Жаратушы сіздің өміріңізді мағыналы ете алады
«Тәңірдің есімін мадақтасын, өйткені Ол бұйырды да, олар жаратылды» (ЗАБУР 148:5).
1, 2. а) Біз қандай сұрақты талқылауымыз керек? ә) Ишая қойған сұрақтың жаратылысқа қандай қатысы бар?
«СЕН білмеуші ме едің?» Көпшілігі бұл сұрақ: «Нені білмеуші едім?» деген қарсы сұрақты есту үшін ғана қойылған деп ойлайды. Алайда, бұл анағұрлым күрделі сұрақ. Егер осы қойылған сұрақтың контексіне, атап айтқанда Киелі кітаптағы Ишая кітапшасының 40-тарауына көңіл аударсақ, оның жауабын жақсырақ түсінетін боламыз. Негізінде сұрақтың өзі жаңа емес, өйткені оны ежелгі уақытта өмір сүрген Ишая деген еврей қойған ғой. Дегенмен, бұл сұрақ біздің өміріміздің мән-мағынасына тікелей қатысты болғандықтан, бүгінгі күні де өте маңызды.
2 Бұл сұрақтың маңыздылығы соншалық, бар ынтамызбен көңіл қоюды талап етеді. Ол Ишая 40:28-де (ЖД) жазылған: «Сен білмеуші ме едің, әлде естімеген бе едің? Ехоба, жердің шетіне дейін Жаратушы — мәңгі Құдай». Сонымен, аталмыш сұрақ Жердің Жаратушысын біз «білеміз» бе, жоқ па соған байланысты болып отыр, әрі контексінен көрініп тұрғандай, әңгіме Жерге ғана байланысты емес. Осы айтылған сөздерден екі тармақ жоғары Ишая жұлдыздар жөнінде былай деп жазған: «Көздеріңді көкке көтеріңдер де, қараңдар, оларды кім жаратты? Кім аспан денелерін санап шығарады?.. Құдіретінің көптігінен, күш-қуатының молдығынан олардың ешбірі қатардан шықпайды».
3. Жаратушы жөнінде хабардар болсақ та, неге одан да көбірек біле беруге ұмтылуымыз керек?
3 Иә, «Сен білмеуші ме едің?» деген сұрақ ғаламның Жаратушысына байланысты қойылған еді. «Жердің шетіне дейін» Ехоба Құдайдың жаратқанына біз толық сенімдіміз дерлік. Бәлкім, оның өзі жөнінде де, оның жолдары жөнінде де жақсы хабардар да шығармыз. Ал егер бізге Жаратушының бар екеніне күмәнданатын, әрі оның кім екенін білмейтін адам кезіксе ше? Бұндай адамдармен кездесе қалсақ біз таң қалмауымыз керек, өйткені миллиондаған адамдар Жаратушының бар екендігін білмейді де, оған сенбейді де ғой (Забур 13:1; 52:2).
4. а) Неге қазіргі уақытта Жаратушы туралы сұрақ маңызды орын алады? ә) Ғылым қандай сұраққа жауап беруге дәрменсіз?
4 Мектептерде, Әлем мен тіршіліктің пайда болуы туралы сұрақтарға ғылым жауап беруде немесе жауап береді деп пайымдайтын скептиктерді тәрбиелейді. «Тіршіліктің пайда болуы» (французша «Aux Origines de la Vie» деп аталады) деген кітаптың авторлары Ажен және Ленэ былай дейді: «XXI ғасырдың қарсаңында әлі күнге дейін тіршіліктің пайда болуы туралы дауласуда. Бұл аса күрделі мәселе, ұшы-қиырсыз Ғаламнан бастап, шексіз кішкентай бөлшектерге дейін, жан-жақты зерттеуді талап етеді». Алайда аталмыш кітаптың «Сұрақ ашық қалып отыр» деген соңғы тарауында авторлар былай деп мойындайды: «Біз, Жер бетінде тіршілік қалай пайда болды деген сұраққа берілген бірнеше ғылыми жауаптарды қарастырып көрдік. Бірақ тіршілік не үшін пайда болды? Оның мақсаты бар ма? Бұл сұрақтарға ғылым жауап беруге дәрменсіз. Ғылымды тіршіліктің „қалай“ пайда болғандығы ғана қызықтырады. Ал „қалай“ және „не үшін“ деген, мүлдем екі түрлі сұрақ... „Не үшін“ деген сұраққа байланысты айтар болсақ, оған жауапты пәлсапа мен дін беру керек, ал ең бастысы — әркім жеке өзі үшін жауап табуы керек».
Жауап пен мағынаны іздеу жолында
5. Әсіресе қандай адамдарға Жаратушы туралы көбірек білу пайдалы болар еді?
5 Иә, біз тіршіліктің мән-мағынасын, әсіресе, өзіміздің не үшін өмір сүріп жатқанымызды түсінгіміз келеді. Оның үстіне, бізді әлі Жаратушы бар деген шешімге келмеген, әрі оның жолдары жөнінде еш нәрсе білмейтін адамдар қызықтыруы керек. Я болмаса, бала кезінде Құдайдың Киелі кітаптағы сипаттамасына мүлдем ұқсамайтын білім алған адамдар жөнінде ойланып көріңізші. Шығыста немесе басқа жақтарда туып өскен миллиардтаған адамдар, Құдайды ғажап қасиеттері бар рухани тұлға ретінде қарастырмайды. Олар үшін «құдай» деген сөз тұлғасыз, я иесіз күшті немесе дерексіз себепті білдіреді. Олар Жаратушыдан да, оның жолдарынан да бейхабар. Егер олар немесе осындай көзқарастағы миллиондаған адамдар Жаратушының бар екендігіне көз жеткізер болса, бұның оларға қандай пайдасы тиетіндігі туралы ойланып көріңізші! Бұл адамдар мәңгі өмір сүруге деген үмітке ие болар еді! Сонымен қатар олар анағұрлым бағалы нәрсеге, яғни өмірдің шынайы мән-мағынасына ие болып, жандарына жай табар еді.
6. Қалай біздің замандастарымыздың көпшілігінің өмірі Поль Гогеннің басынан кешіргенін және оның суреттерінің бірін еске салады?
6 Мынадай мысал келтірейік: 1891 жылы француз суретшісі Поль Гоген шынайы өмірді табу мақсатымен, нағыз жұмақты жер — Француз Полинезиясына аттанады. Бірақ, бұған дейін азғындықта кешкен өмірі ізсіз қалмай, Гогенді ауруға ұшыратып, өзін де өзгелерді де қасіретке батырады. Өлер шағының жақындағанын сезген суретші, «өмірді шексіз құпия етіп бейнелеп», үлкен сурет салады. Гогеннің бұл суретті қалай атағанын білесіз бе? «Біз қайданбыз? Кімбіз? Қайда барамыз?» Бәлкім, сіз басқа адамдардың да осылай сұрағанын естіген боларсыз. Көпшілігінде осындай сұрақтар туады. Егер адамдар өздерінің сұрақтарына қанағаттанарлық жауап таба алмаса, я өмірдің нағыз мән-мағынасын таба алмаса, олар қайда барулары керек? Адамдар өз өмірлерінің жануарлардың өмірінен айырмасы аз деген тұжырымға келуі мүмкін (2 Петір 2:12)a.
7, 8. Неге жеке алып қарағанда ғылыми зерттеулер жеткіліксіз?
7 Бұдан бізге, физика профессоры Фриман Дайсон сияқты адамның: «Дәл Аюп іспетті „Неге біз қайғы-қасірет шегеміз? Неге дүниеде әділетсіздік көп? Қайғы мен қасіреттің мақсаты неде?“ деген сұрақтарды қойғанда, мен көптеген сыйлы адамдардың ойын жеткіземін»,— деп неліктен айтқаны түсінікті болады (Аюп 3:20, 21; 10:2, 18; 21:7). Жоғарыда аталып өткендей, көпшілігі сұрақтарына жауапты Құдайдан емес, ғылымнан іздейді. Биологтар, океанографтар мен ғылымның басқа салаларында істейтіндер де, Жер мен ондағы тіршілік туралы біздің білімімізді толықтыра түседі. Ал басқа салада зерттеулер жүргізіп жатқан астрономдар мен физиктер Күн жүйесі мен жұлдыздар жөніндегі, тіпті шалғайдағы галактикалар жөніндегі білімдерін тереңдеткен үстіне тереңдете түсуде. (Салыстырыңыз Жаратылыс 11:6.) Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып қандай пайымды тұжырым жасауға болады?
8 Кейбір ғалымдар Әлемнің құрылысынан аян болып отырған Құдайдың «парасаты» мен «қолтаңбасы» туралы әңгімелейді. Алайда, бұл жерде ең басты нәрсе қалып қойған жоқ па екен? «Сайенс» журналында былай делінген болатын: «Ғарышнама Құдайдың «парасатын» немесе «қолтаңбасын» аян етеді деуімен, зерттеушілер, айналып келгенде Әлемдегі маңыздылығы анағұрлым аз, яғни Әлемнің физикалық құрылысын ғана Құдайға тән күшке жатыстырады». Ал Нобелев сыйлығының жүлдегері, физика маманы Стивен Вайнберг болса былай деп жазды: «Әлемнің құрылысы анағұрлым түсінікті болған сайын, соғұрлым мағынасыз бола түсетін сияқты».
9. Қандай деректер бізге де, басқаларға да Жаратушы туралы білуге көмектеседі?
9 Алайда, мүмкін біз аталмыш сұрақты түбегейлі зерттеп, өмірдің нағыз мәні Жаратушы туралы алған білімімізге байланысты екеніне көз жеткізген миллиондаған адамдардың біріне жататын болармыз. Елші Пауылдың жазған сөздерін еске алайықшы: «Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері көрініп тұр; оларды Оның жаратқан нәрселеріне қарап анықтауға болады» (Римдіктерге 1:20). Иә, дүние жөнінде де, біз жөнінде де деректер бар, әрі осы деректер адамдардың Жаратушыға сенуіне және Оған байланысты өмірдің мағынасын табуына көмектеседі. Осындай деректердің үш тобын қарастырайық: Әлемге, тіршіліктің пайда болуына және біздің ақыл қабілетімізге байланысты деректер.
Сенім тудырар себептер
10. Неге «бастама» жөнінде ойланған жөн? (Жаратылыс 1:1; Забур 110:10).
10 Әлем қалай пайда болды? Бәлкім, телескоптың және ғарыш кеңістігін зерттеу жұмыстарының хабарламасынан көптеген ғалымдардың біздің ғаламымыз әрқашан бар болмағандығын, оның бір кездері бастама алып, әрі кеңейе түсуде екендігін мойындайтындығы сізге белгілі болар. Бұл нені білдіреді? Астроном Бернард Ловелл былай дейді: «Егер қандай да бір уақыт аралығында, көлемінің тым кішкентай әрі тым тығыз болуымен, Әлем сингулярлық жағдайға жақын болған болса, оған дейін... не болғанын сұрауға мәжбүрміз... Біз Болмыстың бастамасының проблемасымен бетпе-бет келіп отырмыз».
11. а) Әлем қаншалықты көлемді? ә) Әлемдегі дәлдік нені білдіреді?
11 Әлемнің де, Жердің де құрылысынан таңқаларлық дәлдік байқалады. Мысалы үшін, Күнге де, басқа жұлдыздарға да тән екі ерекшелік бар: ұзақ уақыт тиімді жұмыс істеу және тұрақтылық. Соңғы мәліметтер бойынша, Әлемнің көрінетін бөлігіндегі галактикалардың саны 50 миллиардтан (50 000 000 000) 125 миллиардқа дейін екендігі белгілі. Біздің Құс жолы галактикамызда миллиардтаған жұлдыздар бар. Ал енді бір мысалды талқылап көрелік: қозғалтқыш тиімді жұмыс істеу үшін, жанармай мен ауаның белгілі бір пропорциясы сақталуы керек екендігі мәлім. Сіздің машинаңыз бар делік, ол жақсы жүріп, әрі тиімді жұмыс істеу үшін оның қозғалтқышын ретке келтіру керек қой, бұндай жағдайда сіз тәжірибиелі автомеханикке баратын боларсыз. Егер қарапайым қозғалтқыштың өзі осындай дәлдікті талап етер болса, онда, мысалы үшін, Күннің тиімді түрде «жануы» туралы не айтуға болады? Жер бетінде тіршілік болу үшін, Күннің «жанып» тұруына септігін тигізетін басты күштердің аса дәлдікпен ретке келтірілгенінде сөз жоқ. Бұндай дәлдік кездейсоқ пайда болды ма? Ежелгі уақытта Аюпқа мынадай сұрақ қойылған болатын: «Аспан заңдарын білесің бе, жер бетінде оның үстемдігін орната аласың ба?» (Аюп 38:33). Бұны бірде-бір адам істей алмайды. Онда бұндай дәлдік қайдан пайда болды? (Забур 18:2).
12. Неге Әлемді аса үлкен құдіретке ие болып отырған Парасат жаратқан деген ой қисынды болып табылады?
12 Бұндай дәлдіктің қайнар бұлағы адам көзіне көрінбейтін әлдене, я болмаса әлдекім емес пе екен? Бұл сұрақты бүгінгі күнгі ғылымның көзқарасына сәйкес қарастырып көрейік. Бүгінгі күнгі астрономдардың көпшілігі өте көлемді аспан денелері — қара тесіктердің бар екендігімен келіседі. Оларды көзбен көру мүмкін емес, алайда мамандар олардың бар екендігіне сенімді. Сол іспетті, Киелі кітап басқа ортада көзге көрінбейтін құдіретті жаратылыстардың — рухани жаратылыстардың — бар екендігін хабарлайды. Егер көзге көрінбейтін, құдіретті жаратылыстар бар болса, онда бүкіл Әлемнен байқалатын дәлдікті аса үлкен құдіреттің иесі болып отырған Парасат жүйелеген деген ой туады емес пе? (Нехемия 9:6).
13, 14. а) Тіршіліктің пайда болуы туралы ғылым нені анықтады? ә) Жер бетінде тіршілік болуы неге нұсқайды?
13 Адамдардың Жаратушыға сенуіне көмектесетін дәлелдердің екіншісі — тіршіліктің пайда болуына қатысты. Луи Пастер өзінің зерттеулерін жүргізген уақыттан бастап, тіршіліктің өздігінен пайда болмайтындығы көпке мәлім пікірге айналды. Сонымен, онда тіршілік қалай пайда болды? 1950 жылдары ғалымдар, бастапқы атмосфераны электр зарядтары жанышқылаған сайын, әлдебір ежелгі мұхитта біртіндеп тіршілік пайда болған деген пікірді дәлелдеуге тырысқан. Бірақ кейінірек жасалған зерттеулерге сәйкес, тіршіліктің жер бетінде бұлай пайда болуы мүмкін емес еді, өйткені бұндай атмосфера ешқашан болған да емес. Сондықтан кейбір ғалымдар ақылға қонарлық түсіндірмелер іздеуде. Алайда олар басты нәрсені ұмыт қалдырып отырған жоқ па екен?
14 Әлемді және ондағы тіршілікті зерттеуге ондаған жылдар жұмсаған ағылшын ғалымы Фред Хойл былай деді: «Тіршілік табиғаттың соқыр күшінің әсерімен пайда болса керек деген болмашы жорамалмен келіскеннің орнына, бәлкім, тіршілік арнайы мақсатпен жасалған әрекеттің нәтижесінде пайда болған деп ұйғарған дұрыс болар». Иә, тіршіліктің пайда болуы туралы таңғажайып нәрселерді біле түскен сайын, тіршіліктің парасатты қайнар Көзі бар деген ой біз үшін қисынды бола түседі (Аюп 33:4; Забур 8:4, 5; 35:10; Елшілердің істері 17:28).
15. Неге біз өзімізді ерекше дарамыз деп айта аламыз?
15 Сонымен, деректер тізбегінің алғашқысы — Әлем туралы деректер, екіншісі — Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы туралы деректер. Ал үшіншісі — біздің яғни адамның ерекше дара болып жаратылғаны туралы деректер. Негізі адамдар жалпы алғанда да, жеке алғанда да, көп жағынан өзінше дара болып жаратылған. Қай жағынан дара деуге болады? Адамның миын мол қуатты компьютерге теңегенін естіген боларсыз. Бірақ соңғы кезде ашылған жаңалықтар бұндай баламаның мүлдем сәйкес келмейтіндігін көрсетіп отыр. Массачусет технологиялық институтының бір ғалымы былай деді: «Көру, сөйлеу, қимылдау және дұрыс шешім қабылдау қабілетін ескерсек, бүгінгі күнгі компьютерлерді тіпті төрт жасар баламен де салыстыруға болмайды... Саралап көрер болсақ, ең қуатты суперкомпьютердің мәлімет өңдеу мүмкіндігі ұлудың нерв жүйесіне тең келеді, бұл [біздің] бас сүйегіміздегі суперкомпьютердің қуаттылығымен салыстырғанда болмашы ғана нәрсе».
16. Біздің қандай да бір тілде сөйлей алатындығымыз неге нұсқайды?
16 Миымыздың арқасында ие болып отырған қабілеттеріміздің бірі — қандай да бір тілде сөйлеу қабілеті. Кейбір адамдар екі, үш немесе одан да көп тілде сөйлейді, бірақ бір тілде сөйлей білудің өзі бізді ерекше дара етеді (Ишая 36:11; Елшілердің істері 21:37—40). Р. С. Фоутс және Д. Х. Фоутс деген профессорлар мынандай сұрақ қойды: «Тек... адам ғана тіл арқылы сөйлесе ала ма?.. Жоғары дамыған тірі жәндіктердің барлығы бір-бірімен... қимыл, иіс, дауыс беру, айғай, ән салу арқылы, тіпті аралар сияқты би билеу арқылы да сөйлеседі. Сөйткенмен де, адамға қарағанда жануарларда жүйелі ережесі бар тіл болмаса керек. Оның үстіне жануарлар заттың кескінін бейнелейтін суреттерді сала алмайды, ал бұл өте маңызды нәрсе. Сурет салды дегеннің өзінде, олардың қабілеті тек иректер жасауға ғана жетеді». Шындығында да, тек адам баласы ғана қандай да бір тілде сөйлей алады, мағыналы суреттер сала алады, ал оны бұның барлығына қабілетті етіп отырған — миы. (Салыстырыңыз Ишая 8:1; 30:8; Лұқа 1:3.)
17. Адаммен салыстырғанда жануарлар айнаға қараған кезде нені түсінбейді?
17 Оның үстіне, біз тіршілік етіп жатқанымызды түсінеміз, яғни біздің сана-сезіміміз бар (Нақыл сөздер 14:10). Сіз құстың, мысықтың немесе иттің өз бейнесін айнадан көргенде, тұмсығымен шоқып, ырылдап немесе басқалай айбат шеккенін көргенсіз бе? Жануарлар өз бейнесін көріп тұрғанын түсінбей, басқа жануарды көріп тұрмын деп ойлайды. Ал айнаға біз қарайтын болсақ, өзімізді көріп тұрғанымызды түсінеміз (Жақып 1:23, 24). Біз сырт көрінісімізді түзете аламыз, я болмаса бірер жылдан кейін қандай боларымызды елестете аламыз. Жануарлар олай ете алмайды. Иә, миымыздың арқасында біз ерекше дарамыз. Бірақ, бұған кімнің еңбегі сіңген? Егер миды Құдай жаратпаса, ол қалай пайда болды?
18. Ақыл-есіміздің қандай ерекшелігінің арқасында біз жануарлардан қатты өзгешеленеміз?
18 Мидың арқасында біз өнер мен музыканы бағалап, жаман мен жақсыны айыра аламыз (Мысырдан көшу 15:20; Қазылар 11:34; 3 Патшалық 6:1, 29—35; Матай 11:16, 17). Неге бұндай қабілет жануарларда емес, бізде бар? Жануарларға ми өзіне тамақ табу, серік іздеу, ұя салу сияқты аяқ астында қанағаттандырылуға тиіс қажеттіліктері үшін керек. Тек адамдар ғана болашақ жөнінде ойлайды. Тіпті кейбіреулер өздерінің іс-әрекетінің қоршаған ортаға немесе көп жылдар өткеннен кейін пайда болатын ұрпақтарына қалай әсер ететінін де ойлайды. Неге? Өйткені Екклесиаст 3:11-де (ЖД) адамдар туралы былай делінген: «[Жаратушы] олардың жүректеріне тіпті мәңгілікті салған». Иә, біздің мәңгілік туралы ойлап, шексіз өмірді елестете алатын қабілетіміздің бар болуы, бұл аса ерекше нәрсе.
Жаратушы өміріңізді мағыналы етсін
19. Адамдарды Жаратушы туралы ойландыру үшін, үш бөлімнен тұратын қандай ой тізбегі бізге көмектесе алады?
19 Біз, тек ұлан-ғайыр Әлемнен байқалатын дәлдік, Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы және түрлі қасиеттері бар адам миының даусыз ерекше дара екендігі сияқты үш топты ғана қысқаша қарастырып өттік. Бұлар не жөнінде куәлік етеді? Басқалардың тиянақты тұжырымға келуіне көмектесу үшін қолдануыңызға болатын ой тізбегін келтірейік. Алдымен былай деп сұрауыңызға болады: Әлемнің бастамасы болған ба? Көпшілік болғандығымен келіседі. Онда былай деп сұраңыз: бұл бастаманың белгілі мақсаты болған ба, жоқ па? Адамдардың көпшілігі Әлемнің бастамасының белгілі мақсаты болғанын мойындайды. Осыдан кейін соңғы сұрақ қоюға болады: бұл бастама мәңгілік тіршілік ететін әлдененің әсерімен пайда болды ма немесе әлдекімнің әсерімен пайда болды ма? Осындай анық және ақылға қонымды дәлелдер келтірілген кезде, көпшілігі: «Жаратушы бар болу керек!» — деген шешімге келеді. Олай болса, өмірдің де мән-мағынасы болуы керек емес пе?
20, 21. Өміріміз мағыналы болу үшін, неге біз Жаратушыны білуіміз керек?
20 Біздің құлықтылық туралы түсінігіміз және құлықтылықтың өзін қоса алғандағы бүкіл тіршілігіміз Жаратушымен байланыста болуы керек. Д-р Ролло Мей былай деп жазған болатын: «Құлықтылықтың тірегі өмірдің нақты мағынасына негізделген болса ғана берік болады». Оны қайдан табуға болады? Мей сөзін былай деп жалғастырды: «Берік тірек дегеніміз Құдайдың табиғаты. Құдайдың принциптері дүниенің жаратылуынан бастап аяғына дейін тіршіліктің өзегі болып табылады».
21 Сонымен, Забур жыршысының Жаратушыға дұға еткен кезде неге кішіпейілділік пен даналық танытқаны айқын болып отыр: «Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп, Өзіңнің ақ жолыңмен жүруді үйретші. Ақиқатыңа бағыттап, үйретші мені, өйткені Сен менің құтқарушы Құдайымсың» (Забур 24:4, 5). Забур жыршысы Жаратушыны жақсырақ білгеннен кейін өмірінде мағына мен мақсат пайда болғанын сезінгендігінде сөз жоқ. Дәл осындай сезімді біз де сезіне аламыз (Мысырдан көшу 33:13).
22. Жаратушының жолдарын білу үшін не істеу керек?
22 Жаратушының «жолдарын» шындап біліп алу үшін, ол туралы, оның қасиеттері мен жолдары туралы көбірек біле түсу керек. Егер Құдай көзге көрінбейтін және ақыл жетпес құдірет пен күштің иесі болса, қалай біз оны жақсырақ біле аламыз? Бұл сұрақ келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a Нацистік концлагерлердегі тұтқындардың тәжірибесі д-р Виктор Франклде мынадай пікір тудырды: «Өмірдің мағынасын білуге ынталану дегеніміз» жануарларға тән «ырықсыз сезім екпінін „түсіндірудің әрекеті“ емес, адамның тұла бойындағы ең маңызды қозғаушы күш». Сосын ол сөзін жалғастыра отырып, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Францияда жүргізілген сұрақ бойынша, «сұраққа қатысқандардың сексен тоғыз пайызы, адам не үшін өмір сүріп жатқанын білуі керек екендігін мойындағанын» айтты.
Сіз қалай жауап берер едіңіз?
◻ Неге Әлеміміз туралы ғылыми мағлұматтарға ғана сүйену жеткіліксіз?
◻ Басқалардың Жаратушы туралы ойлануына көмектесу үшін, неге көңіл аударған дұрыс?
◻ Неге Жаратушы туралы білім ғана өмірімізге нағыз мағына бере алады?
[10-беттегі қоршау/сурет]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Сіз қандай тұжырымға келдіңіз?
Біздің әлем
↓ ↓
Бастамасы Бастамасы
болмаған болған
↓ ↓
Мақсатсыз Мақсатпен
↓ ↓
Мәңгі тіршілік ететін Мәңгі тіршілік ететін
ӘЛДЕНЕНІҢ ӘЛДЕКІМНІҢ
әсерімен әсерімен
[9-беттегі сурет]
Ғаламның ушы-қиырсыз кеңдігімен айқын байқалатын дәлдігі көптеген адамдарды Жаратушы туралы ойландырады.
[Түпдерек]
9 және 10 беттер: Jeff Hester (Arizona State University) and NASA