‘Жақсы мен жаманды айыра білесіңдер’ ме?
‘Құдайға не ұнайтынын біліп алыңдар’ (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:10).
1. Бүгінгі күннің қандай қиындықтары бар және неге?
“ТӘҢІРІМ, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін” (Еремия 10:23, СА). Еремияның қырағылықпен байқаған нәрсесінің бүгінгі күні біз үшін мәні ерекше. Неге? Өйткені біз Киелі кітапта алдын ала айтылған ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (2 Тімотеге 3:1). Күнделікті біз қандай да бір шешім қабылдауды талап ететін қиын жағдайларға кезігіп отырамыз. Бұл шешімдер қандай болмасын — маңызды ма, жоқ па — біздің тәндік, эмоциялық және рухани игілігімізге қатты әсер етеді.
2. Қандай жағдайларда талғау әдеттегі нәрсе болып көрінуі мүмкін және өздерін Құдайға арнаған мәсіхшілердің талғауға деген көзқарасы қандай?
2 Күнделікті өмірде жасап жүрген талғауларымыз жиі қарапайым немесе әдеттегі нәрседей болып көрінеді. Мысалы, біз күнделікті не кию, не жеу, кіммен кездесу керек екені сияқты нәрселерді таңдаймыз. Мұндай нәрселерді біз ойланбастан-ақ таңдай саламыз. Алайда мұндай нәрселер расында да көңіл қоюға тұрмай ма? Біз, өзін Құдайға арнаған мәсіхшілер, не киіп, не жеп-ішіп, не айтып және өзімізді қалай ұстайтынымызға ерекше мұқият болуымыз керек. Осының барлығы біздің Құдіреті күшті Ехобаға қызмет ететіндігімізді паш етуі керек. Елші Пауылдың сөздерін еске алайықшы: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (1 Қорынттықтарға 10:31; Қолостықтарға 4:6; 1 Тімотеге 2:9, 10).
3. Қандай жағдайларда талғаудың маңызы анағұрлым зор?
3 Кейде талғау жасаудың анағұрлым зор мәні болады. Мысалы, некеге тұруға не тұрмауға қатысты қабылдаған шешім адамның бүкіл өміріне үлкен әсерін тигізеді. Сондай-ақ, жарды да, яғни өмірлік серікті, дұрыс таңдағанның маңызы зорa (Нақыл сөздер 18:22). Біздің рухани күйімізге, демек, мәңгілік игілігімізге — жора-жолдастар мен таныстарды, сондай-ақ білім, жұмыс және көңіл көтерудің түрлерін таңдағанымыз да қатты, кейде тіпті шешуші түрде, әсер етеді (Римдіктерге 13:13, 14; Ефестіктерге 5:3, 4).
4. а) Бізге қандай қабілет аса қажет? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастыруымыз керек?
4 Әрине, осы шешімдердің бәрін қабылдау үшін жақсы мен жаманды, немесе не нәрсенің жақсы болып көрінетіндігі мен ненің шын мәнінде жақсы екендігін, айыра білу керек. Киелі кітап былай деп ескертеді: “Адамға түзу болып көрінетін жолдар бар, бірақ олардың ақыры өлімге апаратын жол” (Нақыл сөздер 14:12, СА). Сондықтан бізде мынадай сұрақтар тууы мүмкін: қалай жақсыны жаманнан айыруды үйренуге болады? Шешім қабылдағанда басшылықты қайдан табуға болады? Өткен уақытта және қазіргі уақытта адамдар қалай әрекет еткен әрі олардың әрекеттерінің нәтижесі қандай болған?
Осы дүниенің ‘пәлсапасы мен пайдасыз ілімдері’
5. Алғашқы мәсіхшілер қандай дүниеде өмір сүрген?
5 Бірінші ғасырда мәсіхшілер гректер мен римдіктердің құндылықтары мен идеалдары үстем болып тұрған дүниеде өмір сүрген. Сондай-ақ римдіктер өзгелерде қызғаныш тудыратындай үпті әрі сән-салтанатты тұруға бейім болатын. Тағы да, ойшыл адамдарды Платон мен Аристотельдің ғана емес, басқа да, мысалы, эпикурейлер мен стоиктер сияқты жаңа ағымдардың ой-пікірлері дүрліктіруде болатын. Екінші миссионерлік сапарымен елші Пауыл Афиныға келгенде өздерін “білгішсінген мылжыңнан”, яғни Пауылдан, жоғары санаған эпикурей және стоик пәлсапашылары онымен айтыса бастаған болатын (Елшілердің істері 17:18).
6. а) Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілерді не қызықтырды? ә) Пауыл қандай ескерту жасады?
6 Ертедегі мәсіхшілердің кейбіреулерін айналадағы адамдардың маңғаз жүріс-тұрыстары мен өмір салты не себепті қызықтырғанын түсінуге болады (2 Тімотеге 4:10). Оларға осы дүниенің адамдары өмірдің барлық игіліктерімен қолданып жатқандай болып көрінетін, әрі олардың жасаған талғамдары да өте ақылға қонымды сияқты болатын. Осы дүние өздерін Құдайға арнаған мәсіхшілерде жоқ қандай да бір құнды нәрсені беретіндей болып көрінетін. Алайда Пауыл: “Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, осы дүниедегі қарапайым ережелер туралы үйретеді”,— деп ескертті (Қолостықтарға 2:8, сілтемені қара). Неге Пауыл бұлай деген?
7. Осы дүниенің даналығының шын мәніндегі құны қандай?
7 Пауылдың мұндай ескерту жасауының себебі ол осы дүниеге қызыққан адамдардың ой қалпының қаншалықты қауіпті екенін түсінген. Оның ‘пәлсапасымен, пайдасыз ілім’ деген сөйлемшені қолданғанын ерекше атап өтуге болады. “Пәлсапа” деген сөз тура мағынада “даналықты сүю және оған талпыну” дегенді білдіреді. Өздігінен бұл қасиеттер пайдалы болуы мүмкін. Киелі кітап, соның ішінде әсіресе Нақыл сөздер кітабы, дұрыс ілім мен даналықты іздеуге шақырады (Нақыл сөздер 1:1—7; 3:13—18). Бірақ Пауыл “пәлсапаны” “пайдасыз іліммен” қатар қойған. Басқаша айтқанда, Пауыл осы дүниенің даналығын пайдасыз, әрі алдамшы деп есептеген. Ол үрлеп қойған шар іспетті, қомақты болып көрінетін, бірақ оның іші бос болатын. Осы дүниенің ‘пәлсапасы мен пайдасыз ілімдері’ сияқты қияли нәрсеге негізделіп жаманнан жақсыны айыру ақылдылыққа жатпайды, тіпті қауіпті де.
“Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтіндер”
8. а) Адамдар кеңесті кімнен іздейді? ә) Адамдар қандай кеңестер алады?
8 Бүгінгі күні өзгерген нәрсе шамалы. Адам өмірінің барлық саласын дерлік көптеген сарапшылар зерттеуде. Көптеген мамандар — неке және отбасына қатысты кеңес берушілер, шолушылар, алаяқ психологтар, жұлдызнамашылар, эктрасенстер тағы сол сияқтылар — қуана-қуана ақыға кеңес береді. Алайда олардың беретін кеңестері қандай? Аталмыш мамандар “жаңа құлықтылық” деп аталатын нәрсеге орын босату үшін, жиі Киелі кітапқа негізделген құлықтылық нормаларын ысырып тастайды. Мысалы, Канадада шығатын “Глоб энд мейл” газетінің редакциялық мақаласында үкіметтің “бір жынысты адамдарды некеге” тіркеуден бас тартқандығы жөнінде былай делінген болатын: “Бір-бірін сүйетін әрі бір-біріне адал екі жанды, жазғанда бір жынысты болып қалғаны үшін, көкейкесті армандарына жеткізбеу 2000 жылы жосықсыз нәрсе болып көрінеді”. Бүгінде адамдар көп нәрсені бетімен кетірген әрі айып тұтпайды да. Барлық нәрсе салыстырмалы болып есептеледі. Абсолютті жақсылық пен жамандық деген түсінік құрылған (Забур 9:23, 24).
9. Көпшілік сыйлайтын адамдар жиі қандай әрекеттер жасайды?
9 Ал өзге біреулер болса, шешім қабылдағанда әлеуметтік және қаржы-қаражат табуда жетістікке жеткендерге, яғни бай әрі көпке танымал адамдарға, еліктейді. Қазір мұндай адамдар жұртқа өте сыйлы болғанымен, олар жиі адалдық пен сенімділік сияқты игі істерді аузымен ғана айтады. Көпшілігі билік пен олжаға қол жеткізу үшін, ұятты ысырып қойып неше түрлі қулыққа барады, құлықтылық принциптерін аяқ асты етеді. Кейбіреулер атақ пен даңқ қуып әбден тұрақталған құндылықтар мен нормаларды ескермей өздерін өрескел, даукес етіп көрсетуді мақұл көреді. Осындай әрекеттердің нәтижесінде адамдар тек өз мүддесі жөнінде ойлай бастайтын болады, барлық нәрсені бетімен жіберуге бейім болып, шектен тыс еркінсіп кетеді. Сол себепті ненің жақсы, ненің жаман екендігі жөнінде әңгіме қозғалғанда адамдардың қобалжып, дәрменсіз күйге түсетіндігіне таңырқауға бола ма?! (Лұқа 6:39).
10. Ишаяның жақсы мен жаман жөнінде айтқан сөздерінің растығын не нәрсе дәлелдейді?
10 Бұрыс берілген басшылыққа негізделіп жасалған теріс шешімдердің залалды нәтижесін кез келген жерде кездестіруге болады: шаңырағы ортасына түскен және бақытсыз отбасылары, нашақорлық пен ішкілікке салыну, бетімен кеткен қарақшы жас өспірімдер, азғындық, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар,— бұлар кейбір мысалдар ғана. Расында да, жақсы мен жаман туралы әңгіме қозғалғанда адамдар барлық нормалар жөнінде, немесе бір-бірін түсінуге көмектесетін нәрселер жөнінде, ұмытып кететін болса, бұдан осындай нәтижеден басқа не күтуге болады? (Римдіктерге 1:28—32). Бұл Ишая пайғамбардың айтқан сөздеріне тура сай келеді: “Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтіндер, қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық деп атайтындар, әрі ащыны тәтті, тәттіні ащы санайтындар қасіретке қалады! Өздерін сондай дана, парасатты деп есептейтіндер де қасіретке қалады!” (Ишая 5:20, 21).
11. Ненің жақсы, ненің жаман екенін шешкенде адамның өзіне сенгені неге даналыққа жатпайды?
11 “Өздерін сондай дана, парасатты” деп есептеген ертедегі яһудилерді Құдай жауапқа тартқандықтан, ненің жақсы, ненің жаман екенін шешкенде өзімізге сенбеудің біз үшін маңызы одан да зор. Көп адамдар қазір: “Жүрегің не айтса, соны тыңда” немесе “Қалай еткенің дұрыс деп шешсең, солай ет” деген кеңестерге құлақ асады. Бұлай ету парасаттылыққа жата ма? Киелі кітапқа сәйкес дұрыс емес, өйткені онда: “Адам жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген, кім оны түсіне алады?” — делінген (Еремия 17:9, СА). Шешім қабылдағанда алдампаз, бүлінген адамның кеңесіне құлақ асар ма едіңдер? Әрине, олай етпес едіңдер. Қайта, оны тыңдап болғаннан кейін керісінше әрекет етерсіңдер. Міне, сол себепті Киелі кітап бізге: “Өзіне сенген адам ақымақ; ал даналық танытқан, аман болады”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 3:5—7; 28:26, СА).
Құдайға не ұнайтынын біліп алайық
12. Неге біз “Құдайдың еркін” ажырата білуіміз керек?
12 Ненің жақсы, ненің жаман екенін шешкенде осы дүниенің даналығына да, өзімізге де сенбеуіміз керек болса, сонда не істеуіміз керек? Елші Пауылдың анық әрі тура айтылған кеңесіне құлақ асалық: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2). Неге біз Құдайдың еркін ажырата білуіміз қажет? Киелі кітапта Ехоба неге бұлай ету керек екендігінің анық әрі салмақты себебін келтірген, онда былай делінген: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік” (Ишая 55:9). Сондықтан, өзіміздің айыра білу қабілетімізге немесе сезімімізге сенгеннен гөрі, ‘Құдайға не ұнайтынын біліп алайық’ (Ефестіктерге 5:10).
13. Иса Жохан 17:3-те жазылған сөздерінде Құдайға не ұнайтынын білу керек екендігін қалайша ерекше атап өткен?
13 Осылай етудің қажет екендігін Иса Мәсіх: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— дегенде ерекше атап өткен (Жохан 17:3). Мұндағы “тану” деп аударылған сөздің мағынасы “білу” деген сөзге қарағанда, анағұрлым тереңірек. Вайнның сөздігіне сәйкес, бұл сөз “танып жатқан адам мен танылып жатқан объекттің арасында қарым-қатынастың бар екендігіне меңзейді; танылып жатқан объекттің танып жатқан адамның көз алдында қымбат немесе маңызды екендігіне нұсқайды” (Vine’s Expository Dictionary). Біреумен қарым-қатынаста болу ол адамның кім екені мен есімін ғана білуден әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Қарым-қатынаста болу оған не ұнайтынын, ал не ұнамайтынын, оның нені бағалайтынын, қандай принциптерді ұстанатынын білуді, және оларды сыйлауды білдіреді (1 Жохан 2:3; 4:8).
Түйсіну қабілетімізді тәрбиелейік
14. Пауылдың айтуынша, рухани сәби мен кемеліне келген адамның арасындағы басты айырмашылық неде?
14 Қалайша жақсы мен жаманды ажыратуды үйренуге болады? Бұл сұрақтың жауабын Пауылдың І ғасырдағы еврейден шыққан мәсіхшілерге арнаған сөзінен табуға болады. Ол былай деп жазды: “Сүтпен” қоректенетін әрбір адам әділдік сөзін жетік білмейді, өйткені ол сәби. “Қатты тағам” болса кемеліне келіп, іс жүзінде қолдану арқылы түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға үйреткендерге арналған”. Пауыл мұнда алдыңғы тармақта “Құдайдың қасиетті сөздерінің негізгі тәлімі” ретінде суреттеген “сүтпен” “іс жүзінде қолдану арқылы түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға үйреткен” ‘кемеліне келген адамдарға арналған’ ‘қатты тағамның’ айырмашылығын көрсеткен (Еврейлерге 5:12—14, ЖД).
15. Құдай туралы тура білім алу үшін неге барынша күш салып еңбек ету керек?
15 Демек, Құдай Сөзіндегі, яғни Киелі кітаптағы, Ехобаның нормаларын тура түсінгіміз келсе, ең алдымен бізге барынша күш салып еңбек ету керек. Әрине, Құдай Сөзінен біз нені істеуге болатынын, ал нені істеуге болмайтынын анықтайтын тізім таппаймыз. Киелі кітап ондай кітап емес. Пауыл былай деп түсіндірген: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып [“барлық нәрсені жетік біліп”, ЖД], толықтай даяр болмақ” (2 Тімотеге 3:16, 17). Осы тәлім беру, әшкерелеу, түзету біздің пайдамызға асуы үшін ойлану, әрі ой жүгірту керек. Бұл күш салуды талап етеді, алайда мұның нәтижесі солай етуге тұрарлық — біз “барлық нәрсені жетік біліп”, ‘барша игі іске дайындалып, толықтай даяр боламыз’ (Нақыл сөздер 2:3—6).
16. Түйсіну қабілетін үйрету деген не?
16 Сонымен қатар, Пауыл айтқандай, кемеліне келген адамдар ‘түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға үйреткен’. Біз талқыланып жатқан сұрақтың ең түйініне келдік. ‘Түйсіну қабілетін... үйреткен’ деген сөйлемшенің тура мағынасы “түйсіну мүшелері гимнастікіндей машықталған” дегенді білдіреді (Kingdom Interlinear Translation). Гимнаст қандай да бір снарядта — шығыршықта, не бөренеде — жаттығу жасап жатқанда, мұнысы дүниежүзілік тартылыс заңына немесе табиғаттың басқа заңдарына қайшы келетіндей болып көрінеді. Ол үнемі дене қимылын толық бақылап отырады және жаттығуды жақсылап аяқтау үшін, не істеу керек екенін іштей сезеді деуге болады. Мұның барлығы үнемі қайтпастан жаттыққанның нәтижесі.
17. Қай мағынада біз гимнасқа ұқсас болуымыз керек?
17 Егер шешімдеріміз бен талғауларымыз әрқашан дұрыс болғанын қалайтын болсақ, біз де гимнаст іспетті, рухани мағынада машықталған болуымыз керек. Біз әрқашан сезіміміз бен тәнімізді толықтай бақылап отыруымыз керек (Матай 5:29, 30; Қолостықтарға 3:5—10). Мысалы, көздеріңді өнегесіз нәрселер көрмеуді, ал құлақтарыңды әдепсіз музыка мен сөздер естімеуді үйретіп жүрсіңдер ме? Рас, біздің айналамыз осындай нәрселерге толы. Сөйтсе де, мұндай нәрселерге жүрегімізден орын береміз бе, жоқ па біз шешеміз. Біздің Забур жыршысына еліктеуімізге болады, ол былай деген: “Көз алдыма жарамсыз нәрсені қоймаймын; заңсыз нәрсені жек көремін; ол маған жоламайды... жалған сөйлейтін адам көз алдымда қалмайды” (Забур 100:3, 7, СА).
Түйсіну қабілеттеріңді іс жүзінде қолдану арқылы үйретіңдер
18. Түйсіну қабілетімізді үйретуді түсіндіргендегі Пауыл қолданған “іс жүзінде қолдану арқылы” деген сөйлемше нені білдіреді?
18 Түйсіну қабілетімізді “іс жүзінде қолдану арқылы” үйрете алатынымызды есте ұсталық. Басқа сөздермен айтқанда, әрбір шешім қабылдаған сайын, оның Киелі кітаптағы қандай принциптерге қатысы барын түсінуіміз және оны қалай қолдануға болатынын үйренуіміз керек. Өздеріңе қажетті мәліметті “адал да саналы қызметші” арқылы беріліп отырған Киелі кітапқа негізделген басылымдардан іздеуді дағдыға айналдырыңдар (Матай 24:45). Әрине, рухани толысқан мәсіхшілерден көмек сұрауымызға болады. Сөйткенмен де, біздің Құдай Сөзін зерттеу үшін салған ынтамыздың, сондай-ақ Ехобадан басшылық пен оның рухын сұрап дұға еткендігіміздің жемісі мол болады (Ефестіктерге 3:14—19).
19. Егер жаймен түйсіну қабілетімізді үйрететін болсақ қандай баталарға ие боламыз?
19 Түйсіну қабілетімізді бірте-бірте үйрету барысында біз ‘әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, азғындық жолға түсіп’ қалмауға тырысуымыз керек (Ефестіктерге 4:14). Өзіміздің білімімізді және Құдайға не ұнамды екенін түсінетіндігімізді негіз етер болсақ, маңызды істерде де, ұсақ істерде де дана шешімдер қабылдайтын боламыз. Бұл болса өзіміз үшін де пайдалы, әрі бауырластарымызды нығайтады, ал ең бастысы — көктегі Әкеміздің жүрегін қуантатын болады (Нақыл сөздер 27:11). Қазіргі қиын-қыстау күндері бұл қаншалықты бата беріп, қандай қорған болады десеңші!
[Сілтеме]
a Доктор Томас Холмс және Ричард Ра адамның өміріндегі анағұрлым стрестік қырық жағдайлардың тізімін құрған болатын. Аталмыш тізімде алғашқы үш орынды — зайыбының өлімі, ажырасу және бөлек тұру жөнінде шешім қабылдау алады. Некеге тұру жетінші орында.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Дана шешімдер қабылдау үшін не қажет?
• Неге ненің жақсы, ненің жаман екенін шешкенде көпке танымал адамдарға еліктеу және өзіміздің сезімімізге сену даналыққа жатпайды?
• Неге шешім қабылдағанда Құдайға не ұнамды екендігін тура білуіміз керек және біз мұны қалай біле аламыз?
• ‘Түйсіну қабілетімізді үйрету’ деген нені білдіреді?
[20-беттегі сурет]
Бай және көпке танымал адамдардан басшылық іздеудің еш пайдасы жоқ
[22-беттегі сурет]
Біз гимнаст сияқты, сезіміміз бен тәнімізді толықтай бақылауымыз керек