Әр нәрсенің өз уақыты бар
Киелі кітапта: “Бәрінің өз уақыты бар және қай оқиғаның да аспан астындағы өзіндік мезгілі болады”,— делінген. Ежелдегі дана патша Сүлеймен осы сөздерді жазғаннан кейін, туылатын уақыт пен өлетін уақыт, тұрғызатын уақыт пен қирататын уақыт, сүйетін уақыт пен жек көретін уақыт жайлы айтқан. Ал соңында: “Жұмыскерге өзі айналысып жатқан ісінен қандай пайда келеді?”— деген (Екклесиаст 3:1—9).
КЕЙБІРЕУЛЕР осы айтылғандарға қарап, Киелі кітап әр нәрсенің белгіленген уақыты бар деп үйретеді, яғни Киелі жазбалар тағдыр жайлы нанымды қолдайды, деген ойға келеді. Бұл шын мәнінде солай ма? Киелі кітап бүкіл өміріміз тағдырдың билігінде деген нанымды қолдай ма? “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылғандықтан”, онда жазылған жайттар бір-біріне қайшы келмеуі тиіс. Ендеше Құдай Сөзі Киелі кітаптың басқа тармақтарында осы мәселеге қатысты не айтылғанын қарастырып көрейік (Тімотеге 2-хат 3:16).
Уақыт пен кездейсоқтық
Екклесиаст кітабында Сүлеймен әрі қарай былай деген: “Артыма қарап, аспан астында мынаны көрдім: жүйріктер жарыста озбайды, күштілер шайқаста жеңбейді, даналар азыққа ие болмайды, түсінігі барлар байлықты иемденбейді, білімдарлар ықыласқа бөленбейді”. Ол неге бұлай деген? “Өйткені барлығына уақыт пен кездейсоқтық орайлас келеді”,— деп түсіндіреді ол (Екклесиаст 9:11 ЖД).
Бұл жерде Сүлеймен адам өміріндегі барлық жайттардың алдын ала белгіленіп қойылатындығы жөнінде айтпаған, қайта, “барлығына уақыт пен кездейсоқтық орайлас келгендіктен”, адам өз ісінің қандай нәтиже әкелетінін алдын ала дәл біле алмайтынына меңзеген. Жиі қандай да бір жайт адам қолайлы жерде, қолайлы уақытта не қолайсыз жерде, қолайсыз уақытта болып қалғандықтан ғана орын алып жатады.
Мәселен, “жүйріктер жарыста озбайды” деген сөздерді алып қарайық. 1984 жылы Лос-Анджелес қаласында (Калифорния штаты, АҚШ) өткен Олимпиядада әйелдер арасындағы 3000 метрлік қашықтықты жүгіріп өту жарысы кезінде бір жағдай орын алған еді. Жарысқа Британия мен Құрама Штаттарынан келген екі спортшы әйел қатысты. Олардың екеуі де алтын медальді қанжығаларына байлап қайтуға үміттенген болатын. Алайда жарты жолда олар бір-біріне соқтығысып қалды. Біреуі жығылып қалып, жарыстан шығып кетті. Болған жайттан жігері жасыған екінші спортшы болса мәреге жетінші болып жетті.
Осылай болатыны алдын ала белгіленіп қойылған ба? Кейбіреулер солай деп ойлауы мүмкін. Алайда олардың жарыста құр алақан қалуына бір-біріне соқтығысып қалғаны, яғни ешкім алдын ала біле алмаған оқыс жайттың орын алуы, себеп болғаны анық. Ал олардың соқтығысып қалғаны алдын ала белгіленген бе еді? Кейбіреулер бұны да тағдырдан көруі мүмкін. Алайда коментаторлардың айтуынша, күтпеген жайттың орын алуына бірінен-бірі басып озуға тырысқан екі бірдей майталман спортшының арасындағы қызу бәсеке себеп болған. Киелі кітапта айтылғандай, “барлығына уақыт пен кездейсоқтық орайлас келеді”. Адам қаншалықты жақсы дайындалмасын, оның іс-әрекетіне әсер етуі мүмкін күтпеген жайттар әрдайым шығып қалып жатады және мұның тағдырмен еш байланысы жоқ.
Олай болса, Киелі кітаптағы “барлығына уақыт пен кездейсоқтық орайлас келеді” деген сөздер нені білдіреді? Біз болашағымызға әсер ете аламыз ба?
Әрбір нәрсе үшін қолайлы уақыт
Сүлеймен әлдекімнің тағдырын не өмірінің немен аяқталатынын сөз етпеген. Ол Құдайдың еркі мен оның адамзатқа қалай әсер ететіні жайлы айтқан. Неге бұлай дейміз? Мәнмәтінін қарастырар болсақ, осылай деуге барлық негіз бар екенін көруге болады. “Өз уақыты бар” көптеген нәрсені атап шыққаннан кейін, Сүлеймен былай деген: “Құдай адам баласына айналысуға берген істерді көрдім. Барлық нәрсені ол өз уақытында әсем етіп жаратқан” (Екклесиаст 3:10, 11 ЖД).
Құдай адам баласына көп іс берген. Сүлеймен солардың кейбірін атап өткен. Сондай-ақ Құдай бізге қалаған нәрсемізді істеуге ерік берген. Алайда әрбір істің ең жақсы нәтиже беретін өз уақыты, яғни қолайлы уақыты, бар. Мысалы, Екклесиаст 3:2-гі “өскін отырғызу және оны орып-жинау мезгілі болады” деген сөздерді алайық. Диқаншы әрбір дақылды өз уақытында “отырғызу” керектігін біледі. Егер ол осы қарапайым шындықты елемей, дақылдарын қолайсыз уақытта не басқа мезгілде ексе ше? Мұндайда ол аянбай тер төксе де, жақсы өнім ала алмағанын тағдырдан көруі керек пе? Әрине, жоқ! Мәселе оның дақылды өз уақытында екпегенінде. Ол Жаратушымыз орнатқан табиғат заңдарына сай әрекет еткенде, барлығы басқаша болар еді.
Олай болса, Құдай белгілеген жайттар — адамның тағдыры не өмірінде орын алуы тиіс оқиғалар емес. Бұлар адам баласының іс-әрекеттеріне басшылық беріп, Құдай еркіне сай әрекет етуге көмектесетін бірқатар заңдылықтар. Бейнетінің зейнетін көру үшін, адамдар Құдай еркі мен оның белгілеген уақытын түсіне біліп, соған сай әрекет етулері керек. Белгіленіп қойылған әрі өзгермейтін нәрсе — адамдардың тағдыры емес, Құдайдың ниет еткендері. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба Құдай былай деген: ‘Менің аузымнан шыққан сөзім Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады’ (Ишая 55:11).
Ал Құдайдың жерге және бүкіл адамзаттың болашағына қатысты міндетті түрде ‘жүзеге асатын сөзі’, немесе еркі, қандай?
Құдайдың белгілеген уақытын түсіну
Аталмыш сұрақтың жауабын Сүлейменнің сөздерінен табуға болады. “Барлық нәрсені ол өз уақытында әсем етіп жаратқан”,— деп айтқаннан кейін, ол былай деген: “Тіпті адамдардың жүрегіне мәңгілікті салса да, олар шын Құдайдың бастапқыдан аяғына дейін жасап келген істерін ешқашан түсіне алмайды” (Екклесиаст 3:11 ЖД).
Осы тармаққа қатысты көп нәрсе айтылды. Алайда мына бір қарапайым жайтпен барлығымыз келісетін болармыз: қай-қайсымыздың да жүрегіміздің түбінде өмірдің мәні жайлы және алда не болатыны туралы ойланған кезіміз болған. Адам баласына өмір бойы маңдай терін төгіп жұмыс істеп, ақыр аяғында өліп кету қашан да әділетсіз көрінген. Басқа жаратылыстардан ерекшелігіміз — біз тек бүгінгі күніміз жайлы ғана емес, болашағымыз туралы да ойланамыз. Біз тіпті мәңгі өмір сүрсек деп армандаймыз. Неліктен? Өйткені Киелі жазбаларда айтылғандай, Құдай “адамдардың жүрегіне мәңгілікті салған”.
Осы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін адамдар өлімнен кейін өмір бар деген түсінікті саналарына сыйдыруға тырысуда. Кейбіреулер адамның өлмес жаны бар деп ұйғарады. Өзгелер адам шексіз қайта туыла береді деп сенеді. Тағы біреулер болса адам өміріндегі барлық жайттар маңдайына жазылып қойылған және жазмыштан озмыш жоқ деп ойлайды. Өкінішке орай, мұндай түсініктердің ешқайсысы да адамдарға толық қанағат әкелген емес. Бұның себебі — Киелі кітапта айтылғандай, адамдар өздігінен “шын Құдайдың бастапқыдан аяғына дейін жасап келген істерін ешқашан түсіне алмайды”.
Ғасырлар бойы өмір мен өлімге қатысты сұрақтың жауабын іздеп, оның түбіне жете алмаған ойшыл ғұламалар мен пәлсапашылар тығырыққа тірелуде. Алайда жүрегімізге осы ықыласты Құдай салғандықтан, жауапты оның өзінен іздегеніміз дұрыс болмас па еді? Киелі кітапта Ехоба туралы былай делінген: “Сен алақаныңды жайып, тіршілік иесі атаулының бәрін өзіңнің рахым етуіңе орай тойындырасың [немесе қанағаттандырасың]” (Забур 144:16). Құдай Сөзі Киелі кітапқа ден қояр болсақ, өмір мен өлім жайлы және Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты мәңгілік ниеті туралы қанағаттандырарлық жауап табамыз (Ефестіктерге 3:11).
[5-беттегі сөздер]
“Жүйріктер жарыста озбайды” (Екклесиаст 9:11)
[6-беттегі сөздер]
Диқаншы тұқымды қолайсыз уақытта ексе, өнімнің аз болғанын тағдырдан көруі керек пе?
[7-беттегі сөздер]
Құдай “адамдардың жүрегіне мәңгілікті салғандықтан”, біз өмір мен өлім жайлы ойланамыз