«Тәңірді және оның күшін іздеңдер»
«Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін, Тәңірдің көзі бүкіл жер жүзін шолып отырады» (2 ШЕЖІРЕ 16:9).
1. Күш дегеніміз не және адамдар оны қалай пайдалануда?
КӨПТЕГЕН нәрселерді күштің қатарына кіргізуге болады: қолда биліктің болуы немесе өзгелерге ықпал ету, әрекет ету қабілеті немесе нәтижеге қол жеткізу, қара күш, мидың күші немесе құлықтылықты көрсететін күш. Адамдар күшті көбінесе дұрыс қолданбайды. Саясатшылардың билігі туралы айта келіп, лорд Эктон деген тарихшы: «Билік бұзады, ал бар билік қолда болса — мүлдем бұзады»,— деген болатын. Қазіргі заманның тарихында Лорд Эктонның сөздерін растайтын мысалдар жетіп-артылады. XX ғасырда «адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етуде» (Екклесиаст 8:9). Опасыз диктаторлар қолдарындағы билігін зұлымдық жасау үшін пайдаланып, миллиондаған адамдардың өмірін құрбан етуде. Сүйіспеншілік, даналық және әділеттілік қасиеттерімен қатар қолданылмаған күш өте қауіпті.
2. Ехобаның өз күшін қолдануына өзге қасиеттерінің қалай әсер ететінін түсіндірші?
2 Құдай адам баласы сияқты емес. Ол өз күшін әрдайым жақсылық жасау үшін жұмсайды. «Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін, Тәңірдің көзі бүкіл жер жүзін шолып отырады» (2 Шежіре 16:9). Ехоба өз күшін орынды қолданады. Ехоба өзінің шыдамдылығының арқасында зұлымдардың тәубеге келуіне мүмкіндік беріп, үкімінің орындалуын тежеп отырады. Сүйіспеншілігі болса өзі жаратқан күннің көзін бүкіл адамзат үшін, яғни әділдер үшін де, әділетсіздер үшін де, шығаруына көмектеседі. Ал әділеттілігі болса өзінің шексіз күшін қолданып, ақыр аяғында «өлім әкелуші» Шайтан Ібілісті жоюына ықпал етпек (Матай 5:44, 45; Еврейлерге 2:14; 2 Петір 3:9).
3. Құдайдың шексіз күші оған сенім артуымызға неліктен негіз болып табылады?
3 Аспандағы Әкеміздің тұла бойды тітіркендірер күші, оның уәделеріне, сондай-ақ оның қорғаныш екеніне сенуіміз үшін берік негіз болып табылады. Әкесінің қолынан қысып ұстаған кішкентай бала өзін біреудің ренжітуіне әкесінің жол бермейтінін білгендіктен, бөтен адамдардың жанында өзін қауіпсіз сезінеді. Сол сияқты, аспандағы «құтқаруға күш-қуаты жеткілікті» Әкеміз де, егер онымен бірге жүрсек, бізді орны толмас залалдың бәрінен қорғамақ (Ишая 63:1; Мика 6:8). Сондай-ақ Ехоба, жақсы Әке секілді, өз уәделерін әрдайым орындайды. Ол сөзін «не үшін жіберген болса соны жүзеге асырады». Бұған оның шексіз күш-қуаты кепілдік береді (Ишая 55:11; Титке 1:2).
4, 5. а) Аса Ехобаға толық арқа сүйегенде не болды? Қиын мәселені шешуде адамдарға арқа сүйесек не болуы мүмкін?
4 Аспандағы Әкеміздің қорғаныш ретінде беріп отырған нәрселерін ұмытпауға белді бекем буған неге сонша маңызды? Өйткені кейде кейбір жағдайлар еңсемізді басып, нағыз қорғаныштың қайда екенін ұмытып кетуіміз мүмкін. Мұны көп жағдайларда Ехобаға сенім артқан Асаның мысалынан көруге болады. Аса билік жүргізіп отырған кезде, эфиопиялықтардың миллион адамнан тұратын әскері Иудеяға шабуыл жасайды. Жауының әскери күшінің басым екенін түсінген Аса: «О, Тәңір! Күштіге немесе әлсізге жәрдем беру Сенің күшіңде емес пе? Тәңір Құдайымыз біздің, бізге жәрдем берсеңші, өйткені біз саған ғана арқа сүйеп, Сенің атың үшін ғана біз мына тобырға қарсы шықтық. О, Тәңір! Біздің Құдайымыз Сенсің. Сені адам жеңе алмайды»,— деп дұға етеді (2 Шежіре 14:11). Ехоба Асаның өтінішін тыңдап, оны толық жеңіске жеткізеді.
5 Алайда адал қызмет еткеніне көп жыл болған кезде, Ехобаның құтқаратынына деген Асаның сенімі шайқалады. Солтүстік Исраил патшалығынан төніп тұрған қатерден құтылуды көздеген ол Сириядан көмек сұрайды (2 Шежіре 16:1—3). Асаның Сирия патшасы Венададқа сыйға берген тартуы Иудеяға Исраилдің тарапынан төніп тұрған қатерді жоюға көмектеседі. Бірақ оның Сириямен одақтасқаны Ехобаның құтқаратынына толық сенімді болмағанын көрсетеді. Ананий пайғамбар оған әдейі былай дейді: «Эфиопиялықтар мен либиялықтардың күші де, күймесі мен салт аттыларының саны да тіпті көп емес пе еді? Бірақ сен Тәңірге арқа сүйеген болатынсың, сондықтан Тәңір оларды сенің қолыңа жығып берді» (2 Шежіре 16:7, 8). Қатаң сөгіс ретінде айтылған бұл сөздерге Аса сонда да құлақ аспайды (2 Шежіре 16:9—12). Адамдарға артқан үміт түңілтпей қоймайтын болғандықтан, қиындық туғанда мәселенің шешімін адамдардан іздемейік, одан да Құдайға арқа сүйейік (Забур 145:3—5).
Ехобаның беретін күшін іздеңдер
6. Неге біз «Тәңірді және Оның күшін іздеуіміз» керек?
6 Ехоба өзінің қызметшілеріне күш және қорғаныш болатын нәрселер бере алады. Киелі кітап болса бізді «Тәңірді және Оның күшін іздеуге» шақыруда (Забур 104:4). Неге? Өйткені әлдебір нәрсені Құдайдың күшінің көмегімен істейтін болсақ, біздің әрекетіміз өзгелерге зиян келтірмей, қайта, игілік үшін жұмсалмақ. Иса Мәсіх «Тәңірдің құдіретімен» көптеген кереметтер жасаған болатын. Одан басқа ешкім жақсы үлгі көрсете алмайды (Лұқа 5:17). Исаның бай, атақты, тіпті құдіреті күшті патша болуға мүмкіндігі бар еді (Лұқа 4:5—7). Дегенмен ол Құдайдың берген күшін басқа мақсатта, яғни адамдарға білім беру, көмектесу әрі сауықтыру үшін қолданды (Марқа 7:37 Жохан 7:46). Бұл біздер үшін тамаша үлгі!
7. Әлдебір нәрсені өзіміздің емес, Құдайдың «күшімен» істеу арқылы біз қандай қасиет дамытамыз?
7 Оның үстіне, егер әлдебір нәрсені «Тәңірдің өзімізге берген күш-қуатымен» істейтін болсақ, бұл біздің кіші пейілді болуымызға жәрдем бермек (1 Петір 4:11). Өз мүддесін көздеп билікке ұмтылатындар өз күшіне сеніп кетеді. Бұған мысал — «Мен күштімін, мен құдіреттімін, мен батырмын, мен алыппын, менен асқан ешкім жоқ» деп мақтанған Ассирияның патшасы Асардан. Ехоба болса «осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды... «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады». Сол себепті, істеген нәрсесі өзінің ғана күшімен жүзеге асып жатпағанын білгендіктен, мәсіхші мақтанса Ехобаны айтып мақтанады. Біз «Құдайдың құдіретті қолының астында бойсұну» арқылы шынымен-ақ жоғарыламақпыз (1 Қорынттықтарға 1:26—31; 1 Петір 5:6).
8. Ехобадан күш алу үшін ең алдымен не істеу керек?
8 Құдайдан қалайша күш алып отыруымызға болады? Біріншіден, күшті дұғада сұрауымыз керек. Иса Әкесінің сұрағандарға киелі рух беретініне шәкірттерін сендірген болатын (Лұқа 11:10—13). Мәсіхтің шәкірттерінің Иса туралы куәлік етуге тыйым салған діни жетекшілерге емес, Құдайға мойынсұнғанды артық көргенде зор күш-жігерге ие болғанын естеріңе түсіріңдерші. Олар көмек сұрап Ехобаға шын жүректен дұға етіп, өздерінің дұғаларына жауап та алған болатын. Сөйтіп киелі рухтың арқасында ізгі хабарды батыл уағыздаған еді (Елшілердің істері 4:19, 20, 29—31, 33).
9. Рухани күштің екінші қайнар көзін атап, Киелі кітаптан оның қалай әсер ететінін көрсететін мысал келтіріңдерші.
9 Екіншіден, күшті Киелі кітаптан алып отыруымызға болады (Еврейлерге 4:12). Жосия патшаның күндерінде Құдай сөзінің күші айқын көрінген еді. Бұл патша елдегі бұттарды жояды. Дегенмен кейіннен ғибадатханадан Ехобаның Заңы табылғанда, ол көбірек күш жұмсап тазартуды жалғастырадыa. Жосия иудейлерге Заңды оқып бергеннен кейін, бүкіл халық Ехобамен бітім жасайды да, бұтқа табынуға қарсы бағытталған күрестің екінші, яғни әлдеқайда күшті науқаны басталады. «Сөйтіп, олар [иудейлер] Жосияның көзі тірісінде ата-бабаларының Құдайы — Тәңірдің жолынан таймайды». Бұны Жосияның енгізген өзгерістерінің тамаша нәтижесі деуге болады (2 Шежіре 34:33).
10. Қандай үшінші жолды пайдаланып біз Ехобадан күш алааламыз және бұл неліктен маңызды?
10 Үшіншіден, бір сенімдегі бауырластарымызбен араласу арқылы Ехобадан күш аламыз. «Сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандыру» үшін, сондай-ақ біріне-бірі демеу болуы үшін, Пауыл мәсіхшілерді жиналысқа үзбей баруға шақырған (Еврейлерге 10:24, 25). Керемет түрде түрмеден босатыла сала, Петір «көп бауырластар дұға етуге жиналған» Жохан Марқаның шешесі Мәриямның үйіне барады. Өйткені ол бауырластарымен бірге болуды қалаған еді (Елшілердің істері 12:12). Әрине, олардың әрқайсысы өз үйінде дұға етсе де болатын еді. Бірақ олар қиын-қыстау кезде бір-біріне демеу болу үшін, бас қосып дұға етуді ұйғарады. Пауыл өзінің Римге бағытталған ауыр да қатерлі жолының соңына қарай, Путеолада бауырластардың бірнешеуін кездестіреді. Сонан соң Римнен шыққан басқа бауырластарды жолықтырады. Мұны ол қалай қабылдайды? «Пауыл оларды [алдынан шыққандарды] көргенде Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалады» (Елшілердің істері 28:13—15). Қайтадан бауырластарымен бірге болғаны Пауылға жігер береді. Бауырластарымызбен араласқанда біз де жігерленеміз. Бір-бірімізбен емін-еркін араласуға мүмкіндік беретін бостандық барда, өмірге апаратын тар жолмен жападан-жалғыз жүрмеуге тырысуымыз керек (Нақыл сөздер 18:1; Матай 7:14).
11. «Шамадан тыс күшті» ерекше қажет ететін жағдайлардың кейбіреулерін атаңдаршы?
11 Әрдайым дұға ету мен Киелі кітапты зерттеу, сондай-ақ бауырластарымызбен араласу арқылы, біз «Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығаямыз» (Ефестіктерге 6:10). Бәріміздің де «Иемізбен тығыз байланыста жүріп, нығаюымыз» керек екендігінде сөз жоқ. Әлдекімнің сырқаттан діңкесі құрыса, енді біреулері кәріліктің ауыртпалығын көруде немесе ұзақ отасқан өмірлік жарынан айырылуда (Забур 40:4). Әлдекім Ехобаға сенбейтін жарының тарапынан қарсылық көруде. Ата-аналар болса, әсіресе жалғыз басты ата-аналар, баланы күн ұзақ жұмыс істеп жүріп тәрбиелегеннің тіпті ауыр екендігін көруде. Құрбы-құрдастарының қысымына төтеп беріп, есірткі, адамгершілікке жат қылық дегендерге тойтарыс бере алуы үшін жас мәсіхшілерге күш керек. Мұндай қиындықтарды жеңуді көздеп Ехобадан «шамадан тыс күш» сұрау үшін ешкім екі ойлы болмауы керек (2 Қорынттықтарға 4:7).
«Ол қажығандарға күш береді»
12. Мәсіхші ретінде қызмет атқарып жүргенде бізге Ехоба қалай жәрдем береді?
12 Ехоба өзінің қызметшілеріне уағыздау қызметін атқарып жүргенде де күш береді. Ишаяның пайғамбарлығынан: «Ол қажығандарға күш беріп, әлсіреп қалғандарға қуат береді... Ал Тәңірге үміт артқандар әлденеді. Бүркітше қанаттарын жаяды. Қалықтайды,— шаршамайды, жүреді,— қажымайды»,— деген сөздерді оқимыз (Ишая 40:29—31). Пауылдың қызметі нәтижелі болған, өйткені Құдай оған күш беріп отырды. Ол Салониқадағы мәсіхшілерге: «Біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен... жеткіздік»,— деп жазды (1 Салониқалықтарға 1:5). Пауылдың айтқан уағызы мен берген тәлімі оны тыңдағандардың өміріне үлкен өзгерістер енгізді.
13. Еремияның қарсылыққа қарамай тапсырманы орындауды жалғастыруына күш-жігер берген не?
13 Өзімізге бөлінген ауданда көп жылдан бері уағыз айтып жүрген болармыз. Бірақ құлақ асып жатқан адам кемде-кем шығар. Тұрғындардың осындай селқостығы біздің ұнжырғамызды түсіруі мүмкін. Қарсылықтың, келекенің және адамдардың енжарлығының кесірінен Еремия да жабырқаған. Ол өзіне: «Мен Ол туралы ескертпеймін де, Оның аты үшін енді сөйлемеймін де»,— деген еді. Бірақ ол сөйлемей қоя алмады. Оның айтып жүрген хабары «сүйектерінің ішінде, жанып жатқан от... секілді» болатын (Еремия 20:9). Осындай қиындықтың ортасында жүргенде оның әл жинауына не көмектесті екен? «Тәңір ер жүрек жауынгер секілді менімен бірге»,— дейді Еремия (Еремия 20:11). Халыққа айтылуы керек хабар мен Құдай берген тапсырманың маңыздылығын түсінгені Еремияға дем берді.
Жаралайтын күш және айықтыратын күш
14. а) Тілдің қаншалықты күші бар? ә) Тілдің қандай зиян келтіруі мүмкін екендігін көрсететін мысалдар келтіріңдерші.
14 Бойымыздағы күштің бәрі бірдей Құдайдан тікелей келіп жатқан жоқ. Мысалы, тілдің жаралайтын да, айықтыратын да күші бар. Сүлеймен: «Өлім мен өмір — тілдің билігінде»,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 18:21). Сөздің қандай сұмдыққа апарып соқтыратыны Шайтан мен Хауаның қысқа ғана әңгімесінің нәтижесінен көрінеді (Жаратылыс 3:1—5; Жақып 3:5). Біз де тілімізбен көп зиян келтіруіміз мүмкін. Толықтығы туралы айтылған намысқа тиетін сөздер қыздың тәбетсіздікке (анорексия) ұшырауына итермелеуі мүмкін. Егер біреудің айтқан жала сөзі ойланбай қайталап айтылатын болса, өмір бойы жалғасып келе жатқан достық бұзылуы мүмкін. Иә, тілді тізгіндеп ұстау керек.
15. Қалау үшін және айықтыру үшін тілімізді қалай қолдануымызға болады?
15 Дегенмен тіл қиратуға қандай қабілетті болса, қалауға да сондай қабілетті. Киелі кітаптағы нақыл сөздерде: «Ойланбай сөйлейтін адамның сөзі қылыштай жаралайды, ал парасаттының тілі айықтырады»,— делінген (Нақыл сөздер 12:18). Парасатты мәсіхшілер тілдерінің күшін жабырқап жүргендер мен жақын адамынан айырылғандарды жұбату үшін пайдаланады. Жігер беру үшін айтылған сөздер құрбы-құрдастарының зиянды қысымына берілмеуге тырысып жүрген жеткіншектерге демеу болуы мүмкін. Әңгімемізден байқалатын ілтипаттың арқасында, егде тартқан бауырластарымыз өздерін бұрынғыша қажет сезініп, өздерін өзгелердің қазір де сүйетініне көздері жетуі мүмкін. Жақсы сөз сырқат адамның күнін қуанышқа толтыруы мүмкін. Ал ең бастысы — өзіміздің сөйлеу қабілетімізді тыңдауға ыңғай танытқандардың бәріне Патшалық туралы әсері күшті хабарды жеткізу үшін пайдалануымызға болады. Құдайдың Сөзіне жан-тәнімізбен сенер болсақ, оны уағыздауға күшіміз жетеді. Киелі кітапта: «Қолыңның күші жетіп тұрғанда, мұқтаж болғанға жақсылық істеуден бас тартпа»,— делінген (Нақыл сөздер 3:27).
Күшті дұрыс қолдану
16, 17. Құдайдың берген билігін қолданғанда қариялар мен ата-аналардың, күйеулер мен әйелдердің Ехобаға қалай еліктеуіне болады?
16 Құдайдың құдіреті күшті болғанымен, ол қауымды сүйіспеншілікпен басқарады (1 Жохан 4:8). Оған еліктеген мәсіхші қариялар қолдарындағы билікті өзгелерге зиян келтіру үшін пайдаланбайды, қайта Құдайдың отарына сүйіспеншілікпен қамқорлық жасайды. Рас, кейде қариялар «қателерді әшкерелеп тыйым салуы» керек, дегенмен олар «жақсылыққа жігерлендіре тұрып, зор сабырлылықпен тәлім береді» (2 Тімотеге 4:2). Сондықтан қариялар Петірдің: «Сендерге қамқорлыққа берілген Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен; пасық пайдакүнемдікпен емес, бар ынталарыңмен және Құдайдың халқына үстемдік етпей, отарға үлгі көрсетіп бағыңдар»,— деп, қауымдағы қолында билігі барларға жазған сөздері жайында үнемі ойланады (1 Петір 5:2, 3; 1 Салониқалықтарға 2:7, 8).
17 Ехоба ата-аналар мен күйеулерге де билік берген. Олар да билігін көмек көрсету, тәрбиелеу әрі қамқорлық жасау үшін пайдалануы керек (Ефестіктерге 5:22, 28—30; 6:4). Билікті сүйіспеншілікпен тиімді пайдалануға болатынын Исаның үлгісі көрсетіп отыр. Егер байсалдылықпен әрі жүйелі түрде тәрбиелесе, баланың ұнжырғасы түспейді (Қолостықтарға 3:21). Мәсіхші күйеу өзінің отағасы ретіндегі рөлін сүйіспеншілікпен орындап, әйел баласы күйеуінің басшылығын қатты сыйласа, және әрқайсысы үстемдік жасауға немесе өзінің Құдай белгілеген орнын біліп өз дегенін істетуге ұмтылмайтын болса, отбасы берік болады (Ефестіктерге 5:28, 33; 1 Петір 3:7).
18. а) Қалай Ехобаға еліктеп ашуымызды тізгіндеп ұстауымызға болады? ә) Билігі барлар өз қамқорлығындағыларды нендей нәрсеге баулуы керек?
18 Билігі барлар өз ашуын әсіресе отбасында және қауымда тізгіндеп ұстаулары керек, өйткені ашу сүйіспеншілікке үйретпейді, керісінше, үрей тудырады. Нағұм пайғамбар: «Тәңір асқан шыдамды, әрі құдіреті де күшті»,— деген болатын (Нағұм 1:3; Қолостықтарға 3:19). Ашуды тізгіндеп ұстай білу күш-қуатты білдірсе, ашуды тізгіндеп ұстай алмау әлсіздікті дәлелдейді (Нақыл сөздер 16:32). Отбасы мен қауымның көздейтін мақсаттары біреу — яғни Ехобаға, бір-біріне және әділ принциптерге деген сүйіспеншілік дамыту. Сүйіспеншілік — бәрін толықтай біріктіретін әрі дұрыс іс-әрекетке талпындыратын ең қуатты күш. (1 Қорынттықтарға 13:8, 13; Қолостықтарға 3:14).
19. Ехоба біздің жанымызға жұбаныш болатын қандай сөздер айтып отыр және оның сүйіспеншілікпен жасап жатқан қамқорлығына қалай жауап беруіміз керек?
19 Ехобаны білу дегеніміз оның билігін мойындауды білдіреді. Ехоба Ишая арқылы: «Сен білмеуші ме едің? Сен естімеген бе едің? Жерді шетіне дейін жаратқан мәңгі Құдай қажымайды да, шаршамайды да»,— деген болатын (Ишая 40:28). Ехобаның сарқылмайтын күші бар. Егер өзімізге емес, оған арқа сүйейтін болсақ, ол бізді тастамайды. Ехоба бізді: «Қорықпа, өйткені Мен сенімен біргемін, абыржыма, өйткені Мен сенің Құдайыңмын. Мен саған күш беремін, жәрдем беремін, сені Өз шындығымның оң қолымен қолдаймын»,— деп сендіріп отыр (Ишая 41:10). Оның сүйіспеншілікпен жасап жатқан қамқорлығына қалай жауап беруімізге болады? Ехобаның бізге берген күшін, Иса секілді, көмектесіп, қалыптастыру үшін қолданайық. Тілімізді тізгіндеп ұстап, жаралау үшін емес, айықтыру үшін пайдаланайық. Әрдайым рухани сергек жүріп, әрі берік сенімде болып, Ұлы Жаратушымыз Ехоба Құдайдың күшінен қуат алайық (1 Қорынттықтарға 16:13).
[Сілтеме]
a Иудейлер сол уақытта Мұсаның заңдарының алғашқы қолжазбаларын тапқан болса керек. Бұл қолжазбалар ғибадатханаға бірнеше ғасыр бұрын әкелінген болатын.
Түсіндіре аласыңдар ма?
• Ехоба өзінің күшін қалай қолданады?
• Қандай тәсілдерді қолданып Ехобадан күш алып отыруымызға болады?
• Тілдің күшін қалай қолдану керек?
• Құдайдың берген билігі қалай игілікке жеткізуі мүмкін?
[29-беттегі сурет]
Иса Ехобаның берген күшін өзгелерге көмектесу үшін қолданған.
[31-беттегі суреттер]
Құдайдың Сөзіне жан-тәнімізбен сенер болсақ, оны уағыздауға күшіміз жетеді.