Қайта қалпына келтірілген халқы Ехобаны дүние жүзі бойынша дәріптеуде
“Сонда барлығы Тәңірдің есімін шақырып, Оған бір кісідей қызмет етулері үшін, Мен халықтарға қайтадан таза ауыз [“тіл”, ЖД] беремін” (СОФОНИЯ 3:9).
1. Құдайдың соты жөніндегі пайғамбарлық неге Яһудада және басқа да халықтарда орындалды?
СОФОНИЯ арқылы Ехоба қандай үрейлі хабарлар айтты десеңші! Бұл сот болатындығы жөніндегі хабарлар басшылары да, халық та Ехобаның еркін орындамаған Яһуда патшалығы мен оның астанасы Иерусалимге қатысты айтылған болатын. Ехоба Філістір елі, Моаб және Аммон сияқты көршілес елдерге де қаһарын төгуді ойлаған болатын. Не үшін? Олардың ғасырлар бойы Құдайдың халқымен жауласып келгені үшін. Тап сондай себептермен дүниежүзілік ірі мемлекет Ассур да мәңгіге құрып кетуге тиіс болатын.
2. Софония 3:8-дегі сөздер кімге айтылған деп пайымдауға болады?
2 Сөйтсе де ертедегі Яһуда патшалығында адал ниетті адамдар бар болатын. Олар Құдайдың әділетсіздерді соттайтын күнін тағатсыздана күтуде еді, сондықтан келесі сөздер соларға айтылған болса керек: “Мен қирату үшін шығатын күнім келгенше Мені күтіңдер,— дейді Тәңір,— өйткені ызғарлы ашуымды, қайнаған қаһарымды түгелдей төгу үшін халықтарды жинап, патшалықтарды шақырамын деп үкім шығардым; өйткені бүкіл жер бетін Менің қызғанышымның өрті жалмайды” (Софония 3:8).
“Таза тіл” кімге берілген?
3. Ехоба Софония арқылы үміт беретін қандай хабар жариялады?
3 Иә, Софония Ехобаның үкімін жария еткен. Сөйтсе де Құдай ол арқылы үміт беретін қуанышты хабар да жариялаған. Бұл — Ехобаға адал болып қалғандарға жұбаныш болатын хабар еді. Софония 3:9-ға сәйкес, Ехоба былай деді: “Сонда барлығы Тәңірдің есімін шақырып, Оған бір кісідей қызмет етулері үшін, Мен халықтарға қайтадан таза ауыз [“тіл”, ЖД] беремін”.
4, 5. а) Әділетсіздерге не болады? ә) Бұл кімнің игілігі үшін істеледі және не себепті?
4 Алайда таза тіл барлығына бірдей берілмейтін еді. Пайғамбарлықта олар жөнінде былай деп ескерілген: “Сенің араңнан паңданғандарды аластатамын” (Софония 3:11). Құдайдың заңдарын жек көретін және зұлымдық жасаушы өр көкіректер жойылады. Бұл кімнің игілігі үшін істеледі? Софония 3:12, 13-те былай делінген: “Сенің араңда кіші пейілді әрі қарапайым халықты қалдырамын, олар Тәңірдің есіміне арқа сүйейтін болады. Исраилдің тамтығы әділетсіздік жасамайтын болады, өтірік сөйлемейді, ауыздарынан зұлым тіл табылмайды, өйткені өздері жайылып, тынығатын болады және ешкім оларды мазаламайды”.
5 Бұл ертедегі Яһуда елінен қалған тамтықтың игілігі үшін істелді. Не себепті? Себебі олар мына сөздерге құлақ асқан болатын: “Тәңірді іздеңдер; ақиқатты іздеңдер, кіші пейілділікті іздеңдер; мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар” (Софония 2:3).
6. Софонияның пайғамбарлығы бірінші рет орындалғанда қандай оқиға болды?
6 Софонияның пайғамбарлығы бірінші рет орындалғанда, Бабыл дүниежүзілік ірі мемлекетінің б. з. б. 607 жылы Яһуда патшалығын күйретуіне және яһудалықтарды тұтқындап әкетуіне жол беруі арқылы Ехоба жолдан тайған Яһуда патшалығын жазалаған болатын. Кейбіреулер, олардың арасында Еремия пайғамбар да бар, тұтқынға алынбады, сондай-ақ тұтқында жүріп Ехобаға деген адалдықтарын сақтап қалғандар да болды. Б. з. б. 539 жылы Бабылды Кир патшаның басшылығымен мидиялықтар мен парсылар жеңді. Шамамен екі жыл өткеннен кейін, Кир яһудалықтардың тамтығына елдеріне қайтуына рұқсат етіп жарлық шығарады. Уақыт өте келе Иерусалимдегі ғибадатхана қалпына келтіріліп, діни қызметкерлер халықты Құдайдың заңына үйрету мүмкіндігіне қайта ие болды (Малахия 2:7). Еліне қайта оралған халық Құдайға адал болған уақыттың бәрінде Ехоба берекесін беріп отырды.
7, 8. Софония 3:14—17 тармақтардағы сөздер кімге қатысты айтылған және неліктен бұлай жауап бердіңдер?
7 Яһуда елінің қалпына келтірілгенін көретіндер жөнінде Софония былай пайғамбарлық етті: “Қыз Сион, масаттан! Исраил, шаттана шырқа! Иерусалимнің қызы, шын жүректен шаттанып қуан! Тәңір саған шығарған үкімін өзгертіп, жауыңды қуып жіберді! Жаратқан Ие, Исраилдің Патшасы, сенің араңда: енді қайтып жамандық көрмейсің. Сол күні Иерусалимге “қорықпа!” дейтін болады, Сионға “қолыңның күш-қайраты кетпесін!” дейтін болады. Тәңір Құдайың сенің араңда, Оның сені құтқаруға құдіреті жеткілікті; Ол сен үшін қуана шаттанатын болады, сүйіспеншілігіне сай мейірімін төгеді, сен үшін қатты қуанып масаттанады” (Софония 3:14—17).
8 Осы пайғамбарлық сөздер Бабыл тұтқындығынан, бастары біріктіріліп, ата қонысына оралған тамтыққа қатысты айтылған болатын. Бұл Софония 3:18—20 тармақтардағы сөздерден анық көрінеді, онда біз былай деп оқимыз: “Салтанатты мейрамдарды ойлап қайғырып жүргендерді жинап аламын: олар сенікі; олар қорлық көріп азапталуда. Міне, саған қысымшылық көрсеткендерді Мен қыспаққа аламын және сол уақытта ақсағандарды құтқарып, шашыраған халқыңды жинап аламын. Оларды өздері қорлық көрген жерлердің бәрінде ардақты әрі беделді етемін. Сол кезде сендерді қайтарып әкелемін, сол уақытта сендерді жинап аламын, өйткені көз алдарыңда сендерді тұтқыннан босатқан кезде, сендерді жер бетіндегі барлық халықтардың арасындағы беделдісі де ардақтысы етемін,— дейді Жаратқан Ие”.
9. Яһудаға қатысты Ехоба өзінің есімінің даңқын қалайша шығарды?
9 Исраилдің айналасындағы халықтардың, яғни Құдайдың қызметшілерінің жауларының, қалайша аң-таң болғанын елестетіп көріңдерші! Яһуданың тұрғындарын бабылдықтардың мықты әскері тұтқынға алған-ды. Қайта оралуға деген үміт жоқ болып көрінген. Оның үстіне, олардың жері иесіз қалған болатын. Бірақ жетпісінші жылдан кейін Құдайдың күшінің арқасында олар атамекеніне оралды, ал олармен жауласқан халықтарды жойылу күтіп тұрған болатын. Ехоба яһудалықтардың адал тамтығын тұтқыннан босатып, өзінің есімінің даңқын қалайша шығарды десеңші! Ол оларды ‘жер бетіндегі барлық халықтардың арасындағы беделдісі де ардақтысы етті’. Осы қалпына келтіру Ехобаны және оның есімімен аталып жүргендерді қандай даңққа бөлегенін айтсаңшы!
Ехобаға деген мінажаттың даңқы артты
10, 11. Софонияның қалпына келтіруге қатысты пайғамбарлығы үлкен көлемде қашан орындалуы керек еді және біз мұны қайдан білеміз?
10 Иса біздің заманымыздың бірінші ғасырында Құдайға шынайы мінажат атқарулары үшін Исраилдің тамтығын жинағанда, тағы да бір қалпына келтіру жүзеге асты. Бұл болашақта болатын нәрсенің нышаны болатын, өйткені қалпына келтіру туралы пайғамбарлық болашақта үлкен көлемде орындалуы керек еді. Миканың пайғамбарлығында былай делінген: “Ақырғы күндерде Жаратқан Иенің киелі үйі тұрған тау таулардың бастысы болады. Төбешіктерден әлдеқайда жоғары тұрады. Оған қарай халықтар ағылатын болады” (Мика 4:1).
11 Бұл сөздер қашан орындалуға тиіс еді? Пайғамбарлықта “ақырғы күндерде”, яғни қазіргі “соңғы дәуірде”, делінген (2 Тімотеге 3:1). Бұл пайғамбарлық қазіргі зұлым заманның жойылатын уақыты таяп қалған, халықтар әлі жалған тәңірлерге құлшылық етіп жүрген кезде орындалуға тиіс. Мика 4:5-те былай делінген: “Өйткені барлық халықтар өз құдайларының есімімен жүреді”. Ал шынайы Құдайға мінажат етушілер ше? Бұның жауабы Миканың пайғамбарлығында айтылған: “Ал біз болсақ Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін боламыз”.
12. Осы ақырғы күндері шынайы мінажаттың даңқы қалай артты?
12 Сонымен, осы ақырғы күндері ‘Жаратқан Иенің киелі үйі тұрған тау таулардың бастысы болды’. Қалпына келтірілгеннен кейін, заңғар тауға теңелген Ехобаға деген асқақ шынайы мінажат барлық діндерден жоғары тұрған орнына берік орналасты. Мика пайғамбар алдын ала айтқандай, ‘оған қарай халықтар ағылуда’. Бүгінгі күні ақиқат дінді ұстанып жүргендер ‘Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін болады’.
13, 14. Осы зұлым заманның ‘ақырғы күндері’ қашан басталды және сол уақыттан бері шынайы мінажатқа қатысты қандай жағдайлар болды?
13 Киелі кітапта айтылған пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көрсететін жағдайлар 1914 жылы осы зұлым заманның ‘соңғы дәуірінің’, яғни ‘ақырғы күндерінің’, басталғанына нұсқайды (Марқа 13:4—10). Өзіне шынайы мінажат атқару үшін Ехобаның көкте өмір сүруге деген үміті бар адал майланған тамтықты жинай бастағанына тарих куәлік етіп отыр. Бұдан кейін, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетін ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ ‘үлкен тобырдың’ қатарына жататын адамдарды жинау науқаны басталды (Аян 7:9).
14 Бірінші дүниежүзілік соғыстан бері Ехобаның басшылығымен Оның есімімен аталып жүрген адамдардың мінажаты аса үлкен қарқынмен күш алып келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта Ехобаға бас иетіндердің саны не бары бірнеше мың ғана болатын, ал қазір болса алты миллионға жуық. Олар 235 елде шамамен 91 000 қауымға шоғырланған. Осы Патшалықты жариялаушылар жыл сайын миллиардтаған сағатты жұрт алдында Ехобаны мадақтау ісіне арнайды. Осы Ехоба Куәгерлерінің атқарып жүрген қызметтерінен олардың Исаның мынадай пайғамбарлық сөзін орындап жүргендері көрінеді: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілуі үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:14).
15. Бүгінгі күні Софония 2:3 қалай орындалып жатыр?
15 Софония 3:17-де былай делінген: “Тәңір Құдайың сенің араңда, Оның сені құтқаруға құдіреті жеткілікті”. Қазіргі соңғы күндері Құдайдың қызметшілерінің рухани өркендеп жатқандығы олардың құдіреті күшті Құдайы Ехобаның ‘араларында’ екендігінің нәтижесі. Б. з. б. 537 жылы ертедегі Яһуда патшалығының қалпына келтірілуі туралы да осылай деуге болады. Енді біз Софония 2:3-те жазылған сөздердің біздің уақытымызда үлкен көлемде орындалып жатқанын көріп отырмыз, онда былай делінген: “Жер бетіндегі барлық момындар — Тәңірді іздеңдер”. Б. з. б. 537 жылы “барлық” деген сөз тұтқыннан оралған яһудалықтардың тамтығына қатысты айтылған болатын. Енді болса бұл сөз жер бетіндегі барлық халықтардың арасындағы момындарға, яғни жер жүзінде жарияланып жатқан Патшалық туралы хабарға құлақ асып, ‘Жаратқан Иенің киелі үйі тұрған тауға’ ағылып келіп жатқандарға, қатысты.
Шынайы мінажат өркендеуде
16. Қазіргі уақытта Ехобаның ұйымының өркендеп жатқаны біздің қарсыластарымызға қалай әсер ететін болса керек?
16 Б. з. б. 537 жылдан кейін Исраилдің айналасындағы елдердің тұрғындарының көбісі Құдайдың қызметшілерінің ата қонысына оралғанына және шынайы мінажаттың қайта қалпына келтірілгеніне қайран қалған болатын. Бірақ бұл қалпына келтіру салыстырмалы түрде аса көлемді емес еді. Қазіргі уақытта Ехобаның ұйымының үлкен қарқынмен өсіп жатқанын және өркендеп өрге басқанын көріп отырған сырттан бақылаушылардың, олардың ішінде Құдай халқының жаулары да бар, не дейтінін елестете аласыңдар ма? Қарсыластардың кейбіреулерінің Исаға ағылып келіп жатқан халықты көргендегі парызшылдардың сезінгені іспетті сезімде екеніне күмәнданбасақ та болады. Олар былай деп наразылық білдірген: “Бүкіл әлем Оның соңынан еріп кетті!” (Жохан 12:19, сілтемені қара).
17. Бір автор Ехоба Куәгерлері туралы не деді және олардың саны қаншаға өсті?
17 Профессор Чарлз Браден өзінің “Олар да сенеді” деген кітабында былай деп жазды: “Ехоба Куәгерлері өздерінің куәліктерімен бүкіл жер жүзін қамтыды. Расында да дүние жүзі бойынша Патшалық туралы ізгі хабарды таратуда Ехоба Куәгерлерінен артық құлшыныс пен қайсарлық танытатын бірде-бір діни топ жоқ деуге болады. Бұл қозғалыстың әрі қарай да күш ала беруі әбден мүмкін” (“These Also Believe”). Кітаптың авторының айтқаны рас болып шықты. Ол шамамен елу жыл бұрын осы сөздерді жазғанда, дүние жүзі бойынша не бары 300 000 Куәгер уағыздау жұмысына қатысып жүрген болатын. Бүгінгі күні — ізгі хабарды жариялаушылардың саны 20 есе өсіп, шамамен алты миллионға жеткенде — ол не айтар еді?
18. Таза тіл деген не және Құдай оны кімге берді?
18 Құдай өзінің пайғамбары арқылы былай деп уәде етті: “Сонда барлығы Тәңірдің есімін шақырып, Оған бір кісідей қызмет етулері үшін, Мен халықтарға қайтадан таза ауыз [“тіл”, ЖД] беремін” (Софония 3:9). Қазіргі ақырғы заманда Ехобаның есімін сүйіспеншілікпен бірігіп Құдайға “бір кісідей” қызмет етіп жүрген Ехоба Куәгерлері шақыруда. Ехоба таза тілді тап соларға берген. Таза тілді білу Құдай туралы шындықты және Оның еркін дұрыс түсінуді білдіреді. Мұндай түсінікті киелі рухы арқылы тек Ехоба ғана бере алады (1 Қорынттықтарға 2:10). Ехоба кімге киелі рухын сыйлайды? Тек “Өзіне бой ұсынғандарға” ғана (Елшілердің істері 5:32). Ехоба Куәгерлері ғана Құдайға толық бой ұсынуға даяр. Міне, сол себепті, олар Құдайдың рухына ие және таза тілді — Ехоба туралы және оның керемет ниеті туралы шындықты — біледі. Осы таза тілді олар дүние жүзі бойынша Ехобаны дәріптеу үшін қолдануда. Олардың ісі кеңінен етек алып, әрі қарай да кеңейе түсуде.
19. Таза тілде сөйлеу деген нені білдіреді?
19 Таза тілде сөйлеу шындыққа сеніп, оны өзгелерге үйретуді ғана емес, жүріс-тұрысымызды Құдайдың заңдарымен және оның принциптерімен үйлестіруді де білдіреді. Көкте өмір сүру үміті бар майланған мәсіхшілер Ехобаны іздеуде және таза тілде сөйлеуде басшылықты қолдарына алады. Нендей нәрселерге қол жеткізілгенін ойлап қараңдаршы! Бүгінде майланғандардың саны 8 700-ден аз болғанымен, алты миллионға жуық адамдар Ехобаны іздеулерімен және таза тілде сөйлеулерімен олардың сеніміне еліктеуде. Олар әрбір халықтан шыққан көбейіп жатқан үлкен тобырдың қатарына жататын адамдар. Олар Исаның бостандық төлеміне сенім танытып, Құдайдың рухани ғибадатханасының жердегі ауласында қасиетті қызметтерін атқаруда, сондай-ақ таяуда осы әділетсіз дүние ‘ауыр азапқа’ ұшырағанда олар аман қалады (Аян 7:9, 14, 15).
20. Майланған адал Куәгерлерді және үлкен тобырды не күтіп тұр?
20 Үлкен тобыр Құдайдың әділетті жаңа дүниесіне кіреді (2 Петір 3:13). Иса Мәсіх және онымен бірге патшалық етіп, діни қызметкерлер болу мақсатымен көкте өмір сүру үшін қайта тірілтілген 144 000 майланғандар жер бетіне билік жүргізетін әкімдерді құрайтын болады (Римдіктерге 8:16, 17; Аян 7:4; 20:6). Ауыр азап кезеңінен аман қалғандар жер бетін жұмаққа айналдырады, сондай-ақ әрі қарай да Құдайдан алған таза тілде сөйлей беретін болады. Негізінде келесі сөздерді соларға қатысты қолдануға болады: “Балаларыңның бәрі Тәңір Иеңнен тәлім алып, керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек. Сен әділдікпен берік негізделесің” (Ишая 54:13, 14).
Тарихтағы керемет тәлім беру жұмысы
21, 22. а) Елшілердің істері 24:15-ке сәйкес кімді таза тілде сөйлеуге үйрету керек болады? ә) Құдай Патшалығы орнағанда жер бетінде қандай теңдесі жоқ тәлім беру жұмысы атқарылады?
21 Елшілердің істері 24:15-те жаңа дүниеде таза тілді үйренуге мүмкіндік алатын адамдардың үлкен тобы жөнінде айтылған: ‘Сенушілер де, күнәкарлар да қайта тіріледі’. Бұрынғы уақыттарда миллиардтаған адамдар Ехоба жөнінде тура білім алуға мүмкіндіктері болмай өліп кетті. Сол адамдар белгілі бір тәртіппен өмірге қайта оралады. Сонда сол қайта тірілген адамдарды таза тілде сөйлеуге үйрету қажет болады.
22 Осындай ұлы іске қатысу қандай зор қуанышқа бөлейді десеңші! Бұл адам баласының тарихындағы ең көлемді ағарту ісі болмақ. Бұл іс Иса Мәсіхтің игілікті патшалығының кезінде жүзеге асады. Ақыр аяғында адамдар Ишая 11:9-дағы сөздердің орындалғанын көреді: “Теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иенің біліміне солай толы болады”.
23. Ехобаның халқының қатарында болу неге зор қуанышқа бөлейді?
23 Ехобаның білімі жер бетін толтыратын кезеңге қазір осы заманның ақырында дайындалып жатқанымызға біз қандай қуаныштымыз десеңші! Сонымен қатар Софония 3:20-дағы пайғамбарлық орындалып жатқан Құдайдың халқының қатарына қазірдің өзінде қосылғанымызға біз қандай қуаныштымыз! Онда Ехоба бізді былай деп сендіреді: “Сендерді жер бетіндегі барлық халықтардың арасындағы беделдісі де ардақтысы етемін”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Софонияның қалпына келтіру туралы пайғамбарлығы қалай орындалды?
• Заманның ақырында шынайы мінажат қалай өркендеуде?
• Жаңа дүниеде қандай кең көлемдегі тәлім беру жұмысы жүргізілетін болады?
[20-беттегі суреттер]
Ехоба Куәгерлері “таза тілде” сөйлеп адамдармен Киелі кітаптағы жұбаныш беретін хабармен бөлісуде