Ехоба кешіктірмейді
«Кешіксе де күт оны [аянды], өйткені міндетті түрде орындалады, өзгертілмейді» (АВВАКУМ 2:3).
1. Ехобаның халқы қандай ықылас көрсетуде және осы ықылас оларды қандай іске талпындыруда?
«МЕН күзетке шықтым». Құдайдың пайғамбары Аввакум осындай шешімге келді (Аввакум 2:1). XX ғасырда өмір сүріп жатқан Құдай халқы да осындай ықылас танытуда. Сондықтан олар 1922 жылы қыркүйек айында өткен тарихта елеулі орын алған конгрестегі келесі үндеуді бар ықыласымен қолдады: «Бұл ең маңызды күн. Міне Патша патшалық етуде! Сендер оның өкілдерісіңдер. Сондықтан Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, тағы да жариялаңдар».
2. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайтадан өте белсенді күйге келтірілген соң, майланған мәсіхшілер нені жариялай алды?
2 Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Ехоба өзіне шын берілген майланғандардың қалдығын өте белсенді күйге жеткізді. Сол себепті олардың әрқайсысы, Аввакум сияқты, былай деп жария ете алды: «Мұнарада тұрып, Оның мен арқылы не айтатынын... білу үшін [Мен] бақылап тұрдым». Еврей тіліндегі «бақылау» және «күзет» сөздері көптеген пайғамбарлықтарда жиі кездеседі.
«Өзгертілмейді»
3. Біз неліктен сергек болуымыз керек?
3 Бүгінгі күнгі Құдайдың ескертуін жариялаушылар ретінде, Ехоба Куәгерлері Исаның ұлы пайғамбарлығындағы соңғы сөздерін әрқашан естерінде ұстаулары керек: «Үй Қожасы кенеттен келіп, сендерді ұйқыда таппау үшін сергек болыңдар! Оның қай уақытта — кешке, әлде түн ортасында, әлде әтеш шақырған кезде, әлде таң сәріде — келетінін білмейсіңдер ғой. Сендерге айтқанымды бәріне де айтып тұрмын: сергек болыңдар!» (Марқа 13:35—37). Аввакумға ұқсап және Исаның сөздеріне сәйкес біз сергек болуымыз керек!
4. Біздің кезіміздегі жағдай шамамен б. з. б. 628 жылғы Аввакум өмір сүрген кездегі жағдайға қай жағынан ұқсас?
4 Аввакум өзінің кітабын б. з. б. 628 жылдары, Бабыл үстемдік етуші дүниежүзілік ірі мемлекет болмай тұрып, жазып бітірсе керек. Ехобаның діннен безген Иерусалимге шығарған үкімі көптеген жылдар бойы жарияланып келді. Бірақ үкімнің қай кезде орындалатыны туралы анық айтылған жоқ. Оның орындалуына дейін бар-жоғы 21 жыл қалғанын және үкімді орындау үшін Ехобаның Бабылды қолданатынын кім білген? Сол сияқты, бүгін де біз осы зұлым дүниенің ақыры болатын «күннің, сол сағаттың қашан болатынын» білмейміз. Бірақ Иса бізге былай деп ескерткен болатын: «Дайын болыңдар! Өйткені Адам Ұлы сендер ойламаған сәтте келеді» (Матай 24:36, 44).
5. Аввакум 2:2, 3-тегі Құдайдың сөздері қандай ерекше жігер береді?
5 Ехоба Аввакумға келесі тапсырманы бекерге берген жоқ: «Оқыған адам оңай оқи алатындай, аянды тас тақтайшаларға анық етіп ойып жаз. Өйткені бұл көрініс болашақтағы белгіленген уақытқа қатысты, соңғы уақыт туралы айтады және алдамайды; кешіксе де күт оны, өйткені міндетті түрде орындалады, өзгертілмейді» (Аввакум 2:2, 3). Бүгін бүкіл жер бетін зұлымдық пен зорлық-зомбылық жайлаған. Бұл — біздің «Ехобаның ұлы да қорқынышты күнінің» табалдырығында тұрғанымыздың дәлелі (Жоел 2:31, ЖД). Шын мәнінде, Ехобаның: «Міндетті түрде орындалады, өзгертілмейді»,— деген сенім оятатын сөздері қаншалықты жігер береді десеңші!
6. Жақындап келе жатқан сот күнінен қалай аман қала аламыз?
6 Осы келе жатқан сот күнінен қалай аман қала аламыз? Ехоба әділдер мен әділетсіздердің арасындағы айырмашылықты суреттей отырып жауап береді: «Міне, тәкаппардың жаны тыныш таппайды, ал әділ адам сенімі арқасында өмір сүретін болады» (Аввакум 2:4). Тәкаппар және ашкөз басшылар мен халықтар қазіргі заман тарихының беттерін жазығы жоқ миллиондаған адамның қанымен былғады. Әсіресе екі дүниежүзілік соғыс пен нәсіл аралық қақтығыстарда қан көп төгілді. Құдайдың бейбітсүйгіш халқы, керісінше, өзінің адалдығын сақтауда. Олар «дұрыс іс-әрекет ететін әділ халық». Бұл халық өздерінің серіктері «басқа қойлармен» бірге келесі өсиетті орындауда: «Әрдайым Ехобаға сенім артыңдар, халықтар, өйткені Иах Ехоба мәңгілік арқа сүйер асқар тау» (Ишая 26:2—4, ЖД; Жохан 10:16).
7. Пауылдың Аввакум 2:4-ті қолдануы бізді неге талпындырады?
7 Елші Пауыл Еврейлерге жазған сәлемхатында Аввакум 2:4-тегі сөздерді келтіріп, Құдай халқына былай дейді: «Құдайдың еркін орындап, Оның уәде еткенін иемдену үшін төзімді болуларың қажет. Өйткені, Келуге тиісті тағы біраздан кейін, қас қағым сәтте келіп қалмақ. Әділ адам сенімінің арқасында өмір сүретін болады, ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» (Еврейлерге 10:36—38). Қазір рухани босаңситын немесе Шайтан билеп отырған дүние-мүлік пен көңіл көтеруді ғана көздейтін дүниенің алдамшы жолына көңіл бұратын уақыт емес. Осы «тағы біраз... қас қағым сәт» аяқталғанға дейін не істеуіміз керек? Құдайдың киелі халқы — біздер, Пауыл сияқты, «алдымыздағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп... көздеген мақсатқа», яғни мәңгілік өмірге, талпынуымыз керек (Філіпіліктерге 3:13, 14). Және, Иса сияқты, «алдымызда күтіп тұрған қуаныш үшін... қажырлылық танытуымыз» керек (Еврейлерге 12:2, ЖД).
8. Аввакум 2:5-тегі «адам» кім және неліктен ол өзінің дегеніне жетпейді?
8 Аввакум 2:5-те, Ехобаның қызметшілерінен мүлдем өзгеше, «өзінің жанын тозақ [«мола», ЖД] сияқты кеңейтсе де» мақсатына жете алмайтын «адам» суреттелген. Бұл «тойымсыз» адам кім болды екен? Аввакумның кезіндегі ашкөз Бабыл сияқты бейнелі сөзбен айтылған бұл «адам» бүгін фашистер, ұлтшылдар, коммунистер тіпті демократсымақтардан тұрады. Ол да өз иеліктерін кеңейту үшін соғыс өртін тұтандырып, моланы жазықсыз адамдардың денелерімен толтыруда. Бірақ, өзінің жоғары дәрежесіне сеніп мастанған Шайтан дүниесінің опасыз топтарынан құралған бұл «адам» «барлық халықты өзіне жинап, барлық тайпаларды басып ала алмайды». Тек Ехоба ғана бүкіл адамзатты біріктіре алады және ол бұны Мәсіхтің Патшалығы арқылы жүзеге асырады (Матай 6:9, 10).
Бес қасіреттің біріншісі
9, 10. а) Ехоба Аввакум арқылы тағы нені жариялайды? ә) Бүгінгі күні арам пайдаға байланысты қандай жағдайды байқауға болады?
9 Өзінің пайғамбары Аввакум арқылы Ехоба бес қасіретті жариялайды. Бұл Құдайдың шын берілген қызметшілері тұруға жердің дайын болуы үшін жүзеге асырылуы керек сот үкімдері еді. Бұндай ақ ниетті адамдар Аввакум 2:6-да жазылған Ехобаның «астарлы сөздерін» айтады: «өзгенікін тойымсыздықпен жұтып, байып жатқандарға (қашанғы дерсің?) және кепілдіктермен өзіне ауыртпалық жасап жатқандарға қасірет!»
10 Бұл жерде арам пайда туралы айтылып тұр. Бізді қоршаған дүниеде байлар байыған үстіне байи түсіп, кедейлер кедейлене түсуде. Қарапайым адамдардың көбісі аштық көріп жатқанда, есірткі сатушылар мен алаяқтар қыруар байлық жинауда. Статистика бойынша, жер тұрғындарының төрттен бір бөлігі кедейлік деңгейінен төмен өмір сүруде. Көп елдерде тұрмыс жағдайы жан түршіктірерлік халде. Жер бетінде әділдіктің орнағанын аңсағандар былай деп жалбарынады: «Бұл заңсыздық „қашанғы“ көбейе бермек?» Бірақ ақыры жақын! Аян «өзгертілмейді».
11. Аввакум адам қанының төгілуі туралы не дейді және неліктен бүгінгі күні жер бетінде қан көп төгілді деп айтуға болады?
11 Пайғамбар құдайсыз адамға былай дейді: «Сен көп халықтарды тонадың, сондықтан қалған халықтар адам қанын төккенің үшін, елді, қаланы және оның тұрғындарының бәрін жұтатқаның үшін сені де тонайтын болады» (Аввакум 2:8). Бүгінгі күні жер бетінде қаншама қан төгілді десеңші! Иса былай деп анық айтқан: «Семсер алушылардың бәрі де семсерден қаза табар» (Матай 26:52). Осы XX ғасырдың өзінде қан төгіске қатысқан халықтар мен этникалық топтар жүз миллионнан астам адамдардың өліміне жауапты. Жазықсыз адамдардың қанын төккендерге қасірет!
Екінші қасірет
12. Аввакум қандай екінші қасірет туралы жазды және неге арамдықпен тапқан байлықтың пайдасы жоқ деп айта аламыз?
12 «Ұясын биік жерге салып, өзін қауіп-қатерден сақтау үшін, үйін әділетсіздікпен толтыруды аңсағандар» Аввакум 2:9—11-де жазылған екінші қасіретке қалады. Забур жыршысы ашып айтқандай, арам табыстың пайдасы болмайды: «Адам байып, оның үйінің даңқы артқан кезде қорықпа: өйткені өліп бара жатып өзімен ештеңе алып кетпейді; даңқы артынан бармайды» (Забур 48:17, 18). Сол себепті Пауылдың дана кеңесіне құлақ асқан абзал: «Осы дүниелік мал-мүлікке байларға ескерт: олар менмен болмасын; сенімдерін өткінші байлыққа емес, рақатын көру үшін игіліктердің бәрін молынан сыйлайтын Құдайға артсын!» (1 Тімотеге 6:17).
13. Неліктен біз Құдайдың ескертулерін әрі қарай да жариялай беруіміз керек?
13 Құдайдың үкімдері туралы хабардың бүгінгі күні де жариялануы қаншалықты маңызды десеңші! Көптеген адамдар Исаны «Иеміздің атынан келе жатқан Патша» ретінде қарсы алады. Сол кезде бұған наразы болған парызшылдарға Иса былай деді: «Сендерге айтамын: егер олар үндемесе, онда жолдағы тастар айғай салар еді» (Лұқа 19:38—40). Сол сияқты, егер Құдай халқы осы дүниенің зұлым істерін әшкере етпегенде, «қабырғалардағы тастар айғай салар» еді (Аввакум 2:11). Сондықтан Құдайдың ескертулерін бұдан былай да батылдықпен жариялай берейік!
Үшінші қасірет және қан төккені үшін жазықты болу
14. Дүние жүзінің діндері қандай қан төгіс үшін жауапты?
14 Аввакум жария еткен үшінші қасірет қан төккені үшін жазықты болу мәселесіне қатысты. Аввакум 2:12-де былай делінген: «Қан төгіп қала салып, әділетсіздікпен қорған тұрғызатын адамға қасірет!» Қазіргі заманда әділетсіздік пен қан төгу жиі қатар жүреді. Аса маңызды жай, тарих бойындағы ең жан түршігерлік қан төгістер үшін осы дүниелік діндер жауапты. Христиан деп аталмыштардың мұсылмандарға қарсы жүргізген крест жорықтарын, Испания мен Латын Америкасындағы католиктердің инквизициясын, Европадағы протестанттар мен католиктердің арасындағы отыз жылдық соғысты және қан ең көп төгілген қырғын — христиан әлемінде бұрқ ете қалған XX ғасырдағы екі дүниежүзілік соғысты атағанның өзі де жеткілікті.
15. а) Шіркеудің қолдауымен немесе келісуімен халықтар қандай әрекетін тоқтатқан жоқ? ә) Біріккен Ұлттар Ұйымы осы дүниенің қарулануын тоқтата ала ма?
15 Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең зұлым әрекеттердің бірі — Европадағы миллиондаған еврейлер мен басқа да жазықсыз адамдардың өмірін үзген нацистік холокост. Жүздеген мың адамдардың нацистердің құрбаны болып, жазалану үшін өлім камерасына айдалуына шіркеудің еш қарсылық көрсетпегенін Франциядағы Рим-католик шіркеуінің басшылары жақында ғана мойындады. Бірақ халықтар әлі де болса шіркеудің қолдауымен немесе келісуімен қан төгуге дайындалуды тоқтатқан жоқ. Жақында «Тайм» журналының бүкіләлемдік басылымында орыстың православиелік шіркеуі туралы былай деп жазылды: «Ресейдің соғыс машинасы саласында да қайта жанданған шіркеудің беделі күшті. Ертеректе бұл ойға да кіріп-шықпас еді... Реактивті жойғыштар мен казармаларға бата беру үйреншікті іске айналды десе де болады. Орыс Патриархиясының резиденциясы Москвадағы Данилов монастырінде шіркеу қараша айында тіпті Россияның ядролық арсеналын киелі ету рәсімін өткізді». Біріккен Ұлттар Ұйымы осы дүниенің жойқын соғыс құралдарының жаңа түрлерімен қарулануын тоқтата алар ма екен? Бұлай болуы екіталай! Лондоннан шығатын «Гардиан» газетіне берген сұхбатында бір Нобель сыйлығының лауреаты былай деді: «Дүние жүзіндегі қару-жарақпен жабдықтаушы негізгі бес мемлекеттің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі екендігі шын мәнінде мазалайды».
16. Ехоба соғыс өртін тұтатып отырған халықтарға не істейді?
16 Ехоба соғыс өртін тұтандырып отырған халықтарды жазалар ма екен? Аввакум 2:13-те былай делінеді: «Міне, халықтардың от үшін бейнет етіп, тайпалардың бекерге азаптанып жатқаны Тәңір Саваофтан [«әскер иесі Ехобадан», ЖД] емес пе?» «Әскер иесі Ехоба»! Иә, Ехобаның періштелерден жасақталған әскері бар. Ол солар арқылы соғысқұмар адамдар мен халықтарды жояды!
17. Мейірімсіз халықтарға шығарылған үкім іске асқан соң, жер беті Ехоба туралы білімге қаншалықты толады?
17 Ехобаның осы мейірімсіз халықтарға шығарған үкімі орындалған соң не болады? Оның жауабы Аввакум 2:14-те беріледі: «Өйткені судың теңізді толтырғанындай, жер беті Тәңірдің даңқы туралы білімге толады». Қандай керемет болашақ десеңші! Һармагеддон шайқасында Ехобаның үстемдік ету құқығы мәңгіге дәлелденеді (Аян 16:16). Ол бізді «аяғының астының», яғни біз өмір сүріп отырған жердің, даңқын шығаратынына сендіреді (Ишая 60:13). Барлық адамзат Құдайдың еркіне сай өмір сүруге үйреніп, судың теңізді толтырғанындай, Ехобаның керемет ниеттері туралы білім жерді толтырады.
Төртінші және бесінші қасірет
18. Аввакум арқылы қандай төртінші қасірет жарияланды және ол бүгін осы дүниенің құлықтылық күйінен қаншалықты көрінеді?
18 Төртінші қасірет Аввакум 2:15-те былай суреттеледі: «Жақыныңа сусынға кек араластырып беріп, абыройын төгу үшін мас қылатын саған қасірет!» Бұл жерде осы дүниедегі азғындық пен қылмыскерлік туралы айтылып тұр. Жұмсақтық танытып отырған діни ұйымдардың да қолдауына ие болған осы дүниенің әдепсіздігі шектен шығып кетті. Соның салдарынан тарайтын СПИД және жыныстық қатынас арқылы тарайтын басқа да аурулар бүкіл дүние жүзін жайлаған. Өздерінің іс-әрекетімен Ехобаны «даңқтаудың» орнына, өзінің еркін бәрінен жоғары қоятын бүгінгі адамзат, күннен-күнге азғындыққа белшесінен батқандықтан жақында, Құдайдың соты күні, жойылады. Бұл күнәкар дүние «даңқтың орнына ұятқа белшесінен батты» және жақында Құдайдың осы дүниеге байланысты еркін білдіретін Ехобаның ашуының тостағанынан ішетін болады. Сөйтіп, «масқаралығымен» оның «даңқы шығатын болады» (Аввакум 2:16).
19. Аввакумның бесінші қасіретті жариялар алдындағы сөздері неге қатысты және ол сөздер бүгінгі күндері неліктен маңызды?
19 Бесінші қасірет айтылмас бұрын, бұттарға табынушыларға қатаң ескерту жазылған. Ехоба пайғамбарына келесі айқын сөздерді айтуға бұйырады: «Ағашқа: „тұр!“, тілсіз тасқа: „оян!“ дейтіндерге қасірет. Ол бір нәрсеге үйрете ме? Міне, ол алтын мен күміспен қапталған, бірақ оның тынысы жоқ» (Аввакум 2:19). Христиан әлемі мен басқа ұлттың адамдары әлі күнге дейін айқыштарға, Мадоннаға, иконаларға және басқа да адамдар мен жануарлардың суреттеріне табынады. Аталмыш нәрселердің ешқайсысы да Ехобаның соты күні өзіне табынушыларды құтқару үшін ояна алмайды. Олардың алтын-күміс жалатқан заттары мәңгілік Құдай Ехобаның ұлылығы мен оның жаратқан жаратылыстарының даңқымен салыстырғанда түк те емес. Ендеше, Оның теңдесі жоқ есімін мәңгі мадақтайық!
20. Қандай ғибадатхана құрылымында қызмет атқару құрметіне ие болдық?
20 Иә, біздің Құдайымыз Ехоба барлық даңқ атаулыға лайық. Оған шексіз құрмет көрсетіп, бұтқа табынуға байланысты қатаң ескертуін ешқашан естен шығармайық. Тыңдаңдаршы! Ехоба әлі де сөйлеп тұр: «Ал Тәңір болса өзінің киелі ғибадатханасында. Бүкіл жер беті оның алдында үнін шығармасын!» (Аввакум 2:20). Пайғамбардың Иерусалимдегі ғибадатхананы айтып отырғаны сөзсіз. Бірақ біз бүгін одан да ұлы, Иеміз Иса Мәсіх Бас діни қызметкер болып тағайындалған рухани ғибадатхана құрылымында қызмет атқару құрметіне ие болып отырмыз. Біз осында, ғибадатхананың жердегі ауласында, жиналып, қызмет атқарып, дұға етіп жүрміз. Осылайша Ехобаға есіміне лайық құрмет көрсетудеміз. Аспандағы сүйіспеншілігі мол Әкемізге шын жүректен мінажат ету қандай қуаныш десеңші!
Естеріңде ме?
• Ехобаның «өзгертілмейді» деген сөзіне қалай қарайсыңдар?
• Аввакум арқылы жарияланған бес қасірет бүгінгі күні нені білдіреді?
• Неліктен Ехобаның ескертулерін жариялай беруіміз керек?
• Қандай ғибадатхананың ауласында қызмет атқару құрметіне ие болдық?
[25-беттегі суреттер]
Аввакум сияқты, Құдайдың бүгінгі күнгі қызметшілері де Ехобаның кешіктірмейтінін біледі.
[26-беттегі суреттер]
Ехобаның рухани ғибадатханасының ауласында мінажат ету мүмкіндіктеріңді бағалайсыңдар ма?