Ехоба мойынсұнушыларға батасын береді және қорғайды
“Мені тыңдаған адамдар зұлымдықтан қорықпай, қауіпсіз және тыныштықта өмір сүреді” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 1:33).
1, 2. Неге Құдайға мойынсұнғанның маңызы зор? Мысал келтіріңдер.
ЖҮНДЕРІ үлпілдеген сап-сары балапандар еш алаңсыз көк шөптің арасынан жем тауып жеп жүр, көз ұшында қалықтап жүрген қаршығаны байқайтын да емес. Кенет, мекиен мазасыздана ащы дауыспен күркілдеп, қанатын қомдай бастайды. Балапандары анасына қарай ұмтылып, қас қағым уақытта оның қанатының астына мықтап жасырынып алады. Қаршыға өз жайына кетедіa. Бұдан қандай сабақ алуға болады? Мойынсұну арқылы аман қалуға болады.
2 Бұл сабақ бүгіндегі мәсіхшілер үшін ерекше маңызды. Өйткені Шайтан мүмкіндігінше Құдайдың халқын жалмау үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде (Аян 12:9, 12, 17). Оның мақсаты — бізді Ехобаның тілектестігі мен мәңгі өмірге деген сенімімізден айырып, рухани жағынан күйрету (1 Петір 5:8). Бірақ егер Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болып, Сөзі мен ұйымы арқылы алып жатқан басшылыққа екі етпей құлақ асар болсақ, оның бізді қорғайтынына сенімді болуымызға болады. Забур жыршысы: “Сені Өзінің “қанатымен” жауып алады, осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады”,— деп жазған (Забур 90:4).
Жемтікке айналған тілазар халық
3. Исраилдің қайта-қайта мойынсұнбауының нәтижесі қандай болды?
3 Исраил халқы Ехобаға мойынсұнғанда, оның қалтқысыз қамқорлығының пайдасын көріп отыратын. Алайда олар жиі Жаратушыларынан бас тартып, ‘ешкімді құтқара да алмайтын, ешқандай пайдасы да жоқ’ ағаш пен тастан жасалған құдайларға табынып кететін (1 Патшалықтар 12:21). Ғасырлар бойы осылай бүлік шығара берген халықтың жолдан таюшылыққа салынғаны соншалық, қайта бет бұру мүмкін емес болды. Сол себепті де Иса: “Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Тәңір жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бірақ сендер одан бас тарттыңдар! Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”,— деп ашынған (Матай 23:37, 38).
4. Ехобаның Иерусалимнен бас тартқаны б. з. 70 жылы қалай аян болды?
4 Ехобаның жолдан тайған Исраилден бас тартқаны б. з. 70 жылы қайғылы түрде аян болды. Сол жылы Рим әскері қыранның бейнесі түсірілген туларын көтеріп, жыртқыш құс сияқты Иерусалимге бас салып, тұрғындарын қырып-жояды. Қалада Құтқарылу мейрамын тойлауға келген адамдар көп болатын. Көптеп шалған құрбандықтары оларды Құдайға ұнамды етпеді. Бұл Самуилдің тілазар патша Саулға айтқан сөздерін еске салады: “Жаратқан Иеге шын ұнайтын — құрбандық пен басқа сый-тарту ма, әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?! Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан, еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!” (1 Патшалықтар 15:22).
5. Ехоба қандай мойынсұнушылықты талап етеді және оған тап солай мойынсұнуға болатынын қайдан білуге болады?
5 Ехоба мойынсұнуды талап ететін болғанмен, кемелсіз адамдардың мүмкіншіліктері шектеулі екенін жақсы біледі (Забур 129:3, 4). Оның талап ететіні — шын жүректен және сенім мен сүйіспеншілікке негізделген мойынсұнушылық және оған ұнамайтынды істеп қоюдан орынды түрде қорқу (Заңды қайталау 10:12, 13; Нақыл сөздер 16:6; Ишая 43:10; Миха 6:8; Римдіктерге 6:17). Ауыр сынақтарға кезіккенде, тіпті өлім алдында адалдықтарынан таймаған ‘бұлт секілді қоршап тұрған сенушілер тобыры’ осындай мойынсұнушылық танытқан (Еврейлерге 11:36, 37; 12:1, сілтемені қара). Олар Ехобаның жүрегін қалайша қуантқан десеңші! (Нақыл сөздер 27:11). Алайда кейбіреулер бастапқыда адал болып, кейінірек Құдайға мойынсұнбай кеткен. Сондай адамдардың бірі — ежелдегі Яһуди халқының патшасы Жоғас.
Араммен араласып, бұзылып кеткен патша
6, 7. Жодайдың көзі тірісінде Жоғас қандай патша болған?
6 Жоғас патша бүлдіршін кезінде өлім аузынан құтылады. Ол жетіге келгенде, бас діни қызметкер Жодай оны жасырып келген жерінен қорықпастан алып шығып, патша етеді. Құдайдан қорқатын Жодай Жоғасқа әке орнына әке болып, ақыл-кеңес беріп отырған, соның арқасында “бас діни қызметкер Жодайдың көзі тірісінде [жас патша] Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды іс-әрекет істеді” (2 Шежірелер 22:10-23:1, 11; 24:1, 2).
7 Жоғастың “жүрек қалауымен” істеген игі істерінің бірі — Ехобаның ғибадатханасын жөндеу еді. Ол бас діни қызметкер Жодайға Яһуда мен Иерусалимнен ғибадатхананы жөндеуге “Мұса бұйырғандай” ғибадатхана үшін садақа жинау керек екенін есіне салады. Жодайдың жас патшаны Құдай заңын зерттеп, мойынсұнуға талпындырғаны бекер болмағаны сөзсіз. Соның нәтижесінде ғибадатхана мен оның керек-жарақтары тез арада өңделіп бітеді (2 Шежірелер 24:4, 6, 13, 14; Заңды қайталау 17:18).
8. а) Жоғастың рухани құлдырауына себеп болған басты нәрсе не? ә) Патшаның тілазарлығы оған не істетті?
8 Өкінішке орай, Жоғастың мойынсұнушылығы ұзаққа бармайды. Неге олай болды екен? Құдай Сөзінде былай делінген: “Жодай өлгеннен кейін, Яһуда әміршілері келіп, патшаға тағзым етті; содан патша солардың сөздеріне құлақ аса бастады. Сөйтіп ата-бабалары сиынған Құдайы — Жаратқан Иеден бас тартып, жалған тәңірлерге арналған бағаналар мен мүсіндерге құлшылық етті. Осы күнәсі үшін Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимге қаһарланды”. Яһуда әміршілерінің жаман жағынан әсер етуінің салдарынан патша Құдайдың пайғамбарларын елеуді де қояды. Сондай пайғамбарлардың бірі — Жоғас пен халықтың тілазарлығын батыл әшкерелеген Жодайдың ұлы Зәкәрия-тын. Кінәсін мойындап өкінудің орнына, Жоғас Зәкәрияны таспен ұрып өлтіртеді. Жоғас қандай тас жүрек, тілазар болып кетті десеңші! Мұның барлығы араммен араласқанның салдарынан болды (2 Шежірелер 24:17—22; 1 Қорынттықтарға 15:33).
9. Қалай Жоғаспен оның әміршілерінің ақырында нендей күйге ұшырағаны тілазарлықтың ақымақтыққа жататынын көрсетеді?
9 Ехобадан бас тартқан Жоғас пен оның зұлым әміршілеріне не болды екен? Сириялықтар, “әскерінің саны онша көп болмаса да”, Яһуда еліне басып кіріп, ‘халық арасындағы барлық әміршілерді қырып салады’. Басқыншылар патшаның жеке мүлкін де, ғибадатханадағы алтын-күмісті де тартып әкетеді. Олар Жоғасты аман қалдырғандарымен әлсіретіп, ауру етіп тастап кетеді. Көп ұзамай, өзінің нөкерлері сөз байласып, оны өлтіріп кетеді (2 Шежірелер 24:23—25; 4 Патшалықтар 12:17, 18). Ехобаның Исраил халқына: “Егер... Құдайың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, оның өсиеттері мен жарлықтарының барлығын орындауға тырыспайтын болсаң, бүкіл осы қарғыстар басыңа түсіп, сол қарғыстарға ұшырайсың”,— деп айтқан сөздері қалайша рас келді! (Заңды қайталау 28:15).
Мойынсұнудың арқасында аман қалған хатшы
10, 11. а) Неге Ехобаның Варухқа берген кеңесінің үстінен ой жүгірткен пайдалы? ә) Ехоба Варухқа қандай кеңес берді?
10 Уағыздау қызметінде кездескен адамдар ізгі хабарға қызығушылық танытпаса, кейде сенің ұнжырғаң түсе ме? Бәлкім, кей уақытта байларға, олардың дүниені жалпағынан басып жүргеніне іштей қызығатын боларсың? Егер солай болса, Еремияның хатшысы Варух пен Ехобаның оған сүйіспеншілікпен берген кеңесінің үстінен ой жүгіртіп көрші.
11 Варух пайғамбарлық мәлімет жазып жатқанда, Ехоба оның өзіне көңіл аударады. Не себепті? Өйткені ол өміріне налып, Құдайдың өзіне тапсырған ерекше, мәртебелі қызметінен өзге нәрсені қалай бастаған еді. Варухтың көзқарасының өзгергенін көрген Ехоба оған нақты, бірақ сүйіспеншілікке толы кеңес береді: “Сен өзіңе тым ұлы нәрсе сұрайсың, сұрама! Өйткені мен әрбір пендені қасіретке ұшыратамын... ал саған, қайда барсаң да, өз жаныңды олжа ретінде қалдырамын” (Еремия 36:4; 45:5).
12. Неге осы дүниеден “ұлы нәрсе” іздеуден аулақ болған дұрыс?
12 Ехобаның Варухқа айтқан сөздерінен Еремиямен бірге адал әрі батыл қызмет етіп жүрген сол керемет кісінің игілігін ойлағанын байқадың ба? Сол сияқты бүгін де Ехоба осы дүниеде байлыққа қызығып, елігіп жүргендерді ойлап қатты уайымдайды. Қуанышқа орай, сондай бауырластарымыздың көбісі Варух сияқты рухани міндеттер жүктелген бауырластардың сүйіспеншілікпен жасаған ескертулеріне құлақ асады (Лұқа 15:4—7). Иә, осы дүниеден “ұлы нәрсе” іздеудің келешегі жоқ екендігін бәріміз де түсініп алғаймыз. Ондайлар қазір де шынайы бақытқа жетпейді, мұнысымен қоймай, осы дүние мен оның тәндік құмарлықтарымен қоса жақында жойылып кетеді (Матай 6:19, 20; 1 Жохан 2:15—17).
13. Варух туралы әңгімеде кішіпейіл болуға қатысты біз үшін қандай сабақ бар?
13 Варух туралы әңгіме кішіпейіл болуға қатысты да керемет сабақ болып табылады. Ескере кетер жайт, Ехоба Варухқа кеңесті тікелей емес, өзі күнделікті кемелсіздігі мен өзгелерге жағымсыз көрінетін мінезін көріп жүрген Еремия арқылы берген (Еремия 45:1, 2). Десе де, Варух өркөкіректікке салынбай, шындығында кеңесті Ехоба бергенін кішіпейілдікпен мойындаған (2 Шежірелер 26:3, 4, 16; Нақыл сөздер 18:12; 19:20). Сондықтан егер ‘күнә жасап қойып’, Құдай Сөзінің кеңесіне мұқтаж болсақ, Варухтың толысқандығына, рухани көзқарасы мен кішіпейілділігіне еліктейік (Ғалаттықтарға 6:1).
14. Қолдарына жетекшілікті алған бауырластарымызға мойынсұнғанның біз үшін қандай пайдасы бар?
14 Осындай кішіпейіл көзқараста болу кеңес беретіндерге де көмектеседі. Еврейлерге 13:17-де былай делінген: “Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға бағыныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер”. Ақсақалдар бақташылық қызметтерінің осы бөлігін орындау үшін, Ехобадан батылдық, даналық және ілтипаттылық сұрап, қалайша жиі шын жүректен дұға етеді десеңші! Сондықтан ‘мұндай адамдарды қадірлей’ берейік (1 Қорынттықтарға 16:18).
15. а) Қалай Еремия Варухқа сенетінін көрсеткен? ә) Кішіпейілділікпен мойынсұнушылық танытқаны үшін Варух қандай сыйға ие болды?
15 Варухтың ой-қалпын жөндегені анық, өйткені бұдан кейін Еремия оған аса жауапты тапсырма берген. Ол ғибадатханаға барып, Еремияның аузынан жазып алған тап сол Құдайдың үкімін дауыстап оқу керек болатын. Варух бұған мойынсұнды ма? Иә, ол “Еремия пайғамбар бұйырғанның бәрін орындады”. Оның үстіне, ол сол хабарды Исраил әміршілерінің алдында оқып берді, ал бұл үшін оған зор батылдық қажет болғаны сөзсіз (Еремия 36:1—6, 8, 14, 15). Он сегіз жылдан кейін қаланы бабылдықтар жаулап алғанда, Ехобаның ескертуіне құлақ асып, “ұлы нәрсе” іздеуін қойғандықтан аман қалғаны үшін, Варухтың қалай қуанғанын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! (Еремия 39:1, 2, 11, 12; 43:6).
Қоршауда болғанда мойынсұнушылық арқылы аман қалғандар
16. Қалай Ехоба б. з. б. 607 жылы Иерусалим бабылдықтардың қоршауында болғанда яһудилерге жанашырлық көрсеткен?
16 Б. з. б. 607 жылы Иерусалим қирағанда, Құдай мойынсұнушы адамдарға тағы да жанашырлық танытты. Қоршаудың қысымы барынша үдеп тұрған шақта, Ехоба яһудилерге: “Міне, Мен сендерге өмір жолы мен өлім жолын ұсынып отырмын: осы қалада қалған адам семсер жүзінен, аштық пен індеттен өледі; ал өздеріңді қоршауға алған халдейлерге берілген адам аман қалады. Оған өз жаны олжа орнына қалады”,— дейді (Еремия 21:8, 9). Иерусалим тұрғындары жойылуға лайық болғанмен, Ехоба барынша ауыр әрі құтқарылудан әбден күдер үзген жағдайда мойынсұнушылық танытқандарға жанашырлық көрсеткенb.
17. а) Ехоба Еремияға қоршаудағы яһудилерді “халдейлерге берілуге” шақыруды бұйырғанда, оның сенімі қандай екі нәрседе сыналды? ә) Батылдықпен мойынсұнуға қатысты Еремияның көрсеткен үлгісінің біз үшін қандай пайдасы бар?
17 Яһудилерді берілуге шақыру — Еремияның да мойынсұнушылығын сынағаны сөзсіз. Бір жағынан, ол Құдайдың есіміне зор қызғанышпен қараған. Еремия Құдай есімін жаудың аяқ асты етуін қаламаған, өйткені жаулары жеңіске жеткендерін жансыз мүсіндерінің арқасында деп есептер еді ғой (Еремия 50:2, 11; Еремияның зары 2:16). Сонымен қатар Еремия тұтқынға берілуге шақырудың өз өміріне қауіп төндіретінін де түсінген, өйткені мұндай әрекетті көбісі опасыздыққа талпындыру деп түсінген болар еді. Осыған қарамастан Еремия қоян жүректік танытпаған, қайта, мойынсұнушылықпен Ехобаның атынан сөйлеген (Еремия 38:4, 17, 18). Еремия сияқты біз де өзгелердің бәріне ұнай бермейтін хабарды жариялаудамыз. Тап осы хабар үшін Исаны да жек көрген (Ишая 53:3; Матай 24:9). ‘Пендеден қорыққанның’ орнына, Еремия іспетті Ехобаға толықтай арқа сүйеп, батылдықпен оған мойынсұна берейік (Нақыл сөздер 29:25).
Гогтың шабуылының алдындағы мойынсұнушылық
18. Алдағы уақытта Ехобаның қызметшілерінің мойынсұнушылығы қалай сыналмақ?
18 Жақында Шайтанның зұлым заманы теңдесі жоқ ‘ауыр азапта’ жойылады (Матай 24:21). Осы оқиғаға дейін және сол уақытта Құдай халқының сенімі мен мойынсұнушылығы сыналатындығында сөз жоқ. Мысалы, Киелі кітапта Шайтан “Магог жеріндегі Гогтың” рөлін атқарып, “бұлт сияқты” жер бетін қаптап кетуге даяр “қалың қолға” теңелген қара нөпір жинап, Ехобаның қызметшілеріне жаппай шабуыл жасайтыны айтылған (Езекиел 38:2, 14—16). Гогтың қалың нөпірімен салыстырғанда, саны аз әрі қаруланбаған Ехобаның халқы Оның мойынсұнғыштарды қорғау үшін жайған “қанатының” астына келіп паналайды.
19, 20. а) Неге Қызыл теңіздің жағалауында болған оқиғада исраилдіктердің мойынсұнушылық танытқаны шешуші орын алған? ә) Дұға ете отырып, Қызыл теңіздің жағалауында болған оқиға туралы ой жүгірткеннің біз үшін қандай пайдасы бар?
19 Бұл Исраилдіктердің Мысырдан көшіп шыққанын ойымызға салады. Мысырлықтарды ауыр он жазаға ұшыратқаннан кейін, Ехоба өз халқын қысқа жолмен Уәде етілген жерге бастап алып жүрген жоқ. Қайта, шабуыл жасаған әскердің оп-оңай ығыстыруына болатын Қызыл теңізге қарай алып жүреді. Әскери тұрғыдан қарағанда бұл өлімге апаратын әрекет-тін. Сен сол жерде болғанда Ехобаның Мұса арқылы айтқан сөздеріне құлақ асып, Уәде етілген жердің басқа жақта екенін білсең де, толық сеніммен Қызыл теңізге бет алар ма едің? (Мысырдан шығу 14:1—4).
20 Әрі қарай Мысырдан көшіп шығу кітабының 14-тарауын оқи отырып, біз Ехобаның құдіретті күшін салтанатты түрде паш етіп, халқын босатып алғанын білеміз. Осындай оқиғаларды зерттеп, ой жүгіртетін болсақ, қалайша сеніміміз қатаяды десеңші! (2 Петір 2:9). Ал сеніміміздің берік болғаны — Ехобаның талаптары адами тұрғыдан ақылға қонбайтындай болып көрінсе де, оған мойынсұнуға күш береді (Нақыл сөздер 3:5, 6). Сондықтан өзіңнен былай деп сұра: “Киелі кітапты бар ынтаммен зерттеу, дұға ету, ой жүгірту және Құдай халқымен үнемі араласып тұру арқылы сенімімді қатайту үшін бар күшімді салып жүрмін бе?” (Еврейлерге 10:24, 25; 12:1—3).
Мойынсұнушылық үміт береді
21. Ехобаға мойынсұнатындар қазір және болашақта қандай баталарға ие болады?
21 Ехобаға мойынсұнуды өмір жолы еткендер, қазірдің өзінде Нақыл сөздер 1:33-те жазылған сөздердің растығына көздері жетуде. Онда былай делінген: “Мені тыңдаған адамдар зұлымдықтан қорықпай, қауіпсіз және тыныштықта өмір сүреді”. Ал Ехобаның кек алатын күні келгенде, жұбаныш беретін осы сөздер қалайша керемет орындалады десеңші! Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын!” (Лұқа 21:28). Тек Құдайға мойынсұнатындар ғана осы сөздерге сенімділікпен құлақ аса алады (Матай 7:21).
22. а) Ехобаның халқының сенімді болуына қандай себеп бар? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
22 Сенімділік беретін тағы бір нәрсе — “Тәңір Құдай өз құлдары — пайғамбарларға сырын ашпай, ешнәрсе жасамайды” (Амос 3:7). Бүгінде Құдайдың атынан ежелдегідей пайғамбарлар сөйлемейді. Ол бүгінде адал қызметші табына Өзінің отбасы мүшелеріне уақтылы рухани ас-су беріп отыруды тапсырған (Матай 24:45—47). Осы ‘қызметшіге’ мойынсұнғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Келесі мақаладан көретініміздей, мұндай мойынсұнушылық ‘қызметшінің’ қожасы Исаға деген көзқарасымызды да аян етеді. “Халықтардың мойынсұнушылығы — соған [Исаға] тиесілі” (Жаратылыс 49:10, ЖД).
[Сілтемелер]
a Жиі тауық қорқақ етіп суреттеледі, сөйтсе де хайуанаттарды қорғау қоғамының бір басылымында “мекиен балапандарын қауіп-қатерден қорғау үшін жанын беруге даяр екені” айтылған.
b Еремия 38:19-да кейбір яһудилердің халдейлерге “өтіп кетіп”, тұтқынға алынғанымен, аман қалғандары жөнінде жазылған. Олар Еремияның сөздеріне құлақ асып солай еткен бе, жоқ па айтылмаған. Сөйткенмен де, олардың аман қалғаны пайғамбардың сөздерінің растығының дәлелі.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Исраилдіктердің үнемі тілазарлық таныта беруінің нәтижесі қандай болды?
• Қалай Жоғасқа жас кезінде және кейінірек айналасындағы адамдар әсер еткен?
• Варух туралы әңгімеден біз қандай сабақ алуымызға болады?
• Неге осы заманның ақыры жақындап келе жатқан уақытта Құдайдың мойынсұнғыш халқы үшін қорқуға негіз жоқ?
[20-беттегі сурет]
Жодайдың басшылығына сүйенген Жоғас Ехобаға мойынсұнған
[22-беттегі сурет]
Жаман адамдардың әсер етуімен Жоғас Құдайдың пайғамбарын өлтіруді бұйырған
[23-беттегі сурет]
Ехобаға мойынсұнып, оның құдіретті күшінің салтанатты түрде паш етілуін көрер ме едің?