Ехобаның баталары бізді байытуда
“Тәңірдің батасы байытады, өзімен еш қайғы әкелмейді” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 10:22, СА).
1, 2. Неліктен адамның бақытты болуы материалдық байлыққа байланысты емес?
БҮГІНДЕ миллиондаған адамдар дүние-мүлік жинауға талпынуда. Алайда, дүние-мүлік оларды бақытқа жеткізуде ме? “Адамдар өз тағдырына осыншама налыған кезді есіме түсіре алмаймын”,— деген сөздер келтірілген болатын бір журналда (The Australian Women’s Weekly). Әрі қарай онда былай делінген: “Бұл өзі бір тосын пікір. Өйткені экономикасы жағынан Австралияның жағдайы өте керемет, ешқашан өмір бұдан артық болған емес дегенді естіп жатамыз... Соған қарамастан халықтың арасында өмірден түңілушілік кеңінен тараған. Ерлер де, әйелдер де өмірлерінде бір нәрсенің жетіспейтінін сезеді, бірақ оның не нәрсе екенін білмейді”. Бақытты болуымыз да, өміріміз де иелігіміздегі заттарға байланысты емес екені Жазбаларда қаншалықты дұрыс айтылған десеңші! (Екклесиаст 5:10; Лұқа 12:15).
2 Киелі кітапта адамның ең үлкен бақытқа кенелуі Құдайдың батасына байланысты екені айтылған. Осыған қатысты Нақыл сөздер 10:22-де былай делінген: “Тәңірдің батасы байытады, өзімен еш қайғы әкелмейді”. Көбінесе адамдар ашкөздікпен материалдық байлыққа ұмтылғанның салдарынан қайғыға ұшырап жатады. Осыған сәйкес елші Пауыл былай деп ескерткен болатын: “Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті” (1 Тімотеге 6:9, 10).
3. Құдайдың қызметшілерінің сынақтарға ұшырауының себебі неде?
3 Ал “Тәңір Құдайдың айтқандарын істейтін” әркім өзімен бірге еш қайғы әкелмейтін баталарға ие болады (Заңды қайталау 28:2). Алайда кейбіреулер: “Егер Ехобаның баталары өзімен еш қайғы әкелмейтін болса, онда неге көптеген Құдайдың қызметшілері азап шегуде?” — деп сұрауы мүмкін. Киелі кітап, біздің сынаққа ұшырауымызға Құдай жол бергенін, алайда оларға себеп болатын Шайтан мен оның зұлым дүниесі және өзіміздің кемелсіз болмысымыз екенін көрсетеді (Жаратылыс 6:5; Заңды қайталау 32:4, 5; Жохан 15:19; Жақып 1:14, 15). Ехоба ‘әрбір игі тарту мен кемелді сыйдың’ Қайнар көзі (Жақып 1:17, ЖД). Сол себепті оның баталары ешқашан өзімен қайғы әкелмейді. Ал қазір Құдайдың кемелді сыйларының біразын қарастырып көрейікші.
Құдай Сөзі — баға жетпес сый
4. Осы ‘заманның ақырында’ Ехобаның халқы қандай бата мен баға жетпес сыйға ие?
4 ‘Заманның ақырына’ байланысты айтылған Даниялдың пайғамбарлығында “шынайы білім мол болады” (ЖД) делінген. Алайда онда былай деп ескерілген: “Мұны зұлымдардың ешқайсысы да ұғынбайды, ал даналар ұғынады” (Даниял 12:4, 10, СА). Өздерің ойлап көріңдерші! Құдай Сөзі, әсіресе пайғамбарлықтар, Құдайдың даналығымен жазылғандықтан, оның шынайы мағынасын Ехобаның халқы түсінеді, ал зұлым адамдар түсіне алмайды. Құдай Ұлы былай деп дұға еткен еді: “Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін” (Лұқа 10:21). Баға жетпес сый болып табылатын Құдайдың жазбаша түріндегі Сөзіне ие болып, Ехоба рухани түсінік беріп отырған адамдардың арасында болғанымыз қандай ғанибет десеңші! (1 Қорынттықтарға 1:21, 27, 28; 2:14, 15).
5. Даналық дегеніміз не және біз оған қалай ие бола аламыз?
5 Егер ‘көктен келген даналыққа’ ие болмағанда, ешқандай да рухани түсінікке қол жеткізе алмас едік (Жақып 3:17). Даналық дегеніміз — қиындықтарды шешу, қауіпті нәрсеге жоламау немесе одан аулақ болу, мақсатыңа жету және жақсы кеңес беру үшін, білім мен түсінікті қолдана білу. Құдайдың даналығына қалай қол жеткізе аламыз? Нақыл сөздер 2:6-да былай делінген: “Даналықты Тәңір береді; білім мен ақыл Соның аузынан шығады”. Иә, егер үнемі дұғада өтінетін болсақ, Сүлеймен патшаға “дана да парасатты жүрек” бергені сияқты, Ехоба бізге де даналық береді (3 Патшалықтар 3:11, 12; Жақып 1:5—8). Сондай-ақ даналыққа ие болу үшін біз үнемі Ехобаның Сөзін оқып, білгенімізді өмірімізде қолдану арқылы Ехобаның айтқандарына құлақ асуымыз керек.
6. Құдайдың заңдары мен принциптерін өмірімізде қолданғанымыз неліктен даналық болып табылады?
6 Құдайдың даналығын Киелі кітаптың керемет заңдары мен принциптерінен көруге болады. Біз үшін олардың жан-жақты — физикалық, саналық, сезімдік және рухани — пайдасы бар. Сол себепті Забур жыршысының: “Кемелді — Тәңірдің тағылымдары, жан дүниені олар жаңартады. Иенің ережелері шынайы, олар наданды да дана қылады. Әрі әділ — Тәңірдің бұйрықтары, олар жүрекке қуаныш құяды. Тәңір өсиеттері сондай нұрлы, көзді ашады да жарқыратады. Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды — осы таза ниет мәңгі қалады. Тәңір Иенің шешімдері шынайы, барлығы мүлтіксіз де әділетті. Алтыннан, саф алтыннан да олар құнды, тіл үйірген таза балдан да тәтті. Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан аузыңнан шыққан тәлім қымбат маған!” — деп шырқағаны орынды (Забур 18:8—11; 118:72).
7. Құдайдың әділ принциптерімен санаспағанның салдары қандай болады?
7 Ал Құдайдың әділ нормаларымен санасқысы келмейтіндер өздері іздеген бақыт пен еркіндікке жете алмайды. Ерте ме, кеш пе, Құдайды мазақ ету мүмкін емес екеніне және адам не ексе, соны оратынына олардың көзі жетеді (Ғалаттықтарға 6:7). Киелі кітаптың принциптерін есепке алмайтын миллиондаған адамдар өз қалауынсыз жүкті болу, жеркенішті аурулар немесе денсаулыққа зиянды әдеттер сияқты өз істерінің қайғылы зардаптарын шегуде. Егер шұғыл түрде өзгеріс жасамаса, өмір жолдары оларды өлімге алып барады, Құдайдың жазасына ұшырауы да әбден мүмкін (Матай 7:13, 14).
8. Құдай Сөзін сүйетіндер неліктен бақытты?
8 Ал, Құдай Сөзін сүйетін және оны өмірінде қолданатын адамдар қазір және болашақта мол баталарға ие болады. Құдайдың заңын ұстанудың арқасында олардың өздерін еркіндікте сезінулеріне себеп бар, шынайы бақытқа бөленген және күнә мен оның өлімге жетелейтін әсерлерінен құтылатын уақытты асыға күтуде (Римдіктерге 8:20, 21; Жақып 1:25). Бұл үміт міндетті түрде ақталады, өйткені ол Құдайдың адамзатқа сүйіспеншілікпен берген ең үлкен сыйына — жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің бостандық құрбандығына — негізделген (Матай 20:28; Жохан 3:16; Римдіктерге 6:23). Мұндай теңдесі жоқ сый Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігінің тереңдігін көрсетеді және Ехобаның айтқандарын істейтін адамдардың бәрінің сарқылмас баталарға ие болатынының кепілі (Римдіктерге 8:32).
Киелі рухты сыйлағаны үшін ризамыз
9, 10. Ехобаның киелі рухын сыйлағанының қандай пайдасын көрудеміз? Мысал келтір.
9 Сүйіспеншілікпен берілген біз риза болуымыз керек Құдайдың тағы бір сыйы — киелі рух. Б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамы күні елші Петір Иерусалимге жиналған көпшілікті былай деп шақырды: “Әркім күнәсы кешірілу үшін теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтсін! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Өзінің Киелі Рухын қабылдайсыңдар” (Елшілердің істері 2:38). Бүгінде Ехобаның киелі рухына дұғада өтінген және Оның еркін орындағысы келетін қызметшілері ие болуда (Лұқа 11:9—13). Бұл әлемдегі ең мықты күш — Құдайдың киелі рухы немесе әрекет етуші күші — ежелгі уақытта сенім танытқан ерлер мен әйелдерге қуат берген және олардың арасында алғашқы мәсіхшілер де бар еді (Зәкәрия 4:6; Елшілердің істері 4:31). Ол бізге де, тіпті Ехобаның халқы ретінде аса қиын кедергілер мен сынақтарға кезіккен жағдайларда да, күш береді (Жоел 2:28, 29).
10 Полиомиелит ауруына шалдығып, 37 жыл бойы жасанды тыныс алдыратын “темір өкпенің” ішінде өмір сүрген Лорелдің мысалын қарастырып көрейікшіa. Жағдайының өте ауырлығына қарамай, қайтыс болғанға дейін ол Құдайға құлшыныспен қызмет атқарды. Жылдар бойы ол Ехобаның мол батасына ие болды. Мысалы, тәуліктегі 24 сағат бойы аппаратпен тыныс алғанына қарамастан ол 17 адамға Киелі кітаптағы шындықты білуге көмектесті. Лорелдің жағдайы елші Пауылдың айтқан сөздерін еске түсіреді: “Өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін” (2 Қорынттықтарға 12:10). Иә, ізгі хабарды уағыздау ісіміздегі кез келген жетістіктер өзіміздің қабілетіміз бен күшіміздің арқасында емес, Құдайдың өзінің айтқанын істейтіндерге киелі рухы арқылы беретін көмегінің арқасында келеді (Ишая 40:29—31).
11. Құдайдың рухы “жаңа адам” болып өмір сүретіндердің қандай қасиеттер дамытуына көмектеседі?
11 Егер мойынсұнушылықпен Құдайдың айтқанын істейтін болсақ, оның рухы бойымызда сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерді дамытуымызға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бұл “киелі рух жетілдіретін игілікті “жеміс” мәсіхшілердің бұрынғы уақытта танытқан кез келген өзімшіл, жағымсыз мінездерінің орнын ауыстыратын ‘жаңа... адамның’ қасиеттері болып табылады (Ефестіктерге 4:20—24; Ишая 11:6—9). Бұл жемістің ең маңыздысы — ‘бәрін толықтай біріктіретін’ сүйіспеншілік (Қолостықтарға 3:14).
Мәсіхшілердің сүйіспеншілігі — жоғары бағалануы тиіс сый
12. Табита және өзге де бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қалай сүйіспеншілік танытқан?
12 Мәсіхшілердің сүйіспеншілігі — Ехобаның біз аса бағалайтын тағы бір сыйы. Сүйіспеншілік принципке негізделген, сөйткенмен де, тартымдылығы сонша, бір сенімдегілерді бір-біріне туыстарынан да жақындата түседі (Жохан 15:12, 13; 1 Петір 1:22). Бірінші ғасырда өмір сүрген керемет мәсіхші әйел Табитаның мысалын қарастырайықшы. Ол өзгелерге, әсіресе қауымдағы жесір бауырластарға, “көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын” (Елшілердің істері 9:36). Бұл әйелдердің бір туған туыстары болған болуы мүмкін, сөйтсе де Табита оларға көмектесіп, жігерлендіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысқан (1 Жохан 3:18). Ол қандай керемет үлгі қалдырған десеңші! Бауырластарға деген сүйіспеншіліктерінің күштілігі сонша, Прискила мен Ақила Пауыл үшін “өмірін қиюға дайын болды”. Сондай-ақ сүйіспеншілік Епафрас, Лұқа, Онисыфор мен өзгелерді Рим түрмесінде жатқан кезінде елші Пауылға көмектесуге талпындырды (Римдіктерге 16:3, 4; 2 Тімотеге 1:16; 4:11; Філимонға 23, 24). Солар сияқты рух танытатын бүгінгі мәсіхшілер де “өзара сүйіспеншілік” танытады. Бұл сүйіспеншілік — оларды Исаның шынайы шәкірттері ретінде анықтайтын Құдайдың керемет сыйы (Жохан 13:34, 35).
13. Мәсіхшілерден тұратын бауырластығымызды жоғары бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
13 Мәсіхшілердің қауымындағы сүйіспеншілікті жоғары бағалайсыңдар ма? Бүкіл дүние жүзіне таралған рухани бауырластығымыз үшін ризасыңдар ма? Бұлар да бізді қуанышқа бөлейтін және рухани байыта түсетін жоғарыдан келген сый болып табылады. Оларды бағалайтынымызды қалай көрсетуімізге болады? Құдайға қасиетті қызмет атқару, мәсіхшілер кездесуіне қатысу және сүйіспеншілік пен Құдайдың рухының өзге де жемістерін дамыту арқылы көрсете аламыз (Філіпіліктерге 1:9; Еврейлерге 10:24, 25).
‘Адам кейпіндегі тартулар’
14. Ақсақал немесе қызмет көмекшісі ретінде қызмет атқаратын мәсіхшіге қандай талап қойылады?
14 Бір сенімдегі бауырластарына ақсақалдар немесе қызмет көмекшілері ретінде қызмет етуді қалаған мәсіхші ерлердің мақсаттары мақтауға тұрарлық (1 Тімотеге 3:1, 8). Қызметтегі мұндай ерекше мүмкіндікке ие болуға лайық болу үшін бауырлас рухани адам болуы, Жазбаларды жақсы білуі және уағыздау ісінде құлшыныс танытуы керек (Елшілердің істері 18:24; 1 Тімотеге 4:15; 2 Тімотеге 4:5). Менмен, өзі туралы жоғары ойлайтын және мансапқұмар адамдар Құдайдың батасына ие бола алмайтын болғандықтан, ол бауырласымыз кішіпейіл, қарапайым және төзімді болуы керек (Нақыл сөздер 11:2; Еврейлерге 6:15; 3 Жохан 9, 10). Егер некеде болса, жақсы басшылық жүргізуге қабілетті, отбасын жақсы көретін отағасы бола білуі керек (1 Тімотеге 3:4, 5, 12). Рухани байлықты жоғары бағалайтын болғандықтан, мұндай адам Ехобаның батасына ие болады (Матай 6:19—21).
15, 16. Кімдер ‘адам кейпіндегі тартулар’ болып табылады? Мысал келтір.
15 Қауымда ақсақалдар ретінде қызмет етіп жүргендер уағыздаушы, бақташы және тәлім беруші ретінде ынта танытып жүрген болса, осындай ‘адам кейпіндегі тартуларды’ сыйлауымызға салмақты себеп бар (Ефестіктерге 4:8, 11). Олардың сүйіспеншілікпен атқарған істерінің пайдасын көріп жүргендер өздерінің ризашылықтарын мүмкін барлық уақытта бірдей білдірмейтін шығар, алайда Ехоба әділ ақсақалдардың істеп жатқандарының бәрін де көріп отыр. Халқына қызмет етіп, Өзінің есімі үшін көрсеткен сүйіспеншіліктерін ол ешқашан ұмытпайды (1 Тімотеге 5:17; Еврейлерге 6:10).
16 Бір жолы миына операция жасағалы жатқан мәсіхші қызға ауруханаға келген қамқор ақсақалдың мысалын қарастырып көрейікші. “Ол сондай мейірімді, ілтипатты және қамқор болды”,— деп жазды қыздың отбасының досы. “Ол бізбен бірге Ехобаға дұға етуге рұқсат сұрады да, ол дұға етіп жатқанда қыздың әкесі [Ехоба Куәгері емес] қатты жылап жіберді және палатадағылардың бәрінің көздері жасқа толды. Оның дұғасынан қандай қамқорлық сезіліп тұрды десеңші! Және оны тура керекті кезінде жіберген Ехобаның сүйіспеншілігі қандай десеңші!” Тағы бір науқас болған Куәгер өзіне келген ақсақалдар туралы былай деді: “Олар қарқынды терапия бөліміндегі менің төсегімнің жанына келгенде мен қандай жағдай болмасын шыдай алатынымды түсіндім. Бойымда күш пайда болып, жан тыныштығын сезіндім”. Осындай сүйіспеншілікпен көрсетілген қамқорлықты әлдекім сатып ала алар ма еді? Ешқашан, ешқандай ақшаға сатып ала алмайды! Бұл Құдайдың сыйы және мұндай сыйды тек мәсіхшілер қауымында ғана алуға болады (Ишая 32:1, 2).
Уағыздау қызметі де сый болып табылады
17, 18. а) Ехоба өзінің халқына қандай қызметті тарту етті? ә) Құдайдың қандай көмегінің арқасында қызметімізді атқара аламыз?
17 Адамзат баласы үшін Ең Жоғарғы болып табылатын Ехоба Құдайға қызмет етуден асқан құрмет жоқ (Ишая 43:10; 2 Қорынттықтарға 4:7; 1 Петір 2:9). Құдайға қызмет етуді шын ниетпен қалайтын барлық адамдар — жастар мен қарттар да, ерлер мен әйелдер де — көпшілікке қызметке ат салысу құрметіне ие бола алады. Сендер осы керемет сыйды қолданып жүрсіңдер ме? Кейбіреулер қабілетім жоқ деп тартыншақтауы мүмкін, бірақ Ехобаның өзіне қызмет етіп жүргендерге киелі рухын беретінін және ол кез келген кемшілігіміздің орнын толтыратынын есімізден шығармағаймыз (Еремия 1:6—8; 20:11).
18 Ехоба Патшалықты уағыздау ісін менмен, өзінің қабілетіне сенетін адамдарға емес, өзінің кішіпейіл қызметшілеріне сеніп тапсырды (1 Қорынттықтарға 1:20, 26—29). Кішіпейіл және қарапайым адамдар өздерінің қабілеттерінің шектеулі екенін және уағыздау қызметіне ат салысқан уақытта Құдайдың көмегіне мұқтаж екендіктерін мойындайды. Сондай-ақ “адал да саналы қызметші” арқылы келіп отырған рухани көмекті бағалайды (Лұқа 12:42—44; Нақыл сөздер 22:4).
Бақытты отбасы өмірі — керемет сый
19. Балаларымызды тәрбиелеуде ненің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз?
19 Неке мен бақытты отбасы өмірі — Құдайдың сыйы (Рут 1:9; Ефестіктерге 3:14, 15). Балалар да “Тәңірдің берген” керемет “сыйы”. Олар өздерінің бойына Құдайға ұнамды қасиеттер сіңіре білген ата-аналарын қуанышқа бөлейді (Забур 126:3). Егер ата-ана болсаңдар Құдайдың айтқандарын істеп, балаларыңды оның Сөзіне сай тәрбиелеңдер. Осылай істеп жүргендер Ехобаның қолдауы мен мол баталарына ие болатындарына сенімді (Нақыл сөздер 3:5, 6; 22:6; Ефестіктерге 6:1—4).
20. Балалары шындық жолдан тайып кеткен ата-аналар үшін ненің пайдалы болуы мүмкін?
20 Құдайдан қорқатын ата-аналарының адал ниетпен күш салғанына қарамастан, кейбір балалары есейген кездерінде шындық жолдан тайып кетуі мүмкін (Жаратылыс 26:34, 35). Мұндай жағдай ата-ана үшін қатты соққы болады (Нақыл сөздер 17:21, 25). Алайда біржола үміттерін үзгеннің орнына, Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесін естеріне түсіргендері дұрыс болар еді. Ол ұл үйін тастап кетіп, жаман жолға түскенімен, кейінірек әкесінің үйіне қайта оралды да, әкесі оны сүйіспеншілікпен және қуана қарсы алды (Лұқа 15:11—32). Қандай жағдай болмасын, адал мәсіхші ата-аналар Ехобаның түсінетініне, өздерінің қамын ойлайтынына және әрқашан қолдайтынына сенімді бола алады (Забур 144:14).
21. Кімнің айтқанын істеуіміз керек және неліктен?
21 Әрқайсымыз шын мәнінде өмірімізде не нәрсенің маңызды екенін анықтап алайықшы. Өзімізге және отбасымызға қайғы әкелетін материалдық молшылыққа талпынып жүрміз бе? Әлде, “нұр шашқан аспан денелерін жаратқан” Құдайдан келетін ‘игі тарту мен кемелді сыйға’ (СА) талпынудамыз ба? (Жақып 1:17). “Өтіріктің бастауы” болып табылатын Шайтан біздің материалдық байлық үшін ауыр еңбек етіп, қуанышымыздан да, өмірімізден де айырылғанымызды қалайды (Жохан 8:44; Лұқа 12:15). Ал Ехоба болса шын ниетпен біздің қамымызды ойлайды және жақсылық тілейді (Ишая 48:17, 18). Сол себепті көктегі сүйіспеншілігі мол Әкеміздің айтқандарын істейік және әрқашан ‘Тәңірден жұбаныш іздейік’ (Забур 36:4). Егер осылай етер болсақ, Ехобаның қымбат сыйлары мен мол батасы бізді байыта түседі және өзімен ешқандай қайғы әкелмейді.
[Сілтеме]
a “Ояныңдар!” журналының 1993 жылғы 22 қаңтардағы санын қараңдар, 18—21 беттер, ағ.
Естеріңде ме?
• Шексіз бақытты қайдан табуға болады?
• Ехоба өз халқына беріп отырған сыйлардың кейбіреуін ата.
• Неліктен уағыздау ісін сый деуге болады?
• Балаларын тәрбиелеп жүрген ата-аналар Құдайдың батасына ие болу үшін не істей алады?
[14-беттегі сурет]
Құдайдың сыйына, яғни жазып қалдырылған Сөзіне ризашылық білдіріп жүрсіңдер ме?
[15-беттегі сурет]
Өте қиын жағдайларға қарамастан Лаурел Низбет Құдайға құлшыныспен қызмет етті
[16-беттегі суреттер]
Бүгінгі мәсіхшілер де, Табита сияқты, сүйіспеншілікке толы істерімен танымал
[17-беттегі сурет]
Мәсіхші ақсақалдар бір сенімдегі бауырластарына сүйіспеншілікпен қамқорлық көрсетеді