Ехобаның сөзі тірі.
Еремия кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕРЕМИЯНЫҢ апат жайлы айтқан хабарын естіп, халықтың жаны қатты түршіккен болу керек. Өйткені үш ғасыр бойы ғибадат орталығы болып келген салтанатты ғибадатхананың күл-талқаны шықпақ еді. Иерусалим қаласы мен Яһуда жері қаңырап бос қалып, халқы тұтқынға әкетілмек. Осы және басқа да үкімдер жайлы Киелі жазбаның екінші үлкен кітабы Еремия кітабынан оқимыз. Сонымен қатар бұл кітапта Құдайға 67 жыл бойы адал қызмет еткен Еремияның бастан өткізген жайттары жазылған. Ондағы мәліметтер хронологиялық ретпен емес, тақырып-тақырып бойынша берілген.
Еремия кітабының біз үшін қандай маңызы бар? Ондағы орындалған пайғамбарлықтар уәделерін Орындаушы Ехоба Құдайға деген сенімімізді нығайтады (Ишая 55:10, 11). Біздің күнімізде де Еремия пайғамбардыкі сияқты іс жүріп жатыр және адамдардың ізгі хабарға деген көзқарасы сол кездегідей (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Оның үстіне, Ехобаның өз халқымен қарым-қатынасы туралы мәлімет оның қасиеттеріне баса назар аударады, әрі бізге зор әсерін тигізеді (Еврейлерге 4:12).
“МЕНІҢ ХАЛҚЫМ ЕКІ БІРДЕЙ ЗҰЛЫМДЫҚ ЖАСАДЫ”
Еремия Яһуда патшасы Жосияның билігінің он үшінші жылы, яғни б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуына 40 жыл қалғанда, пайғамбар ретінде тағайындалған болатын (Еремия 1:1, 2). Көбінесе Жосия патшаның билігінің соңғы 18 жылында айтылған хабарлар Яһуданың зұлымдығын әшкерелеу мен Ехобаның оған шығарған үкімі жайлы еді. “Иерусалимды тастардың үйіндісіне... ал Иудей қалаларын адам тұрмайтын мекиен шөл далаға айналдырамын”,— дейді Ехоба (Еремия 9:11). Неге? “Өйткені Менің халқым екі бірдей зұлымдық жасады”,— дейді ол (Еремия 2:13).
Еремияның айтқан хабары сондай-ақ күнәсына өкінген тамтықтың қайта қалпына келуі туралы да еді (Еремия 3:14—18; 12:14, 15; 16:14—21). Алайда хабаршыны халық жылы қабылдамайды. “Жаратушы үйінің қараушысы” Еремияны ұрып, түні бойы астауға отырғызып қояды (Еремия 20:1—3).
Киелі кітап сұрақтарының жауаптары:
1:11, 12. “Жаңа дүние” аудармасында “бадам ағашының бұтасы” неге “Ехобаның өз сөздеріне сергек болуымен” байланыстырылған? Бадам ағашы — көктемде ерте гүлдейтін ағаштардың бірі. Ехоба үкімдерін ескерту үшін бейнелі мағынада “ерте тұрып, [пайғамбарларын] жібереді”, әрі сол үкімдері орындалғанша, өз сөздеріне ‘сергек болады’ (Еремия 7:25, ЖД).
2:10, 11. Құдайдан безген исраилдіктердің қандай әрекеті оғаш еді? Батыстағы Кіттим мен шығыстағы Кедар жеріндегі жалған тәңірге табынушы халықтар басқа халықтардың құдайларына да табынған болатын. Алайда өз тәңірлерінен толық бас тарту олардың ойына кіріп-шықпаған. Ал исраилдіктер болса Ехобаны тастап, тірі Құдайдың орнына, жансыз пұттарды дәріптеді.
3:11—22; 11:10—12, 17. Самария б. з. б. 740 жылы құлаған болса да, неге Еремия өз хабарында он рулы солтүстік патшалығы жайлы да айтқан? Себебі б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің қирауы Ехобаның тек Яһудаға емес, бүкіл Исраил халқына шығарған үкімі еді (Езекиел 9:9, 10). Он рулы патшалық құлағаннан кейін де, оның болашағы Иерусалиммен байланысты болды. Сондықтан Құдайдың пайғамбарлары бұл хабарды исраилдіктерге де қатыстырып айтқан.
4:3, 4. Бұл өсиеттің мәні неде? Құдайға адал болмаған яһудилер жүректерін дайындап, жұмсартып, тазартулары керек еді. Олар жүректерінен арам ойларды, сезімдер мен ниеттерді ‘сылып тастаулары’ керек болатын (Еремия 9:25, 26; Елшілердің істері 7:51). Бұл үшін өмір салттарын өзгертулері, яғни жаман істерді тоқтатып, Құдайдың батасын әкелетін істерді жасаулары қажет еді.
4:10; 15:18. Қай мағынада Ехоба өзінің қыңыр халқын алдады? Еремияның күнінде “жалған болжамдар жасаған” пайғамбарлар болған (Еремия 5:31; 20:6; 23:16, 17, 25—28, 32). Олардың жалған хабар айтуына Ехоба тосқауыл жасамады.
16:16. Ехобаның “қаптаған балықшыларды” және “қаптаған аңшыларды” жіберем дегені неге нұсқайды? Бұл адалдық танытпаған яһудилерге шығарған үкімін жүзеге асыру үшін, Ехобаның оларды іздеп табуға жауларын жіберетініне нұсқауы мүмкін. Алайда Еремия 16:15-ті ескерер болсақ, бұл тармақ күнәсына өкінген исраилдіктерді іздеп табуға меңзеуі де мүмкін.
20:7. “Жаңа дүние” аудармасына сай, қай мағынада Ехоба ‘өз күшін’ Еремияға қарсы қолданды және оны алдады? Ехобаның үкімін жариялағанда, Еремия адамдардың немқұрайдылығына, қарсылық пен қудалауға кезіккендіктен, қызметін жалғастыруға өзін күшсіз сезінген болса керек. Алайда Ехоба өз күшін оның осы сезіміне қарсы қолданып, қызметін жалғастыруына күш берді. Осылайша Ехоба пайғамбарды шамам келмейді деп ойлаған ісін орындату арқылы алдады.
Біз үшін сабақ:
1:8. Ехоба кейде өз халқын қудалаулардан әділетті заң қызметкерлері арқылы, қарсылық көрсеткен шенеуніктерді парасатты адамдармен ауыстыру немесе қызметшілеріне төзуге күш беру арқылы құтқаруы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 10:13).
2:13, 18. Құдайға адал болмаған исраилдіктер екі бірдей зұлымдық жасады: олар бар игіліктің, басшылық пен қорғаныштың сенімді көзі — Ехобаны тастап кетті. Сондай-ақ Мысырмен және Ассурмен одақтасып, бейнелі мағынада өздеріне су айдынын жасап алды. Қазіргі таңда да тірі Құдайдан бас тартып, адам пәлсапалары мен теорияларына және осы дүниенің саясатына бет бұру — ‘тірі судың қайнар көзінің’ орнына “тас-талқаны шыққан су айдынын” жасап алумен пара-пар.
6:16. Ехоба бүлікші халқын тоқтап, өздерін тексеріп, адал ата-бабаларының ‘жолдарына’ қайтуға шақырды. Біз де арагідік өзімізді тексеріп, Ехоба қалаған жолмен жүріп келе жатқанымызға көз жеткізіп тұруымыз керек емес пе?
7:1—15. Ғибадатханаға арқа сүйегені және оған өздерін қорғайтын қасиетті күші бар деп қарағаны яһудилерді құтқарған жоқ. Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүруіміз керек (Қорынттықтарға 2-хат 5:7).
15:16, 17. Еремия сияқты біз де ұнжырғаның түсуімен күресе аламыз. Ол үшін Киелі кітапты ынты-шынтымызбен зерттеуіміз, қызметте Ехобаның есімін дәріптеуіміз және жаман ортадан аулақ жүруіміз керек.
17:1, 2. Күнәларының кесірінен Яһуда халқының әкелген құрбандықтары Құдайға ұнамсыз болды. Құлықтылық жағынан таза болмасақ, біздің де мадақтау құрбандықтарымызды Құдай қабылдамайды.
17:5—8. Адамдар мен олардың құрған жүйелеріне Құдайдың еркі мен принциптеріне сай әрекет ететін болса ғана сенім арта аламыз. Ал құтқарылу, нағыз тыныштық пен толық қауіпсіздік сияқты мәселелерде тек Ехобаға сенім артқанымыз абзал (Забур 145:3).
20:8—11. Біз селқостықтың, қарсылық не қудалаудың Патшалықты жариялау ісіндегі құлшынысымызды бәсеңдетуіне жол бермеуіміз керек (Жақып 5:10, 11).
“ВАВИЛОН ПАТШАСЫНЫҢ БҰҒАУЫ АСТЫНА ӨЗ МОЙНЫҢДЫ И”
Еремия Яһуданың соңғы төрт патшасына, жалған пайғамбарларға, жауапсыз бақташылар мен азғын діни қызметкерлерге шығарылған үкімді жариялайды. Адал тамтықты жақсы інжір жемістеріне теңей отырып, Ехоба: “Игілігі үшін Өз жанарымды соларға тігемін”,— дейді (Еремия 24:5, 6). 25-тараудағы үш пайғамбарлықта кейінгі тарауларда егжей-тегжейлі қарастырылатын үкімдер жинақтап жазылған.
Діни қызметкерлер мен пайғамбарлар Еремияны өлтірудің амалын қарастырады. Өйткені Еремия оларға Бабыл патшасына мойынсұну керектігін айтқан болатын. Седекия патшаға ол: “Вавилон патшасының бұғауы астына өз мойныңды и”,— деген (Еремия 27:12). Алайда “Исраилды Кім бытыратып жіберсе, оны Сол жинайды” (Еремия 31:10). Құдай рехавтар әулетіне батасын беретінін уәде етеді. Еремияны ‘күзетшілер ауласына қамап тастайды’ (Еремия 37:21). Иерусалим жойылып, тұрғындарының басым көпшілігі тұтқынға әкетіледі. Еремия мен оның хатшысы Варух шағын топпен елде қалып қояды. Үрейленген осы адамдар Еремияның ескерткеніне қарамастан Мысырға кетеді. 46—51 дейінгі тарауларда Еремияның халықтарға айтқан хабары жазылған.
Киелі кітап сұрақтарының жауаптары:
22:30. Бұл жарлық Иса Мәсіхті Дәуіттің тағына отыру құқынан айырды ма? (Матай 1:1, 11) Жоқ, олай емес. Осы жарлық бойынша, Ехонияхтың ұрпағынан ешкім “[Яһудадағы] Дәуіттің тағына отырмайды”. Иса Яһудадағы тақта отырып емес, көктен билік ету керек еді.
23:33. ‘Жаратушыдан келген ауыртпалық’ деген не? Еремияның күнінде, Иерусалимнің жойылуы туралы оның суық хабары отандастары үшін ауыртпалық болды. Ал осы хабарға мән бермеген адамдар болса, керісінше, Ехобаға ауыртпалық болды, сондықтан олардан бас тартты. Сол сияқты, жойылатындығы туралы Киелі кітаптың хабары мәсіхшілер әлемі үшін ауыртпалық болса, осы хабарға ден қоймайтындар, керісінше, Құдайға ауыртпалық болып табылады.
31:33. Құдай заңы адамның жүрегіне қалай жазылады? Адам Құдай заңын барынша жақсы көргендіктен, оның еркін орындауды қатты қаласа, онда Құдай заңы жүрегіне жазылған деуге болады.
32:10-15. Неліктен іс қағазының екі данасы жасалатын? Іс қағаздың біреуі қолдана алу үшін ашық қалдырылатын. Ал оның туралығына көз жеткізу керек болған кезде ашып көру үшін екіншісі мөрленіп, сақтап қойылатын. Туысы әрі бір сенімдегі бауырласы болса да, Еремия онымен жасасқан келісімін жазбаша түрде заңдастыруымен бізге үлгі қалдырды.
33:23, 24. Бұл жерде қандай “екі тайпа” жайлы айтылған? Бірі — Дәуіт патшадан тараған патша әулеті де, екіншісі — Һароннан тараған діни қызметкерлер әулеті. Иерусалим мен ғибадатхана жойылғанда, Ехоба осы екі әулеттен бас тартып, бұдан былай жер бетіне билік ететін патшалық болмайтындай немесе шынайы ғибадат қайта орнамайтындай көрінді.
46:22. Неге Мысырдың үні жыландыкіне теңелген? Бұл олардың апатқа ұшырағаннан кейінгі халықтың ысқыра артқа шегінгеніне немесе бәсеңдеген үніне нұсқауы мүмкін. Сондай-ақ бұл теңеу жылан құдайы Уаджит қорғайды деп, Мысыр перғауындарының қасиетті жылан бейнесі жасалған бас киімді кигенінің еш пайдасы болмағанын көрсетеді.
Біз үшін сабақ:
21:8, 9; 38:19. Иерусалим жойылайын деп тұрса да, оның өлімге лайықты тұрғындарына Ехоба таңдау жасауға мүмкіндік берді. Расында да, оның “мейірімі мол” (Патшалықтар 2-жазба 24:14; Забур 118:156).
31:34. Ехобаның өзі кешірген адамдардың күнәларын еске алмайтынын және болашақта оларды жазаламайтынын білу — неткен жұбаныш!
38:7—13; 39:15—18. Ехоба адал қызметімізді, соның ішінде ‘қасиеттілерге қызмет еткенімізді’, ұмытпайды (Еврейлерге 6:10, ЖД).
45:4, 5. Яһуданың соңғы күндеріндегідей, осы зұлым дүниенің соңғы дәуірі байлық, атақ-даңқ, бақуатты өмір сияқты “ғаламат дүние” іздейтін уақыт емес (Тімотеге 2-хат 3:1; Жоханның 1-хаты 2:17).
ИЕРУСАЛИМ ӨРТЕЛДІ
Б. з. б. 607 жыл. Седекияның патшалық құруының он бірінші жылы. Бабыл патшасы Набуходоносордың Иерусалимді қоршауға алғанына 18 ай болды. Набуходоносордың билігінің он тоғызыншы жылының бесінші айының жетінші күні патша оққағарларының бастығы Навузардан Иерусалимге “келді”, немесе оралды (Патшалықтар 4-жазба 25:8). Ол қала сыртындағы қостан жағдайды барлап, жоспар құрған болса керек. Үш күн өткен соң, айдың оныншы күні, ол Иерусалимге “келіп”, яғни кіріп, қаланы от қойып өртеп жіберді (Еремия 52:12, 13).
Еремия Иерусалимнің құлауы туралы егжей-тегжейлі жазып қалдырған. Оның жазғандары адамды зарлатып жылататындай. Мұны Киелі кітаптың Еремияның зары кітабынан оқи аламыз.
[8-беттегі сурет]
Еремияның жариялаған хабарының ішінде Ехобаның Иерусалимге шығарған үкімі де бар
[9-беттегі сурет]
Қалай Ехоба ‘өз күшін’ Еремияға қарсы қолданды?
[10-беттегі сурет]
‘Иуда қоныс аударушыларын Мен жақсы інжір жемістеріне теңеймін’ (Еремия 24:5)