Құдай Сөзін жеке зерттеуден қанағат ал
“Сенің істерің жөнінде ой жүгіртіп, керемет істеріңді ойлап толғанатын боламын” (ЗАБУР 76:13).
1, 2. а) Неге ой жүгіртуге уақыт бөлуіміз керек? ә) Ой жүгірту деген не?
ИСА МӘСІХТІҢ шәкірттері ретінде Құдаймен қарым-қатынасымыз бен оған қандай ниетпен қызмет етіп жүргендігіміз туралы ойлануымыз керек. Алайда бүгінгі таңда өмірдің қарқынының жылдам болғаны сонша, адамдар байыппен ой жүгіртуге уақыт таппайды. Олар мал-мүлік жинаудың соңына түскен не ләззәт-ермекке бой ұрған. Қалайша осындай әурешіліктен аулақ болуымызға болады? Тамақтану, ұйықтау сияқты аса маңызды нәрселерге біз күнделікті арнайы уақыт бөлеміз, тап солай Ехобаның істері жөнінде ой жүгіртуге де күнделікті уақыт бөлуге тиіспіз (Заңды қайталау 8:3; Матай 4:4).
2 Бір сәт кідіріп, ой жүгіртетін кездерің бола ма? Ой жүгірту деген не? Ой жүгірту — әлдебір нәрсе жөнінде ойланып-толғану, асықпай мұқият әрі терең ой қозғау. Бұл іс жүзінде біз үшін нені білдіреді?
3. Рухани жетістіктерге жету не нәрсемен тікелей байланысты?
3 Бұл ең алдымен елші Пауылдың қызметтесі Тімотеге айтқан: “Мен барғанша Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап, сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер... Осыларды орындап [“Осылар жөнінде ой жүгіртіп”, ЖД], өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деген сөздерін есімізге салу керек. Иә, Тімотеден алға басып, жетістіктерге жете береді деп күтілген, ал Пауылдың сөздеріне сәйкес, жетістікке жетудің рухани нәрселер жөнінде ой жүгіртумен тікелей байланысы болған. Бүгінгі күні де тап солай. Жетістіктерімізді көріп қуануымыз үшін, Құдай Сөзінің үстінен ‘ой жүгіртіп, өзімізді соған арнауымыз’ керек (1 Тімотеге 4:13—15).
4. Не нәрселер Ехобаның Сөзінің үстінен үнемі ой жүгіртуге көмектеседі?
4 Қай уақытта ой жүгірту дұрыс екені өзіңе, сондай-ақ отбасыңда қалыптасқан тәртіпке байланысты. Көбісі таңертең “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” брошюрасын талқылаған соң, оқылған тармақтың үстінен ой жүгіртеді. Бетелде қызмет ететін 20 мыңға жуық ерікті қызметшілер күндерін Киелі кітап тармағын 15 минуттық зерттеумен бастайды. Бетел отбасының кейбір мүшелері ғана түсініктеме бергенімен, қалғандарының барлығы айтылып, оқылып жатқан нәрселер туралы ой жүгіртеді. Куәгерлердің өзге біреулері Ехобаның Сөзінің үстінен жұмысқа бара жатып, жол-жөнекей ой жүгіртеді. Олар жолшыбай кейбір тілдерде басылатын Киелі кітаптың, “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарының үнтаспаларын тыңдайды. Үйде отыратын әйел бауырластар мұндай үнтаспаларды үй шаруасымен айналысып жүргенде тыңдайды. Шындығына келгенде олар: “Тәңірдің істерін еске алып, ежелдегі керемет істеріңді ойыма аламын. Сенің істерің жөнінде ой жүгіртіп, керемет істеріңді ойлап толғанатын боламын”,— деп жазған Забур жыршысы Асафқа еліктейді (Забур 76:12, 13).
Дұрыс көзқараста болу пайдалы нәтижеге жеткізеді
5. Не себепті жеке зерттеу біз үшін маңызды болу керек?
5 Бүгінгі таңда, теледидар, бейнемагнитафон және компьютер ғасырында, адамдар оқуға аса үйір емес. Бірақ мұның Ехоба Куәгерлеріне әсер етпеу керек екені сөзсіз. Өйткені Киелі кітапты оқу — бізді Ехобамен байланыстырып тұрған өмірге апаратын жол ғой. Мыңдаған жылдар бұрын Ешуа Мұсаның орнын басып, Исраил елінің көсемі болған еді. Ехобаның батасына ие болу үшін, ол Құдай Сөзін оқу керек болатын (Ешуа 1:8; Забур 1:1, 2, ЖД). Бізден де осы талап етіледі. Алайда кейбіреулер үшін, білімі жеткіліксіз болғандықтан, оқу ауыр немесе іш пыстыратан іс болып көрінуі мүмкін. Онда не нәрсе Құдай Сөзін оқып, зерттеуге деген ынтамызды оята алады? Бұл сұрақтың жауабын Сүлейменнің Нақыл сөздер 2:1—6 тармақтарында жазылған сөздерінен табамыз. Киелі кітабымызды ашып, осы тармақтарды оқып көрелік. Сосын оны бірге талқылаймыз.
6. Құдай туралы білімге қалай қарауымыз керек?
6 Аталмыш тармақтар келесі ұлағатты сөздермен басталады: “Ұлым менің! Егер менің сөздерімді қабыл алып, өсиеттерімді сақтасаң, даналыққа мұқият құлақ түріп, ой жүгіртуге [“ұғымтал болуға”, ЖД] жүрегіңді бұрсаң” (Нақыл сөздер 2:1, 2). Бұл сөздерден не білуге болады? Жеке әрқайсысымызда Құдай Сөзін зерттеу жауапкершілігі бар екендігін көреміз. Тармақтағы “егер менің сөздерімді қабыл алып” деген үзіндіде шарт қойылып тұрғанын ескере кетелік. Иә, мұндағы “егер” сөзінің мәні зор, өйткені адамдардың көбісін Құдай Сөзіне ден қояды дей алмайсың. Ехобаның Сөзін зерттеуден қанағат алу үшін, оны зор ынтамен “қабыл алып”, айырылып қалғымыз келмейтін қазына ретінде қарастыруға тиіспіз. Күнделікті күйбең тірліктің бас көтертпей тастауына немесе көңілімізді алаң етіп, Құдай Сөзіне немқұрайды, тіпті күмәндана қарай бастауымызға ықпал етуіне жол бермеуіміз керек (Римдіктерге 3:3, 4).
7. Неге мүмкін болған жағдайда мәсіхшілердің кездесулеріне қатысқанымыз және мұқият болғанымыз жөн?
7 Қауым кездесулерінде Құдай Сөзі түсіндіріліп жатқанда ‘мұқият құлақ түреміз’ бе? (Ефестіктерге 4:20, 21). Ұғымтал болуды үйрену үшін ‘жүрегімізді бұрамыз’ ба? Баяндамашы аса тәжірибелі болмаған күннің өзінде, Құдай Сөзі талқыланып жатқан уақытта ол біздің мұқият зер салуымызға лайық. Әрине, Ехобаның даналығына ден қою үшін, мүмкін болса үнемі мәсіхшілердің кездесулеріне қатысуға тиіспіз (Нақыл сөздер 18:1). Әлдекім б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Иерусалим қаласында жоғарғы бөлмеде болған кездесуге қатыспай қалса, мұнысына қатты өкінген болар еді! Біздің кездесулерімізде сол кездегідей ерекше нәрсе болмағанымен, онда басты кітабымыз Киелі кітап талқыланады. Демек, мұқият болып, оқылып жатқан тармақтарға көз жүгіртіп отырар болсақ, әрбір кездесуден бата алып отырамыз (Елшілердің істері 2:1—4; Еврейлерге 10:24, 25).
8, 9. а) Жеке зерттеу бізден не талап етеді? ә) Алтын мен Құдай туралы білімді түсінудің құндылығын салыстырыңдар.
8 Дана патша Сүлеймен сосын былай деді: “Егер білімді [“түсінікті”, ЖД] шақырып, даналыққа үн қатсаң...” (Нақыл сөздер 2:3). Бұл сөздер бізде қандай көзқарас немесе рух дамыту керек? Әрине, Ехобаның Сөзін түсінуге деген зор ықылас дамыту керек! Сүлейменнің сөздері Ехобаның еркін терең ұғынып, түсіну мақсатымен зерттеуге дайын болу керектігіне меңзейді. Ал бұл күш салуды талап етеді. Мұны оның келесі сөздері мен келтірген мысалынан көреміз (Ефестіктерге 5:15—17).
9 Сүлеймен сөзін былай деп жалғастырды: “Егер оны [түсінікті] күміс іздегендей іздейтін болсаң және қазынаны іздегендей ізденетін болсаң...” (Нақыл сөздер 2:4). Бұл біздің ойымызға ғасырлар бойы алтын-күміс сияқты бағалы болып есептелетін металл іздеу ісімен айналысатын кеншілерді салады. Алтын үшін адамдар бір-бірін өлтіретін. Өзгелер алтын іздеуге өмірін сарып ететін. Расында да ол соншама бағалы ма? Егер шөл далада адасып кетіп, шөлдеп өліп бара жатсақ, нені аңсар едік: бір кесек алтынды ма, бір жұтым суды ма? Сөйтсе де адамдар алтынның құндылығы алдамшы да құбылмалы екендігіне қарамастан, барын салып іздейтіндігін айтсаңшыa! Олай болса, даналық пен ұғымталдықты іздеуде, сондай-ақ Құдайды және оның еркін түсіну үшін қаншалықты күш салуға тиіспіз десеңші! Алайда осынша ізденгеннің қандай пайдасы бар? (Забур 18:8—11; Нақыл сөздер 3:13—18).
10. Құдай Сөзін зерттесек, не табамыз?
10 Сүлеймен сөзін былай деп жалғастырды: “Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың” (Нақыл сөздер 2:5). Қандай керемет ой! Біз, кемелсіз адамдар, “Құдай туралы”— Әлемнің Әміршісі Ехоба туралы — ‘білімді таба’ аламыз! (Забур 72:28; Елшілердің істері 4:24). Осы дүниенің пәлсапашылары мен даналары тіршілік пен Әлемнің тылсым сырын білуге тырысуда. Алайда олар “Құдай туралы білімді” таба алмайды. Неге? Өйткені бұл шындық Құдай Сөзі Киелі кітаптан қаншама ғасырдан бері белгілі болатын, бірақ олар оған тым қарапайым нәрсе ретінде қарап, қабылдамайтын. Сондықтан оны бағалай да, түсіне де алмайды (1 Қорынттықтарға 1:18—21).
11. Жеке зерттеудің қандай пайдасы бар?
11 Сүлеймен ынталандыра түсетін тағы да бір жайтқа көңіл бөлді: “Даналықты Тәңір береді; білім мен ақыл Соның аузынан шығады” (Нақыл сөздер 2:6). Ехоба даналықты, білім мен ұғымталдықты бар ынтасымен іздегендердің бәріне оларды өз ықыласымен көл-көсір етіп береді. Құдай Сөзін жеке зерттеу күш салуды, белгілі тәртіпті ұстануды, құрбандыққа баруды талап ететін болған күннің өзінде, оны бағалауға барлық негіз бары сөзсіз. Кем дегенде бізде Киелі кітап бар, оны ежелдегідей қолдан көшірудің қажеті жоқ (Заңды қайталау 17:18, 19).
Құдайдың халқына лайық өмір сүру
12. Біз қандай ниетпен Құдай туралы білім алуға талпынуымыз керек?
12 Біз қандай ниетпен жеке зерттеумен айналысуымыз керек? Өзгелерден артық болу үшін бе? Білікті екенімізді көрсету үшін бе? Екі аяқты Киелі кітап энциклопедиясы болу үшін бе? Жоқ. Біздің мақсатымыз — жанды рақатқа бөлейтін Мәсіхтің рухын танытып, өзгелерге көмектесуге әрқашан даяр болып, бар өмір салтымызбен мәсіхші екенімізді көрсету (Матай 11:28—30). Елші Пауыл: “Білік” мақтаншақ етеді, ал “сүйіспеншілік” сенімді жетілдіреді”,— деп ескерткен (1 Қорынттықтарға 8:1). Сол себепті Мұса Ехобаға: “Сенің біз туралы ниетіңді аша гөр. Сонда мен Сені жақыннан танып, Сен маған келешекте де риза боласың”,— дегенде қандай кішіпейіл болса, біз де сондай болуымыз керек (Мысырдан шығу 33:13, сілтемені қараңдар). Иә, білім алуды өзгелерді қайран қалдыру үшін емес, Құдайға ұнамды болу үшін қалауымыз керек. Біз Құдайдың кішіпейіл қызметшілері ретінде оның халқына лайық өмір сүргіміз келеді. Бұған қалай қол жеткізуге болады?
13. Құдайға қызмет етуге лайықты болу үшін не істеу керек?
13 Құдайға ұнамды болуға қатысты Пауыл Тімотеге мынадай кеңес берген: “Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 Тімотеге 2:15). “Дұрыс үйретуші” деген о баста “түзу кесілген” немесе “түзу кесу” дегенді білдірген грек тілінің күрделі етістігінің аудармасы (“Патшалықтың жолма-жол аудармасы”, ағ.). Бұл етістікті тігіншінің үлгіге салып матаны қиюына, диқанның соқа салып жер жыртуына тағы сондай нәрселерге қатысты қолдануға болады деген пікір бар. Қандай болған күнде де, нәтижесі дұрыс не тура болу керек. Сонымен, Тімоте өзі үйретіп жүрген ілімі де, жүріс-тұрысы да шындықтың сөздеріне сай болу үшін ‘жан сала ұмтылған’ күнде ғана Құдайға лайықты да ұнамды болар еді (1 Тімотеге 4:16).
14. Жеке зерттегеніміз іс-әрекетіміз бен сөзімізге қалай әсер ету керек?
14 Пауыл Қолостағы бауырластарына ‘Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды [“Құдай туралы тура білім алуларыңды”, ЖД] тілеп келемін’ дегенде де Құдайға қызмет етуге лайықты болу керек екенін ерекше атап өткен (Қолостықтарға 1:10). Бұл жерде Пауыл Ехобаға қызмет етуге лайық болуды ‘әр түрлі игі істер істеу’ және ‘Құдай туралы тура білім алумен’ байланыстырған. Басқа сөздермен айтқанда, Ехобаға білімді қаншалықты бағалайтындығымыз ғана емес, іс-әрекетіміз бен сөзімізде Құдай Сөзін қаншалықты тура ұстанатынымыз да маңызды (Римдіктерге 2:21, 22). Бұл — Құдайға ұнамды болғымыз келсе, жеке зерттегеніміз ой-қалпымыз бен іс-әрекетімізге әсер ету керек деген сөз.
15. Қалай ой-санамыз бен ой-қалпымызды қорғап, тексеріп отыруымызға болады?
15 Бүгінгі таңда Шайтан қайткен күнде де бізді рухани жойғысы келіп, ой-санамызға қатысты күрестің пайда болуына ықпал етуде (Римдіктерге 7:14—25). Сондықтан Құдайымыз Ехобаға қызмет етуге лайықты болу үшін ой-санамыз бен ой-қалпымызды қорғап, тексеріп отыруымыз керек. Біздің қаруымыз — ‘күллі ой-пікірлерді Мәсіхке бағындыра’ алатын “Құдай туралы білім”. Осыны білгеніміз Киелі кітапты күнделікті зерттеуге талпындыра түседі, өйткені біз ой-санамызды өзімшіл, пендешілік ойлардан тазартқымыз келеді ғой (2 Қорынттықтарға 10:5).
Түсінудегі көмек
16. Ехобаның тәлімінің пайдасын қалай көруге болады?
16 Ехобаның тәлімі рухани жағынан да, тәндік жағынан да пайдалы. Ол іш пыстыратын, бос діни ілім емес. Біз мынаны оқимыз: “Сендерді құтқарушы Жаратқан Ие, Исраил сиынған Киелі Құдай, былай дейді: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін” (Ишая 48:17). Қалай Ехоба пайдалы жолмен алып жүреді? Біріншіден, бізде оның Сөзі Киелі кітап бар. Бұл — өзіміз үнемі жүгініп отыратын басты кітабымыз. Сол себепті мәсіхшілердің кездесулерінде Киелі кітапты ашып оқығанда көз жүгіртіп отырғанымыз жақсы. Мұның қандай пайдасы бар екенін Елшілердің істері кітабының 8-тарауында суреттелген эфиопиялық уәзірмен болған оқиғадан көруге болады.
17. Эфиопиялық уәзірдің жағдайында не болды және бұдан нені көруге болады?
17 Аталмыш эфиопиялық уәзір яһуди дінін қабылдаған болатын. Ол шын көңілімен Құдайға сеніп, Жазбаларды зерттейтін. Уәзір күймесінде Ишаяның пайғамбарлығын оқып бара жатады, ал қасында жүгіріп келе жатқан Філіп одан: “Оқығаныңыз түсінікті ме?” — деп сұрайды. Уәзір не деп жауап берді екен? “Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы,— деп Філіптен өтінді”. Содан киелі рухтың басшылық етуімен Філіп уәзірдің Ишаяның пайғамбарлығын түсінуіне көмектеседі (Елшілердің істері 8:27—35). Бұл оқиғадан не байқауға болады? Киелі кітапты жападан-жалғыз оқыған жеткіліксіз. Ехоба киелі рух арқылы адал да саналы қызметшіге басшылық беріп, Құдай Сөзін бізге дер кезінде түсіндіруіне көмектесіп отыр. Бұл қалай жүзеге асуда? (Матай 24:45—47; Лұқа 12:42).
18. Адал да саналы қызметшінің табы бізге қалай көмектесуде?
18 Қызметші табы “адал да саналы” деп аталғанымен, Иса оларды ешқашан қателеспейді демеген. Сол майланған адал бауырластар табы әлі де кемелсіз мәсіхшілерден тұрады. Арам ойлары жоқ болса да, бірінші ғасырдағы бауырластары іспетті олар да кейде қателеседі (Елшілердің істері 10:9—15; Ғалаттықтарға 2:8, 11—14). Сөйтсе де олардың ниеттері таза, сондай-ақ Құдай Сөзі мен Оның уәделеріне деген сенімімізді нығайтуға арналған Киелі кітапқа негізделген басылымдар шығару үшін Ехоба сол кісілерді қолданып отыр. Жеке зерттеуде басты көмек болып табылатын нәрсе — “Киелі жазбалар — Жаңа дүние аудармасы”. Бүгінгі таңда оны толықтай не жартылай 42 тілде оқуға болады. Оның бірнеше басылымы 114 миллион дана болып шықты. Жеке зерттеу жүргізгенде аталмыш басылымды қалай тиімді қолдануға болады? (2 Тімотеге 3:14—17).
19. Жеке зерттеу жүргізуімізге көмектесетін “Жаңа дүние аудармасы. Түсініктемелерімен” басылымының кейбір ерекшеліктері қандай?
19 “Киелі жазбалар — Жаңа дүние аудармасы. Түсініктемелерімен” басылымында қосымша тармақтарға нұсқаулар тізімі, сілтемелер, қысқаша симфония немесе “Киелі кітап сөздерінің индексі”, “Сілтемедегі сөздердің индексі” және 43 тақырып егжей-тегжейлі қарастырылатын, сондай-ақ карталар мен таблицалардан тұратын қосымша бар. Ал “Алғы сөзінде” осы керемет Киелі кітап аудармасын жасағанда қолданылған көптеген мәлімет көздері жөнінде әңгімеленеді. Өзің түсінетін тілде осы аударма бар болса, оның ерекшеліктерімен танысып, оны қолдан. Қалай болған күнде де, Киелі кітап — зерттеуге арналған басты кітабымыз, ал “Жаңа дүние аудармасының” артықшылығы ол Құдай Патшалығының билік ететініне ғана емес, Құдайдың есімінің маңыздылығына да ерекше көңіл бөледі (Забур 149:1—9; Даниял 2:44; Матай 6:9, 10).
20. Жеке зерттеуге қатысты қандай сұрақтар жауап беруді талап етеді?
20 Енді өзімізден былай деп сұрауымызға болады: Киелі кітапты түсіну үшін бізге тағы қандай көмек қажет? Жеке зерттеуге қалай уақыт табуға болады? Жеке зерттеуді қалай анағұрлым нәтижелі етуге болады? Зерттеу жүргізгеніміз өзгелермен қарым-қатынасымызға қалай әсер ету керек? Рухани толысуымыздың осындай маңызды қырлары келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a 1979 жылдан бері алтынның құны өзгеріп отырған: 1980 жылы алтынның бағасы өте жоғары болып, бір грамы 27,33 доллар, ал 1999 жылы барынша төмендеп кетіп, бір грамы 8,13 доллар ғана тұрған.
Естеріңде ме?
• Ой жүгірту деген не?
• Құдай Сөзін зерттеуге деген көзқарасымыз қандай болу керек?
• Қандай ниетпен жеке зерттеумен айналысуымыз керек?
• Киелі кітапты түсінуіміз үшін бізге не нәрселер көмек болады?
[21-беттегі сурет]
Бетел отбасы әрбір күнді Киелі кітап тармағын зерттеумен бастау арқылы рухани нығаяды
[21-беттегі суреттер]
Жол-жөнекей Киелі кітапқа негізделген мақалалар жазылған үнтаспаларды тыңдаудың арқасында уақытты тиімді қолдануға болады
[22-беттегі сурет]
Алтын іздейтін кеншілер жұмыс барысында қажыр-қайраттарын аямайтын. Құдай Сөзін зерттегенде сен де бар күшіңді салып жүрсің бе?
[Түпдерек]
Рұқсат берген: California State Parks, 2002
[23-беттегі суреттер]
Киелі кітап — мәңгілік өмірге жол ашатын қазына