Ошияның пайғамбарлығы Құдаймен бірге жүруімізге көмектеседі
“Олар Тәңірдің соңынан жүреді” (ОШИЯ 11:10).
1. Ошия кітабында қандай бейнелі мағынасы бар оқиға жазылған?
ҚЫЗЫҚТЫ кейіпкерлері мен әсерлі сюжеттері бар оқиға оқығанды ұнатасың ба? Киелі кітаптағы Ошия кітабында бейнелі мағынасы бар оқиға жазылғанa. Онда Құдайдың пайғамбары Ошияның отбасында болған жағдайлар мен мұның Ехобаның Исраилмен Мұса Заңының келісімі арқылы жасаған бейнелі түрдегі некесіне қандай қатысы бар екені көрсетіледі.
2. Ошия туралы не белгілі?
2 Оқиғаның қандай жағдайда орын алғаны Ошия кітабының 1-тарауында айтылған. Ошия он рулы Исраил патшалығының аумағында өмір сүрген болу керек. Исраил Ефрем деп те аталатын, себебі осы рудың ықпалы басым болған. Ошия Исраилдің соңғы жеті билеушісі мен Яһуда патшалары Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекияның тұсында пайғамбарлық еткен (Ошия 1:1). Демек, ол, кем дегенде, 59 жыл пайғамбарлық еткен. Ошия кітабы б. з. б. 745 жылдан көп ұзамай жазылып біткен, алайда оның бүгінгі күні де мәнісі зор. Өйткені қазір миллиондаған адамдардың өмірі “Олар Тәңірдің соңынан жүреді” деген пайғамбарлық сөздерге сай келеді (Ошия 11:10).
Жалпы шолудан білетініміз
3, 4. Ошия кітабының 1—5 дейінгі тарауларында не айтылғанын қысқаша түсіндіріңдер.
3 Ошия кітабының 1—5 дейінгі тарауларына қысқаша шолу жасағанымыз Құдайға сенім білдіре және оның еркіне сай өмір сүре отырып, Онымен бірге жүруге деген шешімімізді нығайтады. Исраил патшалығының тұрғындары рухани жағынан азғындыққа салынады, бірақ күнәларына өкінсе, Құдай рақым етер еді. Бұл Ошияның азғындық жасаған әйелі Гомерге істеген әрекетінен көрінеді. Әйелі оған бір ұл тауып бергеннен кейін, заңсыз жолмен болу керек, тағы екі бала табады. Бірақ Ошия онымен қайта бас қосады, дәл сол сияқты Ехоба да күнәсына өкінген исраилдіктерге рақым етуге дайын еді (Ошия 1:1–3:5).
4 Ехоба Исраилмен соттасты, өйткені онда шындық та, қайырымдылық та, Құдай туралы білім де жоқ. Ол жалған тәңірлерге құлшылық еткен Исраилді де, жолдан адасқан Яһуданы да жазаға тартпақшы. Алайда Құдай халқы ‘қайғы шеккен’ шақта, Ехобаны іздейтін болады (Ошия 4:1–5:15; 6:1а).
Оқиғаның өрбуі
5, 6. а) Он рулы Исраил патшалығында зинақорлық қаншалықты кең тарады? ә) Неге Исраилге берілген ескертудің біз үшін де маңызы бар?
5 Құдай Ошияға бұйырып: “Бар да, өзіңе зинақор әйелді және зинақорлықтан туылған балаларды ал; өйткені бұл жер Тәңірден бас тартып, азғындыққа әбден салынуда”,— дейді (Ошия 1:2). Исраилде зинақорлық қаншалықты кең тараған еді? Біз былай деп оқимыз: ‘Зинақорлық рухы оларды адастырды, оған салынып, өз Құдайынан бас тартты. Жеңіл жүріске салынған қыздар, азғындықпен айналысып жатқан келіндер... Ал өздері [ерлер] азғын әйелдердің жағында және жезөкшелермен бірге құрбандықтар шаласыңдар’ (Ошия 4:12—14).
6 Зинақорлық Исраилде тура мағынада да, рухани мағынада да кең етек алған еді. Сондықтан Ехоба исраилдіктерді жазаламақшы (Ошия 1:4; 4:9). Бұл ескертудің біз үшін де маңызы бар, өйткені Ехоба бүгінгі күні де азғындыққа салынған, сондай-ақ таза емес ғибадатты қолдайтындарды жазалайды. Бірақ Құдаймен бірге жүретіндер оның таза ғибадатқа қатысты нормаларын қабыл алады және ‘неке адалдығын бұзатындарға... Құдайдың Патшалығында орын жоқ’ екенін түсінеді (Ефестіктерге 5:5; Жақып 1:27).
7. Ошияның Гомерге үйленуі нені бейнеледі?
7 Ошия Гомерге үйленгенде, ол пәк қыз болған болу керек, әрі “ұл тауып бергенде”, оның адал жары болатын (Ошия 1:3). Осы бейнелі мағынасы бар оқиғада суреттелгендей, исраилдіктер б. з. б. 1513 жылы Мысырдың құлдығынан босатылғаннан кейін, көп ұзамай-ақ Құдай олармен кіршіксіз таза некеге отырған сияқты келісім жасасқан болатын. Келісім шарттарымен келісе отырып, Исраил ‘күйеуі іспетті’ болған Ехобаға адал болуды уәде етті (Ишая 54:5). Ошия мен Гомердің кіршіксіз таза некесі Құдайдың Исраилмен некелесуін бейнеледі. Бірақ жағдай қалай өзгеріп шыға келді десеңші!
8. Он рулы Исраил патшалығы қалай пайда болды және ондағы ғибадат жайлы не айта аласыңдар?
8 Ошияның әйелі “тағы құрсақ көтеріп, қыз туады”. Осы қыз бен одан кейін туылған баланы Гомер зинақорлық жасап туған болса керек (Ошия 1:6, 8). Гомер Исраилді бейнелейтіндіктен: “Исраил қалай зинақорлыққа барды?”— деп сұрайтын шығарсың. Б. з. б. 997 жылы Исраилдің он руы оңтүстіктегі Яһуда мен Буниямин руларынан бөлініп кетеді. Халық Ехобаға сыйыну үшін Яһудадағы Иерусалим ғибадатханасына бармасын деген ниетпен он рулы солтүстік Исраил патшалығында табыну үшін бұзау қойылған болатын. Сондай-ақ әдепсіз жыныстық қатынастар орын алатын жалған тәңір Бағалға табыну Исраилде терең тамыр жайды.
9. Ошия 1:6-да алдын ала айтылғандай, Исраил нені бастан кешті?
9 Гомер, тағы бір бала туғанда, заңсыз туған екінші баласы болса керек, Құдай Ошияға: “Оның атын Лорухам [“Оған рақымын түсірмеді” дегенді білдіреді] деп қой; өйткені Мен бұдан былай Исраилге рақым етпеймін, оны кешірмеймін [“оларды сөзсіз қуып жіберем”, ЖД]”,— деді (Ошия 1:6). Б. з. б. 740 жылы ассириялықтар исраилдіктерді тұтқынға әкеткенде, Ехоба оларды ‘қуып жіберген’ еді. Алайда Құдай екі рулы Яһуда патшалығына рақымын түсіріп, оларды аман алып қалады, бірақ садақты, қылышты, соғысты, аттарды, не салт аттыларды, қолданбады (Ошия 1:7). Б. з. б. 732 жылы бір түннің ішінде жалғыз періште Яһуда астанасы Иерусалимге қауіп төндіріп тұрған Ассирияның 185 000 жауынгерін қырып салады (Патшалықтар 4-жазба 19:35).
Ехобаның Исраилмен соттасуы
10. Гомердің азғындыққа салынуы нені көрсетеді?
10 Гомер Ошияны тастап, өзге еркекпен азғын өмір кешіп, ‘зинақор әйел’ болады. Бұл Исраил патшалығының жалған тәңірге табынатын халықтармен саяси одақ құрып, оларға тәуелді бола бастағанын көрсетеді. Исраилдіктер бақуатты өмір кешіп отырғаны Ехобаның емес, сол халықтардың құдайларының арқасында деп ойлады. Сонымен қатар жалған тәңірлерге ғибадат етіп, Құдаймен жасасқан неке келісімін бұзды. Олай болса, Ехобаның рухани азғын халықпен соттасқаны еш таңғалдырмайды (Ошия 1:2; 2:2, 12, 13).
11. Ехобаның Исраил мен Яһуданың тұтқынға алынуына жол бергені Заң келісіміне әсер етті ме?
11 Исраил күйеуі іспетті болған Құдайды тастап кеткені үшін қалай жазаланды? Құдай оны бабылдықтардың, яғни б. з. б. 740 жылы исраилдіктер тұтқында болған Ассирияны жаулап алған халықтың, ‘шөл даласына’ жөнелтеді (Ошия 2:14). Осылай Ехоба он рулы патшалықты жойғанымен, ол бастапқы он екі рулы Исраил халқымен жасасқан неке келісімін бұзған жоқ. Құдай б. з. б. 607 жылы Иерусалимді бабылдықтардың жоюына, сөйтіп, Яһуда халқының тұтқынға алынуына жол бергенде де, ол он екі рулы Исраилмен бейнелі түрде некелескен Мұса заңы келісімінің күшін жойған жоқ еді. Бұл келісімнің күші тек яһуди жетекшілері б. з. 33 жылы Иса Мәсіхтен бас тартып, өлтірткеннен кейін ғана жойылды (Қолостықтарға 2:14).
Ехобаның Исраилге ескертуі
12, 13. Ошия 2:6—8 дейінгі тармақтардағы негізгі ой қандай және бұл сөздер Исраилге қатысты қалай орындалды?
12 Құдай Исраилге ‘азғындықтан аулақ жүруді’ ескертеді, бірақ ол ашыналарының соңынан ергісі келді (Ошия 2:2, 5). “Сол үшін,— деді Ехоба,— мен оның жолын тікенмен бөгеп, айнала қоршап қоямын, сонда ол өз жолын таппай қалады. Сондай-ақ ашыналарының соңынан қуады, бірақ жете алмайды, оларды іздейді, бірақ таба алмайды. Сонда ол: “Қой, мен бірінші күйеуіме қайтып барайын, осы күнімнен сол кездегі күнім артық еді”,— дейді. Бірақ оған нан мен шарапты және зәйтүн майын берген, сондай-ақ Бағалдың мүсінін жасаған күміс пен алтындарын көбейткен Мен екенімді білген жоқ” (Ошия 2:6—8).
13 Исраил көмекті ‘ашыналары’ болған халықтардан іздегенмен, олардың бірде-біреуі оған қол ұшын беруге дәрменсіз болды. Айналасын ит тұмсығы өтпейтін тікенмен қоршап тастағандай, ешкімнен көмек ала алмады. Ассирияның үш жылдық қоршауынан кейін, Исраилдің астанасы Самария б. з. б. 740 жылы құлап, содан он рулы патшалық ешқашан қалпына келтірілген жоқ. Тұтқындағы исраилдіктердің ішіндегі кейбіреулері ғана ата-бабалары Ехобаға қызмет еткенде, жағдайларының жақсы болғанын түсінді. Осы тамтық Бағалға ғибадат етуден бас тартып, келісімге сай Ехобамен тығыз қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге ұмтылды.
Оқиғаның басқа көрінісі
14. Қалай Ошия Гомермен некелік қарым-қатынасын қайта қалпына келтіреді?
14 Ошияның үй ішінде болған жағдай мен Исраилдің Ехобамен қарым-қатынасының арасындағы байланысты толығырақ түсіну үшін мына сөздерді қарастырып көрейік: — Одан Тәңір Ие маған былай деді: “Тағы бар да, күйеуі сүйетін, бірақ зинақорлыққа салынған әйелді сүй” (Ошия 3:1). Ошия бұл бұйрықты орындап, Гомерді бірге тұрып жатқан кісісінен қайтадан сатып алады. Содан кейін ол әйеліне қатаң ескертіп, былай дейді: “Көп күн менікінде бол; азғындық жасама, басқа ешкімге барма” (Ошия 3:2, 3). Гомер айтқанға көніп, Ошия онымен некелік қарым-қатынасын қайта қалпына келтіреді. Бұл жайттың Құдайдың Исраил және Яһудамен қарым-қатынасымен қандай ұқсастығы бар еді?
15, 16 а) Қандай жағдайда ғана Құдайдың жөнге салынған халқы оның мейірім-шапағатын көре алар еді? ә) Ошия 2:18-дегі сөздер қалай орындалды?
15 Исраил мен Яһудадан жер аударылғандар Бабылда тұтқында болған кезде, Құдай ‘жүректеріне жеткізіп сөйлеу’ үшін пайғамбарларын жіберді. Құдайдың мейірім-шапағатын көру үшін, халық өкініп, Гомердің күйеуіне қайта оралғаны сияқты, олар да Күйеуі іспетті болған Ехобаға бет бұрулары керек еді. Сонда Ехоба жөнге келген әйелі іспетті халқын Бабылдың ‘шөл даласынан’ шығарып, Яһуда мен Иерусалимге қайтарады (Ошия 2:14, 15). Ол бұл уәдесін б. з. б. 537 жылы орындады.
16 Сонымен қатар Құдай мына уәдесін де орындады: “Сол уақытта олар үшін дала аңдарымен, ұшқан құстармен, бауырымен жорғалаушылармен келісім жасаймын; сол жердегі садақты да, қылышты да, соғыс атаулыны да жоқ қыламын да, олардың қауіп-қатерсіз өмір кешуіне жағдай жасаймын” (Ошия 2:18). Отанына оралған яһудилер тамтығы аңдардан еш қорықпай, тыныш өмір кешті. Бұл пайғамбарлық б. з. 1919 жылы рухани Исраилдің тамтығы “Ұлы Бабылдан”, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясынан, босатылған кезде де орындалды. Қазір олар қауіпсіз әрі жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетін серіктерімен бірге рухани жұмақта өмір кешуде. Шынайы мәсіхшілердің арасында жабайы аң сияқты мінез көрсететіндер жоқ (Аян 14:8; Ишая 11:6—9; Ғалаттықтарға 6:16).
Көңілге түйіп алатын сабақтар
17—19 а) Бұл жерде бізді Ехобаның қандай қасиеттеріне еліктеуге шақыруда? ә) Ехобаның мейірімділігі мен жанашырлығы бізге қалай әсер ету керек?
17 Ехоба мейірімді әрі жанашыр, біз де сондай болуымыз керек. Бұл — Ошия кітабының алғашқы тарауларынан алатын сабақтардың бірі (Ошия 1:6, 7; 2:23). Құдайдың күнәсына өкінген исраилдіктерге мейірім көрсетуге дайын болғаны киелі рухтың жетелеуімен жазылған Нақыл сөздерге сай келеді: “Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді” (Нақыл сөздер 28:13). Сонымен қатар күнәсына өкінген заңсыздарға Забур жырындағы сөздер де жұбаныш береді: “Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсына шынымен өкінген рух, Шын өкініп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием” (Забур 50:19).
18 Ошияның пайғамбарлығы ғибадат етіп жүрген Құдайымыздың мейірімділігі мен жанашырлығына ерекше көңіл бұрады. Кейбіреулер әділ жолынан тайып кеткен күнде де, күнәларына өкініп, теріс жолынан қайта алады. Егер осылай істейтін болса, Ехоба оларды жылы қабыл алады. Ол бейнелі түрде некелескен Исраил халқының ішіндегі өкініш білдіргендерге мейірімін көрсеткен. Олар Ехобаның тілін алмай, сондай-ақ ‘Исраилдің Киелісін қорласа да, Ол мейірімді болып, олардың ет пен сүйектен жаралғанын ұмытпады’ (Забур 77:38—41). Осындай мейірімділік бізді жанашыр Құдайымыз Ехобамен бірге жүре беруге талпындыру керек.
19 Кісі өлтіру, ұрлық және азғындық сияқты күнәлар Исраилде кең етек алса да, Ехоба олардың ‘жүректеріне жеткізіп сөйлеген’ (Ошия 2:14; 4:2). Егер Құдайдың мейірімділігі мен жанашырлығы туралы ой жүгіртетін болсақ, жүрегіміз тебіреніп, Ехобаға деген шын берілгендігіміз нығая түседі. Сондықтан өзімізден былай деп сұрайық: “Басқалармен қарым-қатынасымда Ехобаның мейірімділігі мен жанашырлығына қалай жақсырақ еліктей аламын? Егер өзімді ренжіткен бауырлас кешірім сұраса, Құдай сияқты кешіруге дайынмын ба?” (Забур 85:5)
20. Ехобаның берген уәдесіне сенімді болуымыз керектігін көрсететін мысал келтіріңдер.
20 Құдай нағыз үміт береді. Мысалы, ол: ‘Оған үміттің нышаны ретінде Ахор алқабын берем’,— деп уәде етті (Ошия 2:15). Ехобаның ежелгі әйелі іспеттес ұйымының “Ахор алқабы” бар өз отанына қайта оралуға деген берік үміті болды. Бұл уәденің б. з. б. 537 жылы орындалуы Ехобаның бізге беріп отырған берік үмітіне сенімді болуымызға толық негіз бар екенін көрсетеді.
21. Құдаймен бірге жүруде білімнің маңызы қандай?
21 Әрі қарай да Құдаймен бірге жүре беру үшін, ол туралы білім алуды жалғастырып, әрі оны өмірде қолдана беруіміз қажет. Исраилде Құдай туралы білім тым аз еді (Ошия 4:1, 6). Десе де, кейбіреулер Құдайдың тәлімдерін жоғары бағалап, әрі соған сай әрекет етіп, нәтижесінде мол батаға кенелді. Соның бірі Ошия еді. Сонымен қатар Елішәның күндерінде Бағалға тізе бүкпеген 7 000 адам болды (Патшалықтар 3-жазба 19:18; Римдіктерге 11:1—4). Құдайдың нұсқауларына деген ризашылығымыз Онымен бірге жүруді жалғастыра беруге көмектеседі (Забур 118:66; Ишая 30:20, 21).
22. Жолдан таюшылыққа қалай қарауымыз керек?
22 Ехоба өз халқының арасында жетекшілікті қолға алғандар жолдан таюшылықтан аулақ болады деп күтеді. Бірақ Ошия 5:1-де былай делінген: “Діни қызметкерлер, мынаны тыңда, Исраил әулеті, ден қой, патша әулеті, құлағыңды тос; себебі сендермен сот болады, өйткені Миспада тұзақ, Таборда құрылған тор болдыңдар”. Жолдан тайған жетекшілер исраилдіктерді жалған тәңірлерге табынуға азғырып, олар үшін тұзақ әрі тор болды. Табор тауы мен Миспа атты орын осындай жалған ғибадаттың орталығы болғанға ұқсайды.
23. Ошия кітабының 1—5 дейінгі тарауларын зерттеуден өзіңе қандай пайда алдың?
23 Сонымен, Ошияның пайғамбарлығынан Ехоба өзінің тәлімдерін өмірде қолданып, жолдан таймайтындарға үміт пен батасын беретін мейірімді Құдай екенін көрдік. Олай болса, күнәсына өкінген исраилдіктер сияқты біз де Ехобаны іздеп, оған ұнамды болуға үнемі күш салайық (Ошия 5:15). Осылай ете отырып, жақсылықты орамыз және Құдаймен бірге адал жүргендер көретін қуаныш пен тыныштыққа ие боламыз (Забур 99:2; Філіпіліктерге 4:6, 7).
[Сілтеме]
a Мұндай бейнелі мағынасы бар оқиға Ғалаттықтарға 4:21—26 дейінгі тармақтарда да жазылған. Бұған қатысты мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” кітабын қараңдар (2-том, 693-бет, ағ.).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ошияның Гомерге үйленуі нені бейнелейді?
• Неге Ехоба Исраилмен соттасты?
• Сендерге Ошия кітабының 1—5 дейінгі тарауларындағы қандай сабақ әсерлі болды?
[10-беттегі сурет]
Ошияның әйелі кімді бейнелейтінін білесің бе?
[11-беттегі сурет]
Самарияны б. з. б. 740 жылы ассириялықтар жаулап алды
[12-беттегі сурет]
Қуанышты халық отанына оралды