“Ехобаның есімін пана етіңдер”
“Кішіпейіл де қарапайым халықты қалдырамын, олар Ехобаның есімін пана ететін болады” (СОФ. 3:12 ЖД).
1, 2. Жақында қандай бейнелі мағынадағы дауыл тұрады?
ЖАҢБЫР не бұршақ жауғанда, көпірдің астын паналауға тура келген кезің болған ба? Көпір жаңбыр не бұршақтан пана бола алғанымен, қатты дауылдан қорғай алмас.
2 Алда әрбір адамның өміріне қауіп төндіретін дауыл жақындап келеді. Бұл — бейнелі “дауыл күні”. Ехобаның осы “ұлы күні” бүкіл адамзаттың басына түседі. Алайда сол уақытта қорғанатын пана таба аламыз (Софония 1:14, 15, 18 оқыa). Жақында басталатын “Жаратушы Иенің қаһарлы күнінде” панада болу үшін не істеуіміз керек?
Киелі кітап заманындағы дауыл күндері
3. Он рулы Исраилдің үстіне қандай “бұршақты нөсер” жауды?
3 Ехобаның күні жер бетіндегі барлық жалған діндердің жойылуымен басталады. Сол күні қай жерді паналау керектігін білу үшін, Құдайдың ежелгі халқының тарихына көңіл бөлейік. Б. з. б. VIII ғасырда өмір сүрген Ишая пайғамбар Ехобаның Исраилдің жолдан тайған он рулы патшалығына жіберетін жазасын “бұршақты нөсерге” теңеді. Халық одан қашып құтыла алмас еді (Ишая 28:2 ЖД оқыb). Бұл пайғамбарлық б. з. б. 740 жылы Ассур патшалығы (ассириялықтар) Ефремнің, яғни ең беделді рудың атымен аталған он рудың, жерін басып алғанда орындалды.
4. Б. з. б. 607 жылы Иерусалимге Ехобаның ұлы күні қалай төнді?
4 Опасыз Исраилді жазалау б. з. б. 607 жылы жалғасын тауып, Яһуда патшалығы мен оның астанасы Иерусалимге Ехобаның ұлы күні төнді. Мұның себебі — Яһуда халқы да жалған құдайларға табынып, жолдан тайған еді. Набуходоносордың қол астындағы Бабыл әскерінің басып алу қаупі төнгенде, Яһуда “жалғаншылықтың іргесіне”, яғни Мысырмен құрған саяси одағына, арқа сүйеді. Сөйтсе де бұршақты нөсерге теңелген бабылдықтар бұл “іргенің”, немесе пананың, тас-талқанын шығарды (Ишая 28:14, 17).
5. Жалған діндер жойылғанда, Құдайдың халқымен не болады?
5 Иерусалимге Ехобаның ұлы күнінің төнгені жолдан тайған қазіргі кездегі мәсіхшілер әлемінің жазаға тартылатынын білдіреді. Сондай-ақ Ұлы Бабылға жататын жалған діндердің қалғандары да жойылады. Содан кейін Шайтан дүниесінің басқа бөлігі түгелімен құрып жоқ болады. Ал Ехобаның халқы оның есімін пана еткендіктен топ ретінде аман қалады (Аян 7:14; 18:2, 8; 19:19—21).
Рухани және тура мағынадағы пана
6. Ехобаның халқы панада болу үшін не істеуі керек?
6 Тіпті қазіргі кезде, соңғы күндердің өзінде, Құдайдың халқына панада болу үшін не істеу керек? Рухани панада болуымыз үшін, Ехобаның есімін құрметтеуіміз және оған құлшыныспен қызмет етуіміз қажет (Малахи 3:16 оқыc). Дегенмен Құдайдың есімін құрметтеп қана қою жеткіліксіз екенін түсінеміз. Киелі кітапта: “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады”,— делінген (Рим. 10:13 ЖД). Бұдан Құдай есімін шақыруымыз бен оның бізді құтқаруының арасында байланыс бар екені көрінеді. Құдай есімін қастерлеп, Куәгері ретінде оған қызмет етіп жүрген шынайы мәсіхшілер мен Құдайға қызмет етпейтін адамдардың арасындағы айырмашылықты ақжүректі көп адам көре алады.
7, 8. І ғасырдағы мәсіхшілер қалай құтқарылды, мұның қазіргі кезбен қандай ұқсастығы бар?
7 Алайда құтқарылу деген рухани панада болумен шектелмейді. Құдай өз халқының өмірін де сақтап қалатынын уәде еткен. Мұны б. з. 66 жылы Цестий Галлдың басшылығымен Рим әскері Иерусалимді қоршауға алған оқиғадан көреміз. Иса сол ауыр азап күндердің “қысқартылатынын” алдын ала айтқан еді (Мат. 24:15, 16, 21, 22 ЖД). Бұл сөздер Рим әскері күтпеген жерден қаланы тастап, кері қайтқанда орындалды. Сонда кейбір “жан” үшін — атап айтқанда шынайы мәсіхшілер үшін — құтқарылуға мүмкіндік туды. Олар Иерусалим мен оның маңынан қашып кете алды. Кейбіреулері Иорданның арғы бетіне өтіп, шығыс жақтағы таулы өлкені паналады.
8 Сол кездегі мәсіхшілер мен Құдайдың қазіргі кездегі қызметшілерінің арасында ұқсастық барын байқаймыз. І ғасырдағы қызметшілер пана тауып құтқарылды, бүгінгі қызметшілер де солай ететін болады. Алайда қазір қашып құтылатын арнайы географиялық орын жоқ, өйткені шынайы мәсіхшілер жер шарының барлық жерінде тұрады. Дегенмен жолдан тайған мәсіхшілер әлемі жойылғанда, бір бүтін халық ретінде “таңдалып алынғандар” мен олардың адал серіктері Ехобаны және оның тау секілді ұйымын паналағанның арқасында аман қалады.
9. Кімдер Құдай есімін ұмыттыруға тырысуда? Мысал келтіріңдер.
9 Ал жолдан тайған мәсіхшілер әлемі жойылуға лайық, өйткені олар сенушілерінің арасында кең тараған рухани қараңғылыққа жауапты және Құдай есімін жеккөреді. Орта ғасырларда Құдай есімі Еуропа елдерінде кеңінен танымал еді. Құдай есімінің еврейдің төрт әрпімен берілген тетраграмматоны (ЕХБХ) тиындарда, есік маңдайларында, көптеген кітаптар мен Киелі кітап аудармаларында, тіпті кейбір католик және протестант шіркеулерінде кездескен. Алайда соңғы кезде Құдай есімін Киелі кітап аудармаларынан және басқа жерлерден алып тастау үрдісі пайда болды. Бұған бір дәлел Рим католик шіркеуінің 2008 жылдың 29 маусымдағы хаты бола алады. Хатта тетраграмматонның қай түрі болса да, оны “Ие” сөзімен алмастыруға кеңес берілді. Ватикан Құдайдың есімі қолданылмасын және Католик шіркеуінің діни қызметі кезінде айтылатын дұғалар мен әнұрандарында айтылмасын деген нұсқау берді. Мәсіхшілер әлеміне жататын және жатпайтын діндердің көсемдері миллиондаған сенушілерін адастырып, шынайы Құдайдың кім екенін білуге кедергі жасауда.
Құдай есімін қастерлейтіндер үшін қорғаныш
10. Құдай есімі бүгінде қалай қастерленуде?
10 Ехоба куәгерлерінің әрекеттері басқа діндегілердікінен мүлдем өзгеше. Олар Құдай есімін лайықты жолмен қолдану арқылы оны дәріптейді және қастерлейді. Ал Ехоба өзіне сенім артатын адамдарға мейірін түсіреді және оларға батасын беріп, қорғау үшін кім болу керек болса, сол болады. Ол “өзіне үміт артатындарды [“есімін пана ететіндерді” ЖД] жақсы біледі” (Нғм. 1:7; Ел. іс. 15:14).
11, 12. Ежелгі яһудилердің ішінде кім Ехобаның есімін пана етті және біздің күндерімізде кім солай етуде?
11 Ежелгі уақытта Яһуди халқының басым көпшілігі жолдан тайса да, олардың ішінде Ехобаның есімін пана еткендері де болды (Софония 3:12, 13). Адалдық сақтамағаны үшін Құдай Яһуди халқын жазалап, оларды бабылдықтардың басып алуына және тұтқындыққа әкетуіне жол бергенімен, Еремия, Варух және Авдимелех сияқты кейбір адамдарды құтқарған болатын. Өйткені олар жолдан тайған халықтың арасында өмір сүрсе де, адалдық сақтады. Басқалары тұтқында жүріп, адал болып қалды. Б. з. б. 539 жылы Кирдің қол астындағы мидиялықтар және парсылар Бабылды жаулап алғаннан кейін, Кир патша тұтқындағы еврейлердің қалдығына өз елдеріне қайтуына рұқсат беретін жарлық шығарады.
12 Қалпына келтірілген таза ғибадаттың игілігін көретін халыққа қатысты Софония өз пайғамбарлығында Ехоба қызметшілерін аман сақтап, олар үшін қуанатынын айтқан болатын (Софония 3:16, 17 оқыd). Бұл пайғамбарлық біздің кезде де орындалып жатыр. Көкте Патшалығын орнатқан соң, Ехоба қалған адал майланғандарды Ұлы Бабылдың рухани тұтқындығынан азат етті, әрі солар үшін қазіргі күнге дейін қуанышқа кенелуде.
13. Күллі халықтың адамдары қандай бостандықтың рақатын көруде?
13 Жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдар да Ұлы Бабылдан шықты, әрі жалған діни ілімдерден құтылып, рухани бостандықтың рақатын көруде (Аян 18:4). Осылайша Софония 2:3-тегі (ЖД): “Жер бетіндегі барлық момындар Ехобаны іздеңдер”,— деген сөздер керемет түрде орындалып жатыр. Күллі халықтың момын адамдары — көкте және жерде өмір сүруге үміттенетіндері — бүгінде Ехобаның есімін пана етуде.
Құдай есімінің сиқырлы күші жоқ
14, 15. а) Кейбіреулер ненің қорғайтын сиқырлы күші бар деп есептеген? ә) Құдай есімінің қалай қолданылғаны дұрыс емес?
14 Кейбір исраилдіктер ғибадатхананың жаулардан қорғай алатын сиқырлы күші бар деп сенген (Ерм. 7:1—4). Бұдан бұрын олар келісім сандығының шайқаста қорғайтын сиқырлы күші бар деп ойлаған (Пат. 1-ж. 4:3, 10, 11). Ұлы Константин сарбаздарының қалқанына “Мәсіх” деген сөздің грекше баламасының алғашқы хи және ро деген екі әрпін шайқас кезінде қорғайды деген наныммен жаздырған. 7-беттегі суретте Еуропада дін үшін соғыс жүргізген швед королі Густав Адольф II киді деп есептелетін темір сауыт көрсетілген. Байқасақ, сол сауыттың дәл алдына “Иехова” деген есім жазылған.
15 Жындар мазалағанда, Құдайдың кейбір қызметшілері Ехобаның есімін дауыстап шақырып, пана тапқан. Десек те Құдай есімінің күнделікті өмірде пәле-жаладан қорғайтын сиқырлы күші бар деп қарастыруға болмайды. Мұндай әрекет Ехобаның есімін пана ету дегенді білдірмейді.
Бүгіндегі пана
16. Бүгінде қалай рухани панада бола аламыз?
16 Бүгінде біз пананы Құдай халқы рақатын көріп жатқан рухани қауіпсіз ортадан табамыз (Заб. 90:1). “Адал да ақылды құл” мен қауым ақсақалдары осы қауіпсіздігімізге қатер төндіретін осы дүниенің қалыптасқан көзқарасынан сақтандырады (Мат. 24:45 ЖД, 46, 47; Ишая 32:1, 2). Мысалы, материализмге қатысты берілген ескертулер жайлы ойланып, олардың бізді рухани апаттан қалай сақтап жүргені жайында ойланып көрші. Сондай-ақ Ехобаға деген қызметімізде құлшыныстан айыратын немқұрайды көзқарас жайлы не деуге болады? Құдай Сөзінде: “Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді, аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді. Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады, еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады”,— делінген (Нақ. с. 1:32, 33). Моральдық жағынан да таза болуға тырысу рухани қауіпсіздікте болуға көмектеседі.
17, 18. Миллиондаған адамға Ехобаның есімін пана етуге не көмектесіп жатыр?
17 Сондай-ақ құл табының тағы бір көмегіне көңіл аударшы. Олар бізді Исаның Патшалық туралы ізгі хабарды жержүзіне жариялау тапсырмасын орындауға шақыруда (Мат. 24:14; 28:19, 20). Софония Ехобаның есімін пана етуге көмектесетін бір өзгеріс жайлы пайғамбарлық етіп, былай деген: “Сол уақытта мен халықтардың аузына қайтадан пәк тазалық [“таза тіл” ЖД] беремін, сөйтіп олар Жаратушы Иенің атын атап, Оған бірауыздан құлшылық ететін болады” (Соф. 3:9).
18 Бұл қандай таза тіл? Бұл — рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітаптағы Ехоба Құдай мен оның ниеті жайлы шындық. Біз адамдарға Құдай Патшалығының не екенін және Ехоба есімін қалай қастерлейтінін түсіндіргенде, Құдай билігінің ақталуына баса назар аударғанда және адал адамдарды күтіп тұрған мәңгілік баталар туралы айтқанда, сол таза тілде сөйлейміз. Көп адам осы таза тілде сөйлегенінің арқасында “Жаратушы Иенің атын атап, Оған бірауыздан құлшылық етіп” жатқандардың саны күн санап өсуде. Расында да, бүгінде дүниежүзінде миллиондаған адам Ехобаның есімін пана етуде (Заб. 1:1, 3).
19, 20. Киелі кітап заманында “жалғаншылықтың іргесіне” арқа сүйегендер неге опық жеді?
19 Қазіргі кезде адамзат асуы жоқ таудай қиындықтарға тап болды. Оларды шешеміз деп көпшілік тал қармағандай кемелсіз адамнан көмек іздейді, я болмаса саяси ұйымдарға арқа сүйейді. Кезінде Исраил халқы да көрші елдің қолдауына арқа сүйеп, одақ құрған болатын. Алайда мұның оларға еш көмегі тимегенін білеміз. Бүгінде де солай. Ешқандай үкімет, Біріккен Ұлттар ұйымы да, адамзаттың қиындықтарын түбегейлі шешіп бере алмайды. Сонымен, неліктен саяси ұйымдар мен одақтарды пана етпеген дұрыс? Өйткені Киелі кітап оларды “өтіріктің баспанасы” деп атаған. Сенің де осындай көзқарасты ұстанғаның жақсы, себебі оларға үміт артқан адамдардың бәрі ақыр соңында бұлай еткендеріне қатты өкінетін болады (Ишая 28:15 оқыe).
20 Жақында жер бетіне бұршақты нөсер сияқты Ехобаның күні төнеді. Адамзаттың құрған жоспары ядролық қауіпсіздікті және молшылықты қамтамасыз ете алмайды. Мұны Ишая 28:17-дегі сөздерден көреміз: “Жалғаншылық іргесі бұршақ нөсерінен күйрейді, және жасырынушының орнын су тасқыны басады” (Ишая 28:17).
21. 2011 жылға арналған мәтінге сай әрекет етудің қандай пайдасы бар?
21 Қазіргі және болашақтағы осы оқиғалар орын алғанда, Құдайдың халқы нағыз қауіпсіздікті Ехобаның есімінен табады. “Ехоба пана береді” дегенді білдіретін Софонияның есімі шынайы пананың көзіне нұсқайды. Жылдық мәтін ретінде “Ехобаның есімін пана етіңдер” деген дана сөздер 2011 жылға орынды таңдалды (Соф. 3:12 ЖД). Қазірдің өзінде біз Ехобаға толықтай сенім артып, оны пана ете аламыз, әрі осылай етуіміз керек те (Заб. 9:11). Киелі кітап бізді “Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалар әділге қауіпсіз пана” екеніне сендіреді. Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерді үнемі есімізде ұстап, бір күн болса да, жадымыздан шығармайық (Нақ. с. 18:10).
[Сілтемелер]
a Софония 1:14, 15, 18: “Жаратушы Иенің ұлы күні жақындап қалды, жақын қалды, қатты асығып келеді... Қаһар күні — сол күн, қайғы-қасірет пен қысымшылық күні, бүліншілік [“дауыл күні” ЖД] пен ойраншылық күні... Олардың күмісі де, алтыны да Жаратушы Иенің қаһарлы күні өздерін сақтап қала алмайды... өйткені Ол жер бетіндегі барлық адамдарды оқыстан қырып жібереді”.
b Ишая 28:2: “Қараңдар, Ехобаның аса берік және қуатты біреуі бар. Ол бұршақты нөсер мен жойқын құйындай, алапат тасқын судай зор күшпен келіп, оны жерге құлатады”.
c Малахи 3:16: “Ал Құдайдан қорқатындар бір-біріне: “Жаратушы Ие осының бәріне назарын салып, бәрін естіп отырады және Оның көз алдында Жаратушы Иеден қорқатындар мен Оның атын құрметтейтіндердің ескерткіш кітабы жазылуда,— деседі”.
d Софония 3:16, 17: “Сол күні Иерусалимге: “Қорықпа” дейтін, ал Сионға: “Сенің қолыңнан күш кетпесін!” деген сөздер айтылады. Жаратушы Құдай Ие сенің ортаңда, сені құтқаруға Оның құдіреті жетеді, сен үшін қуанышқа кенеледі”.
e Ишая 28:15: “Сендер: — Біз ажалмен одақ құрдық және ақыретпен шарт жасастық; бәрін жалмап-жұтатын бәле келіп төнгенде оның қолы бізге жете алмайды, өйткені біз өтірікті өзімізге баспана қылып алғанбыз, әрі алдау мен арбау біздің бүркенішіміз,— дейсіңдер”.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Ехобаның есімін бүгінде қалай пана ете аламыз?
• Неліктен “жалғаншылықтың іргесіне” арқа сүйемеуіміз керек?
• Болашақта қандай панаға ие болатынымызға сенімдіміз?
[6-беттегі сөздер]
2011 жылға арналған мәтін: “Ехобаның есімін пана етіңдер” (Софония 3:12 ЖД).
[7-беттегі түпдерек]
Thüringer Landesmuseum Heidecksburg Rudolstadt, Waffensammlung “Schwarzburger Zeughaus”