Олардың сенімдерін үлгі етіңдер
Пайғамбар Құдайдан мейірімділікті үйренді
ЖҮНІСТІҢ ойланып-толғануына жеткілікті уақыт болды. Ол 800 шақырым жол жүруі керек еді, әрі бұл сапарға бір ай, тіпті одан да көп уақыт кететін. Алдымен, оған қысқа не ұзын жолдың бірін таңдау керек болды. Ұзақ жол қысқасына қарағанда қауіпсіздеу еді. Жүніс кейінгісін таңдап, жазық даламен жүрді және таулардан асып өтті. Ол Сирия шөлін айналып, Евфрат сияқты бірнеше үлкен өзенді кешіп өтуі және Сирия, Месопотамия, Ассурдағы қалалар мен ауылдардан түнейтін жер іздеуі керек еді. Ниневи қаласына жақындаған сайын, Жүніс тапсырмасы жайлы ойланып, үрейі күшейе түсті.
Бір нәрсе Жүніске анық болды: ол тағайындалған тапсырмасынан қашып кете алмас еді. Одан бұрын ол солай етуге тырысқан. Ехоба Құдай Ассурдың мықты қаласына шығарған үкімін жариялауға алғаш рет жібергенде, Жүніс қарсы бағытта жүзіп бара жатқан кемеге отырып кеткен болатын. Сонда Ехоба қатты дауыл тұрғызып, Жүніс тілазарлығының кесірінен кемедегілердің өмірлеріне қауіп төндіргенін түсінді. Батыл теңізшілердің өмірін сақтап қалу үшін Жүніс олардан өзін теңізге тастауды сұрады. Теңізшілер оны амалдың жоғынан суға тастады, ал Жүніс болса өлген жерім осы деп ойлады. Алайда Құдай алып балықты жіберіп, ол пайғамбарды жұтып қойды да, үш күннен кейін тірідей жағаға шығарып тастады. Осы оқиғадан сабақ алған Жүністің бойын Құдайға деген қастерлі сезім биледіa (Жүніс 1, 2-тарау).
Ехоба Құдай Жүністі Ниневи қаласына екінші рет жібергенде, ол Құдайдың айтқанын екі етпей, жолға шықты (Жүніс 3:1—3). Алайда Жүніс Ехобаның түзетулерін қабыл алып, көзқарасын өзгертті ме? Мысалы, Құдай оған мейірімділік танытты. Тілазарлығы үшін жазаласа да, суға батып кетуінен сақтады әрі тапсырмасын орындауға екінші рет мүмкіндік берді. Осы жағдайлардан кейін Жүніс басқаларға мейірімділік танытуды үйренді ме? Кемелсіз адамға мейірімді болуды үйрену оңайға соға бермейді. Қазір Жүніске мейірімділікке үйрену үшін нені бастан кешіруге тура келгенін әрі бұдан қандай сабақ алатынымызды қарастырайық.
Үкімді жариялау және күтпеген өзгеріс
Жүніс Ниневиге Ехоба Құдай сияқты қарамады. Құдай үшін бұл маңызды қала болатын. Жүніс кітабында Ехоба Ниневиді үш мәрте “ұлы қала” деп атаған (Жүніс 1:2; 3:2; 4:11). Неге бұл қала Ехоба үшін ұлы, немесе маңызды, болған?
Ниневи Топан судан кейін негізін Нымрод деген кісі қалаған алғашқы қалалардың бірі еді. Ежелгі Ниневи құрамында бірнеше қаласы бар, о шетінен бұ шетіне дейін жүріп өту үшін үш күн кететін үлкен орталық болатын (Жаратылыс 10:11; Жүніс 3:3). Ол бір қарағанда әсерлі, зәулім ғибадатханалары мен ғимараттары бар, қалың дуалмен қоршалған қала болған. Бірақ Ехоба үшін Ниневи қаласын маңызды еткен бұлар емес. Ехоба Құдайға ондағы тұрғындар маңызды болған. Сол заманда Ниневи көп тұрғынды қала ретінде есептелетін. Ондағы адамдардың іс-әрекеті жаман болса да, Ехоба олардың қамын ойлаған. Ол үшін адам өмірі бағалы, әрі ниневиліктердің әрқайсысы күнәларына өкініп, дұрыс әрекет етуді үйренген жағдайда аман қала алатын еді.
Жүніс ақыр аяғында Ниневиге келіп жетті. 120000-нан астам халқы бар қала оның бойындағы үрейді күшейте түстіb. Ол қаланың ортасына жетем дегенше, бір күн өтті. Жүніс адамдарға хабарды жеткізуге ыңғайлы жер іздеген болса керек. Бірақ қалай жеткізер екен? Оған ассур тілін үйрену қажет болды ма? Әлде ол Ехобаның кереметінің арқасында өздігінен сол тілде сөйлеп кетті ме екен? Біз мұны білмейміз. Мүмкін, ол еврей тілінде сөйлеп, өзге біреу аударған шығар. Қалай болған күнде де, Жүністің хабары қарапайым, бірақ жағымсыз еді. Сөйтсе де ол батылдық танытып: “Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!”— деп жариялай берді (Жүніс 3:4). Осылай етуімен ол керемет қайсарлық пен сенім танытты. Бұл қасиеттер Құдайдың бүгінгі қызметшілеріне де қажет.
Ниневиліктер Жүністің хабарына құлақ түрді. Әрине, Жүніс халықтың хабарды жақтырмай, жеккөрушілікпен қабылдайтынын күткен болуы мүмкін. Бірақ бір керемет жайт орын алды. Халық Құдайдың хабарына сенді! Жүністің сөздері жылдам тарап кетті. Көп ұзамай бүкіл халық оның пайғамбарлығы жайлы сөз етіп жүрді. Жүніс кітабында: “Қала халқы Құдай хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді”,— делінген (Жүніс 3:5). Байы мен кедейі, мықтысы мен әлсізі, кәрі мен жасы — бәрі күнәларына өкінді. Көп кешікпей халықтың осындай өзгеріс жасап жатқаны жайлы хабар патшаның да құлағына жетті.
Патшаның бойында да Құдай алдында қорқыныш пайда болды. Ол тағынан түсіп, патша шапанын шешіп тастады, азалы киім жамылып, тіпті “күлге отырды”. Патша уәзірлеріне халық тұтқан оразаны мемлекеттік деңгейде өткізуге қатысты бұйрық беріп, жарлық шығарды. Ол адамдардың бәріне азалы киім киюді, ал ірілі-ұсақты малдарына жабу жабуды бұйырдыc. Патша өз халқының зұлымдыққа белшесінен батқанын кішіпейілділікпен мойындады. Сондай-ақ ол шынайы Құдай күнәларына өкінгендерін көріп, мейірімділік танытатынына үміттеніп: “Мүмкін, сонда Құдай... қаһарын басып, біз пәледен аман қалармыз!”— деді (Жүніс 3:6—9).
Кейбір сыншылар ниневиліктердің ниеті мұншалықты тез өзгергеніне күмән келтіреді. Алайда Киелі кітап зерттеушілердің айтуынша, мұндай өзгеріс ежелгі ырымшыл және құбылмалы адамдардың табиғатына жат болмаған. Қандай болған күнде де, Иса пайғамбардың өзі ниневиліктердің өкінгендерін айтқан (Матай 12:41). Ол не жайлы сөйлеп тұрғанын білген, өйткені бұл оқиғалар болып жатқанда, көктен бақылаған (Жохан 8:57, 58). Ал Ехоба Құдай ниневиліктердің өкінгендеріне қалай қарады?
Құдайдың мейірімділігі адамдікінен ерекше
Кейінірек Жүніс былай деп жазды: “Құдай олардың істегендерін көріп, жаман жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Оларға мейірімділік танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты” (Жүніс 3:10).
Алайда бұл Ехоба Құдайдың үкімі қателік болғанын білдіре ме? Жоқ. Киелі кітапта Ехоба туралы былай делінген: “Оның істері кемелді, жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал және онда әділетсіздік жоқ” (Заңды қайталау 32:4). Ехоба райынан қайтқан еді. Ол халықтың бойындағы өзгерісті көріп, оларды жазалағысы келмеді. Бұл Құдайдың оларға мейірімділік танытатын уақыты еді.
Ехоба дінбасылары суреттейтіндей бірбеткей, суық, тіпті қатыгез Құдай емес. Керісінше, ол парасатты, бейімделгіш және мейірімді. Зұлымдарды жазаламас бұрын, ол жердегі қызметшілері арқылы оларға ескертеді. Өйткені ол зұлым адамдардың ниневиліктер сияқты күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтқандарын қалайды (Езекиел 33:11). Ехоба Еремия пайғамбарға былай деген: “Кейде Мен әлдебір халық пен патшалықтар туралы соларды құртамын, күйретемін және жойып жіберемін дегенді айтамын; Алайда егер Мен қаһарымды төккен сол халық өздерінің зұлым істерінен бас тартып айныса, Мен соған жасамақ болған осы зұлымдықты кейінге қалдыра тұрамын” (Еремия 18:7, 8).
Сонда Жүністің жалған пайғамбарлық айтқаны ма? Жоқ, оның мақсаты ниневиліктерге ескерту еді. Олар зұлым істері үшін жойылуға лайық болатын. Алайда ниневиліктер күнәларына өкініп, зұлым істерінен бас тартты. Егер олай етпегенде, Құдай оларды міндетті түрде жазалар еді. Кейінірек солай болды да (Софония 2:13—15).
Жүніс өзі ойлаған уақытта Ниневидің жойылмағанын қалай қабылдады? Біз былай деп оқимыз: “Алайда Жүніс бұған қатты кейіп, ашуланды” (Жүніс 4:1). Тіпті ол дұға етіп, Құдайды түзеткендей болды! Ол орнымнан тапжылмай елімде отыра бергенім дұрыс еді дегендей қылды. Ехобаның Ниневиді жоймайтынын білгенсіп, бірінші жолы Тарсиске қашып кеткені үшін ақталғысы келді. Сонан соң өзіне өлім тілеп, өмір сүргеннен өлгенді артық көретінін айтты (Жүніс 4:2, 3).
Жүністі мазалаған не нәрсе еді? Оның ойында не болғанын біз білмейміз. Бірақ ол Ниневидің жойылатынын бүкіл халыққа жариялаған еді. Олар Жүніске сенді. Ал Ниневи жойылмады. Жүніс күлкіге қаламын немесе жалған пайғамбар аталамын деп қорықты ма екен? Қалай болған күнде де, ол халықтың теріс жолдан қайтқанына және Ехобаның оларға мейірімділік танытқанына қуанған жоқ. Қайта, Жүніс өзіне әділетсіздік жасалғандай сезініп, кертартпа ойға шомған үстіне шома түсті. Сөйтсе де мейірімді Ехоба еңсесі түскен пайғамбардың бойынан жақсы қасиеттер көре білді. Өзіне лайықты құрмет көрсетпегені үшін Жүністі жазалаудың орнына, Ехоба жай ғана одан: “Бұл шынымен-ақ сені соншама қатты ренжіткені ме?”— деп сұрады (Жүніс 4:4 Тт). Жүніс Құдайға жауап қайтарды ма? Бұл туралы Киелі кітапта ешнәрсе айтылмаған.
Ехоба Жүністі мейірімділікке үйретті
Ұнжырғасы түскен пайғамбар Ниневиден кеткенімен, үйіне қайтқан жоқ. Ол шығысқа қарай беттеп, таулы жерге барды. Онда өзіне кішігірім пана жасап алып, Ниневиді жоғарыдан бақылады. Бәлкім, ол әлі де бұл қаланың жойылатынына үміттенген шығар. Ал Ехоба Жүністі мейірімділікке қалай үйретпек еді?
Бір түннің ішінде Ехоба әлдебір өсімдікті өсіріп шығарды. Жүніс ұйқысынан оянғанда, жайқалып өсіп тұрған жапырақтары үлкен өсімдікті көрді. Кішкентай күркесінен гөрі, өсімдіктің көлеңкесі көбірек еді. Оның жаны жадырап сала берді. Жүніс өсімдікке қатты қуанды, өйткені ғайыптан пайда болғанына қарап, оны Ехобаның батасы мен қолдауының нышаны деп қабылдаса керек. Алайда Ехоба Жүністі шыжып тұрған күннен құтқарып, оның ашуының басылуын ғана қалаған жоқ. Ол Жүністің жүрегіне әсер еткісі келді. Сол себепті өсімдіктің тамырын кеміретін құрт жіберді. Содан кейін Құдай шығыстан аңызақ жел соққызды да, Жүніс басын күйдірген күннің аптабынан әлсіреп қалды. Сөйтіп, ол қайтадан өлім тілеп: “Маған тірі жүргенше өлген артық!”— деп налыды (Жүніс 4:6—8).
Ехоба Жүністен бір өсімдікке бола неліктен соншама ренжігенін сұрады. Қатесін түсінудің орнына Жүніс тағы да ақталып: “Менің тіпті өлгенше ашулануға хақым бар”,— деді. Осы жайтты пайдаланып, Ехоба Жүністі мейірімділікке үйретті (Жүніс 4:9).
Құдай Жүніске ой салатын сөздер айтты. Ол Жүністің бір түнде өздігінен пайда болған өсімдіктің қурап қалғанына осыншама налығанына назар аударды. Содан кейін Құдай былай деді: “Оң қолын сол қолынан айыра алмайтын балалар сияқты Менің қамқорлығыма мұқтаж жүз жиырма мыңнан астам адам, сондай-ақ көптеген мал бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымасын?!” (Жүніс 4:10, 11 сілтеме)d.
Ең бастысы Ехобаның ең бастысы не нәрсеге үйреткісі келгенін түсіндіңіз бе? Жүніс бұл өсімдікті еш күтіп-баптаған жоқ. Ал Ехоба болса ниневиліктерге өмір берген және жер бетіндегі басқа жаратылыстар сияқты оларды да қамтамасыз етіп отырған. Сонда Жүніс бір өсімдікті 120000 адам мен олардың үй жануарларынан қалайша артық санады? Ол өзін ғана ойлағандықтан емес пе екен? Өсімдік жеке өзіне пайда тигізгендіктен ғана Жүніс оның қурап қалғанына өкінді. Иә, оның Ниневидің жойылмағанына ашуланғанының себебі өзімшілдігінде еді. Жүніс өз абыройын ойлады.
Шынында да керемет сабақ емес пе?! Алайда бұл сабақ Жүністің жүрегіне жетті ме? Оның есімімен аталатын кітаптың соңындағы Ехобаның сұрағы жауапсыз қалған. Сол себепті кейбір сыншылар Жүніс ештеңеге үйренбеген деген тұжырым жасауы мүмкін. Бірақ шындығына келсек, осы кітап Жүністің жауабы болып табылады. Өйткені есімімен аталған осы кітапты Жүніс өзі жазған. Аман-есен еліне оралып, осы оқиғаны жазып отырған пайғамбарды елестетіп көріңізші! Біз көз алдымызға жасы ұлғайған, ақыл тоқтатқан және бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кішіпейіл кісіні елестетуімізге болады. Ол өкінішпен басын шайқай отырып, өзінің қателері, бүлігі, қыңырлық танытып, мейірімділік көрсеткісі келмегені жайлы жазып отырған болса керек. Иә, Жүніс Ехобаның даналықпен берген басшылығының арқасында көзқарасын өзгертті. Ол мейірімді болуды үйренді. Ал біз ше?
[Сілтемелер]
a “Күзет мұнарасының” қаңтар—наурыз айларындағы санында басылған “Олардың сенімдерін үлгі етіңдер. Ол өз қателіктерінен сабақ алды” деген мақаланы қараңыз.
b Айта кетерлік жайт, Жүністің күндерінде Исраил патшалығының астанасы Самария қаласында 20000 нан 30000-ға дейін халық болған деп есептеледі. Бұл Ниневидің тұрғындарының төрттен біріне де жетпейді. Гүлденіп тұрған кезінде Ниневи сол замандағы ең үлкен қала болғанға ұқсайды.
c Бұл әрекет оғаш болып көрінуі мүмкін, бірақ негізсіз емес. Грек тарихшысы Геродоттың айтуынша, ежелде парсылар әйгілі адамның өлімін осылай аза тұтқан және үй жануарларына жабу жапқан.
d Бұл жерде ниневиліктердің балалармен салыстырылғаны олардың Құдай нормаларын жете түсінбегенін көрсетеді.
[23-беттегі сөздер]
Құдай Жүністі мейірімділікке үйрету үшін, өсімдік өсіріп шығарды