Құдаймен бірге жүресің бе?
‘Құдаймен бірге жүргенде, қарапайым бол’ (МИХА 6:8, ЖД).
1, 2. Қай жағынан Ехобаның сезімі баласына тәй-тәй басуды үйретіп жатқан ата-ананың сезіміне ұқсайды?
АТА-АНАСЫНЫҢ ұсынған қолынан ұстаған сәби аяғы қалт-құлт етіп, алғашқы қадамдарын жасайды. Бұл, мүмкін, елеусіз жайт болып көрінер, бірақ әке-шеше үшін болашаққа зор үмітпен қарайтын үлкен оқиға. Ата-ана алдағы айлар, жылдар бойы баласымен қол ұстасып, бірге жүргенді тағатсыздана күтеді. Олар баласына болашақта басшылық беріп, қолдау көрсетуге үміттенеді.
2 Ехоба Құдайдың да жердегі балаларына деген сезімі осындай. Бірде ол халқы Исраил, немесе Ефрем, туралы былай деген: “Ефремді аяқ басып жүруге өзім үйреттім, Өз қолыма алып, көтеріп жүрдім... Мен оларды адамдарша, сүйіспеншілікпен байланысып, ертіп жүрдім” (Ошия 11:3, 4). Ехоба бұл жерде өзін шыдамдылықпен баласына тәй-тәй басуды үйретіп жатқан, егер құлап қалса, қолына алатын сүйікті әке ретінде сипаттайды. Ехоба, ешкім де тең келмейтін Әке, жүруді үйренгенімізді қалайды. Сондай-ақ біз алға қадамдар жасаған сайын жанымызда бірге жүруге қуанышты болады. Негізгі тармақтан көрініп тұрғандай, біз, шынында да, Құдаймен бірге жүре аламыз! (Миха 6:8, ЖД) Бірақ Құдаймен бірге жүру деген нені білдіреді? Неге бізге Құдаймен бірге жүру қажет? Бұл қалай мүмкін? Құдаймен бірге жүргенде, қандай баталарға ие боламыз? Осы төрт сұрақты кезегімен қарастырып көрейік.
Құдаймен бірге жүру деген нені білдіреді?
3, 4. а) Бейнелеп айтылған Құдаймен бірге жүру деген тіркес несімен керемет? ә) Құдаймен бірге жүру деген нені білдіреді?
3 Әрине, ет пен сүйектен жаратылған адамдар Ехобамен, рухани Тұлғамен, бірге тура мағынада жүре алмайды (Мысырдан шығу 33:20; Жохан 4:24). Сондықтан Киелі кітап адамдар Құдаймен бірге жүреді дегенде, бейнелі тілді қолданады. Әрі бұл бейнелеп айтылған тіркес қай заманда өмір сүрмесін, қай халық болмасын, бәріне де түсінікті. Жалпы, екі адамның бірге жүруін түсінбейтін адам жоқ деуге болады. Ол жылулық пен жақындықты суреттеп, Құдаймен бірге жүрудің нені білдіретіні жайлы біраз түсінік беретіні рас емес пе? Қазір мұны нақтырақ қарастырайық.
4 Енох пен Нұхты есіңе түсірші. Олар жайлы неге Құдаймен бірге жүрді деп айтылады? (Жаратылыс 5:24; 6:9, ЖД) Киелі кітапта “жүру” деген сөз жиі белгілі бір жолмен әрекет етуді білдіреді. Енох пен Нұх Ехоба Құдайдың еркіне сай келетін өмір жолын таңдады. Айналасындағылар сияқты емес, олар басшылықты Ехобадан іздеп, оның нұсқауларына мойынсұнды. Олар оған сенім артты. Бұл Ехоба олар үшін шешім қабылдап отырды дегенді білдіре ме? Жоқ. Ехоба адам баласына ерік бостандығын берген, әрі осы тартуды ‘ақылға салып’ қолданғанымызды қалайды (Римдіктерге 12:1, ЖД). Бірақ шешім қабылдағанда, біз Ехобаның адам ойынан әлдеқайда асып түсетін ойының ақыл-ойымызға басшылық етуіне кішіпейілділікпен жол береміз (Нақыл сөздер 3:5, 6; Ишая 55:8, 9). Осылайша, өмір жолында Ехобамен бірге жүретін боламыз.
5. Иса неге ‘өмірді бір шынтаққа ұзарту’ деп айтқан?
5 Киелі кітапта өмір көбінесе жолмен салыстырылады. Кейде бұл салыстыру тікелей болады да, ал кейде тек соған меңзейді. Мысалы, Иса: “Уайымдаумен қайсың өз өміріңді бір шынтаққа ұзарта аласың?”— деген (Матай 6:27, ЖД). Осы жердегі кейбір сөздер саған қызық көрінер. Иса неге бұл жерде уақытпен өлшенетін адам ‘өміріне’ ұзындық өлшемі болып табылатын ‘бір шынтақты’ қолданған?a Ол өмірді жол жүрумен бейнелегенге ұқсайды. Шын мәнінде, Иса уайымдаудың өмір жолыңа тіпті кішкене бір қадам қосуға да көмектеспейтініне үйреткен. Алайда бұл өз өмір жолымызды ұзарту үшін ештеңе істей алмаймыз дегенді білдіре ме? Әрине, бұлай емес! Бұдан біз екінші сұраққа келеміз: Неге бізге Құдаймен бірге жүру қажет?
Неге Құдаймен бірге жүру қажет?
6, 7. Кемелсіз адамзат не нәрсеге аса мұқтаж және оған қатысты неге Ехобаға жүгінуіміз керек?
6 Бізге неге Құдаймен бірге жүру қажет екендігінің бір себебі Еремия 10:23-те түсіндіріледі: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін”. Демек, біздің, пенделердің, өз өмір жолымызға бағыт беруге қабілетіміз де, құқымыз да жоқ екен. Біз басшылыққа аса мұқтажбыз. Құдайдан тәуелсіз, өз жолыммен жүрем деп тұрып алатындар дәл Адам мен Хауа сияқты қателік жасайды. Алғашқы адам жұбы ненің жақсы, ненің жаман екенін шешу құқығына қол сұққан болатын (Жаратылыс 3:1—6). Ал бұндай құқық бізде жоқ.
7 Өмір жолыңда басшылық қажет екенін сезінесің бе? Бізге күнде маңыздылығы әр түрлі шешімдер қабылдауға тура келеді. Бұл кейде оңайға соға бермейді, өйткені өзіміздің де, жақын адамдарымыздың да болашағына әсер етуі мүмкін. Бірақ білесің бе: бізден шексіз үлкен, асқан дана және осындай шешімдер қабылдағанда, сүйіспеншілікке толы басшылық беруді қалайтын біреу бар. Өкінішке орай, бүгінде адамдардың басым көпшілігі өз ақылдарына жүгінуді, сондай-ақ қадамдарына өздері бағыт бергенді жөн көреді. Олар Нақыл сөздер 28:26-да айтылған: “Өзіне ғана сенген аңғал болар, Даналықпен жүрген аман сақталар”,— деген шындықты ескермейді. Ехоба адамды алдампаз жүрегіне сенім артқанының кесірінен болатын бақытсыздықтардан сақтағысы келеді (Еремия 17:9). Ол ‘даналықпен жүргенімізді’, Жол көрсетуші әрі Тәлім беруші ретінде өзіне сенім артқанымызды қалайды. Осылай етсек, өмір жолымыз қауіпсіз, қанағатқа толы болады.
8. Күнә мен кемелсіздік адамдарды қайда апарады, бірақ Ехоба бізге нені қалайды?
8 Неге Құдаймен бірге жүру қажет екендігінің тағы бір себебі — жүргіміз келетін жолымыздың ұзақтығы. Киелі кітапта ащы шындық айтылады: қандай да бір мағынада барлық кемелсіз адамдардың бара жатқан жері бір. Қартайған кездегі сынақтарды сипаттай келе, Екклесиаст 12:5-те былай делінеді: “Адам өзінің мәңгі үйіне кетіп барады, жоқтау айтушы әйелдер де оны қоршауға дайын”. ‘Мәңгілік үй’ деген не? Бұл — күнә мен кемелсіздік бізді апарып тығатын көр (Римдіктерге 6:23). Алайда Ехоба бізге туылғаннан көрге дейінгі қысқа да уайымға толы өмірді қаламайды (Әйүп 14:1). Құдаймен бірге жүргенде ғана өмір жолымыз оның ниет еткеніндей, яғни мәңгілік, болады деп үміттене аламыз. Сенің қалайтының да осы емес пе? Олай болса, көктегі Әкеңмен бірге жүруің керек.
Қалай Құдаймен бірге жүре аламыз?
9. Неге кейде Ехоба өз халқынан жасырынып қалған, бірақ Ишая 30:20-ға сай, ол не нәрсеге сендірді?
9 “Қалай Құдаймен бірге жүре аламыз?” деген үшінші сұрағымыз барынша зейін қоюға тұрарлық. Бұл сұрақтың жауабын Ишая 30:20, 21-ден табамыз: “Ұлы Ұстазың енді жасырынбайтын болады, көздерің Ұлы Ұстазыңды көретін болады. Егер оңға немесе солға бұрылып кетсеңдер, құлақтарың артыңнан айтылған: “Міне, жол, сонымен жүріңдер”,— деген сөзді еститін болады”. 20-тармақтағы Ехобаның жұбаныш беретін сөздері халқының есіне өзіне қарсы бүлік шығарғанда, олардан жасырынып қалғандай болған кезді салған болса керек (Ишая 1:15; 59:2). Ал бұл жерде Құдай жасырынбай, өзіне адал халқының алдына ашық шығып тұрғаны бейнеленген. Біз студенттердің алдында оларды үйреткісі келіп тұрған ұстазды елестетіп көрсек болады.
10. Қай мағынада Ұлы Ұстаздың ‘артыңнан айтқан сөзін естуің’ мүмкін?
10 Ал 21-тармақта басқа нәрсе суреттелген. Онда Ехоба өз халқының соңынан оларға дұрыс жолға бағыт беріп келе жатқандай бейнеленеді. Киелі кітапты зерттеуші ғалымдар бұл сөздер қойшының кейде қойлардың соңына түсіп алып, дауыстап айқайлап, оларды бұрыс жолдан қайырып отырғанына негіздеп айтылған болуы мүмкін деп түсіндіреді. Бұл сөздердің бізге қандай қатысы бар? Басшылық іздеп Құдай Сөзіне жүгінгенде, осыдан мыңдаған жылдар бұрын жазылған сөздерді оқимыз. Олар ұзақ уақыт бұрын жазылғандықтан, артымыздан естіліп жатқандай. Бірақ бүгінде олардың біз үшін дәл сол күндердегідей маңызы бар. Киелі кітаптағы кеңестер күнделікті шешім қабылдауда басшылық береді және өмір жолымызды көп жылдарға алдын ала жоспарлап алуымызға көмектеседі (Забур 118:105). Осындай кеңестерді бар ынта-ықыласымызбен іздеп, қолданатын болсақ, онда Ехоба — біздің Жол көрсетушіміз болғаны, ал біздің Құдаймен бірге жүріп жатқанымыз.
11. Еремия 6:16-ға сай, Ехоба өз халқына қандай мүмкіндік берді, бірақ олар бұған қалай жауап қатты?
11 Құдай Сөзіндегі басшылықты барынша берік ұстанамыз ба? Кейде тоқтап, өзімізді адал тексеріп қойғанымыз жөн. Осылай етуге көмектесетін тармақты қарастырайықшы: “Тәңір былай дейді: жолдарыңда тоқтап, қарап алыңдар, бұрынғы жолдарды, яғни жақсы жолдың қайсы екенін сұрастырып біліңдер де, сонымен жүріңдер, сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар” (Еремия 6:16). Бұл сөздер бағыт-бағдар сұрау үшін жол торабында аялдап тұрып қалған жолаушыны есімізге салады. Рухани мағынада бүлікші исраилдіктер де осылай істеулері керек еді. Олар ‘бұрынғы жолдарға’ қайтулары керек болатын. Сол ‘жақсы жол’ адал болған ата-бабалары жүріп өткен, бірақ халық ақымақтық жасап тастап кеткен жол еді. Өкінішке орай, Исраил Ехобаның сүйіспеншілікке толы осы ескертуіне қиқарлықпен құлақ аспады. Сол тармақта әрі қарай былай делінген: — Бірақ олар: “Бармаймыз”,— десті. Алайда қазіргі уақытта Құдайдың халқы бұл кеңеске тіптен басқаша үн қатуда.
12, 13. а) Мәсіхтің майланған ізбасарлары Еремия 6:16-ғы кеңеске қалай үн қатты? ә) Бүгінде жүріп бара жатқан жолымызға қатысты өзімізді қалай тексеруге болады?
12 XIX ғасырдың соңынан бері Мәсіхтің майланған ізбасарлары Еремия 6:16-ғы кеңесті өздеріне қолданды. Топ ретінде олар шын жүректен ‘бұрынғы жолдарға’ бет бұрды. Жолдан тайған мәсіхшілер әлемі сияқты емес, олар Иса Мәсіх орнатқан, әрі б. з. I ғасырында оның адал ізбасарлары ұстанған ‘дұрыс ілімнің үлгісін’ адал ұстанды (Тімотеге 2-хат 1:13). Осы күнге дейін майланғандар бір-біріне, сондай-ақ ‘басқа қойларға’ мәсіхшілер әлемі бас тартқан пайдалы да қуанышты өмір жолында қала беруге көмектесуде (Жохан 10:16).
13 Адал құл табы рухани “ас-суларын уақтылы” бере отырып, миллиондаған адамдарға ‘бұрынғы жолдарды’ табуға және Құдаймен бірге жүруге көмектесуде (Матай 24:45—47). Сен де сол адамдардың қатарындасың ба? Егер осылай болса, тура жолдан ауытқып кетіп, өз жолыңмен жүріп кетуден сақ болу үшін не істеуіңе болады? Онда арасында тоқтап-тоқтап, жүріп бара жатқан өмір жолыңды тексеріп тұрғаның жөн. Егер шын көңілден Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқып, сондай-ақ майланғандар дайындап жатқан тәлім беру бағдарламаларын ұстанатын болсаң, онда Құдаймен бірге жүруді үйреніп жатқаның. Ал берілген кеңесті кішіпейілділікпен қолданатын болсаң, ‘бұрынғы жолдарға’ түсіп, Құдаймен шын мәнінде бірге жүріп жатқаның.
‘Көзге көрінбейтін Жаратқан Иені көріп тұрғандай’ жүру
14. Егер Ехоба көз алдымызда тұрғандай болса, бұл қабылдайтын шешімдерімізге қалай әсер етеді?
14 Ехобамен бірге жүру үшін ол көз алдымызда тұрғандай болу керек. Ехоба Исраилдегі өзіне адал болған адамдарды олардан жасырынбайтынына сендіргені есіңде ме? Сол сияқты бүгінде ол халқына өзін Ұлы Ұстаз ретінде танытады. Ехобаны саған тәлім беру үшін бейне бір алдыңда тұрған ұстазыңдай көресің бе? Құдаймен бірге жүргіміз келсе, бізге нақ осындай сенім керек. Мұсаның сенімі осындай болды. Ол “Көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды” (Еврейлерге 11:27). Егер Ехоба көз алдымызда тұрғандай болса, онда шешім қабылдағанда, оның сезімін ескеретін боламыз. Мысалы, күнә жасап алып, кейін оларды мәсіхші ақсақалдардан не отбасы мүшелерінен жасырып қалу деген тіпті ойымызға да келмейді. Қайта, ешкім бізді көрмей тұрса да, Құдаймен бірге жүруге барынша талпынамыз. Қарт патша Дәуіт сияқты біз де мынаған белді бекем буамыз: “Өз үйімнің ішінде жүрегімнің мінсіздігін сақтап жүрем” (Забур 100:2).
15. Бауырластармен араласқанымыз Ехобаның нақты Тұлға екеніне көзімізді жеткізуге қалай көмектеседі?
15 Ехоба кемелсіз, ет пен сүйектен жаратылған пенде екенімізді, сондай-ақ кейде көзімізбен көре алмайтын нәрсеге сенуіміз қиын екенін түсінеді (Забур 102:14). Мұндай әлсіздікті жеңуге көмектесу үшін, ол көп нәрселер істеуде. Мысалы, жер бетіндегі барлық ұлттан ‘Өзінің атымен аталған халықты’ жинады (Елшілердің істері 15:14). Бірлесіп қызмет ете отырып, біз бір-бірімізден күш аламыз. Ехоба бауырластарымызға қандай да бір әлсіздігін жеңуге не ауыр сынаққа төтеп беруге қалай көмектескенін естігенде, Құдайдың нақты Тұлға екеніне көзіміз одан бетер жете түседі (Петірдің 1-хаты 5:9).
16. Исаның өмірін зерттегеніміз Құдаймен бірге жүруімізге қалай көмектеседі?
16 Ең бастысы, Ехоба Ұлын үлгі етіп отыр. Иса: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деді (Жохан 14:6). Исаның жердегі өмір жолын зерттеу — Ехобаны сенім көзімен көруге көмектесетін ең жақсы жолдардың бірі. Исаның айтқан яки істеген нәрсесінің бәрі Әкесінің болмысы мен жолдарын кемелді түрде көрсетеді (Жохан 14:9). Шешім қабылдарда, Иса біздің орнымызда қалай әрекет етер еді, соны жақсылап ойланып алуымыз керек. Ал егер қабылдаған шешімдерімізден осылай ойланып, дұға еткеніміз көрініп тұратын болса, онда Исаның ізімен жүріп келе жатқанымыз (Петірдің 1-хаты 2:21). Демек, Құдаймен бірге жүргеніміз.
Қандай баталарға ие боламыз?
17. Ехобаның жолымен жүретін болсақ, жанымызға қандай тыныштық табамыз?
17 Ехоба Құдаймен бірге жүрудің арқасында мол батаға кенеліп өмір кешеміз. ‘Жақсы жолды’ іздеуге қатысты Ехоба өз халқына қандай уәде бергенін есіңе түсірші. Ол: “Онымен жүріңдер, сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар”,— деген (Еремия 6:16). Ал мұндағы “тыныштық” деген нені білдіреді? Бұл бейқам, шалқып өмір кешу дегенді білдіре ме? Жоқ. Ехоба осы дүниедегі ең бай адамдардың өзі сирек табатын әлдеқайда жақсы нәрсені береді. Тыныштық табу — қуаныш алу, қанағаттану және рухани тоқ болу деген сөз. Мұндай тыныштық ең жақсы өмір жолын тапқаныңа сенімді болғанда келеді. Осындай жан тыныштығы — қиындыққа толы осы дүниеде өте сирек кездесетін бата!
18. Ехоба саған қандай баталарды төгеді және не нәрсеге бел буу керек?
18 Әрине, өмірдің өзі — зор бата. Қысқа болса да, жолдың болғаны жақсы. Бірақ Ехоба өмір жолыңның тек қана жалындаған жастық шақ пен кәріліктің ауыр кезеңінен тұратын қысқа жол болғанын ешқашан қаламаған. Қайта, ол сенің ең зор батаға ие болғаныңды, яғни өзімен бірге мәңгі жүргеніңді қалайды! Бұл ой Миха 4:5-те жақсы айтылған: “Халықтардың барлығы әрқайсысы өз құдайларының есімімен жүреді, ал біз Құдайымыз Тәңірдің есімімен мәңгі жүретін боламыз”. Осындай батаны бағалайсың ба? Ехоба ‘шынайы өмір’ деп атаған өмірге ие боласың ба? (Тімотеге 1-хат 6:19) Онда, бүгін де, ертең де және мәңгі бақи Ехобамен бірге жүруге бел бу!
[Сілтеме]
a Кейбір Киелі кітап аудармаларында осы тармақтағы “шынтақ” сөзі уақыт өлшемі ретінде, мысалы, “бір сәт” (“The Emphatic Diaglott”) немесе “бір минут” (“A Translation in the Language of the People”, by Charles B. Williams) деп өзгертіліп берілген. Алайда түпнұсқа мәтінінде қолданылған сөз “шынтақты”, яғни шамамен ұзындығы 45 см болатын өлшемді, білдіреді.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдаймен бірге жүру деген нені білдіреді?
• Неге бізге Құдаймен бірге жүру қажет деп ойлайсыңдар?
• Құдаймен бірге жүруге не көмектеседі?
• Құдаймен бірге жүретіндер қандай баталарға ие болады?
[31-беттегі суреттер]
Киелі кітап беттері арқылы Ехобаның артымыздан: “Міне, жол”,— деген даусын естиміз