Сен таза тілде жатық сөйлейсің бе?
‘Мен халықтардың аузына қайтадан пәк тазалық беремін, сөйтіп олар Жаратушы Иенің атын атайтын болады’ (СОФ. 3:9).
1. Ехоба бізге қандай керемет сый берді?
АДАМҒА сөйлеу қабілетін дарытқан — Жаратушы Ехоба Құдайдың өзі (Мыс. ш. 4:11, 12). Ол алғашқы адамға тек сөйлеу ғана емес, жаңа сөз ойлап тауып, сөз қорын молайту қабілетін берді (Жар. 2:19, 20, 23). Бұл неткен керемет сый! Соның арқасында адамзат тіпті көктегі Әкелеріне тіл қата алатын және оның есімін дәріптей алатын болды.
2. Неге адамдар бір тілде сөйлемейтін болды?
2 Адам баласы алғашқы он жеті ғасыр бойы бір тілде сөйлеп, ‘бірдей сөздерді қолданған’ еді (Жар. 11:1). Алайда бүлікші Нымродтың заманында адамдар Ехобаның нұсқауына қайшы әрекет етеді: кейіннен Бабыл деп аталған жерде топтасып тұруды шешіп, Ехобаны дәріптеу үшін емес, ‘өз аттарын шығару’ үшін зәулім мұнара тұрғызуға кіріседі. Сондықтан Ехоба бүлікшілердің алғашқы тілін шатастырады да, оларды түрлі тілде сөйлейтін етеді. Бұдан кейін оларды бүкіл жер бетіне бытыратып жібереді (Жаратылыс 11:4—8 оқы).
3. Ехоба Бабылдағы бүлікшілердің тілін қалай шатастырды?
3 Бүгінде дүниежүзі бойынша адамдар 6 800 астам тілде сөйлейді. Осы тілдердің әрқайсысының өзіне тән ой түзу жолы бар. Демек, Ехоба бүлікшілердің тілін шатастырғанда, олардың бәріне ортақ алғашқы тілді миларынан өшіріп тастады. Сөйтіп, оның орнына жаңа сөз қорын беріп қана қоймай, олардың ой түзу жолын өзгерткенге және жаңа грамматиканы ендіргенге ұқсайды. Олай болса, мұнара салынған жердің Бабыл, яғни еврей тілінен аударғанда “шатастыру” деп аталуы таңғалдырмайды (Жар. 11:9). Бүгінде адамдар неге көп тілде сөйлейді деген сұраққа Киелі кітап қана ақылға қонымды жауап беретіні көңіл қоятын жайт.
Жаңа әрі таза тіл
4. Біздің күнімізге қатысты Ехоба қандай пайғамбарлық айтты?
4 Киелі кітаптағы Құдайдың Бабылда жасаған кереметі жайлы оқиға бізді таңғалдырады. Алайда біздің күнімізде бұдан да керемет әрі маңызды жайт орын алуда. Бұл жайлы Ехоба Софония пайғамбар арқылы алдын ала былай деді: “Сол уақытта мен халықтардың аузына қайтадан пәк тазалық беремін, сөйтіп олар Жаратушы Иенің атын атап, Оған бірауыздан құлшылық ететін болады” (Соф. 3:9). Бұл қандай пәк таза тіл және бұл тілде жатық сөйлеуді қалай үйренуге болады?
5. Пәк таза тіл қандай тіл және адамдардың оған ие болуының нәтижесі қандай?
5 Таза тіл — Ехоба Құдай мен оның ниеті туралы Киелі кітаптағы шындық. Бұл тілде сөйлеуге Құдай Патшалығы және оның Ехобаның есімі мен бүкіләлемдік билігін ақтайтыны, сондай-ақ адал адамдарға мәңгілік баталар әкелетіні жайлы шындықтарды дұрыс түсіну жатады. Құдайдың адамдарға осы пәк таза тілді беруінің нәтижесі қандай болды? Пайғамбарлықта: “Олар Жаратушы Иенің атын атап, Оған бірауыздан құлшылық ететін болады”,— делінген. Бабылдағы оқиғаға кереғар, адамдардың таза тілге ие болуының нәтижесінде Ехобаның есімі мадақталуда және оның халқының арасында бірлік орнаған.
Таза тілді үйрену
6, 7. а) Жаңа тілді үйрену үшін не қажет және таза тілді үйренуге олардың қандай қатысы бар? ә) Қазір нені қарастырамыз?
6 Адам басқа тілді үйренгенде, жаңа сөздерді жаттап қана қоймайды. Жаңа тілді үйрену үшін, өзге жолмен ойлауды, ойды жаңаша түзуді үйрену керек болады. Өзге тілдің қисыны мен әзілі де өзгеше болуы мүмкін. Сол тілдегі дыбыстарды айту үшін, дыбыстау мүшелерін, мысалы тілді, басқашалап бейімдеу керек. Киелі кітаптың шындығын үйренуге қатысты да осылай деуге болады. Оның негізгі ілімдерін ғана білу жеткіліксіз. Осы жаңа тілді меңгеру үшін, түсінігімізді өзгертуіміз және ой қалпымызды жаңартуымыз керек (Римдіктерге 12:2; Ефестіктерге 4:23 оқы).
7 Таза тілді түсініп қана қоймай, сол тілде жатық сөйлеуге бізге не көмектеседі? Бөтен тілді меңгерудегі сияқты, Киелі кітаптағы шындықтың таза тілінде сөйлеуге көмектесетін негізгі тәсілдер бар. Адамдар тілді үйренгенде қолданатын тәсілдердің кейбірін қарастырып, бұлардың бейнелі жаңа тілді үйренуге қалай көмектесетінін көрейік.
Таза тілде жатық сөйлеу
8, 9. Жаңа тілді үйрену үшін не істеу керек және бұл неге өте маңызды?
8 Мұқият тыңда. Бөтен тілді алғаш естігенде, мүлдем түсініксіз болуы мүмкін (Ишая 33:19). Алайда адам зейін қойып тыңдауды үйренсе, жеке-жеке сөздер мен қайталанып тұратын құрылымдарды тани бастайды. Сондықтан Киелі кітапта былай делінген: “Біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек” (Евр. 2:1). Иса да бірнеше рет шәкірттеріне: “Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!”— деген (Мат. 11:15; 13:43; Мар. 4:23; Лұқа 14:35). Демек, таза тілді біле түсу үшін естігенімізге ‘құлақ салып, жақсылап ұғып алуымыз’ керек (Мат. 15:10; Мар. 7:14).
9 Тыңдау үшін зейін салу қажет, әрі бұл күш салуға тұрады (Лұқа 8:18). Біз мәсіхшілер кездесулерінде ден қойып тыңдаймыз ба, әлде ойымыз басқа нәрсеге ауып кете ме? Онда айтылып жатқандарға барынша ден қою маңызды. Олай етпесек, “тыңдауға қабілетсіз” болып қаламыз (Евр. 5:11, Тт).
10, 11. а) Мұқият тыңдаудан басқа тағы не істеу қажет? ә) Таза тілде сөйлеуге тағы не жатады?
10 Жатық сөйлейтіндерге елікте. Тілді жаңадан үйреніп жүргендер мұқият тыңдап қана қоймай, сөздердің айтылуы мен сөйлем құрылымына көңіл қойып, жатық сөйлейтіндерге еліктеулері керек. Осылайша басқа тілде анық әрі таза сөйлеуді үйренуге болады. Сол сияқты біз де таза тілді “тәлім беру шеберлігін” меңгерген адамдардан үйренуіміз керек (Тім. 2-х. 4:2, ЖД). Өзгелерден көмек сұра және түзетуді қабыл алуға дайын бол (Еврейлерге 12:5, 6, 11 оқы).
11 Таза тілде сөйлеу дегенге шындыққа сену мен оны басқаларға үйрету ғана емес, Құдайдың заңдары мен принциптеріне сай әрекет ету жатады. Бұған басқаларға еліктеу арқылы үйрене аламыз. Мысалы олардың сеніміне, құлшынысына еліктеуге болады. Сондай-ақ Исаның өмірін үлгі етуіміз керек (Қор. 1-х. 11:1; Евр. 12:2; 13:7). Осының арқасында Құдай халқы бірлікте болып, бәрі де бір тілде сөйлейтін болады (Қор. 1-х. 4:16, 17).
12. Есте сақтаудың тіл үйренумен қандай байланысы бар?
12 Есте сақтау. Тіл үйреніп жүрген адам көп нәрсені, мысалы, жаңа сөздер мен тіркестерді, есте сақтау керек. Мәсіхшілерге де таза тілді меңгеруде көп нәрсені есте сақтау қажет. Бізге Киелі жазбаларды құрайтын кітаптардың аттары мен ретін жаттап алған жөн. Кейбіреулер Киелі кітаптың көптеген тармағын не олардың қай жерде жазылғанын жаттап алады. Басқалар болса Патшалық әндерін, Исраил руларының және он екі елшінің аттарын, киелі рухтың жемісін құрайтын қасиеттерді жаттап алудың пайдалы екенін байқаған. Ежелде исраилдіктердің көбісі забур жырларын жатқа айтатын болған. Қазіргі кезден мысал келтіретін болсақ, бір бала алты жасында-ақ 80-нен аса Жазба орнын жатқа білетін болған. Есте сақтау қабілетімізді барынша қолданып жүрміз бе?
13. Неліктен қайталау өте маңызды?
13 Қайталау есте сақтауға көмектеседі, сондықтан бұл — мәсіхшілер алатын тәлімінің ажырамас бөлігі. Елші Петір: “Осы айтқандарымды білсеңдер де, қабылдаған шынайы ілімді берік ұстансаңдар да, оларды бәрібір ұдайы естеріңе салып отырмақпын”,— деген (Пет. 2-х. 1:12). Неге Құдайдың өсиеттерін есімізге салып отыру қажет? Бұл біздің түсінігімізді тереңдетеді, көзқарасымызды кеңейтіп, рухани бағытымыздан ауытқымау шешімімізді нығайтады (Заб. 118:129). Құдайдың ережелері мен принциптерін қайталау бізге өз-өзімізді тексеруге және “ұмытшақ тыңдаушы” болудың алдын алуға көмектеседі (Жақ. 1:22—25). Егер шындықты есімізге салып тұрмасақ, басқа нәрселер көңілімізге әсер етіп, нәтижесінде таза тілде жатық сөйлей алмай қалуымыз мүмкін.
14. Таза тілді үйренуге бізге не көмектеседі?
14 ‘Дауыстап оқы’ (Аян 1:3, ЖД). Кейбіреулер тіл үйренгенде, іштерінен оқып жаттығады. Бірақ бұл айтарлықтай нәтиже бермейді. Таза тілді үйренгенде де кейде дауыстап оқу қажет. Сондықтан Киелі кітапта: “Тәңір заңына қуанатын, Күні-түні сол туралы ойланатын [“оны күбірлеп оқитын”, ЖД] Әрбір адам қандай бақытты!”— делінген (Забур 1:2). Осының арқасында оқып отырған мәлімет есімізде жақсы сақталады. Еврей тілінде “күбірлеп оқу” деген тіркес ой жүгіртумен тығыз байланысты. Ішкен асымыз бойға сіңу үшін қорытылуы қажет болатыны сияқты, оқыған мәліметті жақсы түсіну үшін ой жүгірту маңызды. Оқығанымыздың үстінен ой жүгіртуге жеткілікті уақыт бөлеміз бе? Киелі кітап оқып болған соң, оқығанымыз жайлы терең ойлану маңызды.
15. Таза тілдің “грамматикасын” қалай меңгере аламыз?
15 Грамматиканы оқы. Уақыт өте келе жаңа тілдің грамматикасын — сөз саптау жолы мен ережелерін — оқу пайдалы. Бұл тілдің құрылымын түсініп, сауатты сөйлеуге көмектеседі. Әрбір тілдің грамматикасы болатыны сияқты, таза тілінің де “грамматикасы” бар. Бұл — Жазбалардағы “дұрыс ілімнің үлгісі” (Тім. 2-х. 1:13). Біз осы “үлгіні” ұстануымыз керек.
16. Қандай бейімділікке берілмеуіміз керек және бұл үшін не істеуге болады?
16 Тіліңді жетілдіре бер. Жаңа тіл үйреніп жатқан кейбір адамдар сол тілде сөйлесе алатындай дәрежеге жетеді де, әрі қарай жетістік жасауға ұмтылмайды. Таза тілді үйреніп жатқанда да осындай қиындық туындауы мүмкін (Еврейлерге 5:11—14 оқы). Мұндай бейімділікке беріліп қалмауға не көмектеседі? Былайша айтқанда, сөз қорын көбейте беруді тоқтатпау керек. “Мәсіхтің Ізгі хабарының ең бастапқы тәлімін былай қойып, одан бетер жетілу үшін алға басайық. Тағы да ең негізгі тақырыптарға: бізді рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан бас тартып, Құдайға сенім арту жайында, шомылдыру рәсімі мен қол қойып бата беру жөнінде немесе өлгендердің қайта тірілуі және мәңгілік үкімделуі туралы тәлімдерге тоқталғымыз келмейді” (Евр. 6:1, 2).
17. Жүйелі түрде зерттеуді әдетке айналдыру неге маңызды? Мысалмен түсіндіріңдер.
17 Зерттеуге нақты уақыт белгіле. Анда-санда, бірақ ұзақ отырып зерттегеннен гөрі, аз-аздан жүйелі түрде зерттеп тұрған әлдеқайда пайдалы. Киелі кітап зерттеуді сергек әрі ойды ештеңе бөлмейтін уақытқа белгіле. Жаңа тіл үйренуді ну орманда соқпақ жол салумен салыстыруға болады. Бір жолмен көбірек жүрген сайын, онымен жүру де оңай болады. Ал егер ұзақ уақыт адам аяқ баспаса, жолды қайтадан шөп басып кетеді. Демек, табандылық пен ұдайылықтың маңызы зор (Дан. 6:16, 20). Киелі кітаптағы шындықтың таза тілінде сөйлеу үшін, дұға ете жүріп әрдайым рухани сергек болайық (Ефес. 6:18).
18. Неге таза тілде сөйлеу мүмкіндіктерін қалт жібермеуіміз керек?
18 Сөйлей бер! Жаңа тілді үйреніп жүрген адам ұялғандықтан не қате жасап қоям деп қорыққандықтан, сөйлеуден тартынуы мүмкін. Бұл жетістік жасауға кедергі болады. Адам көбірек сөйлеген сайын, тілі икемге келіп, еркінірек сөйлейтін болады. Біз де таза тілде сөйлеу үшін, кез келген мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек. “Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсынан ақталып, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады” (Рим. 10:10). Біз сенімімізді шомылдыру рәсімінен өткен кезде ғана емес, барлық мүмкіндікті пайдаланып Ехоба туралы айтқанда, сондай-ақ қызметке шыққанда да ‘аузымызбен мойындаймыз’ (Мат. 28:19, 20; Евр. 13:15). Қауым кездесулерінде анық әрі қысқа етіп түсініктемелер беру арқылы да таза тілде сөйлей аламыз (Еврейлерге 10:23—25 оқы).
Бәріміз де Ехобаны таза тілде дәріптейік
19, 20. а) Бүгінде Ехоба куәгерлері қандай керемет іс атқаруда? ә) Не нәрсеге бел будың?
19 Б. з. 33 жылы 6 сиванда жексенбі күні таңертең Иерусалимде керемет бір оқиға орын алды. Таңғы сағат 9-ға таман жоғарғы бөлмеде жиналған Исаның ізбасарлары “бөтен тілдерде сөйлей бастады” (Ел. іс. 2:4). Бүгінде Құдайдың қызметшілеріне бөтен тілде сөйлеу дарыны берілмейді (Қор. 1-х. 13:8). Дегенмен Ехоба куәгерлері Патшалық туралы ізгі хабарды 430-дан астам тілде жариялап жүр.
20 Қай тілде сөйлесек те, бәрімізге ортақ Киелі кітаптағы шындықтың таза тілінде сөйлейтініміз қандай керемет! Бұл Бабылда болған оқиғаға кереғар жағдай деуге болады. Ехобаның халқы ортақ бір тілде сөйлеп, оның есімін дәріптеуде (Қор. 1-х. 1:10). Көктегі Әкеміз Ехобаны мадақтау үшін, осы тілде жатық сөйлеуді үйрене жүріп, дүниежүзіндегі бауырластармен бірлікте қызмет ете беруге бел буалық (Забур 150:1—6 оқы).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Пәк таза тіл деген қандай тіл?
• Таза тілде сөйлеуге не жатады?
• Таза тілде жатық сөйлеуге не көмектеседі?
[23-беттегі қоршау]
Таза тілде жатық сөйлеуді үйрену үшін
◆ мұқият тыңда
◆ жатық сөйлейтіндерге елікте
◆ есте сақта және қайтала
◆ дауыстап оқы
◆ “грамматиканы” оқы
◆ тіліңді жетілдіре бер
◆ зерттеуге нақты уақыт белгіле
◆ сөйлей бер
[24-беттегі суреттер]
Ехобаның халқы бір таза тілде сөйлейді