“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
2—8 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕВРЕЙЛЕРГЕ 7, 8
“Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкер”
(Еврейлерге 7:1, 2) Сол Мәліксадық — Салим қаласының патшасы, Алла Тағаланың діни қызметкері — патшалармен шайқасып, жеңіспен келе жатқан Ыбырайымның алдынан шығып, оған батасын берді. 2 Ал Ыбырайым оған қолында барының оннан бір бөлігін ұсынды. Мәліксадықтың есімі “Әділдік патшасы” дегенді білдіреді, сондай-ақ ол — Салим патшасы, яғни “Тыныштық патшасы”.
it-2 366-б.
Мәліксадық
Ежелгі Салим қаласының патшасы, “Алла Тағаланың [Ехобаның] діни қызметкері” (М1ж 14:18, 22). Ол — Жазбаларда алғаш болып айтылған діни қызметкер. Бұл қызметін б. з. б. 1933 жылға дейінгі уақытта атқарған. “Тыныштық” дегенді білдіретін Салим қаласының патшасы болғандықтан, елші Пауыл Мәліксадықты “Тыныштық патшасы” деп, ал есімінің мағынасына орай “Әділдік патшасы” деп атаған (Ев 7:1, 2). Ежелгі Салим қаласы кейінірек салынған Иерусалим қаласының орталығына айналған деп есептеледі. Салим деген атау Иерусалим қаласының атауына енген, кейде бұл қаланы “Салим” деп те атай берген (Зб 76:2).
Ыбырам (Ыбырайым) Кедорлаумерді және оған ерген патшаларды жеңген соң, Шабе аңғарына, яғни “Патша аңғарына” келді. Сол жерде Мәліксадық “нан мен шарап алып шықты” да, Ыбырамға батасын беріп былай деді: “Ыбырамды жарылқасын Алла Тағала, Көк пен жердің Жаратушысы. Дәріптелсін Алла Тағала Жауларыңды қолыңа берген!” Сонда Ыбырам әрі патша, әрі діни қызметкер болған бұл кісіге әлгі одақтас патшаларға қарсы шайқастан қолға түсірген “ең жақсы олжасының” оннан бірін берді (М1ж 14:17—20; Ев 7:4).
(Еврейлерге 7:3) Оның әкесінің де, шешесінің де кім болғаны беймәлім, шыққан тегі мен өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы да еш мәлімет жоқ. Сөйтсе де Құдай Ұлына ұқсас болған ол әрқашан мәңгілік діни қызметкер болып қала береді.
it-2 367-б., 4-абз.
Мәліксадық
Қай мағынада Мәліксадықтың “өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы еш мәлімет жоқ”?
Пауыл былай деуімен Мәліксадық жайлы бір көңіл бұрарлық жайтты айқындады: “Оның әкесінің де, шешесінің де кім болғаны беймәлім, шыққан тегі мен өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы да еш мәлімет жоқ. Сөйтсе де Құдай Ұлына ұқсас болған ол әрқашан мәңгілік діни қызметкер болып қала береді” (Ев 7:3). Әрине, барлық адамдар сияқты, Мәліксадық та дүниеге келіп, қайтыс болған. Бірақ оның ата-анасының кім болғаны, ата-бабасы мен үрім-бұтағы белгісіз, Киелі кітапта оның туылуы мен дүниеден озуы жайлы да айтылмаған. Осы жағынан Мәліксадық Иса Мәсіхтің лайықты бейнесі болып табылады. Иса да мәңгі бақи діни қызметкер болып қала береді. Мәліксадықтың алдында не одан кейін біреудің діни қызметкер болғаны жайлы ештеңе жазылмаған. Сол сияқты Мәсіхке дейін ол іспетті ешқандай бас діни қызметкер болмаған және одан кейін де болмайды. Киелі кітапқа сай, оны ешкім алмастырмайды. Сондай-ақ Иса яһуда руынан әрі патшалар әулетінен, яғни Дәуіттің ұрпағынан шыққан болса да, діни қызметкерлер ұрпағынан шықпаған еді. Оның әрі патша, әрі діни қызметкер болуына адами ата-бабасының еш қатысы жоқ. Құдайдың өзі оған ант бергендіктен, ол осы міндеттерге ие болды.
(Еврейлерге 7:17) Себебі ол туралы: “Сен Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкерсің”,— деп куәлік етілген.
it-2 366-б.
Мәліксадық
Мәсіхтің діни қызметкер ретіндегі бейнесі. Ехоба Мәсіх туралы маңызды пайғамбарлық айтып, Дәуіттің “Иесіне”: “Сен Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкерсің!”— деп ант еткен (Зб 110:1, 4). Киелі рухпен жазылған бұл зәбүр жыры еврейлердің уәде етілген Мәсіхті әрі патша, әрі діни қызметкер деп қабылдауларына себеп болды. Елші Пауыл еврейлерге жазған хатында алдын ала айтылған бұл кісінің кім екеніне қатысты барлық күмәнді жоққа шығарып, “Мәліксадық сияқты мәңгілікке бас діни қызметкер болған Иса” екенін айтты (Ев 6:20; 5:10; “КЕЛІСІМ” тақырыбын да қараңыз (ор.)).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Еврейлерге 8:3) Әрбір бас діни қызметкер сый-тартулар ұсыну, құрбандықтар шалу үшін тағайындалады. Сондықтан оның да ұсынатын құрбандығы болуы керек еді.
Ехобаға ұнамды құрбандықтар
11 Елші Пауыл былай деп жазған: “Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тартулар мен құрбандықтар беру үшін тағайындалады” (Еврейлерге 8:3). Пауылдың ежелгі Исраилдегі бас діни қызметкердің Құдайға ұсынған нәрселерін екіге, яғни ‘сый-тартуларға’ және “құрбандықтарға”, немесе “күнәні өтеу құрбандықтарына”, бөлетіндігіне көңіл аударалық (Еврейлерге 5:1). Әдетте адамдардың жомарттықпен жасаған сыйлары сүйіспеншілік пен ризашылықты білдіреді, сондай-ақ олар әлдекімнің достық қарым-қатынасына, игі ниетіне немесе мақұлдауына ие болу үшін жасалады (Жаратылыс 32:20; Нақыл сөздер 18:16). Сол сияқты, Мұсаның заңында жазылған Құдайға ұсынылатын құрбандықтардың көбісін Құдайдың мақұлдауы мен игі ниетіне ие болу үшін жасалатын “сый” деуге болады. Тәурат заңын бұзған адамнан келтірілген нұқсанның орнын жабу талап етілетін және ол, күнәсін өтеу үшін, “күнәні өтеу құрбандығын” ұсыну керек болатын. Мұсаның Бес кітабында, әсіресе Мысырдан көшу, Леуі және Санақ кітаптарында, Құдайға әкелінетін көптеген әр түрлі құрбандықтар мен ұсынылатын нәрселердің қалай берілетіні суреттелген. Әрине, олардың бәрін егжей-тегжейіне дейін түсіну және есте сақтап қалу оңай емес, сөйтсе де әр түрлі құрбандықтардың кейбір негізгі жақтары біздің көңіл қоюымызға тұрарлық.
(Еврейлерге 8:13) Ол “жаңа келісім” деуімен бұрынғы келісімнің ескіргенін көрсетті. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай жойылады.
it-1 523-б., 5-абз.
Келісім
Қалайша Заң келісімі “ескіріп” қалды?
Құдай жаңа келісім жасасатынын Еремия пайғамбар арқылы жариялаған кезде, Заң келісімі “ескіріп” қалды (Ерм 31:31—34; Ев 8:13). Б. з. 33 жылы Мәсіхтің азап бағанасындағы өлімінің негізінде Заң келісімі күшін жойып (Қл 2:14), орнын жаңа келісім басты (Ев 7:12; 9:15; Е.і 2:1—4).
Киелі кітапты оқу
(Еврейлерге 7:1—17) Сол Мәліксадық — Салим қаласының патшасы, Алла Тағаланың діни қызметкері — патшалармен шайқасып, жеңіспен келе жатқан Ыбырайымның алдынан шығып, оған батасын берді. 2 Ал Ыбырайым оған қолында барының оннан бір бөлігін ұсынды. Мәліксадықтың есімі “Әділдік патшасы” дегенді білдіреді, сондай-ақ ол — Салим патшасы, яғни “Тыныштық патшасы”. 3 Оның әкесінің де, шешесінің де кім болғаны беймәлім, шыққан тегі мен өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы да еш мәлімет жоқ. Сөйтсе де Құдай Ұлына ұқсас болған ол әрқашан мәңгілік діни қызметкер болып қала береді. 4 Оның қаншалықты ұлы болғанына қараңдаршы: әулетбасы Ыбырайым оған ең жақсы олжасының оннан бір бөлігін берген. 5 Рас, Заңға сай, діни қызметкер болып тағайындалған Леуі ұлдары халықтан, яғни өз бауырларынан (олар Ыбырайымның ұрпағы болса да) түсімдерінің оннан бір бөлігін жинайды. 6 Бірақ Мәліксадық леуі руынан шықпаса да, уәделерге ие болған Ыбырайымның олжасының оннан бір бөлігін алып, оған батасын берген. 7 Төмен тұрғанның өзінен жоғары тұрғаннан бата алғаны даусыз. 8 Оннан бір бөлікті алатын леуіліктер — өлетін адамдар, ал оны алатын басқа біреу тірі, бұл туралы Жазбада куәлік етілген. 9 Оннан бір бөлік алатын Леуінің өзі де Ыбырайым арқылы оннан бір бөлік төледі деуге болады. 10 Себебі Ыбырайым Мәліксадықты кездестіргенде, Леуі әлі Ыбырайымның ұрпағы ретінде туылмаған еді. 11 Сонымен, халыққа берілген Заңның маңызды бөлігі болған леуілік діни қызметкерлердің қызметі арқылы кемелділікке жету мүмкін болған болса, Харон емес, Мәліксадық сияқты болатыны айтылған басқа діни қызметкер не үшін қажет еді? 12 Діни қызметкерлердің атқаратын қызметі өзгеріп жатқандықтан, Заң да өзгертілу қажет. 13 Өйткені осы айтылғандарға қатысы бар кісі басқа рудан шыққан, ал ол рудан шыққандардың ешқайсысы да құрбандық ошағының басында қызмет етпеген. 14 Иеміздің яһуда руынан шыққаны анық. Бірақ Мұса бұл рудан діни қызметкерлер болатыны туралы ештеңе айтпаған. 15 Мәліксадық іспетті басқа бір діни қызметкер шыққанда, бұл бұрынғыдан да анық болады. 16 Ол шыққан тегіне қатысты заң талабы бойынша емес, жойылмайтын өмір беретін құдіреттің арқасында діни қызметкер болды. 17 Себебі ол туралы: “Сен Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкерсің”,— деп куәлік етілген.
9—15 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9, 10
“Болашақ баталардың... көлеңкесі”
(Еврейлерге 9:12—14) Ол қасиетті орынға ешкілер мен жас бұқалардың емес, өз қанын біржола алып кірді, осылай бізді мәңгілікке азат етті. 13 Ешкілер мен бұқалардың қаны және өртелген тананың себілген күлі арамдалған адамды тазартатын болса, 14 Мәсіхтің қаны бұдан әлдеқайда артық емес пе?! Мәңгілік рухтың әсерімен ол өзін Құдайға еш кіршіксіз құрбандық ретінде ұсынды. Біз тірі Құдайға қасиетті қызмет атқаруымыз үшін, оның қаны ар-ұжданымызды өлі істерден тазартты.
it-1 862-б., 1-абз.
Кешірім
Құдайдың исраилдіктерге берген Заңына сай, Құдайға немесе өзгелерге қарсы күнә жасаған адам кешірімге ие болу үшін алдымен Заңдағы талаптар бойынша келтірген залалының орнын толтыруы тиіс болған. Бұдан соң, мұндай адам көп жағдайда Ехобаға мал құрбандығын алып келіп, қанын төгу керек еді (М3ж 5:5—6:7). Сол себепті Пауыл мына қағиданы айтқан: “Иә, Заң бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, күнә кешірілмейді” (Ев 9:22). Алайда құрбандыққа әкелінген малдың қаны адамды күнәдан арылтып, ар-ұжданын түпкілікті тазарта алмайды (Ев 10:1—4; 9:9, 13, 14). Ал Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына негізделген жаңа келісім толық кешірімге жол ашты (Ерм 31:33, 34; Мт 26:28; Қ1х 11:25; Еф 1:7). Иса әлі жерде болған кезінде сал кісіні сауықтыру арқылы күнәні кешіруге билігі бар екенін көрсетті (Мт 9:2—7).
(Еврейлерге 9:24—26) Себебі Мәсіх шынайы қасиетті орынның көшірмесі болған адам қолымен жасалған қасиетті орынға емес, біздің игілігіміз үшін қазір Құдай алдында тұру үшін, көктің өзіне енді. 25 Ол мұны өзін қайта-қайта құрбан ету, яғни бас діни қызметкер сияқты жыл сайын қасиетті орынға малдың қанын алып кіру үшін істеген жоқ. 26 Әйтпесе дүниенің негізі қаланғаннан бері оның көп рет азап шегуіне тура келер еді. Бірақ ол қазір, осы заманның ақырында, құрбандығы арқылы күнәні жоқ қылу үшін бір рет келді.
cf 183-б., 4-абз.
“Бұдан былай да соңымнан еріп жүр”
4 Киелі кітапта Иса көкке оралғанда көкте оны қалай қарсы алғаны, Әкесімен қалай қауышқаны туралы ештеңе айтылмаған. Десе де Исаның көкке бара сала не істейтіні Киелі кітаптан алдын ала белгілі еді. Он бес ғасырдан астам уақыт бойы яһуди халқы бір киелі рәсімнің куәсі болған. Жылына бір рет бас діни қызметкер ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесіне кіріп, келісім сандығының алдына Күнәні өтейтін күні ұсынылған құрбандықтардың қанын бүркитін. Сол күні бас діни қызметкер Мәсіхті бейнелейтін. Ал Иса көкке көтерілген соң осы рәсімнің пайғамбарлық мәнін біржола жүзеге асырды. Ол көкте Ехобаның алдына — ғаламдағы ең қасиетті жерге — келіп, Әкесіне өзінің төлем құрбандығының құнын ұсынды (Еврейлерге 9:11, 12, 24). Ехоба оны қабыл алды ма?
(Еврейлерге 10:1—4) Заң — болашақ баталардың өзі емес, тек көлеңкесі ғана. Сондықтан жыл сайын бірдей құрбандықтар ұсынуды талап ететін Заң Құдайға жақындағысы келетіндерді кемелді ете алмайды. 2 Олай болған күнде, қасиетті қызмет атқарып жүргендер біржола тазарып, бұдан былай өздерін күнәлі сезінбей, құрбандық шалу доғарылмас па еді? 3 Қайта, бұл құрбандықтар жыл сайын күнәларды еске салып тұрады. 4 Себебі бұқалар мен ешкілердің қаны күнәдан тазарта алмайды.
it-2 602, 603-б.
Кемелділік
Мұса Заңының кемелділігі. Исраилдіктерге Мұса арқылы берілген Заңда діни қызметтің атқарылуы мен әртүрлі малды құрбандыққа шалу шарасы қарастырылған. Құдайдан келгендіктен, бұл Заң кемелді болды. Десе де, елші Пауыл рухтың жетелеуімен айтқандай, Заң да, діни қызмет те, құрбандықтар да сол Заңға бағынышты халықты кемелді қыла алмады (Ев 7:11, 19; 10:1). Күнә мен өлімнен азат етудің орнына, Заң күнәні одан бетер айқын етті (Рм 3:20; 7:7—13). Сонда да бұл шараларды Құдай белгілі бір мақсатпен орнатқан болатын. Мысалы, Мұса Заңы болашақ баталардың кемелді “көлеңкесі” болып, адамдарды Мәсіхке жетелеп әкелетін “қамқоршының” рөлін атқарды (Ғл 3:19—25; Ев 10:1). Пауыл “адам тәнінің әлсіздігінің салдарынан” (Рм 8:3) Заңның кейбір нәрселерді істей алмағанын айтқан. Осылайша ол, Еврейлерге 7:11, 18—28 айтылғандай, яһудилердің бас діни қызметкері болған адам (яғни Заң бойынша құрбандықтарға байланысты шараларды басқарып, Күнәні өтейтін күні Ең қасиетті бөлмеге кіруге тағайындалған адам) халықты “толығымен құтқара” алмағанын айтқан көрінеді. Харонның ұрпағынан шыққан діни қызметкерлердің шалған құрбандықтарының арқасында халық Құдай алдында әділ болып қала алды. Алайда бұл оларды күнәдан толықтай тазартқан жоқ. Пауыл да осыған нұсқап, күнәні өтейтін құрбандықтардың “Құдайға жақындағысы келетіндерді кемелді ете алмағанын” яки ар-ұждандарын түпкілікті тазарта алмағанын айтқан (Ев 10:1—4; 9:9-бен салыстырыңыз). Бас діни қызметкер күнәні толықтай өтейтін құнды төлеуге қауқарсыз еді. Оны тек Мәсіхтің адал діни қызметі мен мінсіз құрбандығы ғана өтей алады (Ев 9:14; 10:12—22).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Еврейлерге 9:16, 17) Құдаймен келісім жасалғанда, келісім жасасқан адам өлуі қажет. 17 Өйткені келісім адамның өлімінен кейін күшіне енеді, ал оны жасасқан адам тірі жүргенде күші болмайды.
w92 1.3. 31-б., 4—6 абз.
Оқырман сауалдары
Пауыл Құдай мен адамдардың арасындағы келісім бекітілуі үшін біреудің өлуі керектігін айтқан. Заң келісімін алсақ, Құдай мен Исраил халқының арасындағы бұл келісімді жүзеге асырушы, яғни келістіруші Мұса болған. Сондықтан ол аса маңызды рөл атқарған, әрі осы келісімге тұрғалы жатқан исраилдіктермен арақатынас жасаған. Сондықтан оны Ехобадан келген Заң келісімін жасасқан адам деп санауға болады. Бірақ бұл келісім күшіне ену үшін Мұса өз қанын төгу керек пе еді? Жоқ. Оның қанының орнына малдардың қаны төгілді (Еврейлерге 9:18—22).
Енді Ехоба мен рухани Исраилдің арасындағы жаңа келісімді қарастырайық. Екі жақтың дәнекері яки Келістірушісі болу мәртебесі Иса Мәсіхтің еншісіне тиді. Бұл келісімді құрған Ехоба болса да, оның іске асуы Иса Мәсіхке байланысты болды. Арадағы Келістіруші болған Иса осы келісімнің алғашқы мүшелерімен тікелей қарым-қатынас жасады (Лұқа 22:20, 28, 29). Бұдан бөлек, ол осы келісімді күшіне ендіретін құрбандықты та бере алды. Бұл құрбандық жай ғана мал құрбандығы емес, кемелді адамның өмірі еді. Сондықтан Пауыл Мәсіхті жаңа келісімді жасасқан адам деп сипаттады. “Мәсіх... біздің игілігіміз үшін қазір Құдай алдында тұру үшін, көктің өзіне енгеннен” кейін, жаңа келісім күшіне енді (Еврейлерге 9:12—14, 24).
Мұса мен Исаны келісім жасасқан адамдар деп сипаттауымен Пауыл бұл екі келісімді құрған солар дегісі келмеген. Бұл келісімдер Құдайдың тарапынан құрылған. Ал бұл екі адам сол келісімдердің күшіне енуіне септігін тигізген келістірушілер болған. Екі жағдайда да өлім қажет еді. Мұсаның өлімін малдың өлімі алмастырды, ал Иса жаңа келісімге тұрған адамдар үшін өз қанын төгіп, өмірін құрбан етті.
(Еврейлерге 10:5—7) Сондықтан Мәсіх осы дүниеге келгенде, Құдайға былай деген: “Сен құрбандық пен сый-тартуды қаламадың, бірақ маған дене дайындап қойдың. 6 Түгел өртелетін және күнә үшін берілетін құрбандықтарды жаратпадың. 7 Сондай-ақ мен былай дедім: — Бір шиыршықта мен туралы жазылғандай, уа, Құдай, міне, мен сенің еркіңді орындауға келдім”.
it-1 249, 250-б.
Шомылдыру рәсімі
Лұқа Иса шомылдыру рәсімінен өткенде дұға еткенін жазған (Лқ 3:21). Ал Еврейлерге жазылған хатта айтылғандай, Иса Мәсіх “осы дүниеге келгенде” Зәбүр 40:6—8 тармақтардағы сөздерді айтқан. Ол туыла сала бұл сөздерді оқып, айта алмағандықтан, “осы дүниеге келгенде” деген тіркес оның туылған кезін емес, шомылдыру рәсімінен өтіп, қызметін бастаған кезін білдіреді. Ол былай деген: “Сен құрбандық пен сый-тартуды қаламадың, бірақ маған дене дайындап қойдың... Бір шиыршықта мен туралы жазылғандай, уа, Құдай, міне, мен сенің еркіңді орындауға келдім” (Ев 10:5—9). Иса шомылдыру рәсімінен өту үшін Жақияға келмес бұрын, Ехоба Құдаймен келісімге тұрып қойған еді. Өйткені Иса яһуди болып туылды, ал яһудилер Құдаймен Заң келісіміндегі халық болатын (М2ж 19:5—8; Ғл 4:4). Иса шомылдыру рәсімінен өту арқылы Заң талап ететіннен де көп істеді. Ол Әкесі Ехобаның “еркін” орындауға дайын екенін көрсетті. Оның еркі бойынша, Иса өзіне “дайындалған” денесін ұсынып, Заңға сай шалынатын мал құрбандықтарын жоққа шығару керек еді. Елші Пауыл: “Біз, Құдайдың осы “еркі” бойынша, Иса Мәсіх денесін біржола ұсынғандықтан қасиетті болдық”,— деген (Ев 10:10). Әкесінің еркіне Патшалық туралы хабарды жариялау да кіретіндіктен, Иса өзін осы іске де ұсынды (Лқ 4:43; 17:20, 21). Ехоба Ұлының өзін дайындықпен ұсынғанын қабыл алды. Өйткені оны киелі рухымен майлап, оған: “Сен менің сүйікті Ұлымсың. Мен саған ризамын!”— деді (Мр 1:9—11; Лқ 3:21—23; Мт 3:13—17).
Киелі кітапты оқу
(Еврейлерге 9:1—14) Бұрынғы келісімнің қасиетті қызметке және жердегі қасиетті орынға қатысты арнайы ережелері болған. 2 Құрылған шатырдың “Қасиетті орын” деп аталатын бірінші бөлмесінде шамдал, үстел, нан тартуы тұратын. 3 Ал шымылдықтың арғы жағында “Ең қасиетті” деп аталатын бөлме болатын. 4 Ол жерде хош иісті зат түтететін алтын ыдыс, алтынмен қапталған келісім сандығы тұратын. Ал сандықтың ішінде манна салынған алтын ыдыс, Харонның бүр жарған таяғы мен келісім тақташалары жататын. 5 Сандықтың үстінде салтанатты керубтер бар еді, олардың көлеңкесі татуластыру қақпағына түсіп тұратын. Бірақ қазір бұлар туралы егжей-тегжейлі айтып жатудың қажеті жоқ. 6 Барлығы осылай орналастырылған соң, діни қызметкерлер әрдайым шатырдың алдыңғы бөлмесіне кіріп, қасиетті қызметтерін атқаратын. 7 Ал екінші бөлмеге тек бас діни қызметкер жылына бір рет кіретін. Ол өзінің күнәлары мен халықтың білместікпен жасаған күнәлары үшін қан алып кіруге тиіс еді. 8 Міне, осылай киелі рух мынаны көрсетіп отыр: бірінші шатыр барда, қасиетті орынға әлі жол жабық. 9 Бұл шатыр — қазір болып жатқан жайттардың бейнесі, әрі осы шараға сай әлі де сый-тартулар мен құрбандықтар ұсынылуда. Алайда бұлар Құдайға қызмет етіп жүргендердің ар-ұжданын түпкілікті тазарта алмайды. 10 Бұлар тек ішіп-жеу, түрлі тазару рәсімдерін жасаумен байланысты. Осы заң ережелері тәнге қатысты еді, әрі бәрін түзететін уақытқа дейін күшінде болған. 11 Ал Мәсіх баталарға жеткізетін бас діни қызметкер ретінде келіп, адам қолымен жасалмаған, яғни жердегі жаратылыс емес, анағұрлым ұлы әрі әлдеқайда жақсы шатырға кірді. 12 Ол қасиетті орынға ешкілер мен жас бұқалардың емес, өз қанын біржола алып кірді, осылай бізді мәңгілікке азат етті. 13 Ешкілер мен бұқалардың қаны және өртелген тананың себілген күлі арамдалған адамды тазартатын болса, 14 Мәсіхтің қаны бұдан әлдеқайда артық емес пе?! Мәңгілік рухтың әсерімен ол өзін Құдайға еш кіршіксіз құрбандық ретінде ұсынды. Біз тірі Құдайға қасиетті қызмет атқаруымыз үшін, оның қаны ар-ұжданымызды өлі істерден тазартты.
16—22 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11
“Сенімнің болғаны қаншалықты маңызды?”
(Еврейлерге 11:1) Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену және көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру.
Ехобаның уәделеріне деген сенімімізді көрсетейік
6 Сенімнің сипаттамасын Еврейлерге 11:1-ден (оқыңыз) табуға болады. 1) Сенім — “негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену”. Мұндағы “үміттенген” нәрсеге Құдайдың болашаққа қатысты уәделері де жатады. Мысалы, біз зұлымдық атаулы жойылып, жаңа дүние орнайтынына сенімдіміз. 2) Сенім — “көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін”, немесе нанымды айғағын, көру. Біз көзімізбен көрмесек те, Ехоба Құдайдың, Иса Мәсіхтің, періштелер мен Патшалықтың көкте бар екенін білеміз (Еврейлерге 11:3). Құдайдың уәделеріне және көрінбейтін нәрселерге шынымен сенетінімізді қалай көрсете аламыз? Өмір сүру қалпымызбен және сөзіміз бен ісіміз арқылы. Мұнсыз сеніміміз толыққанды бола алмайды.
(Еврейлерге 11:6) Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес. Өйткені Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек.
“Өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді”
Ехоба Құдайға ұнамды болу үшін не қажет? Елші Пауыл: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деп жазды. Назар аударсақ, Пауыл сенім болмаса, Құдайға ұнау қиын демеген, мүмкін емес деп айтқан. Басқаша айтқанда, Құдайға ұнамды болу үшін сенімнің болуы аса маңызды.
Ал Ехоба Құдайға қандай сенім ұнайды? Біздің сеніміміз екі жайтты қамтуы керек. Біріншіден, біз Құдайдың “бар екеніне” сенуіміз керек. Басқа аудармаларда бұл тіркес “оның шынайы тұлға екендігіне” сену деп те тәржімеленген. Шынында да, қалайша Құдайдың бар екеніне күмәнданатын адам оған ұнамды болуы мүмкін? Алайда шынайы сенімге бұдан да көп нәрсе кіреді, өйткені тіпті жындар да Ехоба Құдайдың бар екеніне сенеді (Жақып 2:19). Құдайдың бар екеніне сенгеніміз бізді әрекетке талпындыру керек. Демек, біз сеніміміздің шынайы екенін Құдайға ұнамды болатындай өмір кешу арқылы көрсетеміз (Жақып 2:20, 26).
Екіншіден, біз Құдайдың “сый беретініне сенуіміз керек”. Шынайы сенімі бар адам Құдайға ұнамды өмір сүру үшін бекер күш салып жатпағанына сенімді (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Расында да, Ехобаның бізге сый беруді қалайтынына не соған қабілетті екеніне күмәнданатын болсақ, қалайша оған ұнамды бола аламыз? (Жақып 1:17; Петірдің 1-хаты 5:7). Құдай біздің қамымызды ойламайды, еңбегімізді бағаламайды және жомарттық танытпайды деп ойлайтын адам шын мәнінде Киелі кітапта жазылған Құдай жайлы білмейді.
Ехоба Құдай кімдерге сый береді? “Өзін шын жүректен іздейтіндерге”,— дейді елші Пауыл. Киелі кітап аудармашыларына арналған бір еңбекке сай, “шын жүректен іздеу” деп аударылған грек тіркесі жай ғана “Құдайды іздеуді” емес, “оған ғибадат ету үшін” күш салуды білдіреді. Ал басқа бір еңбекте айтылғандай, бұл грек етістігі барынша әрі жан-тәнімізбен күш салуды білдіреді. Иә, адамның сенімі Құдайға шын жүректен әрі құлшыныспен ғибадат етуге талпындыратын болса, Ехоба оны жарылқайды (Матай 22:37).
(Еврейлерге 11:33—38) Олар сенімдерінің арқасында патшаларды жеңді, әділ әрекет етті, Құдайдан уәделер алды, арыстандардың аузын жапты, 34 өрт жалынынан зақым көрмеді, семсер жүзінен аман қалды, әлсіз кезінде құдіретке ие болды, батыл шайқасты, басқыншылардың жасақтарын жайратты. 35 Әйелдер өлгендері тіріліп, олармен қауышты. Ал басқалар болса азапталып өлтірілді, өйткені анағұрлым жақсы қайта тірілуге жету үшін сенімдерінен бас тартқан жоқ. 36 Тағы басқалары келеке-мазаққа ұшырап, дүре соғылып, тіпті кісенделіп, түрмеге жабылды. 37 Олар таспен атқыланды, сенімдері сыналды, араланып екіге бөлінді, семсермен шабылды, қой-ешкі терілерін жамылып жүрді, жоқшылық, азап, жәбір көрді. 38 Бұл дүние мұндай адамдарға лайық емес еді. Олар шөл далада, таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарды паналады.
“Үміттенгеніңіздің жүзеге асатынына” сеніміңіз берік болсын
10 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында елші Пауыл есімі аталмаған көптеген Құдайдың қызметшілері төтеп берген қиындықтар туралы айтып өткен. Мысалы, ол сенімі берік әйелдер өз ұлдарын жоғалтқанын айтқан. Бірақ балалары қайта тіріліп, олармен қауышқан. Сосын елші: “Ал басқалар болса азапталып өлтірілді, өйткені анағұрлым жақсы қайта тірілуге жету үшін сенімдерінен бас тартқан жоқ”,— деді (Еврейлерге 11:35). Құдайдың қайта тірілуге қатысты берген уәдесіне берік сенгендіктен, көбісі небір қиындықтарға төзіп, Құдайға деген сенімдерінен таймаған. Олар болашақта Ехоба өздеріне қайтадан өмір сыйлап, жер бетінде мәңгі жасайтындарын білген. Мысалы, Набутай мен Зәкәрия Құдайға мойынсұнғандары үшін таспен атқыланып өлтірілді (Патшалар 1-жазба 21:3, 15; Шежірелер 2-жазба 24:20, 21). Ал Даниял аш арыстандардың орына тасталды. Оның үш досы болса лаулаған отқа лақтырылды. Бірақ Ехобаға деген мінсіздіктерін кір шалдырғысы келмеген олар өлуге дайын болды. Бұл адал қызметшілер Құдай өздеріне күш дарытып, азапқа төзуге көмектесетініне нық сенді (Даниял 3:16—18, 20, 28; 6:13, 16, 21—23; Еврейлерге 11:33, 34).
11 Сенімдері үшін Михая, Еремия секілді пайғамбарлар “келеке-мазаққа ұшырап... түрмеге жабылды”. Ал Ілиястай қызметшілер “шөл далада, таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарды паналады”. Олардың бәрі де қиындықтарға төзіп, Құдайға адал болып қалды, өйткені “негіз бар болғандықтан, үміттенгендерінің жүзеге асатынына берік сенді” (Еврейлерге 11:1, 36—38; Патшалар 1-жазба 18:13; 22:24—27; Еремия 20:1, 2; 28:10, 11; 32:2).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Еврейлерге 11:4) Сенімі болғандықтан Әбіл Құдайға Қабылдікінен әлдеқайда бағалы құрбандық ұсынды. Осы сенімі арқылы өзінің әділ екеніне Құдайдан куәлік алды, өйткені ол оның тартуын қабыл алған еді. Әбіл өлгенмен, сенімінің арқасында әлі де сөйлеуде.
it-1 804-б., 5-абз.
Сенім
Ежелде сенім танытқан тұлғалар. Пауыл айтып кеткен “бұлт іспетті осыншама көп куәгердің” әрбірінің сенімі берік негізге қаланған (Ев 12:1). Мысалы, Әбіл Құдайдың уәдесі бойынша бір “ұрпақтың” келіп, “жыланның” басын мыжитынын білгені анық. Сондай-ақ ол Ехобаның Едемде ата-анасына шығарған жазасының жүзеге асып жатқанын өз көзімен көрді. Едемнің сыртында қалған Адамның отбасы нанды маңдай терлерімен тауып жейтін. Өйткені жерді қарғыс атып, тікен мен арамшөп қаулаған еді. Хауаның күйеуіне құштар болып, ал Адам оған үстемдік еткенін де Әбіл байқаған шығар. Бұған қоса, анасы босанғанда қалай қиналғанын айтып бергені даусыз. Сонымен қатар ол Едем бағының кіреберісін күзетіп тұрған керубтер мен жүзінен от жалындап тұрған семсерді көрген (М1ж 3:14—19, 24). Осылардың бәрі Әбіл үшін “айқын дәлел” болып, ол құтқарылу “уәде етілген ұрпақ” арқылы келетініне сенімді болды. Сенімі оған “Құдайға құрбандық ұсынуға” түрткі болды. Ал оның құрбандығы Қабылдікінен әлдеқайда бағалы болып шықты (Ев 11:1, 4).
(Еврейлерге 11:5) Сенімі болғандықтан Енох азапты өліммен өлмеу үшін әкетілді. Құдай әкеткендіктен, ол еш жерден табылмады. Себебі әкетілмес бұрын, Құдайға ұнамды болғаны жөнінде куәлік алған еді.
Ол “Құдайға ұнамды болды”
Ендеше Енох қай мағынада әкетілді? Қарсыластары оны азаптап өлтірмес үшін, Ехоба оны тірілер арасынан әкетіп, өлім ұйқысына батырған көрінеді. Бірақ алдымен “Енох Құдайға ұнамды болғаны жөнінде куәлік алған” еді. Бұл қалай болды? Дәл өлер алдында Енох Құдайдан аян алған болуы мүмкін. Бәлкім, ол жұмаққа айналған жер бетін көрген шығар. Ехобаның көңілінен шыққанына көзі анық жеткен соң, Енох өлім ұйқысына батты. Елші Пауыл Енох пен басқа да адал кісілер жайлы: “Бұлардың бәрі... сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті”,— деп айтқан (Еврейлерге 11:13). Кейіннен қарсыластары оның денесін іздеген де шығар, бірақ “ол еш жерден табылмады”. Адамдар оның денесін қорлап немесе жалған ғибадатта қолданбас үшін, Ехоба оны көзден ғайып қылса керек.
Киелі кітапты оқу
(Еврейлерге 11:1—16) Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену және көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру. 2 Ежелде өмір сүрген кісілер сенімдерінің арқасында Құдайдың ықыласына ие болғандарына куәлік алды. 3 Сеніміміз болғандықтан біз Құдай сөзімен әлемнің жаратылғанын түсінеміз, демек, көрінетін нәрсе көрінбейтін нәрседен пайда болған. 4 Сенімі болғандықтан Әбіл Құдайға Қабылдікінен әлдеқайда бағалы құрбандық ұсынды. Осы сенімі арқылы өзінің әділ екеніне Құдайдан куәлік алды, өйткені ол оның тартуын қабыл алған еді. Әбіл өлгенмен, сенімінің арқасында әлі де сөйлеуде. 5 Сенімі болғандықтан Енох азапты өліммен өлмеу үшін әкетілді. Құдай әкеткендіктен, ол еш жерден табылмады. Себебі әкетілмес бұрын, Құдайға ұнамды болғаны жөнінде куәлік алған еді. 6 Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес. Өйткені Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек. 7 Құдай әлі көзге көрінбеген нәрселер туралы ескерткеннен кейін, Нұх сенімі болғандықтан Құдайдан қорқатынын көрсетіп, үй ішін құтқару үшін кеме салды. Осы сенімі арқылы дүниені айыптады, әрі әділдіктің мұрагері болды. 8 Сенімі болғандықтан Ыбырайым өзін Құдай шақырғанда, мойынсұнып, оның уәде еткен жеріне барды. Қайда бара жатқанын білмесе де, жолға шықты. 9 Сенімі болғандықтан ол уәде етілген жерде жатжерлік сияқты өмір сүріп, Құдайдан дәл сондай уәде алған Ысқақ және Жақыппен бірге шатырларда тұрды. 10 Себебі ол сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті. 11 Сенімі болғандықтан Сара да жасы келіп қалса да, құрсақ көтеріп, ұрпақ әкелу үшін күш алды. Себебі уәде берушіні өз сөзіне адал деп санады. 12 Сондықтан да өлі саналған Ыбырайымнан, яғни бір адамнан, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп ұрпақ тарады. 13 Бұлардың бәрі Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да, сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті. Бірақ соларды алыстан көріп қуанды, сондай-ақ өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтты. 14 Осылай айтатындар бар ықыласымен өз мекендерін іздеп жүргенін көрсетеді. 15 Олар тастап кеткен жерлерін еске ала берсе, кері қайтудың амалын табар еді. 16 Бірақ олар әлдеқайда жақсы, яғни көкке тиесілі, мекенге ұмтылатындықтан, Құдай олардың Құдайы деп аталудан ұялмайды, тіпті оларға қала да дайындап қойды.
23—29 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕВРЕЙЛЕРГЕ 12, 13
“Жөнге салу — Ехобаның сүйіспеншілігі”
(Еврейлерге 12:5) Сендер Құдайдың ұлдары ретінде өздеріңе айтылған мына ақыл-кеңесті мүлдем ұмыттыңдар: “Балам, Ехоба жөнге салғанда, менсінбей жүрме, ал түзеткенде, көңілің түспесін.
Артыңа жалтақтай берме
18 Ауыр тиген кеңес. Бәлкім, біз бұрын айтылған қандай да бір кеңеске ренжіген болармыз. Бұл көңілімізге тиіп қана қоймай, тіпті “еңсеміздің түсуіне” әкеп соғуы мүмкін (Евр. 12:5 Кк). Кеңесті “жөнсіз” деп санап оны қабылдамасақ немесе оны алғашында қабылдап, бірақ кейіннен ренішке бой алдырсақ, кеңестің пайдасын көрмейміз. Одан да Сүлейменнің: “Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта”,— деген сөздеріне құлақ асқанымыз игі (Нақ. с. 4:13). Жол белгілерін ұстанатын көлік жүргізушісі сияқты біз де кеңеске құлақ түріп, оны қолдану арқылы алға басайық (Нақ. с. 4:26, 27; Еврейлерге 12:12, 13 оқы).
(Еврейлерге 12:6, 7) Өйткені Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады. Кімді ұлындай көрсе, соны жазалайды”. 7 Бастарыңа түскен азаптарға төзіп, мұны өздеріңді жөнге салудың бір жолы деп біліңдер. Құдай сендерге балаларына қарағандай қарайды. Ал әкесі жөнге салмайтын бала бар ма?
“Дұға еткенде: Әке,— деңдер”
Балаларын сүйетін әке оларды жөнге салады, себебі олардың қандай адам болып өсетіні ол үшін бәрібір емес (Ефестіктерге 6:4). Мұндай әке жөнге салғанда, өз дегенінен қайтпауы мүмкін, бірақ ол ешқашан балаларына дөрекілік көрсетпейді. Көктегі Әкеміз де кейде бізді жөнге салуды қажет деп табуы мүмкін. Бірақ мұны ол әрдайым сүйіспеншілікпен жүзеге асырады, әрі ешқашан қатыгездік танытпайды. Әкесі сияқты, Иса ешқашан, тіпті шәкірттері түзетуге бірден көне қоймаған жағдайда да, қатыгездік көрсетпеген (Матай 20:20—28; Лұқа 22:24—30).
(Еврейлерге 12:11) Рас, жөнге салынып жатқанда, бұл қуантпайды, қайта, ауыр тиеді. Бірақ сол арқылы тәрбиеленгендерге бұл соңынан татулық пен әділдік жемісін береді.
“Түзетуді қабылда, сонда дана боларсың”
18 Жөнге салу ауыр тиетін шығар, бірақ оны қабылдамаудың салдары одан да ауыр тиеді (Еврейлерге 12:11). Біз Қабыл мен Седекия патшаның оқиғасынан сабақ алсақ болады. Құдай Қабылдың інісіне деген жеккөрінішін әрі оны өлтіргісі келетінін көргенде, оған былай деп ескертті: “Неге сонша ашуланып, түрің бұзылды? Егер жақсылыққа бет бұрсаң, менің ықыласыма ие боласың ғой. Ал жақсылыққа бет бұрмасаң, онда біліп қой, босағаңды күнә жағалап жүр, ол сені иемденуді көксейді. Бірақ одан үстем болар ма екенсің?!” (Мұсаның 1-жазбасы 4:6, 7). Қабыл Ехобаның түзетуін қабылдамай, бауырының қанын төкті, сосын бұның ауыр зардабын өмірінің соңына дейін тартты (Мұсаның 1-жазбасы 4:11, 12). Құдайдың тілін алғанда, Қабыл соншалықты азап көрмес еді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Еврейлерге 12:1) Ендеше бұлт іспетті осыншама көп куәгер қоршап тұрғандықтан, біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен және тез шырмап алатын күнәдан арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік.
Алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік!
11 Пауыл айтқан “бұлт іспетті көп куәгер” жарыста сүйікті спортшыларының жеңістеріне тілеулес болып, сыртынан бақылап отырған жанкүйерлер ғана болмаған. Олар да кезінде жарысқа қатысып, мәреге жеткен. Қандай қиындықтар болмасын, соңғы демі біткенше бұл куәгерлер Ехобаға адалдық сақтаған. Сол себепті олар бүгіндегі мәсіхшілер үшін керемет үлгі болып табылады. Арамызда жоқ болса да, олар тәжірибелі жүйріктер ретінде жарысқа жаңадан қосылған жүйріктерді жігерлендіре алады. Елестетші, сен жарыста жүгіріп келе жатырсың. Әлгі тәжірибелі жүйріктер сырттан бақылап, саған қолдау көрсетуде. Бұл сені алдыңа жан салмай, мәреге жетуге талпындырады ғой. Ежелдегі осы куәгерлер бейнелі жарысты, ол қаншалықты ауыр болмасын, жеңуге болатынын дәлелдеді. Сондықтан бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілері олардың үлгісінен күш-жігер алып, алдарындағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өте алар еді. Біз де солай ете аламыз.
(Еврейлерге 13:9) Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп, адасып кетпеңдер! Жүректі тамақпен емес, Құдайдың рақымымен нығайтқан абзал. Өйткені тамақ туралы ережелерге тым көп мән беретіндер еш пайда таппайды.
w89 15.12. 22-б., 10-абз.
Ехобаға ұнамды құрбандықтарды ұсыныңыз
10 Еврейлер иудаизмді ұстанушылардың “түрлі бөтен ілімдеріне ілесіп, адасып кетпеулері” керек еді (Ғалаттықтарға 5:1—6). Адам өз жүрегін мұндай ілімдермен емес, “Құдайдың рақымымен нығайтса” ғана шындықта берік тұра алады. Пауыл жүректі нығайтатын тамақ емес, өйткені “тамақ туралы ережелерге тым көп мән беретіндер еш пайда таппайды” деген. Соған қарағанда, кейбіреулер тамақ пен құрбандықтар жайлы дауласқан көрінеді. Адам қандай да бір тамақты жеу-жемеуді, қандай да бір күнді ұстану-ұстанбауды шектен тыс уайымдағанда емес, Құдайға шын берілгенде және төлемге ризашылық білдіргенде рухани нығаяды (Римдіктерге 14:5—9). Оның үстіне, Мәсіхтің құрбандығы леуіліктер ұсынатын құрбандықтардың күшін жойған еді (Еврейлерге 9:9—14; 10:5—10).
Киелі кітапты оқу
(Еврейлерге 12:1—17) Ендеше бұлт іспетті осыншама көп куәгер қоршап тұрғандықтан, біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен және тез шырмап алатын күнәдан арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік. 2 Ал мұны сеніміміздің Бас жетекшісі әрі Жетілдірушісі Исаға бар назарымызды тіге отырып істейік. Өзін күтіп тұрған қуаныш үшін ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді, сосын Құдай тағының оң жағына отырды. 3 Өздеріне зиян келтіретін күнәкарлардың қастық сөздеріне шыдаған Иса туралы жақсылап ойланыңдар. Сонда қажымайсыңдар, ұнжырғаларың да түспейді. 4 Күнәға қарсы күрестеріңде сендер әлі қандарың төгілгенше алысқан жоқсыңдар. 5 Сендер Құдайдың ұлдары ретінде өздеріңе айтылған мына ақыл-кеңесті мүлдем ұмыттыңдар: “Балам, Ехоба жөнге салғанда, менсінбей жүрме, ал түзеткенде, көңілің түспесін. 6 Өйткені Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады. Кімді ұлындай көрсе, соны жазалайды”. 7 Бастарыңа түскен азаптарға төзіп, мұны өздеріңді жөнге салудың бір жолы деп біліңдер. Құдай сендерге балаларына қарағандай қарайды. Ал әкесі жөнге салмайтын бала бар ма? 8 Егер өзгелер сияқты жазаланбасаңдар, онда шынайы емес, некесіз туылған балаларсыңдар. 9 Кезінде туған әкелеріміз жөнге салды, біз оларды құрметтедік. Олай болса, өмір сүруіміз үшін рухани өмір берген Әкемізге одан да көбірек бағынуымыз керек емес пе? 10 Олар өз білгендерінше, бізді аз уақыт жөнге салды. Ал Құдай біздің игілігімізді ойлап, өзі сияқты қасиетті болуымыз үшін жөнге салады. 11 Рас, жөнге салынып жатқанда, бұл қуантпайды, қайта, ауыр тиеді. Бірақ сол арқылы тәрбиеленгендерге бұл соңынан татулық пен әділдік жемісін береді. 12 Сондықтан әлсіреген қолдар мен тізелерді нығайтыңдар. 13 Ақсап жүргендер одан бетер жарақаттанып қалмай, қайта, сауығу үшін, аяқтарыңның астына түзу жол салыңдар. 14 Барлық адамдармен тату болуға ұмтылыңдар, қасиетті болыңдар. Өйткені қасиетті болмаса, ешкім де Иемізді көре алмайды. 15 Ешқайсысың Құдайдың рақымынан айырылып қалмауың үшін, сондай-ақ араларыңда улы тамыр шығып, қиындық тудырып, көбіңді арамдамау үшін сақ болыңдар. 16 Араларыңда азғын не Есау сияқты қасиетті нәрсені бағаламайтын адам да болмасын. Ол тұңғыштық жолын бір тостақ тамаққа айырбастай салды. 17 Өздерің білетіндей, кейінірек бата алғысы келгенде, оның өтініші қабылданбады. Ол жылап тұрып әкесінің шешімін өзгертуге тырысқанмен, өзгерте алмады.
30 қыркүйек—6 қазан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖАҚЫП 1, 2
“Күнә мен өлімге бастайтын жол”
(Жақып 1:14) Керісінше, әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады.
Азғырылу
Адам бір нәрсеге, әсіресе жаман нәрсеге құмартқанда, азғырылуы мүмкін. Мысалы, дүкен аралап жүріп, көзіңізге өте әдемі бір зат түсті делік. Сонда санаңызда “оны ұрлап алайын, ешкім байқамай қалады” деген ой жалт етеді. Осы кезде ар-ұжданыңыз сізді кілт тоқтатады. Содан, жаман ойды ысырып тастап, өз жөніңізбен кете бердіңіз. Бұл — азғыруға берілмей, жеңіп шыққаныңыз.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Бір нәрсеге құмарту — жаман адам екеніміздің көрсеткіші емес. Киелі кітап пенделердің бәрі азғыруға кезігетінін мойындайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Сондай кездерде ең маңыздысы — біздің әрекетіміз. Кейбіреулер бұрыс қалауларын тежемей, ертелі-кеш соның ырқына жығылады. Басқалары болса жаман деп тапқан қалауларын бірден тыйып тастайды.
“Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады” (Жақып 1:14).
(Жақып 1:15) Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады. Күнә болса, ақырында, өлімге ұшыратады.
Азғырылу
Киелі кітап күнәға қандай қадамдар бастайтынын ашық айтады. Жақып 1:15-те: “Құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады”,— делінген. Демек, жаман құмарлықты бойымызда сақтап жүретін болсақ, ол бір күні өз шегіне жетеді де, толғақ қысқан жүкті әйелдің босанбай қоймайтынындай, ол да бізді күнәға ұрындырмай тынбайды. Әйткенмен зиянды қалаудың құрығына түспеу өз қолымызда. Біз оны тіпті өзімізге бағындыра аламыз.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жақып 1:17) Игі де кемелді сыйдың бәрі көктен, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді. Ол құбылмалы көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді.
it-2 253, 254-б.
Жарық
Ехоба — “аспан шырақтарын жаратқан Әке” (Жқ 1:17). Ол “күндіз жарық болсын деп күнді берген, түнде жарық болсын деп ай мен жұлдыздарға заңдар орнатқан” (Ерм 31:35). Бұнымен қоса, ол — рухани нұрдың, яғни білімнің Қайнар көзі (Қ2х 4:6). Құдайдың сөзі, заңы мен әділ шешімдері бойынша жүріп-тұратын адам жарықта жүреді (Зб 43:3; 119:105; Н.с 6:23; Иш 51:4). Зәбүр жыршысы: “Сенің жарығың арқылы біз жарық көре аламыз”,— деген (Зб 36:9-ды салыстырыңыз: Зб 27:1; 43:3). Күннің сәулесі “тал түс болғанша жарқырай түсетіні” іспетті, Құдайдың даналығымен жүретін әділ адамның жолы да жарқыраған үстіне жарқырай береді (Н.с 4:18). Ехобаның жолымен жүру деген оның нұрында жүруді білдіреді (Иш 2:3—5). Ал егер адам айналасындағы нәрселерге арам оймен не зұлым ниетпен қарайтын болса, оның рухани жағынан тас қараңғыда жүргені. Иса айтып кеткендей, “Жаман нәрсеге қарасаңдар, бүкіл денелерің қараңғы болады. Бойларыңдағы жарық шын мәнінде түнек болса, онда ол — неткен қара түнек!” (Мт 6:23-ті салыстырыңыз: М5ж 15:9; 28:54—57; Н.с 28:22; Пт2х 2:14).
(Жақып 2:8) Жазбадағы “өзге адамды өзіңдей сүй” деген патша заңын орындап жүрсеңдер, дұрыс істейсіңдер.
it-2 222-б., 4-абз.
Заң
“Патша заңы”. Патшаның дәрежесі өзге адамдардың арасында жоғары тұратынындай, “патша заңы” да адамдардың арақатынасына байланысты өзге заңдардың арасында ерекше әрі маңызды болып табылады (Жқ 2:8). Заң келісімінен сүйіспеншілік рухы есіп тұрған. Ал “өзге адамды өзіңдей сүй” деген патша заңы бүкіл Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларының негізі болып табылатын екінші өсиет еді (Мт 22:37—40). Мәсіхшілер Заң келісімін ұстанбаса да, жаңа келісімге сай, Ехоба Патша мен оның Ұлы Иса Патшаның заңына бағынады.
Киелі кітапты оқу
(Жақып 2:10—26) Кім бүкіл Заңды орындап, бірақ оның бір талабын бұзса, Заңды түгелдей бұзғаны. 11 Өйткені “Неке адалдығын бұзба!” деген Құдай “Кісі өлтірме!” деп те айтқан ғой. Неке адалдығын бұзбағаныңмен, кісі өлтірсең, заң бұзушы боласың. 12 Сөздерің мен әрекеттерің әрқашан азат халықтың заңы бойынша сотталатын адамдардікіне сай болсын. 13 Өйткені мейірімділік танытпайтын адам мейірімсіз сотталады. Мейірімділік соттан үстем. 14 Бауырластарым, біреу Құдайға сенемін дей тұра, бұнысын ісімен көрсетпесе, одан не пайда? Мұндай сенім оны құтқара алушы ма еді? 15 Егер бір бауырлас киер киім мен күнделікті асқа зәру болып жүрсе, 16 ал араларыңдағы біреу оған: “Аман-сау бол! Тоңба, қарның да ашпасын”,— деп, бірақ өміріне қажетті нәрселерді бермесе, бұдан не пайда? 17 Сол сияқты, іс-әрекетсіз болса, сенім де өлі. 18 Бірақ әлдебіреу: “Сенің сенімің бар болса, менің істерім бар. Іс-әрекетсіз сеніміңді көрсет, ал мен сенімімді іс-әрекетіммен көрсетейін”,— дер. 19 Сен жалғыз Құдай бар екеніне сенесің, солай емес пе? Мұның дұрыс та. Бұған жындар да сенеді, әрі қорыққандарынан қалтырап-дірілдейді. 20 Ей, түйсіксіз адам, іс-әрекетсіз сенімнің жеміссіз екеніне дәлел керек пе? 21 Әкеміз Ыбырайым өз ұлы Ысқақты құрбандық орнына жатқызғаннан кейін әділ деп жарияланды емес пе? 22 Көрдің бе, оның істері сенімімен қатар жүрді, әрі істері арқылы сенімі кемеліне жетті. 23 Осылайша Жазбадағы мына сөздер орындалды: “Ыбырайым Ехобаға сенді, сондықтан әділ деп саналды” және ол “Ехобаның досы” деп аталды. 24 Өздерің көріп отырғандай, адам тек сенімі емес, істері арқылы әділ деп жарияланады. 25 Тап сол сияқты, жезөкше болған Рахаб та істері арқылы, барлаушыларға қонақжайлылық танытып, сосын басқа жолмен қашырып жібергеннен кейін, әділ деп жарияланды емес пе? 26 Демек, рухсыз тәннің өлі болатынындай, іс-әрекетсіз сенім де өлі.
МӘСІХШІЛІК ӨМІРІМІЗ
g 11.13. 4, 5-б.
Секстинг жайлы балаларыңызбен қалай сөйлессеңіз болады?
ҚИЫНДЫҚ.
Сіз жастар арасында секстингтің кең етек алып жатқанын естисіз. Сонда “Менің балам да ондайды істеп жүрген жоқ па екен?” деп ойланып қаларсыз. (Секстинг — ұялы телефон арқылы біреуге сексуалдық сипаттағы сөздерді, суреттер мен видеоларды жіберу. Толығырақ білу үшін jw.org сайтындағы “Секстинг туралы нені білгенім жөн?” деген мақаланы қараңыз. КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР деген санатта.)
Балаңызбен сөйлесу үшін бұл мәселені қалай қозғасаңыз болады? Алдымен, жастардың неге секстингке ұрынатынын және неге бұған бейжай қарамауыңыз керектігін білейік.
МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН:
● Кейбір жасөспірімдер өздеріне ұнайтын адамға қылымсып я қырындау үшін осындай ұятсыз хабарламалар жібереді.
● Кейде қыздар жігіттің итермелеуімен оған өзінің ашық-шашық суретін жібереді.
● Кейде ұлдар қыздың ашық түскен суретін достарына қызық болсын деп, я болмаса қызымен айырылысқан соң кек қайтару үшін жібереді.
Себебі қандай болмасын, қолында ұялы телефоны бар жасөспірім түрлі нәрсеге ұрынуы мүмкін. Бір кітапта айтылғандай, “бір батырманы (кнопка) басу арқылы, біреудің өмірін құртып жіберуге болады” (“CyberSafe”).
Біреудің фотосуреті ғаламтор желісіне түскен соң, оны жіберген адам енді оның қалай қолданылатынын еш қадағалай алмайды. Құрама Штаттардағы Федералдық тергеу бюросының хабарлауынша, бір жолы 18 жасар қыз “жігітіне өзінің жалаңаш суретін жіберген соң, бұл сурет оның мектебіндегі жүздеген оқушыға тарап кеткен. Нәтижесінде қыз өзіне қол жұмсаған. Осы суретті басқа біреуге жіберген оқушылар оған тиісіп, мазақ еткен көрінеді”.
Секстинг заң тарапынан да жауапқа тартылады. Кей елдерде өзі сияқты кәмелетке толмаған жастарға сексуалды сипаттағы ашық сурет жібергендер балалар порнографиясын таратты деп айыпталып, оларды жыныстық қылмыс жасаушылар ретінде тіркеуге алған. Ұялы телефон қызметін пайдаланудағы келісімшартта ата-анасының есімі табылса немесе олар баласын секстингтен сақтандыру үшін ешқандай шара қолданбаған болса, ата-ана да заң алдында жауап береді.
НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
Нақты ережелер орнатыңыз. Балаңыздың ұялы телефонын толығымен қадағалай алмасаңыз да, сіз оған қандай шектеулер қоятыныңызды айтып, оны бұзған жағдайда, салдары қандай болатынын ескерте аласыз. Әрі ата-ана ретінде жасөспірім балаңыздың ұялы телефонын тексеруге құқыңыз бар екенін де ұмытпаңыз (Киелі кітап принципі: Ефестіктерге 6:1).
Балаңызға осы мәселені ақылға салуға көмектесіңіз. Былай десеңіз болады: “Секстинг жайлы әркім әртүрлі пікір айтады. Сеніңше, бұл нені білдіреді?” “Қандай суреттерді орынсыз деп санайсың?” “Кейбір елде кәмелетке толмаған жастардың басқа кәмелетке толмағандарға ұятсыз суреттер жібергені қылмыс деп саналады екен. Ал сеніңше, бұл соншалықты жаман нәрсе ме?” “Неліктен секстингті ұятсыз нәрсе деуге болады?” Балаңыздың ойын құлақ салып тыңдаңыз. Оған телефонынан біреуге бірдеңе жібермес бұрын жақсылап ойланып алуды үйретіңіз (Киелі кітап принципі: Еврейлерге 5:14).
Бір жағдайды елестетіп, талқылап көріңіз. Мысалы, қызыңызға: “Егер ұл бала қыздан ашық-шашық суретін жіберуді қоймай сұраса, қыздың не істегені дұрыс? Досынан айырылып қалмау үшін жібере салғаны ма? Әлде бас тартып, бірақ әрі қарай қылымси бергені ме? Немесе қарым-қатынасты доғаруы керек пе? Үлкендерге айтқаны дұрыс па?”— деген сұрақтар қойсаңыз болады. Осыны ақылға салып, ой жүгіртуіне көмектесіңіз. Ұлыңызбен де осылай әңгімелесіп көрсеңіз болады (Киелі кітап принципі: Ғалаттықтарға 6:7).
Балаңызды адамгершілікке баулыңыз. Мына сияқты сұрақтарды қойыңыз: “Сен үшін жұрт алдында абыройлы болу қаншалықты маңызды? Өзгелер сені қандай адам деп танығанын қалар едің? Егер біреудің орынсыз суретін таратып, оны ұятқа қалдырсаң, өз-өзіңді құрметтей алар ма едің? Дұрыс нәрсені істеуден еш таймасаң, өзіңді қалай сезінесің?” Балаңызға “ар-ұжданын таза сақтауға” көмектесіңіз (Петірдің 1-хаты 3:16).
Балаңызға өзіңіз үлгі болыңыз. Киелі кітапта көктен келген даналықтың таза екені әрі екіжүзді еместігі айтылған (Жақып 3:17). Сіздің өміріңізден осы байқала ма? Жоғарыда айтылып кеткен кітапта: “Біз өзіміз балаларымызға жақсы үлгі болып, интернеттен өнегесіз не заңсыз болып саналатын бейнелерді көрмеуіміз керек”,— делінген.