Саналы жан ақыл-кеңес табар
Адамның өмірін жиі теңіз саяхатына теңеп жатады. Алайда көп жағдайда адам өз ақылымен өмір теңізінен аман-есен жүзіп өте алмайды. Көбісі өмірдің дүлей толқындары көтерілген кезде кеме апатына ұшыраған (Заб. 106:23, 27). Неліктен бұл теңеу орынды?
Ежелгі уақытта теңізде саяхаттау көп тәжірибені қажет ететін қиын іс болған. Жаңа теңізшілер бұны тәжірибелі теңізшілерден, бәлкім, кеме жүргізушілерінен үйрене алатын (Ел. іс. 27:9—11). Сол кездегі суретшілер кеме жүргізушінің рөлі маңызды болғанын көрсету үшін оны басқалардан үлкен етіп салған. Ашық теңізге шыға алу үшін теңізшілер жұлдыздар, жел және басқа да жайттар туралы білу керек еді. Бір қызығы, теңізшілердің “шеберлігі” туралы айтылған жазба орнында түпнұсқа тілінде “даналық” сөзі қолданылған (Езек. 27:8).
Ежелде теңізде саяхаттау қандай қиын болса, бүгінде өмір қиындықтарымен күресу де сондай қиын. Олай болса, біз көмекті қайдан таба аламыз?
“АҚЫЛ-КЕҢЕСТІ” ҚАЙДАН ТАБА АЛАМЫЗ?
Жоғарыдағы теңеуді есте ұстай отырып, Киелі кітапта жазылған келесі шындыққа назар аударайық: “Саналы тыңдап, ақыл-кеңес табады, данышпан біліміне білім қосады” (Нақ. с. 1:5, 6). Бұл жазба орнындағы “ақыл-кеңес” деп аударылған еврей сөзі ежелдегі кеме басшысының іс-әрекеттеріне нұсқайды. Оның астарында кемені ақылмен басқару деген мағына жатыр.
Бұл көп күш салуды талап еткенімен, біз “ақыл-кеңесті” таба аламыз және өмір теңізінде аман-есен жүзе аламыз. Нақыл сөздер кітабында айтылғандай, ол үшін “даналық” пен “түсінікке” және “парасатқа” ие болуымыз қажет (Нақ. с. 1:2—6; 2:1—9). Біз Құдайдың басшылығына ешқашан атүсті қарамауымыз керек, өйткені тіпті зұлымдардың ұстанатын “кеңесі” бар (Нақ. с. 12:5).
Олай болса, Құдай Сөзін мұқият зерттейік. Осылайша біз Ехоба мен оған айна-қатесіз ұқсайтын Иса Мәсіх туралы құнды білімге ие боламыз (Жох. 14:9). Сондай-ақ қауым кездесулерінде көп дана кеңестер естиміз. Және де тәжірибелі адамдардың, мысалы ата-анамыздың, кеңесіне жүгіне аламыз (Нақ. с. 23:22).
АЛДЫН АЛА КӨРЕ БІЛ
“Ақыл-кеңесті” әсіресе өмірдің толқындары тулаған кезде қажет етеміз. Қиын жағдайға тап болғанда, адам не істерін білмей сасып қалады. Мұның салдары қайғылы болуы ықтимал (Жақ. 1:5, 6).
Көңіл қоярлық тағы бір жайт, Киелі кітапта “ақыл-кеңес” деп тәржімеленген сөз соғыс жүргізуге қатысты да қолданылады. Біз былай деп оқимыз: “Ақылдасқан іс берік тұр, Соғысар алдында кеңес құр” (Нақ. с. 20:18; 24:6).
Әскербасы жаудың қимыл-әрекетін алдын ала көре біліп, соғысты қалай жүргізетінін жоспарлайтыны сияқты, біз рухани күйімізге қауіп төндіруі мүмкін нәрселерді көре білуіміз керек (Нақ. с. 22:3). Мысалы, саған жаңа жұмыс не қызметіңді жоғарылатуға қатысты ұсыныс жасалды делік. Әрине, ондай кезде сен жалақысын, жолға қанша уақыт кететінін және тағы басқа жайттарды қарастырасың. Алайда келесідей маңызды жайттарды да ұмыт қалдырмауың керек: Бұл жұмыс Киелі кітап принциптеріне қайшы келмей ме? Егер ол ауысымдық жұмыс болса, бұл сенің рухани істеріңе қалай әсер етеді? (Лұқа 14:28—30).
Лоретта есімді Ехоба куәгерінің жақсы жұмысы болды. Ол жұмыс істеген компания басқа жерге орын ауыстырмақ болғанда, бастықтары Лореттаға сол жердегі дәрежесі жоғары қызметті ұсынып: “Мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет беріледі,— деді. Сөзін жалғап олар: “Оған қоса сол маңайда Патшалық сарайы да бар екен”,— деп қосты. Алайда Лоретта өмірін қарапайым етіп, Жаратушыға көбірек қызмет етуді қалады. Ол дәрежелі орында істеуге келісімін берсе, рухани істерге тым аз уақыт қалатынын білді. Бастықтарының бірі оңашада оның ең бағалы жұмысшы екенін айтса да, ол жұмыстан шығуға арыз жазады. Қазір 20 жылдай жалпы ізашарлық қызметті атқарып келген Лоретта Құдай Сөзіндегі “ақыл-кеңеске” сай көрегендік танытқанының арқасында ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін айтады. Оның Ехобамен қарым-қатынасы тығыз, сондай-ақ ол бірнеше адамға Киелі кітаптағы шындықты білуге көмектесу мәртебесіне ие болды.
Әлбетте, “ақыл-кеңес” отбасында да қажет. Мәселен, баланы өсіріп-тәрбиелеу — ұзақ жылдарға созылатын ауыр еңбек. Ата-ананың рухани және тәндік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қатысты қандай шешімдер қабылдайтыны отбасының болашағына әсер етеді (Нақ. с. 22:6). Мәсіхші ата-аналар мына сұрақтар жайлы ойласа болады: “Есейгенде өмірдің қиындықтарын даналықпен шеше алулары үшін балаларымызға рухани құндылықтарды үйретіп, өзіміз үлгі көрсетіп жүрміз бе? Бізге қарап, қарапайым өмірді қанағат тұтуды және бар назарын мәсіхшілік қызметке аударуды үйрене ала ма?” (Тім. 1-х. 6:6—10, 18, 19).
Нағыз жетістік көпшілік жан сала ұмтылатын дәулет не дәрежеге байланысты емес. Сүлеймен патша да мұны түсінген. Киелі рухтың жетелеуімен ол: “Құдайдан қорқатын адамға жақсылықтың келетіндігін білемін”,— деген (Уағ. 8:12). Иә, “ақыл-кеңесті” Құдай Сөзінен іздеу — даналықтың белгісі (Тім. 2-х. 3:16, 17).
[30-беттегі сурет]
Суретшілер кеме жүргізушінің рөлі маңызды болғанын көрсету үшін оны басқалардан гөрі үлкен етіп салған
[Түпдерек]
Su concessione del Ministero per i Beni e le Attività Culturali. Бұл суреттің көшірмесін жасауға не қайта басып шығаруға рұқсат етілмейді.