Иса келгенде нені жүзеге асырады?
“САН-ПАУЛУДАҒЫ ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТ”. “Вежа” журналы 2006 жылдың мамыр айының төрт күнін осылай сипаттады. Бұл күндері ұйымдасқан қылмыстық істер Бразилияның ең үлкен әрі ең бай қаласын “тізе бүктірді”. Осы “төрт тәуліктен астам уақытқа созылған террорлық әрекет” кезінде 150-ге жуық полицей қызметкері, қылмыскерлер мен қала тұрғындары қайтыс болды.
Бүгінде зорлық-зомбылық дүниенің төрт бұрышында дерлік жаңалықтардың басты тақырыбы болуда. Адамзат басшылары оған тосқауыл қоя алмайтынға ұқсайды. Жеріміз күннен-күнге өмір сүруге қауіпті орынға айналуда. Қайда барсаңыз да, жағымсыз хабарды естіп, сіздің көңіліңіз түсетін шығар. Алайда өзгеріс болатын уақыт жақын.
Иса ізбасарларына Құдай Патшалығының келуі мен Құдайдың ‘еркі көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала беруін’ сұрап дұға етуді үйреткен (Матай 6:9, 10). Бұл Патшалық — Құдайдың Иса Мәсіхті Патшасы етіп тағайындаған үкіметі. Ол бүкіл адамзаттың қиыншылықтарын шешеді. Алайда бұл Патшалық жер бетінде өзгерістер жасамас бұрын, адамзат билігінің орнына Иса өз билігін орнатуы керек. Ол келгенде, дәл осыны жүзеге асырады.
Билік бейбіт жолмен ауыса ма?
Халықтар Исаның билігіне қарсыласпай бағына ма? Мұның жауабын елші Жохан көрген аяннан табамыз. Ол былай дейді: “Сонда мен айуанды [осы дүниенің саяси жүйесін], дүниенің патшаларын және олардың әскерлерін көрдім. Олар ақ боз ат үстінде Отырғанмен [Исамен] және Оның әскерімен шайқасуға жиналған екен” (Аян 19:19). Осы шайқаста дүниенің патшаларымен не болады? Киелі кітапта айтылғандай, Ехоба Құдайдың тағайындаған Патшасы ‘оларды темір аса таяғымен қырып салып; құмыра жасаушының ыдысы секілді шағып тастайды’ (Забур 2:9, Тт). Осы дүниенің саяси жүйесінің тас-талқаны шығады. Құдай Патшалығы ‘барлық [адамзат] патшалықтарын қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады’ (Даниял 2:44).
Ал Құдай Патшалығына қарсы шығатын адамдармен не болады? ‘Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде, Ол Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ’ (Салониқалықтарға 2-хат 1:7, 8). Нақыл сөздер 2:22-де болса: “Зұлымдар елден аластатылады, Опасыздар түп-тамырымен құртылады”,— делінген.
Исаның келуі жайлы Киелі кітапта: ‘Міне, Ол бұлттармен келе жатыр! Әрбір көз оны көреді’,— делінген (Аян 1:7). Адамдар оны тура мағынада көрмейді. Себебі көкке көтерілгеннен бері, Иса — рухани тұлға. “Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды” (Тімотеге 1-хат 6:16).
Исаға жер тұрғындарына ‘көріну’ үшін міндетті түрде адами тәнге енудің қажеті жоқ. Мұсаның күндерінде Ехоба да мысырлықтарға көрінбей-ақ Он жаза жіберген еді ғой. Сол кезде халық бұл жазаларды Ехоба жіберіп отырғанына еш күмәнданбаған. Олар сонда оның құдіретін мойындауға мәжбүр болды (Мысырдан шығу 12:31). Тап солай, Иса Құдайдың үкімін жүзеге асырғанда, зұлым адамдар оған мұндай билікті беріп отырған Құдай екенін ‘көретін’, немесе түсінетін, болады. Себебі оларға бұл жөнінде алдын ала ескертіледі. Шынында да, “әрбір көз... Мәсіхті көріп, Жер бетіндегі барлық рулар үрейленіп, Ол туралы қайғырып, жылайды еңіреп” (Аян 1:7).
Ендеше, жер беті гүлденіп, нағыз тыныштық орнамас бұрын, зұлымдар да, олардың зұлым билеушілері де жойылуы қажет. Мұны Иса жүзеге асырады. Сосын, ол жер бетіндегі істердің барлығын өз қолына алып, үлкен өзгерістер жасайды.
‘Барлық нәрсе қалпына келетін уақыт’
Елші Петір Тәңір қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялаған ‘барлық нәрсе қалпына келетін уақыт’ жайлы айтқан (Елшілердің істері 3:21). Бұған Мәсіхтің билігі кезінде жер бетінде болатын өзгеріс те жатады. Жердегі ‘барлық нәрсе қалпына келетін уақыт’ жайлы айтқан Құдай пайғамбарларының бірі — б. з. б. VIII ғасырда өмір сүрген Ишая пайғамбар. Ол “тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” Иса Мәсіхтің жер бетінде тыныштық орнататыны жайлы алдын ала айтқан. Исаның билігі жөнінде Ишая былай дейді: “Оның құрған билігі арта түсіп, Орнатқан тыныштығы шексіз болады” (Ишая 9:6, 7). Иса адамдарды татулықта өмір сүруге үйретеді. Сонда жер бетінің тұрғындары “тыныштыққа кенеледі” (Забур 118:165).
Исаның билігі кезінде жоқшылық, аштық атаулы бола ма? Ишая былай деген: “Жаратушы Ие Саваоф сол таудың үстінде барлық халықтар үшін майлы тамақ береді, таза шараптардан, жануардың сүйек майларынан және ең таза шараптардан дастархан мәзірін жасайды” (Ишая 25:6). Ал забур жыршысы: “Жерде астықтың, тауда жеміс ағаштарының молшылығы болады”,— дейді (Забур 71:16). Сондай-ақ жер тұрғындары жайлы былай деп оқимыз: “Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмір сүретін болады. Менің таңдап алғандарым жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді” (Ишая 65:21, 22).
Ишая сонымен қатар ауру мен өлімнің жойылатыны жайлы да алдын ала айтқан. Құдай ол арқылы былай дейді: “Сол кезде соқырлардың көздері ашылады, және саңыраулар еститін болады. Сол кезде ақсақ адам елік сияқты орнынан атып тұрады, мылқау пенде ән шырқай бастайды” (Ишая 35:5, 6). Сонда “бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды” (Ишая 33:24). “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады, сөйтіп, Жаратушы Ие барлық адамдардың бет-жүзіндегі жас тамшысын тыяды” (Ишая 25:8).
‘Қабірдегілер’ жайлы не деуге болады? (Жохан 5:28, 29) Ишая: “Сенің өліктерің тіріледі”,— деп пайғамбарлық еткен (Ишая 26:19). Иә, өлім ұйқысында жатқандар орындарынан тұрып, өмірге қайта оралады!
“Құдай — сенің мәңгілік Тағың”
Иса келгенде, Жер шарын түгелдей қалпына келтіреді. Жер беті керемет жұмаққа айналып, ал адамзат шынайы Құдайға бірігіп ғибадат етеді. Иса Мәсіхтің жерден зұлымдарды аластатып, әділдік орната алатынына сенімді бола аламыз ба?
Исаға күш пен билікті кім беріп отырғанына көңіл аударыңызшы. Киелі кітапта оған былай делінген: “Құдай — сенің мәңгілік Тағың, Жүргізесің Патшалығыңа әділ билік. Әділетсіздікті жек көріп, сүйесің Сен әділдік” (Еврейлерге 1:8, ЖД; 9). Демек, Исаға тақты, яғни дәреже мен билікті, берген — Ехоба. Ол — осы тақтың Орнатушысы. Ендеше, кез келген проблеманы шешу Исаға қиындық тудырмайды.
Өлімнен қайта тірілген соң, Иса шәкірттеріне: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!”— деді (Матай 28:18). Ал Петірдің 1-хаты 3:22-де: “Періштелер, рухани билеушілер және күш атаулылар Оған бағынышты”,— делінген. Ешқандай күш те, билік те Исаға қарсы тұра алмайды. Адамзатқа мәңгілік баталарды төгуіне оған ештеңе де тосқауыл бола алмайды.
Исаның келетініне сену адамдарға қалай әсер етеді?
Салоникалықтарға жазған хатында елші Пауыл былай деген: “Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміттеніп жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз” (Салониқалықтарға 1-хат 1:3). Пауыл Иса Мәсіхке деген үміттің арқасында адамның табанды, ал еңбегі жемісті болатынын көрсеткен. Осы үмітке Исаның келетініне және барлық нәрсені қайта қалпына келтіретініне сену жатады. Мұндай үміт шынайы мәсіхшілерге қиын жағдайларда күш береді, немесе төзуге көмектеседі.
Мысалы, Сан-Паулуда (Бразилия) тұратын Карлосты алайық. 2003 жылдың тамыз айында Карлос өзінде қатерлі ісік бар екенін біледі. Содан бері ол сегіз рет ота жасатып, әр отадан соң оның зардабын тартып, қатты ауыратын. Соған қарамастан ол өзгелер үшін жігердің көзі болып қала береді. Мысалы, ол аурухананың алдындағы көшеде уағыздап тұрғанда, бір Ехоба Куәгерін кездестіреді. Оның күйеуі химиотерапия қабылдап жүрген екен. Қатерлі ісіктің салдары қандай жаман болатынын өз басынан білетін Карлос оның күйеуіне де, өзіне де жұбаныш беріп жігерлендіре алды. Олар бұл әңгіменің өздеріне қанат бергенін айтты. Осылайша елші Пауылдың мына сөздерінің растығына Карлостың көзі жетті: “[Құдай] бізді барлық азаптарымызда жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз” (Қорынттықтарға 2-хат 1:4).
Карлос ауыр сырқатына қарамастан, басқа адамдарды нығайтуға күшті қайдан алды? Мәсіхтің келетініне және ол келгенде, көп нәрсені жүзеге асыратынына үміт артқаны оны ‘жақсылық жасаудан талмауға’ талпындырды (Ғалаттықтарға 6:9).
Енді Самуелдің мысалын қарайық. Оның інісін әкесінің үйінен 50 метрдей жерде өлтіріп кетеді. Оған он рет оқ атылған екен. Полицей қызметкерлері қылмысты зерттеп болғанша, оның мәйіті сегіз сағат бойы жаяу жолдың үстінде жатады. Сол күні болған жайтты Самуел еш ұмыта алмайды. Алайда Мәсіхтің жер бетінен зұлымдық атаулыны жойып, ал оның әділ билігі мол баталар әкелетініне деген үміті оған күш береді. Самуел қайта тірілген інісін жер бетіндегі Жұмақта құшақтап тұрғанын жиі көз алдына елестетеді (Елшілердің істері 24:15).
Не істеуіңіз керек?
Исаның келетіндігіне және келгенде жүзеге асыратын істеріне үміт артсаңыз, сіз де көңіліңізге зор жұбаныш табасыз. Иса Мәсіх адамзат қиыншылықтары мен зұлымдықтың түп-тамырын міндетті түрде жояды.
Исаның билігі кезінде адамзатқа төгілетін баталарды көру үшін сізге не істеу қажет? Ол үшін Құдай Сөзі Киелі кітапты мұқият зерттеңіз. Иса әкесіне айтқан дұғасында: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деген (Жохан 17:3). Киелі кітап неге үйрететінін білуді мақсат етіп қойыңыз. Сіз тұратын жердегі Ехоба Куәгерлері бұған қуана көмектеседі. Сізді олармен байланысуға шын жүректен шақырамыз, немесе осы журнал баспасына жазып жіберіңіз.
[7-беттегі суреттер]
Иса келгенде жер бетін түгелдей қалпына келтіреді
[Түпдерек]
Inset, background only: Rhino and Lion Park, Gauteng, South Africa