Ехобаның сөзі тірі.
Ишая кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (I-бөлім)
“МЕН кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады?” Ехоба Құдайдың осы шақыруына Амос ұлы Ишая: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп жауап қатады (Ишая 1:1; 6:8). Сол кезде ол пайғамбар болу міндетін алады. Ишаяның пайғамбарлық істері Киелі кітаптың оның есімімен аталатын кітабында жазылған.
Пайғамбардың өзі жазған Ишая кітабы шамамен 46 жылды, яғни б. з. б. 778 жылдан бастап б. з. б. 732 жылынан кейінгі біраз уақытты, қамтиды. Кітапта Яһудаға, Исраил мен айналасындағы халықтарға қарсы айтылған сөздер жазылғанмен, оның негізгі тақырыбы — үкім емес, ‘Жаратушы Иенің құтқаруы’ (Ишая 25:9). Ишая деген есім, негізінде, “Ехоба — Құтқарушы” дегенді білдіреді. Бұл мақалада Ишая 1:1—35:10 дейінгі тармақтар талқыланады.
“АМАН ҚАЛҒАНДАРЫ ҚАЙТА ОРАЛАДЫ”
Ишая кітабының алғашқы бес тарауындағы пайғамбарлық хабарды Ишая пайғамбар болып тағайындалғанға дейін айтқан ба, әлде одан кейін бе, бұл жөнінде Киелі кітапта ештеңе айтылмаған (Ишая 6:6—9). Бірақ нақты білетініміз — Яһуда мен Иерусалим “табанынан тас төбесіне дейін” рухани ауру еді (Ишая 1:6). Жалған тәңірге табыну кең етек алған. Басшылар бұзылып, әйелдер менмен болып кеткен. Халық шынайы Құдайға лайықты түрде қызмет етпеді. Ишаяға не ештеңе түсінбейтін, не ештеңе білгісі келмейтін адамдарға барып, хабарды “қайта-қайта” (ЖД) айту тапсырылды.
Исраил мен Сирияның біріккен күштері Яһудаға қауіп төндіреді. Ехоба Ишая мен оның балаларын “болашақта не істейтінін білдіретін хабары мен белгісі етіп” қолданып, Яһудаға Исраил мен Сирияның құрған одағы сәтті болмайтынына кепілдік береді (Ишая 8:18). Дегенмен таусылмас тыныштық ‘Тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әміршінің’ билігі кезінде ғана орнайды (Ишая 9:6, 7). Ехоба ‘ызғарлы қаһарына ұшырағандарды жазалау үшін таяқ сияқты пайдаланатын’ Ассурды да жауапқа тартатын болады. Яһуда ақырында тұтқынға алынады, бірақ “аман қалғандары қайта оралады” (Ишая 10:5, 21, 22). Нағыз әділдік Есей ұлы Дәуіттің түбірінен өсіп шыққан бейнелі өскіннің тұсында орнайды (Ишая 11:1).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:8, 9. Қалай ‘Сион тауындағы Иерусалим қаласы жүзімдік ішіндегі шатырдай, қауын бақшасындағы күркедей жападан жалғыз тұрған қалаға ұқсайды’? Бұл Ассур шапқыншылығы кезінде Иерусалимнің жүзімдіктегі қарапайым шатыр сияқты немесе қауын бақшасындағы оңай қирап қалатын күрке сияқты тым қорғансыз болып қалатынын білдіреді. Бірақ Ехоба оған көмекке келіп, Содом мен Ғомораның кебін киюіне жол бермейді.
1:18. “Келіңдер, мәселелеріңді талқылап, шындығына жетейік!” деген сөздер нені білдіреді? Бұл мәселені қарастырып, сосын, бір-бірінің айтқанына көне отырып, екі жақты келісімге келуге шақыруды білдірмейді. Керісінше, бұл тармақ әділ Төреші Ехобаның Исраилге өзгеруге және тазаруға мүмкіндік беретін әділ сот мәжілісін құруына нұсқайды.
6:8а. Мұнда неге “мен” және ‘біз’ деген есімдіктер қолданылған? “Мен” есімдігі Ехоба Құдайға нұсқайды. “Біз” деген есімдіктің көпше түрі Ехобамен бірге тағы бір тұлғаның бар екенін көрсетеді. Бұл, әрине, оның ‘жалғыз рухани Ұлы’ (Жохан 1:14; 3:16).
7:3, 4. Неге Ехоба зұлым патша Ахазды қорғады? Сирия мен Исраил патшалары Ахаз патшаны тақтан түсіріп, орнына қолшоқпарлары болатын Табиелдің ұлын отырғызуды жоспарлады. Ал ол Дәуіттің ұрпағы емес-тін. Шайтан Ібілістің бұл жоспары Дәуітпен жасалған Патшалық келісімді бұзар еді. Ехоба өзінің уәдесі бойынша, “тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” келетін әулетті сақтап қалу үшін Ахаз патшаны қорғады (Ишая 9:6).
7:8. Қалай Ефрем алпыс бес жылдың ішінде ‘талқандалды’? Он рулы патшалықтан халықтың жер аударылуы мен ол елге жат жерліктердің қоныстануы ‘Ремалин ұлы Факей Самарияда Исраилге патшалық құрғанда’, Ишая осы пайғамбарлықты айтқаннан соң көп ұзамай, басталды (Патшалықтар 4-жазба 15:29). Содан ол Сеннахиримнің ұлы әрі мұрагері Ассур патшасы Асарданның күніне дейін жалғасты (Патшалықтар 4-жазба 17:6; Езра 4:1, 2; Ишая 37:37, 38). Ассириялықтардың халықты Самарияға және Самариядан басқа жерге қоныс аударуы Ишая 7:8-де айтылғандай 65 жылға созылды.
11:1, 10. Қалай Иса Мәсіх ‘Есей ұлы Дәуіттің түбірінен өсіп шыққан жас өскін’, сөйте тұра, “Есейдің тамыры” бола алады? (Римдіктерге 15:12, ЖД) Иса тәндік жағынан Есей ұлы Дәуіттің ұрпағы болды (Матай 1:1—6; Лұқа 3:23—32). Алайда патша билігін қолға алғаны Исаның өз ата-бабаларына қатысты жағдайға әсер етеді. Тілалғыш адамзатқа мәңгілік өмір сыйлау билігі берілгендіктен, Иса олардың ‘Мәңгілік Әкесі’ болады (Ишая 9:6). Олай болса, ол ата-бабаларының да, соның ішінде Есейдің де, “тамыры” болып табылады.
Біз үшін сабақ:
1:3. Жаратушының талаптарына сай өмір сүруден бас тарту өгіз бен есек құрлы болмау дегенді білдіреді. Ал Ехобаның біз үшін жасағандарының бәріне ризашылық білдіргеніміз түсінбей әрекет етуден және Құдайды тастап кетуден сақтайды.
1:11—13. Екіжүзділікпен жасалатын діни рәсімдер мен сырт көзге түсу үшін айтылатын дұғалар Ехобаға ауыртпалық болып табылады. Қандай да бір іс істегенде және дұға еткенде, ниетіміз дұрыс болу керек.
1:25—27; 2:2; 4:2, 3. Яһуданың құлдығы мен ойрандалуы күнәсына өкінген тамтықтың Иерусалимге оралып, шынайы ғибадатты қайта қалпына келтірген кезде аяқталды. Ехоба күнәсына өкінгендерге мейірімін түсіреді.
2:2—4. Патшалықты уағыздау мен шәкірттер дайындау ісіне құлшына атсалысқанымыз көп ұлттың адамдарына бейбіт өмір сүруді үйренуге және өзара тату-тәтті тұруға көмектеседі.
4:4. Ехоба құлықтылықтың ластануы мен қан төгу дегенді жояды, немесе жуып тастайды.
5:11—13. Көңіл көтергенде, шектен шығу мен ұстамсыздық таныту — білімге сай әрекет етуден бас тарту деген сөз (Римдіктерге 13:13).
5:21—23. Мәсіхші ақсақалдар, немесе бақылаушылар, ‘өздерін дана деп есептеуден’ аулақ болулары керек. Олар сондай-ақ шарапты шамадан тыс ішпеулері және алалаушылық танытудан аулақ болулары керек.
11:3а. Исаның үлгісі мен ілімдері Ехобаны терең қастерлеу қуанышқа бөлейтінін көрсетеді.
“ЖАРАТУШЫ ИЕ ЖАҚЫПҚА КЕШІРІМ ЖАСАЙДЫ”
13—23 дейінгі тараулар халықтарға қарсы айтылған сөздер. Алайда Ехоба Исраилдің барлық руына отандарына оралуға мүмкіндік беруімен “Жақыпқа кешірім жасайды” (Ишая 14:1). 24—27 дейінгі тарауларда Яһуданың күйреуі туралы хабармен қоса, оның қайта қалпына келетіні жайлы уәде айтылады. Ехоба ‘маскүнемдікке салынған Ефремдіктерге [Исраилге]’ Сириямен одақ құрғаны үшін және Яһуданың ‘дін қызметшісі мен әулиесіне [пайғамбарына]’ Ассурмен одақтасуға талпынғаны үшін ашу-ызасын білдіреді (Ишая 28:1, 3, 7). “Ариилға [Иерусалимге]” қорғаныш іздеп ‘Мысырға сапар шеккені’ үшін қасіретке қалатыны айтылады (Ишая 29:1, ЖД, сілтеме; 30:1, 2). Десе де Ехобаға сенгендерінің құтқарылатыны жайлы пайғамбарлық бар.
‘Өз олжасының үстінде ырылдап тұрған арыстанның күшігі [“жас арыстан”, ЖД] сияқты’, Ехоба да ‘Сион тауын’ қорғайтын болады (Ишая 31:4). Онда сондай-ақ “Мінеки, Патша әділдікпен патшалық құрады” деген уәде де бар (Ишая 32:1). Ассириялықтар Яһуданың тіпті ‘бітім сұрай келген елшілерін’ жылатып-сықтатқанымен, Ехоба халқының ‘күнәларын кешіріп’ сауықтыратынын уәде етеді (Ишая 33:7, 22—24). “Жаратушы Иенің қаһары барлық халықтарға және Оның ашу-ызасы бүкіл әскерге бағытталған” (Ишая 34:2). Яһуда қаңырап бос қалмайды. “Шөлді аймақ пен шөліркеген даланы қуанышты көңіл-күй кернейді, сөйтіп елсіз жатқан мекен дала нарцисс гүлі сияқты құлпырып шыға келеді” (Ишая 35:1).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
13:17. Қалайша мидиялықтар күмісті еш бағаламаған және алтынға қызықпаған? Мидиялықтар мен парсылар жеңіспен келетін атақ-даңқты соғыстағы олжадан әлдеқайда жоғары бағалаған. Бұны Кир патшаның жағдайынан көруге болады. Ол елдеріне қайтқан тұтқындарға Набуходоносор Ехобаның ғибадатханасынан алып кеткен алтын мен күміс ыдыстарды қайтарып берген.
14:1, 2. Қалай Ехобаның халқы ‘өзін тұтқынға алғандарды енді өзі тұтқындады’ және ‘өздерін қанағандарды биледі’? Бұл сөздер мидиялықтар мен парсылардың қолындағы Бабылда жоғары орында қызмет еткен Даниял, Парсы ханшайымы болған Естер, Парсы мемлекетінің бас уәзірі болып тағайындалған Мардохай сияқты адамдарға қатысты орындалған.
20:2—5. Ишая шынымен үш жыл бойы жалаңаш жүрді ме? Ишая тек сырт киімін ғана шешіп тастап, ішкі киімімен жүрген болса керек (Патшалықтар 1-жазба 19:24).
21:1. “Теңіз жағалауындағы шөлді аймақ” деп қай өңір айтылып тұр? Бабыл тура мағынадағы теңізге жақын болмағанымен, бұл сөздер сол жерге нұсқайды. Өйткені бұл өңірде жыл сайын Евфрат пен Тигр өзендері тасып, оны батпақты ‘теңізге’ айналдыратын.
24:13—16. Қалай яһудилер “халықтар арасында сығып май шығарған [“зәйтүн ағашын сілкілеген”, ЖД] кезде, жүзімді жинаған шақта, өнім жинау аяқталған кездегідей” болар еді? Өнім жинау аяқталғаннан кейін ағашта немесе жүзім бұтасында аз жеміс қалатыны сияқты, Иерусалим мен Яһуда қирағанда, азғана адам аман қалады. Олар қай жерге қоныс аударылса да, мейлі ‘шығысқа [Бабылға]’ немесе ‘[Жерорта] теңіз аралдарына’ болсын, Ехобаны дәріптейтін болады.
24:21. “Көк жүзі әскерлері” мен ‘жер патшалары’ деген кімдер? Мұндағы “көк жүзі әскерлері” деген зұлым рухтарға нұсқауы әбден мүмкін. Онда ‘жер патшалары’ деп отырғанымыз жын-перілер күшті ықпал етіп отырған жердегі билеушілерді білдіреді (Жоханның 1-хаты 5:19).
25:7. ‘Бүкіл халықтарды жауып тұрған жамылғы, барлық тайпалардың [үстінде] жатқан жамылғы’ деген не? Бұл адамзаттың екі үлкен жауы — күнә мен өлімді бейнелейді.
Біз үшін сабақ:
13:20—22; 14:22, 23; 21:1—9. Бабылға қатысты орындалғандай, Ехобаның пайғамбарлық сөзі әрқашан орындалады.
17:7, 8. Исраилдіктердің басым көпшілігі Ехобаға құлақ аспағанымен, ішіндегі кейбіреулері оны іздеді. Сол сияқты мәсіхшілер әлеміндегі кейбір адамдар да Патшалықтың хабарын қабыл алуда.
28:1—6. Исраил Ассурдың қолына түсетін болады, бірақ Құдай адал адамдардың аман қалуына қам жасайды. Ехобаның үкімдері әділ жандарды үмітсіз қалдырмайды.
28:23—29. Ехоба ақ жүректі адамдарды жеке қажеттіліктері мен жағдайларына қарай түзетеді.
30:15. Ехоба құтқарсын десек, ‘тыныш жатып’, яғни құтқарылуды адамдардың жоспарынан іздемей, сенім көрсетуіміз қажет. Сондай-ақ ‘бей-жай қалуымызбен’, немесе үрейленбеуімізбен де Ехобаның бізді қорғай алатын қабілетіне сенім артатынымызды көрсетеміз.
30:20, 21. Рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі Киелі кітап және “адал да ақылды құл” арқылы айтып отырғандарына құлақ асатын болсақ, Ехобаны ‘көреміз’, әрі оның құтқарушы даусын ‘естиміз’ (Матай 24:45, ЖД).
Ишаяның пайғамбарлығы Құдай Сөзіне деген сенімділігімізді күшейте түседі
Ишая кітабындағы Құдайдың хабарына қаншалықты ризамыз десеңші! Орындалып қойған пайғамбарлықтар ‘Құдайдың аузынан шыққан сөзі оған нәтижесіз оралмайтынына’ деген сенімділігімізді күшейте түседі (Ишая 55:11).
Ал Ишая 9:7 және 11:1—5, 10 тармақтардағы Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтар туралы не деуге болады? Олар Ехобаның құтқарылуымыз үшін қарастырған шарасына деген сенімімізді нығайтады емес пе? Сонымен қатар бұл кітапта біздің уақытымызда кең көлемде орындалып жатқан немесе болашақта орындалатын пайғамбарлықтар да бар (Ишая 2:2—4; 11:6—9; 25:6—8; 32:1, 2). Шынында да, Ишая кітабы “Құдай сөзі тірі” екенін дәлелдей түседі (Еврейлерге 4:12).
[30-беттегі сурет]
Ишая мен балалары Құдайдың ‘Исраил елінде болашақта не істейтінін білдіретін хабары мен белгісі’ болды
[31-беттегі сурет]
Иерусалим “жүзімдік ішіндегі шатырдай” болмақ еді
[32-беттегі сурет]
Әр түрлі халық адамдарына ‘қылышын соқаға айналдыруға’ қалай көмек көрсетілуде?