Ехобаның даңқы халқына нұрын төгуде
“Мен, Жаратқан Иең, [“Ехоба”, ЖД] саған мәңгі-бақи нұр боламын” (ИШАЯ 60:20).
1. Ехоба өзінің адал қызметшілеріне қалай батасын береді?
“ЖАРАТҚАН ИЕ халқына риза болып, кішіпейілділерді құтқарып салтанатқа бөлеуде” (Забур 149:4). Ерте заманда Забур жыршысы осылай деген. Оның сөздерінің растығы тарих бойында көп рет дәлелденген. Қызметшілері адал болған уақытта, Ехоба оларды қорғап, қолдап, өсіріп-өрбітеді. Ертеде Ехоба халқына жеңіс сыйлайтын болған. Ал қазір рухани нығайтып және Иса Мәсіхтің құрбандығының арқасында аман қалатындарына сендіріп отыр (Римдіктерге 5:9). Ехобаның бұлай етуінің себебі — олар оның алдында керемет көркем.
2. Қарсылыққа қарамастан Құдай халқы не нәрсеге сенімді?
2 Қара түнектің шырмауындағы дүниеде ‘Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндер’ қарсылықтарға тап болары сөзсіз (2 Тімотеге 3:12). Бірақ Ехоба қарсыластардың әр қимылын бағып отыр және оларға былай деп ескертеді: “Егер бір халық не патшалық өзіңе қызмет етуден бас тартса, онда ол қырылып, мүлдем жойылатын болады” (Ишая 60:12). Қазір қарсылық сан-алуан түрде көрсетілуде. Кейбір елдерде қарсыластар шынайы мәсіхшілердің Ехобаға деген ғибадатына шектеулер қойғысы немесе мүлдем тыйым салғысы келеді. Өзге бір елдерде фанаттар Ехобаның қызметшілеріне тарпа бас салады, меншігіндегі заттарды өртеп жібереді. Алайда Өзінің еркін орындап жүргендерге қарсылық көрсеткендерге не болатынын Ехобаның алдын ала айтқанын ұмытпалық: олар жеңіледі. Сионның жер бетіндегі өкілдері болып табылатын оның “балаларына” қарсы күрес сәтсіздікке ұшырайды. Құдіретті Құдайымыз Ехобаның осындай уәдесі бізді жігерлендіреді емес пе?!
Күткеннен де асып түсетін баталар
3. Ехобаның қызметшілерінің көркем екені және көп жеміс әкелетіні қалай суреттелген?
3 Қазіргі заманның соңғы күндерінде Ехобаның халқына беріп отырған баталары олардың күткенінен асып түсуде. Бұл әсіресе Ехобаға ғибадат ету орнының үдемелеп салтанатқа кенелуіне және сол жерде оның атымен аталып жүрген адамдарға қатысты. Ишаяның пайғамбарлығына сәйкес, ол Сионға былай дейді: “Ливан тауынан оның аты шулы ағаштары: қарағай, шырша және балқарағай саған бірге тасылады. Солармен киелі үйім әдеміленіп қайта салынады. Мен осы жер бетіндегі тұрағымды нұрлы салтанатыма кенелтпекпін” (Ишая 60:13). Жайқалған орманы бар таулардың көрінісі керемет айбынды. Сондықтан жайқалған ағаштар Ехобаның қызметшілерінің көркем екенін әрі көп жеміс әкелетінін жақсы суреттейді (Ишая 41:19; 55:13).
4. Ехобаның ‘киелі үйі’ мен ‘жер бетіндегі тұрағы’ деген не және олар қалай салтанатқа кенелуде?
4 Ишая 60:13-те айтылған Ехобаның ‘киелі үйі’ мен ‘жер бетіндегі тұрағы’ нені білдіреді? Бұл тіркестер Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасының жердегі ауласына, яғни Ехобаға ғибадат ету үшін адамдардың Оған Иса Мәсіх арқылы жақындауына арналған құрылымға, қатысты айтылған (Еврейлерге 8:1—5; 9:2—10, 23). Ехоба барлық ұлттардан сол жерге адамдар жинап, рухани ғибадатханасын ұлылыққа бөлейтін ниетін айтты (Нағай 2:7). Бұдан ертеректе Ишая барлық ұлттардан шыққан үлкен тобырдың ғибадат ету үшін Ехобаның биік тауына ағылып жатқанын көрген (Ишая 2:1—4). Ал мыңдаған жылдар өткен соң, елші Жохан ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ ‘ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды’ көрді. Олар ‘Құдай тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етуде’ еді (Аян 7:9, 15). Қазір, сол пайғамбарлық орындалып жатқан уақытта, Ехобаның киелі үйі біздің көз алдымызда салтанатқа кенелуде.
5. Сионның балаларына қатысты қандай үлкен өзгеріс болды?
5 Сион үшін бұл қандай керемет өзгерістердің нышаны болды десеңші! Ехоба былай дейді: “Сион, сен бұған дейін жалғыз қалдырылған, жек көрінішті қала болдың. Ешкім саған соғып өткен емес. Бірақ Мен сені келешек ұрпақтарыңның мәңгілік қуанышы мен мақтанышы етемін” (Ишая 60:15). Расында да ‘Құдайдың рухани Исраилі’ Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғында рухани мағынада қаңырап бос қалған еді (Ғалаттықтарға 6:16 ). Шынында да ол ‘жалғыз қалдырылғандай’ еді, өйткені оның жердегі балалары Құдайдың еркі неде екенін жете түсінбеген. Сосын, 1919 жылы, Ехоба майланған қызметшілерін қайта жандандырып, сол уақыттан бастап оларға батасын төгіп, керемет түрде өркендеуіне мүмкіндік берді. Жоғарыда келтірілген тармақта берілген уәде бізді жігерлендіреді емес пе? Ехоба Сионды ‘мақтаныш’ етеді. Иә, Сионның балалары да, Ехобаның өзі де Сионды мақтаныш ететін болады. Сион ‘қуанышқа’ бөлеп, зор шаттық әкелетін болады. Оның үстіне, мұндай қуаныш қысқа мерзім ғана емес, жердегі балалары арқылы танылатын Сионға берілген бата ‘мәңгілікке’ созылады. Ешқашан сарқылмайды.
6. Шынайы мәсіхшілер халықтардың қорын қалай қолдануда?
6 Ал енді Құдайдың тағы бір уәдесіне құлақ асып көрейікші. Ехоба Сионға былай дейді: “Анасының емшектегі сәбиіне қамқорлық жасағанындай, басқа халықтар мен олардың патшалары сені күллі қажетті нәрселеріңмен қамтамасыз ететін болады. Сонда Менің Жаратқан Ие екеніме көзің жетеді. Мен, Жақып сиынған құдіретті Құдай, сені құтқарып, қорғайтын Қамқоршың боламын” (Ишая 60:16). Қай мағынада Сионға ‘анасының емшектегі сәбиіне қамқорлық жасағанындай, басқа халықтар мен олардың патшалары’ қамқорлық жасайды? Бұл майланған мәсіхшілер мен “басқа қойлардың” шынайы ғибадат кеңінен етек алу үшін халықтардың бағалы қорын қолдануы арқылы жүзеге асуда (Жохан 10:16). Қаржылай жасалатын ерікті садақалар уағыздау ісі мен тәлім беру ісінің кең көлемде жүзеге асырылуына септігін тигізуде. Жаңа технологияны дұрыс қолдану Киелі кітап пен Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жүздеген тілдерде басып шығуға мүмкіндік беріп отыр. Киелі кітаптағы шындық бұрын соңды мұншалықты кең көлемде тарамаған. Майланған қызметшілерінің төлемін өтеп алған Ехобаның расында да Құтқарушы екендігіне көптеген елдің азаматтарының көздері жетуде.
Ұйымдастыру ісінің жетілдірілуі
7. Сионның балалары қандай керемет жетілдірілуді сезінді?
7 Ехоба халқына басқа жағынан да батасын беріп отыр. Ол ұйымдастыру ісінің жақсаруы үшін батасын беруде. Ишая 60:17-ден біз мынаны оқимыз: “Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің еліңе бейбітшілікті билеуші, әділдікті әмірші етіп [“бейбітшілікті бақылаушыларың, ал әділдікті тапсырма берушілерің етіп”, ЖД] тағайындаймын”. Қоланың алтынға ауыстырылуы — жақсарудың белгісі, сондай-ақ тармақтағы біріне-бірі алмастырылған басқа нәрселер жөнінде де солай деуге болады. Осыған сәйкес, соңғы күндерде Құдайдың рухани Исраилі ұйымдастыру ісіне қатысты үнемі жетілдірілуде. Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
8—10. 1919 жылдан бастап ұйымдастыру ісіне енгізілген кейбір өзгерістерді атап өтіңдер.
8 1919-шы жылға дейін Құдай халқының қауымдарындағы басшылықты қауым мүшелері демократиялық жолмен сайлаған ақсақалдар мен қауым қызметшілері жүргізетін. Сол жылдан бастап “адал да саналы қызметші” уағыздау ісін қадағалап отыру үшін әрбір қауымға қызмет жетекшілерін тағайындай бастады (Матай 24:45—47). Бірақ қауымдардың көпшілігінде мұндай өзгерістің жасалуы нәтижелі болмады, өйткені сайланған ақсақалдардың кейбіреулері уағыздау ісін барынша қолдамайтын. Осыған орай, 1932 жылы қауымдарға ақсақалдар мен қауым қызметшілерін сайламауға нұсқау берілді. Енді қауымдар қызмет жетекшісі мен жұмыла қызмет ететін қызмет комитетін сайлау керек болды. Бұл “ағашты” “қолаға” ауыстыру сияқты елеулі өзгеріс болатын!
9 1938 жылы дүние жүзі бойынша барлық қауымдарда Киелі жазбаларға анағұрлым сай келетін өзгеріс қабылдау шешілді. Қауым істерін серіктестік қызметшілері мен басқа да қызметшілер жүргізетін болды. Олардың барлығы адал да саналы қызметшінің басшылығымен тағайындалатын. Бұдан былай сайлау жүргізілмейтін болды. Қауымдағы тағайындау ісі теократиялық жолмен жүзеге асырылатын болды. Бұл “тасты” — “темірге”, “қоланы” — “алтынға” ауыстырғанмен тең еді.
10 Мұнымен жетілдіру тоқтамады. Мысалы, 1972 жылы қауымдарға бақылауды теократиялық жолмен тағайындалған әрі ешбірі өзгелерінің үстінен өктемдік етпейтін ақсақалдар кеңесі жүргізетін болса, бұның бірінші ғасырдағы қауымдарда жүргізілген басшылыққа барынша ұқсас болатыны айқын болды. Сондай-ақ шамамен екі жыл бұрын тағы бір өзгеріс жасалды. Бұл — заңды тұлға болып табылатын кейбір корпорацияларға басшылық етуге қатысты өзгерістер. Осының арқасында Басқарушы кеңестің күнделікті туып отыратын заңи мәселелерге алаңдамай, Құдай халқының рухани қажеттіліктеріне көбірек көңіл қоюына мүмкіндік туды.
11. Құдай халқының арасында жасалған ұйымдастыру ісіне қатысты өзгерістердің артында кім тұр және олардың нәтижесі қандай болды?
11 Жетілдіру мақсатымен жасалған осындай өзгерістердің артында кім тұр? Әрине, Ехоба Құдай. Ехобаның өзі: “Саған қола орнына алтынды... беремін”,— дейді. Сосын: “Бейбітшілікті бақылаушыларың, ал әділдікті тапсырма берушілерің етіп тағайындаймын”,— дейді. Иә, халқына басшылықтың берілуіне Ехобаның өзі жауапты. Алдын ала айтылған ұйымдастыру ісінің жетілдірілуі де Ехобаның өз халқын салтанатқа бөлегеніне жатады. Осының арқасында Ехоба Куәгерлері көптеген баталарға ие болып отыр. Ишая 60:18-ден біз мынаны оқимыз: “Сион, бұдан былай еліңде зорлық-зомбылықтың айқай-шуы естілмейді, өзің де қиратылып, талқандалмайсың. Керісінше, сен өзіңді құтқарған Мені “қамалым”, Маған арнаған мадақтауыңды “бекітулі қақпаларым” деп атайтын боласың”. Қандай керемет сөздер! Алайда олар қалай орындалды екен?
12. Ненің арқасында шынайы мәсіхшілердің арасында тыныштық орнаған?
12 Шынайы мәсіхшілер Ехобаның өсиеттер беріп, басшылық еткенін қалайды. Осының нәтижесінде Ишаяның алдын ала айтқан келесі сөздері орындалуда: “Балаларыңның бәрі Тәңір Иеңнен тәлім алып, керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек” (Ишая 54:13). Сонымен қатар Ехобаның халқына оның рухы әсер етеді, ал рухтың жемісін құрайтын қасиеттердің бірі — тыныштық (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ехобаның халқы араларында орнаған тыныштықтың арқасында зұлымдыққа толы осы дүниедегі шұрайлы өлкеге ұқсайды. Шынайы мәсіхшілердің бір-біріне деген сүйіспеншілігіне негізделген тыныштықты көріп жаңа дүниедегі өмірдің қандай болатынын елестетуге болады (Жохан 15:17; Қолостықтарға 3:14). Құдайдың даңқын арттырып, оны мадақтайтын және рухани жұмағымыздың маңызды бөлігі болып табылатын осы тыныштық бәрімізді қуанышқа бөлейді, әрі біз оны сақтауға ықыластымыз (Ишая 11:9).
Ехобаның нұры төгіле бермек
13. Неге Ехоба өзінің халқына нұрын шашуды ешқашан доғармайтынына сенімді бола аламыз?
13 Бұдан былай да Ехобаның нұры оның халқына төгіле бере ме? Иә! Ишая 60:19, 20-тармақтардан біз: “Саған күндіз күннің нұрын шашып, түнде айдың сәулесін түсіруінің қажеті де болмайды. Мен, Құдай Иең, Өзім сенің мәңгілік нұрың мен салтанатты ұлылығың боламын. Сенде күн мен ай батып, қараңғылық жайламайды, себебі Мен, Жаратқан Иең, саған мәңгі-бақи нұр боламын. Қайғырған кезеңің осымен аяқталады”,— деген сөздерді оқимыз. 1919 жылы рухани тұтқындардың ‘қайғырған кезеңі’ аяқталғанда, Ехоба оларға нұрын төге бастады. Содан бері 80 жылдан аса уақыт өтсе де, Ехоба оларға ризашылығын білдіріп, нұрын төгуде. Әрі нұрын төгуді ешқашан доғармайды. Құдайымыз қызметшілері үшін күн немесе ай сияқты ‘батпайды’. Қайта, мәңгі-бақи нұрының сәулесін шаша береді. Қазіргі қара түнек басқан соңғы күндердің ақырында тұрып жатқан біздерді бұл қалай жігерлендіреді десеңші!
14, 15. а) Қай мағынада Құдайдың қызметшілерінің бәрі ‘әділ’? ә) Басқа қойлар Ишая 60:21-дің қалайша маңызды түрде орындалуын күтуде?
14 Ехобаның Сионның жердегі өкілдеріне, яғни рухани Исраилге, қатысты айтқан уәделерінің бірі мынадай: “Күллі халқың әділетті болып, бұл елді мәңгілікке иеленеді. Халқым Өзім отырғызған көшетке ұқсайды. Мен оны жараттым, ол арқылы ұлылығымды паш етемін” (Ишая 60:21). 1919 жылы қайтадан белсене әрекет ете бастаған майланған мәсіхшілер өзгелерге ұқсамайтын бір топты құрайтын. Иса Мәсіхтің төлем ретінде берген құрбандығына мызғымас сенім артқандарына негізделе отырып, олар күнәкарлыққа толы осы дүниеде ‘әділ деп жарияланады’ (Римдіктерге 3:24, ЖД; 5:1). Содан кейін, олар Бабыл тұтқындығынан босаған исраилдіктер іспетті, ‘елді’ — рухани елді, яғни өздері рухани жұмақта қуанышқа бөленіп жүрген рухани әрекет өрісін — иемденді (Ишая 66:8). Бұл елдің жұмаққа тән әсемділігі ешқашан солғын тартпайды, өйткені Құдайдың рухани Исраилі ертедегі исраилдіктер сияқты халық ретінде Құдайға деген адалдығынан таймайды. Олардың сенімі, төзімділігі мен құлшынысы әрқашан Құдайдың есімінің даңқын арттыра бермек.
15 Осы рухани халықтың мүшелерінің барлығы жаңа келісімде тұрғандардың қатарында. Олардың жүректеріне Ехобаның заңы жазылған, сондай-ақ төлем ретінде берген Иса Мәсіхтің құрбандығына негізделіп, Ехоба олардың күнәларын кешірген (Еремия 31:31—34). Құдай оларды өзінің ұлдары ретінде ақтап алып, оларға кемелді адамдар ретінде қарайды (Римдіктерге 8:15, 16, 29, 30). Майланған қызметшілердің серіктері басқа қойлардың да күнәлары кешіріліп, Ыбырайым іспетті сенімдерінің арқасында ақталып, Құдайдың досы деп аталады. ‘Олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылған’. Осы басқа қойлар өзге бір сый алуға үміттенеді. Ауыр азаптан аман өткен немесе қайта тірілген олар жер бетінде жұмақ орнағанда Ишая 60:21-дегі сөздердің тура мағынада орындалғанын көреді (Аян 7:14; Римдіктерге 4:1—3). Сол кезде “момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады” (Забур 36:11, 29).
Өсім жалғасуда
16. Ехоба қандай керемет уәде берді және ол қалай орындалды?
16 Ишаяның 60-тарауының соңғы тармағында осы тараудағы Ехобаның соңғы уәдесі жазылған. Ол Сионға былай дейді: “Азғантай мыңдағанға, ал ең әлсіз — күшті халыққа айналады. Мен, Тәңір, бұның өз уақытында жүзеге асуын тездетемін” (Ишая 60:22). Өзіміз өмір сүріп жатқан осы заманда Ехоба сөзіне берік болып отыр. 1919 жылы белсене әрекет етуін бастағанда майланған мәсіхшілердің саны көп емес еді. Расында да олар “азғантай” болатын. Рухани исраилдіктер қосыла келе олардың саны көбейді. Бұдан кейін оларға басқа қойлар қосылған үстіне қосыла түсті. Құдай халқының арасындағы тыныштық пен ‘еліндегі’ рухани жұмақ көптеген ақ жүректі адамдардың қызығушылығын оятқаны соншалық, “ең әлсіз — күшті халыққа айналды”. Бүгінгі таңда сол ‘халықтың’ — Құдайдың рухани Исраилі мен Құдайға шын берілген алты мыңнан астам “жат жерліктердің” — саны кейбір мемлекет тұрғындарының санынан асып түседі (Ишая 60:10). Олардың барлығы Ехобаның нұрына еліктейді, сондықтан олар Ехобаның алдында керемет көркем.
17. Ишая кітабының 60-тарауын қарастырғанымыз бізге қалай әсер етеді?
17 Иә, Ишая кітабының 60-тарауының басты ойларын қарастырғанымыз сенімімізді нығайтады. Халқының рухани тұтқындықта болып, қайта оралатынын Ехобаның соншама уақыт бұрын білгені көңілімізге жұбаныш береді. Сондай-ақ бүгіндегі қызметшілерінің керемет өсімін соншама жыл бұрын алдын ала білгені қайран қалдырады. Ехобаның бізден ешқашан бас тартпайтынын білгеніміз біз үшін қандай жұбаныш десеңші! ‘Мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарды’ құшақ жая қарсы алу үшін ‘қаланың’ қақпалары ашық тұратынына сендіре айтқан сөздердің астарында қандай сүйіспеншілік жатыр! (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Ехоба өз халқына әрі қарай да нұрын шаша бермек. Сион әрі қарай да ‘мақтанышқа’ бөлене береді, өйткені оның балалары өздеріндегі нұрдың сәулесін шашқан үстіне шаша бермек (Матай 5:16). Бүгінде біз Құдайдың рухани Исраилімен тығыз байланыста болуға және Ехобаның нұрын шашу мүмкіндігін бағалауға бұрын соңды болмағандай бел байлағанбыз!
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Патшалықтың ісіне қарсылық көрсетіліп жатса да не нәрсеге сенімді бола аламыз?
• Қай мағынада Сионның балаларына халықтар “емшектегі сәбиіне қамқорлық жасағандай” қамқорлық жасайды?
• Қалай Ехоба ‘ағаш орнына қоланы... берді’?
• Ишая 60:17, 21-де Ехобаның қандай екі қасиеті ерекше аталып өткен?
• Қалай ‘ең әлсіз күшті халыққа айналды’?
[28-беттегі қоршау/суреттер]
ИШАЯНЫҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫ. Бүкіл адамзат үшін нұр
Осы мақалаларда талқыланған мәліметтің басым бөлігі 2001—2002 жылдары “Құдай сөзін оқытушылар” деген тақырыппен өткен конгрестердегі баяндамада айтылған болатын. Конгресс өткен жердің барлығында дерлік баяндамашы “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” кітабының екінші томы басылып шыққанын хабарлады. Бір жыл бұрын осы кітаптың бірінші томы шыққан еді. Екінші томы жарық көргенде енді біздің қолымызда Ишая кітабының қазіргі уақытқа сай түсінікті ескере отырып, барлық дерлік тармақтары түсіндірілетін басылым бар. Екі томнан тұратын аталмыш кітап сенімді нығайтатын Ишаяның пайғамбарлық кітабын терең түсініп, бағалай түсуімізге көмектеседі.
[25-беттегі суреттер]
Қатты қарсылыққа қарамастан Ехоба ‘халқын құтқарып салтанатқа бөлеуде’
[26-беттегі суреттер]
Шынайы ғибадат кеңінен етек алу үшін, Құдайдың қызметшілері халықтардың бағалы қорын қолдануда
[27-беттегі сурет]
Ехоба ұйымдастыру ісін жетілдіріп, тыныштық сыйлап халқына батасын беріп отыр