10-Тарау
Құдай Патшалығы басқаруда
1, 2. Адамзат үкіметінің дәрменсіздігі қалай дәлелденді?
МҮМКІН, мұндай жағдай сенімен де болған шығар: бір құрал сатып алып, кенет оның жұмыс істемейтінін байқадың. Сен ұстаны шақырдың делік. Бірақ ақауды түзетісімен-ақ, құрал тағы да сынып қалды. Қандай өкінішті жағдай!
2 Бұл адамзат үкіметтерін еске салады. Адамзат әрқашан бейбітшілік пен бақытқа жеткізетін үкіметті аңсаған. Алайда қоғамның кемшіліктерін жою іс-әрекеттері бос әурешілік болып шықты. Қисапсыз бітім шарттар жасалып, қайта бұзылды. Бұдан басқа, ең болмаса, бір үкімет кедейлікті, әділетсіздік, қылмыскерлік, ауру мен экологиялық мәселелерді жоя алды ма? Бұл адамзат үкіметінің қолынан келмейді. Исраилдің дана патшасы Сүлейменнің өзі: “Адам жүрер жолын қайдан білер?”— деп сұраған (Нақыл сөздер 20:24).
3. а) Иса не туралы уағыздады? ә) Кейбіреулердің Құдай Патшалығы туралы түсінігі қандай?
3 Дегенмен мұңайма! Сенімді дүниежүзілік үкімет арман ғана емес. Иса сол туралы уағыздаған. Ол оны “Құдай Патшалығы” деп атап, ізбасарларына сол туралы дұға етуді үйреткен (Лұқа 11:2; 21:31). Әрине, діни орталарда кейде Құдай Патшалығы деген сөздерді естуге болады. Миллиондаған адамдар Иеміздің дұғасын (“Көктегі Әкеміз” немесе үлгілі дұға деп аталатын) қайталауларымен, тіпті осы Патшалық туралы күнделікті дұға етуде. Алайда адамдардан: “Құдай Патшалығы деген не?”— деп сұрағанда, жауаптары әр алуан болады. Кейбіреулер: “Ол жүректе”,— дейді. Басқалары болса көкті Патшалық деп атайды. Кейінірек көре алатынымыздай, Киелі кітап бұл сұраққа айқын жауап береді.
ПАТШАЛЫҚ БЕЛГІЛІ МАҚСАТ ҮШІН
4, 5. Неге Ехоба өз билігін басқаша көрсетуді ұйғарды және оның нәтижесі қандай болады?
4 Ехоба Құдай барлық уақытта Патша немесе толық құқылы Әлемнің Әміршісі болған. Барлығының Жаратушысы ретінде ол — осындай мәртебелі орынның иесі (Шежірелер 1-жазба 29:11; Забур 102:19; Елшілердің істері 4:24). Бірақ Иса уағыздаған Патшалық Құдайдың билігінде көмекші рөл атқарады. Осы Патшалықтың ерекше мақсаты бар. Қандай?
5 Осы кітаптың 6-тарауында түсіндірілгендей, алғашқы адам жұбы Құдайдың билігіне қарсы шықты. Даулы мәселелер көтерілгендіктен, Ехоба өзінің билігін басқаша көрсетуді ұйғарды. Құдай жарық дүниеге Жыланның, яғни Шайтанның, басын мыжып, адамзат мұра еткен күнәнің зардаптарын жоятын “ұрпақты” әкелетін ниетін жария етті. Басты “ұрпақ” Иса Мәсіх болып шықты, ал “Құдай Патшалығы” — негізгі құрал, оның көмегімен Иса Шайтанды жояды. Иса Мәсіх осы Патшалық арқылы жер бетіне Ехобаның билігін қайта орнатып, Құдайдың әділетті билігін мәңгіге ақтап шығады (Жаратылыс 3:15; Забур 2:2—9).
6, 7. а) Патшалық қайда орналасқан, оның Патшасы кім және онымен бірге басқарушылар кімдер? ә) Патшалықтың азаматтары кімдер?
6 Киелі кітаптың қазақ тіліндегі аудармасына сәйкес, Исаның зұлым парызшылдарға айтқан сөздері мынадай: “Құдай Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде” (Лұқа 17:21). Иса Патшалық сол зұлым, жемқор адамдардың жүректерінде дегісі келді ме? Әрине, жоқ. Сілтемеде бұл тармақ грек тіліндегі аудармаға анағұрлым дәлірек келетіндей етіп аударылған: “Құдай Патшалығы сендердің араларыңда”. Иса олардың арасында болғандықтан, өзіне болашақ Патша ретінде нұсқады. Адам жүрегіндегі дерексіз бірдеңе емес, Құдай Патшалығы — нақты өзінің басшылары мен азаматтары бар әрекеттегі үкімет. “Құдай Патшалығы” “Аспан Патшалығы” деп те аталғандықтан, бұл — аспандағы үкімет (Матай 4:23; Матай 4:17, сілтемені қара). Даниял пайғамбарға аянда “Адам Ұлы тәрізді” осы Патшалықтың Билеушісі көрінді; бұл Билеуші Құдіретті Құдайдың алдына әкелінді, сосын “Оған барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін билік, даңқ пен патшалық” берілді (Даниял 7:13, 14). Бұл Патша кім? Киелі кітап “Адам Ұлы” деп Иса Мәсіхті атайды (Матай 12:40; Лұқа 9:44, сілтемені қара). Иә, Ехоба өзінің Ұлын, Иса Мәсіхті, Патша етіп тағайындады.
7 Иса жалғыз басқармайды. Онымен бірге патшалар мен дін қызметкерлері болу үшін 144000 адам ‘күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден [“жерден”, ЖД] азат етілген’ (Аян 5:9, 10; 14:1, 3; Лұқа 22:28—30). Құдай Патшалығының азаматтары Мәсіхтің басқаруына бойсұнатын адамдардан тұратын дүниежүзілік отбасы болады (Забур 71:7, 8). Алайда Патшалық Құдай билігін ақтап, әрі жерде жұмақтағы жағдайларды қайта орнататындығына неге сенімді бола аламыз?
ШЫН МӘНІНДЕ, ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ БАР
8, 9. а) Құдайдың Патшалыққа қатысты уәдесінің беріктігін немен салыстыруға болады? ә) Неге Патшалықтың шындық екеніне сенімді бола аламыз?
8 Үйіңнің өртеніп кеткенін көз алдыңа елестетіп көрші. Жеткілікті қаржысы бар досың, үйіңді қайта тұрғызып, әрі үй-ішіңді тамақпен қамтамасыз етуге уәде береді. Егер ол әрқашан саған шынын айтып келген болса, осы жолы да сен оған сенесің бе? Келесі күні жұмыстан келгеніңде, қалдықтарды күреп тазартып жатқан жұмысшыларды көрдің делік, ал біреулері сенің отбасың үшін тамақ та әкеліпті. Әрине, бұл уақыт өте келе, барлығы орнына қайта келтіріліп қана қоймай, бұрынғысынан да жақсы болатынына сеніміңді нығайтқан болар еді.
9 Ехоба осылайша Патшалықтың шын мәнінде бар екендігіне сендіреді. Еврейлерге арналған хатта түсіндірілгендей, Заңның көп жақтары Патшалық құрылымының күңгірт жобасы болды (Еврейлерге 10:1). Сонымен қатар жердегі Исраил патшалығы да Құдай Патшалығының болашақ үлгісі болған. Ол жай қатардағы үкімет болған жоқ, өйткені оның билеушілері “Тәңірдің тағында” отырды (Шежірелер 1-жазба 29:23). Оның үстіне, былай пайғамбарлық етілген болатын: “Қолынан оның патша таяғын ешкім тартып алмайды, Биліктің белгісі Яһуданың әулетінде берік орнайды, Ал соңында бейбітшілік Әкелуші [“Шило”]a келеді, Халықтар Оған мойынсұнатын болады!” (Жаратылыс 49:10, сілтемені қара). Иә, Құдай Патшалығының өзгермейтін тұрақты билеушісі Иса Яһуданың үрім бұтағынан шығу керек болатын (Лұқа 1:32, 33).
10. а) Құдайдың Мәсіхке берген Патшалығының іргетасы қашан қаланды? ә) Болашақта Исамен бірге патшалық етушілер жер бетінде қандай маңызды іс атқарулары керек?
10 Исаның елшілері таңдалған кезде, Құдайдың Мәсіхке берген Патшалығының іргетасы қаланды (Ефестіктерге 2:19, 20; Аян 21:14). Олар Иса Мәсіхпен бірге патшалық етушілер ретінде көктен билік ететін 144000-ның алғашқылары еді. Исаның болашақ бірге билік жүргізушілері әзірше жер бетінде өмір сүріп жатқандықтан, олар оның: “Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер” деген өсиетіне сәйкес, кең көлемде куәлік беру ісін жүргізуде (Матай 28:19).
11. Бүгінде Патшалық туралы уағыздау ісі қалай жүргізілуде және қандай жетістіктерге жетуде?
11 Барлық халықтардан шәкірттер дайындау тапсырмасы бүгінгі күні орасан зор көлемде орындалуда. Исаның: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деген пайғамбарлық сөздеріне сәйкес, Ехоба Куәгерлері Патшалық туралы ізгі хабарды бүкіл жер бетінде жариялауда (Матай 24:14). Патшалық туралы уағыздау ісінің тағы бір жағы — кең көлемдегі ағарту бағдарламасы. Құдай Патшалығының заңдары мен принциптеріне бойсұнған адамдар адамзат үкіметтері орнатуға дәрменсіз болып отырған бейбітшілік пен бірлікті бүгінгі күннің өзінде сезінуде. Осының барлығы Құдай Патшалығының шын мәнінде бар екендігінің белгісі!
12. а) Неге Патшалықты жариялаушыларды Ехоба Куәгерлері деп атау орынды? ә) Құдай Патшалығының адамзат үкіметтерінен айырмашылығы неде?
12 Ехоба исраилдіктерге: “Сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер... [“куәгерлерімсіңдер”, ЖД] таңдап алған қызметшімсіңдер”,— деді (Ишая 43:10—12). “Адал куәгер” Иса Патшалық туралы ізгі хабарды бар ынтасымен жариялаған (Аян 1:5, сілтемені қара; Матай 4:17). Сондықтан Құдай бүгінгі Патшалықты жариялаушыларына берген Ехоба Куәгерлері деген атқа ие болғандары орынды. Бірақ неге Куәгерлер Құдай Патшалығы туралы басқа адамдармен сөйлесуге соншама уақыт пен күш жұмсайды? Себебі Патшалық — адамзаттың жалғыз үміті. Адамзат үкіметтері ертелі-кеш соңына жетеді, ал Құдай Патшалығының ешқашан соңы болмайды. Ишая 9:6, 7-де бұл Патшалықтың билеушісі Иса “тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” деп аталған, сонымен қатар онда былай делінеді: “Оның құрған билігі арта түсіп, Орнатқан тыныштығы шексіз болады”. Құдай Патшалығы бүгін бар, ал ертең жоқ болатын адам үкіметіндей емес. Даниял 2:44-те былай делінеді: “Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын патшалық орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді; ол... мәңгі тұратын болады”.
13. а) Құдай Патшалығы қандай мәселелерді сәтті шешеді? ә) Неге біз Құдайдың уәделерінің орындалатынына сенімді бола аламыз?
13 Қандай адамзат патшасы соғыстарды тоқтатып, қылмыс пен індетті, аштықты жойып, баспанасы жоқтардың мәселелерін шеше алар еді? Жер бетінің қай патшасы өлілерді тірілте алады? Мұның барлығын Өз патшасының басшылығымен Құдай Патшалығы ғана істей алады. Патшалық үнемі жөндеуді қажет етіп тұратын сынық құралдай қысқа мерзімді болмайды. Керісінше, Ехоба уәде еткендей, Құдай Патшалығы сәтті болады. “Менің аузымнан шыққан сөзім... Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Құдайдың еркі міндетті түрде орындалады. Дегенмен Патшалық билігін қашан бастайды?
ПАТШАЛЫҚ БИЛІГІН ҚАШАН БАСТАЙДЫ?
14. Исаның шәкірттері Патшалыққа қатысты нені түсінбеді, бірақ Иса өз билігі туралы не білді?
14 “Иеміз, Исраил елінің патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба?” Исаның шәкірттерінің бұл сұрағы олардың сол кезде Құдай Патшалығының мақсаты мен оның билігінің қашан басталатындығы туралы білмегендіктерін көрсетеді. Иса: “Әкем өз еркімен белгілеп қойған мерзімдер мен кездерді білу сендерге бұйырмаған”,— деп, оларды бұл сұраққа байланысты жорамалдардан сақтандырды. Иса өзінің жер үстіне билік жүргізетін уақыты қайта тірілуі мен көкке көтерілуінен кейін, көп жылдар өткен соң басталатынын білген (Елшілердің істері 1:6—11; Лұқа 19:11, 12, 15). Киелі кітапта осылай пайғамбарлық етілген еді. Бұл туралы онда не айтылады?
15. Забур 109:1-де Исаның билігінің басталуы туралы не айтылады?
15 Иса жайлы пайғамбарлық ете отырып, әрі оны “Ием” деп атап, Дәуіт патша: “Жаратқан Ие менің иеме былай деді: — Мен сенің жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше өзің отыр оң жағымда!” (Забур 109:1; Елшілердің істері 2:34—36 салыстыр). Бұл пайғамбарлық Иса көкке көтерілісімен билік етуді бірден бастамағанына нұсқайды. Иса Құдайдың оң жағында отырып күту керек еді (Еврейлерге 10:12, 13). Ол қанша уақыт күтті? Оның билігі қашан басталды? Бұл сұрақтарға жауап табуға Киелі кітап көмектеседі.
16. Б. з. б. 607 жылы қандай оқиға болды және Құдай Патшалығына мұның қандай қатысы бар?
16 Бүкіл жер бетінде Ехобаның есімі белгілі болған жалғыз қала Иерусалим болды (Патшалықтар 3-жазба 11:36). Сонымен қатар ол көктегі Құдай Патшалығының бейнесі болған Құдайдың жердегі патшалығының астанасы еді. Сондықтан б. з. б. 607 жылы бабылдықтардың Иерусалимді жоюы маңызы зор оқиға болды. Осы оқиғадан бастап Құдай өзінің жердегі халқына тікелей басшылық жүргізбеген ұзаққа созылған уақыт басталды. Шамамен алты ғасырдан кейін Иса Құдай басшылығының үзілген уақыты әлі жалғасуда екенін келесі сөздермен жеткізді: “Иерусалим қаласын Құдайға сенбейтін халықтар өз дәурендері өткенше, табандарымен таптап, білгенін істейді” (Лұқа 21:24).
17. а) ‘Құдайға сенбейтін халықтар дәурені’ дегеніміз не және ол қаншаға созылады? ә) ‘Құдайға сенбейтін халықтар дәурені’ қашан басталып, қашан аяқталды?
17 ‘Құдайға сенбейтін халықтар дәуренінде’ осы дүниелік үкіметтерге Құдай мақұлдаған басшылықты құлатуға жол берілді. Бұл кезең б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуымен басталды, ал Даниял оның “жеті кезеңге” созылатынын айтты (Даниял 4:20—22). Бұл “жеті кезең” қанша уақытқа созылады екен? Киелі кітапта үш жарым “кезең” 1260 күнге тең делінеді (Аян 12:6, 14). Сонымен, осындай екі мезгіл, яки жеті кезең, 2520 күнге тең болады. Бірақ мұндай қысқа уақыт аралығында маңызды ештеңе болған жоқ. Дегенмен Даниял пайғамбарлығына “бір күнге бір жыл” принципін қолдана отырып, б. з. б. 607 жылдан кейінгі 2520 жылды санап шығатын болсақ, б. з. 1914 жылына келіп тірелеміз (Руларды санау 14:34; Езекиел 4:6).
18. Иса Патшалық билігін алғаннан кейін не істеді және бұл жер бетіне қалай әсер етті?
18 Иса көкте билігін сол жылы бастады ма? Келесі тарауда осыны растайтын Киелі кітапқа негізделген дәлелдер талқыланады. Исаның билігінің басталуы жер бетінде кідірместен бейбітшілік орнатылатындығын білдірмегендігі айдан анық. Аян 12:7—12 дейінгі тармақтарда Иса Патшалық билігін алысымен-ақ, Шайтан мен оның жын-перілерін көктен жерге тастайтындығы айтылады. Бұл жер бетінде өмір сүрушілерге қайғы әкелу керек еді, бірақ Шайтанның жойылатын ‘уақытының аз қалғаны’ жұбаныш береді. Жақында бізде тек Құдай Патшалығы билігін жүргізетіндіктен ғана емес, сондай-ақ оның жер мен тіл алғыш адамзатқа теңдесі жоқ баталар әкелетіндігінен де қуануға себеп болады (Забур 71:7, 8). Мұның жақында болатынын қайдан білеміз?
[Сілтемелер]
a Шило есімі “шын Иесі” дегенді білдіреді. Уақыт өте келе, “Шило” “Яһуда руынан шыққан “Арыстан” Иса Мәсіх екендігі айқын болды (Аян 5:5). Кейбір арамей аудармаларында “Шило” сөзі “Мәсіх” сөзімен немесе “уәде етілген Патша” деген тіркестермен ауыстырылып қана қойылған.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Құдай Патшалығы деген не және ол қайдан басқарады?
Патшалықта кім билік етеді және оның азаматтары кімдер?
Ехоба өз Патшалығының шын екендігіне қалай сендіреді?
‘Құдайға сенбейтін халықтар дәурені’ қашан басталып, қашан бітті?
[94-беттегі қоршау]
ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАР
• Ехоба Жыланның, Шайтан Ібілістің, басын мыжитын “Ұрпақты” жарыққа әкелетіндігі туралы ниетін жариялады (Жаратылыс 3:15).
• Ехоба б. з. б. 1943 жылы “Ұрпақтың” Ыбырайым әулетінен келетіндігін нұсқады (Жаратылыс 12:1—3, 7; 22:18).
• Исраилмен б. з. б. 1513 жылы қабылданған Заң бітімі ‘жарылқаудың күңгірт жобасы’ болды (Мысырдан шығу 24:6—8; Еврейлерге 10:1).
• Жердегі Исраил патшалығының негізі б. з. б. 1117 жылы қаланған, кейінірек оны Дәуіт әулетінен шыққан патшалар биледі (Патшалықтар 1-жазба 11:15; Патшалықтар 2-жазба 7:8, 16).
• Б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуымен “Құдайға сенбейтін халықтар дәурені” басталды (Патшалықтар 4-жазба 25:8—10, 25, 26; Лұқа 21:24).
• Б. з. 29 жылында Иса Патшалыққа майланып, өзінің жердегі қызметін бастады (Матай 3:16, 17; 4:17; 21:9—11).
• Б. з. 33 жылы Иса көкке көтерілді де, Құдайдың оң жағына отырып, өзі билігінің басталуын күтті (Елшілердің істері 5:30, 31; Еврейлерге 10:12, 13).
• Б. з. 1914 жылы “Құдайға сенбейтін халықтар дәурені” біткен кезде, Иса аспан Патшалығының тағына отырды (Аян 11:15).
• Шайтан мен оның жын-перілері жердің аймағына тасталып, адамзаттың қайғы-қасіретін үдетіп жатыр (Аян 12:9—12).
• Иса Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды дүние жүзінде уағыздау ісін басқаруда (Матай 24:14; 28:19, 20).