Ехоба қарт қызметшілерін қамқорлайды
“Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, ...Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (ЕВР. 6:10).
1, 2. а) Ақ шашты қарт адамды көргенде, есіңе не түсуі мүмкін? ә) Ехоба егде тартқан мәсіхшілерге қалай қарайды?
ҚАУЫМДА ақ шашты қарттарды көргенде, есіңе Даниял кітабында жазылған сөздер түсетін шығар. Ехоба пайғамбарға берген аянында өзін ақ шашты қарт ретінде бейнелеген. Даниял былай деді: “Мен қатар қойылған тақтарды, оған келіп отырған Көне қартты көрдім; Оның киімі аппақ қардай, шашы ақ қойдың түбітіндей екен деймін” (Дан. 7:9).
2 Ақ шаш және Көне қарт деген лауазым Құдайдың көп жасағанына әрі даналығына нұсқайды. Бұл екі нәрсе терең құрметке лайық. Ал Көне қарт Ехоба егде тартқан адал кісілерге қалай қарайды? Құдай Сөзінде: “Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген қол жеткізер”,— делінген (Нақ. с. 16:31). Демек, адал мәсіхшінің ақ шашы, яғни үлкен жасы мен даналығы, Құдай көзінде әдемі. Сенің қарт бауырластарға деген көзқарасың Ехобанікіндей ме?
Неліктен олар өте бағалы?
3. Неге егде бауырластар біз үшін өте бағалы?
3 Құдайдың сүйікті қарт қызметшілерінің арасында Басқарушы кеңестің мүшелері, бұрынғы және қазіргі аралаушы бақылаушылар, құлшынысты ізашарлар және қауымдарымызда адал қызмет етіп жүрген рухани толысқан жариялаушылар бар. Бәлкім, сен көп жылдан бері ізгі хабарды құлшына жариялап келе жатқан және жақсы үлгісімен жастардың өміріне әсер еткен қарт бауырластарды білетін шығарсың. Кейбір егде бауырластар үлкен жауапкершілік атқарған және ізгі хабар үшін қудалауға төзген. Ехоба мен “адал да ақылды құл” олардың Патшалық мүддесі үшін атқарған бұрынғы және қазіргі еңбегін жоғары бағалайды (Мат. 24:45, ЖД).
4. Неге егде бауырластарды құрметтеуіміз және олар үшін дұға етуіміз керек?
4 Үлкен жастағы осындай бауырластар Ехобаның басқа қызметшілерінің сый-құрметіне лайық. Мұса заңынан қарттарға мұқият болу және оларды құрметтеу Ехобадан қорқумен байланысты екенін көруге болады (Леуі. 19:32). Біз осындай адал кісілер үшін үнемі дұға етуіміз, сондай-ақ сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектері үшін Құдайға ризашылық білдіруіміз керек. Елші Пауыл өзімен бірге еңбек еткен жас-кәрі бауырластар үшін дұға еткен (Салониқалықтарға 1-хат 1:2, 3 оқы).
5. Ехобаның қарт қызметшілерімен араласудың қандай пайдасы бар?
5 Оның үстіне, Ехобаға адал ғибадат етіп келген қарттармен араласудың барлығымыз үшін көп пайдасы бар. Себебі олар зерттеу, бақылау және өз тәжірибесінен өткізу арқылы құнды білім жинаған, әрі шыдамдылық пен жанашырлық танытуды үйренген. Осы білімдерін жастармен бөлісуден олар қуаныш пен қанағат алады (Заб. 70:18). Жастар, тұңғиықтан су алғандай, осы білім көзінің барынша пайдасын көргендерің даналыққа жатады (Нақ. с. 20:5).
6. Қарттарды шын бағалайтыныңды қалай білдіре аласың?
6 Қарттар өздерін Ехоба қалай бағаласа, сенің де солай бағалайтыныңды біле ме? Мұны білдірудің бір жолы — оларға адалдықтары үшін жақсы көретініңді және көзқарастарын білу өзің үшін маңызды екенін айту. Сондай-ақ берген кеңестеріне сай әрекет етуің арқылы оларды шын құрметтейтініңді көрсетесің. Көптеген қарт мәсіхші кезінде өздеріне берілген қарттардың кеңестерін және сол кеңестердің өмір бойы қандай пайдасын көргенін айтып бере аладыa.
Сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсетейік
7. Ехоба қарияларды қамқорлауды бірінші кезекте кімге жүктейді?
7 Құдай қарияларға қамқорлық көрсетудегі жауапкершілікті отбасыларына жүктеді (Тімотеге 1-хат 5:4, 8 оқы). Ехоба отбасыларының қарияларға қатысты жауапкершіліктерін орындағанын және өзі сияқты қамқорлық көрсеткенін қалайды. Түрлі құрбандықтарға барып, көп күш жұмсап жатқандары үшін, Құдай мұндай отбасыларын қолдайды және батасын бередіb.
8. Неге қауымдағылар қарт бауырластарға қамқорлық көрсету керек?
8 Сондай-ақ Ехоба сенуші немесе көмектесуге дайын отбасы мүшелері жоқ адал қарт бауырластарға жергілікті қауымдардың көмектескенін қалайды (Тім. 1-х. 5:3, 5, 9, 10). Осылайша қауымдағылар егде бауырластардың қуанышы мен қайғысына ортақтас болып, оларды туған бауырлардай сүйетінін және өздерінің қайырымдылығын көрсетеді (Пет. 1-х. 3:8). Елші Пауыл адам денесінде ‘бір мүше ауырса, бәрі бірге ауыратынын’ айтып, қауымның қарт мүшелеріне көрсетілетін қамқорлықты жақсы суреттеген (Қор. 1-х. 12:26). Қауымдағылардың қарт бауырластарға іс жүзінде көрсеткен жанашырлықтары — Пауылдың кеңесіне құлақ асатындарының белгісі. Ол: “Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер, сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар”,— деді (Ғал. 6:2).
9. Жастың ұлғаюы қандай ауыртпалықтарға душар етеді?
9 Егде бауырластар қандай ауыртпалықтарға кезігеді? Көбісі тез шаршайды. Олар дәрігерге бару, іс-қағаздарды толтыру, үй жинау және тамақ дайындау сияқты ең қажет істерді атқара алмай қалуы мүмкін. Ас-суға тәбеті бұзыла бастағандықтан, олар жеткілікті шамада тамақтанбауы мүмкін. Рухани тамақтануға қатысты да солай болуы мүмкін. Мәселен, көру, есту қабілеттері нашарлағандықтан оқу және рухани бағдарламаны тыңдау қиынға соғуы, ал қауым кездесулеріне жиналып барудың өзі ауыр болуы мүмкін. Осындай қарттар үшін басқа бауырластар не істей алады?
Сен қалай көмектесе аласың?
10. Қарттар қажетті көмек алу үшін ақсақалдар не істейді?
10 Көп қауымдар қарттарға зор қамқорлық көрсетуде. Мейірімді бауырластар оларға қажетті заттар сатып алуға, тамақ дайындауға және үй тазалауға көмектеседі. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеуде, қауым кездесулеріне дайындалуда және уағыздау қызметіне қатысуда қолғабыс етеді. Жастау бауырластар оларды баратын жерлеріне ертіп апарады не көлікпен қамтамасыз етеді. Ал үйден шыға алмайтын қариялар үшін кездесулердің бағдарламасын телефон арқылы не үнтаспалардан тыңдай алатындай қам жасалады. Ақсақалдар қауымдағы қарттарға қажетті көмек көрсету шараларының ойдағыдай жүзеге асып жатқанына көз жеткізіп отырадыc.
11. Бір отбасының қарт бауырласқа қалай көмектескенін айтып беріңдер.
11 Әрбір мәсіхші қонақжайлық пен жомарттық көрсете алады. Бір қарт бауырластың әйелі қайтыс болғаннан кейін, үй жалдап тұруға оның өз зейнетақысы жеткіліксіз болып қалады. Бір кездері ол әйелі екеуі екі қызы бар ерлі-зайыптылармен Киелі кітап зерттеген болатын. Ал олардың үлкен үйлері бар еді. Қарт бауырластың жағдайы қиындағандықтан, олар оны өздерімен тұруға шақырып, екі бөлмені босатып береді. 15 жыл бойы қарт бауырлас солармен бірге тамақтанып, күліп-ойнап, бауырластық сүйіспеншіліктің рақатын көреді. Жас қыздары да оның сенімі мен мол тәжірибесінен көп нәрсеге үйренеді. Қарт бауырлас 89 жасқа келіп қайтыс болғанға дейін сол отбасымен бірге тұрды. Бұл отбасы онымен өткізген жылдары ие болған мол баталар үшін әлі күнге дейін Құдайға ризашылық білдіреді. Иә, олар Иса Мәсіхтің ізбасарына көрсеткен көмектері үшін ‘сыйдан құр қалмады’ (Мат. 10:42)d.
12. Үлкен жастағы бауырластарға қалай құрметпен қарай аласың?
12 Сен осы отбасы сияқты көмек көрсете алмасаң да, қарт бауырластарға қауым кездесуіне жетуге не уағызға шығуға көмектесе алатын шығарсың. Сондай-ақ оларды үйіңе не табиғат аясына демалуға шақыруыңа болады. Әсіресе ауырып не төсек тартып қалса, жағдайын сұрап баруыңа болады. Оның үстіне, оларға ақылы толысқан адам ретінде қарауың керек. Қарт мәсіхшілерге қатысты барлық мәселе өздерімен ақылдасып шешілуі тиіс. Қария ақыл-есінен айныған болса да, басқалардың өзіне құрметпен қарап жатқанын сезе алады.
Ехоба еңбектеріңді ұмытпайды
13. Қарт бауырластардың көңіліне қарау неге маңызды?
13 Қариялардың көңілдеріне қарау өте маңызды. Себебі олар жас әрі денсаулықтары жақсы кездеріндегідей қызмет ете алмай қалғандарына қатты қайғырады. Мысалы, елу жыл бойы Ехобаға жалпы ізашар ретінде қызмет етіп келген бір әйел бауырлас ауруға шалдығып әлсірегендіктен, қауым жиналыстарына баруы қиындап кетеді. Ол қазір істеп жүргенін бұрынғы қызметімен салыстырса болды, жылай бастайды. Бірде ол еңсесі түсіп: “Менің түкке де пайдам жоқ”,— деп жыламсырайды.
14. Ехобаның қарт қызметшілері Забур жырларынан қандай жігер ала алады?
14 Егер жасың ұлғайған болса, сенде де осындай ауыр сезім бола ма? Кейде өзіңді Ехоба тастап кеткендей сезінесің бе? Қартайған шағында забур жыршысы да осындай сезімде болғанға ұқсайды, себебі ол Ехобаға былай деп жалбарынған: “Қартайған кезімде мені тастап кетпе; күш-қайратым қайтқан кезде мені [жалғыз] қалдырма... қартайғанға дейін, және шашым ағарғанша, Құдай, мені жалғыз қалдырма” (Заб. 70:9, 18). Әрине, Ехоба осы забур жыршысын қалдырмады, сені де қалдырмайды. Басқа бір жырында Дәуіт Құдайдың қолдайтынына сенімділік білдіріп: “Ауыртпалығымызды күнделікті көтеретін Ехоба мадақталсын. Ол — бізді құтқаратын шын Құдай”,— деген (Забур 68:19 ЖД). Егер Ехобаның адал қарт қызметшісі болсаң, ол сенің жаныңда екеніне және күн сайын сені қолдайтынына сенімді бол.
15. Қарияларға дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі?
15 Қарт бауырластар, Ехоба өзінің даңқы үшін бұрын және қазір атқарып жатқан істеріңді ешқашан ұмытпайды. Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, ...Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”,— делінген (Евр. 6:10). Сондықтан қартайғанда Ехобаға еш пайдам болмай қалды деген жағымсыз әрі қате ойдан аулақ болыңдар. Көңілді түсіретін емес, қайта жағымды нәрселер туралы ойлаңдар. Қазіргі баталарың мен болашаққа деген үміттеріңе қуаныңдар. Бізде ең керемет “болашақ пен үміт” бар. Мұның орындалатынына Жаратушымыздың өзі кепілдік берген (Ерм. 29:11, 12; Ел. іс. 17:31; Тім. 1-х. 6:19). Үміттерің туралы ой жүгіртіңдер, көңілдеріңде жас болып қалуға тырысыңдар және қауымда жүргендеріңнің бағалы екенін ұмытпаңдарe!
16. Неге бір ақсақал қызметін қалдыруды ойлады және басқа ақсақалдар оған қалай жігер берді?
16 Сексен жасында әлі де адал қызмет етіп жатқан Йоханның жағдайын қарастырайықшыf. Әйелі Сане мүгедек болғандықтан, Йохан кездесуге және қызметке шыққанда, әйел бауырластар оған кезектесіп қарасып тұрады. Алайда Йохан қатты күйзеліп, қауым ақсақалы ретінде қызмет етуді доғаруды ойлайды. Ол көзіне жас алып: “Ақсақал болғанымды қайтейін? Қауымның ешбір ісіне көмегім тиіп жатқан жоқ”,— дейді. Сонда басқа ақсақалдар оның тәжірибесін және ақылын жоғары бағалайтындарын айтып сендіреді де, мүмкіндігі шектеулі болса да, ақсақалдық қызметін жалғастыра беруге шақырады. Йохан бұдан зор жігер алады. Қазір ол қауым үшін зор бата болып, ақсақал ретінде қызмет етіп жүр.
Ехоба қамымызды шынымен ойлайды
17. Киелі кітаптағы қандай сөздер қарт бауырластарға сенімділік береді?
17 Жазбалардан қарт бауырластардың жас ұлғаюымен келетін қиыншылықтарға қарамастан, қызметте жемісті бола алатындары анық көрінеді. Забур жыршысы: ‘Жасаған Ие үйіне отырғызылғандар қартайғанда да жемісті, шырынды және жас’,— деп айтқан (Заб. 91:14, 15). Елші Пауылдың жанына батқан бір сырқаты болған, алайда ол тәні тозып әлсірегенмен, еш мойымаған (Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 оқы).
18. Неге қарт бауырластар және оларға қарайтындар көмекке мұқтаж?
18 Бүгінде қартайған, бірақ “жемісті” болып жүрген бауырластар көп. Алайда олар отбасының көмегін көріп отырса да, ауру мен үлкен жастың қиыншылығынан еңселері түсуі мүмкін. Қарттарға қарап отырғандар да шаршайды. Қарияларға және оларға қарап отырған адамдарға сүйіспеншілікпен көмек көрсету қауым үшін мәртебе әрі жауапкершілік болып табылады (Ғал. 6:10). Осылайша біз “тоңбай, қарындарың ашпай өмір сүріңдер” деп айтып қана қоймай, іс жүзінде көмек көрсете аламыз (Жақ. 2:15—17).
19. Неліктен қарт бауырластар болашаққа сеніммен қарайды?
19 Жастың ұлғаюы мәсіхшінің қызметіне өзгеріс әкелуі мүмкін, бірақ уақыт Ехобаның адал қызметшілеріне деген сүйіспеншілігін өзгертпейді. Керісінше, осы адал мәсіхшілердің бәрі Құдайдың алдында бағалы, әрі ол оларды ешқашан тастамайды (Заб. 36:28; Ишая 46:4). Ехоба қарияларды әрқашан қолдап, жетелей береді (Заб. 47:15).
[Сілтемелер]
a “Күзет мұнарасының” 2007 жылдың 1 маусымдағы “Қарт бауырластар — жастар үшін зор бата” деген мақаласын қараңдар.
b “Ояныңдар” (ағ.) журналының 1994 жылғы 8 ақпандағы санының 3—10 беттерін қараңдар.
c Кейбір елдерде бұған қарияларға үкімет тарапынан көмек алуларына көмектесу де жатады. “Күзет мұнарасының” 2006 жылғы 1 маусымдағы “Құдай қарттардың қамын ойлайды” мақаласын қараңдар.
d “Күзет мұнарасының” (ор.) 2003 жылғы 1 қыркүйектегі санының “Ехоба әрқашан қамымызды ойлайды” мақаласын қараңдар.
e “Күзет мұнарасының” (ор.) 1993 жылғы 15 наурыздағы “Ағарған шаштың салтанаты” мақаласын қараңдар.
f Есімдер өзгертілген.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неліктен адал қарт бауырластарды бағалы деп есептейсің?
• Қарт бауырластарға қалай қамқорлық көрсете аламыз?
• Қарияларға дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі?
[18-беттегі суреттер]
Қауым мүшелері қарт бауырластарды аса құрметтейді