Өзімізді кіші тұтуды үйренейік
“Араларыңда кім өзін кіші тұтса, сол — ұлыларың” (ЛҰҚА 9:48).
1, 2. Иса елшілеріне қандай өсиет берді және неге?
БҰЛ б. з. 32 жылы еді. Иса Ғалилея өлкесінде болды. Оның елшілері араларында қайсысы ұлы екендігі туралы дауласып жатты. Шәкірт Лұқа бұл оқиға жайлы былай деп баяндайды: “Шәкірттердің арасында қайсысы ең ұлы екеніне қатысты дау туды. Жүректеріндегі ойларын білген Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, қасына тұрғызды да, былай деді: “Кімде-кім менің атымнан осы кішкентай баланы қабылдаса, мені де қабылдағаны, ал мені қабылдаса, мені жібергенді де қабылдағаны. Өйткені араларыңда кім өзін кіші тұтса, сол — ұлыларың” (Лұқа 9:46—48). Иса елшілеріне шыдамдылық таныта отырып, кішіпейіл болулары керектігін түсіндірді.
2 Адамның өзін кіші тұтуы керектігіне қатысты өсиет бірінші ғасырдағы яһудилердің құндылықтарына сай келді ме? Әлде олардың жалпы мінез-құлқына кереғар болды ма? Сол кездегі қоғамның көзқарасы туралы Киелі кітаптың бір сөздігінде былай делінген: “Кез келген ортада кімнің жолы үлкен деген сұрақ үнемі туындайтын және әрбір адам өзіне тиесілі құрмет туралы көп ойлайтын” (“Theological Dictionary of the New Testament”). Иса елшілерін басқа адамдар сияқты болмауға талпындырды.
3. а) Өзіңді кіші тұту деген нені білдіреді және неге бұлай ету қиынға соғуы мүмкін? ә) Өзімізді кіші тұтуға қатысты бізде қандай сұрақтар туады?
3 “Кіші” деп аударылған грек сөзі қарапайым, кішіпейіл, момын, маңызсыз немесе қадірі мен ықпалы аз дегенді білдіреді. Иса кішкентай баланың мысалы арқылы шәкірттеріне кішіпейіл де қарапайым болу керектігін анық көрсетті. Бұл өсиет бүгіндегі шынайы мәсіхшілерге де қатысты. Алайда кей жағдайларда өзімізді кіші тұту қиынға соғуы мүмкін. Адамдар өзімшілдікке бейім келгендіктен, жиі өздеріне атақ-даңқ іздейді. Дүниенің бақталастық рухы бізді де өзімшіл болуға, өзгелермен таласып-тартысуға не біреуді өз ырқымызға көндіруге итермелеуі мүмкін. Ендеше өзімізді кіші тұтуға не көмектеседі? Өзін кіші тұтатын адам қай мағынада “ұлы” болады? Өмірдің қандай салаларында кішіпейілділік танытуға күш салуымыз керек?
“О, НЕТКЕН ЗОР ҚҰДАЙДЫҢ БАТАЛАРЫ! НЕТКЕН МОЛ ДАНАЛЫҒЫ МЕН БІЛІМІ!”
4, 5. Кішіпейіл болуға бізді не талпындырады? Мысал келтір.
4 Кішіпейілділік дамытудың бір жолы — Ехобаның бізден қаншалықты ұлы екені жайлы ойлау. Шынында да, оның даналығы “шексіз зор” (Ишая 40:28). Ехобаның ұлылығының кейбір тұстарына назар аударып, елші Пауыл былай деген: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Үкімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!” (Рим. 11:33). Бұл сөздер шамамен 2000 жыл бұрын жазылып кетті әрі содан бері адамдардың білімі молая түсті. Дегенмен бұл сөздер әлі де шындық болып қалуда. Біліміміз қаншалықты көп болмасын, Ехоба жайлы, оның істері мен жолдары туралы шексіз біле беретінімізді түсінгеніміз өзімізді кіші тұтуға талпындыратыны сөзсіз.
5 Құдай жолдарының түбіне жете алмайтынын түсінгені Леоғаa өзін кіші тұтуға көмектесті. Ол жас кезінде ғылымға қызығатын. Ғаламымыз туралы мүмкіндігінше көп білгісі келгендіктен, ол астрофизиканы зерттеп, бір маңызды тұжырымға келді. Лео былай дейді: “Жүргізген зерттеулеріме қарап, тек қазіргі ғылыми теориялардың көмегімен адамдар ғаламды толық біле алмайтынын түсіндім. Сондықтан мен заңды оқуға кірістім”. Уақыт өте ол облыстық прокурор, кейіннен сот төрешісі болды. Ал кейін әйелі екеуі Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, өздерін Құдайға бағыштады. Шыққан ортасы мен біліміне қарамастан Леоға өзін кіші тұтуға не көмектесті екен? Бұл сұраққа ол кідірместен былай деп жауап береді: “Ехоба мен ғалам жайлы қаншалықты көп білмейік, біз білмейтін нәрселер әлі де жетіп-артылатынын түсінгенім көмектесті”.
6, 7. а) Ехоба қалайша кішіпейілділік танытады? ә) Құдайдың кішіпейілділігі адамды қалай “жоғарылатады”?
6 Өзімізді кіші тұтуға көмектесетін тағы бір жайт — Ехобаның кішіпейілділік танытуы. “Біз Құдаймен қызметтеспіз” (Қор. 1-х. 3:9). Ойлап көрші, теңдесі жоқ күштің Иесі Ехоба Құдай бізге өз Сөзі Киелі кітапты қолданып, қызметімізді атқаруға мүмкіндік беруімен зор құрмет көрсетті. Әрине, біз еккен және суарған тұқымды Ехоба өсіреді. Дегенмен ол бізге өзімен қызметтес болу мәртебесін сыйлады (Қор. 1-х. 3:6, 7). Бұл Ехобаның кішіпейілділігінің айқын көрінісі емес пе?! Ехобаның үлгісі өзімізді кіші тұтуға талпындыру керектігі сөзсіз.
7 Құдайдың кішіпейілділігі забур жыршысы Дәуітке қатты әсер еткен. Ол Ехобаға: “Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Жоғарылатады мені шапағатың [“кішіпейілділігің” ЖД]”,— деген (Пат. 2-ж. 22:36). Дәуіт Исраилдегі ұлы істерін Ехобаның кішіпейілділігінің арқасында ғана жасай алғанын мойындаған. Құдай, былайша айтқанда, иіліп Дәуітке көз салды (Заб. 112:5—7). Ал біз туралы не деуге болады? Біздің де қасиеттеріміз, қабілеттеріміз және мәртебелі міндеттеріміз Құдайдан емес пе? (Қор. 1-х. 4:7). Иә, өзін кіші тұтқан адам “ұлы” болады, яғни Ехобаның көзінде бағалы бола түседі (Лұқа 9:48). Бұл қалай болатынын қарастырайық.
“АРАЛАРЫҢДА КІМ ӨЗІН КІШІ ТҰТСА, СОЛ — ҰЛЫЛАРЫҢ”
8. Кішіпейілділік қасиеті Ехобаның ұйымына деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?
8 Құдай ұйымында қанағатшыл болу үшін, әрі қауым істерін қолдау үшін бізге кішіпейілділік қажет. Ехоба куәгерлерінің отбасында туып-өскен Петра есімді жас әйелдің мысалын қарастырайық. Өз қалауынша өмір сүргісі келгендіктен Петра қауымнан алшақтайды. Ал бірнеше жылдан соң ол қайтадан қауыммен араласа бастайды. Қазір ол Ехобаның ұйымында болғанына қуанышты әрі қауым істерін қолдауға әрдайым әзір. Оған не әсер етті? Ол былай деп жазды: “Ехобаның ұйымына сіңісіп кету үшін маған екі маңызды қасиетті түсініп, дамыту қажет болды. Олар кішіпейілділік пен момындық”.
9. Кішіпейіл адамның рухани ас-суға деген көзқарасы қандай және неліктен бұл оны Ехобаның көзінде бағалы етеді?
9 Кішіпейіл адам рухани ас-суды қоса алғанда, Ехобаның барлық шараларын бағалайды. Сондықтан ол Киелі кітаптың тыңғылықты зерттеушісі болып табылады әрі “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын бірін қалдырмай оқиды. Ехобаның көптеген басқа қызметшілері сияқты ол да жаңа әдебиетті кітап сөресіне қоймас бұрын оқып шығуды әдетке айналдырған. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерімізді оқып, зерттеуді бағалайтын болсақ, рухани өсеміз әрі Ехоба бізді көбірек қолдана алатын болады (Евр. 5:13, 14).
10. Қауымда өзімізді қалай кіші тұта аламыз?
10 Өзін кіші тұтатын адам тағы бір мағынада “ұлы” болады. Әр қауымда Құдай рухының басшылығымен ақсақалдар ретінде тағайындалған лайықты ер адамдар бар. Олар қауым кездесулері, уағыздау қызметі және бақташылық ісі сияқты рухани істерде басшылықты қолға алады. Осындай шараларды қолдап өзімізді кіші тұту арқылы қауымның қуанышы, тыныштығы және бірлігіне үлес қосамыз (Еврейлерге 13:7, 17 оқы). Ақсақал не қызмет көмекшісі болсаң, Ехоба өзіңе осындай мәртебелі қызмет тапсырғанына ризасың ба?
11, 12. Қандай көзқарас танытқанымыз бізді Ехобаның ұйымында бағалы ете түседі және неге?
11 Өзін кіші тұтатын адамның “ұлы”, яғни Ехобаның ұйымында бағалы болуының себебі — кішіпейілділігінің арқасында ол жақсы әрі көп пайда тигізетін Құдайдың қызметшісі бола алады. Шәкірттерінің кейбірі дүниедегі басым рухқа бой алдырғандықтан, Иса оларға өздерін кіші тұтуға кеңес берген. Лұқа 9:46-да былай делінген: “Шәкірттердің арасында қайсысы ең ұлы екеніне қатысты дау туды”. Біз де қандай да бір шамада өзімізді бауырластарымыздан артық не басқа адамдардан жоғары санап кете бастауымыз мүмкін. Бүгінде айналамыздағылардың көбісі өркөкірек әрі өзімшіл. Олай болса, кішіпейілділік таныту арқылы өркөкіректіктен аулақ болайық. Осылай етер болсақ әрі Ехобаның еркін бірінші орынға қойсақ, қасымыздағы бауырластарды сергітетін боламыз.
12 Исаның өзімізді кіші тұтуға қатысты өсиетін түсінгеніміз бізді өмірдің барлық саласында кішік болуға талпындырады. Қазір өміріміздің үш саласына назар аударайық.
ӨЗІҢДІ КІШІ ТҰТУҒА ТЫРЫС
13, 14. Күйеуі не әйелі өзін қалай кіші тұта алады және бұл некелеріне қалай әсер етеді?
13 Некеде. Көп адам өздерінің құқықтарын қорғау үшін, өзгенің құқығын аяқ асты етуден де тартынбайды. Ал кішіпейіл адам болса елші Пауыл айтып кеткен мінез-құлықты танытады. Римдіктерге арналған хатында ол былай деген: “Өзара тату болуға және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәріне ұмтылайық” (Рим. 14:19). Өзін кіші тұтатын адам барлығымен, әсіресе сүйікті жарымен тату болуға тырысады.
14 Көңіл көтеру мәселесін қарастырайық. Ерлі-зайыптының демалуға қатысты талғамдары әртүрлі болуы мүмкін. Бәлкім, күйеуі үйде отырып, кітап оқығанды ұнататын болар. Ал әйелі болса кафеге барғысы не достарымен араласқысы келетін шығар. Күйеуі кішіпейілділік танытып, өзіне ғана емес, әйеліне не ұнайтынын, ал не ұнамайтынын ескерсе, әйеліне оны құрметтеу оңайырақ болмас па еді?! Ал әйелі тек өзінің ғана емес, күйеуінің де қалауларын ойлайтын болса, ол күйеуінің көзінде бағалы да сүйікті болады емес пе?! Екі жақ та өзін кіші тұтуға тырысса, некелері нығая түседі (Філіпіліктерге 2:1—4 оқы).
15, 16. Дәуіт Забурдың 130-жырында қандай мінез-құлық танытуға шақырады және бұл біздің қауымда танытатын көзқарасымызға қалай әсер ету керек?
15 Қауымда. Дүниедегі адамдардың көбісі өз қалауларын бірден қанағаттандырғысы келеді. Олар шыдамсыз әрі күтуді білмейді. Ал біз өзімізді кіші тұтуды үйренеміз. Бұл бізге Ехобаны күтуге көмектеседі (Забур 130:1—3 оқы). Кішіпейілділік танытып, Ехобаны күтетін адам қауіпсіз болады әрі мол батаға кенеледі. Сондай-ақ ол жұбаныш алып, бақытты болады. Олай болса, Дәуіттің исраилдіктерді не себепті шыдамдылықпен “Ехобаны күтуге” (ЖД) шақырғаны түсінікті.
16 Ехобаны кішіпейілділікпен күтетін болсақ, біз де осындай жұбанышқа ие бола аламыз (Заб. 41:6). Бәлкім, сен “игілікті істі қалап”, “бақылаушы міндетіне ұмтылып” жүрген шығарсың (Тім. 1-х. 3:1—7). Олай болса, сен киелі рухтың бойыңда бақылаушыға қажетті қасиеттер дамытуы үшін, қолыңнан келгеннің бәрін істеуің керек. Ал егер тағайындалуды басқаларға қарағанда көбірек күту керек болса ше? Өзін кіші тұтып, мәртебелі қызметті шыдамдылықпен күтетін адам Ехобаға қуанышпен қызмет етуін жалғастырады әрі кез келген міндетті қуана атқарады.
17, 18. а) Кешірім сұрағанымыздың бен өзгелерді кешіруге дайын болғанымыздың қандай пайдасы бар? ә) Нақыл сөздер 6:1—5 тармақтарда қандай кеңес беріледі?
17 Өзгелермен қарым-қатынасымызда. Адамдардың көбісі үшін кешірім сұрау қиын. Алайда Құдайдың қызметшілері өз қателіктерін мойындап, кешірім сұрауымен өздерін кіші тұтады. Олар өзгелердің қателіктерін кешіруге дайын. Көкіректік адамдарды өзара ажырататын болса, кешірімшіл болғанымыз қауымның ынтымақта болуына септігін тигізеді.
18 Келелі себептермен берген уәдемізді орындай алмай қалғанда, өзімізді кіші тұтып, кешірім сұрауымыз керек. Әрине, бұл біздің ғана кінәміз болмауы мүмкін, алайда кішіпейіл мәсіхші алдымен өз қателіктеріне назар аударады әрі оларды мойындауға дайын (Нақыл сөздер 6:1—5 оқы).
19. Жазбалардағы өзімізді кіші тұтуға қатысты кеңес үшін риза болуымызға қандай себептер бар?
19 Өзімізді кіші тұтуға қатысты Жазбалардағы кеңеске қаншалықты ризамыз десеңдерші! Бұлай ету кейде қиынға соғатын болса да, Жаратушымыздың қасында қандай екенімізді мойындағанымыз және оның кішіпейілділік танытатынын бағалағанымыз бізге осы қасиетті дамытуға көмектеседі. Осылайша біз Ехобаның көзінде өте бағалы боламыз. Ендеше барлығымыз да өзімізді кіші тұта берелік.
a Есімдер өзгертілген.