Адамға тән әлсіздіктерді жеңу
“Күнәкар болмыстың [“Тәннің”, ЖД] қамын ойлау мәңгілік өлімге... жеткізеді” (РИМДІКТЕРГЕ 8:6).
1. Кейбіреулердің адам денесіне деген көзқарасы қандай және қандай сұрақты қарастырғанымыз дұрыс?
“ТАМАША жаралдым, Сені мақтаймын” (Забур 138:14). Ехобаның жаратылыстарының бірі — адамның денесі жайлы ой жүгірткен Забур жыршысы Дәуіт осылай шырқаған еді. Осылайша лайықты мадақтау сөздерін айтудың орнына, кейбір діни мұғалімдер адам денесін күнәның баспанасы және құралы ретінде қарастырады. Оны — “надандықтың жабуы, кемшіліктің қайнар көзі, азғындықтың дәнекері, қараңғы қапас, мағынасыз тіршіліктің себебі, тірі өлік, жылжымалы қабір” деп те атайды. Елші Пауылдың: “Менің... ескі күнәкар болмысымда [“тәнімде”, ЖД] жақсылық жоқ екенін білемін”,— деп айтқаны рас (Римдіктерге 7:18). Бірақ бұл біз күнәкар денеміздің дегенінен шыға алмайтындай дәрменсізбіз дегенді білдіре ме?
2. а) “Тәннің қамын ойлау” дегеніміз нені білдіреді? ә) Құдайға жаққысы келген адамның жан дүниесінде “тәні” мен “рухани күйінің” арасында қандай күрес болады?
2 Жазбаларда кейде адамның денесі “тән” деп аталады (3 Патшалықтар 21:27). Сондай-ақ, “тән” деген сөз Жазбаларда бүлікші Адам атаның ұрпақтары болып табылатын күнәкар адамдардың кемелсіз жағдайын суреттеу үшін де қолданылады (Ефестіктерге 2:3, ЖД; Забур 50:7; Римдіктерге 5:12). Ол қалдырған мұрадан ‘тәннің әлсіздіктері’ туып отыр (Римдіктерге 6:19, ЖД). Сондай-ақ Пауыл: “Күнәкар болмыстың [“Тәннің”, ЖД] қамын ойлау мәңгілік өлімге... жеткізеді”,— деп ескерткен болатын (Римдіктерге 8:6). “Тәннің қамын ойлау” дегеніміз күнәкар болмысымыздың ырқына көніп, оның жетегіне еруді білдіреді (1 Жохан 2:16). Сондықтан Құдайға ұнауға тырысып жүрген болсақ, рухани күйіміз бен ‘күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтарды’ орындату үшін ұдайы бізге ауыр қысым көрсететін тәніміздің арасында үнемі күрес болады (Ғалаттықтарға 5:17—23; 1 Петір 2:11). Өзінің жан дүниесіндегі осы күресті суреттеген соң Пауыл дауыстап: “Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлы тәнімнен мені кім құтқара алады?” — деді (Римдіктерге 7:24). Пауыл азғырудың қорғансыз құрбаны болды ма екен? Киелі кітап “жоқ” деп анық жауап береді.
Еліктіру мен күнә шын мәнінде бар
3. Көп адамдар күнә мен еліктіруге қалай қарайды, бірақ Киелі кітап мұндай көзқарасқа байланысты қандай ескерту айтады?
3 Бүгінгі күні көптеген адамдар үшін “күнә” деген ұғым жоқ. Кейбіреулері “күнә” деген сөзді адамның болмашы әлсіздіктерін суреттеу үшін қолданылған ескіден қалған термин ретінде кекесін мағынада қолданады. Олар ‘барлығымыз Мәсіхтің төрелік тағының алдында тұрып, әшкереленуге тиіс екенімізді, сонда әрқайсымыз тәндік өміріміздегі іс-әрекетіміздің жақсы-жамандығына қарай лайықты бағамызды алатынымызды’ түсінбейді (2 Қорынттықтарға 5:10). Өзгелері болса, жеңілтектікпен: “Мен еліктіруден басқаның бәріне төтеп беремін”,— деп айтуы мүмкін. Қазіргі уақытта көпшілігі тағам, секс, көңіл көтеру дегендерде өз қалауына ерік берген қоғамда өмір сүреді. Олар үшін бәрін дәл қазір алып қалу керек! (Лұқа 15:12). Олар болашақтағы “шынайы өмірдің” қуаныштарына көңіл бұрмастан тек бір сәттік, өткінші ләззат алуды ғана ойлайды (1 Тімотеге 6:19). Ал Киелі кітап болса бізді мұқият ойлануға және көреген болып, рухани немесе басқа да жағынан зиянын тигізетін нәрселерден аулақ болуға үйретеді. Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Нақыл сөздерде: “Саналы адам бақытсыздыққа ұшыратуы мүмкін нәрсені көріп, жасырынып қалады; ал тәжірибесі жоқтар алға ұмтылып, жазасын алады”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 27:12).
4. Пауыл 1 Қорынттықтарға 10:12, 13-те қандай ескерту жасады?
4 Адамгершілік тұрғысынан құлдыраған Қорынт қаласында тұратын мәсіхшілерге жазған хатында елші Пауыл еліктіруге және күнәның күшіне байланысты ескерту жасады. Ол: “Сенімімде берікпін деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын! Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді”,— деген еді (1 Қорынттықтарға 10:12, 13). Жастар мен кәрілер, ерлер мен әйелдер — бәріміз де мектепте, жұмыс орнында және басқа да жерлерде еліктіретін жағдайларға кездесіп жатамыз. Сол себепті Пауылдың сөздерін мұқият қарастырып, біз үшін олардың қандай мәні бар екенін көрейік.
Өздеріңе тым сенімді болудан сақтаныңдар
5. Өзіне тым сенімді болу неліктен қауіпті?
5 Пауыл: “Сенімімде берікпін деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын”,— деп ескертеді. Өзіміздің өнегелі екендігімізге тым сенімді болу қауіпті. Ол біздің күнәның болмысы мен күшін жете түсінбейтінімізді білдіреді. Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, елші Петір сияқты адамдар күнә жасаған болса, біздің осал жеріміз жоқ деп ойлағанымыз дұрыс болар ма екен? (Руларды санау 20:2—13; 2 Патшалықтар 11:1—27; 3 Патшалықтар 11:1—6; Матай 26:69—75). “Дана адам зұлымдықтан қорқып қашады, ал ақымақ адам болса ашуланшақ және өзіне тым сенімді”,— деп айтылған Нақыл сөздер 14:16-да. Сондай-ақ Иса да: “Рух дайын болғанмен тән осал”,— деген болатын (Матай 26:41). Өнегесіздікке деген бейімділік кемелсіз адамдардың бәріне де тән болғандықтан, Пауылдың ескертуіне терең көңіл қойып, еліктіруге қарсы әрекет етуіміз керек, өйтпеген жағдайда “күнәға батуымыз” мүмкін (Еремия 17:9).
6. Еліктіретін жағдайға қашан және қалай дайындалуымыз керек?
6 Ойламаған жерден ұшырап қалуымыз мүмкін бақытсыз жағдайға алдын ала дайындалғанымыз — даналықтың белгісі. Аса патша тыныштық орнаған уақыттың қорған соғуға қолайлы уақыт екенін түсінген (2 Шежірелер 14:2, 6, 7). Жау шабуылын бастаған кезде дайындалған тым кеш болатынын ол білді. Сол сияқты, еліктіретін жағдайға тап болған кезде не істейтініңді тыныштық уақытта асықпай ойланып шешкен тиімді (Забур 62:7). Даниял мен оның Құдайға шын берілген достары патшаның дастарқанынан тамақтануға мәжбүрлемес бұрын Ехобаның заңдарына адал болу туралы шешім қабылдаған еді. Сол себепті, олар өздерінің нанымдарына сай әрекет етіп, рухани таза емес тағамнан жеуден бас тартты (Даниял 1:8). Сол сияқты, біз де еліктіретін жағдайларға тап болмай тұрып, өнегелілік тазалығымызды сақтаймыз деген шешімімізді нығайта түсейік. Сонда біз күнәға қарсы тұра аламыз.
7. Өзгелердің еліктіретін нәрселерге ойдағыдай қарсы тұра алғанын білгеніміз неліктен біз үшін жұбаныш болып табылады?
7 Пауылдың: “Еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана”,— деген сөздерінен қандай жұбаныш табамыз десеңші! (1 Қорынттықтарға 10:13). Елші Петір: “Сенімдеріңе берік болып, оған төтеп беріңдер! Дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенін білесіңдер ғой”,— деген болатын (1 Петір 5:9). Иә, өзгелер де осы сияқты еліктірулерге кездесіп, Құдайдың көмегімен оларға ойдағыдай қарсы тұрған болса, біз де солай ете аламыз. Біз, шынайы мәсіхшілер, азған дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, ерте ме, кеш пе — бәріміз де күнә жасауға еліктіретін жағдайларға кезігеміз. Онда, адамға тән әлсіздіктеріміз бен күнәға еліктіретін нәрселерді жеңе алатынымызға қалай сенімді бола аламыз?
Еліктірулерге қарсы тұруға болады
8. Еліктіретін жағдайдан аулақ болудың негізгі жолы не?
8 “Күнәның құлы” болудан аман болудың негізгі жолы — мүмкіндігінше еліктіретін жағдайлардан аулақ жүру (Римдіктерге 6:6). Нақыл сөздер 4:14, 15 бізді: “Құдайсыздардың жолына түспе және зұлымдардың жолымен жүрме; қалдыр оны, онымен жүрме, одан бұрыл да, жанынан өтіп кет”,— деп шақырады. Көбінесе күнәға апарып соғуы мүмкін белгілі бір жағдайларды біз алдын ала білеміз. Сол себепті мәсіхшілер бұрыс нәрсеге қызықтыратын және бойларында таза емес нәрселерге деген құштарлық оятатын әркімнен, әр нәрседен, әр жерден аулақ болып, ‘жанынан өтіп кетуі’ керек.
9. Еліктіретін жағдайлардан қашудың маңыздылығына Киелі кітап қалай көңіл аударады?
9 Еліктіретін нәрсені жеңіп шығудың тағы бір негізгі жолы — еліктіретін жағдайлардан қашып кету. Пауыл: “Азғындықтан аулақ болыңдар [“қашыңдар”, ЖД]”,— деп кеңес берген болатын (1 Қорынттықтарға 6:18). Сондай-ақ ол: “Жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер [“қашыңдар”, ЖД]”,— деп жазды (1 Қорынттықтарға 10:14). Елші сонымен қатар Тімотеге дүние-мүлікке тым құмар болудан және “жастықтың құмарлықтарынан” қашу жөнінде ескертті (2 Тімотеге 2:22, ЖД; 1 Тімотеге 6:9—11, ЖД).
10. Еліктіретін жағдайдан қашудың маңыздылығын көрсететін қарама-қайшы екі мысалды айтып берші.
10 Дәуіт басынан кешкен жағдайды қарастырайықшы. Сарайының төбесінен қарап тұрған ол шомылып жатқан сұлу әйелді көреді де, жүрегін бұрыс құмарлық жаулайды. Сарайының төбесінен түсіп, еліктірген бұл жағдайдан қашып кетуі керек еді. Оның орнына ол әйел жайында сұрастырып білді (ол әйел Барсабия болатын)... Ал ақыр аяғында бұл ісінің зардабын шекті (2 Патшалықтар 11:1—12:23). Қожайынының өнегесіз әйелі азғырғысы келгенде Жүсіп қалай әрекет етті? Киелі кітапта бұл жайында былай делінген: “Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес”. Ол кезде халыққа әлі берілмегендіктен Мұсаның заңын Жүсіп білмеген еді, сөйтсе де ол: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!” — деп жауап берді. Бір күні ол әйел Жүсіпті ұстап алып: “Жүр, бірге болайық”,— дейді. Жүсіп сол жерде қалып, оған бір нәрсе түсіндіруге тырысты ма екен? Жоқ, ол “сыртқа қаша жөнелді”. Жүсіп өзін жыныстық қатынасқа еліктіруге жол бермеді. Ол қашып кетті! (Жаратылыс 39:7—16).
11. Еліктіретін жағдай қайталана беретін болса не істеуімізге болады?
11 Кейде қашып кеткен қорқақтық деп саналады, бірақ жиі ең дана жол — қауіпті жағдайдан осылай қашып кеткен. Жұмыс орнында мүмкін әрдайым еліктіретін жағдайға кезігіп отыратын шығармыз. Жұмыс орнымызды өзгертуге мүмкіндігіміз болмағанымен де, еліктіретін жағдайлардан кетіп қалудың өзге жолдары бар. Дұрыс емес екенін білетін әр нәрседен қашуымыз керек және тек дұрыс нәрсені істеуге белімізді бекем бууымыз керек (Амос 5:15). Еліктіретін жағдайдан қашу — интернеттегі порнографиялық сайттардан аулақ болу және көңіл көтеруге арналған күдік тудыратын жерлерге бармау керек дегенді де білдіреді. Сондай-ақ, журналды оқудан бас тартып, Құдайды сүйетін және бізге көмектесе алатын жаңа достар табуды да білдіруі мүмкін (Нақыл сөздер 13:20). Күнә жасауға бізді не нәрсе еліктірсе де, олардан табанды түрде бас тартқанымыз парасаттылық болған болар еді (Римдіктерге 12:9).
Дұғаның көмегі
12. ‘Азғырылуымызға жол берме’,— деп дұға еткен кезде біз Құдайдан нені өтінеміз?
12 Пауыл: “Құдай Өзінің уәделеріне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді”,— деген сөздерімен жігерлендіретін кепілдік береді (1 Қорынттықтарға 10:13). Ехобаның бізге көмектесетін жолдарының бірі — еліктіретін нәрсені жеңу үшін көмектесуін өтініп айтқан дұғамызға жауап беруі. Иса Мәсіх бізді: “Азғырылуымызға жол бермей, жамандықтан бізді сақтай гөр”,— деп дұға етуге үйреткен (Матай 6:13). Осылай шын жүректен айтқан дұғамызды Ехоба естиді және еліктіретін жағдайда бізді жалғыз қалдырмайды; ол бізді Шайтан мен оның қулық іс-әрекеттерінен құтқарады (Ефестіктерге 6:11). Біз еліктіретін нәрселерді көре білуіміз үшін және оларға қарсы тұратын күш беруі үшін Құдайдан көмек сұрауымыз керек. Еліктіретін нәрсеге кезіккен кезде, әлсіздік танытуымызға жол бермеуін өтініп сұрасақ, ол бізге көмектеседі де, “жамандықтың” бастауы болып табылатын Шайтан бізді жеңе алмайды.
13. Толассыз еліктіруге кезіккен кезде не істеуіміз керек?
13 Әсіресе біз толассыз еліктіретін жағдайларға кезіккен кезде қызу дұға етуіміз керек. Кейде еліктіретін жағдайлар ішкі дүниемізде — ойларымыз бен көзқарасымызда күрес тудырады. Мұндай жағдайлар біздің іс жүзінде қаншалықты әлсіз екенімізді есімізге салады (Забур 50:7). Мысалы, бұрынғы жаман әдеттеріміз есімізге түсіп мазамызды алып жүрсе не істеуімізге болады? Сол жолға қайта оралуға еліктіріліп жүрсек ше? Мұндай ойларды басып тастауға тырысып қана қойғаннан гөрі, Ехобаға осы жайлы дұға етіңдер, егер қажет болса әрқашан қайталап дұға етіңдер (Забур 54:23). Өзінің Сөзі мен киелі рухының күшімен ол біздің санамызды жаман ойлардан тазартуымызға көмектеседі (Забур 18:9, 10).
14. Еліктіретін нәрселерді жеңуіміз үшін дұға еткен неліктен маңызды?
14 Елшілерін ұйқы меңдеткенін байқаған Иса Гетсимани бағында оларды: “Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен тән осал”,— деп шақырды (Матай 26:41). Еліктірулерді жеңудің бір жолы — еліктірудің қандай түрлері бар екенін білу және көзге көріне қоймайтын қырларын байқай білу. Сондай-ақ, еліктіретін жағдайға кезіккенде кідірместен дұға еткен де маңызды, осылайша оны жеңу үшін рухани қаруланамыз. Ең әлсіз жақтарымызға байланысты еліктірілетін болғандықтан, оларға өзіміз жалғыз қарсы тұра алмаймыз. Міндетті түрде дұға етуіміз керек, өйткені Құдай беретін күш Шайтанға қарсы қорғанымызды нығайтады (Філіпіліктерге 4:6, 7). Сондай-ақ біз “қауым жетекшілерінің” рухани көмектері мен дұғаларына мұқтаж болуымыз мүмкін (Жақып 5:13—18).
Еліктіретін нәрселерге қарсы тұруға бар күштеріңді салыңдар
15. Еліктіретін нәрсеге қарсы тұруға не жатады?
15 Егер еліктіретін жағдайлардан аулақ жүру мүмкін болмаса, ол аяқталғанша немесе жағдай өзгергенше оған қарсы тұруға бар күшімізді салуымыз керек. Шайтан еліктірген кезде, Иса ол кетіп қалғанға дейін қарсы тұрды (Матай 4:1—11). Исаның шәкірті Жақып: “Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”,— деп жазды (Жақып 4:7). Қарсы тұру миымызды Құдайдың Сөзімен толықтыру мен оның өнегелілік нормаларын ұстануға берік шешім қабылдаудан басталады. Біздің ерекше әлсіз тұстарымызға қатысты Жазба орындарын жаттап, солардың үстінен ой жүгірткеніміз жақсы болар еді. Өзімізді мазалап жүрген нәрселермен бөлісетін және бұрыс нәрсе істеп қоюға итермелейтін сезім билегенде көмекке шақыруға болатын рухани толысқан, мүмкін қариялар болар, мәсіхшілерді тапқанымыз парасаттылық болар еді (Нақыл сөздер 22:17).
16. Өнегелілік тазалықты қалай сақтауымызға болады?
16 Жазбалар бізді жаңа адам болып өмір сүруге шақырады (Ефестіктерге 4:24). Бұл дегеніміз Ехобаның бізді қалыптастырып, өзгертуіне мүмкіндік беруді білдіреді. Өзімен бірге қызмет еткен Тімотеге жазған хатында Пауыл: “Әрдайым әділетті [әділдікке, ЖД], Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер. Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Тәңір сені осыған шақырды”,— деген болатын (1 Тімотеге 6:11, 12). Біз Құдайдың қасиеттері туралы терең білімге ие болып, содан оның талаптарына сай әрекет ету үшін Құдай Сөзін ынтамен зерттеу арқылы ‘әділдікке... ұмтыла аламыз’. Ізгі хабарды уағыздау мен жиналыстарға бару сияқты мәсіхшілердің қызметіне толық қатысқан да маңызды. Құдайға жақындап, оның қамтамасыз етіп отырған рухани шараларын толық пайдаланғанымыз рухани өсіп, өнегелілік тазалықты сақтауымызға көмектеседі (Жақып 4:8).
17. Еліктірілген кезде Құдайдың бізді жалғыз қалдырмайтынын қайдан білеміз?
17 Пауыл Құдай берген қабілетіміздің арқасында өзіміз кездесіп жүрген еліктіретін нәрселердің барлығын да жеңе алатынымызға сендіреді. Ехоба “соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді” (1 Қорынттықтарға 10:13). Иә, егер біз әрдайым Құдайға сенім артатын болсақ, ол адалдығымызды сақтау үшін жеткілікті рухани күшімізді жоғалтып алардай еліктіретін нәрсенің соншалықты күшті болуына жол бермейді. Ол өзінің көзінде дұрыс емес нәрсені істеуге еліктіретін нәрселерге белсенділікпен қарсы тұрып, оны жеңіп шыққанымызды қалайды. Сондай-ақ оның: “Мен сенен бас тартпаймын, ешқашан жалғыз қалдырмаймын”,— деген уәдесіне сенім артуымызға болады (Еврейлерге 13:5).
18. Адамдарға тән әлсіздіктерді жеңе алатынымызға неліктен сенімді бола аламыз?
18 Пауыл өзінің адамға тән әлсіздіктеріне қарсы күресінің нәтижесі қандай болатынын анық білді. Ол өзін тәнінің қалауларының бейшара және дәрменсіз құрбаны санаған жоқ. Керісінше, ол: “Мен мақсатсыз жүгіріп жүргем жоқ, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін. Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен “жүлде” бөліскенде құр алақан қалмау үшін тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын”,— деген (1 Қорынттықтарға 9:26, 27). Біз де күнәкар тәнімізге қарсы нәтижелі күрес жүргізе аламыз. Сүйіспеншілікке толы көктегі Әкеміз Жазбалар, Киелі кітапқа негізделген басылымдар, мәсіхшілер жиналыстары және рухани толысқан бауырластарымыз арқылы әрі қарай да тура жолмен жүруімізге көмектесетін ескертулермен әрқашан қамтамасыз етіп отыр. Оның көмегімен біз адамдарға тән әлсіздіктерді жеңе аламыз!
Естеріңде ме?
• “Тәннің қамын ойлау” дегеніміз не?
• Еліктіретін нәрселерге қарсы тұруға қалай дайындала аламыз?
• Еліктіретін нәрселерді жеңу үшін не істей аламыз?
• Еліктіретін нәрселерге қарсы тұрудағы дұғаның рөлі қандай?
• Адамдарға тән әлсіздіктерді жеңу мүмкін екенін қайдан білеміз?
[8-беттегі суреттер]
Киелі кітап бізді тәніміздің қалауларының дәрменсіз құрбандарысыңдар деп үйретпейді
[10-беттегі сурет]
Еліктіретін жағдайлардан қашып кету — күнә жасаудан аулақ болудың негізгі жолдарының бірі