«Азғантай мыңдағанға» айналды
«Азғантай мыңдағанға, ал ең әлсіз — күшті халыққа айналады. Мен, Тәңір, бұның жүзеге асуын өз уақытында тездетемін» (ИШАЯ 60:22).
1, 2. а) Неге бүгін жерді қараңғы қапас қаптаған? ә) Ехобаның нұры өз халқына жарығын қалай жарқырата түсуде?
«ЖЕРДІ қараңғы қапас, халықтарды қара түнек басады; ал сенің үстіңе Тәңір нұрын төгіп, Оның салтанатты даңқы көрінеді» (Ишая 60:2). Бұл сөздер жер бетіндегі 1919 жылдан бері болып жатқан оқиғаларды жақсы суреттейді. Христиан әлемі «дүние үшін Нұр» болған Иса Мәсіхтің салтанатты ұлылығымен патша тағында отырғанын мойындамайды (Жохан 8:12; Матай 24:3). Шайтан, яғни «қара түнектің әкімдерінің» бастығы «қатты ашуланып» XX ғасырды адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын кезеңге айналдырды (Аян 12:12; Ефестіктерге 6:12). Адамдардың көпшілігі рухани қараңғылықта өмір сүруде.
2 Сөйтсе де, бүгінгі күні жер бетінде Құдайдың нұры бар. Ехоба өзінің қызметкерлеріне, яғни көктегі «әйелдің» жер бетіндегі өкілдері — майланған қалдыққа «нұрын» төгуде (Ишая 60:1, ЖД). Әсіресе 1919 жылы Бабылдың құлдығынан босатылған уақыттан бастап олар «жарықтарын адамдардың алдында жарқыратып», Құдайдың даңқын шығаруда (Матай 5:16). Құдайдың аталмыш қызметкерлері Бабылдың ой-өрісінің бұғауынан босанып жатқан уақытта, атап айтқанда 1919 жылдан 1931 жылға дейін, Патшалықтың жарығы жарқыраған үстіне жарқырай түсті. Олардың саны ондаған мыңға жетті. Ехоба өзінің: «Сөзсіз, Исраилдің қалдығының басын қосамын, оларды Восордағы қойлар іспетті, қой қорадағы отар іспетті біртұтас етіп біріктіремін; олар көптігінен шулайтын болады»,— деген уәдесін орындаған еді (Мика 2:12). 1931 жылы Құдайдың халқы «Ехоба Куәгерлері» деген атқа ие болғаннан кейін, бұл халық Құдайдың даңқын бұрынғыдан да қаттырақ шығара бастады (Ишая 43:10, 12, ЖД).
3. Ехобаның нұры майланғандарға ғана емес, басқаларға да түсетіні қалай айқындалды?
3 Ехобаның нұры тек «кішкентай қораның» жерде қалған мүшелеріне ғана түсуі керек пе еді? (Лұқа 12:32). Жоқ. «Күзет мұнарасы» журналының 1931 жылғы 1 қыркүйектегі санында (ағыл.) адамдардың басқа бір тобына көңіл аударылған болатын. Езекиел 9:1—11 тармақтары тамаша түсіндірілген аталмыш мақалада қолында хатшының құралы бар адамның майланған қалдықты білдіретіні көрсетілген еді. Бұл «адам» кімнің маңдайына таңба қойды? Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміткер адамдардың, яғни «басқа қойлардың» (Жохан 10:16; Забур 36:29). Елші Жоханға берілген аяндағы «барлық халықтан» шыққан «ұлы жамағаттың» «басқа қойлар» тобы екені 1935 жылы түсінікті болды (Аян 7:9—14). 1935 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін, ұлы жамағаттың жиналып жатқанына аса зор көңіл бөлінуде.
4. Ишая 60:3-те айтылған «патшалар» мен «халықтар» кімдер?
4 Ұлы жамағаттың жиналатыны Ишаяның пайғамбарлығында көрсетілген: «Сонда халықтар сенің нұрыңа, патшалар сенен жарқырап шыққан жарыққа келетін болады» (Ишая 60:3). Әңгіме қандай «патшалар» жөнінде болып отыр? Иса Мәсіхпен бірге аспан Патшалығын мұра ететін, сондай-ақ уағыздау ісінде басшылықты өз қолдарына алып жүрген таңдап алынған 144000 адамның жерде қалған қалдығы жөнінде (Римдіктерге 8:17; Аян 12:17; 14:1). Бүгінгі күні жер бетінде өмір сүруге үміт ететін «халықтар» Ехобадан өсиет алуға келуде, әрі өзгелерді де солай етуге шақыруда. Бұндай адамдардың саны жер бетінде бірнеше мыңы ғана қалған майланған қалдықтан анағұрлым көбірек (Ишая 2:3).
Ехобаның ынталы қызметкерлері
5. а) Ехобаның халқының қажыр-қайраты азаймағанын көрсететін қандай дәлелдер бар? ә) 1999 жылы қандай елдерде қатты өсім болды? (25—28 беттердегі кестеге қара.)
5 XX ғасырда Ехоба Куәгерлері қаншалықты ынта-жігер танытты десеңші! Сондай-ақ 2000 жылдың табалдырығын аттағалы тұрғанда да, қысымның күшейе түсуіне қарамастан, олардың қайрат-қажыры азайған жоқ. Олар әлі де Исаның: «Барлық ұлттың арасынан шәкірт дайындаңдар»,— деген бұйрығына аса зор көңіл бөледі (Матай 28:19, 20, ЖД). Ізгі хабарды белсенділікпен жариялап жүргендердің саны XX ғасырдың соңғы қызмет жылында тағы да шарықтау шегіне жетті — 5912492. Олар адамдармен Құдай туралы, сонымен қатар оның адамзат үшін ойластырған жоспарлары туралы әңгімелесуге аз уақыт жұмсаған жоқ. Жалпы алғанда — 1144566849 сағат жұмсады. Куәгерлер ақиқат қызықтырып жүрген адамдарға 420047796 рет қайта барып, 4433884 адамға Киелі кітапты үй жағдайында оқып үйренуге ақысыз көмек көрсеткен. Осының бәрі зор ынта-жігермен қызмет еткеннің нышаны емес пе!
6. Ізашарлардың қызметіне қатысты қандай жаңалық енгізілді және бұл жаңалыққа қандай лебіз танытылды?
6 Былтыр қаңтар айында Басқарушы кеңес ізашарлардың қызмет ету уақытының мөлшері өзгергендігін жариялады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, көпшілігі жалпы немесе қосалқы ізашарлардың қатарына қосылды. Мысалы, 1999 жылдың алғашқы айларында жалпы ізашар болып қызмет етуге ниет білдіріп, Нидерландтағы филиалға арыз жазғандардың санын алдыңғы жылдың тап осындай уақыт аралығымен салыстырғанда, талапкерлердің саны төрт есе көп болды. Ал мынау Ганадан келіп түскен жаңалық: «Ізашарлардың қызмет ету уақытының жаңа мөлшері күшіне енгеннен бері, жалпы ізашарлардың қатарына қосылушылардың саны тоқтаусыз өсуде». 1999 қызмет жылында дүние жүзіндегі ізашарлар санының 738343-ке жетуі «игі істерге ынталы» болудың ғажап үлгісін паш етеді (Титке 2:14).
7. Ехоба жігерлі қызметшілерінің ісіне қалай батасын беруде?
7 Ехоба өзінің қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне батасын беріп отыр ма? Иә. Ишая арқылы ол былай дейді: «Басыңды көтеріп айналаңа көз тасташы, олардың бәрі жиналып саған келе жатыр; сенің қыздарыңды қолына көтеріп, алыстан ұлдарың келеді» (Ишая 60:4). Жиналған «ұлдар» мен «қыздар», яғни майланғандар, осы уақытқа дейін Құдайға бар ынтасымен қызмет етіп келеді. Ал енді Ехобаның майланған «ұлдары» мен «қыздарына» Исаның басқа қойлары да қосылып, 234 ел мен арал аймақтарында жиналуда.
«Барша игі іс»
8. Ехоба Куәгерлері қандай «игі істер» жасауда?
8 Мәсіхшілерге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздап, осы хабар қызықтырған адамдардың шәкірт болуына көмектесу міндеті тапсырылған. Сөйтсе де, олар «барша игі іске дайын» (2 Тімотеге 3:17). Сондықтан олар туған-туысқандарына сүйіспеншілікпен қамқорлық етіп, қонақжайлылық танытады, ауырып қалғандары болатын болса, көңілін сұрайды (1 Тімотеге 5:8; Еврейлерге 13:16). Ерікті талапкерлер Патшалық Сарайын соғу сияқты жұмыстарға қатысып жатады, бұл да куәлік етудің түрі. Тогода осындай Патшалық Сарайының бірі соғылып біткен соң, жергілікті харизматикалық шіркеудің басшылары, Куәгерлер өз күшімен ғимарат соға алған болса, неге олардың шіркеуі сырттан құрылысшылар жалдауына мәжбүр екенін білгісі келді! Тогодан келіп түскен мәлімет бойынша, жоғары сапалы Патшалық Сарайларының соғылуы айналадағыларға әсер еткені соншалық, кейбіреулер соғылып жатқан сарайдың жанынан пәтер жалдауға немесе үй салуға тырысады екен.
9. Табиғи апаттар болғанда Ехоба Куәгерлері қалай әрекет етті?
9 Кейде бұдан өзге де жұмыстар істеуге тура келеді. Былтыр көптеген елдердің тұрғындары табиғи апаттарға ұшырады. Көп жағдайларда жапа шеккендерге көмек көрсетуге бірінші болып Ехоба Куәгерлері келді. Мысалы, Гондурастың біраз жерін «Митч» дауылы жермен-жексен етіп кетті. Ондағы филиал, тез арада құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін, төтенше жағдайға байланысты комитеттер құрды. Гондурастағы, сондай-ақ басқа да көптеген елдердегі Куәгерлер киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек және тағы сол сияқты ең алдымен қажет болатын заттарды садақа етті. Аймақтық құрылыс комитеттері үйлерді қайта қалпына келтіру барысында бар өнерлерін салды. Көрсетілген көмектің арқасында сұрапылдан жапа шеккен бауырластарымыз көп ұзамай күнделікті өмір қалпына қайта оралды. Эквадорда кейбір үйлерді су алып кеткенде, Ехоба Куәгерлері бауырластарына қол ұшын берді. Олардың жағдайды қаншалықты тез әрі тиімді шешіп жатқанын байқаған мемлекеттік қызметкерлердің бірі былай деді: «Менің осындай адамдарым болса, мен керемет істер жасаған болар едім! Дүние жүзіндегі адамдардың бәрі сендер сияқты болуы керек». Осы іспетті игі істер Ехобаның даңқын шығарып, «Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы» екенін паш етеді (1 Тімотеге 4:8).
«Бұлттар сияқты қалықтап, ұшып келе жатыр»
10. Майланғандардың саны азайып жатса да, Ехобаның есімі неге бұрын-соңды болмағандай кеңінен жариялануда?
10 «Бұлттар сияқты қалықтап, кептерханасына қайтқан көгершіндер сияқты ұшып келе жатқан кім?.. сенің ұлдарыңды да, олардың күмісі мен алтынын да алыстан әкелу үшін, Мені алда Фарсис кемелері мен аралдар күтіп тұр. Сонда шет елдің ұлдары қабырғаларыңды тұрғызып, ал олардың патшалары саған қызмет ететін болады» (Ишая 60:8—10). Ехобаның «жарқырап шыққан жарығына» бірінші болып «ұлдары», яғни майланған мәсіхшілер үн қосты. Содан кейін, майланған бауырластарының ізгі хабарды уағыздау жөнінде берген басшылығын бұлжытпай орындау арқылы оларды шексіз адалдықпен қолдайтын «шет елдің ұлдары», яғни ұлы жамағат келіп қосыла бастады. Майланғандардың саны барған сайын азайып бара жатса да, Ехобаның есімі бұрын-соңды болмағандай бүкіл дүние жүзінде кеңінен жариялануда.
11. а) Осы уақытқа дейін не нәрсе жалғасуда және оның 1999 жылғы нәтижесі қандай болды? ә) 1999 жылы қандай елдерде анағұрлым көп адам шомылдыру рәсімінен өтті? (25—28 беттердегі кестеге қараңдар.)
11 Осының арқасында адамдардың көбісі «кептерханасына қайтқан көгершіндер сияқты» мәсіхшілердің қауымынан пана табуда. Жыл сайын олардың қатарына жүздеген мың адам келіп қосылуда, көптеген адамдар үшін әлі де жол ашық. Ишая былай дейді: «Халықтар мен олардың патшаларының байлықтары әкеліну үшін, қақпаларың әрдайым ашық тұратын болады, күні-түні жабылмайды» (Ишая 60:11). Былтыр өздерін Ехобаға арнағандарын паш ету үшін 323439 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Және де Ехоба қақпаны әлі жапқан жоқ. «Барлық халықтардың қалаулылары», яғни ұлы жамағат мүшелері осы қақпаға ағылып келіп жатыр (Нағай 2:7, ЖД). Қараңғы түнекте қалғысы келмегендердің бәрі де құр алақан қалмайды (Жохан 12:46). Олардың ешқайсысы Құдайдың нұрын бағалаудан ада болмағай!
Қарсылықтан қаймықпағандар
12. Қара түнекті жақсы көретіндер Құдайдың нұрын сөндіруге қалай тырысып бағуда?
12 Қара түнекті жақсы көретіндер Ехобаның нұрын жек көреді (Жохан 3:19). Тіпті осы нұрды сөндіргісі келетіндер де баршылық. Бұған таңданудың қажеті жоқ. «Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұрдың», яғни Исаның өзі де келеке-мазақ пен қарсылыққа кездесіп, жерлестерінің қолынан қаза тапқан (Жохан 1:9). XX ғасырда Ехоба Куәгерлерін де келеке-мазақ еткен, түрмеге жапқан, олардың істеріне тыйым салған, адалдықпен Ехобаның нұрын шашқандары үшін, тіпті өлтірген де. Ал соңғы жылдары болса Ехобаның нұрын шашқандар жөнінде лақап сөз тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдары да қолданылуда. Кейбіреулер Ехоба Куәгерлері қауіпті, әрі олардың ісіне шектеу немесе тыйым салу керек деген пікірге өзгелерді сендіргісі келеді. Бірақ осылайша қарсылық көрсеткендер өз дегеніне жете алды ма?
13. Жағдайдың барысына қарай Куәгерлердің бұқаралық ақпарат құралдарына өздерінің ісіне қатысты фактілерді түсіндіруінің нәтижесі қандай болды?
13 Жоқ. Келтірілген фактілердің анық-қанығын түсіндіруді орынды деп тапқан уақытта Ехоба Куәгерлері редакциялармен, телестудиялармен байланысты. Бұның нәтижесінде газет-журналдардың беттерінде, сондай-ақ радио мен теледидардан Ехобаның есімі кеңінен жарияланды. Осының арқасында уағыздау ісінде жақсы жетістіктер болған-ды. Мысалы, Данияның ұлттық телеарнасынан «Неге даттықтар сенімнен арылуда» деген хабар болды. Өзгелермен қатар Ехоба Куәгерлерімен де сұхбат болған еді. Осы хабарды көрген бір әйел былай деп ескерді: «Құдайдың рухы кімде екені айдан анық көрініп тұрды». Бұл әйелмен кейін Киелі кітапты зерттеу басталды.
14. Жақында қарсыласып жатқандар төбелерінің шашын тік тұрғызатын қандай нәрсені мойындауға мәжбүр болады?
14 Ехоба Куәгерлері осы зұлым дүниедегі адамдардың көпшілігінің өздеріне қарсы болатынын біледі (Жохан 17:14). Бірақ Ишаяның сөздері олардың көңілдеріне медеу болады: «Сонда өзіңді езгендердің ұлдары бас иіп алдыңа келеді, жек көргендердің бәрі аяғыңа жығылып, сені Тәңірдің қаласы, Исраилдің Киелісінің Сионы деп атайтын болады» (Ишая 60:14). Олардың жақында өздерінің осы уақытқа дейін, шындығына келгенде, Құдайдың дәл өзімен күресіп келгенін мойындауларына тура келеді. Бұны білгенде олардың төбе шаштары тік тұратын болады. Бұл күресте кім жеңімпаз болып шығады?
15. Ехоба Куәгерлері қалай «халықтардың сүтіне тоюда» және бұл олардың өзгелерді үйрету мен уағыздау ісінен қалай көрінеді?
15 Бұдан кейін Ехоба былай деп уәде етеді: «...Мәңгілікке ұлылығыңды арттырамын... Халықтардың сүтіне тойып, патшалардың көкірегін еметін боласың, сонда Менің Тәңір [Ехоба, ЖД] — Құтқарушың... екенімді білетін боласың» (Ишая 60:15, 16). Иә, Ехоба — өзінің халқының Құтқарушысы. Егер қызметшілері оған арқа сүйейтін болса, «мәңгілік» өмір сүретін болады. Сонымен қатар шынайы мінажат кеңінен етек алу үшін алуан түрлі әдістерді қолдану арқылы, олар «халықтардың сүтіне тояды». Мысалы, компьютерлі техника мен қарым-қатынас жүйесін дұрыс қолдану «Күзет мұнарасының» бір мезгілде 121 тілде, ал «Ояныңдар!» журналының 62 тілде басылып шығуына септігін тигізіп отыр. «Жаңа Дүние Аудармасының» басқа тілдерге аударылуы үлкен қуанышқа бөлейді, сондықтан аудару жұмысын жеңілдететін компьютерлік жаңа бағдарлама құрастырылды. 1999 жылы Мәсіхшілердің Грек Жазбалары хорват тілінде жарық көргенде, мыңдаған адамдар қуаныштан көздеріне жас алды. Бір егде тартқан бауырласымыз былай деді: «Мен бұл Киелі кітапты өте ұзақ күттім. Енді көз жұмсам да арманым жоқ!» 34 тілдегі Жаңа Дүние Аудармасының толықтай басылымының, немесе оның бөліктерінің таралым саны 100 миллионнан асып кетті.
Жоғары өнегелік нормасы
16, 17. а) Ехобаның жоғары нормаларын қиын болғанына қарамастан, ұстану неге қажет? ә) Жастардың осы дүниенің лас нәрселерінен аулақ жүре алатыны қандай мысалдан көрініп тұр?
16 Иса: «Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді»,— деген болатын (Жохан 3:20). Ал Құдайдың нұрын сақтағандар болса, керісінше, Ехобаның жоғары өнегелік нормасын сүйеді. Ехоба Ишая арқылы: «Сенің халқың түгелдей әділ болады»,— дейді (Ишая 60:21а). Өнегесіздік, өтірік, ашкөздік пен өркөкіректік жайлаған зұлым дүниеде өнегелік нормаларын ұстану оңай емес. Ал экономикасы жақсы дамыған елдерде болса байлықтың соңына түсіп кету оп-оңай. Алайда Пауыл мынадай ескерту жасаған: «Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі» (1 Тімотеге 6:9). Мәсіхшілермен қарым-қатынаста болу, қасиетті қызмет, өнегелік принциптер мен отбасындағы міндет сияқты расында да маңызды нәрселерді кейбіреулердің табыс табудың жолына құрбан ететіні өкінішті-ақ!
17 Қаншама замандастары есірткі қабылдап, өнегесіздік жасап жүргенде, әділдік нормаларын сақтау әсіресе жастарға қиын. Суринамда 14 жасар қызға мектепте бір келбетті жігіт қасына келіп, онымен бірге төсекте бірге болуға шақырады. Жас қыз бұндай әрекеттен бас тартып, Киелі кітаптың некелеспейінше жыныстық қатынаста болуға тыйым салатынын түсіндіреді. Басқа қыздар болса оны келекелеп, бұл жігітпен бәрінің де төсекке жатқысы келетінін айтып, қабылдаған шешімінен айнытуға тырысады. Сөйтсе де, қыз алған бетінен қайтпайды. Бірнеше аптадан кейін әлгі жігіттің ВИЧ жұқтырып алғаны анықталып, қатты ауырып қалады. Оқушы қыз Ехобаның «неке адалдығын бұзудан [жеңіл жүрістен] аулақ жүріңдер» деген өсиетіне құлақ асқанына қуанады (Елшілердің істері 15:28, 29). Ехоба Куәгерлері дұрыс нәрсені берік ұстанып жүрген жастарын мақтан тұтады. Жас мәсіхшілердің сенімі де ата-аналарының сенімі сияқты, Ехоба Құдайдың «даңқын шығарады» (Ишая 60:21б).
Ехоба өсіруде
18. а) Ехоба өзінің халқы үшін қандай ұлы іс атқарды? ә) Неліктен біз өсім әлі жалғасуда дей аламыз және жарықта жүргендерді қандай ғажап болашақ күтіп тұр?
18 Иә, Ехоба батасын беріп, басшылық етуі мен нығайтуы арқылы өзінің халқына нұрын төгуде. XX ғасырда Құдайдың қызметшілері Ишаяның: «Азғантай мыңдағанға, ал ең әлсіз — күшті халыққа айналады. Мен, Тәңір [Ехоба, ЖД], бұның жүзеге асуын өз уақытында тездетемін»,— деген сөздерінің орындалғанын көрді (Ишая 60:22). 1919 жылдары бір шөкімдей болған «азғантай» адамдар расында да «мыңдағанға» айналды. Және бұл өсім әлі аяқталған жоқ! Былтыр Исаның өлімін еске алу Кешіне 14088751 адам келді. Олардың көбісі белсенді Куәгерлер емес. Біз олардың осындай маңызы зор Кешке қатысқанына қуаныштымыз, әрі бұдан былай да нұрға қарай бет алып жүре беруге шақырамыз. Ехоба өзінің халқына жарық нұрын төгуді тоқтатқан жоқ. Оның ұйымына кіретін есік әлі ашық. Барлығы да әрдайым Ехобаның нұрының астында жүруге талаптана берсе екен. Әрдайым Ехобаның нұрының астында жүргеніміз қазіргі уақытта қандай зор баталарға ие етіп жатқанын айтсаңшы! Ал болашақта, бүкіл жаратылыс Ехобаны мадақтап, оның салтанатты даңқының жарқыраған нұрына қуанатын уақытта, қаншалықты шаттыққа бөленеміз десеңші! (Аян 5:13, 14).
Түсіндіре аласыңдар ма?
• Осы соңғы күндері Ехобаның нұры кімнен байқалады?
• Неге Ехобаның халқының ынта-жігері азайған жоқ деуге болады?
• Ехоба Куәгерлері қандай игі істер атқаруда?
• Біз қатты қарсылықтарға қарамастан не нәрсеге сенімді бола аламыз?
[25—28 беттердегі таблица]
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ 1999 ҚЫЗМЕТ ЖЫЛЫНЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕБІ
(Басылымда қараңдар)
[31-беттегі суреттер]
Ехобаның ұйымына адамдар әлі де ағылып келіп жатыр.