Жеке зерттеу бізді білікті тәлімгер етеді
“Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын. Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар” (1 ТІМОТЕГЕ 4:15, 16).
1. Уақыт және жеке зерттеу жөнінде не деуге болады?
“ӘР НӘРСЕ өз уақытында”,— дейді Киелі кітап Екклесиаст 3:1-тармағында. Жеке зерттеудің де өз уақыты бар екені сөзсіз. Адамдарға көбісіне ыңғайсыз уақытта, ыңғайсыз жерде рухани нәрселер жөнінде ой жүгірту қиынға соғады. Мысалы, ауыр жұмыс күнінен кейін немесе кешкі асты жақсылап ішіп алғаннан кейін, оның үстіне, теледидардың алдына жақсы көретін жұмсақ орындығыңа жайғасып алсаң, жеке зерттеумен айналысуға зауқың соғар ма еді? Соқпаса керек-ті. Онда не істеу керек? Жеке зерттеуіміздің барынша пайдасын көру үшін, қай уақытта, қай жерде зерттеумен айналысуды шешіп алған дұрыс.
2. Жеке зерттеу үшін жиі ең қолайлысы қай мезгіл?
2 Көпшілігі ең абзалы таңертең ой-сананың анағұрлым сергек кезінде зерттегеннің дұрыс екеніне көз жеткізген. Өзгелері түскі үзілісте зерттеуге азғантай уақыт бөледі. Келесі мысалдарда маңызды рухани істерге қай кезде уақыт бөлінгеніне назар аударып көрелік. Көне Исраил халқының патшасы Дәуіт былай деп жазған: “Таң сәріден Өзіңнің мейіріміңді естірте гөр, өйткені мен Саған сенім артамын. Жүруім керек жолды көрсете гөр, өйткені жанымды өзіңе бағыштадым” (Забур 142:8). Ишая пайғамбар да ризашылығын білдіріп: “Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады”,— деген. Тоқетері мынау: тәуліктің қай мезгілінде болмасын, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болғанда ой-санамыз сергек болу керек (Ишая 50:4, 5; Забур 5:4; 87:14).
3. Жеке зерттеу нәтижелі болу үшін қандай жағдай жасаған дұрыс?
3 Тағы да бір ескерерлік жайт, зерттеу нәтижелі болу үшін ыңғайлы орындыққа не мамық диванға жайғаспаған дұрыс. Бұлай сергек бола алмайсың. Жеке зерттеп жатқанда баспен жұмыс істеу керек, ал тым ыңғайлы жайғасып алғанымыз бұған кедергі жасайды. Сонымен қатар зерттеп, ой жүгірту үшін шу мен көңілді бөлетін нәрселердің аз болғаны абзал. Радио, теледидар немесе бала-шаға көңіліңді аудару үшін күресіп жатқанда, жеке зерттеу жүргізуге тырысу жақсы нәтиже бермейді. Иса ой жүгірткісі келгенде, көңілін ешкім бөлмейтін жаққа кетіп қалатын. Сондай-ақ ол дұға ету үшін оңаша орын тапқан дұрыс екенін айтқан (Матай 6:6; 14:13; Марқа 6:30—32).
Сұрақтарға жауап беруге даярлайтын жеке зерттеу
4, 5. “Құдай бізден нені талап етеді?” брошюрасының қандай көмегі бар?
4 Қандай да бір тақырыпты тереңірек білу, әсіресе қызығып жүрген адал ниетті адамның сұрақтарына жауап беру мақсатымен түрлі құралдарды қолданып жеке зерттеу жүргізу қанағат сезіміне бөлейді (1 Тімотеге 1:4; 2 Тімотеге 2:23). Қызығушылардың көбісі алғашқыда, бүгінгі таңда 261 тілде басылып шыққан “Құдай бізден нені талап етеді?”a брошюрасын оқиды. Бұл брошюра толығымен Киелі кітапқа негізделіп, қарапайым тілмен, бірақ анық жазылған. Ол Құдайдың шынайы ғибадат етушілер үшін қоятын талаптарын оқырманның тез түсінуіне көмектеседі. Алайда оның көлемі әрбір тақырыпты егжей-тегжейлі қарастыруға мүмкіндік бермейді. Қызығушылық танытып жүрген адам қандай да бір күрделі сұрақ қойса, оған жауап беру үшін Киелі кітапқа негізделген көбірек мәліметті қайдан табуға болады?
5 Кімде компакт-дискіге жазылған “Күзет Мұнарасының кітапханасы” бар болса, олар үшін компьютер арқылы мәлімет іздеу оңайға түседі. Мұндай мүмкіндіктері жоқтар жөнінде не деуге болады? Түсінігімізді тереңдетіп, қызығушылық танытып жүргендердің сұрақтарына, әсіресе Құдай деген кім, Иса Мәсіх шын мәнінде кім болған деген сияқты сұрақтар қоятын болса, толығырақ жауап беру үшін, “Құдай бізден нені талап етеді?” брошюрасындағы екі тақырыпты қарастырып көрейік (Мысырдан шығу 5:2; Лұқа 9:18—20; 1 Петір 3:15).
Құдай деген кім?
6, 7. а) Құдайға қатысты қандай сұрақ туады? ә) Өзінің баяндамасында бір уағыздаушы қандай үлкен қателік жіберді?
6 Брошюраның 2-сабағында Құдай деген кім деген маңызды сұрақтың жауабы бар. Бұл — басты сұрақтардың бірі, өйткені Құдайдың кім екенін білмеген немесе оның бар екеніне күмәнданған адам, ешқашан шынайы Құдайға ғибадат ете алмайды (Римдіктерге 1:19, 20; Еврейлерге 11:6). Бірақ дүние жүзі бойынша адамдардың Құдай туралы көзқарастары әр түрлі (1 Қорынттықтарға 8:4—6). Әрбір діни пәлсапа Құдайдың болмысы туралы сұраққа өзінше жауап береді. Христиан әлемі діндерінің көбісі Құдайды Үштік, немесе үш-тәңірлі бір Құдай, деп қарастырады. Құрама Штаттарда бір атақты уағыздаушы “Сен Құдайды білесің бе?” деген тақырыпқа баяндама айтады, бірақ бірнеше рет Еврей Жазбаларынан үзінді келтірсе де, Құдайдың есімін бірде-бір рет қолданбады. Әрине, ол Ехоба немесе Яһуа деген Құдайдың есімі беймәлім, тұлғасыз “Тәңір” деп аударылған Киелі кітапты қолданған.
7 Аталмыш уағыздаушы Еремия 31:33, 34-тармақтарының үзіндісін келтіргенде, маңызды ойды қалдырып кетті: “Сонда ешкім замандасы мен ағайынына: Жаратқан Иені [көне еврей мәтінінде “Ехобаны”] таныңдар жақыннан! деп үйретудің қажеті болмайды да.— Өйткені үлкенді-кішінің барлығы да Мені білетін болады жақыннан,— дейді Жаратқан [көне еврей мәтінінде Ехоба]”. Ол қолданған аудармада Ехобаның ерекше есімі алынып тасталған еді (Мысырдан шығу 6:15, сілтемеде).
8. Құдайдың есімін қолданудың маңызды екенін қандай мысал көрсетеді?
8 Забур 8:9-да (ЖД) не себепті Ехобаның есімін қолданғанның маңызды екені көрсетілген. Онда: “Уа, Ехоба, Иеміз, бүкіл жер бетінде сенің есімің неткен айбынды!” — делінген. Ал “Жаңа өмір” баспасынан жарық көрген “Киелі кітапта”: “Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, бүкіл дүниеде есімің Сенің бәрінен де даңқты, неткен айбынды!” — деп аударылған. Сөйткенмен де, алдыңғы мақалада ескерілгендей, Өзінің Сөзі арқылы Ехобаға рухани көзімізді ашуға жол берсек қана, ‘Құдай туралы білім’ ала аламыз. Құдайдың есімінің маңыздылығы туралы сұрақтардың жауабын тез табуға қандай құрал көмектеседі?
9. а) Құдайдың есімін қолданудың маңыздылығын түсіндіруімізге қандай басылым көмектеседі? ә) Аудармашылардың көбісі Құдайдың есімін сыйламайтындықтарын қалай көрсеткен?
9 Бүгінгі таңда 69 тілге аударылған “Құдайдың есімі мәңгі қалады” (ор.) брошюрасын қолдануға боладыb. Брошюраның “Құдайдың есімінің мағынасы мен оқылуы” деген бөлімінде (6—11-беттер) көне еврей тетраграмматоны (грек тілінен аударғанда “төрт әріп” дегенді білдіреді) көне еврей мәтінінде 7 000 рет кездесетіні анық көрсетілген. Бірақ иудаизм және христиан әлемінің дінбасылары мен аудармашылары өз жұмыстарының көбісінен оны әдейі алып тастағанc. Егер олар Құдайдың есімін атағылары келмесе, оны білеміз, онымен ұнамды қарым-қатынастамыз дей ала ма? Құдайдың шын есімі оның еркін және кім екенін түсінуге жол ашады. Құдайдың есімі тіпті қолданылмайтын болса, Исаның үлгілі дұғасындағы “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін” деген сөздер мағынасыз болмай ма? (Матай 6:9; Жохан 5:43; 17:6).
Иса Мәсіх деген кім?
10. Исаның өмірі мен қызметі туралы толық мәліметті қайдан табуға болады?
10 “Құдай бізден нені талап етеді?” брошюрасындағы 3-сабақтың тақырыбы — “Иса деген кім?”. Онда не бары алты абзацтың көлемінде Исаның шығу тегі, жерге келуінің мақсаты туралы өте қысқа мәлімет берілген. Исаның өмірін толық зерттеу керек болса, Інжілді есептемегенде, 111 тілде басылып шыққан “Тарихтағы ең ұлы адам” (ор.) кітабынан артық ештеңе жоқ. Бұл кітапта төрт Ізгі хабарға негізделе отырып, хронологиялық тәрттіппен Исаның өмірі мен қызметі толықтай суреттелген. 133 тараудан тұратын осы кітапта Исаның өмірі мен қызметінде болған жағдайлар әңгімеленеді. “Жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының ІІ томындағы “Иса Мәсіх” мақаласын қолданып, өзге бір тәсілмен, яғни сараптау тәсілімен, зерттеу жүргізуге де болады.
11. а) Ехоба Куәгерлерінің Иса туралы ілімінің өзгелерден қандай айырмашылығы бар? ә) Қандай Жазба орындары Үштік сенімін жоққа шығарады және осыған қатысты қандай басылымның пайдасы бар?
11 Христиан әлеміндегі Иса туралы тартыстың басты тақырыбы — оның “Құдайдың Ұлы” немесе “өзі Құдай өзі Ұл” болған-болмағандығы; басқа сөздермен айтқанда, бұл — Католик шіркеуінің катехизисінде “христиан дінінің басты құпиясы” деп аталатын іліміне, немесе Үштік сеніміне, қатысты тартыс. Христиан әлемінің діндерінен ерекшелене отырып, Ехоба Куәгерлері Исаны Құдай жаратқанын мойындайды, бірақ оны Құдай деп есептемейді. Бұл сұрақ 95 тілде жарық көрген “Үштікке сену керек пе?” брошюрасында керемет ашылғанd. Онда үштік сенімін жоққа шығаратын көптеген Жазба орындарының арасында келесілері де бар: Марқа 13:32 және 1 Қорынттықтарға 15:24, 28.
12. Тағы қандай сұрақ көңіл қоюымызға лайық?
12 Жоғарыда Құдай мен Исаға қатысты жүргізген талқылауда Киелі кітап ілімімен таныс емес адамдардың тура білім алуларына көмектесу мақсатымен жеке зерттеуді қалай жүргізуге болатыны көрсетілді (Жохан 17:3). Ал көп уақыттан бері мәсіхшілер қауымының мүшесі болып келе жатқандар жөнінде не деуге болады? Киелі кітаптан алған білімдері көп болғанымен, олар да Ехобаның Сөзін жеке зерттеуге үнемі мұқият ықылас аударулары керек пе?
Неге ‘үнемі мұқият ықылас аударуымыз керек’
13. Кейбіреулер жеке зерттеуге қатысты қандай жаңсақ көзқараста болулары мүмкін?
13 Көп уақыттан бері Ехоба Куәгерлері қауымының мүшесі болып келе жатқандардың кейбірі мәсіхшілік жолына түскен алғашқы жылдарында алған Киелі кітапқа негізделген білімін қанағат тұтуға дағдыланып кетеді. Оп-оңай былай ой түзуге болады: “Шындыққа жаңадан келген жоқпын ғой, жан сала зерттеудің керегі не? Киелі кітапты талай рет оқып шықтым, көп жылдан бері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді де оқып жүр емеспін бе?” Олай болса: “Тамақты қанша ішіп жүргенімді қадағалаудың керегі не, осы күнге дейін қаншама рет тамақ іштім ғой”,— деуге де болар еді. Адамның саулығы мен тіршілік әрекеті үшін сапалы әрі дұрыс дайындалған тағам арқылы нәр алып отыру қажет. Олай болса, рухани сау әрі берік болу үшін рухани ас-су қабылдаудың маңызы одан да зор! (Еврейлерге 5:12—14).
14. Неге үнемі өзімізге мұқият ықылас аударуымыз керек?
14 Сондықтан барлығымыз, Киелі кітапты зерттеуді енді бастағандар да, бұрыннан зерттеп жүргендер де, Пауылдың рухани толысқан, қауымда жауапкершіліктері бар бақылаушы Тімотеге берген кеңесіне құлақ асуымыз керек: “Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың” (1 Тімотеге 4:15, 16). Неге біз Пауылдың кеңесіне құлақ асуымыз керек? Пауылдың ‘Шайтанның қастық іс-әрекеттері’ мен ‘дүниені билеп-төстеушілерге — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға’ қарсы күресіп жүргенімізді де атап өткенін еске түсірейікші. Ал елші Петір болса, Шайтанның ‘кімді жалмасам деп торуылдап жүргені’ туралы ескерткен. Кез келгеніміз оның тырнағына ілініп қалуымыз мүмкін. Ал өзімізге деген шектен тыс сенімділігіміз Шайтан торуылдап жүрген әлсіз жеріміз болып шығуы әбден мүмкін (Ефестіктерге 6:11, 12; 1 Петір 5:8).
15. Бізде қандай рухани қорғаныс құралы бар және ол жақсы күйде болу үшін не істеуіміз керек?
15 Олай болса, қалай қорғануымызға болады? Елші Пауыл мынаны есімізге салады: “Сондықтан Құдай берген “рухани қару-жарақтың” бәрін асыныңдар, сөйтіп, зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар” (Ефестіктерге 6:13). Рухани қару-жарақтың пайдалы болуы оның бастапқыдағы күйіне ғана емес, қандай күйде екенін үнемі қадағалап тұрғанымызға да байланысты. Демек, қару-жарақтың бәрін асыну үшін, Құдай Сөзін түсінудегі ең соңғы білімнен бейхабар болмауымыз керек. Бұдан Ехобаның өз Сөзі және адал да саналы қызметші табы арқылы шындықты қалай түсіндіріп жатқанын қадағалап отырудың өте маңызды екені көрінеді. Рухани қару-жарағымыз жақсы күйде болу үшін, Киелі кітап пен Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді ұдайы зерттеп отыру аса маңызды (Матай 24:45—47; Ефестіктерге 6:14, 15).
16. Сенімімізді білдіретін ‘қалқанымыз’ жақсы күйде болу үшін не істеуіміз керек?
16 Пауыл рухани қару-жарағымыздың аса қажетті бір бөлігіне — сенімімізді білдіретін ‘қалқанға’ — көңіл аударған. Оны біз жалған айып пен жолдан тайғандардың ілімі сияқты Шайтанның отты жебелерін сөндіруге қолданамыз (Ефестіктерге 6:16). Сондықтан ‘қалқанымыздың’ қаншалықты берік екенін тексеріп, әрі оны сондай күйінде сақтау үшін қандай қадамдар жасау керек екенін үнемі тексеріп отырғанның маңызы зор. Өзімізге мынадай сұрақтар қоюымызға болады: “Күзет мұнарасы” журналын қолданып апта сайын Киелі кітапты зерттеу кездесуіне қалай даярланып жүрмін? Қауым кездесуінде салмақтап-саралап берілген түсініктемелеріммен өзгелердің ‘игілік істеулеріне қозғау салу’ үшін, мақалаларды жеткілікті дәрежеде зерттеп жүрмін бе? Үзінді жасалмаған, бірақ мәтінде келтірілген Жазба орындарын ашып оқимын ба? Кездесулерге бар көңіліммен қатысып, өзгелерді жігерлендіріп жүрмін бе? Біздің рухани ас-суымыз қатты тағамға жатады, сол себепті оның барынша пайдасын көру үшін, жақсылап “қорыту” керек (Еврейлерге 5:14; 10:24).
17. а) Бізді рухани құлдырату үшін Шайтан қандай уды қолдануда? ә) Шайтанның уының уытын қалай қайтаруға болады?
17 Шайтан кемелсіз адамдардың осал тұстарын біледі: оның ниеті де залым. Мысалы, теледидар мен Интернетте, бейнефильмдер мен газет-журналдарда арзан қол порнографияның қаптап кетуіне ықпал ету арқылы, ол өзінің зымиян әсерін таратуда. Кейбір мәсіхшілер қорғаныстарының осал тұстары арқылы осындай удың еніп кетуіне жол беріп, соның салдарынан жауапкершіліктерінен айырылып қалған. Ал өзге біреулерінің сондай нәрсеге жол берулерінің нәтижесі одан да ауыр болған (Ефестіктерге 4:17—19). Шайтанның рухани уының уытын қалай қайтаруға болады? Ұдайы Киелі кітапты жеке зерттеуге, мәсіхшілердің кездесулеріне қатысуға, сондай-ақ Құдайдың берген рухани қару-жарағын толықтай асынуға құлықсыз қарамауға тиіспіз. Осының бәрі жақсы мен жаманды айыра білуге көмектеседі. Сонымен қатар, осылайша, Құдай жек көретін нәрселерді біз де жек көретін боламыз (Забур 96:10; Римдіктерге 12:9).
18. “Рухани семсер” рухани күрес жүргізуімізге қалай көмектеседі?
18 Киелі кітапты үнемі зерттеуді дағдыға айналдыру арқылы Құдай Сөзі қамтамасыз ететін сенімді қорғаныш қана тауып қоймаймыз, “рухани семсер”, яғни Құдай Сөзі, арқылы шебер шабуыл жасауды да үйренеміз. Өйткені Құдайдың сөзі “тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Ефестіктерге 6:17; Еврейлерге 4:12). Осы “семсерді” шебер қолдануды үйренер болсақ, сынақтарға кезіккенде бастапқыда залалсыз, тіпті тартымды болып көрінетін, бірақ Зұлымның қатерлі торы болып шығуы мүмкін нәрселерді “шауып тастай” алатын боламыз. Киелі кітап білімінің қоры мен оны түсінгеніміз жаманнан қашық, жақсыға асық болуымызға көмектеседі. Әрқайсысымыз өзімізге мынадай сұрақтар қоюымыз керек: “семсерім” қайраулы ма, жоқ әлде мұқалып қалған ба? Шабуыл жасауға күш беретін Жазба орындарын есіме түсіру қиын ба? Киелі кітапты дағдылы түрде үнемі зерттеу арқылы Шайтанға қарсы тұруды жалғастыра берелік (Ефестіктерге 4:22—24).
19. Бар ынтамызбен жеке зерттегеніміздің қандай пайдасы бар?
19 Пауыл: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ”,— деп жазған. Пауылдың осы сөздеріне құлақ асар болсақ, рухани нығайып, қызметіміз бұрынғысынан да жемісті болады. Рухани ақсақалдар мен қызмет көмекшілерінің қауымға тигізер пайдасы арта түседі және барлығымыздың сеніміміз берік болады (2 Тімотеге 3:16, 17; Матай 7:24—27).
[Сілтемелер]
a Әдетте жаңадан қызығушылық танытып жүрген адам “Құдай бізден нені талап етеді?” брошюрасынан кейін, “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабына көшеді. Бұл екеуін де Ехоба Куәгерлері басып шығарған. Осы мақалада берілген кеңестер рухани өсуге кедергі болатын нәрселерге жол бермеуге көмектеседі.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған. Өз тілдерінде “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясы барлар ІІ томындағы “Ехоба” деген мақаланы қарауларына болады.
c Өз жұмыстарында көне еврей тетраграмматонын Yavé, Yahveh, Jahvè және Jehová деп берген бірқатар испан және каталон аудармалары өздеріне көңіл аудартады.
d Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңде ме?
• Жеке зерттеудің нәтижелі болуына қандай жағдай ықпал етеді?
• Киелі кітаптың көптеген аудармаларында Құдайдың жеке есіміне сәйкес қандай қателік жіберіледі?
• Үштік сенімін жоққа шығару үшін қандай Жазба орындарын қолданар едіңдер?
• Көп жылдан бері шынайы мәсіхшілердің қатарында жүргенімізге қарамастан, өзімізді Шайтанның торларынан сақтау үшін не істеуіміз керек?
[25-беттегі суреттер]
Жеке зерттеу нәтижелі болу үшін лайықты орын және көңілді бөлетін нәрселер мүмкіндігінше аз болу керек
[26-беттегі суреттер]
“Семсерің” қайраулы ма, жоқ әлде мұқалып қалған ба?