Ехобаға ешқашан ашуланба
“Өз ақымақтығы адамның жолын бұзар, Ал жүрегінде ол Жаратқанға ашуланар” (НАҚ. С. 19:3).
1, 2. Неге адамзаттың басына түскен қиындықтарға Ехобаны кінәламауымыз керек? Мысал келтір.
СЕН сүйікті әйеліңмен бірге жылдар бойы бақытты өмір кешіп жатырсың делік. Бірақ бір күні үйіңе келсең, үйдің астан-кестені шығып жатыр екен: жиһаздар қираған, ыдыс-аяқтар сынған, кілем де қалпына келмейтіндей бүлінген. Жылы ұяң апат ошағына айналып кетіпті. Сен бірден: “Әйелім неге бүйтті екен?”— дейсің бе, жоқ әлде: “Мұны кім істеді?”— деп ойлайсың ба? Әрине, бірден екінші сұрақты қоярың сөзсіз. Неге? Өйткені аяулы әйелің мұндай сұмдық іске бармайтынын білесің.
2 Бүгінде барша адамзаттың мекені ластанған әрі қылмыс пен азғын істерге толы. Киелі кітаптан білетініміздей, Ехоба бұлардың ешқайсысына кінәлі емес. Ол Жер шарын әсем жұмақ болу үшін жаратқан (Жар. 2:8, 15). Ехоба — сүйіспеншілігі мол Құдай (Жох. 1-х. 4:8). Жазбаларды зерттегеніміздің арқасында бүгінде орын алып жатқан көптеген қиындыққа шын мәнінде кімнің кінәлі екенін білдік. Бұл — “осы дүниенің билеушісі” Шайтан Ібіліс (Жох. 14:30; Қор. 2-х. 4:4).
3. Ой қалпымыз қалай бұзыла бастауы мүмкін?
3 Алайда барлық қиындықтарымыз үшін Шайтанды кінәлай алмаймыз. Неге? Өйткені кейбір проблемаларымыз өз қателігіміздің салдарынан туындайды (Заңды қайталау 32:4—6 оқы). Осыны мойындасақ та, бойымыздағы кемелсіздік ой қалпымызды бұзып, құрдымға апаратын жолға түсіруі мүмкін (Нақ. с. 14:12). Қалайша? Біз өзімізді не Шайтанды емес, Ехобаны кінәлап, тіпті оған ашулана бастауымыз мүмкін (Нақ. с. 19:3).
4, 5. Қалай мәсіхші Ехобаға ашулана бастауы мүмкін?
4 Біз шынымен де Ехобаға ашулана бастауымыз мүмкін бе? “Әлін білмеген әлек” демекші, бұлай етудің еш пайдасы жоқ екені анық (Ишая 41:11). Ехобаға қарсы шығып, оны жеңеміз деп ойлау — нағыз қателік. Мүмкін, біз Ехобаға дауыстап наразылық білдірмейтін шығармыз. Бірақ Нақыл сөздер 19:3-те: “Өз ақымақтығы адамның жолын бұзар, Ал жүрегінде ол Жаратқанға ашуланар”,— делінген. Демек, адам өз жүрегінде Ехобаға ашулана бастауы мүмкін. Мұндай ой қалып бірте-бірте адамның іс-әрекеттерінен көріне бастайды. Ол қауымнан алыстап кетуі не теократиялық істерге толық атсалыспауы мүмкін.
5 Ехобаға ашулануға бізге не түрткі болуы мүмкін? Бұл тұзаққа түсіп кетпеуге не көмектеседі? Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтап қалу үшін бұл сұрақтардың жауабын білгеніміз аса маңызды.
ЕХОБАҒА АШУЛАНУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛУЫ МҮМКІН?
6, 7. Неліктен Мұсаның заманындағы исраилдіктер Ехобаға наразылық білдіре бастады?
6 Адал мәсіхшінің өз жүрегінде Ехобаға күңкілдей бастауына не түрткі болуы мүмкін? Бұған себеп болатын бес жайтты және ежелде кейбір адамдардың осы тұзаққа қалай түсіп қалғанын қарастырайық (Қор. 1-х. 10:11, 12).
7 Өзгелердің кертартпа сөздері бізге әсер етуі мүмкін (Заңды қайталау 1:26—28 оқы). Исраилдіктер таяуда ғана Мысыр құлдығынан азат етілген еді. Ехоба осы қатыгез халыққа он жаза жіберіп, артынша перғауын мен оның әскерін Қызыл теңізде мерт қылды (Мыс. ш. 12:29—32, 51; 14:29—31; Заб. 135:15). Енді Құдай халқы Уәде етілген жерге кіргелі тұр. Алайда осындай шешуші сәтте исраилдіктер Ехобаға күңкілдей бастады. Олардың сенімдерінің әлсіреуіне не себеп болды? Уәде етілген жерге жіберілген тыңшылардың кертартпа сөздері олардың зәрелерін ұшырған еді (Ру. сан. 14:1—4). Нәтижесінде бүкіл ұрпақ “шұрайлы елге” кіре алмай қалды (Заң. қ. 1:34, 35). Біз де өзгелердің кертартпа сөздерінің сенімімізді мұқалтуына жол беріп, Ехобаның басшылығына наразылық білдіріп жүрген жоқпыз ба?
8. Ишаяның заманында яһуди халқы бастарына түскен қиындықтары үшін неге Ехобаны кінәлады?
8 Қиындықтар жігерімізді жасытуы мүмкін (Ишая 8:21, 22 оқы). Ишаяның заманында яһуди халқының басына күн туған еді. Оларды жаулары қоршап алды. Елді аштық жайлады. Бірақ бұдан да жаманы — халық рухани аш болды (Амос 8:11). Алайда Ехобадан осы қиындықтан құтқаруды сұраудың орнына, олар “өздерінің патшасы мен Құдайына тіл тигізе” бастады. Иә, олар бастарына түскен қиындықтары үшін Ехобаны кінәлады. Біз де қандай да бір қиындыққа не қасіретке душар болғанда, өз жүрегімізде: “Ехоба, қатты қиналған кезімде қайда болдың?”— деп жүрген жоқпыз ба?
9. Езекиелдің заманында исраилдіктер қалай бұрыс көзқарас танытты?
9 Жағдайдың анық-қанығын білмеуіміз мүмкін. Езекиелдің заманында исраилдіктер жағдайдың анық-қанығын білмегендіктен: “Жаратқан иенің осылай шешкені дұрыс емес”,— деп күңкілдеген еді (Езек. 18:29). Олар әділдікке қатысты көзқарастарын Ехобанікінен жоғары қойып, оны өздерінің шектеулі түсініктері бойынша соттады. Осылайша Құдайдың төрешілері іспетті әрекет етті. Біз де Киелі кітаптағы кейбір оқиғаларды не өміріміздегі кей жағдайларды толық түсінбеген кезде, өз жүрегімізде Ехобаның әрекеті әділетсіз, “дұрыс емес” деп ойлап жүрген жоқпыз ба? (Әйүп 35:2).
10. Қалайша кейбіреулер Адам атаның қателігін қайталауы мүмкін?
10 Өз күнәміз бен қателігімізді басқаларға жаба салуымыз мүмкін. Әуел баста Адам ата өз күнәсін Құдайға жаба салған еді (Жар. 3:12). Ол әрекетінің салдары қандай болатынын біле тұра Құдай заңын бұзып, сол үшін Құдайды кінәлады. Басқаша айтқанда, ол: “Ехоба, маған жаман әйел берген өзің ғой”,— дегендей болды. Басқалар да Адамның қателігін қайталап, жиі өз күнәлары үшін Құдайды жазғырып жатады. Ал біз ше? Қателік жасап, көңіліміз түскенде, Ехобаның талаптары тым қатал деп наразы боламыз ба?
11. Жүністің оқиғасынан қандай сабақ алуға болады?
11 Қара басымызды тым көп ойлап кетуіміз мүмкін. Ехоба Ниневи тұрғындарына мейірімділік танытуды шешкенде, Жүніс пайғамбар оған қатты ренжіп, ашуланған болатын (Жүніс 4:1—3). Не себепті? Ниневидің жойылуына қатысты айтқан хабары жүзеге аспай қалғанда, Жүніс өз абыройын ойлаған болса керек. Өкінген ниневиялықтарға жанашырлық танытудың орнына, ол пайғамбар ретіндегі беделі үшін қатты қам жеді. Біз де қара басымызды тым көп ойлап, заманның соңы келмей жатқаны үшін Ехобаға ашулана бастаған жоқпыз ба? Заманның соңы жақындап қалғанын ондаған жыл бойы айтып жүрсек, басқалар мұны мазақ еткенде, шыдамсыздық танытып, Ехобаға наразы бола бастауымыз мүмкін бе? (Пет. 2-х. 3:3, 4, 9).
ЕХОБАҒА АШУЛАНБАУҒА НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?
12, 13. Күнәкар жүрегіміз Ехобаның кейбір істеріне күмәндана бастаса, не нәрсеге немқұрайды қарап кетпеуіміз керек?
12 Күнәкар жүрегіміз Ехобаның кейбір істеріне күмәндана бастаса, не істесек болады? Бұлай етудің даналыққа жатпайтынын ұмытпайық. Ал енді көңіл қалдыратын жайттарға кезіккенде, Ехобаны кінәламауға көмектесетін 5 жайтты қарастырайық.
13 Ехобамен қарым-қатынасыңа немқұрайды қарама. Ехобамен тығыз қарым-қатынасымызды сақтасақ, оған ашуланудан аулақ боламыз (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқы). Біз Ехобаға сенім артуымыз керек. Сондай-ақ өз көзімізде дана болудан не қара басымызды тым көп ойлаудан аулақ болуымыз қажет (Нақ. с. 3:7; Уағ. 7:16). Осылай етсек, өмірімізде орын алған жағымсыз жайттарға Ехобаны кінәлауға асықпаймыз.
14, 15. Өзгелердің кертартпа сөздеріне еріп кетпеуге не көмектеседі?
14 Кертартпа сөздердің саған әсер етуіне жол берме. Ехобаның Уәде етілген жерге алып кіремін деген сөздеріне сенуге исраилдіктерде барлық негіз бар еді (Заб. 77:43—53). Алайда сенім танытпаған он тыңшының кертартпа сөздерін естіген халық Құдайдың “шексіз құдіретін ұмытып” кетті (Заб. 77:42). Бұдан қандай сабақ аламыз? Ехобаның біз үшін жасаған барлық игі істері жайлы ой жүгіртіп, оларды ұмытпайтын болсақ, онымен қарым-қатынасымызды нығайтамыз. Нәтижесінде өзгелердің кертартпа сөздерінің Ехобадан алыстатуына жол бермейміз (Заб. 76:12, 13).
15 Ал өзіміз бауырластарға сын көзбен қарай бастасақ ше? Бұл Ехобамен қарым-қатынасымызға әсер етпей қоймайды (Жох. 1-х. 4:20). Кезінде исраилдіктер Һаронның тағайындалған қызметін дауға салғанда, Ехоба мұны өзіне көрсетілген қарсылық деп қабылдады (Ру. сан. 17:10). Егер біз де Ехобаның ұйымының жердегі бөлігіне басшылық етуге тағайындалған бауырластарға наразылық білдіре бастасақ, Ехобаның өзіне наразылық білдіргендей боламыз (Евр. 13:7, 17).
16, 17. Қиындықтарға тап болғанда, нені ұмытпауымыз керек?
16 Ехобаның қиындыққа себепкер емес екенін есте ұста. Ишаяның заманында исраилдіктер тура жолдан тайып кетсе де, Ехоба оларға көмектесуге дайын болған (Ишая 1:16—19). Қандай қиындыққа кезіксек те, Ехобаның қамымызды ойлайтынын әрі көмектесуге дайын екенін білгеніміз жұбаныш береді (Пет. 1-х. 5:7). Ол бізге қажетті күш беріп, табанды болып қалуға көмектесуді уәде етеді (Қор. 1-х. 10:13).
17 Әділетсіздіктің құрбаны болып қалсаң не тіпті адалдығын сақтаған Әйүп сияқты жапа шегіп жүрсең, бұған Ехобаның кінәлі емес екенін ұмытпа. Ол әділетсіздікті жек көреді, ал әділдікті сүйеді (Заб. 32:5). Әйүптің досы Еліху сияқты біз де зор сенімділікпен: “Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!”— дейік (Әйүп 34:10). Ехоба қиындықтарымызға себепкер емес. Қайта, “игі де кемелді сыйдың бәрі” содан келеді (Жақ. 1:13, 17).
18, 19. Неліктен Ехобаға ешқашан күмәнданбауымыз керек? Мысал келтір.
18 Ехобаға ешқашан күмәнданба. Ехоба кемелді әрі оның ойлары біздікінен жоғары (Ишая 55:8, 9). Олай болса, біздің түсінігіміз шектеулі екенін кішіпейілділікпен мойындағанымыз дұрыс (Рим. 9:20). Мысалы, біз қандай да бір мәселеге қатысты барлық жайттарды біле бермеуіміз мүмкін. Сен де мына нақыл сөздің растығына талай рет көз жеткізген шығарсың: “Бірінші боп дауласқандікі жөн көрінер, Ал қарсыласы келіп, сауал қойып тексерер” (Нақ. с. 18:17).
19 Сенім артатын досың алғашында саған түсініксіз болып көрінген бір нәрсе істесе, ол жайлы бірден жаман ойлайсың ба? Әсіресе оны көп жылдан бері білетін болсаң, әрекетін ақтауға тырыспас па едің? Егер кемелсіз досымызға осылай сүйіспеншілікпен қарайтын болсақ, ойлары біздікінен әлдеқайда жоғары көктегі Әкемізге одан бетер сенім артуымыз керек емес пе?
20, 21. Шын мәнінде кімнің кінәлі екенін анықтап алғанымыз неліктен маңызды?
20 Шын мәнінде кімнің кінәлі екенін анықтап ал. Неге осылай еткеніміз дұрыс? Негізінен кейбір проблемаларға өзіміз кінәлі болуымыз мүмкін. Біз осыны мойындауымыз керек (Ғал. 6:7). Басыңа түскен қиындықтарға Ехобаны кінәлауға асықпа. Не себепті? Бір мысал қарастырайық. Жоғары жылдамдықпен жүре алатын автокөлік ұшып келе жатып, қиын бұрылысқа жақындады делік. Жүргізуші жылдамдықты шектейтін белгіні елемей, қатты жүре береді де, ақыры апатқа ұшырайды. Бұған көлік шығарушы кінәлі ме? Әрине, жоқ! Дәл сол сияқты Ехоба адамдарды ерік бостандығымен жаратқан. Сондай-ақ өмірде дұрыс шешім қабылдай алуымыз үшін басшылығын берген. Ендеше өзіміздің қателіктеріміз үшін Жаратушыны кінәлағанымыз дұрыс па?
21 Әрине, қиындықтарымыздың бәрі өз қателігімізден туындамайды. Кейбір жайттар уақыт пен жағдайдың кездейсоқтығынан болып жатады (Уағ. 9:11). Бірақ, түптеп келгенде, қиындықтардың негізгі себепшісі Шайтан Ібіліс екенін ешқашан ұмытпайық (Жох. 1-х. 5:19; Аян 12:9). Біздің жауымыз — Ехоба емес, Шайтан (Пет. 1-х. 5:8).
ЕХОБАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫҢДЫ ҚАЗЫНАДАЙ САҚТА
22, 23. Қиындықтарға кезігіп, көңіліміз түссе, нені есте ұстағанымыз жөн?
22 Қиындыққа кезіккенде, Ешуа мен Халептің мысалын есіңе ал. Олар басқа он тыңшы сияқты болмады. Бұл адал кісілер жақсы хабар әкеліп, Ехобаға деген берік сенімдерін көрсетті (Ру. сан. 14:6—9). Алайда оларға басқа исраилдіктермен бірге 40 жыл бойы шөл даланы кезіп жүруге тура келді. Бірақ Ешуа мен Халеп “жазықсыз қиналып жүрміз” деп ашынып, күңкілдеді ме? Жоқ. Олар Ехобаға сенім артты. Ал Ехоба оларға батасын берді. Сол кездегі бүкіл ұрпақ шөл далада мерт болғанда, бұл екеуі ақырында Уәде етілген жерге кірді (Ру. сан. 14:30). Біз де Ехобаның еркін орындаудан “шаршамасақ”, оның мол батасына кенелеміз (Ғал. 6:9; Евр. 6:10).
23 Қиындықтардан, өзіңнің не өзгелердің кемелсіздігінен көңілің түссе, не істегенің дұрыс? Ехобаның тамаша қасиеттеріне назар аудар. Оның керемет уәделерін елестет. “Ехобаны білмегенімде, өмірім қандай болар еді?” деп ойланып көр. Ехобамен тығыз қарым-қатынасыңды сақтап, жүрегіңде оған деген ашудың пайда болуына жол берме!