Қасиетті жиналыстарымызға құрмет көрсетейік
“Мен олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион төбесіне келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін” (ИШАЯ 56:7).
1. Қауым кездесулеріне лайықты құрмет көрсетудің Жазбаларға негізделген қандай себептері бар?
ЕХОБА өзінің халқын — майланған мәсіхшілер мен олардың серіктерін — ғибадат етуге “қасиетті Сион төбесіне” жинауда. Ол өз халқын ‘сиынатын үйінде’, яғни ‘барлық ұлттардың сиынатын үйі’ болып табылатын рухани ғибадатханасында, қуанышқа кенелтуде (Ишая 56:7; Марқа 11:17). Осы шара Ехобаға деген ғибадаттың қасиетті, таза әрі жоғары екендігіне нұсқайды. Зерттеуге және ғибадат етуге арналған жиналыстарымызға лайықты құрмет көрсетуімізбен киелі нәрселерге деген көзқарасымыздың Ехобаныкіндей екенін дәлелдейміз.
2. Ехобаның өзіне ғибадат етуге таңдаған жерді қасиетті деп санайтыны неден көрінеді және қалай Иса өзінің сондай көзқараста болғанын көрсетті?
2 Ежелгі Исраилде Ехоба өзіне ғибадат етуге таңдаған жер қасиетті деп есептелу керек еді. Киелі шатыр, ондағы заттар мен басқа да бұйымдарға май жағу рәсімі жасалып, қасиетті етілу керек болатын, сонда ‘олар аса киелі болмақ’ еді (Мысырдан шығу 30:26—29). Киелі шатырдағы екі бөлменің бірі “қасиетті бөлме”, ал екіншісі “ең қасиетті бөлме” деп аталды (Еврейлерге 9:2, 3). Кейінірек бұл шатырды Иерусалимдегі ғибадатхана алмастырды. Иерусалим Ехобаға ғибадат етудің орталығы болып, ‘қасиетті қала’ деп аталды (Нехемия 11:1; Матай 27:53). Жерде қызмет еткен кезде, Исаның өзі ғибадатханаға лайықты құрмет көрсеткен. Ол ғибадатхананы құрметтемей, ауласында сауда-саттық жасайтындарға және сол жерден жолды қысқарту үшін ғана өтетіндерге ашуланған (Марқа 11:15, 16 ).
3. Исраилдіктердің жиналыстарының қасиеттілігі неден көрінеді?
3 Исраилдіктер Ехобаның Заңдарының дауыстап оқылғанын тыңдауға және оған ғибадат етуге жүйелі түрде жиналатын. Мерекелердің белгілі бір күндері қасиетті жиналыстар деп аталатын. Осылайша сол жиналыстардың қасиетті болмысына көңіл бөлінетін (Леуіліктер 23:2, 3, 36, 37). Езра мен Нехемияның күндерінде бүкіл исраилдіктер жиналып, леуіліктер “халыққа заңды түсіндірді”. “Бүкіл халық заң сөздерін тыңдаған кезде жылап тұрған еді”, сондықтан леуіліктер ‘күллі халыққа: тоқтаңдар, өйткені бұл күн қасиетті,— деп тыныштандырды’. Сосын, исраилдіктер жеті күндік Шыбық күрке мейрамын ‘өте зор қуанышпен’ тойлады. Бұған қоса, “Құдай заңы кітабынан бірінші күннен соңғы күнге дейін күн сайын оқыды. Және мерекені жеті күн мейрамдады, ал сегізінші күні жарғы бойынша мейрамнан соңғы салтанатты қорытындылау жасалды” (Нехемия 8:7—11, 17, 18). Бұл жиналғандардың мұқият болып құрмет көрсетуін талап ететін шынымен қасиетті оқиғалар болған.
Қауым кездесулері — қасиетті жиналыстар
4, 5. Кездесулеріміздің қандай қырлары олардың қасиетті екенін көрсетеді?
4 Рас, бүгінде жер бетінде Ехобаның өзіне ғибадат етуге бағышталған арнайы ғибадатханасы мен қасиетті қаласы жоқ. Сөйтсе де Ехобаға ғибадат етуге арналған кездесулердің қасиетті жиналыстар екенін естен шығармауымыз керек. Біз Жазбаларды оқып, зерттеу үшін аптасына үш рет жиналамыз. Ол жерде Ехобаның Сөзі ‘айқын үнмен оқылып’, Нехемияның күндеріндегідей оған ‘түсіндірме қосылады’ (Нехемия 8:8). Барлық кездесулеріміздің басында және аяғында дұға айтылады және барлығында дерлік Ехобаны мадақтау үшін ән шырқалады (Забур 25:12). Қауым кездесулері — расында да ғибадатымыздың бір бөлігі. Оларға жеңіл-желпі қарамай, қайта, мұқият болуымызбен құрмет көрсетуіміз керек.
5 Ехоба өзіне ғибадат етуге, Сөзін зерттеуге және өзара жылы араласуға жиналған халқына батасын төгеді. Кездесу өтіп жатқанда, ‘Тәңір жарылқауын сыйлауға ұйғаратынына’ сенімді бола аламыз (Забур 132:1, 3). Сол баталарға ие болу үшін біз кездесуге барып, рухани бағдарламаға мұқият болуымыз керек. Оның үстіне, Иса былай деген: “Екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын”. Иса бұл сөздерді қауымдағы адамдар арасындағы күрделі проблемаларды шешу үшін жиналатын мәсіхші ақсақалдарға қатысты айтқан, бірақ оларды біздің кездесулерімізге де қатысты деуге болады (Матай 18:20). Мәсіхшілер Мәсіхтің атымен жиналған кезде, оның өзі киелі рух арқылы араларында болса, мұндай жиналыстар қасиетті деп есептелу керек емес пе?!
6. Біздің жиналатын орындар жайлы, үлкен не кіші болсын, не деуге болады?
6 Рас, Ехоба адам тұрғызған ғибадатханаларда мекендемейді. Сөйтсе де Патшалық сарайлары шынайы ғибадат орындары болып табылады (Елшілердің істері 7:48; 17:24). Біз онда Ехобаның Сөзін зерттеу, оған дұға ету және оны мадақтап ән айту үшін жиналамыз. Конгресс сарайлары да сол үшін арналған. Әр түрлі залдар немесе спорт кешендері сияқты жалға алынған үлкенірек ғимараттар мен басқа орындар қасиетті жиналыстарды өткізу үшін қолданылған кезде, ғибадат орнына айналады. Ғибадат етуге арналған жиналыстар, үлкен не кіші болсын, біздің құрметімізге лайық, әрі бұл оларға қалай қарайтынымыздан және жүріс-тұрысымыздан көрініп тұру керек.
Жиналыстарымызға құрмет көрсетудің жолдары
7. Қалайша жиналыстарға анық көрінетін жолмен құрмет көрсете аламыз?
7 Жиналыстарымызға құрмет көрсетудің анық көрінетін жолдары бар. Олардың бірі — қауыммен бірге Патшалықтың әндерін шырқау. Әндердің көбісі дұға мәнерінде жазылған, сондықтан олар ерекше құрметпен айтылу керек. Елші Пауыл Исаның сөздері ретінде 22-ші Забурден үзінді келтіріп: “Атыңды бауырластарыма білдіремін, Қауым жиынында сені дәріптеймін [“әнге қосамын”, Тт]”,— деп жазған (Еврейлерге 2:12). Жиналысты ашатын бауырлас әнді хабарламас бұрын орындарымызға отыруды және ән айтқанда, бар назарымызды мәтіннің мағынасына аударуды әдетке айналдыруымыз керек. Ән шырқағанда: “Жаратқан Ие, сені бар жүрегіммен, діндарлар кеңесі мен жиналыста мадақтап ұлықтаймын”,— деген забур жыршысы сияқты сезімде болайық (Забур 110:1). Иә, Ехобаны мадақтап ән айту кездесулерге ертерек келіп, соңына дейін болудың келелі себебі болып табылады.
8. Киелі кітаптағы қандай мысалдан кездесулерде айтылатын дұғаларды құрметпен әрі мұқият тыңдауымыз керек екені көрінеді?
8 Барлық кездесулерімізді рухани байыта түсетін тағы бір нәрсе — жиналғандардың барлығының атынан айтылатын ыстық дұға. Бірінші ғасырда Иерусалимдегі мәсіхшілер бірде бас қосып, “ниеттес көңілмен Құдайға сиынып, дауыстап” бар көңілдерімен дұға еткен. Нәтижесінде олар қарсылықтарға қарамастан, ‘Құдай сөзін батылдықпен уағыздауды’ жалғастырған (Елшілердің істері 4:24—31). Дұға айтылып жатқанда, сол мәсіхшілердің бірінің басқа нәрсе туралы ойлап тұрғанын көз алдыңа елестете аласың ба? Олай болуы мүмкін емес, олар “ниеттес көңілмен” дұға еткен. Кездесулерде айтылатын дұғалар арқылы келгендердің барлығының сезімдері білдіріледі. Сондықтан біз оларды құрметпен әрі мұқият тыңдауымыз керек.
9. Қасиетті жиналыстарымызға киім киісімізбен және жүріс-тұрысымызбен қалай құрмет көрсете аламыз?
9 Сондай-ақ жиналыстарымыздың қасиеттілігін қаншалықты құрметтейтінімізді киім киісімізбен де көрсете аламыз. Киім кию мен шаш қоюды қоса алғанда, сыртқы көрінісіміз кездесулеріміздің құрметтеле түсуіне ықпал етеді. Елші Пауыл былай деп кеңес береді: “Ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын. Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын... Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық” (Тімотеге 1-хат 2:8—10). Ашық стадиондарда өтетін үлкен конгрестерге барғанда, әрине, ауа-райына қарай киінеміз, бірақ қарапайымдылық танытуды да ұмытпаймыз. Бұған қоса, бұл оқиғаға құрметпен қарайтын болсақ, бағдарлама барысында тамақ жеп не сағыз шайнамайыз. Кездесулерге барғанда, соған лайықты киім киісімізбен және дұрыс жүріс-тұрысымызбен Ехоба Құдайға және оған деген ғибадатқа даңқ әкелеміз, ал бауырластарға құрмет көрсетеміз.
Құдайдың үй ішіндегілеріне лайық жүріс-тұрыс
10. Елші Пауыл мәсіхшілер кездесулерінің жоғары дәрежеде өту керектігін қалай көрсетті?
10 Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 14-тарауында елші Пауылдың мәсіхшілер кездесулерінің қалай өту керектігіне қатысты дана кеңесі бар. Бұл тарауда келесі қорытынды сөздер жазылған: “Бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!” (Қорынттықтарға 1-хат 14:40) Кездесулеріміз — мәсіхшілер қауымының атқаратын істерінің маңызды бөлігі, сондықтан олар Ехобаның үй ішіндегілеріне лайық дәрежеде өткізілу керек.
11, 12. а) Кездесулерге баратын балалардың санасына не нәрсе ұялау керек? ә) Қауым кездесулерінде балалар қалай сенімдерін лайықты жолмен білдіре алады?
11 Кездесулерде өздерін қалай ұстау керектігін әсіресе балалар үйренулері керек. Мәсіхші ата-аналар балаларына Патшалық сарайы мен қауымның кітап зерттеу кездесуі өтетін жер ойнауға арналған орын емес екенін түсіндірулері керек. Бұлар Ехобаға ғибадат етуге және оның Сөзін зерттеуге арналған орындар. Дана патша Сүлеймен былай деп жазған: “Құдайға құлшылық етуге келер алдында аяғыңа абай бол... сөз тыңдауға көңіл бөл” (Екклесиаст 4:17). Мұса исраилдіктерді — ересектер мен “балаларды” — бірге жиналуға үйреткен. Ол былай деген: ‘Халықты жина, бұлар осыны тыңдайтын және зейіндеріне тоқып үйренетін болсын, әрі Жаратушы Иеден, өз Құдайларыңнан қорықсын, сөйтіп, осы заңның барлық сөздерін орындауға тырыссын; Және де осыны білмейтін олардың ұлдары естісін және Жаратушы Иеден, Өз Құдайларынан қорқуды үйренсін’ (Заңды қайталау 31:12, 13).
12 Сол сияқты бүгінде де балалар ата-аналарымен бірге қауым кездесулеріне, негізінен, тыңдау және үйрену үшін барады. Балалар ден қоюды және кем дегенде Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсінуді үйрене бастаған кезде, қысқаша түсініктемелер беріп, сенімдерін ‘ауыздарымен мойындай’ алады (Римдіктерге 10:10). Кішкентай бала өзі түсінетін сұраққа бір-екі ауыз сөзбен жауап бере бастауы мүмкін. Бастапқыда ол жауапты тек оқып беретін шығар, ал уақыт өте келе, өз сөздерімен жауап беруге тырысады. Бұл баланың өзі үшін пайдалы, әрі оған қуаныш әкеледі, ал оның сенімін осылайша көрсеткені сонда отырған ересек бауырластардың жүрегін қуантады. Әрине, ата-аналар өздері түсініктемелер беріп үлгі көрсетеді. Мүмкін болса, баланың жеке Киелі кітабы, ән кітабы және зерттеліп жатқан әдебиетінің болғаны жақсы. Олар осы әдебиеттерге лайықты құрмет көрсетуді үйренулері керек. Осының барлығының арқасында біздің кездесулеріміздің қасиетті жиналыстар екендігі балалардың балғын санасына ұялайтын болады.
13. Кездесулерге бірінші рет келгендер қандай әсерде қалады деп үміттенеміз?
13 Әлбетте, кездесулеріміздің мәсіхшілер әлемінің шіркеулеріндегідей болғанын қаламас едік. Ондағы қызметтер суық әрі сырт көзге әулиесіп көрінетін мәнерде өтуі немесе рок концерттердегідей азан-қазан болып жатуы мүмкін. Біз Патшалық сарайында өтетін кездесулерімізде жылулық пен достық пейілдің сезіліп тұрғанын қалаймыз. Сөйте тұра тым еркінсіп кетудің орынсыз болатынын ұмытпаймыз. Біз Ехобаға ғибадат ету үшін жиналамыз, сондықтан кездесулеріміз үнемі соған лайық түрде өту керек. Кездесуге бірінші рет келгендер бағдарламаны тыңдап, біздің және балаларымыздың жүріс-тұрысын көргеннен кейін: “Шынымен араларыңда Құдай бар!”— дегенін қалар едік (Қорынттықтарға 1-хат 14:25).
Ғибадатымыздың мәңгілік бөлігі
14, 15. а) ‘Өзіміздің Құдайымыздың үйін [елеусіз] тастаудан’ қалай аулақ бола аламыз? ә) Ишая 66:23-тегі сөздер қалайша қазірдің өзінде орындалып жатыр?
14 Жоғарыда айтылғандай, Ехоба өзінің халқын жинап, рухани ғибадатханасында, яғни ‘сиынатын үйінде’, қуанышқа кенелтуде (Ишая 56:7). Адал кісі Нехемия сол кездегі ғибадатхананы материалдық жағынан қолдап, осылайша ғибадат орнына лайықты құрмет көрсетулері керектігін яһудилердің естеріне салған. Ол: “Біз өзіміздің Құдайымыздың үйін [елеусіз] тастамаймыз”,— деді (Нехемия 10:39). Ехоба бізді өзінің “сиынатын үйінде” ғибадат етуге шақырып отыр. Біз бұған немқұрайды қарамауымыз керек.
15 Ехобаға ғибадат етуге үнемі жиналу керек екенін көрсету үшін Ишая Ехобаның сөздерін келтіріп, былай пайғамбарлық еткен: “Әрбір Жаңа туған ай мейрамы мен демалыс күні сайын бүкіл адамзаттың өкілдері Менің алдыма бас иіп сиынуға келетін болады” (Ишая 66:23). Бұл сөздер бүгінде орындалуда. Ехобаға бағышталған мәсіхшілер үнемі — әр айдың әр аптасында — оған ғибадат ету үшін бірге жиналады. Олардың ғибадатына басқа нәрселермен қатар, мәсіхшілердің кездесулеріне бару және уағыз ісіне қатысу кіреді. Сен де Ехобаның алдына бас иіп сиынуға үнемі келіп жүрсің бе?
16. Кездесулерге үнемі қатысу неге қазірдің өзінде өміріміздің ажырамас бөлігі болу керек?
16 Ишая 66:23-тегі сөздер Ехобаның уәде еткен жаңа дүниесінде толығымен орындалады. Сол кезде “бүкіл адамзат” тура мағынада аптадан аптаға, айдан айға Ехобаның ‘алдына бас иіп сиынуға’ келеді, немесе мәңгілік бойы оған ғибадат етеді. Жаңа дүниеде Ехобаға ғибадат ету үшін бірге жиналып тұру өміріміздің рухани саласының үнемі бір бөлігі болады. Ендеше қасиетті жиналыстарымызға үзбей бару қазірдің өзінде өміріміздің ажырамас бөлігі болу керек емес пе?!
17. Осы дүниенің соңы ‘таяп қалғанын білгендіктен’, неге кездесулерге барудың маңыздылығы одан бетер артады?
17 Осы дүниенің соңы таяп қалғандықтан, ғибадат ету үшін жиналыстарымызға баруға деген шешіміміз бұрынғыдан да берік болу керек. Біз кездесулеріміздің қасиеттілігін құрметтейміз, сондықтан жұмыстың, үй тапсырмасын орындау немесе қосымша сабақтар алудың бауырластарымызбен кездесуге кедергі болуына жол бермейміз. Біз бауырластарымызбен араласудан келетін күш-жігерге мұқтажбыз. Қауым кездесулерінде бауырластармен жақсырақ танысуға, бір-бірімізді жігерлендіруге және ‘сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салуға’ мүмкіндік бар. Осы дүниенің соңы ‘таяп қалғанын білгендіктен’, осылай етуге одан бетер күш салуымыз қажет (Еврейлерге 10:24, 25). Сондықтан кездесулерге үнемі баруымызбен, лайықты киім киісімізбен және дұрыс жүріс-тұрысымызбен қасиетті жиналыстарымызға әрқашан лайықты құрмет көрсетейік. Осылай етуімізбен қасиетті атаулыға деген көзқарасымыз Ехобанікіндей екенін көрсетеміз.
Қайталау
• Ехобаның халқының кездесулері қасиетті деп есептелу керектігі неден көрінеді?
• Кездесулеріміздің қандай қырлары олардың қасиетті екенін көрсетеді?
• Балалар кездесулеріміздің қасиеттілігін құрметтейтіндерін қалай көрсете алады?
• Неге кездесулерге үнемі қатысуды өміріміздің ажырамас бөлігі етуіміз керек?
[28-беттегі суреттер]
Қайда өтетініне қарамастан, Ехобаға ғибадат етуге арналған кездесулер — қасиетті жиналыстар
[31-беттегі сурет]
Кішкентай балаларымыз кездесулерге тыңдау және үйрену үшін барады