қандай? ә) Не істеуге бел бууымыз керек?
19 ‘Мәсіхтің өкілдері’ майланған мәсіхшілер құрметке лайықты түрде әрекет еткен (Қор. 2-х. 5:20). Оларға адалдықпен қолдау көрсетіп жатқан “басқа қойлар” Мәсіх басқарған Патшалықтың лайықты елшілері болып табылады. Олар батылдықпен сөйлеуі және құрметке лайықты жүріс-тұрыстары арқылы осы үкіметтің мәртебесін асыруда. Олай болса, біз де Құдайдың үкіметін, яғни Патшалығын, құрметке лайықты түрде әрі батылдықпен қолдауымыз керек (Ефес. 6:19, 20). “Бақыттың жақсы хабарын” айтып келгеніміз адамдарға құрмет көрсеткеніміздің белгісі емес пе?! (Ишая 52:7).
20 Құрметке лайықты әрекетімізбен Құдайдың даңқын асыра беруге бел бууымыз керек (Пет. 1-х. 2:12). Ехобаға және бір сенімдегі бауырластарымызға терең құрмет көрсетейік. Сондай-ақ лайықты түрде ғибадат етуімізбен даңқ пен әсемдікке бөленген Ехобаны қуанта берейік.
[Сілтемелер]
a 8-ші Забур жырындағы Дәуіттің сөздері сондай-ақ кемелді адам Иса Мәсіхке нұсқайтын пайғамбарлық сөздер болып табылады (Евр. 2:5—9).
b Забур 110:4, 5: “Ол Өзінің ғажайыптарын есте қалатын етіп жасады; Жаратқан Ие мейірімді және жомарт. Одан қорқатындарға тағам береді; Өзінің шартын мәңгі ұмытпайды”.
c Даниял 7:13, 14: “Түнгі сәуеде менің көргенім: аспандағы бұлттармен қатарласып Адам ұлы келеді екен деймін, сол бойы Көне қартқа жақындап, Соның алдына келеді. Сол арада Оған билік, даңқ пен патшалық берілді, барлық халықтар, ұлттар мен жұрттар Соған қарасын делінді; Оның билігі — таусылмайтын мәңгілік билік әрі Оның патшалығы ешқашан шайқалмайды екен”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаның даңқы мен әсемдігін мойындау бізге қалай әсер ету керек?
• Исаның алапес адамды айықтырғанынан құрметке лайықты әрекет жайлы не білеміз?
• Құрметке лайықты әрекетімізбен қалай Ехобаны дәріптейміз?
[12-беттегі сурет]
Ехоба Әбілді қалай құрметке бөледі?
[14-беттегі сурет]
Адамды нанмен қамтамасыз етуі — Ехобаның ұлы істерінің бірі
[15-беттегі сурет]
Исаның алапес адамды айықтырғанынан құрметке лайықты түрде әрекет ету жайлы не білеміз?
[16-беттегі сурет]
Лайықты түрде ғибадат ету Ехобаны құрметтеумен байланысты