Ехобаның сөзіне сенім арт
“Сенің сөзіңе сенімімді артам” (ЗАБУР 118:42).
1. Забурдың 118-тарауынан жыршының кім болғанына және оның қандай рух танытқанына қатысты не айтуға болады?
ЗАБУРДЫҢ 118-тарауының құрастырушысы Ехобаның сөзін ерекше жақсы көрген. Оны құрастырған Яһуданың ханзадасы Езекия болған болуы мүмкін. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл жырдан патша болған кезде ‘Тәңірден бір елі айырылмаған’ Езекияның қандай рух танытқанын байқауға болады (Патшалықтар 4-жазба 18:3–7). Жырдан бір нәрсе анық көрінеді: оның құрастырушысы өзінің рухани мұқтаждығын мойындаған (Матай 5:3, ЖД).
2. Забурдың 118-тарауындағы басты ой қандай және ол қалай құрастырылған?
2 Бұл жырдағы басты ой – Құдай сөзінің немесе хабарының құндылығыa. Жырды жаттау оңай болу үшін жыршы оны әліпби бойынша құрастырған. Жырдың 176 тармағы еврей әліпбиіндегі әріптердің орналасу тәртібі бойынша құрастырылған. Түпнұсқада жырдың әрбір 22 шумағы бірдей әріптен басталатын 8 жолдан құралған. Бұл жырда Құдайдың сөзі, заңы, ескертулері, жолдары, бұйрықтары, жарлықтары, өсиеттері, шешімдері, айтқандары туралы айтылады. Осы және келесі мақалада Забур жырының 118-тарауы Еврей жазбаларының тура аудармасына сәйкес талқыланатын болады. Ехобаның бұрынғы және қазіргі қызметшілерінің бастарынан өткен жайттар туралы ой жүгірткенде, киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы жырды көбірек түсініп, әрі Құдай Сөзі Киелі кітапқа деген ризашылығымыз да арта түседі.
Құдай сөзіне бағын да, бақытты бол
3. Мінсіз болу дегеннің не екенін мысалмен түсіндіріп беріңдер.
3 Шынайы бақытты болуымыз Құдай “ережелерін”, немесе заңын, орындағанымызға байланысты (Забур 118:1–8). Солай етер болсақ, Ехоба бізді ‘пәк таза да тура жолмен жүрген’ немесе мінсіз адамдар ретінде қарастырады (Забур 118:1). Мінсіз болу деген кемелді болуды білдірмейді, бірақ Ехоба Құдайдың еркін орындауға күш салуымыз керек екенін көрсетеді. Нұх “замандастарының арасында мінсіз, Құдаймен байланысып өмір сүрген адам” болған. Сол әділ рубасы мен оның отбасы Ехобаның нұсқауы бойынша өмір сүргендіктен, Топан судан аман қалды (Жаратылыс 6:9; Петірдің 1-хаты 3:20). Сол сияқты осы дүние жойылғанда, аман қалуымыз Құдайдың бұйрықтарын ‘бұлжытпай орындау’ арқылы оның еркін атқарғанымызға байланысты (Забур 118:4).
4. Қандай жағдайда біз бақытты әрі табысты бола аламыз?
4 Ехобаны ‘таза жүрекпен дәріптеп, жарлықтарын ұстана беретін’ болсақ, ол бізді ешқашан тастамайды (Забур 118:7, 8). Құдай өзінің ‘заң кітабындағы жазылғанның бәрін дәл орындау үшін одан күні-түні үйрен’ деген кеңеске құлақ асқан Ешуаны тастаған жоқ. Кеңеске құлақ асқаны үшін Ешуа табысты болған және дана әрекет еткен (Ешуа 1:8). Ол өмір-бақи Құдайды дәріптеп өткен, әрі исраилдіктерге: “Шын жүректеріңмен және жан-тәндеріңмен білесіңдер, Тәңір Құдайларың сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болып, бір сөзі де орындалмай қалған жоқ”,– деп айта алған (Ешуа 23:14). Ешуа мен Забурдың 118-тарауының жазушысы сияқты біз Ехобаны даңқтап, оның сөзіне сенім арту арқылы бақытты әрі табысты бола аламыз.
Ехобаның сөзі таза болуымызға көмектеседі
5. а) Рухани тазалықты қалай сақтауға болатынын түсіндіріңдер. ә) Ауыр күнә жасап қойған жас жігіт қандай көмек ала алады?
5 Егер Құдайдың сөзіне бағынып жүретін болсақ, рухани таза бола аламыз (Забур 118:9–16). Тіпті ата-анамыз бізге жақсы үлгі көрсетпесе де, бұл солай болмақ. Езекия әкесі пұтқа табынушы болғанымен, пұтқа табынушылықтың ықпалынан арылған болса керек, тура жолмен жүрген. Егер бүгінде Құдайға қызмет етіп жүрген жас жігіт ауыр күнә жасап қойса, күнәсіне өкіну, дұға айту және ата-анасы мен мәсіхші ақсақалдардың сүйіспеншілікпен көрсеткен көмектері оған Езекия сияқты болуға әрі ‘тура жолмен жүріп, Тәңірдің тәліміне бағынуға’ көмектеседі (Жақып 5:13–15).
6. Қандай әйелдер тура жолмен жүріп, Құдай сөзіне бағынған’?
6 Забурдың 118-тарауы жазылғаннан көп уақыт бұрын өмір сүрсе де, Рахаб пен Рут ‘тура жолға’ түскен. Қанахандық Рахаб жеңіл жүрісті әйел болған, бірақ өз сенімі арқылы Ехобаның қызметшісі ретінде танымал болды (Еврейлерге 11:30, 31). Моабтық Рут өз құдайын тастап, Ехобаға қызмет еткен және Исраилге берілген Таурат заңын ұстанған (Рут 1:14–17; 4:9–13). Бұл исраилдік емес екі әйел де ‘Құдай сөзіне бағынған’ және Иса Мәсіхтің түп аналары болатын керемет мәртебеге ие болған (Матай 1:1, 4–6).
7. Қалайша Даниял мен оның үш жолдасы рухани тазалық сақтауға қатысты керемет үлгі қалдырған?
7 “Адамның ішкі ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім”, бірақ жастар тіпті Шайтан билеген осы бұзылған дүниенің өзінде таза жолмен жүре алады (Жаратылыс 8:21; Жоханның 1-хаты 5:19). Бабылға құлдыққа кеткен Даниял мен оның үш жолдасы ‘Құдай сөзіне бағынған’. Мысалы, олар ‘патшаның дастарқанындағы тағамнан’ дәм татып, арамданбауды шешкен (Даниял 1:6–10). Бабылдықтар Мұсаның заңында тыйым салынған арам малдарды жей беретін (Леуіліктер 11:1—31; 20:24—26). Олар мал бауыздағанда қанын үнемі ағыза бермейтін, осылайша Құдайдың қанға қатысты берген заңын бұзатын (Жаратылыс 9:3, 4). Олай болса, төрт еврей жігіттің патшаның дастарқанынан дәм татпауды шешкеніне таңғалуға бола ма!? Сол Құдайды қастерлейтін жастар рухани тазалықтарын сақтап қалған, әрі осылайша керемет үлгі қалдырған.
Құдай сөзі адалдық сақтауға көмектеседі
8. Құдайдың заңын түсініп, оны іс жүзінде қолдану үшін қандай көзқарас және білім қажет?
8 Ехобаға адалдығымызды сақтау үшін Оның сөзін сүю маңызды (Забур 118:17–24). Құдайдың рухына бөленген жыршы сияқты болсақ, Құдай заңының “кереметтерін” түсінуге құштар боламыз. Үнемі Ехобаның ‘шешімдерін үйренуді сағынып’, ‘ескертулерінен (ЖД) рақат табатын боламыз’ (Забур 118:18, 20, 24). Ехобаға бағышталғанымызға көп уақыт болмаса да, ‘жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштар’ болып тұрамыз ба? (Петірдің 1-хаты 2:1, 2). Құдайдың заңын тереңірек түсініп, іс жүзінде қолдана алуымыз үшін Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсінуіміз керек.
9. Құдайдың заңы мен адамдардың талаптары қайшы келсе, қалай әрекет еткеніміз дұрыс?
9 Біз Құдайдың ескертулерін сүйетін де шығармыз, бірақ “әкімдер” қандай да бір себеппен бізге қарсы жарлық шығарса ше? (Забур 118:23, 24). Бүгінде билігі бар адамдар бізді жиі Құдай заңынан гөрі адам заңына көбірек бағындыруға тырысып жатады. Адамның қойған талабы Құдайдың еркіне қайшы келетін болса не істейміз? Құдайдың сөзіне деген сүйіспеншілігіміз Ехобаға адал болып қалуымызға көмектеседі. Иса Мәсіхтің қуғын көрген елшілері сияқты біз де: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”– дейміз (Елшілердің істері 5:29).
10, 11. Ең ауыр жағдайларда Ехобаның алдында мінсіздігімізді қалай сақтап қала алатынымызды мысалмен түсіндіріп беріңдер.
10 Ехобаға тіпті ең ауыр жағдайларда да адал болып қала аламыз (Забур 118:25–32). Құдай алдында мінсіздігімізді сақтап қалуға бел бусақ, әрдайым үйренуге дайын болып, оның тәлім беруін шын жүректен сұрап дұға етуіміз керек. Сондай-ақ “адалдық жолын” таңдауымыз керек (Забур 119:26, ЖД [118:26]; 118:30).
11 Осы Забур жырының құрастырушысы болып есептелетін Езекия “адалдық жолын” таңдаған. Ол тіпті жалған тәңірлерге құлшылық етушілердің арасында жүрсе де, мүмкін, патша сарайындағылардың мазағына айналған да болар, бұл жолынан таймаған. Оның ‘жанына қайғы батырған’ осындай жағдайлар болуы әбден мүмкін (Забур 118:28). Бірақ Езекия Құдайға сенім артқан, ол жақсы патша болған және “Құдай Иесінің алдында игілікті, әділ де адал” болған (Шежірелер 2-жазба 31:20). Құдайға арқа сүйей отырып, біз де сынақтарға төтеп беріп, Құдай алдында мінсіздігімізді сақтап қала аламыз (Жақып 1:5–8).
Ехобаның сөзі батылдық береді
12. Забур 118:36, 37-дегі сөздерді әрқайсымыз қалай қолдануымызға болады?
12 Құдай сөзінің басшылығымен жүргеніміз өмірдегі сынақтарға қарсы тұруға батылдық береді (Забур 118:33–40). Ехобаның заңына ‘шын жүректен мойынсұна’ алуымыз үшін кішіпейілділікпен одан тәлім алуға талпынамыз (Забур 118:33, 34). Забур жыршысы сияқты Құдайдан: “Жанымды пайдакүнемдікке емес, ескертулеріңе (ЖД) құштар ете гөр”,– деп сұраймыз (Забур 118:36). Елші Пауылдай “барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз” (Еврейлерге 13:18). Егер бастығымыз заңсыз әрекет етуге итермелесе, бар күшімізді жинап, Құдайдың басшылығын берік ұстануға бел буамыз, Ехоба бұл үшін әрқашан батасын береді. Шынында да, ол жамандық жасауға деген кез келген бейімділіктерімізді жүгендеуге көмектеседі. Сондықтан: ‘Бос нәрселерге назарымды түсірме’,– деп дұға етейік (Забур 118:37). Құдай жек көретін түкке тұрғысыз нәрселерге ешқашан құмарта қарамағанымыз дұрыс (Забур 96:10). Бұл басқа нәрселермен қатар порнография мен спиритизмнен де аулақ болуға көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Аян 21:8).
13. Исаның қуғын көрген шәкірттері қорықпай уағыздау үшін батылдықты қайдан алған?
13 Құдай сөзінен алған тура білім батыл уағыздау үшін сенімділік береді (Забур 118:41—48). Өзімізді ‘сөккенге жауап беру’ үшін бізге мұндай батылдық керек те (Забур 118:42). Кейде Исаның қуғын көрген шәкірттеріне ұқсауымыз мүмкін. Олар: “Иеміз... құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!”– деп дұға айтқан. Мұның нәтижесі қандай болды? “Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады”. Әлемнің Иесі өзінің сөзін қорықпай айтуымыз үшін бізге де батылдық береді (Елшілердің істері 4:24–31).
14. Пауыл сияқты батыл куәлік етуімізге не көмектеседі?
14 “Шындық сөзін” жақсы көріп, ‘Құдайдың тәлімін [немесе заңын] бұлжытпай ұстанатын’ болсақ, еш қаймықпастан, батыл куәлік ететін боламыз (Забур 118:43, 44). Құдай Сөзін бар зейінімізбен зерттесек, оның ескертулерін патшалар алдында айта алатын боламыз (Забур 118:46). Сондай-ақ айтқан дұғамыз және Ехобаның рухы дұрыс сөздерді дұрыс жеткізе алуымызға көмектеседі (Матай 10:16–20; Қолостықтарға 4:6). Пауыл бірінші ғасырдағы басшыларға Құдайдың ескертулерін батыл айтқан. Мысалы, ол Рим әміршісі Феликске ‘Мәсіх Исаға сену туралы айтып’ куәлік еткен (Елшілердің істері 24:24, 25). Сонымен қатар ол әмірші Фест пен Агриппа патшаға да куәлік берген (Елшілердің істері 25:22–26:32). Ехобаның көмегімен біз де ‘ізгі хабар үшін еш ұялмайтын’ батыл куәгер бола аламыз (Римдіктерге 1:16).
Құдай Сөзі жұбаныш береді
15. Біреулер мазаққа айналдырғанда, қалайша Құдай Сөзі бізге жұбаныш беруі мүмкін?
15 Құдай Сөзі – жұбаныштың сарқылмас көзі (Забур 118:49–56). Кейде жұбанышты ерекше мұқтаж ететін кездер болады. Ехоба Куәгерлері ретінде батыл сөйлегенімізбен, “паң жандар”, Құдайға қарсы паңдықпен әрекет ететіндер, кейде ‘қатты мазақ етеді’ (Забур 119:51, ЖД [118:51]). Алайда дұға айтқанда, Құдай Сөзіндегі жағымды ойлар есімізге түсуі мүмкін, осылайша өзімізге ‘жұбаныш табамыз’ (Забур 118:52). Құдайға жалбарынғанда, жұбаныш беретін және жанымыз қысылған сәтте батылдық беретін Жазбадағы заң немесе принцип есімізге түсуі мүмкін.
16. Қуғын-сүргінге қарамастан, Құдайдың қызметшілері неден бас тартады?
16 Забур жыршысын мазаққа айналдырған Құдайға бағышталған халықтың адамдары исраилдіктер болатын. Неткен масқара! Алайда біз оларға ұқсамай, ешқашан Құдайдың заңынан тайып кетпеуге бел буайық (Забур 118:51). Нацистерден қуғын көргенде және одан кейінгі жылдары да сол сияқты қиындықтарға кезіккенде, Құдайдың мыңдаған қызметшілері Құдай Сөзіндегі заңдар мен принциптерден ауытқудан бас тартқан (Жохан 15:18–21). Оның үстіне, Ехобаның айтқанын орындау ауыртпалық емес, себебі оның жарлықтары біз үшін жанымызды тыныштыққа бөлейтін жыр сияқты (Забур 118:54; Жоханның 1-хаты 5:3).
Ехобаның сөзі үшін риза бол
17. Құдайдың сөзін жоғары бағалағанымыз бізді не істеуге талпындырады?
17 Құдайдың сөзіне сәйкес өмір сүру арқылы біз оған деген ризашылығымызды көрсетеміз (Забур 118:57–64). Забур жыршысы Ехобаға ‘сөздеріңді сақтаймын деп уәде еткен’ және тіпті түн ортасында тұрып та, ‘оны әділ шешімдеріне бола дәріптеген’. Егер түнде ұйықтай алмай жатсақ, Құдайға дұға айтып, ризашылығымызды білдіруге тамаша мүмкіндік пайда болады емес пе!? (Забур 118:57, 62). Құдайдың сөзін жоғары бағаласақ, одан тәлім алуға талпынамыз, әрі Ехобаны ‘терең қастерлегендердің барлығымен жақын жолдас’ болып, қуанышқа кенелеміз (Забур 118:63, 64). Жер бетінде олардан артық жолдас табу мүмкін бе?
18. Зұлымдар айналамызды шырмағанда, Ехоба дұғаларымызға қалай жауап береді?
18 Шын жүректен дұға айтып, тәлім беруін кішіпейілділікпен сұрағанда, Ехобаның рақымына ие боламыз. Әсіресе айналамызды зұлымдар шырмағанда дұға айтуымыз керек (Забур 118:58, 61). Ехоба Патшалықты уағыздау және шәкірт дайындау ісімен әрі қарай да айналыса алуымыз үшін жаулардың шектеу болған шырмауын үзіп, бізге бостандық әпере алады (Матай 24:14; 28:19, 20). Мұның растығы бұрын ісімізге тыйым салынған елдерде талай рет дәлелденген.
Құдай сөзіне сен
19, 20. Қиыншылыққа ұшырау қалайша игі болуы мүмкін?
19 Құдай мен оның сөзіне сенгеніміз қиыншылықтарға төтеп беріп, Құдайдың еркін орындай беруімізге көмектеседі (Забур 118:65—72). Тәкаппарлар оған жала жапса да, забур жыршысы: “Үйренуім үшін Сенің жарлықтарыңды Пәлеге тап болғаным игі болды”,– деп жырлаған (Забур 118:66, 69, 71). Ехобаның қызметшісінің пәлеге тап болғаны немесе қиыншылыққа ұшырағаны қалайша игі болуы мүмкін?
20 Қиыншылыққа ұшырағанда, әрине, Ехобаға шын жүректен дұға айтамыз, осылайша оған жақындай түсеміз. Сондай-ақ Құдай Сөзін зерттеуге көп уақыт жұмсап, білгендерімізді іс жүзінде қолдануға көп күш салатын шығармыз. Бұл өмірімізді бақытты етеді. Ал қиыншылыққа ұшырағанда, шыдамсыздық, тәкаппарлық сияқты жағымсыз қасиеттеріміз байқалып қалса не істеуге болады? Шын жүректен айтылған дұғаның, Құдай Сөзінің және рухының көмегімен мұндай кемшіліктерімізді жеңе аламыз, әрі жаңа болмысқа көбірек ие боламыз (Қолостықтарға 3:9—14). Оның үстіне, қиыншылыққа кезіккенде сеніміміз нығая түседі (Петірдің 1-хаты 1:6, 7). Пауыл көрген азаптарының пайдасын көрген, себебі солар арқылы ол Ехобаға көбірек үміт артуды үйренген (Қорынттықтарға 2-хат 1:8–10). Қиыншылықтардың өзімізге жақсы жағынан әсер етуіне жол береміз бе?
Ехобаға әрқашан арқа сүйе
21. Құдай паңдарды ұялтқанда не болады?
21 Құдай сөзінен Ехобаға арқа сүйеудің келелі себебін көруге болады (Забур 118:73—80). Жаратушымызға шынымен арқа сүйейтін болсақ, бізде ұялуға еш себеп болмайды. Алайда кейде басқалардан жәбір көргенде, жұбанышты қажет етеміз, сонда: “Мені себепсіз езген паңдар ұялсын”,– деп дұға айтқымыз келуі мүмкін (Забур 118:76–78). Ехоба осындай адамдарды ұялтқанда, олардың зұлым істері әшкереленеді де, Ехобаның киелі есімі қастерленеді. Құдайдың халқын қудалаушылардың еш нәрсеге қол жеткізе алмайтындарына сенімді бола аламыз. Олар Құдайға шын жүректен арқа сүйейтін Ехоба Куәгерлерін ешқашан жойып жіберген емес, жібере алмайды да (Нақыл сөздер 3:5, 6).
22. Қай мағынада забур жыршысы “түтінге қақталған торсықтай” болған?
22 Қуғын-сүргін көргенде, Құдайға көбірек арқа сүйеуімізге оның сөзі көмектеседі (Забур 118:81–88). Паң адамдардан қуғын-сүргін көрген забур жыршысы өзін “түтінге қақталған торсықтай” сезінген (Забур 118:83, 86). Киелі кітап жазылған уақытта жануарлардың терісінен жасалған торсықты су, шарап және басқа да сұйық заттарды сақтау үшін пайдаланған. Бос торсықты түтін толған бөлмедегі оттың жанына іліп қойса, ол әбден кеуіп, қаудырап қалатын. Ауыртпалық немесе қуғын-сүргін көргендіктен, өзіңді “түтінге қақталған торсықтай” сезінген кезің болды ма? Олай болса, Ехобаға арқа сүйе де: “Сақтауым үшін аузыңнан шыққан ережелеріңді [“ескертулеріңді”, ЖД] Рақымыңа сай нығайта гөр рухани өмірімді”,– деп дұға ет (Забур 118:88).
23. Забур 118:1—88 дейінгі тармақтарға шолу жасай отырып, нені қарастырдық және 118:89—176 дейінгі тармақтарды зерттемес бұрын өзімізден не деп сұрауымызға болады?
23 Забурдың 118-тарауының алғашқы жартысын қарастыра отырып, Ехоба өзінің қызметшілеріне сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатынын көрдік, себебі олар оның сөзіне сенім артады және оның жарлықтарын, ескертулерін, өсиеттері мен заңдарын жақсы көреді (Забур 118:16, 47, 64, 70, 77, 88). Адал адамдардың Құдай сөзіне бағынғандары Ехобаға ұнайды (Забур 118:9, 17, 41, 42). Осы тамаша жырдың қалған бөлігін зерттеуді асыға күте отырып, өзімізден: “Ехобаның сөзінің жолыма нұрын шашуына жол беремін бе?”– деп сұрауымызға болады.
[Сілтеме]
a Мұнда бүкіл Құдай Сөзі толық Киелі кітап туралы емес, Ехобаның хабары туралы айтылып тұр.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Біздің шын бақытты болуымыз неге байланысты?
• Ехобаның сөзі қалай рухани таза болуға көмектеседі?
• Қалайша Құдай сөзі батылдық пен жұбаныш береді?
• Неге біз Ехоба мен оның сөзіне сенуіміз керек?
[9-беттегі суреттер]
Рут, Рахаб және Бабылға құлдыққа кеткен еврей жастары Құдай сөзіне бағынған